Сағымбай Жұмағұл. Міржақып нақылдары
Бөлісу:
Биыл алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл
Алаш азаттығына ғазиз жанын пида еткен ұлт ардақтысы Міржақып Дулатұлының нақыл сөздері – халқымыздың бодандық бұғауындағы тағдыр-талайын, азаттық жолындағы арпалысын, рухани серпілісіндегі кемелділігіне бойлататын қастерлі құндылық.
Отаршылдық ойранындағы қазаққа қорған болудағы ұлтшылдық сезім, тұлғалық қасиет Әлихан Бөкейхан, Шаймерден Қосшығұлұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды қыр перзенттерінің елдік мұраттарымен тоғыстырды. Қарқаралы петициясына үн қосып (1905), Орал қаласындағы Қазақ облыстары өкілдерінің сиезіне (1905) қатысуы, «Оян, қазақ!» (1909), «Азамат» (1913), «Терме» (1915) жинақтарын шығаруымен дәуір жүктеген әлеуметтік бағытын айқындады. «Серке» (1907), «Айқап» (1911-1915), «Қазақ» (1913-1918) басылымдарындағы қалам қайраты рухани және саяси қайраткерлігімен ұштасты.
«Біздің мақсатымыз» (1907) мақаласында жатқа тәуелді жұртының қорғансыз күйі ыза мен кек тудыратынын ашынып айтқан еркін дала ұланы «Қазақ жайлы» (1913) жарияланымында: «Бiз осы уақытта тайғақ кешу, тар жолда тұрмыз. Мұнан аман өтсек, жұрт болғанымыз. Алаштың азаматы көптеп, көлемдеп ақылын қосып, бiлiмiн бiрiктiрiп, ұлтын кешуден аман өткiзуге жол көрсететiн жерi осы. Бiлгенiн айтып, қолдан келгенiн iстеп, жұртын сүйемелдеп, тар жерден аман өткiзуге қайрат қылатын да кезi осы», - деп жазды. «Қазақ» газетiнің қанатын қомдаудағы әлеумет қолдауы «...Жүргiзуге себепкер болған, жұртқа кiрген саңылау һәм сана, яғни жұрт iшiндегi саналы, саңылаулы адамдар»(Екінші февраль), зиялылар ұстанымы «Жұртшылыққа көз-құлақ болу, жақсылықты көркейту, жауыздықты жоғалту үлгiлi зат қайда бар, соған қарай сiлтеу, надандықтан құтқару, өнер-бiлiмге телу, күштiлердiң зорлығынан қорғап, елдiң қолын теңдiкке жеткiзу, қазақ халқының бақытты, баянды болуына баянды қызмет ету» (Біздің істер) екенін жеткізген ол Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш автономиясындағы тарихи қызметімен исі қазақтың құрметіне бөленді. Ұлы дала иесі әрі киесі Қазақ ұлысын жаңғыртуымен зайырлы құқықтық демократиялық мемлекет құрудың ұстыны болған «Алаш» партиясы бағдарламасын жасаушылардың бірі болды.
Қайраткер «Судың ағынын, бұлақты көзiн ешкiм тоқтата алмайды. Өзi тесiп шығады» (Ұлт матбуғаты) дегеніндей, Алаш автономиясының жариялануы сан ғасырлар бойы жүргізілген ұлт-азаттық қозғалыс жеңісі болатын. «Автономия иғлан ету мемлекет болды дегенмен бiрдей. Бiз ендi өз алдымызға мемлекет боламыз деп тұрмыз. Бiрақ «боламыз» бен «болудың» екi арасы жер мен көктей. Сондықтан боламыз деген соң болуға аянбай қам қылу керек. Боламыз деп бола алмай қалсақ, дүниеде онан артық қорлық жоқ, кез келгеннiң қолында кеткенiмiз. Қолымыздан келеді деп тәуекелге бел байлаған соң, сол жолда я өлу керек я көздеген мақсатқа жету керек» (Жалпы қазақ-қырғыз съезі // Алаш көсемсөзі: 10 томдық. – Алматы: «Өнер», 2011. 10-кітап: Сарыарқа. 61-б) деп қазақ мемлекетттілігін қалпына келтірудегі жанкештіліктің еш толастамайтынын жеткізген күрескер жұртын кімнің дос, кімнің қас екенін айыруға, елдiгiмiздi өзiмiз қорғайтын қайсарлыққа, ендi қайтып басқаға құл болмайтындай тәуекелге шақырды: «Жасыма, Алаш, жасқанба! Аз күнгі қуынышқа сүйінбе, уақытша қайғыға күйінбе. Ақыл-ойыңды алысқа жұмсап, жұрт болудың қамын қыл. Кім дос, кім қас – мұны да бірақ ұмытпа!» (Кім дос, кім қас?). «Қазақ-қырғыздың досы кiм, қасы кiм? Кiм құлданса, кiм зорлық қылса, кiм жесе – қасы сол. Кiм құлдықтан құтарса, кiм теңгерсе, кiм адалдық қылса, аяушылық көрсетсе, досы – ол» (Еңбекшілер автономиясы).
Большевиктер саяси билікке қол жеткізуде адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қанды қылмысқа барды. Міржақып тамыршыдай дөп басып көрсеткеніндей, «Большевик дәуiрi басталды. Жұрт жылады. Тал түсте таланды. Азаматы өлдi, әйелi зорланды, дүниесi бүлiндi...» (Талайдың сыры ашылды). «Дүние жаратылғалы болмаған оқиғаларды төрт жылдан берi көзiмiз көрiп отыр. Төрт жылдан берi жердiң жүзi қанға боялды. Көздiң жасы сел боп ақты. Дүние ойран болды...» (Қайтсек жұрт боламыз?).
Автономия алуға ұмтылған саяси бағыттағы қадамдар аяусыз жаншып тасталды. Осынау жантүршігерлік имансыздық, ардан безінген жүгенсіздік Дулатұлының «Құрметті оқушылар!» мақаласында барша табиғи қалпымен көрініс тапты.
Қайраткер «Сарыарқа», «Жас азамат», «Ақ жол» газеттеріндегі көсемсөздері, Орынбордағы ағартушылық саладағы қажырлы еңбегі, 1920 жылдардағы аштық алапатымен күрестегі қайсарлығымен ұлтына қалтқысыз қызмет етудегі парызын өтеумен болды. 1918 жылы Жетісу, Сырдария қазағын аштық аранынан жұтылудан аман сақтау амалын қарастырып, қандастарына ұран салды. Өнегесі мен ғибраты мол іс-әрекетімен көрінді. Аштарға көмек комиссиясының жетекшісі болған ол «Ел күйзелді» («Ақ жол», 1921 жыл, 9 апрель), «Торғай үйезінде жұт» («Ақ жол», 1921 жыл, 19 май), «Аштық қырғынынан қайтсек құтыламыз» (Қазақстан өкіметінің назарына) («Ақ жол», 1922 жыл, 22 март), «Ашыққан елге жәрдем қайткенде мол жиналады?» («Ақ жол», 1922 жыл, 12 август) мақалаларымен, «Мұңды тілек» («Ақ жол», 1922 жыл, 15 июнь) шер толғауымен ұлтымыз басынан кешіріп отырған әлеуметтік ахуалға қоғам назарын аудартты. Ел билеушілерінің іс жүргізудегі таяздықтарын, жұрт қайғысын тайға таңба басқандай етіп көрсетті.
Жүсіпбек Аймауытұлы «Торғай аштарына апарылған жәрдем туралы» («Ақ жол», 1923 жыл, 27 май) мақаласында атап көрсеткеніндей, «...Басшы түгел жай бақташының да табылуы оңай болған жоқ. Жалданып тұрып лақаптан қорқып, қайтып кеткендері де болды. Малды жинау басталғанда «Осы мал ішкі елге аман жете ме? Мұны кім апарады? Не ондағы, не мұндағы елде жоқ, әркімнің аузында кетеді ғой» деп уайым сөйлеушілер де болды. Сенімді кісі болып, басшы болып апармаса, мал берген елдің көңілі дауаламайтындығын малдың аман жетуі қатер екендігін ойлап, міндет ауыр болса да Міржақып екеуміз басшы болуға разылық білдірдік. Біз барсақ, барушылар да табылатын болды. Губерниялық комиссияға разылығымызды білдірдік...».
«Ерте-кеш демей, тәндi жан тастап кетпесе, шамамның келгенiнше ғазиз халқыма қызмет етуге даяр құлымын» деп білген Міржақып бұл жолда небір тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Алғаш 1911 жылы Семейде тұтқындалып, бір жарым жыл абақтыда отырса, 1922 жылы түрмеге қамалды. 1928 жылы қуғын-сүргінге түскен дегдар 1935 жылы қызыл террор құрбаны болды. Мағжан ақын «Жауға түскен жанға» (М.Д-ға хат), «М.Д. абақтыдан шыққанда» өлеңдерінде «Келешек күнде қағазға Алтынмен жазар атыңды. Құшақтай сүйер – қағазда, Көрсе жазған хатыңды..», «...Ерiк құсы қайта ұшып келгенiне, Душар болмай дұшпанның мергенiне. Қайта шықты батқан Күн, нұр шашылды, Мың шүкiрлiк тәңiрiнiң бергенiне» деп жырлағанындай, нұрлы ақыл иесінің асыл мұрасы халқының мәңгілік рухани қазынасына айналып отыр.
Ұлттық көсемсөз, проза, драматургияны өрге сүйреп, алғашқы Алаш оқулықтарын жазуға атсалысқан Міржақып Дулатұлы нақылдары – ұрпаққа ұлағат, ұлысқа ұран болуымен айбынды. Қазақтың азаттық жолында өліспей беріспейтін өр мақсатын танытатын осынау телегей теңіз мұра тарих толқынындағы ел қасіреті, халық тақсіретіне бойлатады. Бодандықтан арылып, тәуелсіздік туын тіктеуімен ұлттық теңдік, қоғамдық әділдік, рухани кемелділікпен өркендеудің адастырмас темірқазығы екенін ұғындырады.
«Біздің мақсатымыз», «Государственная дума Һәм қазақ», «Жер мәселесі», «Оқу кәтабы һақында», «Қазақ халқының бас адамдарына», «Жер мәселесі», «Ай астында еш нәрсе басқарылмай тұрмақ емес» (Ничто не ново под луной), «Жазу тәртібі», «Ұрлық не себепті көбейді?», «Тірі жүк», «Жер аудару», «Қазақ жайлы», «Шәкірттер жайынан», «Земство не нәрсе?», «Орынбор, сентябрь 1», «Адамға тіршілік не үшін керек?», «Аурудың аз болуына не керек?», «Бас қосуға рұқсат берілмейді», «Оқушыларға жәрдем», «Мектеп-медреселер мәселесі», «Тіл құрал қазақ тiлiнiң сарфi (Шығарушы Ахмет Байтұрсынов», «Кімге өкпелейміз?», «Тарихи жыл», «Қазақ баспаханасы», «Учредительное собрание», «Сайлау жақындады», «Біздің істер», «Орынбор, Октябрь 21», «Ашық хат», «Алашқа», «Алаш ұлына», «Қазақ съезі», «Жалпы қазақ-қырғыз съезі», «Ұлт матбұғаты», «Қайтсек жұрт боламыз?», «Талайдың сыры ашылды», «Қазақ-қырғыз мәселесі», «Тіл мәселесі», «Қазақ зиялылары», «Ұлт мәселесі һәм 10-шы партия съезі, «Жас буын», «Халық соты», «Еңбекшілер автономиясы», «Ашыққан елге жәрдем қайткенде мол жиналады?», «Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы», «Баспасөзіміз не күйде?», «Қош келдің, Наурыз!, «Бүгін «Ақ жол» газетінің дүниеге келгеніне дәл үш жыл!», «Білімпаздар жиналысынан кейін», «Қазақ салты», «Дененің тәрбиесінің негізі – жаратылыс күштері, «Қазақ тілінің мұңы» (Мыбайұлы Жалау жолдасқа), «Он алтының ойраны» (1916 жыл), «Орда гербі (таңбасы) т.б. мақалаларындағы нақылдарынан асылымыздың саяси парасат биігіндегі қайраткерлік шалымын, қазақ қоғамының түйткілдерін рефоматорлық жолмен шешудегі азаматтық қарымын, рухани өркендеу бағытын бағамдаған сарабдал ағартушылық арынын танимыз.
Отаршыл жүйе қыспағы, коммунистік идеология қыл бұрауынан өткен қайраткердің «Ерiк те, елдiк те, ерлiк те, не тiлектiң бәрi де мәдениеттi өркендеу арқылы ғана табылады деп, иман келтiру керек» (Бүгін «Ақ жол» газетінің дүниеге келгеніне дәл үш жыл!) екенін қапысыз байқата алған сан қатпарлы мұрасынан тағылым алып, тәлім түюіміз заңды. Ұлтының өмір көшіндегі өрі мен белін, шыңы мен шыңырауын бағамдаған асылымыздың: «Құдай өзi кешiрер» деген бiр намаздың үмiтiндей, «Көш жүре түзеледi» деген мақалға сүйене берудің керегi жоқ, көштiң түзелетiн кезi болады. Көштi түзеу керек, көштi оңға бастау керек» (Баспасөзіміз не күйде?), - деген аманаты қазіргі таңда барынша көкейкесті.
Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртуда ерен еңбек атқарған Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсат» десе, қандыкөйлек мұраттас үзеңгілесі Міржақып Дулатұлы «Түс көрмей iс көрсек, мемлекет боламыз деп сонда ғана айтуға болады» (Орынбор, Октябрь 21) деп елдік қызметте тарихи жады берік, ұлттық санасы тұнық ұрпақ міндетін пысықтай түсті. Бұл жолда ата тарихыңдағы Қожа Ахмет Иасауидай дін қайраткерін, Шыңғыс хан, Абылай хан, Кенесары хандай тау тұлғалы тарландарды, отаршылдыққа қарсы күресіп өткен Сырымдай атақты батырларды, Абай, Ахметтей рухани кемеңгерлерді, Әлихандай саяси көшбасшыларды қадірлеген елдің бүгінгісі баянды, келешегі кемел болатынын «Хазірет Сұлтан», «Хан Абылай», «Шоқан Шыңғысұғлы Уәлихан», «Абай», «Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов» мақалаларындағы нақылдарымен негіздеп берді. Ұлы даланың ел тұтқаларын, ержүрек баһадүрлерін қастерлеп, «естен шыққан Шоқандар» мұрасын қайта түлетуді ұстанды.
«Түркiстанның мұнша атақты шаһар болып, заманындағы хандар көз тiгiп, әрқайсысы өзiне қаратып алуға қан төгiп, тарих жүзiнде белгiлi орын алуға себепшi болған Қожа Ахмет Иасауидiң бейiтi hәм оның үстiне орнатқан мешiт-белгі» (Хазірет Сұлтан).
«Как всякая среда, киргизская степь столетиями рождает своих сынов, но с присущими степной природе особенностями. Если разнообразная и красивая природа Европы рождала таких великих людей, людей науки и искусства, как Ньютон, Маркс, Толстой, Рафаэль и др., то степная природа Азии рождала таких своеобразных великих героев, как Темучин, Темирлан, Кенесары, Срым и др.» (Ахмет Байтурсунович Байтурсунов) (Биографический очерк).
«Заман өткен сайын халықтың көзi ашылып, әдебиетi гүлденiп, матбұғаты жайыла бастаған кезде, естен шыққан Шоқандардың артында қалдырған сөзi қайта тiрiлiп, кiм екендiгiн бiлдiрмей қоймайды» (Шоқан Шыңғысұғлы Уәлихан).
«Қазақ халқына сәуле берiп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай» (Абай. Опат. 23 июнь, 1904 жыл) кемеңгерлігін ұлықтаған қыр перзенті Алаш идеясын жаңғыртуымен қазақ топырағында жаңа реформаторлар буынын тәрбиелеген Әлихан Бөкейханды «Заманымызда қазақ үшiн өмiрiн, бiлiмiн жұмсап, ауыр жазаларға кiрiптар болып, жанын қиып жүрген күллi қазақ халқына бiрiншi дерлiк жол басшымыз» (Государственная дума Һәм қазақ) іспеттес бағалауымен саяси сарабдалдық танытты. Ұлт ұстазы Байтұрсынұлының қалам қайраткерлігін: «А.Б. – публицист и творец школы киргизской художественной словесности»тұрғысындағы нақылымен әділ бағалады. «Қазақ тiлiн сақтаймыз, балаларымызды қазақша шыққан кiтаптармен ұқтырамыз һәм әдебиетiмiз шын қазақша болсын деген, бұлардың бәрiнiң негiзi «Тiл құралы» (нәһв сарф) екенiн ұмытпасқа керек» (Тіл құрал қазақ тiлiнiң сарфi (Шығарушы Ахмет Байтұрсынов) екенін жеткізді.
«Бiз кешегi тар заманда да халықтың аманатын ауырсынып, бейнетiнен қашып, жолда қалдырғанымыз жоқ, шамамызша жүргiздiк» (Қазақ баспаханасы) дейді қайраткері. Иә, «Біздің мақсатымыз», «Жер мәселесі», «Алаш азаматтарына», «Сана қайда!», «Тіл мәселесі», «Қайтсек жұрт боламыз», «Ашыққан елге жәрдем қайткенде мол жиналады?», «Әкімшілік емес, әлеумет қызметі» деп қазақтың өмірлік мәселелеріне жауап іздеген жасын мінезді ақыл иесінің нақылдары азаматтық шыңдалуымызға, қайраткерлік толысуымызға, әлеуметтік істегі жауапкершілігімізді сезінуге адастырмас бағдар береді. Құлдық сана, отаршылдық кіріптарлықтан арылуымызбен елдік жолына адал болуымыздағы басты мұраттарымызды зерделеуімен өміршең. Олардан отарсыздануда ұстанар саяси ұстындарымыз, рухани тұжырымдамаларымыз қандай болу керек деген сауалдарға жауап табамыз.
«...Жұрттың көбі орыс тілін, орыс оқуын білімді, өнерлі болу мақсатымен үйренбей, дәреже алу, төре болу үшін оқитын болды... Көрген өнегесі, алған тәрбиесі осылай болған соң, орысша оқығандар халықтан алыстап, өз елін өздері менсінбейтін кеселге ұшырай бастағанын» (Тіл мәселесі) кесіп айтқанда, құлдық жолы мен жұрттық жолын ажыратудағы ұрпақ борышын таразылауды жөн санады. Қандастарының әкімшілік емес, әлеумет қызметіне қара нар болып жегілуін санасына сіңірді.
«Бiр жол – құлдық жолы... Екiншi жол – жұрттық жолы. Осы бастан автономия алу жолына кiрiссек, милициямызды жасап алып, қарамызды көрсетсек, алаш хүкiметiмiз деп тырысып тұрсақ, бiздi ешкiм басынбайды. Һүкiметi бар, әскерi бар жұрт деп бiзбен әркiм есептеседi» (Қайтсек жұрт боламыз?).
«Әлеумет қызметін қазақ-қырғыз әкімшілік, төрелік деп ұғынудан арылғанша, біздің ісіміз ілгері баспақ емес. Соның үшін «әкімшілік емес, әлеумет қызметі деген» ұранды жаңғыртудан тоқталмай, жалпы жұртты да, жаңа өспірім жасты да осы бағытта баули беру керек. Әлеумет ісі сонда көркейеді» (Әкімшілік емес, әлеумет қызметі).
Тарих талқысы жұрт сыналар өткір тез екенін тереңнен бағамдап отырған тарлан тұтас қауым жауапкершілігіне күндердің күнінде сұрау болатынын түйіп, түптің түбінде қазаққа да бақыт заманы туарына үмітін жоғалтпайды. «Өткен iс сынауға оңай» (Мүфти сайлау) болатынын түйгенде, өткенге өкінбей, ғапілдіктен ғибрат алып, кейінгі буынның көз жасына қалмауды аманаттады. «Ғадiл таразы құрылар күн туса, қазақ халқы да есеп берушi екенiн сiздер ұмытпаңыздар!» (Қазақ халқының бас адамдарына). «Қараңғыны жарық, надандықты ғылым жеңiп, бiздiң жұртқа да денсаулық, бақыт, байлық заманы бiрте-бiрте туар» (Аурудың аз болуына не керек?). «Өткенге өкiнуден пайда жоқ. Тек сол ғапiлдiктен ғибрат алып, өзiмiзден кейiнгi жас буынның қамын жеп, қайғысын ойлайық, көз жасына қалмалық» (Оқушыларға жәрдем).
«Жүз айтсақ та бiр тiлек: надандық түнегiнде адасқан бейшара қазақ халқын жетектеп жарық дүниеге шығарушы қаһармандарға мұқтажбыз. Тiлесе кiсi жоқ емес, уақыт та өткен жоқ» (Қазақ халқының бас адамдарына) деп дәуір шындығымен бетпе-бет келген марғасқа ұлттық ояну ұранын көтерді. «Бiз, қазақ санымызда, жұрттығымызда, ата-бабамызда басқа елден кемдiгiмiз болмаса да, ұлт iсiне, ұлт намысына келгенде өте кемдiк қылып, қатты ұйықтап кеткенбiз» («Пайғамбар заманы» Жазушы Мәнен Тұрғанбайұғлы. Бастырушы Қалжан Қоңыратбайұғлы) деп күйінгенімен, ежелден еркіндік аңсаған елінің санасын ойлы сөзімен серпілтті: «Қазақ баласы ендi оянбасаң, мәңгiге шейiн ұйқың ашылмай, қараңғыда, құлдықта, тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында кеткенiң» (Тарихи жыл).
«Бiздiң ойымызша, бiзге де осы өнерлi жұрт жүрген жолменен жүрмей болмас. Олар құрық таянып, мал артынан жүрмеген, аз ұйықтаған, аз күлген, мектеп-медресе салған, күнi-түнi оқыған. Жарық көрейiк десек, бiз де солай етелiк» (Ай астында еш нәрсе басқарылмай тұрмақ емес) (Ничто не ново под луной) деген байыптауымен ояну дәуірінің рухында оқу-ағару, өнер-білім, ғылым-ілім жолын нұсқады.
Тіршілік таласы, ғұмыр бәйгесіндегі қазақ көшінің кем-кетігін саралаған «Жазу тәртібі», «Қазақ жайлы», «Пайғамбар заманы» (Жазушы Мәнен Тұрғанбайұғлы. Бастырушы Қалжан Қоңыратбайұғлы), «Надандық құрбаны» т.б. мақалаларындағы «Тiршiлiк – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үйлестiрушi. Озғанға қарай бәйге бередi. Жарыстың алды боп келген бәйгенiң алдын алады, ортасы боп келген ортасын алады, соңында қалған бәйгеден тiптi құр қалады. Дүниенiң iсi осылай болған соң адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейдi. Озғанның iсi қай орында да болса, үстiн түсiп, қалғанның iсiн баспақшы. Ғылым, өнерiмен асқандар бiлiмсiз, өнерсiздердi бiлiмiмен жығып, аяғына баспақшы» (Қазақ жайлы). «Су ақса тазарады, адам баласы талаптанса, iзденсе ысылады» («Пайғамбар заманы» Жазушы Мәнен Тұрғанбайұғлы. Бастырушы Қалжан Қоңыратбайұғлы) сипатындағы түйінді нақылдары шынайылығымен сүйсіндіреді.
Өткір қалам иесі қай тақырыптағы болмасын мақалаларындағы нақылдарымен ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылумен қыл көпірден өтудегі қоғамдық жауапкершілігімізді санаға құйып отырды. Жатқа тізгін берген елдің келелі істерінде өзгеге емес, өзіне сенуіне имандай ұйыта алды.
«Бiзде негiзгi бiр зор адасқандық – өз iсiмiздi өзiмiз iстемей, өзгеге сенгендiк» (Қазақ жайлы).
«Һүкiмет халыққа таянып iс қылуға тиiс. Үнемi һүкiметке сүйенген халық iлгерi баса алмайды» (Қазақ-қырғыз мәселесі).
«Халықтың өзі ұйымдасып өз керегiн өзi алуға, өзiн-өзi билеуге тырысуы керек. Үнемi мойынға дорба салып,«менi жарылқа, менi асыра, менi теңгер» деп қайыршылық қылуды қою керек» (Қазақ-қырғыз съезі).
Қазақ қоғамының жоғын түгендеуімен кем-кетігіне үңгіп, олқылықтарына сын көзімен қараған санаткер туған халқына: «Кәсіп қыл, мал жи, адал еңбек ет, шаруашылығыңды түзе, ұрпағыңды дұрыстап тәрбиеле, өзіңе сен, харекетшіл бол» дейді. Бұл арнадағы нақылдары да заман талабы мен уақыт сұраныстарына толы тағылымды ойларға құралған.
«Әуелi егiн егiп, сонан кейiн құдайдан жаңбыр тiлеу керек» (Кімге өкпелейміз?).
«Есiктен есiкке жүрiп, қайыршылықпен күнелткен тiршiлiк қандай, өз бетiнен кәсiп қып, мал жиып, өз еңбегiмен күн көрген тiршiлiк қандай? Қайыршылықпен күн көремiн деген – оңбайтын адамның iсi, сұраумен молығамыз деген оңбайтын жұрттың iсi» (Қазақ жайлы).
«Әркiм әрнәрсеге әуес. Мұндай адамдар оқығанда да өзi сүйетiн табиғатындағы зеректiгiне жол ашатын ғылымды оқыса, сонда ғана әр баптан бiлiмдi адамдар шықпақшы. Ғылым жолында iлгерi кеткен жұрттар бұл жағын өте ескередi. Баласының зейiнi не нәрсеге бейiм болса, сол ғылымды оқытады. Бұл күнге шейiн бiзде мұны ескерген қазақ жоқ. Сондықтан бiзде оқыған көп, ғалым жоқ. Хатшы көп, жазушы жоқ. Арызшы көп, адвокат жоқ. Сөйлеушi көп, шешен жоқ» (Надандық құрбаны).
«Ендi iстесең де iстейсiң, iстемесең де iстейсiң, онан да жақсы атпен шаруашылығыңды түзетiп ал. Онан артылған күшiңдi жалпы мемлекет жұмысына сал. Шаруашылық сонда түзеледi. Сонда жұрт боласың. Қатарға сонда кiресiң» (Шаруашылықты қалай түзетеміз?).
«Үнемi бiреуге масыл болып, жетiмдiк көрсек жетекшiмiз бар деп телмiре бермей, өз теңдiгiмiздi, өз елдiгiмiздi өзiмiз қорғайтын, ендi қайтып өзгеге құл болмайтын қам қылуымыз керек» (Баспасөзіміз не күйде?).
Тарих тағылымына бойлаған Дулатұлы шен алып, шекпенге мәз болған парықсыздық зарарын саралаған мақалаларында сыншылдық пайымынан жаңылған емес. «Бiздiң қазақ – «ертеңгi күннiң қамы» үшiн ер ғашты болып қажымай, кең дүнияда қызық дәурен кешiрiп, ұлы дүбiр, шаршы топта сөз бәйгесiне қосылып, жүлде алған жұрт» (Әбубәкір Ахмеджанұғлы Диваев 25 жылдық қызметі құрметіне), «Басшылық қылып ұқтырса, тура жолға сiлтесе, қазақ тартыншақ емес, елгезек халық» (Оқушыларға жәрдем), «Мал баққан көшпелi ел ерiктi сүйедi, әкеге оңай бойсұнбайды, ұрлығы да зорлығы көп болады, азаматтары жауынгер, ер болатынын» (Қазақ салты) зерделеуімен ұлтының бойындағы саф қасиеттерге бас иген Міржақып жұртын ұлт тамырынан, бастау қайнарынан ажыраудың қасіретінен сақтандырды. Елге адал қызмет етудегі ақжүрек азаматтар, ұлт зиялылары, саналы өскіннің парызы мен қарызын салмақтайды. Қазақты елдікке бастар көшелі азаматтар міндетін, халық алдында атқарылуы тиіс істерін екшейді. Ұрпақтар сабақтастығын пайымдап, тұлғалық қаситтерін, ел бастар даналығын даралап көрсетеді. Оны «Шәкірттер жайынан», «Адамға тіршілік не үшін керек?», «Учредительное собрание», «Біздің істер», «Екінші февраль», «Тіл құрал қазақ тiлiнiң сарфi (Шығарушы Ахмет Байтұрсынов)», «Кімге өкпелейміз?», «Қайтсек жұрт боламыз?» т.б. мақалаларындағы нақылдары айғақтайды.
«Орысша оқығандардың көбi жұрт жайы түгiл, өзiнiң кiм екенiн шала бiлетiн жас күнiнде школға кiрiп, онан шыққан соң елде тұрмай, қызмет етiп кететiн болғандықтан жұрт қамын ойлап артық қайғырмайды да, ненi қайғыруды бiлмейдi де» (Шәкірттер жайынан).
«Ел билеген жақсылардың ойлағаны ел қамы болмаса, әрқайсысы өзiнiң пайдасын ойлап, мұқатқаны ағайын-жұрты болса, билерде әдiлет болмаса, ендi жақсылықты жұрт қайдан күтпек керек?!» (Адамға тіршілік не үшін керек?).
«Пайдалы адамдар қандай болады? Ақжүрек таза болса. Жұртты иә сатып, иә алдап кетпейтiн болса. Халық үшiн ерiнбей қызмет етерлiк, екiталай жерде жанын қиярлық ержүректi болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретiн болса. Саясат iсiне жетiк болса. Бiлiмдi, шешен, көсем, оқыған болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса. Мiне, депутат болуға осындай адамдар лайық. Бұл сыпатты адамдар бiздiң қазақта қанша, көп пе?»
(Учредительное собрание).
«Жақсы болу үшiн депутат болу шарт емес. Депутат болу үшiн жақсы болу шарт» (Учредительное собрание).
«Һәр iстiң бағыты оң болса ғана ерушiсiн адастырмайды. Өзi қайда бара жатқанын бiлмеген адамның етегiнен ұстаушылар қайдан жол табады» (Тіл құрал қазақ тiлiнiң сарфi (Шығарушы Ахмет Байтұрсынов).
Қазақ елінің өмірлік мәселелерін көтеруде, ұлттық мүддесін қорғауда тізгін тартпаған текті ұл отаршылдық ойран зардаптары, озбыр қанаушы жүйе қалыптастырған заңсыздық пен бассыздық, құлдық сана салдарының қоғамға қаншалықты кесапатты екенін «Орынбор, сентябрь 1», «Земство не нәрсе?», «Кооперация, яғни бірігіп іс жүргізу», «Жер аудару» өзге де мақалаларындағы нақылдарымен дәйектей түседі.
Сол кездегі Ресей және басқа да алпауыт отаршыл елдердегі саяси ахуалды жіті назарда ұстаған қайраткер азаттық пен бостандыққа ұмтылған өзге ұлттар жанкештілігінен тағылым алуға ой салады. Алаш көсемсөзіне олжа салған тың тақырыптағы «Құлдар достығы. Өкінішті мәслихат», «Жұмыс хайуаны», «Гарриет Бичер-Стоу», «Тірі жүк», «Талайдың сыры ашылды», «Қазақ зиялылары», «Ұлт мәселесі һәм 10-шы партия съезі», «Жас буын» т.б. мақалаларындағы нақыл сөздерімен жер жүзіндегі құлдық атаулыға, нәсілдік кемсітушіліктерге қарсы азаматтық үн көтереді. Оларды қазақ қоғамының шындығымен үйлестіреді. Ұлтшылдық, ұлттық сезім туралы принципті ұстанымы, қара қылды қақ жарған толғанысымен бөліседі.
«Дүниеде 1 миллион еврей бар: өнерлiлiгi, өткiрлiгi арқасында бұлар еш халықтан кем емес. Еврейлердiң көрген қысымшылығының мыңнан бiрiн қазақ көрсе, әлдеқашан дүниемен қош айтысқан болар едi. Олар аздығына қарамай, азуы алты қарыс жұрттармен жағаласып теңдiкке жетiп жүр. Бұл қазақ секiлдi өнерсiз жұртқа өнеге емес пе?» (Земство не нәрсе?).
«Адамшылық һәм христиан халықтарының ұятына қарсы негрлердi құл қылу Америкада бiздiң заманымызға дейiн келiп, мұнан елу жыл бұрын ғана бiттi. Сол уақытқа шейiн 300 жылдың iшiнде Африкадағы неше ру халық ғұмыр бойы өздерiнiң жанынан, еркiншiлiгiнен қорқып, Америкадағы құл болған негрлердi көрiп, көздерiнен қанды жастар ағызып келдi» (Тірі жүк).
«Жайшылықта кiм жаман? Жұрттың бәрi жақсы, бәрi де ер, бәрi де ұлтшыл. Кiмнiң кiм екенi тар орын, тайғақ кешуде бiлiнедi» (Талайдың сыры ашылды).
«Ұлтшылдықты біз осы күні ғана жек көріп отырмыз, күні кеше мұнан үш-төрт жыл ғана бұрын коммунизм, интернационализмнің исі мұрнымызға келмей тұрғанда қазір жиреніп отырған ұлтшылдардың өзіне зар еді» (Тіл мәселесі).
«Бiздi ұлтшыл қылған нәрсе – бiздiң кемдiкте, қорлықта жүргендiгiмiз, көрiнгеннен соққы жегендiгiмiз еді» (Қазақ зиялылары).
«Адамның алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзiнен басқаның тiлегiн тiлей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшiн қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық» (Қазақ зиялылары).
«Ұлтшылдықтың мәнісі – өз ұлтын сүю, өз ұлтының бақыты болуын тілеу, өз ұлтын өзглерге жем қылмау» (Ұлт мәселесі һәм 10-шы партия съезі).
Сондықтан да қалам қайраткері халқын бақталастық, өсек-өтіріктен сақтандырып, имандылыққа, ар-ұждан тазалығына, мәдениетке баулиды. Адам бойындағы кіршіксіз саф қасиеттерді, рухани құндылықтарды этикалық-эстетикалық тереңдікпен дәріптейді.
«Дұрыстық аяқасты болып, адамның iстеген iстерiнiң негiзi өтiрiкке құрылған соң, халық та күннен-күнге кейiн кетпесе, iлгерi баспақшы емес. Бiздiң қазақтың оңбай тұрғаны да ар-ұят босағада қалып, өсек, өтiрiктерден орын алып, халыққа бапсыз нәрселердi бiрiн-бiрi мұқатуға қару қылып жұмсаудан» (Жер аудару).
«Адам баласы үмiтпен жасайды. Кiмде-кiм iстеген iсiн аңғарып, түскен бағытына, иеленген пiкiрiне иман келтiрумен жасағанда ғана көздеген мақсатына жетуге болады. Кешегiсiн ұмытқан, бүгiнгiсiн сезбеген, ертеңгiсiн қайғырмаған адам кiмге басшылық қылады? Өзi қайда барады, тұрлаусыз қаңбақтай, көшерiн жел, қонарын сай бiлiп, ғұмырын өткiзедi» (Кімге өкпелейміз?).
«Бiреуге нақақ жала жапсаң, Алла алдында кiнәлiсiң. Халық алдында ұяттысың, хакiм алдында жазалысың» (Біздің істер).
«Бiреудiң көрiнеу жауыздығын айтпаудың өзi жауыздық. Бiреудiң ұрлығын бiле тұрып айтпасаң, сен өзiң ұрысың. Бiр жұрттың тұтынып келе жатқан қалпы-салты терiс болса, оны көрсету – сол жұрттың өз пайдасы. Бiр адамның iстеп жүрген iсi ағайынға, аймаққа зиянды болса, оны көрсету де әлгi жұрттың өз пайдасы» (Біздің істер).
«Бiз кiм болсақ та, дегенiмiзге жетуiмiз үшiн, алдымен мәдениеттi болуымыз шарт» (Бүгін «Ақ жол» газетінің дүниеге келгеніне дәл үш жыл!).
«Осы бастан адамгершiлiкке, тазалыққа, дұрыстыққа құмар болмаған жас ұлғайғанда, қартайғанда ешкiмдi жарылқай алмайды» (Жастарға).
Әрбір мақаласының тақырыптық өзегін дамытып, жаңа идеялармен нәрлендіріп отырған Дулатұлы ұлттың ұлт болып қалуындағы ұрпақ тәлімінің алтын тұтқасын ұстаған қазақ әйелінің бүгінгі отбасылық тәрбиеден бастап, ертеңгі ұлыс тізгінін қолға ұстар ұлан бойындағы адамшылық асыл қасиеттерді ұштаудағы ұлағатын жеріне жеткізе әдіптейді.
«Бүкiл халықтың тәрбиесi әйелдiң қолында. Әйел – халықтың анасы. Тәрбиесiз ананың өсiрген баласы қандай болмақ?» (Әйел теңдігі).
«Күңнен ер көңiлдi, ақ пейiлдi азамат қалай туады? Күңнен күң тумақшы емес пе? Қазақ-қырғыз әйелінде теңдiк, адамгершiлiк, сүйiспеншiлiк болмаған соң, ол кiмдi жақсылап тәрбиелесiн» (Әйел теңдігі).
Жер, Дума, земство, халықаралық саясат, шаруашылық, экономика, қазақ сиездері, ұлттық әскер, халық соты, денсаулық тақырыбындағы «Жер мәселесі», «Үшiншi июнь законы һәм қазақ», «Земство не нәрсе?», «Земство һәм қазақ», «Кооперация, яғни бiрiгiп iс жүргiзу», «Австрия – Сербия арасы», «Түркиядағы капитуляцияны жоғалту», «Шаруа кеңесі», «Государственная дума һәм солдаттық мәселесi», «Государственная дума», «Қазақ съезі», «Земство жайы», «Жалпы қазақ-қырғыз съезi», «Қазақ-қырғыз съезi», «Шаруашылықты қалай түзетеміз?», «Халық соты», «Мемлекет салығынан кім артық пайдаланады?», «Сот ісі», «Сот қайтсе түзеледі?», «Аурудың аз болуына не керек?», «Чума жайынан», «Чума қандай ауру? Одан қалай сақтану керек?», «Денсаулық жайынан», «Қазақ доқтыры керек», «Дененің тәрбиесінің негізі – жаратылыс күштері» т.б. мақалаларындағы ойөріс шалқарындағы нақылдары да қазыналы ойға тұнып тұр.
«Сот түзелмей, халық түзелмейдi. Сот халықтың жайын, салтын, рәсiмiн, тiлiн бiлмесе, сот емес, ол – сор» (Халық соты).
«Адамның денесiне үлкен пайда беретiн жаратылыс күштерi – күн, су, ауа. Қандай дәрi, қандай дәрiгер болса да, адам денесiне күн, су, ауадай пайда бере алмайды» (Дененің тәрбиесінің негізі – жаратылыс күштері).
Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды әркез гуманизм биігіндегі кенен ойымен салмақтап отырған кемел дарын ұлт тілінің ғылым мен білім биігіндегі жасампаздығына да өлшеусіз үлес қосты. Сол арқылы ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарымен бір қатарда Алаш ренесансының бастауында тұрды. Бұл орайда қазақ тілі, ата тарихы, ғылым, терминология, ғылыми аударма, әліпби хақындағы «Емле турасында», «Қазақ тілі хақында», «Жазу тәртібі», «Эсперанто» тілі», «Тіл құрал», «Жаңа жазу ережелері», «Әліппе мен жазу ережелері туралы», «Жауыздық низамнамасы», «Баяғы «Жауыздық низамнамасы», «Тіл мәселесі», «Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға», «Жат сөздер туралы», «Қазақ тілінің мұңы (Мыңбайұлы Жалау жолдасқа)», «Ғылым төңкерісі», «Өтірік емес, рас», «Ақтық жауап», «Цифр жазуы», «Зенченко мен Еменьевтiң қазақшаға аударылған есеп құралдары» (сын), «Орысшалаған қазақ тілі», «Қазақ, қырғыздың аты, тегі туралы», «Қазақ-қырғыз тарихы туралы» (Өтініш хат), «Қазақ, қырғыздың атын, тегін теріс ұғыну», «Қазақ тарихы туралы жобалар» т.б. мақалаларындағы ой-толғаныстарынан өрілген нақылдары өрелі.
«Мемлекет законiнен бастап, ауылный комитеттердiң iсiне шейiн, жазу әр халықтың өз тiлiнде болу керек» (Тіл мәселесі).
«Тарихы, әдебиетi жоқ халықтың дүниеде өмiр сүруi, ұлттығын сақтап, iлгерi басуы қиын. Әдебиетi, тарихы жоқ халықтар басқаларға сiңiсiп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбiгенiн, қайдан өскенiн, ата-бабалары кiм болғанын, не iстегенiн бiлмеген жұртқа, бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ» (Абай).
«Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт» (Әбубәкір Ахмеджанұғлы Диваев 25 жылдық қызметі құрметіне).
«Қазақ – X ғасырдың ар жағында көп заман бұрын өзiнiң хандары болып, өзiн-өзi билеген, ежелден қазақ атанған түрiк жұртының бiр тарауы» (Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы).
«Жазушы да – суретшi. Жақсы суретшi адамның сыртқы түрiн айтпай сала бiлсе, жақсы жазушы да адамның iшкi сырын, мiнезiн, әдетiн бұлжытпай көрсете бiледi, оқығаныңда көрiп тұрғандай боласың» (Надандық құрбаны), «Қалам қайраткерлерін бәйге атына ұқсатсақ, оларды еріктіріп, мәпелеп ұстап, жазу бәйгесіне қосу керек» («Баспасөзіміз не күйде?») деген қаламгер қазақ сөз өнеріндегі тұңғыш роман «Бақытсыз Жамалды» жазды. «Екі қыздың мұңы», «Қымбат тай», «Қуанышты күн», «Сол қыздың атын ұмыттым», «Ақыл мен ырыс» т.б. әңгімелерімен қазақ прозасын қалыптастыруға тер төкті.
Төрт перделі «Балқия» пьесасын жазған жазушы «Манап» драмасы», «Надандық құрбаны», «Қанапия Шарбану», «Қазақ театрының жылдық тойы» т.б. сын мақалаларымен қазақ драматургия және театр сынының іргетасын қалауда өзіндік қолтаңбасын қалдырды. «Бүркіт кегі» (1923) балладасымен кестелі сөзден өрнек тоқыды.
Бір өзі осыншама кемел іс атқарған энциклопедиялық білім иесі журналистік, әдеби, ғылыми, сыншылдық шығармашылығымен шектеліп қалмады. Ұлт бағына туған біртуар жан қазақтың тұңғыш математика оқулығын жазды. Қазақ тілінде математика терминдерін қалыптастырудың алғашқы ізашары болды.
Бастауыш мектептің екі жылдығына арналған «Есеп құралы» (Орынбор, 1914), «Есеп құралы: бірінші жылдық» (Орынбор, 1922), «Есеп құралы: екінші жылдық» (Қызылорда, 1927) оқулықтары, «Қирағат кітабы» (Орынбор, 1916) (Араб үлгiсiндегi жәдит жазуынан қазiргi қазақ әрпiне түсiрген: Уахап Қыдырханұлы) оқу құралы әмбебап тұлғаның әдіскер-педагог, ғалымдық болмысын даралайды. «Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу», «Халыққа ең пайдалы адамдар мұғалiмдер...» деген ағартушының «Есеп құралы» қазақтың алғашқы математика оқулығы әрі қазақ тілінде математика терминдерін қалыптастырудың көшбасшысы болуымен асқарлы.
Дәуір жүктеген әлеумет ісіне қара нар болып жегілген дегдар «Қылмыстық iстердi жүргiзудiң заңы» (Сейдәзiм Қадiрбайұлы, Таутан Арыстанбекұлымен бірге), «Ақы заңы» (Гражданский кодекс), «Ауыл шаруашылық артелiнiң уставы» (Түзетушi: агроном Әлiмкерей Ершеұлы) атты аудармаларымен қазақ топырағында әлеуметтік-саяси, ғылыми еңбектер саласындағы тәржіма өнерін қалыптастыруға үлес қосты.
Міржақыптың жоғарыда аталған оқулықтарындағы нақылдарынан отандық педагогиканың бел-белестеріндегі ұлттық таным эволюциясын бағамдаймыз.
«Бастауыш мектепте алған тәрбиесiнiң әсерлi, күштi, сiңiмдi болуы, қай халықтың мектебiнде болса да оқу кiтаптары ана тiлiмен, өз ұлтының тұрмысынан һәм табиғаттан жазылып, баяндап оқытудың асыл мақсатына муафиқ үйретуден, осылай бiлiп, баяндап оқытқанда, балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегiне ұлт рухы сiңiсiп, ана тiлiн анық үйренiп, керектi мағлұмат алып шығады. Мұндай балалар бастауыш мектептi бiтiргеннен кейiн қай жұрттың мектеп-медресесiнде оқыса да, қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегiне сiңген ұлт рухы жасымайды. Қайда болса да, тiршiлiгiнде қандай ауырлық өзгерiстер көрсе де, ұлт ұлы болып қалады» (Мұғалімдергі // Қирағат кітабы).
Ұлт руханиятының жаңа салаларында қажырлы еңбек еткен санаткер қазақ кітаптану және библиография ілімінің іргетасын қалауымен мехнаты көп тың ізденіске ұйытқы болды. Қазақ мемлекеттік баспасы қазақ тілінде кітап шағыратын бөлімін басқарған жылдары екі бөлімді «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіші» (Қызылорда, 1926-1927) еңбегімен қазақ кітаптану және библиография ілімін негіздеп берді.
Кәсіби журналистің «Қазақ» баспаханасы», «Ұлт матбуғаты», «Баспасөз үмесі», «Баспасөзіміз не күйде?», «Баспасөз қатесіз болсын!», «Газет тілі оңды болсын!», «Кітап тарату жайы», «Жаңа мәшине», «Бүгін «Ақ жол» газетінің дүниеге келгеніне дәл үш жыл», «Тілшілер сиезіне», «Баспасөзді тарату» т.б. мақалалары да қазақ баспаханасы, баспасөз жай-күйі, тілші міндеті туралы келелі ойларға толы нақылдарымен баурайды.
«Газет, кiтап сияқты нәрселер халықтың градуснигi (тамыршысы), халықтың iшкi сарайы, яғни сана, саңылауы қандай күйде тұрғанын газет һәм кiтап сияқты нәрселерден байқауға болады» (Екінші февраль).
«Мәдениетіміздің қаншалықты ілгері екенін көрсетіп отыратын қатесіз өлшеудің бірі – газет» (Бүгін «Ақ жол» газетінің дүниеге келгеніне дәл үш жыл!).
Түйіп айтқанда, мемлекет қайраткері, руханият көшбасшысы, энциклопедиялық кемел білім иесі Міржақып Дулатұлының нақыл сөздері ұлттық ояну ұранын көтерген Алаш ардақтыларының елдік жолындағы асыл істерінің өміршеңдігіне, өнегелі ғұмырларының жасампаздығына бойлататын қастерлі мұра болып қала бермек.
Сағымбай Жұмағұл. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры.
Бөлісу: