Ақлима Исмаил. Мақта қыз
Бөлісу:
Қызыл қанға боялып күн батып бара жатыр. Айнала құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Тіршілік бір сәтке қаңтарылғандай. Ақұлпа далаға телміріп тұрмын.
- Неткен сұлулық! Әлдекім әлемге ақ жібек жапқандай! Таңқұрайдай тәтті ернімнің шетін тістеп, ыстық ауадан кеберсіген қабатын жұлып тастадым. Сөзімді қостаған жан болмады. Жан-жағыма қарадым. Ешкім жоқ. Мақта алқабына сыныптастарыммен бірге келгенім есімде.
- Ажар, Сәуле қайдасыңдар?-дедім дауыстай, аяғымның ұшына тұра, жан-жағыма барлай көз салып. Ешкім көрінбейді. Тырс еткен дыбыс та жоқ.
- Тығылғандарыңды қойыңдаршы осы! Күлкілі емес қой! Күллі әлемде, мынау ақ бұлттың арасында жалғыз қалғандаймын. Тыныштық та үрейлі екен, өне бойымды бір қорқыныш аралап кетті. Құрбыларым жүйек арасында жасырынып отырған болар дедім бе, құнжыңдап, бұта арасына көз жүгірттім. Алқапқа аяқ басқаным сол, әбден кеуіп, қураған қауашақтар тиіп кетсең тырсылдайды. Жерге иілген басы қазандай, мойны ырғайдай қаушақтар менің әрлі-берлі жүргенімді жақтырмайтындай.
Алға бассам ақ әлем көз алдымда бозарып, артқа шегінcем сабақтары маған қарай серие созылып, жанұшыра тырналап, сарт-сұрт сабалай береді. Әлгі үрей ұлғайып барып, қорқынышқа ұласты. Жапан түзде жападан жалғыз қалғанмын ба? Маңдайым шып-шып терлеп шыға келді. Ол аздай, денемді діріл биледі.
"Мақташ! Мақпал!"- деген оқыс дауыстан оянып кеттім. Көрген азабымның түс екенін білгенде, қуанғаным-ай! Тынысым кеңіп, кеудемді соққылайөрекпіген жүрегім сабасына түсті. Жастығым шылқыған су. Қалжаланған жеңгемдей қара терге түсіппін. Жиіркене, басымды жастықтан жұлып алдым.
- Мақта теремін деп әбдән шаршапсың! Қараң қалғыр өкіметті айтам, бұғанасы қатпаған балаларға мақта тергізіп, күнге қақтағаны несі? Жел өтінде қалған жас шыбықтай белдерін бүгілтіп, қап арқалатып қойған қаніпезерлер өңшең. Кісінің баласын кім аяпты?! Мақтаға жібермесек аттестат бермейді – мыс. Қаныңды қаңсытар мына аптапта қолдарына қап ұстатып өздерін айдаса ғой сол далаға, арам қатқырлар! Жаяу апарып жұмыс істетіп, жаяу алып келетіндерін қайтерсің?! Өкіметте аптобус құрып қалып па?! – деді ашуға булыққан әжем.
- Ой, әже, қайтесіз?! Бірінші жыл емес қой, жетінші сыныптан бері теріп жүрміз осы мақтаны. Етіміз үйренді. Енді кішкене шыдасақ, мектепті де бітіреміз. Аттестатты алған соң, «қош болыңдар, мақталар» бұл жерді желкемнің шұқыры көрсін деп басқа жаққа тайып тұрамыз! – дедім еркелей.
Бүкшие бүгіліп, еңсесі еңкіш тартып қалса да көк тамыры терісінен едірейе бүлкілдейтін әжем, аңзаққа күйген қайратты қолдарымен ұршық иіріп отырып:
- Тезірек мектепті бітіріп, оқуға түскеніңді көрсем арманым қайсы?! Шешең сорлы сол мақтаны теремін деп денсаулығынан айырылды. Өкіметтің беретін бес тиыны үшін бізді тыңдамай терді ғой сол мақтаны, бейшара шешең. Мектептің оқушыларын да, мұғалімдерін де қара жұмысқа салып қойған өкіметтің ішінессейін! Шешең дімкәс, ал өкіметтің қай жері қисайды? Сормаңдай боп сен жүрсің, енді,-деді бастырмалата, ашуын ырқында ұстай алмай.
Әжемнің қуаты кемісе де, қайраты қайтпаған. Кең маңдайындағы қалың да терең әжімдері өмірінің талай тайталасы мен тағдыр тауқыметінің хабаршысындай.
- Туу, басталды енді. Менің оқуға түскенімді көрмек түгілі, балаларымды бағып бересің әлі!
- Еее, ол күнге жетсек арман бар ма?! Е, Алла! Осы бір аманатыңды аман қыла гөр! Мейірімі мол, шапағаты шексіз Жаратқан, сенен басқа сенеріміз бар ма,? Қызымның жолын оңғара гөр!
Әжемнің күбірлегені - Құдайына жалбарынып жүргені. Қашан көрсең шынтағын шошайтып, ұршығын ирелеңдете билетіп, жіп иіріп отырғаны. Үйдегі тесілген, жыртылған шұлықтар мен киім атаулыны жинап алып, қас қарайғанша жамау жамайды. Мың жылдық матаның қиындылары мен әр жерде шашылған шүберектерді тастауға қимайды. Дорбасының аузы-мұрнынан шығара томпайып жинай береді, жинай береді. Сосын, лақ еткізіп төгіп алады да, жыртылған киімге үйлесімдісін іздеп тауып, құрақ құрайды. Кейде бәріміз отырып, мақта шиттейміз. Көрпе, жастықтың арасына салу үшін мақтаның ішіндегі шиттен ажыратып, оны әбден үлпілдетіп сабап, күншуаққа жайып тастайды. Шыққан шиттерді қапқа салып малға береміз. Қысымен күтірлетіп қызығын көретін малдың жайын да жасайтын әжем.
Күшік кезінен көшеден тауып алған "Бобик" атты қара күшігім бар. Ендігі серігім осы күшік. Қайқайып сыртқа қайырылған үлпілдек құйрығының жүні желге қарсы жүргенде жылтылдап, күнге шағылысатыны бар. Ит нәсілінің ақылдысы, тұрқы бөлек, бәрін түсінеді. Кейде ақылы кейбір адамдардан артық па дейсің. Өзіммен – өзім сөйлесіп кеткенде, түймедей көздерін тіп-тіке қадап, құлағын тікірейтіп тып-тыныш тыңдап отыра қалады. Көзім түсіп кетсе сандырағым бірден сейіліп, езуіме күлкі үйіріледі. Иттің тегін кім зерттепті, бірақ бобиктің тегінің тегін емесі анық, өйткені ол басқа күшіктер ұқсап не болса соған шәуілдей бермейді. Қазір де менің көңілсіз күйімді сезіп, қос құлағы күйі кеткен күзгі жапырақтай сөлпиіп соңымнан ілесіп келеді. Жаныңда бір тіршілік иесінің бары да кейде көңілге медеу.
Іссіз отырмайтын әжем, мен тұрғанша анам сауып кеткен сүтті пісіріп, нан турап, пештің үстіне қойып қояды. Тұра сала нан бөккен сүтті сіміріп алып мектепке кетем. Күз келгеннен қара жерді қар жапқанша мектеп бізді жаппай мақта терімге шығарады. «Мемлекетке көмек керек» - деген ұранмен білім күні білекті түріп мақта терумен басталады. Мектепте жылу болмағандықтан қыста мұғалімдердің мазасы болмай, сабақтардың санынының қысқаратынына етіміз үйренген. Көктем шыққанда ғана бір-бірімізді көріп көзайым боламыз.
Ұйқысынан әлі ояна қоймаған балалар көздерін сығырайтып, беттерін тыжырайтып ұйқылы – ояу мектептің алдына жиналады. Директор автобустың болмайтынын, мақтаның басына судың да жеткізілмеуі мүмкін екенін хабарлайды.
– Соны да жаңалық деп айтып тұр ма? Күнде осы ғой! Бізде автобус қашан болып еді? – деп күбірлескен апайлар қаптарын иықтарына арта сала, балаларды түгендеуге кіріседі. Жиналыстан кейін мектептен шулап шығамыз да үлкен жолға түскенше жарыса сөйлесеміз. Жолға жеткен соң екі-үшеуден бөлініп даңғыл жолдың бойымен мақта алқабына қарай созыла сызылтамыз. Аяғымыз талып кеткенде төте жол іздеп тарыдай шашылып кетеміз. Жолда жүйектерді жаншып, қарбыз пісіп тұрған жерлерді шылқылдата кеземіз. Ми қайнатар аптапта тырсылдап піскен қарбыздарды қойнымызға сиғанша тығып, сыймағанын домалата теуіп, жол жөнекей жерге ұрып жарамыз. Осылай төбемізді күн тессе да улап-шулап мақта даласына жетеміз. Әр бала апайлары бөліп берген жүйекке түсіп алып, бойларымен бірдей мақтаның арасына кіріп, көрінбей кетеді. Кімнің не істеп жүргенін мақтаның сорайған бойынан барлау қиын. Кейбірі жүйекке түсе сала күн тас төбеге көтерілгенше бас алмай, жүріп өткен жолын мақтадан жалаңаштап қойса, кейбірі жанындағы жүйектерге өтіп, елдің әр жерін көсекпен көгертіп жүреді. Мен де өз жүйегіме түсіп алып, енді еңкейгенім сол еді, желке тұсым ду ете қалды. Басымды көтере сала:
- Мәулееен! – деп шаңқ еттім.
- Мен екенімді қайдан біліп қойдың? – деді Мәулен көрші жүйектен басын жұлып ала.
– Сенен басқаның барлығы мақта тереді, сен ғой ерігіп жүретін.
- Болды, атпашы енді, тиген жері көгеріп қалады ғой!
- Түскі тамағыңмен бөліссең, атпаймын!
- Туу, кетші өзің, аңдығаның тамақ екен, осы сенің.
Мәулен күнқағарын көзіне басып алып, жүйегіне сүңгіп кеткендей болып еді, әлден соң желке тұсымнан біреу бастыра келіп, екі алақанымен көзімді жауып, өзіне қарай тартып әкетті. Шалқамнан құлауға шақ қалғанда ғана қоя берді. Қандай жылдамдықпен келіп жеткені белгісіз, көзімді уқалап барып қарасам, Мәулен.
- Сен өзі маған мақта тергізесің бе, жоқ па?! – дейді күнқағарымен желпініп тұрып.
- Мынаны оқышы! Алақанынын көзіме тосты.
Ішімнен оқып алдым, бірақ түкке де түсінбегенсіп: «Мені сүй» деп дауыстап оқыдым. Оқи сала жүйектің бойымен қаша жөнелдім.
- Тоқта, тоқтасаңшы енді. Өзің емеспісің "мені сүй" деп сұраған!
Артымнан желдей жүйткіп келе жатып, көлденең жатқан кесекке шалынып құлады. Тізесінен төмен қарай аққан қою қара қан көзді ашып жұмғанша ылдилай, башпайына қарай сорғалап ақты. Қорыққанын білдіргісі келмей тісін тісіне басып, намысын қайрап, шыдап отыр. Сауғалай аққан қанды көріп, бозарып кетті. Жанына жүгіре жетіп, шанақтан мақтаны суырып алдым да, қан сорғалап тұрған жерге бастым. Сол сәтті оңтайлы пайдаланған ол, мені шөп еткізіп сүйіп алды.
- Оңбаған! – дедім, ашуымды ірки алмай.
- Болды, кешір! Өзің айттың емес пе?! Мен тек сұрағаныңды жасадым.
Сорайған тістерін ақсита ыржиып, жараға жабысқан мақтаны қолымен басқан күйі жүйектердің арасымен ақсаңдай қашты, Мәулен.
Кез келген жағдайдан жол тауып кететін сыныптағы ең сотқар бала – осы Мәулен. Бойы аласа болғанымен өзінің көзге көрінбейтін тартымдылығы да бар.
Мақта терімдегі ең қызық кез – түс уақыты. Жотамызды күн қарыса да осы түстегі отырыс үшін келеміз кейде. Барлығы белдеріндегі қаптарын жерге жайып, оның үстін үйлерінен алып келген ас-ауқатпен толтырады. Қуырылған картоп, нан палау, мас палау мен макаронға тойып алған соң, артынан сол жерде домалап жатқан қарбыздың бірін жерге ұрып жарып, саусақтарымыздың арасынан кір аралас суды сорғалата ағызып жейміз. Тойып алған соң екі - үштен бөлініп, шыжыған аптапта көлеңке іздеп, ағаштардың саясына тығылысып жатып тынығамыз. Тіршілік күн ауғанда қайта басталады. Шөлден аузымыз қуарғанда су іздеп сандаламыз. Мақтаның басына су кейде келсе, кейде келмейді. Бүгін жоқ, бригадирлер бізді осы жолы да ұмытқан сияқты. Мақта теруге мұршамыз келмеген соң, әлденіп алу үшін сүйретіліп көрші алқапқа су сұрап барамыз. Оларда да жоқ боп шығады. Сондай күндердің бірінде Мәулен:
- Мына арықтың суы ағынды ғой, ішіп көрсек қайтеді-деді. Бәріміз жамырап сонда бардық. Су арықтың бел ортасынан төмендеу деңгейде ағып жатыр екен. Бетінде қоқыс қалқып жүр. Шөлден көзіміз қарауытып кеткені сонша, ештеңеге мән бермедік. Қалтасына үнемі қол орамалын салып жүретін Ажардың дәкесін сұрап алып, аузымызға кезек – кезек апарып, тізерлеп отырып сол суды іштік. Дәкесіз ішсек жәндік жұтқыншағымызға кетіп қалатындай көрінді. Ішпейін десек, шөл өлтіріп барады. Сонымен, арықтың суымен жан шақырып алып жан-жағымызға қарасақ, бір бұрышта ағыстың күші ала алмай кеткен өлі мысық жатыр.
- Туу, мұны жаңа көргенде, мен өлсем де мына судан ішпес едім ғой – деді Ажар мұрнын тыжырайтып. Өзі сондай кірпияз.
- Енді, оны ойламайықшы, ойласақ шетімізден ұшынып ауырып қаламыз қазір, - деді аузын кір қолымен сүртіп жатып, Сәуле.
- Ой, осыдан да жиіркенесіңдер ме, мен мұндай мысықты көшеде ұстап алып, құйрығынан алып жерге ұрып өлтіріп, талай сойып жегем!
- Ой, сен алдымен үстіңе қонған масаны өлтіріп алшы!
Әңгіменің арты күлкіге айналды да әлгі өлі мысық ұмытылып кетті. Суды қанып іше алмасақ та, бойымызға барған болмашы қуатқа әлденіп, қабымызды белімізге байлап, қауашаққа әбден тырналып қанталаған қолымызды қайтадан мақтаға малыдық.
Қас қарая бастағанда мақтаны қабылдайтын бригадир келеді. Сол уақытқа мақтадан бас алмаймыз. Әр баланың нормасы қырық келі. Оған жетпесе "аттестат бермейміз" деп қорқытады. Түске дейін түк бітірмей алаекеуімде аласұрып қырықтың жартысын да жинай алмаған біз, бөксе басатын ғана мөлшерде терген мақтамыздың ортасына ұсақ кесектер салып, ұзын сонар кезектің соңына келіп тұрамыз. Бастысы мақта өлшейтін қылкөпірден өту, ар жағының жарасы жеңіл. Мақтаны трактор арбасына қабылдайтын балалардың бабын тапсаң, қапты ақырын аударып, кесекті көрмеген боп ары қарай ата салады, бірақ, ол алмақтың да салмағы болады. Мақта қабылдайтындардың нағыз марқаятын шағы осы кез. Таразының қасында бригадир, оның жанында бәрін жазып алып тұратын көмекшісі тұрады. Қабың кішкентай, салмағы оған сай болмаса бірден күдікке ілінесің. Ұсталсаң дәптерге тіркеп, сабақта қорытынды баға қоймай қинайды. Біздің мектептегі біліміміз осылай Өзбекстан өкіметінің мақтасымен өлшенетін.
Ымырт үйіріле, шаршап-шалдығып, аяғымыздағы сүйретпелерімізді көтеріп жүруге де шамамыз келмей, борпылдақ топырақты бұрқырата кешіп, үйге бет аламыз. Бойымыздан бір елі жоғары көтерілген шаңнан көрінер көрінбес қара жолға шығамыз. Көкжиектен асып бара жатқан күннің шұғыласына боялған ақ маталарға сүйсіне қарап, үйге қарай үнсіз сүйретілеміз.
Қақпадан кірген бойда тілі салақтап, іші солқылдап жатқан Бобик мені көре сала орнынан атып тұрып, құйрығын бұлғаңдатып, жетіп келеді. Қолымдағы қапты иіскелеп біраз қыңсылайды. Жуындының иісі шықпаған соң, өз құйрығының ұшын өзі қуалап, бір орында шыр көбелек айналады. Ызыңдаған маса тісіне түспей, көзіне қонып, жынына тие берген соң, танауын жиырып, тісін сақ-сақ еткізіп, әлгі мазасыз масаны пырсылдай қуып кетеді.
Басымды тыға бүркеніп, таңғы тәтті ұйқының шырынына шомылып жатқан ғажап сәтті, бөлме ішіне баса кірген күн сәулесі бұзды.
- Жата беріп жауырының жабысып қалатын болды ғой! Тұр, кләстасың асылып қапты – деді әжем пердені екі жаққа түріп тастап.
Қойныма біреу мұздай бақа салып жібергендей жастықтан басымды жұлып алдым:
- Кім? Қай кластасым? – дедім.
- Мәтен деді ме, Мәкен бе еді, қараң қалғыр, менде қайбір ми бар еді
- Мәулен бе?
- Бәсе, Мәулен деді ғой, анау Анарбайдың қатыны .... Аты аузыма түспей тұрғанын қарашы!
- Ұлжан.
- Ее, Ұлжан.
- Бізде не ес қалды дейсің, қараң қалғыр.. Қалт-құлт етіп жүрісіміз мынау. Еее, бейшара балаға не болды екен, жанбай жатып сөніп. Ата – анасы зәһәр жұтып отырған шығар ендігі. Үй іші тәп-тәуір кісілер еді. Не қара көрінді екен бейшараға. Е,е,е ақыр заман дегендері осы шығар, түге...
Әжем аузын жыбырлатып жас өлімге дұға оқып бетін сипады. Ұшып тұрып, асқа қарамай, көзімді үйкей сала, қолыма ілінгенді үстіме лақтарып, мектепке қарай жүгірдім. Төте жолдың бойында түйелер жайылып жүреді. Түйе адамға алыстан түкіреді дегенді есітіп алғаннан болар, мектепке сол көшені айналып баратынмын. Бүгін түйеге де қарамай төте жолмен тура тарттым. Жүні желге желпілдеп ізімнен жүгіріп келе жатқан Бобикті мектепке жақындағанда бір-ақ байқадым. Бірдеңені сезді ме, осы жолы артық қылымсыған жоқ.
Мектеп алды мақта теруге жиналған балаға толы. Сыныбымды тауып алып, жандарына жақындағаным сол, екі өкпесін қолына ұстап, алқынып Сәуле жүгіріп келді:
- Мәуленді естідің бе? – деді үрей мен сұраққа толы тостағандай көздерін төңкере сөйлеп.
- Әжем айтты. Не болды екен? Кеше ғана күліп жүрді емес пе?!
- Сене алар емеспін. Қалайша? Не үшін? Күні кеше мақта теріп арамызда арқын-жарқын жүрді емес пе? Өмірден түңілгендіктің титтей де белгісі болған жоқ еді ғой!
- Естуімше, соңғы кезде оның көзіне бір бейнелер елестеп жүрген екен – деді Сәуле түрін суытып.
- Ол қалай сонда?
- Жаңа көшеде онымен бірге футболға баратын балалар айтты. Осы биыл ерте көктемде олар өзенге шомылуға барыпты. Мамыр айында су жыли қоймайды ғой, сонда да олар тастай суға секірген. Кейбіреулерінің аяқтары сіресіп малти алмай амалдап судан шығып кеткен. Мәулен жақсы жүзетін болғандықтан өзеннің ортасына қарай кетіп қалады да, біраздан соң жағаға қайтады. Судан шыққан соң ол балаларға қара шашын жайып алған су перісін көргенін және оның күлімдеп қол бұлғап шақырғанын айтады. Балалар оны келеке қылып қарқылдасып күледі. Ол аздай кейін де мазақ қылып жүреді. Сол сол екен, әлгі су перісіне ұқсаған бір қыз үнемі көзіне елестеп, қайта-қайта қолын бұлғап шақыра беретін көрінеді – деді Сәуле естігенінің шүбәсіз шындық екеніне сенімді түр танытып.
Сол сәтте Мәуленнің жүйек арасында бетімді сүйіп алғаны есіме түсіп, көңілімдегі қимастық сезім сыртқа көз жас болып шығып жатты.
Мақта алқабына жол бойы қуаласып, қарбыз жарып, бір-бірімізді жеткенше мазақтап баратын біз, бүгін әрқайсымыз өз ойымызбен арпалысып үнсіз кетіп барамыз. Бәріміздің ішімізде Мәуленнің мезгілсіз өлімі жайлы сұрақ. Апайлар ол жайлы айтпауға тырысады, десе де олардың да жүзі сынық. Қабырғамызды қайыстырған жұмбақ өлімнен мандытып мақта да тере алмадық. Бөксе басар бір-екі келі жинадық та, жапырағы қалыңдау жерге жиналып Мәуленді еске алып, көз жасымызды көлдеттік. Апайлар да бізге тиіспеді.
Күн көтерілген шақта аппақ мақтаға оранған даланы қапырық қысты. Аспанда гүрілдеген дауыстар естілді. Барлығымыз түсінбей көкке көз салдық. Төбемізде айналып ақ ұнтаққа ұқсаған бірдеңені шашып тікұшақтар ұшып жүр. Мақтаға күйе көбелек түспеу үшін шашылатын дәрі шығар деп топшыладық. Зиянкестерге қарсы дәрі себіліп болғанша бетімізді басып отырдық. Жарты сағаттан соң ғана тыныштық орнады. Әлден уақыттан соң басымыз ауыра бастады, Ажар мен Сәуле лоқсып, Сәуле отырған құсып жіберді. Мен көзім қарауытып, басымның айналғанын ғана білем, ар жағы есімде жоқ...
Көзімді ашсам емханада жатырмын. Қолыма ине шаншулы, өзім төсекке таңылып жатырмын, жанымда анам отыр. Менің оянғаныма қуанып, маңдайымнан сүйіп, мұрнын тартып, көз жасын сүртті.
- Не болған? Мақталар қайда? Сәуле мен Ажар ше? Мен қайдамын?
- Таңертең мақтаға кетіп ең.
- Сосын?
- Сосын, түсте жұмысыма апайың хабарласып, сенің есіңнен танып, құлап жатқаныңды айтты. Жедел жәрдемнің ол жерді таппайтынын біліп, ағаңның көк мотоциклімен әлгі жерді әрең тауып, тез арада емханаға алып келдік. Дәрігерлер сенің ауамен уланғаныңды айтты. Дереу палатаға алып келіп, система салып, аман алып қалдық.
- Басқалар ше? Олар қайда?
- Олар да бірі құлап, бірі құсып барлығы емханаға жеткізілді.
Содан кейін біраз уақыт анам мені мақта терімге жібермеді. Күнде таңертең үйге сынып жетекшіміз келеді. Қақпаны тарсылдатып ұрып-ұрып кетіп қалады. Ол кісілерді де түсінуге болады, өкімет мектеп директорына, мектеп директоры мұғалімдерге қысым көрсетеді. Балалаларды мақтаға шығуға мәжбүрлемесе мемлекет олардың айлығын бермейді. Ата – анамыз бізді ойлап аяйды, бірақ амал қанша, аттестат алу үшін бір аптадан кейін қайтадан мақта терімге шығуға мәжбүр болдым.
Жалғыздықтан құса тартып, тұңғиыққа түсіп кетуі мүмкін жалғыз жаратылыс – адам. Ішкі сүзгімнен өткен Сәуле мен Ажар атты екі құрбым бар. Екеуі екі түрлі. Ұқсайтын жерлері – адалдық. Қандай жағдай болмасын ақиқатын айтады. Сәуле сырт көзге ұрыншақ, қопал көрінгенімен жаны тез жараланғыш. Ажар, керісінше, кірпияз, кербез. Бір үйдің жалғызы. Анасының үкілеп отырған үміті. Ажар әкесі көлік апатынан көз жұмған кезінде бес жаста екен. Әкесінің бейнесі есінде жоқ. Күйеуінің көлікте көңілдесімен бірге болғанын есітіп, анасы көзіне жас та алмапты. Содан кейін жүрегі қатайып кетсе керек, күйеуінің жылы өтпестен төркінін жағалап осы жерде тұрақтап қалыпты. Қазір жалғыз, содан кейін тұрмыс құру жайлы ойдың ошағын мәңгілікке өшірген. Қазір күні де, айы да, бар асылы осы - Ажар.
Бүгін күн күшіне еніп, аса асаулық танытпай тұр. Керісінше, батыстан жағымды жел есіп күздің жақындағанын алыстан сыбырлап айтып тұрғандай. Әдетте, күн төбеге көтерілгенше тырбаңдап, шаңқай түс болғанда шалқамыздан түсіп демалатынбыз. Бүгін түскі тамақтан соң қабымызды белімізге байлап, жүйек-жүйекке түсіп, мақтаның сидиған бұтақтарын бір-біріне сытырлата соғып, даланың басына бір-ақ барып қалыппыз. Мақтаның қызығына түсіп кеткенім соншалық, еңкейген қалпымда екі сағаттың өтіп кеткенін тізем талып кеткенше байқамаппын. Басымды көтеріп даланы барлап қарасам, Сәуле мен Ажар менен біраз алдыға озып кетіпті. Солардан қалам ба деп, қимылыма қарқын қостым. Сөйтіп Айшаға жетіп алдым. Екеуіміз бір-бірімізге шаршағынымызды айтып біраз шағымданып, осы жолы толуға таяған қабымызды жерге қойып тынықтық.
- Ойбооой, бүгін Ажар тіпті пысық болып кетті ғой, манадан бері басын мақтадан бір алмай қара терге түсіп теріп жатыр – деді Сәуле саңқылдап күліп.
- Оған не болған? Әшейінде майысып, бөксесінің бір жағына ғана жететін мақтаны әзер теретін еді ғой!
- Бүгін біздің жанымызға үлкен сыныптың балалары келді ғой, ал ол сыныпта Бееека бар – деді Сәуле қуақы көздерімен .
- Ааа, бәсе, сол екен ғой, енді түсіндім! Пысық, еңбекқор деп ойласын деген ғой! Ой қу қыыз!
Қой, болды, өзіңді бас дейік барып, әйтпесе таңға дейін теретін түрі бар оның. Әлі мұны апарып тапсыруымыз керек. Кезек күту керек. Бүгін апайлар да көрінбейді ғой!
- Бүгін Ардақ апайдың туған күні емес пе еді, жаңа мен Жақан ағайдың велосипедпен келе жатқанын көргем. Артына анау-мынау жейтіндерін тиеп алыпты. Ең астында шөлмек сығыраяды – деді Айша.
- Сенің-ақ байқамайтының жоқ осы, зу етіп өте шыққан велосипедттің артындағы заттарды қалай түгел қарап үлгергенсің? Қой, Ажарға өзіміз бармасақ, бүгін оның қайтатын түрі жоқ. Апайлар, әлгі шөлмекке ауынып, бізді ұмытып кеткен сияқты. Олар да адам ғой, шаршаған шығар, Ажарды алып, мақта өлшетуге өзіміз-ақ бара берейік.
Екеуіміз екі жүйектің бойымен қатар келе жатырмыз. Арасында Ажар деп айқайлап қоямыз. Жым-жырт. Іздесін деп тығылып қалған шығар - дедік. Біраз жүрдік. Алқаптың басына да жақындап қалдық. Ортада мақта алқаптарын бөліп тұратын үлкен жол бар. Жүре-жүре сол жолға да жетіп қалдық. Келесі алқапта басқа жұмысшылар мақта тереді. Мектеп оқушылары таңертең келіп, кешке кетсе, басқа мекеме жұмысшылары мақтаны басында жатып тереді. Біз Сәуле екеуіміз жолға жақындап қалғанда алдымызды үш-төрт жігіт кесіп өтті. Сүтке тойған мысықтай бізге көз қиығын да салмады. Анандай жерге алыстап кетсе де арттарынан арақтың иісі мүңкіп қала берді. Біреуі келе жатып жерге шырт түкіре салды. Екіншісі шалбарына шаң жұққанын көрді де тоқтай қалып «ой, шешең...» деп санын екі соғып сүрініп-қабынып қалбалақтап бара жатты. Үшіншісі тәлтіректеп барып тоқтады да қойнындағы бөтелкені пох еткізіп ашып түбіне дейін қылқылдатып төңкеріп тастады да, бос бөтелкені жүйекке қарай лақтыра салды. Тағы біреуі ышқырын қасып біраз тұрып тізесі – тізесіне тоғысып тәлтіректеп кеп құлады. Біз Сәуле екеуіміз бір-бірімізге қарадық. Екеуіміздің де көкейімізде сұрақ. Мен де, Сәуле де белгісіздік алдында үнсіз тұрып қалдық.
- Не істейміз? Ары қарай барамыз ба, әлде артқа қайтып апайға айтамыз ба? – деді Айша. Дауысына діріл қосып.
- Ақыры келген соң аяғына дейін барайық. Жаман нәрсе ойламайықшы, мен білсем, ол бір жерде тығылып отыр – дедім жаман ойды жуытқым келмей.
- Жаңағы жігіттер біртүрлі екен.
- Қойшы, ол жәй жүрген қаңғыбастар ғой.
Екеуіміз арғы бетке өттік. Ол жақтың мақталары біздікінен қалың екен. Бұтақтары да биік. Бойымыз көміліп қалды. Екеуіміз екі жүйекке түсіп алып сытырлатып келе жатырмыз. Келе жатып, орта тұсында жан-жаққа жығылған бұтақтарды көрдік. Мен тоқтап қалдым да:
- Ары қарай бармаймын, күн де батып қалды – дедім.
- Онда осында тұр, мен барып көріп келейін – деді Сәуле өзіне тән өжеттілікпен.
- Жоқ, жалғыз бармайсың – дедім мен әлгі ойымнан айнып.
Жан-жаққа майысқан бұтақтардан ортасы ойылып қалған жерде ес-түссіз жатқан Ажарды көріп екеуіміз де айқай салып жүгірдік. Жалғыз өзі жатыр. Жанына жетіп барып, Сәуле қолымен басын көтерейін десе мойны былқылдап тұрмайды. Бетін шапалақпен ұрсақ түк сезбейді. Етек жағы жалаңаш екенін енді байқадық. Шалбарын үстіне тастай салыпты. Лыпасы бір бұтаққа ілініп қалған. Шамасы, оны жанталас кезінде лақтыра салған. Жан-жағында қызыл дақ тиген аппақ мақталар шашылып жатыр. Сәуле әрең есін жиды. Қасында екіге жарылып дәл өзегіне пышақ қадалған қып-қызыл қарбызға қарап қаттым да қалдым. Ол маған тәтті қызыл өмірдің қызығын тоқтатқан тажал болып көрінді.
Сол жағдайдан кейін біз Ажарды көрген жоқпыз. Мектепке де келмеді. Анасы қызғалдақтай жайқалып өсіп келе жатқан қызыл гүлінің тамырынан жұлған тажалдарды таба алмады. Ажардан сұраса ол да жақ ашпай қойыпты. Жүректі тілгілейтін тақырып қозғалып, анасы айналсоқтап сұрай бастаса көзін бір нүктеден алмай, жауап бермей сіресіп отыратын көрінеді. Оның үлкен дауға айналғанын қаламайтын болса керек. Оларды тапқанымен қалай дәлелдейді? Дәлелдегенімен не ұтады? Ажардың ары қайта тазара ма? Керісінше, қып-қызыл болып қансырап тұрған жараға тұз сеуіп, оны сыздауықтай солқылдатпай ма?! Қатарластары Ажарды көргенде саусағын шошайтып табаламай ма? Қызғанышы ішіне сыймай жүрген құрбыларының қыбы қанып сыртынан сыбырласпай ма? Бой жеткенде ше? Оның барлығын әшкерелеп, ақиқатты ашқанымен, қоғам оларды қылмыскер ретінде қабылдай ма?! Ажар өткеннің бәрін жадынан өшіріп, бір үйдің ұйытқысы болып жаңа өмір бастай ала ма? Барған жері бұрынғысын бетіне баспауына кім кепіл! Табиғат әлемінде жаныңды жүндей түтіп жұлмалайтын адамнан асқан қатігез тіршілік иесі бар ма?! Ажардың кінәсіздігін, күнәсіздігін кімге айтып ақтап алмақ? Жоқ, бұл ауылда көзге түскен шелдей болмай қазанды жабулы күйінде қалдырып, дұрысы көшу керек деп шешті анасы. Ақиқат ашылғанымен Ажарды ешкім аямайтынына, адамдардың бәрібір еркек жыныстылардың есер қылығын табиғаттың заңымен ақтап алатынына көзі жеткен. Кезінде күйеуі көлік апатына түсіп, жанында көңілдесі бар екені ашылғанда Ажардың анасының қайын әпкелері мен көрші кемпірлер не деп еді? Еркек қой, ондай – ондай болып тұрады. Олардың табиғаты сондай. Соған бола кек сақтап кекірею ақылсыздықтың белгісі. Ана дүниеге қиналмай барсын десең көкейіңді жібітіп, кешірімін бер. Әйелінің көзіне шөп салмайтын еркек болушы ма еді? Біреу білдірмей жасаса, біреудікі осылай әшкере болады. Түптеп келгенде біз бәріміз Алладан жалғыз келіп, жалғыз кетеміз. Ешкім ешкімнің меншігі емес. Алланың өзі кешірімді болғанда сенің бұлай сіресуің қай сасқаның?! – деп онсыз да естіген мезетте осылған жүрегінің қанын одан сайын сорғалатқан жоқ па еді? Қанша кешірейін десе кешіре алмаған, қанша жылайын десе көзіне жас келмеген. Тамырларына біреу сым жүргізіп тартып қойғандай сірескен де қалған. Күйеуінің жетісінде де ол тас жібімеді, жауабын ешқашан ести алмайтын сұрақ толы жүрегі қоладан да ауыр болып кетті. Шер шемен болып қатып қалғаннан асқан азап жоқ. Қырқынан кейін көңіл сұрап келетіндердің аяғы сиреген соң жалғыз қалып күйеуі екеуі түскен суреттерді бір-біреулеп қарап шықты. Суретте бақытты. Сырт көзге ештеңе білінбейді. Неге? Оған не жетпеді? Мені неге алдады? Сезім болса ол өстер ме еді? Жоқ әлде еркектің ұғымында сезім басқа, сауық басқа ма? Көрші келіншектің «Күйеуіңнің көңілдесімен қырға барғанын көңіліңе жақын алма. Бәріміздің де байымыз қыдырады. Көзімізді жұмып көрмегендей болып отыр емеспіз бе? – деп келе жатқанда Ажардың анасының көзі шарасынан шығып бара жатқанын байқаған көршісі: - Бүкіл ауыл білгенде, сен білмейсің бе? - деп сөзінің соңын саябырсытқанын анасы әлі ұмытқан жоқ. Осыған дейін күйеуінің суық жүрісін қалай сезбеген? Менен оны не үшін жасырған. Оның өтірік айтатын осалдығы жоқ еді ғой. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Адам кез келген жағдайда ақиқатты айту керек, шындықты жасыру шарасыздықтың, қорқақтықтың белгісі деп отыратыны қайда? Өз сөзі өз әрекетіне қарсы келгені ма? Әлде ол қағида отбасына қатысты қолданылмай ма? Әлде сыртқы жүні қампиған шындықтың ішінде арық өтірік өмір сүре бере ме? Шындықпен шырмалған өтіріктің өксігі тасқын болып тамағына келгенде Ажардың анасы оны ірки алмады. Тамырын тырыстырған барлық өкпе, өкініштің бауы босап көз жас болып сытрқа ағылды. Жылап – жылап бойының жеңілдеп қалғанын сезген әйел, тәнін таптап жанына өшпестей жара түскен жерден қызымды алып кетуім керек деген шешімге келді. Екеуі үйін сатып басқа қалаға көшіп кетті. Сәуле екеуіміз оны қанша іздесек те таппадық. Нағашыларынан барып сұрадық, білмегенге салды. Арын айуандықпен таптаған кеңістікке кім оралғысы келер дейсің, бәлкім қазір шетел асып кеткен шығар, бәлкім адам аяғы баспайтын бір ауылда жалғыз тұрып жатқан болар. Не болса да олардың адамнан қиянат көре тұра өз ортасынан опа таппай бақыт түгілі жәй сұқ көзсіз тыныштықта өмір сүруі үшін бәрін тастап баз кешуі бізге қатты батты. Енді олар жан жарасы жазылып, бақытты өмір кеше алар ма екен деген сұрақ көкейімнен кетер емес.
Күздің соңғы айы да келді. Балалардың еңбегімен жиналған мақта машақаты бітіп, сабақ та басталды. Енді сыныпқа көрік беріп тұратын Ажар да, езуімізге еріксіз күлкі үйіретін Мәулен де жоқ.
Сабақ басталғалы мектепке үйден бірге барып қайтатын серігім бобикпен шығамыз. Менімен мектепке дейін тепеңдеп еріп барады. Кейде жол-жөнекей басқа жаққа жүгіріп кетеді де қайта келеді. Кейде шөптің арасына тұмсығын тығып, топырақты иіскелеп келеді. Мектептің ішіне кірмей, тура менің сыныбымның терезесінің тұсына келіп жатады. Сабағым біткенше кейде мызғып алады, кейде шабыты келсе сол маңда шапқылап олай да бұлай жүгіреді. Мен шыққан соң үйге бірге еріп келеді.
Таң алакөбеленіп келе жатқанын мұрнымның жиегіне жиналып қалған шыбындардан ояндым. Масахананың бір жағы түрулі қалса болды, таңертең ішін шыбын жайлап, ұйқыңның шырайын қашырады. Мырзашөлдің жазында іште ұйықтау мүмкін емес. Даладағы тапшанға масахана құрып, сонда жатсаң ғана жаның қалады. Күн сайын әжемнің Жетіқарақшы, Құс жолы, Шоқжұлдыздар, Ғаламат жұлдызы, құйрықты жұлдыздар туралы әңгімелерін, аңыздарын тыңдап жатып, қиялдың қанатында еркін қалықтап жатып тәтті ұйқыға кетемін. Әжем, кісі қайтыс болса, бір жұлдыз ағып түседі дейді. Шеті мен шегі жоқ жазық аспандағы ағып жатқан жұлдыздарды санап кейде есептен жаңыламын. Масахананың ішінде жатып, үйдің алдындағы жарыққа жиналған шыбын-шіркейлерді Бобиктің тісін сақылдатып қуып жүргенін көріп арасында әжем екеуіміз күліп аламыз.
Қазақстанға көшіп келгелі, мектеп мұғалімдерінен де, сыныптастарымнан да түк білмейтініме қатты қысылып жүрдім. Өзбекстандағы оқушылардың білімі терген мақтасына қарай бағаланатынын кімге түсіндіріп ақталасың? Анам менің дәрігер болуымды қалады. Түрлі курстарға беріп дайындады, бірақ он жыл бойы алмаған білімді екі айда игеру мүмкін болмаған соң, дәрігерлік оқуға түсе алмадым. Мырзашөлдің ми қайнатар күнінде көбіне ішім пысып үйде кітап оқып жататынмын. Қазақстанға келгенде «Кім боласың?» - дегенде «Білмеймін» деп иығымды қиқаң еткіздім. Жаратылыстану бағытына баратын жол жоқ екені бесенеден белгілі. Ішім пысқанда оқыған кітаптарым мені әдебиетке алып келді. Ал, менімен бірге оқыған сыныптастарымның ешқайсысы да оқуға түсе алмады. Өйткені, олардың нағыз білім алып дамитын, жалындаған жастық шағын Өзбекстан өкіметінің мақтасы ұрлады. Болашағымызға балта шабылып жатқанын білгенде, ол жерден ертерек көшіп кетер ма едік, деген ой осы күнге дейін мазалайды.
Үйге кірген бойда құйрығын бұлғаңдатып арсалаңдап алдымнан жүгіріп шығып біраз шолжаңдайтын Бобик бүгін көрінбеді. Қақпадан кіре сала анамнан сұрап едім, оны күні бойы көрмегенін айтты. Қызық, әншейінде есікті торып мені тосып алатын Бобикке бүгін не болған? Сол мезетте неше түрлі ой басымды шарлап өтті. Бөтен жерді білмей үлкен төбеттерге таланып қалды ма екен? Жоқ, ол ақылды ғой, жаңа жерді әдетте әбден иіскелеп зерттейтіні бар. Не болса да іздеп көрейін деп көшеге шықтым. Бобик, бобик деп дауыстап шақырсам келмейді. Қараңғыда өзі қап-қара болып көрінбей артымда үндемей тұрған шығар деп жан-жағыма қарадым. Тым-тырыс. Бір уақытта көрші әжей қақпасынан басын жартылай шығарып:
- Әй, әлгі қап-қара итіңді іздеп жүрсің бе? – деді.
- Иә, апа, Бобик деген қара күшігімді көрдіңіз бе? – дедім.
- Өткенде ана Ардақтың баласын бір қаңғыған ит қауып алып, содан ол дереу біреулерге ызбанадап хабарлапты, артынша дөңкиген бір машина келіп көшені шулатып, ит атаулыны түгел жинап салып алып кетті. Сенің қара күшігің де қақпа сыртына шығып шәуілдегенін көзім көріп еді, бірақ арғысын аңдай алмай қалдым. Сол пәлекеттер салып алып кеткен жоқ па екен?! – деді, әжей сұрақты өзіме қарай бұрып. Дауысында мүлдем абыржу жоқ. Ол иттің маған адамнан да қымбат екенін көрші кемпір қайдан білсін? Көшіп келерде тастап кетуге қимай сыртқа қайырылған құйрығын үлпілдетіп қолтығыма қысып алып келгенмін. Бобиктің шәуілдейтін әдеті болмаушы еді, дала азан-қазан болып кеткен соң шошып шықта ма екен!? Қақпа сыртында сілейіп тұрып қалдым. Балалығымның сол жерде біткенін түсіндім.
Қазір балалық шағымды сағынсам, түсіме құйрығы сыртқа қайырылған қап-қара Бобик пен алқаптағы аппақ мақталар кіреді.
Бөлісу: