Сапабек Әсіпұлы: Мәлік Ғабдуллин - ғылым жолындағы жебеушім болды.

Бөлісу:

Сапабек Әсіпұлы: Мәлік Ғабдуллин - ғылым жолындағы жебеушім болды.
14.03.2025 785

Майдангер жазушы, филолог-ғалым, энциклопедист, журналист, қоғам қайраткері Сапабек Әсіпұлымен жасалған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

2025 жыл – айтулы оқиғаларға, даталы күндерге толы. Солардың бірі – 1418 күндік қан майданда Фашистік Германияны тізе бүктірген Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Қазақстаннан соғысқа аттанған бір миллион екі жүз мыңнан астам жауынгердің алты жүз мыңнан астамы ұрыс даласында мәңгілік тыныс тапты. Баубек Бұлқышев, Абдолла Жұмағалиев, Тәшібай Әлмұхамбетов, Рамазан Елебаев, Ысқақ Уәлиев қатарлы көптеген шығармашылық иелері: ақындар мен жазушылар, журналистер, өнер адамдары да қаза тапты. 

Үстімде сұр шинелім,

Ақсаңдай басып келемін.

Ұмытса да достарым,

Ұмытар ма мені елім! – 

деп дауылпаз жырлы майдангер ақын Қасым Аманжолов жырлағанындай, майдан даласында қаза тапқандар да, елге аман-есен оралғандар да ұмытылмайды. «Әдебиет порталы» майдангер қаламгерлердің өмірі, шығармашылығы туралы материалдар жариялауды жалғастыруда. Бұл жолғы шығарылымға ертеректе жазушы Сапабек Әсіппен жасалған сұхбат енгізіліп отыр. Мұның өзі – өткенге тағзым, шығармашылықтағы ұрпақтар сабақтастығы, әрі осы бағыттағы мемлекеттік саясатты қолдау қадамы болмақ. Себебі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 3 қаңтары күні «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында былай деген болатын: «Жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылған. Оның ең бастысы – Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді. Б.Момышұлының – 115, М.Ғабдуллиннің – 110, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді.

Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз.» 

Жазушы, ғалым, бүкіл саналы ғұмырын ел мен жер тағдырына арнаған қажырлы күрескер тұлға, «Еменнің жасаруы», «Ауыл перзенттері», Топжарған», «Ақын даусы», «Ә.Жангелдин», «Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Танталовы муки степи» қатарлы кітаптардың авторы. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері (1995) Сапабек Әсіпұлы ақсақал бүгіндері ортамызда жоқ. Сұхбат түрлі себептермен басылым беттерінде жарияланған жоқ. Абыз ақсақал 2018 жылы сәуір айының жиырмасында дүниеден өтті. «Ештен кеш» болса да, бұл да тарих» деп сұхбатты жариялап отырмыз.

Осыдан он бір жыл бұрын Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейі ұжымы сапында Алматыға сапар шеккен болатынбыз. Сол кездегі музей директоры, ақын, айтыскер Құдайберлі Мырзабек, бас қор сақтаушы Сержан Жүзжанова үшеуіміз Тастақта тұратын Сапабек Әсіпұлы ақсақалдың үйіне арнайы сәлем бере барған едік. Біраз бұрын аяғын сындырып алғандықтан таяққа сүйеніп жүргені болмаса, ақсақал сексен тоғызға келсе санасы сергек екен. Отанасы Зейнехан апа жайған дастарқан басында жазушымен сұхбат құрдық. 

Көптеген қарт кісілерге тән қажулы шаршаңқылық пен томаға-тұйықтықтығы жоқ, адаммен шүйіркелестікке бейім, ақкөңіл, аңқылдаған жан екен. Келген жөн-жобамызды айтқаннан кейін әңгіме ауанын жазушы, көрнекті ғалым, Кеңес Одағының батыры, Мәлік Ғабдуллинмен алғаш танысқан сәтін, өз өмірімен өрнектей, жылы әңгіме өрбіді.

- Алыстан ат өксітіп келген ниеттерің түзу, жақсы екен. Мәлік Ғабдуллин тұлғасы туралы айтылар дүние баршылық қой. Мәкең туралы менің де біраз материалдарым бар болуы тиіс. Мен Мәкеңнің шәкірті болып, сол кісінің арқасында кандидаттық қорғаған адаммын. Ғылымға біртіндеп жақындап келіп қалғаннан кейін, ол кісі жайында біраз нәрсе жазып тастаппын.

Есептеп отырсам, зейнеткерлікке шыққаныма биыл жиырма сегіз жыл толып, жиырма тоғыз жылға аяқ басқан екен. Жиырма сегіз жыл деген – жігіт ағасы болуға жақындаған бір жігіттің жасы ғой.

- Әрине, жиырма сегіз жыл – бір жігіттің, дүр жігіттің жасы ғой. Қызмет жолыңызға көз жүгірткенде еңбек жолын туған жерде журналистіктен, партия қызметкерлігінен бастап, кейіннен ғылымға бет бұрған екенсіз. Осы туралы тарқата айтып берсеңіз.

- Менің туған өлкем – Торғай даласы, Қостанай облысының Амангелді ауданы. 1925 жылы 12 қарашада дүниеге келіппін. Өзіміздің ауданда оныншы класты кешкі мектеп бойынша бітірген едім. Жасымнан әдебиетке, жалпы өлең-сөзге құмар болдым. Біздің елде бұрын-соңды ақындығымен есте қалған шығармашылық иелері баршылық болатын. Солардың бірі – «Торғайдың Топжарғаны» атанған әйгілі ақын Нұрхан Ахметбеков еді. Мен елде қызмет істеп жүргенде Нұрхан Ахметбеков шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация жазсам ба деген ойға көптен бекініп жүрген едім. Бұл ойымды құптағандар болды. Солардың бірі – қазіргі көрнекті ғалым Талас Омарбеков еді. Ал керісінше: «Сен журналист емеспісің? Ғылыми жұмыс жазу қолыңнан келе ме? Жасың да ілгерілеп кетті емес пе?» - дегендер де болды. 

Осылай әрі-сәрі болып жүргенде бірде тіл мәселесі жөнінде бір республикалық жиналысқа қатысуға алты адамдық топ ішінде сонау Қостанайдан астанамыз Алматыға барудың сәті түсе қалғаны. Ол кезде Торғайда, аудандық газеттің редакторы болып жүрген кезім еді.

Жиналыс басталғанда бірер орын бос болған. Біраздан соң әйгілі ғалым, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин әлгі бос орынның біріне келіп жайғасты. Ол кісіні бірден таныдым. Осылайша мен қазақтың даңқты тұлғасы Мәкеңнің қасында, онымен иық түйістіре қатар отырып қалдым. Жиналыс жүріп жатыр. Үзіліс кезінде арнайы қолын алып сәлем беріп, өзімнің аты-жөнімді айтып таныстырдым. Бір реті келгенде Мәкеңе өзімнің ғылыммен шұғылданғым келетінін айтып: «Біздің Нұрхан Ахметбеков деген ақынымыз бар еді. Сол кісінің шығармашылығы жайында кандидаттық жұмыс дайындағым келеді. Соған жетекші таба алмай жүр едім», - дедім. Және мен шынымды айттым. Себебі Мәкеңе жолыққанға дейін осы мәселе бойынша үш академиктің алдына барып шыққан болатынмын. Олардың біріншісі – жазушы, ғалым Мұхамеджан Қаратаев болатын. Ол кезде академик емес, корреспондент-мүше еді. Мұхаңның сонда маған айтқан ақылы: «Саған менің жетекші болуға қолым тимейді. Сен академик Мәлік Ғабдуллинге бар. Саған бір көмектессе, сол кісі көмектеседі. Ол кісі жан-жақты білімді адам, сен айтқан тақырыпқа міндетті түрде сол кісінің қатысы бар», - болды.

Ал екінші бір жолыққан адамым – белгілі әдебиеттанушы ғалым, үлкен қайраткер Есмағамбет Ысмайылов болатын. Үшінші адамның есімін қазір есіме түсіре алмай отырмын. Қысқасы, үшеуі де мені сырғытпалап, маңайлата қоймаған болатын.

Олардың жолатпайтын бір себебі: ол заманда ізденушілік, аспиранттық, кандидаттық, докторлықты қорғаудың жас мөлшері болатын. Жұрттың көбісі осыған бағынатын еді ғой. Менің жасым да кандидаттық тұрғысында ілгерілеп кеткен, қырықты қусырып, елуге жуықтап жүрген тұсымыз. Сөйтіп тауым шағылып жүргені ғой.

- Жиналыста академик Мәлік Ғабдуллинмен қатар отырып қалуыңыз да сәттіліктің бастауы ғой. Ол кісі сіздің өтінішіңізді қабылдай қоятынына сенімді болдыңыз ба?

- Мен ол кісінің үлкен адамгершілігі туралы аңызға бергісіз жағдайларды бұрыннан естіп жүретінмін. Сондықтан да аса қобалжымаған болармын. Мәкеңе өзіне дейін жоғарыдағы кісілердің алдында болғанымды, олардың маған көмектесуге қолдары тимей жатқанын айтып, лажы болса мені ізденуші ретінде қабылдап алуын өтіндім. Ол кісі менің  өтінішіме бірден «жоқ» деп жауап беріп бас тартқан жоқ. Байыппен тыңдап алды да: «Ғылым академиясының үшінші қабатындағы жетпіс алтыншы бөлмеде отырамын. Сол жерге келіңіз. Бұл мәселе туралы сонда отырып сөйлесейік», - деді. Сөйтіп Мәкеңмен жолығатын уақытты келістік.

Айтқан жерге дәл белгіленген уақытында келіп сөйлескеннен кейін Мәкең мені асықпай тыңдап-тыңдап алды дағы былай деді: «Мен сені ізденуші қылып аламын. Бірақ: «Мәлікке барып ізденуші болатын болдым!» - деп жар салудан бұрын, әуелі өзіңіздің қолыңыздан не келетінін білуім, көруім керек. Сондықтан өзіңнің ғылыми тақырыбың еткелі отырған ақын Нұрхан Ахметбеков жайында не білетініңді, не айтқың келетінің жайында, жалпы шығармашылығы жайында қысқаша, он-он бір бетке жазып алып келіңіз. Нұрхан Ахметбеков туралы былай естігеніміз болмаса, біз де толық хабардар емеспіз. Қанша уақытта үлгере аласыз?» - деп сұрады. «Сіз қай уақытты айтсаңыз, мен сол уақытта үлгере аламын», -дедім. «Үш күн жете ме?» - деді Мәкең. «Жетеді, үлгеремін», - дедім. «Ендеше үш күннен соң келерсің», - деді. 

Уәде бойынша үш күннен соң шолу мақаламды жазып алып келдім. Мәкең бірден оқып танысып шықты да, қарамағындағы  екі ғылыми қызметкерін шақырып алып: «Мына кісі өзінің шолу жұмысын алып келіп отыр. Осыған екеуің өздеріңнің пікір рецензияларыңды дайындаңдар. Содан кейін ақылдасармыз», - деп олардың да менің жұмысымды оқып қарап шығатын уақытын белгілеп берді. 

Не керек, сонымен белгіленген уақытта Мәкең біздің басымызды қайтадан қосып, ақыры сол кісілердің пікірін тыңдап алып, мені ізденушілікке алатын болып шешімге келді. Ол үшін институттан бұйрық шығуы керек. Оған Мәкеңнің өзі қол қояды. Сол кезде Мәкең Әдебиет институтының директоры екен. 

- Жол болды деген осы ғой! Бұдан соң ғылым жолындағы ұмтылысыңызда кедергі кездесе қоймаған болар?

- Қайдан кедергісіз болсын. Бірақ сәтімен болды. Оны сәл кейінірек айтайын. Әдебиет институтына ізденушілікке қабылданғаннан кейін мен алаңсыз ғылыми жұмысымды әзірлеуге кірістім. Мәкең – жетекші ретінде бағыт сілтеп отырды. Бір айта кетерлігі: ол кісінің жұмыс орнында болуынан Қазақстандағы, Кеңес Одағындағы, шетелдегі түрлі жиындарға барып қатысуы көп болатын. Жазушы, майдангер, Кеңес Одағының батыры, КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, жоғары оқу орнында ұстаз, қоғамдық жұмыстар бар дегендей. Бірақ ол кісі бәріне уақыт табатын еді. 

Кедергі бола жаздаған жағдай мынау еді: ғылыми жұмысымды аяқтап, енді қорғауға шығамын деп жүргенде жетекшім Мәлік Ғабдуллин 1973 жылы қаңтардың екісінде кенеттен қайтыс болып кетті. Қайран Мәкең сол кезде елу сегіз-ақ жаста еді.

Ол заманда ғылыми жетекшісі қайтыс болса, дайын жұмыс қорғалмай қалатын. Өзге жетекші іздеуге немесе басқа тақырыпқа ауысуға мәжбүр болатын. Осындай қысылтаяң жағдай менің де басыма түсті. Сәтін салғанда Ғылыми Кеңес төрағасы, академик Ісмет Кеңесбаев Мәскеуге хабарласып, ол жақтан: «Жетекшісі Мәлік Ғабдуллин «диссертанттың жұмысы дайын» деп қолын қойып қойған болса, қорғауға шығарылсын» деген шешімді жауап алады. Мәкең жарықтық қолын қойып қойған еді. Міне мені осылайша жарықтық Мәкеңнің аруағы қолдап, ғылыми жұмысымды сәтті қорғап шығып, филология ғылымдарының кандидаты атандым. Мәкең менің өмірімде осындай ерекше із қалдырды. Өкініштісі - сол ізденуші болып жүрген кездері Мәкеңмен естелік суретке түспеген екенмін. Мәкеңнің жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Сөйтіп жүріп Мәкеңнің арқасында ғылым кандидаты атандым. Нұрхан Ахметбековтің өмірі мен шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертациядан соң, 1980 жылы «Топжарған» атты монографиям жарық көрді.

- «Ештен кеш жақсы» дегендей, кеш те болса кандидаттық диссертацияңызды қорғап алдыңыз. Бұдан кейінгі қызметтік, шығармашылық ғұмырыңыз қалай жалғасты?

- Қызмет жолымда үлкен өзгеріс болды. Елде жұмыс істеп жүрген кезімде облыстық газетте бас редактордың орынбасары едім. Сонда жүргенде Қостанай облысындағы бір азғантай қазақ өзара сыйыса алмай, мен Алматыға ауысып кетіп қалдым. Академик Мұхамеджан Қаратаевқа телефон шалып: «Алматыға қоныс аударып жатыр едім, жұмыстың реті болар ма екен?» - деген бір ауыз жөнімді айттым. Ол кісіге рақмет, мені жұмысқа алды. Сөйтіп мен мәңгілік алматылық болып қалып қойдым.

Менің ғылым жолында әлі де ізденсем, қорғасам деген арманым болды. Мүмкін Мәкең өмірден ерте кетіп қалмағанда, докторлықты да қорғар ма едім. Біздің Қостанай жерінен шыққан Омар Шипин деген халық ақыны болды. Омар Шипин сонау 1916 жылғы көтеріліске байланысты шыққан «Амангелді батыр» дастанынан бастап соңына мол мұра қалдырған. Ұзақ жасаған кісі. Омар Шипин – кезінде Жоғарғы Кеңес мәжілісін жырмен ашқан адам. Менің бір ойымда жүрген мақсатым – Омар Шипиннің шығармашылығын ғылыми айналымға енгізу еді. Ол мақсатымды орындай алмадым.

Мәкеңнің арқасында қорғаған менің ғылыми атағым қызметтік жолымда үлкен сүйеу болғанын айтып өтпекпін. 1972 жылы «Қазақ Совет энциклопедиясы» басылымы бас редакциясына жұмысқа орналастым. Бас редакторы – академик Мұхамеджан Қаратаев болатын. Мен қызмет істейтін «Қазақ Совет энциклопедиясы» бас редакторының бірінші орынбасары кенеттен қайтыс болып, орнына сегіз бірдей адам үміткер таласады. Таласатын себебі – бұл қызметтің айлық жалақысы жоғары болатын. Ақыры әлгі таласқандардың бәрі өтпей қалып, ақыры ғылыми атағым мен партияға мүшелігім, т.б. ескерілген болуы керек, мен бас редактордың бірінші орынбасары болып тағайындалдым. «Қазақ Совет энциклопедиясында» табан аудармастан он төрт жыл қызмет атқардым. Әр жылдары аға ғылыми редактор, бас редактордың бірінші орынбасары, редакция меңгерушісі болдым. Ұжымымыз қажырлы еңбек етті. Нәтижесінде «Қазақ-Совет энциклопедиясының» он үш томын әзірлеп шықтық. Ол тұста алаңсыз еңбек етуге мүмкіндік бар еді. Менің айлық жалақым төрт жүз сом болатын. Бұл – сол тұстағы өте жоғары жалақы еді. Кеңес Одағы тұсында ғылымға жақсы көңіл бөлінді ғой. Өкініштісі – кезінде академик Қаныш Сәтпаев ашқан Ғылым академиясының қоғамдық ұйымға айналып, бұрынғы беделі мен мәртебесінің төмендеп кетуі деп білемін. Бұлай болмайды. Ғылымсыз ел дамымайды.

- Әрине, «көш жүре түзеледі» дегендей, мүмкін алдағы кезеңде бәрі де қайтадан қалпына келіп, жақсаратын болар. «Орнында бар – оңалар». Ғылым-білімге құштар халқымыз барда, болашақтан үмітіміз бар ғой. Сұхбат ауанын отбасы, әулетке қарай бұрсақ. 

- Қазақ – «ел мен жер» дейтін халық қой. Елдің бір мағынасы – шыққан, туып-өскен елің. Менің шыққан жұртым – қыпшақ елі. Шежіре бойынша Қобыланды батырдың немересінен тарайтын бес қыпшақ деген ел бар. Өзге де руларда айтылады ғой, сол сияқты осы бес ата жайлы айтылған сөз бар. Ол сөз осы бесеудің анасының атынан айтылады. Аңыз, шежіре бойынша бесеудің үлкені Бұлтың екен. «Бұлтың бітті бойыма, Ірілік кірді ойыма, Осы Бұлтың ірі болар», - деген екен. Мұстафа Шоқай – сол Бұлтыңның ұрпағы. «Торы бітті бойыма, зорлық кірді ойыма», - деген екен. Торының ұрпағы – қазіргі күні «Қазақ» газетін қайта шығарып жатқан белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев болады. «Ұзын бітті бойыма, ерлік кірді ойыма, осы Ұзын батыр, ержүрек болар», - деген екен анамыз. Ұзынның өкілі, бері қарай айтқанда Әбдіғаппар хан, Әліби Жангелдин, Амангелді Иманов. Бұлардың бәрі де ұзындар. Қажымұқан да сол ұзынға жатады. Біз де осы атаданбыз. «Көлденең бітті бойыма, ғұламалық кірді ойыма. Осы Көлденеңнің өзі де ғұлама болар. Оның балаларынан да оқымысты, ғұламалар шығар», - депті. Осындай айтылымдар көп еді, бірсыпырасы ұмыт болып кетіпті, бірсыпырасы есімде бар еді. «Қарабалық бітті бойыма, байлық кірді ойыма, бұл Қарабалық бай болар», - деген екен. Қарабалықтың байлығы жайында әңгіме айтылғанда, қарабалықтың байлары орыс патшасының есігін қолмен ашпайды, аяғымен теуіп ашады деген әңгіме бар. Мұның бәрі аңыз дегеніңізбен, оның артында бір шындық бары анық.

Отбасыма келсек, құдай берген екі ұл, екі қыз еді. Үлкен ұлым қайтыс болып кетті. Ұрпақ қалды, құдайға шүкір. Бес-алты немере, үш шөбере бар. Құдай берсе тағы да балалар болатын шығар. Жаратушының бұйырған жасын жасап келеміз. Бұған да шүкір. Әкем Әсіп көп жасаған кісі. Жүзге бір жас қалғанда, 1984 жылы өмірден өтті. Өмірдің ащы-тұщысын қатар татып келе жатқан жайым бар. 1993 жылы зайыбым Фарида өмірден өтті. Балалар ержеткен. Өз-өзінің тірлігі бар ғой. Шайыңды қайнатып, жағаңның кірін жуып отыратын әйел затынсыз ер адамның өмірі қиындау ғой. Он жылдан астам уақыттан кейін мына Зинахан шешелеріңмен екі жарты бір бүтін болып көңіл жарастырып, бір шаңырақ астында оншақты жылдан бері түтін түтетіп келе жатқан жайымыз бар. Шүкір, жанымды түсінеді, сыйлайды.

- Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер қаламгерлеріміз де бүгіндері ортамызда қадау-қадау аз қалған екен. Ол да өмірдің заңдылығы ғой. Майдангерлерге жасалып жатқан қамқорлыққа көңіліңіз тола ма?

- Толады. Расымен күн санап азайып келеміз ғой. Өзім он тоғыз жасымда майданға аттандым. Құрлық әскері құрамында қатардағы атқыш болдым. Біздің құрама соғысқа тура қатысқан жоқ. Жаудың беті қайтып, жеңістің біздің жақта болатыны айқындалып қалған кез. Майдангер атанып аман-есен елге оралдық. Майдангерлерге жасалып жатқан қамқорлықтарға айтар өкпем жоқ. 

- Алыстан ат арытып келгенде қабылдап, қарсы алып, ұстазыңыз Мәлік Ғабдуллин тұлғасы, өмір соқпақтарыңыз сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет! Күні бүгінге дейін ел мен жердің тағдырына алаңдап, үздіксіз күресумен келе жатқан қажыр-қайратыңызға ел-жұртыңыз риза! Осынау асқақ азаматтық ісіңізбен бүгінгі, кейінгі буынға шынайы үлгісіз. Апамыз екеуіңіз аманшылықта жасай беріңіздер!

- Рақмет, жолдарың болсын!

Сұхбатқа қосымша

«Жер – қазақтың анасы ғой. Ана сатыла ма? Жоқ! Ешқашан сатылмайды! Қазақтың жері ешкімге, ешқашан сатылмауы керек!» Бұл – жазушы, ұлт қайраткері Сапабек Әсіпұлының жанайқайы, ұранды ұстанымы. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап, өмірінің соңына дейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қазақ жерінің тоз-тоз болып әркімге, әсіресе шетелдіктерге сатылмауы үшін шырылдап, Қазақстан Жазушылар одағы қасынан «Жер және қазақ тағдыры» атты комиссия құрылғанда оның төрағасы ретінде халық мүддесін қорғап ұшан-теңіз іс атқарған күрескер тұлға Сапабек Әсіпұлы болатын. Сонау Патшалық Ресей заманында-ақ шөл және шөлейт өңірлерге ығыстырылған қазақты ежелден бергі топырағы құйқалы, шөбі шүйгін, суы бал, өмір сүруге қолайлы нулы-сулы жерлерге қайта қоныстандыру мәселесін көтеріп, «Жер кодексіне» өзгерту енгізу қажеттігін өзекті мәселе ретінде көтеріп, мұраттас жандарды осы жолда әрқашан сергек саналы болуға шақырып өтті. Қаншама кедергілерге кездессе де мойымаған қажымас қарияның күрескерлік арманы өзі өмірден өткен соң, 2021 жылдан бері бұл мәселе біршама шешімін тапқандай болғаны рас. 2022 жылдан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілу үстінде екенінен халық хабардар. Ел мен жер амандығының сақшысы болып өткен Сапабек абыздың ізін басып, жолын жалғастыру – елдік парызымыз. 

Ел мен жер тағдыры үшін күрес жолын берік ұстанған қадірлі ағасына деген торғайлық ақын, ұлтсүйер азамат Жұма-Назар Сомжүректің «Сапабек, сабаз ерім-ай!» атты арнау жырын Сапабек Әсіпұлының жеке мұрағатынан көшіріп алған едік. Осы арнау жыр ықшамдап ұсынылды:

Сапабек, асыл аға, сабаз ерім,

Нағыз ер деп риза саған елің.

Азаматсың Ахмет, Міржақыптай,

Бас зиялы орденін тағар едім.

 

«Жер сату – тең отанды сатқанменен,

Ананы оққа байлап атқанменен.

Одан өткен болмайды опасыздық,

Опасыздан жұртым-ау сақтан!» - деген.

 

Қол соққанбыз сенің сол ұраныңа,

Үн жеткен соң құлақты мен құла қырға.

«Жерді сатып ел болып оңбаймыз» деп,

Айтудай-ақ айтқансың ұғар ұлға.

 

Елдікке өз мүддеңді бағындырдың,

Бас пайдадан өзіңдей арылды кім?

«Жер сатуға жол бере көрмеңдер!» деп,

Парламентте Құдайдың зарын қылдың.

 

Қазақ жері – қазақтың алтын бағы,

Далиған даласындай жарқын жаны.

«Жер-Ана, анасын кім сатады?» - деп,

Сан ақын сол жырымен саңқылдады.

 

Жер қайғысы жанға ауыр батты бүгін,

Еңсе езілген шықпайды шаттық үнім.

Жарамсақтар жайлаған шақта мынау,

Өлшемі жоқ осынау мәрттігіңнің.

 

Ерді де, ерлікті де сүйіп келем,

Ерлік жыры – елге де сүйікті өлең.

Асыл аға сексеннің сеңгірінде,

Тұлғаңа бас иемін биіктеген!

 

Ісің бұл – ерен қимыл, асқан үлгі,

Өшірмейік батырлар басқан ізді.

Оқшантайда әлі оғың жетеді екен,

Қазақ жерін қорғауға баста бізді!

(Сұхбатты әзірлеу үшін Мәлік Ғабдуллин музейі қорынан алынған бейне, фотоматериалдар пайдаланылды)

Бөлісу:

Көп оқылғандар