Меңдолла Шамұратов. «Басқыншылар» билеген қоғам…

Бөлісу:

12.02.2025 1542

Кобо Абэнің бір әңгімесі хақында

Кобо Абэнің шығармаларында ұлт жоқ, мемлекет жоқ, бірақ сіз бен біз, біздің қоғам бар. Әсіресе, «Басқыншылар» («Вторгшиеся») деген әңгімесінде кәдімгі біздің бүгінгі қоғамның бейнесі айна-қатесіз суреттеледі. Құдды бір Кобо Абэ Қазақстанда бізбен ұзақ жыл бірге тұрғандай, бас кейіпкері көрген құқайды өз басынан өткергендей әсер қалдырады. Жазушы бұл әңгімесін 1951 жылы жазған. Осы әңгімедегі өзіміздің полицейлерді, адвокаттарды, пәтер жалға берушілерді, билік өкілдерін, ең аяғы қайда барса да әділетсіздікке тап болып, зорлық-зомбылыққа ұшырап, күштілердің қыспағында өмір сүріп жатқан қарапайым адамдарды, бәрін-бәрін жазбай танисыз. Адамның құқын аяққа таптау, дәрменсіз күйге түсіру, еркінен айырып тығырыққа тіреу бізде «демократия», «гуманизм», «әділдік» деген әдемі сөздердің атымен жүзеге асырылатынына тағы бір көз жеткізгендей боласың.

Әңгіменің оқиғасы былайша өрбиді. Бірнеше пәтер орналасқан баспанадан өзіне тұрақ жалдап тұратын К.-санның үйіне түн ішінде бір отбасы баса-көктеп кіргеннен кейін (өздері тоғыз адамнан тұрады) «үй біздікі» деп мәлімдеп, өздері билеп-төстей бастайды. Олар онымен қоймай, К.-санға тамақ әзірлеу, ыдыс-аяқ жуу, ай сайын еңбекақысын түгел өздеріне беруін мойнына міндеттеп қояды. Қарсылық білдірсе, дереу жиналыс өткізіп, көпшілік дауысқа салып, өздерінің айтқандарын «демократиялық жолмен» дұрыс қылып шығаратындарын қайтерсің!

Әрине, мұндағы оқиға өмірде болуы мүмкін емес, жазушының қиялынан туған дүние. Алайда, автор осы қиялдан тудырған оқиғасын шынайы өмір шындығымен қабыстыру арқылы нағыз шындықты ешқандай боямасыз, ешқандай бейнелеусіз сол күйінде жарқыратып береді, әсерін де еселей түседі. Ол қандай шындық? Ол қарапайым адамның қоғамда түкке тұрмайтын, ешқандай құны, еркі, бостандығы жоқ бір бейшара екенін ашып көрсеткен шындық! Сол шындықты жаныңа батса да еріксіз мойындайсың. 

Әңгімеде әлгіндей жағдайға тап болған К.-сан алдымен тек пәтерақыны ғана жинауды білетін үй басқарушысынан «пәтердің маған тиесілі екенін растап беріңіз, аяққа тапталған құқымды қалпына келтіріп беріңізші» деп көмек сұрап барады. Сонда ол не деп жауап берді дейсіз ғой? «Сіз қандай құқық туралы айтып тұрсыз? Мен ештеңе білмеймін, мұның бәрін пәтерді кім жалға алады, сол реттеуі керек. Бәлкім тым ашық айтып тұрған шығармын – мен пәтерлерді адамдарға бермеймін, оларды ақша жалға алады», деп төтесіне көшеді.

Естеріңізде болар, осыдан бірер жыл бұрын Ресейде жаппай мобилизация жарияланғанда, елімізге ресейліктер қаптап келіп, Алматы мен Астанада пәтерді жалға алу құны аяқ астынан аспандап шыға келген еді. Сол кезде пәтерді жалға берушілердің көпшілігі дереу өздерінде бұрынннан тұрып жатқан қазақ бауырларын бала-шағасымен көшеге қуып шығып, көп ақша төлеген орыстарға тұрғын-жайларын ұсынған болатын. Дау айтып, өздерінің құқығын талап еткендерге «мен пәтерімді кім көп ақша төлейді, соларға жалға беремін» деген еді сонда олар. Пәтер иелері мен жалға алушылардың осындай диалогтарын әлеуметтік желілерден көріп, көбіміз шошынғанымыз рас. Осы бір оқиғаның өзі біздің қоғамда адамның құны көк тиынға да тұрмайтынын, бәрін ақша шешетінін тағы бір мәрте дәлелдеген еді. Әңгімедегі үй басқарушысы айтқандай, біздегі пәтер иелері де пәтерлерін адамдарға емес, ақшаға жалға берген. Ақшамен тілдескен, ақшамен келіскен, ақшамен сөйлескен, адам ол арада мүлдем жоқ. Бұл да біздің қазіргі қоғамның қаны сорғалаған шындығы!

Құдай басқа салған соң, К.-сан бұдан соң қаңғалақтап полицияға барады. Енді оның мосқалдау полицеймен арадағы диалогы тура біздің өмірдегідей өрбігеніне еріксіз бас шайқайсың (Кобо Абэ неткен көреген, ой-қиялы қандай дәл еді!) Мосқал полицей айтады: «олар маған мүлдем бейтаныс адамдар деп сенің тек бір тараптан берген куәлігіңді қалай шындық ретінде қабылдай аламыз? Олар сізді өте жақсы білеміз дейді – біз ондай жағдайларды да талай көргенбіз. Сонда осы мәлімдемелерін жоққа шығаратын салмақты дәлелдерің бар ма?» дейді. Біртүрлі таныс сөздер ме? Өмірде естіген сияқтысыз ба? Өз басым, өмірде көзге көрініп тұрған анық шындықты дәлелдей алмай шыр-пыры шыққандарды талай көргем. Оларға да осындай қисынсыз сұрақтар қойып, әуре-сарсаңға түсірген еді. 

Біздің қоғамда қарапайым адамның басына іс түссе, ол өзінің проблемасымен тек өзі ғана осылай бетпе-бет қалады. Мысалды алыстан іздемей-ақ күні кешегі Талғар оқиғасын есіңізге алсаңыз да жеткілікті. Былай қарасаңыз, қоғамда қаншама құқық қорғау, әділет органдары бар, бірақ іс жүзіне келгенде ешқайсысы адамның жанын жете ұғынып, қорғауға келгенде қауқарсыз. Дұрысы құлықсыз. Неге? 

Өйткені біздегі органдардың жұмысы өмірдің нақты жағдайларына, адамның құқығын қорғауға бағытталмаған. Барлық жұмыс, бүкіл ынта-жігер қағаздарды қатырып қаттауға жұмсалады. Жоғарыдан төпелеген қағаздар келеді, оған жауап ретінде қайтадан сондай мөлшердегі қағаздар кері кетеді. Бейне барлық мемлекеттік құрылымдар қағаз ағынымен бірге айналып жатқандай. Қоғамның бар тірлігі қағазда. Сансыз жылдар бойы өзгеріссіз, бір орында тұрып қалған авторитарлық жүйе құрған қоғамның сиқы бұл. Мұндай қоғамда сосын да қарапайым адам қорғансыз, жалғыз, шарасыз...

К.-сан бәрін заңды жолмен шешуге тырысып, бұдан соң адвокаттың да есігін қағады. Сөйтсе, ол да өзі сияқты бір басқыншы отбасының құрбаны екен. Оның жағдайы өзінен де аянышты болып шыққанда, бұл тіпті дағдарады. Басқыншы отбасы адвокаттың әйелін бала-шағасымен қуып жіберіпті. Сүмелек жабысқан шашын сипалай берген адвокаттың  өзі сияқты шатырда түнеп жүргенін ол бірден шамалайды. Алақ-жұлақ етіп, айналасына үрейлене қарай бергенінен оның қорқынышқа әбден бой алдырғанын да түсінеді. Бұл енді қоғамдағы сот, әділет органдары, адвокаттар бәрі де шындап келгенде биліктің қолындағы қуыршақ екенін көрсетеді. Мұны бір жағынан мемлекеттік қызметтегілердің не болса содан үркіп, қорқып, өз-өзінен қуыстана беретін, рухтан жұрдай болған, өзіне сенімсіз, жасқаншақ, жалтақ бейнесі деуге де болады.

Кобо Абэнің осы әңгімесінде бір жай қолдана салған деталь жоқ, бәрінде терең тұспал бар. Мәселен, К.-санның үйіне баса-көктеп кірген басқыншылар бір отбасының мүшелері. Бұл билік басындағы трайбализм, тамыр-таныстық, жерлестік. Одан соң бұлар бұрынғы спортшылар. «Бекзат болмысты» мырзаның өзі дзюдодан бесінші дан иегері, үлкен ұлы реслингпен айналысса, одан кейінгі еңгезердей екінші ұлы бұрынғы боксшы болған. Бұдан биліктегі бандитизм, олардың рэкет-спортшылармен ауыз жаласуы сияқты келеңсіздіктерді аңғаруға болады. Бұл біздің қоғамда бар ма? Әрине, оған ойланбай жауап қайтарып, «Дикий Арман», «Талғардағы Хасан» және тағы басқаларын мысалға келтіре бастайтыныңыз кәміл. Талғарда бірінен соң бірі орын алған кісі өлімі, жапа шегіп әділет іздеген отбасыға ашықтан-ашық жаулық жасап, үйін өртеуі – Хасандармен кезінде биліктің тым жақындасып кетуінің зардабы емес деп кім айта алады?!

Басқыншы отбасының мүшелері өздерінше ғылыммен айналысады. «Бекзат болмысты» мырза гипноздың көмегімен иттің миына әсер ету арқылы оны сөйлетуге үйрету мүмкіндіктерін зерттеп жүрсе, үлкен ұлы қылмыстың практикалық психологиясына мамандану үстінде. Екінші ұлы әйелдердің климактерийлік кезеңдегі сексуальдық психологиясын зерттейді. Анасы кезінде ерлердің психологиясын зерттеумен айналысқан, сонымен бірге әмбебап дүкендердегі дүкеншілердің көз қырағылықтарын зерттеуде үлкен жетістікке жетіпті (ұрлықпен айналысқан, шамасы). Былайша айтқанда, басқыншы отбасының мүшелері қоғамға ешқандай қажеті жоқ ғылыммен, болмайтын нәрселермен айналысып жүр. Бұл енді авторитарлық қоғамдағы ғылымның жағдайы, сықпыты ғой. Шын ғылымның жолында жүргендер бізде аз, саусақпен санарлық. Билік басындағылар, әншейін мүмкіндігі жетіп, жағдайы болып тұрған соң, қажеті болып қалар деген оймен бір ғылыми атақты еншілеп алады. Сөйтіп, жалған ғалымдардың санын көбейтіп, елде ғылыммен нақты айналысатындардың қанша екенін білуге мүмкіндік бермейді.

Біздегі ғылымның жайын әлемге танымал математик ғалым Дөрбетхан Сұраған «Азаттық рухы» сайтына берген сұхбатында өте жақсы айтқан. Ол Қазақстанда ғылым саласына әлі жеткілікті ақша бөлінбейтініне қынжылыс білдіреді. Ғылымға құйылып жатқан қаражат жалпы ішкі өнімнің 0,12 пайызын ғана құрайды екен. Ғалымның айтуынша, бұл көрсеткіш кем дегенде бір пайыз мөлшерінде болуы керек. Бізде ғылым жолына түскендердің саны аз болуының бір себебі осында жатқан жоқ па? Елімізде қазір ғылыммен айналысып жүргендердің саны 20 мың шамасында екен, ал негізінде әлеуетті қоғамда олардың саны 50 мыңнан асуға тиіс дейді. 

Жас ғалымның «ғылыммен айналысатындар көбейсе, азаматтық қоғамның оянуына, азаматтық қоғамның оянуы жемқорлықтың түп-тамырымен жойылуына сеп болады» деген ойы көкейге қонымды. Ғылым деген үздіксіз ізденіспен дами келе, елді ілгерілетіп, игілікке бөлейтін сала. Оған көңіл бөлмеген елдің болашағы да күмәнді. Осы тұрғыдан келгенде белгілі журналист Дархан Әбдіктің ғылымға бейімі бар жастарға «ғылымға жағдай жасалатын, адам құқы сақталатын елге барыңдар» деп неліктен айтқанын ұққандай боласың. Жетіскеннен айтылған сөз емес, әрине. Күйінгеннен кеудені жарып шыққан күрсініске толы сөз ғой, ұққанға. Жанбай жатып сөнбесін, құдай берген қабілеті тұншығып өлмесін деген жанашырлық та бар. Мейірхан Ақдәулет ағамыз «Біздің жақсымызды ешкім тартып алмайды. Кемшілік айтылуы керек. «Ауруын жасырған өледі» деген бар» деп жиі айтатын. Дархан сияқты ауруымызды айта алатын адамның болғанына да шүкір. Ешкім үндемесе, қоғамның өлгені емес пе? Айтылған сөз түбі бір құлаққа шалынып, өзгеріске сеп бола ма деп те үміттенеміз.

Дөрбетхан Сұрағаннан бөлек, Қазақ Ұлттық жаратылыстану және Халықаралық КОНКОРД (Фр.) Академияларының корреспондент-мүшесі, Еуропа жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі Жанұзақ Әкім «Абай кз» сайтында жарияланған бір мақаласында отыз жылдың ішінде біздегі ЖОО мен ҒЗИ өндіріске бірде бір рациональды ұсыныс енгізбегенін, ғылыми жобалардың 95 пайызы пайдасыз болғандықтан архивтерге жөнелтілетінін жазған еді. Ол өзінің «Авторитарлық қоғамдағы ғылым мен білім» деген мақаласында біздегі оқу бағдарламалары да өткен ғасырдың деңгейінде өзгеріссіз қалып қойғанын, көптеген ғылыми пәндердің оқытылмайтынын атап көрсеткен. Осыған қарап, біздегі ғылым саласы әңгімедегі басқыншы отбасы мүшелерінің «ғылыми жұмыстары» сияқты жәй әншейін ермекке айналған ба деп қаласың. 

Шығармада ешкімнен қолдау таппаған, қолдау таппақ түгілі, әділетсіздікке барынша қарсыласқан сайын жағдайы тіпті қиындай түскен К.-сан басқа амалы қалмаған соң, өзі қонып жүрген шатырдан күн сайын ондаған, жүздеген, мыңдаған парақшалар жазып ұшырумен болды. Ол парақшаларды өзі сияқты жүздеген, мыңдаған құрбандар оқиды. Басқыншылар дереу әлгіндей парақшаға қатысты сот процесін өткізіп, оны зиянды бактериялармен зақымданған деген шешім шығарып, парақшаларды таратуға тиым салатын заң шығарды. Барар жері, басар тауы қалмаған, әділетсіздік пен зорлық-зомбылықтан әбден қалжыраған басты кейіпкер ақырында өзіне қол салып, «мәңгілік демалысқа» аттанып кете барады.

Озбырлық билеген қоғамда қарапайым адамның көрер күні осы. Бұдан тек көрге кіріп қана құтылуға болады, басқалай жолы жоқ. Кобо Абэ қоғамда көпшіліктің қыспағына ұшыраған, көптен теперіш көрген, сөйтіп бір қалыпқа сыйғызылған адамның образын сомдау арқылы көпшілік ұстанатын қисынсыз нормалардан жирендіріп, қоғамға жаңалық, өзгеріс енгізу, заман ағымына сай өзгеру адамзат үшін өте маңызды деген ой айтып отыр. Расында адамзат үшін мамыражай өмір,  еркін де азат азаматтық қоғамнан артық не бар? Өркендеу де, даму да тек адам ойы азаттыққа жеткенде ғана жүзеге асады. Ескірген ежелгі ұстанымдармен өмір сүретін кәрі қоғам, санасы қартайған елден не үміт, не қайыр?!

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар