Қасым-Жомарт Тоқаев: Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес

Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаев: Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес
14.03.2025 187

«Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Мен осыдан бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалымдармен кездестім, сол кезде Абай институтын құру туралы ұсыныс айттым. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылды, яғни біздің диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру қажет. Бұл құрылым Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек. Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсене айналысуда. Бұл ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек. Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес. Бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр».

***

«Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс». 

***

«Осы орайда, мен көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатын атап өткім келеді. Жазушы «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп, орынды пікірін айтты. Осы жерде айтарым: өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады. Қазақ халқы өзгелерден кем емес, бұл – ақиқат, бірақ артық та емес деп айтуымыз керек. Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен дүние жүзінде данышпан халықтар аз емес. Бұл да – ақиқат. Мұндай пікір кейбір адамға ұнамауы мүмкін. Алайда көпшіліктің көңілінен шығамын деп, тура сөзден жаңылуға болмайды. Шын мәнінде әр ел басқа жұрттан даму деңгейіне қарай озбақ. Жалпы біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы сөзінен үзінділер…

Бөлісу:

Көп оқылғандар