21 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ.
Бөлісу:
Дүниеге келгендер
Ақындар
1821 – Василе Александри, румын ақыны, драматург, саясаткер.
Василе ақын сыршыл лирикаларымен қатар, тарихи поэмаларымен көзге түскен ақын. Оның лирикалық өлеңдерінде француз романтикасы қылаң берсе, тарихи поэмаларында эпикалық қуаты айырықша көрініс тапқан.
1882 – Давид Бурлюк, орыс ақыны, суретші.
Давид ақын балалық шағында туған ағасымен ойнап жүріп, көз жанарынан айырылып, соның әсерінен әйнек-көзбен жүруіне тура келеді. Мәскеудің тұрғыны болған ақын, сонымен қатар, суретті де жақсы салған. Ақын В.Маяковскиймен бірге Урал, Сібір, Қиыр Шығысқа бірге сапарлас болған. Нью-Йорк штаты, Хэмптон-Бейз қаласында 1967 жылы 15 қаңтарда қайтыс болады.
Жазушылар
1893 – Ганс Фаллада, неміс жазушысы.
Шын есімі Рудольф Вильгельм Фридрих Дитцен. Ол өзінің лақап атын Ағайынды Гримдердің «Жолы болғыш Ганс» атты ертегісінен алған. Ганс Фаллада көптеген романдардың авторы. Оның шығармаларының ерекшелігі сыншыл реализмнің өкілі болғандығында.
1911 – Маршалл Маклюэн, канадалық жазушы.
Канадалық ойшыл, әдебиет сыншысы Маршалл Маклюэн ең алғаш көптеген әдеби, флиософиялық кітаптардың, мақалалардың авторы ретінде танылады. Оның «Гутенберг галактикасы» атты кітабы Канадалық биліктің сыйақысына ие болады.
1933 – Джон Гарднер, американдық жазушы.
Ұстаздар отбасында дүниеге келген жазушы алғаш рет әдеби монографиялар мен мақалалары арқылы таныла бастайды. Кейінне көптеген роман дүниеге әкелген жазушының шығармашылығы бүгінде әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
1948 – Михаил Задорнов, жазушы, сатирик.
Ресейдің Жазушылар Одағының мүшесі Михаил лирикалық, сатиралық он шақты кітаптың авторы. Ол «Алтын бұзау», «Овация» әдеби сыйлықтардың иегері.
1898 - Леонид Соболев, жазушы, аудармашы.
Жазушы Иркутскіде дүниеге келді. Социалистік еңбек ері, КСРО Мемлекеттік сыйлық иегері болған жазушы 1935 жылы Қазақстанға келген жазушы қазақ шопандарының тыныс-тіршілігі жайлы, Жамбыл шығармашылығы туралы мақалалар жазып, баспасөзде жариялайды. М.Әуезовтің «Абай» романын (1937-1945 жылдары 1-ші томын А.Никольскаямен бірге) және С.Мұқановтың «Сырдария» романын орыс тіліне аударған. Жазушы Мұхтар Әуезовке «Талант және дәуір», «Абайдың рухани інісі» деген зерттеу еңбектерін арнаған. Оның «Жасыл шұғыла», «Үшінші лек» атты кітаптары қазақ тілінде жарық көрген.
1931 - Таупық Рымжанов, жазушы.
Қазақ балалар әдебиетіндегі ертегі жанрын дамытуда аянбай тер төгіп жүрген қаламгер, Шығыс Қазақстан облысында туған. Оның «Өткелдер» атты тұңғыш әңгімесі 1965 жылы облыстық «Семей таңы» газетінде жарық көрген. Жазушының «Жалықпас шежіресі», «Аруг гүн немесе арғын тайпасының тарихы туралы», «Өлместің жұлдызы», «Зәйтүнқарлығаштың ерлігі» сынды кітаптары бар.
1899 - Эрнест Хемингуэй, американдық жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты.
Дәрігер отбасында дүниеге келген жазушының алғашқы кітабы «Біздің дәуірде» деген атпен 1925 жылы жарық көрді. Оның есімін әлемге танытқан «Қош бол, қару» романы болды. Сондай-ақ, оның «Бұқа мүйізі», «Фрэнсис Макомбердің қысқа бақыты», «Килиманджаро қары», туындылары «Бар мен жоқ», «Қоңырау кімге соғылады» романы көпшіліктің қызу талқысына түседі. Оны даңқ тұғырына көтерген әйгілі шығармасы «Шал мен теңіз» болды.
Өмірінің соңғы жылдарында гипертония және диабета секілді аурулармен қатты ауырғандықтан, жазушыны Рочестер қаласындағы Майо емханасына емдеуге жатқызады. Жазушыны емханада психиатрия жолымен емдеп, электросудорогалық терапия жүргізуге тырысты. Осындай терапияның 13 сеансынан кейін, Эрнест ақыл-есін мүлде жоғалтып, жазушылық талантынан мүлде айырылды. Қанша терапия жасағанымен, бұл ем жазушыға айтарлықтай шипа әкелген жоқ. Эрнест жұмыс істеуді қойып, қалың депрессияға ұшырап, өзіне-өзі қол жұмсау туралы көп айта бастады. 1961 жылы 2 шілдеде Майо психиатрлық емханасынан шыққанына бар болғаны бірнеше күн өткеннен кейін, Хемингуэй Кетчумдағы үйінде мылтығымен өзін-өзі атады.
Қызық...
Хемингуэй Vincenzo Bernardelli мылтығымен өзін-өзі атқан. Қазіргі кезде мылтықтың бұл моделі Hemingway деп аталады.
Қайтыс болғандар
1985 — Алва Бесси, американдық жазушы.
Еврей отбасында дүниеге келген жазушы алғаш «Соғыстағы адамдар» мемуарымен танылды. Жазушы, сонымен қатар, көптеген фильмдердің сценарийлерінің авторы ретінде танымал.
1979 — Людвиг Ренн, неміс жазушысы.
Людвиг Ренн әскери-тарихи мақалалар және кітаптардың авторы. Балаларға арналған да шығармаларымен танылған.
1796 — Роберт Бёрнс, Шотландия ақыны.
Қуандық Шаңғытбаев, Өтежан Нұрғалиев сынды қазақ ақындары арқылы қазақ даласына үні жеткен белгілі қаламгер Бернс Роберт Шотландияның Эр қаласындағы Аллоуэй қыстағында шаруа отбасында дүниеге келді. 15 жасынан өлең жаза бастаған ақын “Екі бақташы”, “Әулие Виллидің дұғасы” атты поэмаларымен танылады. 1786 жылы “Шотланд диалектісінде жазылған өлеңдер” деген бірінші кітабы жарық көрсе, 1787 жылы Эдинбургке келген соң, оның екінші жинағы жарияланады. Ақын көп жылдар бойы туған халқының фольклорын жинаумен айналысады. 18 ғасырдың аяғындағы француз революциясына үн қосып, “Бостандық ағашы” өлеңдер циклін жазады.
Айтулы оқиғалар
1917 жылы (100 жыл бұрын) Орынбор қаласында I жалпықазақ съезі өтіп, онда қазақ интеллигенциясының өкілдері «Алаш» партиясын құру туралы шешім шығарды.
1993 жылы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының орталығындағы Қазан төңкерісінің 50 жылдығы атындағы көшеге жазушы Оралхан Бөкейдің есімі берілді.
1995 жылы Бішкек қаласында «Манас» эпосының 1000 жылдығына және ұлы Абайдың 150 жылдығына орай халықаралық ақындар айтысы және манасшылар конкурсы басталды.
2007 жылы (10 жыл бұрын) Гарри Поттер туралы ағылшын тілінде жетінші кітап жарық көрді.
Дайындаған: Наурызбек САРШАЕВ
Бөлісу: