Самал Зікірияқызы. Айна
Бөлісу:
Әңгіме
"Қазақтың әйелдері демалыс күнін үй тірлігін тындыру үшін күтеді. Орыстар секілді байын қолтықтап тау-тас кезіп қыдырмайды да, дүкен аралап, салон жағалап өзін күтпейді де. Қу тірлікке басыбүтін басыбайлы болған соң, кімге сыйлы һәм сүйікті болады?"- деп отыр екен желідегі жасанған қатын. Кім екенін қайдам, әйтеуір, екінің бірі ақыл айтқыш болды ғой осы күні. Жақтырмады. "Қит етсе орыстың қатынымен салыстырады екен осылар. Орыс пен қазақтың діні де екі түрлі емес пе?! Орыс қазақ бола алмайды, қазақ орыс бола алмайды"- деді, мырс етіп. Қазақтың әйелдерін жақтады ма, аяды ма тағы ұқпады.
Желінің сырғанақ бетін сырғытып отырып, талай дүниені ақтарды. Тек, не көріп, не түйгенін ұқпады. Жаңағы қатынның жайбарақат жайып отырған сөзі санасында самбырлап, құлағында жаңғырып, берекесі кетті. Қанша отырғанын пайымдай алмай, ескілеу телефонын сөндірді де, төсегіне лақтыра салды.
Осы күні көп отыруды да ауырсынатын болыпты. Тірлік қылмаса, қу жанын алдандырар түк таппайды. Іші пысып, ойдан мезі болса, үйін жинайды. Анада бір өзінің табысына алған қымбат жиһазын сүрткіштей беретін әдетімен орнынан тұрып, микрофибра сүрткішін іздеді. Кең төсектің қызыл ағаштан ойылған биік тәжін ысқылап жалтыратты да, кезектегі төрт есігі айналы шкафқа бұрылғаны сол, "астапыралла!"-деп шыңғырып жіберді. Жаны құрғыр табанына түсіп кетіп, қайта заулап шыққандай ыршыды.
Айнаның арғы жағында состиып, өлпі-сөлпі киінген сұрықсыз бөтен әйел тұр. Үйде жалғыз өзі сияқты еді, "мынау кім?"-деді, шошынып. Көрші-қолаң кірді ме деп, айналасына жалтақтады. Ешкім де жоқ. Көршімен де аралас-құралас қылмай, тек жүретіні тағы бар, жалғыз екенін анық ұғады. Ішінен неше қайыра кәлима айтты. Әжесінің аузынан тастамай, күбірлеп жүретін дұғаларын естіп өскенде, бүгін пайдасына асты алғашқы рет. Ойына қайдан келе қалғанын, тіліне тез оралған дұғаларды кезектестіре берді.
Дұғаның құдыреті ме, әжесін есіне алған соң аласапыран кеудесіне тыныштық орнады ма, білмейді. Үрейі сейіліп, жаны тынши бастағандай. Қорқып тұрса да, айнаға бұрылды. Тоба! Ол да үңіліп тұр. Түрі таныс сияқты ма? Қайдан көрді? Иә, таныс. Талай көрген. Бірақ, қайдан көрді? Қашан көрді? Есіне түссе, шіркін!
Кемі бес-алты минуттай тұрды-ау. Бұрын соңды байқамаған сияқты еді, ойланып көрсе, осы бір нұрсыз әйел, құнсыз бейне үнемі күтетіндей өзін. Айнасын сүрткен сайын көрген секілді! "Тобам-ай! Айна деген иесінің тағдырын өз жадына көшіріп алады"-деуші еді, ғалымдар. Бұл сонда?...
***
Жұмсақ төсекте жатқысы келіп, қымбатына ақшасы жетпей, olx-тен іздеген. Жоға, орыс пен кәрістің төсегін өзі де алмайды ғой. Қазақтың төсегін іздеді. Онда да, қатынын сабап, қорлап, қайта құшып, екі минутта ентігін басып, ет-бетімен қорылдап ұйықтап жататындардың төсегінің энергиясы "жаман" деп шешті. Жарнамаларды әрлі-берлі ақтарып, әркіміне қоңырау шалып, сыр тарта өмірбаянын сұрағыштап жатып, биязы дауысты еркекті тапты. Бес баласы барын, жұбайы алтыншысын күтіп жүргенін біліп, соған тоқталған. Десе де, "таң ертең хабарласамын"- деп жылы қоштасып, аяғы сынық төсегін қиқаңдата ұлытып, аунақшып, түнімен ойланды.
Бақытсыз әйел бес бала тауып берер ме? Бақытсыз болса, алтыншысын табарға ниеттене ме? Қымбат төсекте қымбат түн өткізбесе, алты баланы туар ма? Әй, бірақ... Осы, Жамал апам да сегіз бала тапты емес пе?! Сол тегі, бақытты болды ма? Ошақтың басынан ұзамай, қи көңсітіп, көмбе жауып, қайран өмірі шұрқыраған баланың аузына бұрқыраған ас тосумен өткен жоқ па?! Етегіне оралғандар есейді, ер жетті. Кетті. Өзі ше? Өзгеге өзіндік орны болмай, жұдырығы жуан байдың таяғын жеп жүріп, жылап жүріп, аурушаң болып тынды. Ақыры не болды? Сегіздің сынықтай да жақсылығын көрген жоқ. Өлді де қалды.
Сұмақай сұрақтар мен оспадарсыз ойлар түннің жартысы ауғанша айналсоқтап, атала қылған миын. "Сенім жоқ! Сенім жоқ!"-деген ойы соңғысы болды ма, оянғанында есінде тынымсыз түннен қалғаны сол ғана еді. Беті-қолын жуып, жұмысқа жиналғанында ескілеу телефоны тыңқылдай берген. Әлгіндегі биязы дауысты жігіт төсектің суреттерін жіберген екен, көзі тоймайды. Құдай-ау деші! Мұндай төсекте жатып көріп пе?!…
***
Зер сала қарады. Әжетсіз әйел тапжылмай әлі тұр. Ойы шарықтап барып, қайта оралған серігінің аңдысын аңдып тұр ма еді, жымиды. Жымиысы да суық екен, жарықтықтың. Не қасы, не көзі, не жүзі қозғалмады. Әлде бұл, елес пе? Тап осылай ойлағаны сол, денесі тағы да мұздап сала берді. Тіксініп қалды.
Түйсігін үрей түртсе де, қиып кетерге болмады. Көз алмай үңілген сорлының бір айтары бардай, ұққысы келіп, жаны байланып тұрғаны. Бір таныстық сезгендей, үрей мен үміт те арбасып, жіберер емес.
Басынан-аяғына дейін шолды. Маңдайынан әудемжерге дейін ұзаған ақ шашынан болжаса, жасы да ортан белден ауғанға ұқсайды. Бет терісі әуелден бетмай көрмегені анық. Құрғап, шатпарланыпты. Маңдайындағы қос сызық пен көзінің айналасындағы айқыш-ұйқыш әжімдерді де ап-анық. Бойы үйреніп келе ме:
— Ееее, бейбақ! Сен де бір мүсәпір ме едің?-деп жіберді, күрсініп.
Жылы сөзге әйел біткеннің бәрі мұқтаж. Көңілі бос неме ме, ал жыласын егіл-тегіл. Сөйлейді, жауап қатады деп күткен жоқ еді, сасып қалды. “Жылаған адамның жанын жаралама, сорын сұрама”-деуші еді, атасы. Сұрамады. “Жылап алсын! Іші босап қалсыншы, байғұстың”-деп отыра берді. Сұңқылдап, ұзаққа созды ол да, сорын. Жалықты. Соншама не көрінген? Жылағаннан не өзгереді? Кім өзгереді? Одан да көңілін де, өмірін де басқа арнаға бұрып алмай ма?!-деп ойлады, әуелгі қорқынышынан түк қалмай сейіліп.
Құдай біледі, елес пе, жын ба, бәрібір. Жалғыздықтан әбден мезі болғаны сонша, әуелі осы бір сұлбаның пайда болғанына қуанып та қалғандай сияқтанады. Әйтпесе, осы үйде үнемі жалғыз. Денсаулығына бола үш жұмысты қысқартып, жалғыз жұмыспен қалғалы, зерігетін болған. Елес те - ес, тап қазір.
— Жылама!-деді, әлден соң, әрі қарай сұңқыл тыңдап отыруға бейіл қылмай. Жоқ
Дауысы тым қатқыл шықты-ау, бұл жолы қарсыласы селк етті. Туф, көздің көркін жас қашырады екен-де. Әйтпесе, бақырайған бота көзі тым әдемі, өзінің. Үңіліп, үздігіп отырысын қарашы. Күлкісі келді. Жаңа ғана мөлтілдеп тұрған шарасынан аққан соңғы тамшылары үзіліп, ыршып түсті де, жанары жарқ етті, ес қылған елес бейнесінің. Тоқтау салғанына қуанды ма, өкпеледі ме, белгісіз.
— Не?-деді жәудіреп.
— Иә, жылама! Басыңа қандай күй түссе де, көкірегіңді нендей күйік шалса да жылама!-деді нығарлап.
Әсілі, назар аударып, тына қалған әйелдің алдында батырлығы ұстап, мақтанып қалған да сияқты.
— Неге? Неге жыламаймын? Мезі болдым! Әбден жалықтым! - деді айнаның ішіндегі әйел жұлқынып.
— Кім мезі емес? Кімнің шекесі қызып жүр, ә?
— Жоға, мен… Менің… Тоқтап қалды. Қабағы түксиіп, терең әжімдерін жинап, екі қасының ортасына үйді де:
— Ақыл айтқанда алдына жан салмайтын сорлының бірі шығарсың?!-деді, айнадағы әйел, жүзі сұрланып, ышқына сөйлей.
Дауысын соншама көтергенін қарашы. Басынан сөз асырғанына шамданып та қалды-ау, байғұс. Бірақ, бұл бейненің сырын біліп, кімін ұққысы да келгеннен, ашуын ішке бүкті. "Бес баланы таптырып, алтыншысын жасап тастаған еркектің сөзі жалған болған-ау, шамасы?!"-деп ойлады. Болмаса, мынау айнаның жадындағы жылаңқы қатын кім? Айнаның, өз иесінің сыры мен сорын жадында қалдыратыны ақиқат болғаны ма? Не де болса, сөзіне бағып көрмекке шешті.
— Сөйле! - деді жалған жұмсарып.
Ішінен шер кептеліп, жарылайын деп әзер тұр екен, сайрай берді онысы да айнада ішінен.
— Ішім толып кеткелі қашаааан…
Сүреңсіз тірліктен өлердей мезімін. Титтей балаларымды тістеп тасып, отбасылық шеңбердің ішінен сыртына шыққанда ештеңе ойлауға да, ешкіммен әуейі болуға да құлқым болмады. “Балаларым-барым!” деген ұранды маңдайыма таңба қылып қақтым. Содан бері оннан астам жылым құмсағаттың қыл мойынан сусыған құмдай зыр етіп, ағып түсіпті. Жастық шақты жастанған жастығымның ішіне тығып, көркімді жамылған көрпемнің астарына тігіп, тісімді тісіме басып, оннан да көп жыл өмір сүрдім. Түсінесің бе, он бір жыл! Не шықты? Дипломымды сандыққа салғызып, от-жалыныма су сеуіп, арман-қиялымды қиратқан еркектің есерлігін көтердім. Ақыры не болды? Ақыры, адастым. Төзімге жүгінгенде сезімнен адастым, өзімнен адастым.
— Жә! Жетер! Кімнің шекесі қызып жүр екен?-деп қағып тастады, шыдамы жетпей. Шыны, сұңқылдап жылайтын әйелдерді соншама жек көреді. Осы күні кімге оңай? Тірлігі оң жамбасынан келген кім бар? Екі қатынның бірінің көтергені осы жүк емес пе? Оның бәрі зарлап жыласа, қара жер шыдасын ба?!
— Тыңдамайсың! Сен тіпті өзіңнің ішкі дауысыңды да тыңдамайсың! Өмір сүру-өзгелердің өміріне қолайлы болу емес! Өз өміріңді өзгелерге арнау да емес! Ешкімге, ешкімге ыңғайлы болу да, өзгелер үшін тырысу да емес!-деп, ашуланды әуелі, айнадағысы. Жалғыз қаласың! Жападан жалғыз, ұқтың ба?!
Сөйтті де, айнадағы әйел ғайып болды.
"Қайда кетті? Қайдан шықты?"-деп ойлағаны, өне бойын үрей билеп, дірілге ұластырды. Мұнысын сездіргісі келмеді. Қимай қалғандай әсер кешті. Әлдекімді таппай қалғандай ашуланды. Әйнек сүрткіш сұйықтықты оңдырмай баса берді, баса берді. Әйнек бетіне көбіктене жабысқан көпіршіктер біртіндеп суға айналып, ылдилай сырғанап, соңын айғыздап барады. Микрофибра сүрткішін әрлі-берлі сілтеп, тамшыларды араластырып тастады да, ысқылап сүрте бастады. Қанша ойқастағанын қайдам, жазықсыз айна жарқырап шыға келді. Тым биік шкафтың құзарына қолы жетпей, секіре бергеннен бе, терлеп кетіпті, төсенішсіз еденге сылқ ете отыра салды.
"Әлгі әйел кім болды? Қайда кетті"-деп ойлады, демігіп отырып, "Неге сонша шүйліктім? Неге тыңдамадым? Әйелге жылаған жарасады ғой. Жарасып-ақ тұр. Жаны нәзік жаратылыс емес пе? Әйел болған соң, жылайды. Ал мен кіммін? Неге жыламаймын? Жылағандарды неге жек көремін?"...
Жалғыздығын енді ғана сезінгендей. Тіпті, тірі пендемен құрбыласып, сырласып-мұңдасып көрмепті, қу басы. Жаңа түсінді, сырласқысы, шерін төгіп жылап алғысы келеді екен. Әбден жалғызсырапты-ау!
"Бәлкім, ол да дәл мендей жалғыз ба еді?"-деді, күбірлеп. Ұшып тұрып, айнаның бұрыш-бұрышын тінтті, көзімен. Жоқ. Ешкім жоқ. Әнеу, алып төсегі, төрт тартпалы комоды тұр. Әуелі, өзі де жоқ, айнада. Тіксініп қалды. "Мен қайдамын?"-деп ыршып түсті де, айнаға қайта үңілді. Жоқ! Айнадан өзін көрмеді, таппады... Неге жоқпын? Неге қорықпадым? Жападан-жалғыз отырғанда жат әйелдің айнадан сораң етіп шыға келгені несі? Ештеңенің мәнін түсіне алмай, дал болды…
***
Баяғы тірлік. Ерте кетеді, кеш келеді. Бұрындар балаларына тамақ жасаушы еді, қазір оны да қойды. Ет асса жиіркеніп, кеспе кессе тыжырынып, дүкеннен химикат қосылған шұжық әкеліп, рамен қайнатып жеп отыратын, одан қалса "rolo-sushi" мен, "kfc" дей ме, әйтеуір тапсырыспен келетін тағамдарға әуес балаларының қадірсіз қылығынан қажып кетті емес пе! Жасағаны ашып, ашығаны төгіліп, рәсуа болған тамақты обалсынып, біржола қойды қазан көтеруді. Қазіргі балалардың бәрі сондай ма, өзі тапқандар ессіз бе, тағы білмейді. Қайдан біледі? Ешкімге тіс жарып сырын да, сорын да айтпайды. Тірі пендемен қатынасқа түсіп, сұхбат құрмайды ғой. Серігі-ой ғана. Шетсіз-шексіз, таусылмайтын, түгесілмейтін қым-қуыт ойлар. Ойға соншама батып кеткенде ойын бөліп, ойынан адастырғанды жек көреді.
— Мам, айнаның бетін неге жауып қойғансың?
— Нееее?
Ғаламның қай бұрышында жүргенін де болжай алмай, оқыс дауыстан қалың ойы бытыра тигендей шашылып түскенде, есін зорға жинады. "Айна!...Айна!"-деп, жалма-жан. Атып тұрды. Бәдік неме қайтар емес.
— Маааам, айнаны жабуға болмайды ғой! Есіңізде ме, әжем өлгенде айналардың бетін жауып тастап еді. Қандай қорқынышты!-деп, қақсап, бастырмалатып барады.
— Әй, тиме! Тиме деймін! Шауып келеді.
Тәуелсіздік күні болған соң, жұмыстан ерте қайтқан. Екі иығын жұлып жеп, түкірігі шашырай долданған көкбет қатындай қақпағы сақылдаған шәугімді өзі қойған оттан тартып, бір кесе шайын аузына алғаны сол еді ғой. Атып тұрып, ышқына шауып келгенінше болмады. Үлгермеді. Бойжеткені бұраңдап, айна алдында тұр. Жауып қойған жұқа жапқышты сыпырып тастапты. Бағасыз жапқыш ширатылып жерде жатыр.
— Неге сонша бозарып кеттіңіз?-деді қызы, состиып тұрған анасын жұлқылап. Есін әзерге жиды-ау! Айналасы 30 секундтың ішінде не келіп, не кетпеді ойына.
— Осы айнаны ашпаңдар демедім бе?!-деп тап берді де, үдере сасып қалған қызын аяп:
— Шошып, ұйықтай алмай жүрмін!-деп, жылап жіберді.
Міне қызық. Өмірінде анасының жылағанын көрмеген қызы аңтарыла, таңырқай қалқиып тұрған күйі:
— Тамаша! Жарайсыз!-деді қос алақанын аяусыз ұрып, шапалақтай.
— Жарайсызы несі? Сонда сен, анаңның жылағанына қуанып тұрмысың?
Дауысы ышқына, зор шықты білем, бойжеткен кері шегініп қалды да, қайта ұмтылып, анасын құшақтай алды.
— Жылау керек! Жылай алу керек, мам! Біз-әйелміз ғой, анашым! Мықты емеспіз! Мықты болуға тырысқан әйел-бейшара әйел. Қорғансыз әйел, білесіз бе?! Әйел жаны әсершіл, эмоциялардан тұрады. Оны жасыру, жұту-құрдым, түсінесіз бе? Сіз, өзіңіздің құрдымға жұтылып бара жатқаныңызды да ұқпайсыз!
Қызының не айтып, не қойып жатқанын түсіне алса-шы! Не деп кетті өзі? Құрдымы несі? Бейшарасы кім? Осыларды өсірейін, оқытайын, ел қатарына қосайын деп тырысып жүргенім бейшаралық па? Құрдым ба? Өзін қапсыра құшақтап, жарыса жылап отырған қызының құшағынан зорға сытылды да, өңмеңдей үңілді.
— Не дедің? Құрдым дейсің бе? Бейшарасың деймісің?...
— Мам, білемін, тағдырыңыз тым ауыр болды. Бізді жалғыз өзіңіз бақтыңыз. Балаларым"ішсін-жесін" деп, үш жұмыс істедіңіз. Біз сізді көрмейтінбіз. Таң ертең оянғанымызда үйде жоқ болатынсыз. Біз ұйықтап қалғанда келетінсіз. Дастарханда үнемі тамақ тұратын. Ет асып, сорпа дайындап кетесіз; Кеспе кесіп, көже пісіріп қоясыз. Бірақ біз... Біз, сізді сағынатынбыз, түсінесіз бе?! Құшағыңызға кіріп, иісіңізді иіскеп, еркелеп жатқымыз келетін. Әлгі тамақтарды жегіміз де келмейтін. Сіз түн баласы ұйықтамай жасаған соң, аяйтынбыз. Солай тауысып қоюшы едік. Ертесі сол тамақтар тағы тұрады, ал сіз, сіз жоқсыз! Есейдік. Сізсіз, анасыз есейдік. Мен сізбен сырласқым келетін. Алғашқы рет қанша жасымда, кімге, қалай ғашық болғанымды да білмейсіз ғой…
Жыны келді. Мынау түйсіксіз қызының көкіп отырғанын қарашы. Сонда мен, түн баласы ойын қуып, еркек іздеп қаңғып жүріппін бе? Қаны миына шапшып, басы айналды. Жалғыз басы мысықтың балаларындай тістеп тасып, баққан балаларымнан осындай сөз естимін деп ойлап па? Ызалы ойы ойсыратып жібергенде, шетінде отырған төсегінен сусып, еденге ағып түсті.
Қызын, бөлмесінен қуып шықты. Мисыз неме өсірген екен, сұмақай сөздерін ұмыта да, кеше де алмады. "Осылар үшін жалындаған жастық шағымды құрбандыққа шалғанда, ендігі ешбіріне керек еместеймін. Бәрі ақылды ма?… Әй, жоқ, бірбеткей, безбүйрек, бетбақ бәлелер өсіріппін. Қай жерден қата кеттім?-деп, өз жанын өзі жеп, өзегін өртке тастады.
"Жыламадым ба? Көз жасымды көріп, жасымасын деп жасырған жоқпын ба?! Өскен сайын өзбілермен болған жоқ па! Бұлар бүйткенде, жан өзгермей тұрсын ба?! Көңіл ше? Бәрінен бұрын көңілдің тілін табу қиын екен ғой. Ақылға қанша жүгінсем де, осы көңіл деген кірпиязымды жеңе алмадым. Көн терідей қақайды да қалды, әншейінде шалқып жататын қайран көңілім-ай!"... Осылай, ұзақ жылады. Осылай, қаталдық орнады кеудесіне.
Менің осыбір бейшара күйімді айнадағы әйел естіп қояр ма деп, айнаға ұрлана қарап қойды. "Өмір сүру-біреуге басыбүтін арналу емес!"-деп көкіген жоқ па еді сол қатын, білгірсіп. Мысқылдаған, сонда. Егіл-тегіл жылаған жоқ па?! Жазғырған сонда.
"Жетер! Ендігіде, өзім үшін өмір сүремін!"-деді тағы, қайталай. Әлгінің сөзін мойындағанына намыстанып та қалды. Бір бұрышта бақылап, "ә, бәле! Мойындадың ба, бәлем!"-деп, рахаттана, айызы қанып күліп отыр ма деп ойлағанда ұяттан өртенердей болды. Жердегі сөлпиген жапқышты жұлып алып, айнаның бетін жаба салды. Сөйтті де, өзін қорқақ сезінді. Сыпыра қайта жұлып алды, өзі жапқан жапқышты.
Не десе де, бір қабат мұңы сыпырылып, тұңғиықтағы жалғыздығынан бір қадам бері басқандай, серпіліп қалыпты. Құдды, өмірінде алғашқы рет ұлы шешім қабылдағандай, арқалаған жүгі бір келіге жеңілдегендей болды. "Өзім үшін өмір сүремінін" әбден бекіткісі келді. Жастық шақ оралмайды. Енді, осы жасында не істемек? "Өмірдің мен көрер қызығы қалды ма өзі?"-деп ойлады, іштей. Сөйтті де, тым терең күрсінді. Қанша ғұмырды еңсеріп, қаншасы қалғанын болжай бастады. Оң қолын созып, алақанындағы солдаттай тізілген саусақтарын жазып жіберді де, әр саусағын ондыққа балап, санай бастады. Жұдырығы түйіліп, алақанда төрт саусақ жатты. Шынашағы не тұрарын, не құларын білмей дал болды да, әлден соң, әрлі-берлі дірілдей даурыққан шынашақ та бауырларының шетіне барып жантайды.
“Түсінікті!” деді, жұмылған оң жұдырығын қысып тұрып. Бұйрығына бағынып: “Құп, тақсыр!” деп қатарласа тізілген ұзынды-қысқалы саусақтарына разы болып, әрқайсысының басынан сипап, арқасынан қағып, қайта жинап алды. “Тәубә-тәубә!”-деп, келесі алақанындағы бес саусақты жазды. “Осы бесеуін құлатпасын, Құдай! Әрқайсысын он жылға татытып бергей!”-деді, әлгінде кеудесінде үзіліп, қысылып қалған күрсіністі демін қоя беріп.
***
Қап-қараңғы бөлменің ішін көмескі жарық биледі. Кең төсекте жалғыз жатқан әйел оң жағына аунап түсті де, түсініксіз әлденелерді күбірлеп, өзі суырылмаған қалың ұйқының тереңіне бата берді. Ұйқы қанша тұңғиық болса да, құлағы әлдекімнің күлген дауысын естіді. Көңілді, сыңғыр дауыс. Бәлкім, түсінде шығар. Жоқ, бөлмеден естіледі. Мұны түйсігі анық болжағанда қою түннің бояуына бір тамшы іріткі тамғандай іри берді. Санасы да оянып келеді. Миға жеткен хабардан ұйқының тұңғиығынан зор жылдамдықпен суырылып келеді. Лезде-ақ ұйқы әлемінен тысқа лақтырды. Селк етіп, шошып оянды да, есіне келе алмай, біраз жатты. Иә, анық естіді. Күлді. Әйелдің күлкісі. Шамасы, сұлу әйел болуы керек, тым шат, сыңғырлаған күлкі. Көзін ашты. Жарықты сөндіріп, тас қараңғыда ұйықтау әдеті болғанда, мына сәуле қайдан пайда болды? Күліп жатқан кім?... Айналасына үрейлене көз жүгіртті. Төбесі көк тіреген айналы алып шкафтан шашыраған нұр өзіне қарай тарта бастады.
Биік шифонердің айнасынан төгіліп тұрған көмескі жарық орнынан тұрып, жақындаған сайын жарқырай түсті. Жылы төсектен суырылып, жып-жылы көрпеден шыққан денесін сұп-суық леп қарып өтті. Әлдебір үрей биледі. Мұнысы несі? Түсіне алар емес. Жақындап келіп, айнаның шетінен ішіне зер салды. Дәл біліпті, әлгіндегі сыңғырлаған күлкі тап осы айнаның ішінен естіледі. Баяу қозғалып, бетпе-бет келгенде, айна ішінен бөтен әлемді көрді. Жап-жарық әлем. Аяқ-қолы ырық бермей, дірілдеп барады. Сары шашты, ұзын бойлы, әжесі айтатынындай "қол-аяғы балғадай" сымбатты әйел қаперсіз қозғалып, жарқ-жарқ күледі. Айна алдына келіп, лыпасыз денесіне сүйсініп, әрлі-берлі өзіне құныға қарайды. Енді таныды, әйелі бөтен болғанымен, гарнитуры өзінікі.
Тоба!...Сонда?...
Сонда, мына неме менің үйімде жүр ме? Үрейі асқынды ма екі көзін ұқалап, қайта үңілді. Есім ауысқан ба осы менің? Әлде, түсім бе? Өзімен-өзі іштей сөйлесіп, дегібірі қашты. Тіпті, өзін оңдырмай шымшып та көрді. Ояу екен. Айнаға көз тікті. Расында да өзі сатып алған айналы алып шифонер, төрт тартпалы комоды, тәжі биік кең төсек. Айна ішіне бір, бөлме ішіне бір бұрылып, зерттей бастады. Ә, жоқ, ұқсамайды. Өз қабырғасының бояуы ескілеу, тозыңқы, ал анау әйелдің қабырғасына ашық-күлгін түсті гүлдері бар қабырға қағазы жапсырылған. Демек, кім де болса бұл әйел айна ішінде жүрген болды…
Ұзақ бақылады. Тіпті, жалыққан да жоқ. Өзінің әлемінде түн болғанымен, сары шашты, сары жүзді әйелдің әлемінде - күндіз. Айқара ашып қойған шкафтың ішінде көзтоймайтын әдемі көйлектер нықталып, иінтіресе салбырай ілінген. Сары әйел бірінен соң бірін киіп көріп, сақ-сақ күліп, киімдерін таңға тауыса алмады. Бірін киді, бірін шешіп лақтырды, ортаймады. Қанша қарап тұрғанын болжаса-шы.
Әлден соң айнадан шашыраған нұр шиыршықталып, от тиген желімдей жиырыла бастады да, шаңсорғыштай асқан жылдамдықпен бар жарықты сорып алған айна "лүп" етті де, тынды. Сөнді. Мұздай саусағының ұшымен айна бетін сипап көрді. Жаңа ғана тап осы айнадан екі әлем айқасып, ашық-шашық жатқан сияқты еді, дәл қазір кәдуілгі безірейген, қап-қатты денеге айналыпты.
Көкжиекті күн тәжінің жарқылы бояп барады. Түнімен не көрді? Түсіне алмай дал. Бір білері, денесін жеңіл үрей аралағанымен, жүрегі тып-тыныш бүлкілдеп соқпаса, бұлқынып, шоршыған жоқ. Оны айтасың, айна ішіндегі жап-жарық әлемге, қайғы-қасыретсіз көңілді әйелге, көздің жауын алған әсем көйлектер мен түрлі-түсті тасы жарқ-жұрқ еткен әшекейлерге ынтызары ауған секілді. Түсініксіз күйін тілмен айтып жеткізе алмас. Өң мен түстің ортасында біршама тұрды. Есін жия, өз шкафының есігін айқара ашты. Боп-бос. Талай жыл қыстан сақтап келе жатқан ескі пәлтесінен өңге салбырай ілінген көйлек те, басқа киімі де жоқ. Осы түнгі таңғажайыпты жүрегіне жазды. Тірі пендеге тіс жармды. Айтса да, кім илансын?!...
***
Айнадағы әлемді тағы көргісі келгенімен, күнде-күнде көре алмайтынын уақыт өте ұқты. Аспандағы ай туып, жердегі ай жаңарғанда айна өлі денеге айналып, мылқау күй кешеді. Ай толыса бастағанда ішінен сыбырлар естіліп, толды-ау дегенде қақпасы ашылып, ішкі әлем мен сыртқы әлем астарласып, араласып кетеді. Осы күні үрейленбейтін де болған. Талай мәрте бақылап, әдеттеніп те алды. Ендігі, қамалсыз еркін әлемге кіріп көргісі келіп, дегібірсіздене күтіп жүр. Бір жақсысы, өзінің бар-жоғымен шаруасы жоқ балалары есігін ашып, мазасын алмайды. Әншейінде, кешіккен балаларын түгендеп, түгелі төсекке жатқанша мазасы да, сүйкімді де кетуші еді, қазір өзінің де олармен ісі жоқ. Несі бар? Кіші дегені он бестен асты. Үлкен ұлы жиырманың төртіне табан тіреді. Алғаш, "күл болмасаң, бүл бол!"-деп қарғанып қалатын, ыза болғанда. Ендігі: "жас қой! Ойнап-күлсін;"-деп, түсінуге тырысатынды шығарыпты.
Анасының ойындағы, бойындағы өзгерісті балалары да байқаған сықылды. Әдемі көйлектер сатып алып, әшекейленіп, түрлі-түсті киінетінін ұнатып жүр. Айнадағы әйелге еліктегенінен бейхабар болса да, жасанып, жайнап жүретін аналарының сұлуланып бара жатқанына дән риза, қу балалары.
"Анамның өмірінде біреу пайда болған ба?"-деп өзара сыбырласқанымен, сорлы ана баяғыдай ешкіммен сөйлесіп, қыдырып жүрмейтін әдетінен жаңылмай, есігін тарс бекітіп алып, таңға ашпайтындықтан, өздері де бұл өзгерістің мәнін түсіне алмайды. "Не болса да анам өзгерсінші! Анам бақытты болсыншы!"-деп тілейтін-ді, балалары.
***
Бүгінгі түн-көптен күткен түн болды. Түн жарымынан асқанда айнаға жан бітіп, сыбырлар біртіндеп ұлғая, күлкі естіліп, бөлме мен айна тағы да сиқырлы жарықта ұштасты. Әнеу күні қолын сұғып көргенде емін-еркін өңге әлемге еніп тұрғанын біліп, сол әлемге кіріп баруға жүрегі дауаламаған да, ертесі әбден өкінген. Сары шашты, сары әйелдің әдемі көйлектерін де, жарқыраған әшекейлерін де өз қолымен ұстап көргісі келіп жүргелі қашан. Бүгін, тосылмай, кешікпей айна әлеміне кіріп барды. Десе де, сары әйел шошып қала ма деп, өзі аттаған босағада қалқиып тұр. Ішке көз жүгіртті. Өз шифонерінің айнасынан кіріп, сары әйелдің шифонерінің айнасынан шығып тұр екен. Қызық. Өз әлемінен бақылағанда, айналы шкафқа қарама-қарсы қарап тұрушы еді, қалай болғаны? Миы жетпеді. Таң бозарғанша екі әлемді жалғаған порталдың жабылып қалмайтынын біліп алды ғой, қорықпай, әйелге жақындады. "Әйел" дегенінің үрпісінің күлгін кетпеген, бұт арасы алшақтамаған қыз екенін, мүсінінен ұқты.
"Сәлеметсіз бе!"-деді, сыбырлай. Сары қыз назар да салмады, жауап та қатпады. Бәлкім, естімей тұр ма? "Сәлеметсіз бе!"-деді дауыстай. Жауап жоқ. Аз-кем тұрды да, бар даусымен айғайлап, тағы амандасты. Сары шашты қыз былқылдаған бөксесін сипалап, әжімсіз сап-сары бетін аялап, өзіне-өзі құныға көз салып тұрған күйі, бұрылып та қарамады. Жақынырақ келіп, қатарласа тұрды. Айнадағы бейне жалғыз, сары қыз ғана. Өз бейнесінің айнадан көрінбегеніне қарағанда, бұл бөлмеде жоқ болғаны. Жоқ, бар ғой, тек айнадан көрінген жоқ. "Демек, бұл қыз да, айна да мені көрмейді"-деген ой келгенде, еркінси бастады. Бөлме ішін емін-еркін аралап, осы күнге дейін өзін ынтық қылған сары қыздың әрбір дүниесін ұстап көруге кірісті. Тіпті, жарқырағанда көзіңді қарықтырар әшекейлерін де кезектестіріп тағып, есі шықты.
Дене бітімі сары қыздың сымбатындай сұлу болмаса да, өлшемдері шамалас екен. Бірін алып, бірін лақтырып, әдемі көйлектерді киіп көріп жатыр. Осы сәт өзін тым сұлу ханшайымдай сезінді. Қауырсындай жеп-жеңіл, аса сұлу әйелдей көңілі шарықтап, жүрегі лүпілдеп, кеудесін әлдеқандай қуаныш керді. Комодтың үстіндегі қаз-қатар тізілген әтірлерді де бейберекет сеуіп көріп, бәрін ұмытты. Қанша жүргені беймәлім, көзі тұманданып, жат бөлме кішірейіп барады. Сонда ғана өзінің бөтен әлемде жүргені есіне сап етіп, үстіндегі көйлегін апыл-ғұпыл сыпырып алды да, өзі киіп көрген сары қыздың үйіліп жатқан көйлектерінің арасынан өз көйлегін іздеп, тапырақтап, қолына ілінген көйлегінің шетінен шымши, үңірейген қуысқа екпіндей шапты. Жолжөнекей мойнына таққан бөтеннің алқасын шешіп лақтырғанымен, сары қыздың жүзігін шешіп үлгерген де жоқ, қусырылған қуыстан қысыла-қымтырыла өз бөлмесіне топ етіп құлады.
Есін жинай алмай, әрі-сәрі күйде ұзақ отырды. Айнаға қарады. Сұрықсыз бөлмесін бейнелеген айна үнсіз мелшиеді. Сары қыздың жүзігін ұрлап кеткені есіне түсіп, саусағын сипалады. Жоқ. Саусағында ешқандай да жүзік жоқ. Түсіріп алдым ба деп айналасын тінтіп, тоңқаңдап әбден іздеді. Таппады. Өкініш өзегін өртеді. Жүзікті қимады. Бар болғаны, санасында сол бір ғажап әлемдегі сұлу қыздың сансыз сәнді көйлектері мен танауында тәтті әтірдінің ғажайып жұпары ғана қалды...
***
Құлазып жүр. Сиқырлы әлемге соңғы жұмбақ сапарынан соң, айна сөйлемейтін де, күлмейтін де болған. Қаншама түнді ұйқысыз өткеріп, кірпік қақпай кеткенімен, мелшиген күйі міз бақпаған айнаны иттей жек көрді. Шағып, лақтырып тастағысы да келген. Үміт деген шіркін, жаныңды қылға іліп тербетеді екен. Қимады. Ендігәрі солбір әлемді, солбір әйелді көрмейтінін сезетіндей. Құса болды. Дөңбекшіп, мазасы кеткен соң, көкжиектен күн көрінбей тұрып кетті. Балаларының бөлмесіне кіріп, жарықтың шүрппесін басты. Алғаш байқады, ұлы тым сұлу еркекке айналыпты-ау! "Бұған, сақал қашан шыққан?"-деп ойлады. Шіркін неме, әкесінен аумай қалғанын қарашы. Сала-құлаш аяғы төсектен асып, шалқасынан жатыр. Пәлі, әкесі де сұлу еді, жас күнінде. Тілін безеп, қыз біткеннің көз майын ағызып, талайын естен тандыра ғашық қылып, талайын жарты жолда тастап, жылатып кеткен. Бәлкім, солардың көз жасы жібермеді ме, назасы ұрды ма, сайтан суға әуес болды. Әуес болғанда, наны да-арақ, суы да-арақ болды ғой. Арақты судай сіміргенде делебесі қозып, бұрынғыдан бетер қатынқұмар еркекке айналатын. Жас па, кәрі ме талғамайтын.
Жеңілетектілердің де көп екенін кейін білді. Жастау күнінде кім көрінгеннен қызғанып, шашын жұлып жылап, маратори жариялап, қанша дауласса да, арсыз әйелдерге дәніккен немені жеңе алмай, болдырған. Әсіресе, әнеубір шілпиген, не емшегі, не бөксесі жоқ, шіңкілдеген қанден қатынды өзі төркіндеп кеткенде үйіне әкеліп, төсегіне аунатқаны жүрегін жаралады. Жаралады - бер жағы, қақ жарды. Көршілер де сыбырлап қоймағанда, жер болды. Әрі қарай шыдауға дәті де, заты да көнбеді. Қуып жіберді.
Өзінің көзін құртқанымен, сөзінің құйрығын кесе алмады. "Ойнастың оттан ыстық, боқтан сасық болатынын білмейсің бе? ... Қайтесің, қайдағы бір салдақы үшін сан соғып?!... Еркек деген ашып қойған етекке бір сұғып көрмесе, еркек пе?"-деп ділмарсығанның бәрінен безініп, жарасына тұз сепкеннің түгелінен тартынып, көз көрмес, құлақ естімес айдала болса қашып кетуге шақ болды.
Естуінше, шілпиген шәңкілдек, қанден қатын өнердегі талай еркектің қолжаулығы болғанға ұқсайды. Солай, жолын болдырып, атын оздыратын көрінеді. Мұның байын да пайдасына асырып алыпты.
Кімді, кім пайдаланғанын зерттеп жатқысы келмеді. Жатырында кім көрінгеннің іріңін тасыған әйелдің өзінің некелі ақ төсегіне, аппақ сейсебіне аунағанына налып, өлердей қорланған... Еркегін "жүргіш" деп сөккенімен, есінен тандырар етегі көлдей кең, қасиетсіз қатындардың кінәсі екенін де мойындайды. Десе де, жүргіштен жүргіштің қайсысын ақтап, айырып алуға болады? Екеуінен де жүрегі айниды.
Ұлын аялай, бетінен сүйді. Осылай сүймегеніне көөөөп болыпты-ау. Соңғы рет қашан сүйгенін де ұмытыпты. Қатынқұмар, араққұмар жарынан жеріп кеткенде, күллі ғалам төңкеріліп, жапанда жалғыз қалғандай қиналыпты. Күйеуінің әлгі қатынмен әбден әуейім болғанын естіген, білген, көрген жұрттың бәрімен араны үзе бергенде, жалғыздан-жалғыз қалыпты. Есінен адасыпты.
"Ана" инстинкті керемет қой!
Басқаны ұмытса да, балаларын бағуды ұмытпапты. Өзін де, өзгені де жек көрсе де, балаларын жек көрмепті. Ендігі өмірін осылардың жолына байлап, осылардың бағына арнап, тырпылдап жұмыс істей беріпті, істей беріпті. Күйеуіне өкімет берген үйден айырылған соң, тіпті ауыр болған екен. Пәтер жалдап, үш баланы өсіру, иығына түскен салмақты жұртқа сездірмей, жалғыз өзі тағдырмен күресу... Әлемге әшкере болған жарының жүрісінен намыстанып, жақындары мен достарынан ауылын аулаққа салу да оңай болған жоқ...
"Мам, жарықты өшіріңізші! Таң атпай, құлқиып неге отырсыз?" Ортаншы баласының ойын бипаздап, жасамай, тік айтатын әдеті осы. Есін жинатқаны. Жылап отырғанын да сонда білді. Тура сөйлейтін ұлының сөзін көңіліне алмады. Керсінше, тұңғиық сорынан суырып тастағанына риза болған сыңайлы. Күліп жіберді. Мұнысы енді өзіне ұқсайды. Әкесі секілді қырық өтірікті сапырып, тілін айға білеп, мәймқөңкелемейді. Ойына не келсе, тіліне сол түседі.
Жақындап келіп, кіші ұлының бетінен сүйді. Ағасындай емес, азын-аулақ балалығының иісі қалыпты самайында. Жарықты сөндіріп, ұлдарының бөлмесінен шықты. Күн де оянған екен, ұясынан оқ бойы көтеріліп, зәу көкке ұмтылып келеді. Қызының мазасын алғысы келмей, өз бөлмесіне қайтты да, төсегіне жантайды. Бүгінгі түн де, таң да ерекше әсер сыйлап тұр қайран кеудесіне. Ерекше бір күй өн бойын билеп, жеңілдік тарту еткен бе, бәлки, ішінде бір өзгеріс бар ма, түсіне алмады.
Балаларын "өсірдім" дегенімен, қалай өскенін байқаматы ғой. Зер салмапты. Қанша тырысса да, өзінің бір жұмыстан шығып, бір жұмысқа басын тығып жүрген аласапыран өмірінен басқа ештеңені де есіне түсіре алмады. "Қайран балаларым-ай! Кешіңдерші мені! Өз сорыма батып, сендерді ұмытыппын-ау!"-дегенде, жүзінен сырғанаған ып-ыстық моншақтар мойнынан асып, құлдилай жалғыздықтың жұмыр жастығына сіңіп жатты…
***
Сары шашты қызды сағынды. Ол туралы көп ойлайтын болды. Тіпті, елес болса да, қиял болса да, түс болса да, бәрібір. Көргісі, кірпік қақпай қарап отырғысы келеді. Сәнді көйлектерін кезек-кезек киіп-шешіп, әдемі әшекейлерін тағынып, айна алдында бұраңдаған қамсыз жүзін, мұңсыз күлкісін аңсайды.
Аунақшып жатып, көп ойланды. Сағат жетіден асқанда, әріге күші жетпеді. Телефонын алып, whatsapp желісін сырғанатып, осыдан жарты жылдан астам уақыт бұрын хат алысқан адамның чатын іздеді. Ешкіммен байланысып, араласып, хат жазысып жатпаймын дегенмен де, өмірдің зулап өтіп бара жатқанын, қаншама адамның өміріңе қатысы барын болжамдайды екенсің ғой. Іздегенін тапса-шы. Келген хаттар мен жазған хаттарды өшірмейтін әдеті еді, енді міне отырысы, шақырымдай сала-құлаш хаттарды ақтарып.
Тапты. Күні кеше ғана сияқты еді, жеті айдан асыпты-ау! Осы жеті айда не көрмеді?! Сол жігіттен сатып алғанда, өзі әкеліп, тасып, құрастырып беріп кеткелі, айнаға жан бітіп, белгісіз әлемге сапар шегіп те келді. Сары шашты әйелдің өміріне куә болды. Бауыр басып қалды. Алданды. Жалғыздығына араша болар елестерге әуейім болды. Соңы, сол елесті таппай, елегзіп жүр.
"Төсектің иесі-өзіміз!" дегені қайда? Олай болса, сары қыз кім? Айнаның жадында өзі көрмеген, білмеген біреудің болуы мүмкін бе? Соры қалың, сөлпиген киімі жұпыны, ұсқынсыз қатын ше? Ол қайдан жүр айнада?
— Алло! Аллоооо!
— А, иә-иә, Сәлеметсіз бе!-деді, ойға батып кететін әдетімен, телефон тұтқасынан естілген дауыстан селк етіп. Ойланып отырып, қояр сұрақтарын тиянақтап алыпты. Мәдениетті амандық-саулық сұрасудан да аттап кете алмады.
— Амансыздар ма? Келіншегіңіз босанды ма?-деп төпелетті, жауабына қызықпайтын сұрақтарын күттірмей. Тым бастырмалатып жіберген жоқпын ба деп ойласа да, мәймөңкелеп отыруға жүйкесі шыдамас.
— Аааа, рахмет! "Міне-міне" деп күтіп отырмыз!"-деді ол да, сұхбатқа аса құлықты еместігін жасыруға тырысып.
Екеуі де бірін-бірі тез ұғысып, іске көшті.
— Сізден алған төсек жайлы сұрайын деп едім... Сұрағанда... Қалай айтсам екен?! Хммм... Мен, айнадан сары қызды көрдім. Түсіне алмай…
— Қандай әйел? Еркек, шошып қалды білем, дауысы да соншама шарт шықты. Есі ауысқан деп ойлады ма, кім білсін? Мұны ұға қойған әйел, төтесінен басты.
— Сіз маған мынаны айтыңызшы, төсекті дүкеннен сатып алдыңыздар ма? Алғашқы иесі өздеріңіз бе едіңіздер?-деді, тура тартып.
— Мммм... Қап! Сізге, о баста шынымды айтуым керек еді, сіздің экстрасеанс екеніңізді қайдан білейін?-деп, қысыла, зорлана күліп алды, еркек.
— Шындықты? Қандай шындық?
Төбесінен біреу қайнақ су құйып жібергендей күйіп барады құйқасынан төмен, шымырлай.
— Біз, бұл үйді немістерден сатып алдық. Үй дегенің қыздың жиған жүгіндей жұтынып тұр екен, арзанырақ берген соң да... Сол үйдің сары қызы болғаны рас! Хореограф екен. Өте сұлу, ашық-жарқын, тым көңілді жүретін тамаша қыз еді. Шәй деспейтін бақытты отбасы ма, әлде, қазақтан басқа жұрттың бәрі бақытты өмір сүру қағидасын біле ме қайдам, бір-бірімен қарым-қатынасы, ілтипаты ерекше болатын. Үйдің алғашқы жарнасын төлеп қойып, толық өтемін таба алмай, әбден қиналдық. Бізде бес-алты бала, менде жалғыз жұмыс дегендей. Қазекемдердің "балашыл" екеніне осындайда өкінеді екенсің. Сатып жібере ме деп күнде барғыштап жүріп, туыстардай бауыр басып та қалыппыз. Уәдеге берік халық екен, артық сөз айтқан жоқ. Күтті. Олар көшіп кеткенше біз де күттік. Германияға, атамекендеріне кетті. Хабарласып тұрамыз. Әлгі қыздары мидың қатерлі ісігінен қайтыс болыпты. Германияға сол баланы емдету үшін көшкен екен ғой. Отаны көтере алмаған сияқты. Өздері Германияны жерсінбей, қиналып жүргендерін айтып, хабарласып тұрады. Оның үстіне, көзінің ағы мен қарасындай жалғыз перзентінен айырылып қалғанда, қайран баланың ыстық естеліктерін жат елден таппай, азаптанып жүр. Қазақтың "балашыл" екеніне осындайда қуанады екенсің!
Біз жатқан, сіз алған төсек - сол сары қыздың жалғыз басы жататын төсегі екен...
— Алло?! Сіз өзі тыңдап тұрсыз ба?...
Әңгіме айтылып жатқанда, сюжеттер көзінен көлбеңдей сырғып, кино көріп жатқандай күй кешіп кеткен еді.
— Аааа, бармын-бармын! Аса сұлу қыз екен, әттең!-деп қалды, қапияда.
— Қойыңызшы! Шынымен көрдіңіз бе?-деді жігіт таңданып.
"Қап! Артық сөйлеп қойдым-ау!"-деп ойлады. Не де болса, соңғы нүктесін қоймаққа шешті.
— Сонда, сары қыз өлген соң, төсекті жаман ырымға балап, әдейі саттыңыздар ма?-деді, лезде өзгеріп, ашу буып.
— Жо-жо-жоқ! Олай ойламаңыз! Жаман ырым дейтіндей, бұзылған қыз емес қой. Керсінше, өте керемет жан еді. Небәрі жиырма үш жасында кетті өмірден. Өзі де ата-анасын көп күттірген бала екен, аз ғұмыр бұйырыпты. Ал төсекті сатқан себебіміз, кішкентайларымызды жатқызатын қосымша төсек кіргізуге тура келді. Қазақпыз ғой, баланы бөлек бөлмеде, бөлек төсекте жатқызатын неміс болу қайда?! Біздің балалар, айналамызда аунап жатып өседі...
Жігіттің дауысы кінәлі адамдай, басыңқы шықты. Ол не десе де, бұл төсектен тіксінейін деп тұрған жоқ еді. Керсінше, сол сары қыздың елесін сағынып, күтіп жүргенде, мына хабар одан сайын жүрегін елжіретіп, алпыс екі тамырынан ыстық қан жүгіртті…
***
Қандай киім алмасын, қандай әшекей тақпасын, санасының қойнауында жатқан сары қыздың киім-кешегі мен бұйымдарын есіне түсіріп, ұқсасын іздеп тауып, сатып алатын. Ең қиыны, дәл сол қыздың әтірлерінің иісін табу болды. Әтірі құрғырдың атын білмесең, бірінен соң бірін иіскеп жатып, шатасып, ешбірінің нәзік ноталарын айыра алмай ит болады екенсің.
Сары қыздай көңілді, ашық-жарқын болғысы келеді. Жалғыз рет қана келетін өмірде қайғы-мұңға беріліп, қапалануға болмайды екен-ау! Өзінің дертін білсе де, өлім мен өмірдің ортасында тұрғанын ұқса да, мойымай, күліп жүру, Жаратушысымен күліп тұрып жолығу адамзаттың ең асылының, ең сұлуының ғана қолынан келсе керек!
Не десе де, абажадай жатын гарнитурын, биік, заңғар шифонерін, осы жиһаздың айналарын асқан ілтипатпен сүртіп, аялайтын болды. Айнадағы елесті де, ай толғанда айнадан төгілетін нұрды да, ішінен естілетін сыбыр мен сыңғыр күлкіні де күтпейді. Тыныштық тілейді. Айнаға да, сары қызға да, өз жүрегіне де тыныштық тілейді.
Көңілі өзгергенде, өмірі өзгереді екен-ау, адамзаттың. Самал жел хабаршы жібергендей, студент күнгі құрбысы да іздей қалды. Өткенде қоңырау шалып, қал сұрасқан ескі құрбысын әбден сағынғанға ұқсайды, сүліктей жабысып алды. Күннен-күнге құлпырып, тіпті де өзгеріп бара жатқанын құрбысы да байқады ма, кофе ішуге шақырып, күтіп алғанда, таң-тамаша болды. Кетер-кеткенше жігі үзілмеген әңгімелерін екеуі де асқан құлықпен тыңдап, қайта-қайта құшақтасумен болған.
Не айтады дейсің, тәйірі?! Сол баяғы қызғалдақтай құлпырған он сегізді, оттай лаулаған жастық шақты, қызығы мен шыжығы араласқан студенттік күндерін сапырады. Анда-санда әңгіменің тұмсығы жүргіш күйеуге тіреліп қалса, ептеп, айналып өтіп кетеді де, жалғай береді. Құдды, ешқашан араларынан ала мысық өтпегендей, шәй деспегендей шалқиды, көңілдері.
— Айтпақшы, саған айтайын деп, ұмытып жүрмін, қыз-ау!-деп, барлай, сақтықпен көзінің астынан ұрлана қараған құрбысының түрі соншама сүйкімді көрінді. Ішек-сілесі қата күлсін... Нені айтып, кімді меңзерін де іші сезіп отыр.
— Айта ғой! - деді қулана.
— Сол, Дәурен ғой! Миымды ашытып, құлағымды сарсытып бітті...
Осы жерден бір тоқтамсам, қалай-қалай емес дегендей, айтар сөзін бөлшектеп-бөлшектеп алған құрбы тағы да сақтана көз салды.
Қулануды білгенімен, өтірік айтуды меңгермеген бұл да құрбысын қинамай, ақтарыла салды.
— Білемін! Сенің парақшаңнан көрді ме, faccebook желісінен тауып алыпты. Messengerден жазып жүр. Ажырасыпты ғой. Әйелім жүріс қылды дей ме?!…
— Иә!... Ұстап алыпты. Үстінен түсіпті. Қандай қиын! - деді құрбысы мұңайып.
Осыншама жыл тірі пендемен жуыспай, жападан-жалғыз қалай ғана ғұмыр кешкен? Қалай шыдаған? Құрбысын күнара көрмесе, Дәуреннен күнде хат алмаса тұра алмайды. Осы екеуі өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып, өзгертіп жіберді. Жоқ! Екеуі емес, сары қыз өзгертті өмірін!…
***
Кешкісін төрткөзі түгел жиылып, дастархан басында шүйіркелесе ас ішетін әдет - дәстүрге айналған. Қызы 1-курсты тәмәмдап, ұлы магистратураны бітіріп, мәз-мейрам, шат-шадыман болды. Ортаншысы-ең еркесі. "Колледжге барамын"-деп, желпініп отыр.
— Осы сенің оқуың мәз емес қой. Әйтпесе, колледжде нең бар?- деп, тұқыртып қалды ағасы.
— Олай емес! Мәнсіз-мағынасыз он бір жыл мектепте жүргеннен пайда бар ма? Одан да, армандаған оқуымды ертерек оқи бермеймін бе?-деді кенже ұлы, бұртиып.
— Туууу, аға! Тимеші, өзің. Дұрыс айтады, Жолтай. Колледжді жақсы оқыса, шетелге жібереді, институттың бірден екінші курсынан оқиды?-деп, інісін жақтаған Қырмызы, бауырының шашын ұйпа-тұйпа араластырып тастап, сыңғырлай күліп алды. Түгел отбасы қосыла күлді.
— Анашым, мен шетелге кетемін! - дегені үлкен ұлдың.
— Шетелі несі? Қайда бармақсың? Ыршып түсті.
— Германияға барамын. Шақырту алғаныма ай болды. Өзім шешім қабылдағанша, ешкімге айтпауды жөн көрген едім, баруға шештім. Әттең, мен армандағандай жұмыс болса, елден кетпес едім ғой!-деді, сабырлы, салмақтан сөйлеп.
Ұлының апталдай азамат болғанын жаңа ұқты. Ақылды, білімді ұл өсіріпті-ау! Бірақ тек, келін алып, қызық көремін бе дегенде, шетелге кеткені несі? Бұл ойын жасырмай айтты. Тағы да сол пысық қызы сөйледі. Бұл жолы ағасына болысып:
— Маааам, рұқсатыңызды беріңіз! Ағам өте мықты маман. Ағам жасайтын программалар біздің елде әлі қолданыста емес. Дамып жатсақ, орала салу қиын емес қой! Ел көріп, жер көріп келсін. Ағылшын тіліне де өте шебер. Үйлену қашпайды. Қазіргі жастар үй-жайын, жағдайын қамдап алмай, апыл-ғұпыл үйленбейді. Үйленген соң, балалы болады. Оның жағдайы жақсы болмаса, бала сияқты қамтамасыз етілмесе, оған да обал ғой. Мысалы біз, алты сабақ біткенше қарнымыз ашып, ішеніміз шұрылдап жүріп оқыдық. Әрине, сіздің арқаңызда аязға ұрынып, аптапқа қақталмадық. Есесіне, жақсы оқып, сізге мақтан болуды армандадық!-деді, ұзақ сөйлеп. Ағасы да, інісі де, анасы да сөзін бөлген жоқ. Толқи тыңдады.
Құдай берген соң "таптым" демесе, кіресілі-шығасылы есімнен "бақтым" демесе, сойталдай болған балаларының өскенін аңғармай қалғанда, ендігі конфрантация жүргізер жөні бар ма?
— Барсаң, бар!
Ұлым, Германияға Қазақстаннан бір шоқ гүл ала баршы,-деді, жұмбақтап.
— Оны кімге беремін?-деп таң қалды ұлы.
— Ешкімге. Саябаққа апарып, сәкіге қойып кет. Кімге бұйырса, сол алсын!-деді тағы да жұмбағының шешуін айтпай.
Абырой болғанда, ұлы тергеп жатпады. Келісе салды.
Балаларының тәртіпті, оқымысты ғана емес, аса бауырмал болып өскеніне жүрегі елжіреп, көз жанарының бұлағы бұрқылдап қайнап шыға келді. Жолтайын, Жоламанын, кеудесіне қыса құшақтап, қыстыға жылап алды. Бұл күйді де тағы қызы өзге арнаға бұрып жіберді.
— Билейікші! - деді ұшып тұрып.
Сөйткенше болған жоқ, Жолтай музыканы тауып үлгерді. Бауырларына еркелей, бұраңдай билеген бұрымдысының қасына тұра қалғаны, ұлы анасын қағып алып, шыр көбелек айналдыра:
— Менің анашым-әлемдегі ең сұлу ана!-деп айғай салды. Қырмызы:
— Ағау, анамды айналдырмасаңшы, басы айналады. Мені көтерші!-деді, сықылықтай.
— Рас, рас! Балам-ау, басым айналды!-деді аналары күлкісін тежей алмай. Анығында, онсыз да бақыттан басы айналып тұр еді…
***
Ұл ер жеткенде, анаға әрі қорған, әрі ие екен-ді. Дәуреннің кешкі асқа шақырғанын, баруға бел байлағанын айтуға дәті бармай, айналсоқтап, берекесі кетті. Түйсікті ұл жуынып-шайынып, шашын кептіріп, бетіне маска жағып, әрленіп жүрген ананың құпиясын сезгендей:
— Анашым, мен бүгін үйге қонбаймын. Достарыммен сайт ашуға жұмыс жасаймыз!-деді де, шапшаң қозғалып, тез киініп, анасының бетінен сүйіп, шығып кетті. Байғұс әйел, екі ортада, әбден қысылды. Айнаның алдына келіп, сары қыздың гардеробынан көргендей аспан түстес ашық көк көйлегін киді. Бетіне далап жағып, ернін боямаққа ыңғайланғаны сол, айнаның арғы жағынан сораң етіп шыға келген әйел жүрегін жара жаздады.
— Астапыралла! Сен кімсің, ей!-деді, оқыс сөйлеп.
Әйел үнсіз жымиды. "Тобаааа, мынау түгел менің киімдерімді киіп алыпты ғой!-деп ойлады, әлгі әйелдің бас-аяғын шолып өтіп. Иә, дәл өзінің киімдерін танып тұр. Жұқа колготки, аспан түстес қынама бел, кең етекті көйлек. Әуелі, шашын да тап өзінің шашындай, сары қыздың шашындай кесіп, сәндеп қойыпты.
Үңіліп тұрып, есіне еміс-еміс түскен естеліктерді жинақтады. Көзі таныс. Ерні, мұрны... Бұл әлгі, осы айнадан шыға келіп, сұңқылдап таңға жылаған сорлы емес пе?! Иә, соның дәл өзі. Мәссаған! Қалай өзгеріп кеткен? Маңдайынан әудемжерге дейін бозамық тартып, ағарған шашы қарайып, маңдайындағы терең қос сызығы жазылып, көзінің айналасын шимайлаған ұсақ әжімдері жойылып, сұлуланып кетіпті. Өлпі-сөлпі киімін шешіп, сары қыздың көйлегіндей, жоқ, тура өзінің көйлегіндей көйлек киіп алғаны несі? Тілін жұтып қойғандай, сұқтана қараған бөлмедегі әйелді үнсіз бақылаған айнадағы әйел жымиды.
— Өзгеріп кетіпсің!-деді, таңдана.
— Нееее? Мен бе өзгерген?
Күлкі қысты. Жасыра алмады. Күліп жатыр. Айнадағы әйел де жарыса күледі. Байқап қалып, күлкісін сап тыя салғаны, ол да тоқтай қалды.
— Сұлумыз!-деді қасын көтеріп.
— Мынау жынды ма? "Сұлусың" демей ме? "Сұлумын!" десін. "мызы" қызық екен!
— Сұлулық іште, жүректе болмай ма? Жан тыныш болмай, жүрекке махаббат орнамай, әйел атаулы сұлу болмайды!-деді, айнадағы әйел.
Шынымен сұлу екен-ау! Қалай байқамаған? Әлде, бұл да осы айнаның арғы жағындағы сары қыздың көйлектерін киіп, әшекейлерін тағынып, әтірлерін себініп, өзгере ме екен?
Айнадағы әйелмен арбасып, қанша тұрғанын аңғармады. Телефоны безек қағып жатыр екен есіне келгенде.
— Алло?!
— Алло, Айна, кеш жарық!
— Жарық болсын!
— Айна, мен келіп тұрмын, тез шыға ғой!
Жүрегі дүрсілдеп кетті. Он сегіздегі қыздай, еркек атаулымен алғашқы рет кездесуге бара жатқандай толқыды. Аяғынан жан кетіп, тәжі биік, кең төсегінің шетіне отыра салып, айнаға үңілген. Әлгі әйел әлі күтіп тұр екен, тым сұлу жымиды да, ғайыпқа сіңіп кетті.
— Маааам, тұра-тұрыңызшы!
Қырмызысы шауып келіп, әдемі құтыдағы әтірін анасының тамағына сепкенде, қызының қолындағы әтірдің құтысы көзіне оттай басылды. Сол! Сары қыздың құтысы. Соның әтірі. Есінен танардай болды.
— Қызым, мынау әтірдің иісі қандай?-деді, жұлып алып.
— Бұл-француз әтірі - "Chanel coco", анашым!
Ағам, сіздің туған күніңізге арнайы алып, менің бөлмеме тығып қойған. Туған күніңіз ертең ғой. Яғни, бүгін түнгі он екіден кейін. Ағамды күтпей, шыдамай көрсетіп қойғаным күнә емес шығар!-деді, ерке қызы сыңғырлай күліп.
— Балам-ау, мен бұл әтірді жер-көктен таппай, іздеп жүрмін ғой... Толқып кеткені де, қуанып кеткені де беймәлім, ерекше күй кешті, сұлу әйел.
— Мам, ана деген - қыздың айнасы!
Мен, сізге қарап бой түзедім. Өзгердім. Өстім. Сіз менің айнамсыз!-деді Қырмызы анасының биік шифонеріндегі айналы есіктің алдында, бұраңдай.
Жарықты сөндіріп, бөлмеден шығып бара жатқан. Іңгәлаған дауыстан селк етті. Жарықты қайта жаға салған еді, тына қалды. Тағы өшірді. Тағы естілді. Айнасына көзі түсті. Сәуле шашып тұр ма? Құдай-ау, сары қызым келген бе? Құстай ұшты.Иә, рас! Айна тіріліп, ішінен бейнелер сұлбаңдайды. Тек, сары қыздың пошымынан бөлек, қазақы көрініс.
Аппақ жібекпен жабылған бесіктің басына үлпілдеген үкі тағылыпты. Топ-томпақ аққұба келіншек бесікке жақындап келіп, сәбиін бөлеп жатыр.
"Түсінікті!"-деді, жымиып. Жарықты сөндіріп, есігін жауып, сыртқа беттеді. Ойланып келеді. Бұл айна түн ауа сиқырланушы еді, қазір бейуақыт қой. Әлде, атамның: "бейуақытта ұйықтамаңдар, жүгірмеңдер!"-деуінде де бір сыр бар ма еді?
Телефоны тың-тың ете қалды. "Айна апай, Амансыз ба! Сүйінші, ұлды болдық!" - депті гарнитур сатқан жігіт... "Білем!" дегісі келген. "Сұлтан болсын!"-деп жауап жазды.
Бөлісу: