Шерияздан Тайконұлы. Өтсе де көктем, нұрлы жаз
Бөлісу:
Ақ мамық жапқан астанам
Астанам сәні келгендей,
Ақ ұлпа қарды жамылып.
Ару қыз көңіл бөлгендей,
Ақ маржан алқа тағынып.
Ақ қысқа ауар аңсарым,
Артынан көктем еретін.
Алау жыр сыйлап таң сәрім,
Атқан күн шабыт беретін.
Ақшамда самсап сан жарық,
Ағыспен келем көшеде.
Алмаймын көзді таң қалып,
Арман ең маған кешеде.
Ай маңдай зәулім сарайлар,
Алыстан көңіл бұрғандай,
Ақ қыспен кірген арай бар,
Арнайын саған жыр қандай.
Арқаның мынау төрінде,
Ақ ордам қонған құт мекен.
Алаштың көне жерінде,
Асқандай белден нық бекем
Арқада асқақ Астанам,
Армандап келген ғасырлар
Ақ жолды саған бастағам,
Асатын алда асу бар.
Ақ мамық жапқан Астанам,
Абыройың басым басқадан,
Аузымнан әркез тастаман,
Айтыла берсін асқақ ән.
31 желтоқсан
Ақпан келіп қалған ба?
Ақпан келіп қалған ба, ақпан келіп,
Ақпан келсе өлеңге болам жерік.
Ақпанменен келетін шабыт еріп.
Ала кеуім уақытта ой түбінен,
Абыр сабыр кетушіем маржан теріп.
Ақ дауылы бораса Сарыарқаның,
Аяз қарып бетіңді, тоңар тәнің.
Ала бұртқан көңілмен алға ұмтылып,
Алай дүлей бойыма тарар қаным.
Ақпан, сенің ажарың ала бөтен,
Айтыңдаршы нем бар ед далама тең?!
Ақ көрпеге оранып жатыр ма екен,
Алыс қалған апырмай қара мекен.
Ақ даламда жыр туар сағыныштан,
Аққа жақын көңілім алып ұшқан.
Алыс кетсек сапармен аз уақыт,
Аққулардай жеткенбіз талып ұшқан.
Асыл дәурен кеткендей қарамастан,
Арман қуған сан жолдар ала қашқан.
Ақпан келсе өлең боп өріледі,
Ақ жолдардан құралған дара дастан.
Ақты сүйем басымда шашымда аппақ,
Ақ жаңбырдай селдедім алпысты аттап.
Аңыратып ақбозбен алға тартам,
Дарын берген Тәңірім бойға шақтап.
6- ақпан Астана қаласы

Жылдармен сырласу
Өлеңсіз қалай он сегіз сенен өткенмін,
Жанымда еді аспанда айда, көкте күн.
От басып өткен, шоқ басып өткен кездерде,
Нөсерін жырдың селдетіп неге төкпедім.
Жиырма сенде студент болып маздаппын,
Алаңсыз шақты ол кезде толғап жазбаппын.
Жастықтың жайсаң, гүл шағын жырлай алмасаң,
Ақын боп бүгін ортадан қалай озбақсың.
Орданы бұзар, отызда қалам қолға алмай,
Атажұрт келген кезеңге тағы толғанбай,
"Өндіріс"-деп өзгеше мақсат қолға алып,
Жүріппін текке сүйреткен арба тарландай.
Қылшылдап тұрған қырықты, қырдан асырып,
Алланың берген дарынын елден жасырып,
Мәнді де мәнсіз өткіздік талай күндерді,
Жарқылы жасын, дауылдан соң басылып.
Елуден асып егделеп қалған шағымда,
Көз салдым артта бұлдырап қалған сағымға.
Өлеңге қосып Алтаймен Арқа төрімді,
Лескендеймін тасқыны нөпір ағынға.
Алпыста міне талпынса қанат самғайды,
Көңілің бірақ басқаша сарын таңдайды.
Шектеулі сенің шертетін сырың, ән, күйің,
Шеңберден шықсаң кейінгі ұрпақ нанбайды.
Шықпаса егер шынайы өлең жүректен,
Лаулаған оттай жүректі тербеп жанбайды.
11-ақпан 2025 жыл.
Ой кесте
Құрдастан бүгінгі сұраңыз,
Жастық шақ бүгін жыр аңыз.
Кешіп бір өткен жол жатыр,
Заңғар тау, көлдер, құла түз.
Гүл тердік қырдан жайқалған,
Міндік те жорға тайпалған.
Толып бір, солып жүрсекте,
Достықтың әнін айта алғам.
Өтсе де көктем, нұрлы жаз,
Көкейде өшпес сырлы саз.
Жиналса достар шоғыры,
Көгімде самғар аққу қаз.
Көңіл қош кезге қарайлап,
Таңдарым келер арайлап.
Албырттық жоқ баяғы,
Басамыз қадам абайлап.
Алшақтап кетпей жақыннан,
Боламыз кейде ақылман.
Құр сөзді бірақ кім тыңдар,
Боз жорға кетсе тақымнан.
Үйірміз жайсаң жандарға,
Сыр шертер кештен таңдарға,
Жарасса әзіл, әңгіме,
Көңіл хош, солай самғарда.
Көш бастар емен құлабыз,
Тізбегін жырдың құрамыз.
Толғанып жазған ой кесте,
Қалатын артта мұрамыз.
** Құлабыз қайтқан құстың тізбегін бастайтын,
үшбұрыштың ұшында ұшатын бастаушы құс.
22.12.2024ж.

Мұхтар Мағауин рухына
Ғұлама кетті
түркінің жоғын жоқтаған,
Бір басына
ғасырлар тарихын топтаған.
Күңіреніп жатыр
күллі қазақ даласы,
Дос көңіл жандар,
Жауың да кеше боқтаған.
Қызғаныш кернеп,
қырғидай тисе жауларың,
Кезің жоқ еді,
тізгінді тартып тоқтаған.
Сен жазған тарих,
зерттеулер hәм дәйектер,
Құм құйып еді,
ауызға талай оттаған.
Тарихқа жаңа
әкелдің соны серпінді.
Жұрт едік біздер,
орысқа қарап ықтаған.
Жолыңды жалғар
ұрпақтар бар бүгінде,
Аюдан да,
Айдаhардан да бұқпаған.
Соларға сенім
артады мына Алашың,
Бағындырар деп,
шыңдарды өзің шықпаған.
Көнеден сүйреп,
көкірекке құйған еңбекті,
Надандар болды,
кешіргін аға ұқпаған.
Дәл қазір мына
қаймана қазақ ішінде,
Өзіңдей дана,
өзіңдей терең жоқ маған.
10.01.2025. Астана қаласы
Сырғалыма сыбаға
Сырғалы саған сыбаға тартсам деп едім,
Сыршыл жыр арнап, сымбатыңмен көркіңе.
Сұлудың өрген бұрымдарына теңедім,
Сылқым бұлақтарды асылған биік бөркіңе.
Сары жұрты жатыр салтанат құрған әкемнің,
Сабасын пісіп, сары майын қорытқан анамда.
Санама мәнгі сіңіріп алған екенмін,
Сағынып келіп саумалын ішсем қанам ба?
Сары жотаң анау сары дөнен мініп қой жайған
Сағымда қалқып, жататын ойда ауылым.
Сағыныш болып күндерім қапты ой қайран,
Сап түзеп жаздай қыздырар ойын сауығын.
Сәби кезімнің күлкісіндей сылдырап,
Сырғанап аққан сайлардан сансыз бұлақтар.
Салт атты қойшы көрінуші еді бұлдырап,
Сыбдырлы әніне, қосылып көлде құрақтар.
Сән өлкем едің , ән өлкем едің әлдилі.
Санамда жатыр сарқылмас жырдың бұлағы.
Сыралғы таулар сыртында ауыл қалғиды,
Саңлақ бабамдай күзеткен елін қырағы.
Сен аман бол аруым, сұлу Сырғалы
Сырластым қанша, жыр қостым қанша жасымда.
Сапарлай келіп сары ұлың тағы жырлады,
Сарқылмас қуат сыйлаған тауың тасыңда.
07. 2024 ж. Сырғалы көлі жағасы.
Арал төбе аруым
Іздеп тапқан бабалар жақұт тұрақ,
Ойхой шіркін Қызылтас, Қиынбұлақ.
Көз ұшында Қотанға иек артып,
Арал төбе аруым жатыр сұлап.
Теріскейде тебініп алға ұмтылған,
Мен мұндалап ән салған сансыз бұлақ.
Шақырғандай қол бұлғап кең жайлауға,
Бала күнгі қой жайған үнсіз қырат.
Үнсіз қырат бүгінде менен жырақ,
Көз алдымнан көлбеңдеп өтіп жатыр,
Самал желмен тербелген көкшіл құрақ.
Жастық өткен жағажай, анау айдын,
Сыйым еді тәңірден алған сұрап.
Ақ бұлттардан асырып алып кетті,
Жетелеген өзіңнен арман мұрат.
23 мамыр 2022 ж.
Бөлісу: