Қазақтың «Қара құрдымы»

Бөлісу:

11.02.2025 928

Шетсіз де, шексіз миллиардтаған жұлдызды аспан әлемінде адамзаттың ақыл-парасаты мен ғылым-білімнің күші жетпеген таңғажайыптар қаншама. Неге екені белгісіз, адам баласы аспанға екі түрлі көзқараспен, яғни, үмітпен және күдікпен үрейлене көз тастайды. Үміттенетіні - аспан жақтан бір ғажайып келіп қалатынындай күтсе, үрейленетіні - көзі көріп, аяғы жетпеген тылсым дүниеде не болып жатқанын бағамдай алмағандығынан болса керек.  Не керек, осы аспан әлемінің ішінде адам баласының үрейлене, қорқынышпен еске алатын құбылысы – «Қара  құрдым» еді. Біреулер оны шұңқыр дейді, біреулер үңгір дейді, енді соңғы зерттеулер массасы аса жоғары, тартылысы сұмдық, өшкен жұлдыз деген қорытынды жасаған. Бұл физика-астрономия әлеміндегі өзгеше бір құбылыс. Осы қара құрдымды зерттеген ғалымдар оның оппалығына таң қалады. 

Өрісіне жақындағын кез-келген аспан денелерін тартып әкетіп, бейне үккіш аппарат секілді түгін қалдырмай майдалап жұтып, жойып жіберетінін айтады. Оны қорқынышты етіп тұрған да осы еді.

Ал тақырыпты не үшін Қазақтың «Қара құрдымы» деп қойдық, соны өзімізше тарқатып, тәпсірлеп көрсек.

М.Әуезовтің «Абай жолы» романы не туралы, қандай тақырыпты қамтығаны жайында ұзақ әңгімені осы жерде айтудың  қажеті шамалы болар. Роман өз уақытында жақсы бағаланды, сыншылар мазмұн мен пішінге тоқталып, сан алуан мақалалар, ғылыми зерттеу еңбектер жазды. Алайда кейде уақыттың өтуі, заманның ауысуына қатысты кей дүниеге басқаша қарау керек болады, тіпті мүлде кереғар түсінікпен баға берудің де сәті келетіні бар.

«Абай жолын» оқыған адамның жадында өшпестей таңбаланатын сан қырлы, ауыр тағдырлы неше түрлі кейіпкерлер бар. Солардың ішінде аса қаталдығымен оқырманның жүрегін мұздататын Құнанбай бейнесі өзгеше салмақты. Ақылды да, айлалы, айшылық жолын алты ай бұрын шарлап, жылшылық ғұмырын он ай бұрын болжап отыратын Құнанбай образын автор барынша қанық қылып, терең ашып береді.

Романда Құнанбай патшалық үкіметке бағынған қазақтың дәстүрлі қоғамындағы белгілі тұлға, билеуші ретінде күш-құдіретімен, ақыл-парасатымен қоғамның сан қырлы терең мәселелеріне араласып отырады. 

Бірақ Құнанбай өз заманының өзгеріп бара жатқан құндылықтары мен талаптарын елеместен, түйткілді мәселелерді әрқашан өзінің ескі жолымен шешіп отырды. Хандық билікті жойып мизамды өзгерген Патшалық Ресейге бағынған Құнанбай  ескілікті дәстүрдің қамытынан шыға алмады. 

Ру, ара ағайын арасындағы қоздаған дау-жанжал соңы Құнанбайдың қателігімен, жеңілісімен аяқталады. Келісім бойынша Құнанбайдың Бөжейге күш көрсетпеуіне кепіл ретінде қызын асырап беруі біз айтпақшы болған әңгіменің басы еді. Бұл шешімді шығарған тұс – Құнанбайдың меншікті мүлкі мен билігін сақтап қалуға деген талпынысынан бұрын, қазақтың дәстүрі мен салтының ағайын арасындағы дауда қаншалықты әділетті шешім бола алатыны сынға түскен шағы еді. Асыранды қыздың соңғы тағдыры - Бөжей шаңырағына келген соң мүлде қараусыз, жүдеп-жадап қаза табатындығы (бәлкім аштан өлер). Құнанбайдан қанша тепкі көрсе де, оның кіндігінен туған балаға Бөжейдің әулеті де бала ғой деп жылы қарамай, Құнанбайдың өзін бағып отырғандай өшпенділікпен, қара жүректікпен қараусыз қалдыруы балауса ғұмырдың қазасына әкеліп соғады.

Бұл сюжетті «Абай жолы» эпопеясындағы Әуезовтің ойдан қосқан оқиғасы дей алмаймыз.

«Ақыры іс насырға шауып, ұлықтардың құлағына жетуге айналғандықтан, ара ағайын ретінде Аягөз округінің аға сұлтаны Барақ Солтабаев араласады. Осыдан кейін Құнанбай Бөжеймен татуласу үшін Айғыз деген әйелінен туған сәби жастағы қызын Бөжейдің бауырына салады. Оған қоса үш жақсы ат, бірнеше тон мата, үш қойтұяқ жамбы, бір күң берді. Ел көзіне осылайша татуласқанымен, көп ұзамай жауласушылық қайта басталды. Құнанбайдың Айғыз деген әйелінен Халиолла, Смағұл, Кәмшат туған. Бөжеймен татуласуға берілетін қыз – осы Кәмшат. Кейіннен Бөжейге берген қыз бала да, күң де өліп қалады», - дейді белгілі абайтанушы Тұрсын Жұртбай. Бұл аз десеңіз белгілі абайтанушы, өлкетанушы Әсет Медеуханұлы жақында шыққан “Жасын ғұмыр” атты, Абайдың өнегелі інісі Халиолла Құнанбайұлы туралы танымдық мақаласында былай дейді: «Кәмшат өліпті және таңертең өлген баланы сол күні түс ауа қойып та бітіріпті. Керек десе, Құнанбай ауылына, Айғыздай көзі тірі шешесіне де хабар айтпапты» деген жазба жолдары арқылы Халиолланың қарындасы Кәмшаттың сәби кезінде шетінеп кеткені белгілі болып тұр. Соның дәлеліндей Қарашоқы бауырында жерленген Жігітек Бөжей зиратының алдындағы кішкене төмпешікте Кәмшат жатыр". Екі автор да Кәмшаттың Бөжей ауылына келген соң қаза болғанын растап тұр.

Бұл ес білмейтін бір баланың оқыс өлімі емес-тұғын. Бұл - салт, заң, ғұрып деген ережені жасап алған үлкендердің өзара ойыны еді.  Сөйтіп жүрген Құнанбайлар Құдайын еске алып, Меккеге қажылыққа барады.

Бұл оқиға да - қыз тағдыры, бала өмірі екі жақты дауды шешудің, екі тарапты райластырудың әдебі. Бейне әлсіз хандардың күшті патшалыққа балаларын аманатқа тапсыратыны я болмаса бойжеткен қыздарын ырықсыз тұрмысқа беретіні секілді. Ескі жоралғы,  ескі законмен Құнанбай тарапы істеген қысастығы мен қылмысын шиеттей ғана баланың балауса ғұмырымен айырбас жасады.

2021 жылы Ауған еліне талибтер басып кіргеннен соң, көп өтпей елдің ішін ауыр әлеуметтік дағдарыс жайлады. Елдің қарапайым тұрғындары қарын қамы үшін екі-үш жастағы қыздарын (жынысы қыз болғасын) 1000-3000  доллар көлемінде сатып күндерін көргендігі туралы ақпарат тарады. Бұл бір делік. Не керек, соңғы жылдары шетелге ақша үшін сатылып кеткен қазақтың қаншама баласы елге келіп, туған ата-анасын іздегені туралы оқиғаларды көргенде ауғандық әке мен анаға біздің басқа бір халық ретінде мазақтамақ түгіл, мүлде күлуге хақымыздың жоқ екендігін түсіндік. Сонда анау замандағы бас еркіндігі мен билігі үшін баласын дұшпанына бере алған Құнанбаймен, кешегі деградацияға түскен тәуелсіз қазақ қоғамы азаматтары мен баласын нанға сатқан ауғандық ата-ананың қандай айырмашылығы бар?

«Ғалымдардың едәуір бөлігі «мәдениет» дегеннің өзін ділге жұғатын кеселге, адам организміне еніп кететін вирусқа балайды. Олар өзін жұқтырған адамның денесінде жүріп көбейеді, біреуден екіншісіне жұғып, өз «қожайынының» есебінен қоректеніп, оның күш-жігерін тауысады, тіпті кейде оны өлтіріп те тастайды. Паразитке одан бір ғана нәрсе қажет: өзін келесі біреуге жұқтырғанша жүре тұрсын, ал жұқтырған соң, мейлі өмірем қапсын. Адамдардың басына мәдени ұғымдар да тап осындай жолмен енеді. Олар көбейіп, адамнан-адамға көшеді, ақырында, жұқтырушыны әлсіретеді, ал кейде өлтіріп тынады», - дейді «Sapiens. Адамзаттың қысқаша тарихы» атты еңбекте Юваль Ной Харари.

Біздің ұлттық мәдениеттің биігі не, жетістігі қандай деген сауалға кім, не деп жауап бере алады? Біз көбіне-көп шабыттандырамыз дейміз де, көпіре мақтауды мұрат тұтып, Құнанбай-қоғамның қанды тырнағына ілінген Кәмшат тағдырлы бір мүшеміздің трагедиясына көз жұма қараймыз. Тұрпайы тілмен айтқанда: «Өліп қалыпты» дей салуға бармыз. Кәмшатты үйінен алып кеткенде дені сап-сау бала емес пе еді? Не себептен өлді? Неге өлді? Кім өлтірді? деген сауалға онша бас қатырып, жүрек ауыртқымыз келмейтіндей. Салт-дәстүр өзі солай дегенге тірейміз. Баланың тағдыры, үлкендердің шешімі, мезгілсіз ажалы. Оның тірі жүруге хақысы жоқ па еді? Ойнап-күліп, көбелек қуып, бақытты болуға да құқығы жоқ па еді? Кәмшаттан мұның бәрін тартып алған кім? Құнанбай ма? Бөжей ме? Әлде солай шешкен кер заманның салты мен дәстүрі ме?

Әдетте жіпті инеге сабақтап алып, тікпекші болған матамызды көктеп шығамыз ғой. Сонда сабақталған жіптің инеден қалмай бірге созыла суырылып шығып жататыны бар еді ғой. Осы тұста Камшат қыздың трагедиясына ұлттық сипат беріп, өткен ғасырдың уақыт қойнауында ине салып тартып кеп қалыңызшы? «Қара құрдым» жұтып кеткен халқымыздың мың миллиондаған аруақтары арасынан Кәмшаттың да  жіп басында суырылып шығып келе жатқанын көресіз. 

Себебі, бір бүлдіршінің өміріне күллі халық болып ара түсе алмай, көз жұма қараған ұлтты көп өтпей аласапыран уақыттың сын-тезі күтіп тұрды. Бұл жердегі «Қара құрдым» анау да мынау емес, қазақтың өзі жасап алған көне салты мен дәстүрі еді. Қолдан жасаған осы «Қара құрдымының» өрісіне таяп, бүлдіршін қызын қалай лақтырғанын түсінбестен қазақ екі мәрте аштыққа ұрынды, арыстарынан айырылды. Бұл өткен уақыттың қазақ маңдайына таңбалаған «еншісі» десек те, тәуелсіз ел болған бүгінгі шақта да біздің ел дарақылық пен даңғойлыққа қайта лап қойғаны, бұны енді шындығында рухани «Қара құрдым» демей көріңізші…

Сөз соңы: Неге екенін қайдам, сонау мектеп кезінде «Абай жолымен» танысқан шағымыздан, көңіл түкпірімізде мейіздей қатқан осы Кәмшат трагедиясы күн өткен сайын соқпа толқындай санамыз да жаңғыра бергені. Адам өмірін, әсіресе бала тағдырын саудаға салатын көнеден, бүгінгі күнге дейін жеткен, адам баласының жасап алған жосықты, жосықсыз ережесі күнәсіз қанша мың баланың көз жасына малшынғанын кім есептеп, өлшеп бермек. Осы жерде Әуезов қаламының ғажайып сырынан туған Кәмшат бейнесі жазушыны шығармашылық барысында қандай сарсаңға салғаны тағы белгісіз. Жазушы да бұл бейнені жайдан-жай алып отырмағаны даусыз. Бұл туралы абайтанушы Тұрсын Жұртбай келтірген деректе: «Кәмшат Абайдың әпкесі болған қыз», - еді дейді. Ал, қаламгердің ұлылығы Абайдың бала жүрегін дертке толтырғандай, оқырман санасынан өшпестей етіп Кәмшаттың бейнесін Абайдың қарындасы етіп тірілтуі - Әуезовтің шеберлігі мен көрегендігі емес деуге лажың қайсы? Ұлы қаламгердің қазақ салтының қараңғылығы мен тас кереңдігін осылай таспалу арқылы, мәңгілік мұң мен зардың ескерткішіндей болған Кәмшат трагедиясының санамызды қарып тұруының өзі: «Антитрагедия емес еді», - деп айта аламыз ба?

Бөлісу:

Көп оқылғандар