Мо Янь. Үрей мен үміт

Бөлісу:

11.03.2025 2043

Балалық шағымда менің жадымда мәңгіге қалған ең терең әсер – аштық пен жалғыздық қана емес, қорқыныш сезімі де еді.

Мен дамымай артта қалған, мешеу, томаға-тұйық бір ауылда дүниеге келіп, жиырма бір жасқа толғанша сол жерде өмір сүрдім. Ол ауылда жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарына дейін электр жарығы болмаған. Жарықтың жалғыз көзі – шам мен балауыз еді. Балауыздың өзі сирек кездесетін байлық іспетті, оны тек жаңа жыл секілді үлкен мейрамдарда ғана жағатын. Ал керосинмен жанатын шамның өзі бертінге дейін удай қымбат болды, оған қажетті керосинді де билетпен ғана беретіндіктен, оны да беталды жаға бермейтін. Бірде кешкі ас кезінде шам жағуды сұрағанымда, әжем ашуланып: «Шам жақпасаң, асты мұрныңа тығып жібересің бе, не?!» деп зекіп тастағаны бар. Расында, біз жарықсыз да ас ішіп, төкпей-шашпай аузыға салуға әбден үйренгенбіз, аузымызды таппай мұрынға апарған кезіміз болған емес.

Күн батып, қас қарайғаннан кейін біздің ауыл қараңғылық құшағына сүңгіп, көзге түртсе көргісіз қара түнекке айналатын. Ұзақ түндерді қысқарту үшін қариялар бізге жын-шайтандар мен елестер туралы әңгімелер айтып беретін. Сол әңгімелерде әрбір өсімдік пен жануардың адамға айналу немесе адамға ықпал ету қабілеті бар секілді көрінетін. Қариялар бұл әңгімелерді аса сенімділікпен баяндайтын, ал біз оларға шын сенетін едік. Бұл әңгімелер бізді әрі қорқытатын, әрі қызықтыратын. Неғұрлым көп тыңдасақ, соғұрлым қорқатынбыз, бірақ қорыққан сайын тыңдағымыз келе беретін. Көптеген жазушылар өздерінің алғашқы шығармашылық шабытын атасы мен әжесінің әңгімелерінен алған. Мен де солардың қатарындамын. Бүгін ойласам, сол бір тас қараңғы түндерде қариялардың елес пен жын-шайтан туралы баяндап, ертек, әңгіме айтқан сәттері менің ең алғашқы әдебиет сабағым болған екен. Менің ойымша, Данияда Андерсен сынды ұлы ертегішінің дүниеге келуінің басты себебі: ол дәуірде электр жарғының жоқтығы және Дания елінің де түндерінің ұзақ болғанынан болар. Өйткені жарығы жамыраған жап-жарық үйде қиялыңды қыдыртып әкетін ғажайып ертегілер мен қорқынышты елестер жайлы әңгімелер дүниеге келуі екіталай. Жақында туған жеріме барып қайттым. Қазір ол жақтың балалары да қаланың балалары секілді түнді жарық бөлмеде теледидардың алдында өткізеді екен. Енді жын-перілер жайлы аңыздар мен ертегілерге толы түндер келмеске кеткенін мен сол кезде түсіндім. Бүгінгі балалар біздің кездегідей қорқынышты сезіне алмайды. Мүмкін, олардың да өз қорқынышы бар шығар, бірақ ол біздің қорқынышымыздан мүлде бөлек.

Әжем айтқан бір аңызда түлкі сұлу аруға айналып, кедей жігітке тұрмысқа шыққан екен. Биік ағаш қария бейнесіне еніп, көшеде серуендейді, өзендегі үлкен тасбақа дәу батырға айналып, базарда шарап ішіп, ет жейді. Ал айдарлы әтеш сымбатты бозбалаға айналып, үй қожайынының қызына ғашық болады. Осы әтеш жайлы әңгіме – әжемнің ең керемет әрі ең қорқынышты хикаясы еді. Әжемнің айтуынша, біреудің жалғыз қызы болыпты. Ата-анасының алақанында бұлаңдап өскен ол аса сымбатты болыпты. Ол бойжеткен соң ата-анасы оған лайықты күйеу таңдамақ болады. Бірақ қыз маңдайы шылқыған бай-бағланды да, көркі келіскен сымбатты жігіттерді де бойына тоғытпапты. Мұның байыбына бара алмаған анасының көңіліне күдік ұялап, қызын аңдуға кірісіпті. Ақыры бір түні, бүкіл ауыл шырт ұйқының құшағында жатқанда, қыздың бөлмесінен ер мен әйелдің сыбырласып сөйлескен дауысы естіледі. Сонымен анасы қызын қыспаққа алып, істің мән-жайын сұрайды. Жалтара алмаған қыз күн сайын түн ортасында оның бөлмесіне бір сымбатты жігіт келетінін айтады. Оның киімінің ерекше әсем әрі жібектен де жұмсақ екенін айтып тамсанады. Анасы іштей айла ойлап, қызына әлгі жігіттің киімін тығып таста деп тапсырады. Келесі түні қыз жігіттің киімін сандыққа тығып тастайды. Таң сібірлеп атар шақта жігіт киімін іздеп, таба алмаған соң, қызға жалынып-жалбарынды. Бірақ қыз оған бермейді. Лажсыз қалған жігіт қызға қатты ренжіп кетіп қалды. Сол түні қалың қар жауып, алай-дүлей боран соғады. Таңертең тауық қораның есігін ашқанда, ішінен жалаңаш әтеш жүгіріп шығады. Анасы жүгіріп барып қызына сандықты ашқызғанда, іші толған қауырсын екен... Қазір ойласам, бұл оқиғаны жастардың махаббат еркіндігі жайлы спектакльге айналдыруға болар еді. Бірақ бала күнімде осы әңгімені тыңдаған соң, тауық қорадағы әтештен қорқатын болдым. Тіпті көшеде сымбатты жас жігіт көрсем, оны да әтештен адамға айналған жоқ па деп күмәнданатынмын. Әжемнің айтуынша, адамдардың дауысын айнытпай салатын кішкентай бір жануар бар екен. Сықпыты сарышұнаққа ұқсаса керек, көбіне айлы түнде қызыл қамзол киіп алып, дуалдың үстімен жүгіріп, ән салатын көрінеді. Сондықтан мен айлы түнде ешқашан дуалдың үстіне қарауға батпайтынмын. Ал атам ауылдың сыртындағы тас көпірде бір «Хей-хей» дейтін елес бар екенін айтып отыратын. Егер түнде жалғыз өзің сол көпірден өтсең, әлдекім иығыңнан ақырын қағып, сақ-сақ күледі екен. Артыңа жалт қарасаң, әлгі сұмдық дыбыс қайтадан ту сыртынан естіледі дейді. Оның қандай кейіпте екенін ешкім білмейді, бірақ мен үшін ең үрейлі елес сол еді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары мақта өңдейтін зауытта жұмыс істедім. Түнгі ауысымнан қайтқанда әлгі тас көпірден өтуге тура келетін. Егер ай сәулесі түсіп тұрса, қорқынышым сәл сейілетін, ал тас қараңғы түнде, көпірге жақындай бере дауыстап ән сала бастайтынмын да, көпірге келгенде жүгіріп өте шығатынмын. Үйге жеткенде ентігім басылмай алқынып, үстімнен суық тер сорғалап тұратын. Көпір мен үйдің арасы екі шақырымдай еді.

Анам: «Ауылға кірмей жатып даусың естіліп тұрды ғой!» - дейтін. Сол кезде менің дауысым өзгеріп, қарлығып жүрген шақ болатын. Ән салғаным елес пен қасқырдың ұлығанындай қорқынышты естілсе керек. Бір күні анам: «Түн ішінде неге сонша кеңірдегің жыртылғанша ащы дауыспен айғайлайсың?» - деп сұрады. Мен: «Қорқамын», – дедім.

– Неден? – деп сұрады анам.

– «Хей-хейден».

– Балам, дүниеде ең қорқыныштысы – адамдар, - деді анам.

Анамның сөзінің жаны барын мойындасам да, сол тас көпірден өткен сайын бәрібір жүгіріп өтпей, айқайлап ән салмай тұра алмайтынмын.

Мен елес пен тылсым жайттардан қатты қорыққаныммен, өмірімде ешқашан жын-періні кездестірген емеспін, олар маған ешқандай зиян тигізген жоқ. Жасөспірім шағымда елестерден қатты үрейленіп жүрсем де, іштей олармен бір кездессем болар еді деген біртүрлі үміт те болушы еді. Мысалы, түлкіден адамға айналған сұлу қызды көрсем деп армандайтынмын, айлы түнде дуалдың үстінде ән салатын кішкентай жануарларды көрсем деп те қиялдайтынмын. Жылдар өте келе мені шын мәнінде жаралаған да, қорқытқан да адамдар екенін түсіндім. Әрине, мен де өз кезегімде біреуге қасақана немесе байқаусызда зиян тигізген шығармын, біреуді қорқынышқа салған шығармын. Бірақ әлемдегі ең жыртқыш аң да, ең сұмдық елес те – санасы мен ар-ожданы жоқ адамнан қорқынышты емес екенін қазір ғана түсіндім. Иә, жалпақ жердің бетінде арыстан мен қасқырдың тырнағына ілініп, солардың жеміне айналғандар бар, бірақ миллиондаған адамдарды қырғынға ұшыратқан, сан мың адамның жанын жаралап, жүрегіне қаяу салатын – адамның өзі екен. 

«Мәдени революциясы» аяқталғалы қаншама уақыт өтсе де, сол кезеңді бастан өткерген біздер әлі де үрейден арыла алмай келеміз. Туған жеріме қайтып барғанда, сол заманда мені азаптаған адамдар маған күлімсіреп қараса да, жаным шошынып, денем тітіркеніп кетеді.

Өткен күндерге зер салам, мен жалғыздық пен қорқыныш құшағында өскен бала болыппын. Талай ауыртпалық көрдім. Бірақ есімнен адасқан жоқпын, жаман жолға түспедім, керісінше жазушы атандым. Маған сонша азапқа төзуге көмектескен не еді? Ол – үміт.

Көзге түртсе көрінбейтін қараңғыда бізге бағыт-бағдар сілтейтін жалғыз жарық – үміт. Үміт бізге қорқынышты жеңуге дем береді. Менің жалпақ жаһанда адамдарды азапқа салатын қорқыныш азайса екен деген жалғыз тілегім бар. Ал ертегілер мен аңыздар туғызатын қорқыныш жойылмасын. Өйткені ертегілер мен аңыздар – беймәлім дүниеге деген құрмет пен асқақ армандардың көрінісі. Ол – әдебиет пен өнердің дәнегі.

Қытай тілінен аударған Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ 

Бөлісу:

Көп оқылғандар