Тілеубек Ыбырайымұлы. Өзің едің әр кезде ынтыққаным...
Бөлісу:
ЫСТЫҚСЫҢ НЕТКЕН ТУҒАН ЖЕР
Өзің едің әр кезде ынтыққаным,
Қаламадым сезімнің тұншыққанын.
Тартып міндім ат жалын қыратыңда,
Сенде тамды ең алғаш кіндік қаным.
Сенің ыстық сай-салаң жартасың да,
Саған деген от сезім тарқасын ба.
Менің осы шап-шағын туған жерім,
Көрініп тұр әлемнің картасында.
Кең тыныстап, беткейде көсілемін,
Өзіңде екен байлығы несібенің.
Жұмақ жері басқаның керек емес,
Жер ұйығым туған жер осы менің.
Тауларының бұлт сүйіп ұшар басын,
Алқасындай тағынып тұмар тасын.
Жауқазын гүл жайқалып шыққан кезде,
Көңіл шіркін сүйсініп құмартасың.
Ата салтын ұрпағы бұлжытқан ба,
Айтылыпты ән-жыры жылжып таңға.
Қоштасыпты хан Кене Есілімен,
Түстік жаққа жасағын жылжытқанда.
Туған жерің көңілді мұздатқанба,
Көтеріпті есіл ер зіл батпанды.
Ереймен деп ән сапты Иманжүсіп,
Сағынышы жүрегін сыздатқанда.
Ыстықсың сен туған жер сағындырған,
Тылсым күш бар бойыңда табындырған.
Өтті өзіңде балғын шақ бала кезім,
Көз алдымнан көлбеңдеп сағым жылдар.
Елжіресін ет жүрік егіл мейлі,
Ынтымақта ырысың төгілмейді.
Сүйе білсең туған жер кең өлкеңді,
Ел іргесі ешқашан сөгілмейді.
ТӘУЕЛСІЗДІК
Байтақ елім созылған Тұран алып,
Көк аспаның мөлдіреп тұнады анық.
Жаратқанның сыйы бұл көктен түскен,
Қол қусырып тағзым ет, тұра қалып.
Шартарапқа шұғыла жетер демде,
Көңіл өсіп көк Туды көтергенде.
Аңқылдаған ақ пейіл бұл ағайын,
Көз алартып көрмеген бөтен жерге.
Ши түбіндей тірлігі балақтаған,
Жасамағын бабалар олақ қадам.
Туған жерін тұмардай қасиеттеп,
Ел шетіне ешкімді жолатпаған.
Атой салып дұшпанға жасын болып,
Еркіндіктің құлады тасын өріп.
Қалың қолын қаптатып қарсы шықты,
Кенесары жауына басын беріп.
Өтті уақыт, су толып жылғалары,
Іштен тынып, көзден жас құрғамады.
Аңсап күтте ақ таңын азаттықтың,
Игі жақсы қазақтың тұлғалары.
Өтті талай зобалаң өктемдіктен,
Сызат түсті жейдеге еппен тіккен.
Тәуелсіздік таңы атты арайланып,
Кең жазира даламда көптен күткен.
Туған елді жаратқан жүрсін жебеп,
Арттырады айбынын тірлік демеп.
Көш түзеген осынау ұлы жолда,
Жұдырықтай жұмылған бірлік керек.
Сақтағайсың елімнің тыныштығын,
Еркін оймен кеңіді тыныс бүгін.
Бейбіт елдің толағай ұландары,
Берекелі бастайды жұмыс күнін.
ҚАРАТАУ ЖЫРЫ
Жотасы биік созылған таулар қатпарлы,
Афсана аңыз қашалып жатса жатталдың.
Қойнауы толған толғатып тұрған шежіре,
Көненің көзі, белгісі жатыр сақтардың.
Тақта тастарда қашалған белгі қаншама,
Тіршілік сырын түсіне білуді жөн сана.
Ғажайып әлем, тылсым бір дүние ағайын,
Жетелей түсер үңіле білсең тамсана.
Жылыстап кеткен жылдардың сырын ұқтырып,
Қаратау сөйле, жанарда мөлдір шық тұрып.
Көне тарих парақтап ашса беттерін,
Заман көші әкеткен бәрін ықтырып.
Жотада жатыр бабаның салған соқпағы,
Түнеріп тұрды арайлап атар ақ таңы.
Қонысын тастап, ата жұртынан ауған елі,
Үдере көшіп, Арқаға барып тоқтады.
Айбыны асқақ таулардан дұшпан сескенер,
Аңғарда туып, ат жалын тартып өскен ер.
Мұнартып тұрған жотаны қимай қарайды,
Қаратау асып, Арқаға қарай көшкен елі.
Дүбірлеткенде, даланы шаңға бөктеріп,
Ерлері елдің, кеудеде намыс, кек тұрып.
Шие бөрідей шулаған қалың ойраттың,
Қырқадан сонау жағымсыз үні жетті ұлып.
Қаруы қолда түн қатып көзін ілмеген,
Кезеңдер өтті жайдары жүріп күлмеген.
Асыра қуып құба белдерден жауларын,
Ер жүрек ұлдар қаймығу дегенді білмеген.
Бәрінде көрдің Қаратау абыз батырсың,
Таңдарды талай ұйқысыз мүлгіп атырдың.
Сайын далаңда саялап жүрген еліңнің,
Тілеуін тілеп, биіктен қарап жатырсың.
ТЕРІСКЕЙ
Ақ таңдары даламның атқан тұнық,
Қойнауында байлығы жатқан тұнып.
Сонау байтақ алқапқа көз салады,
Қарт Қаратау сілкініп тақтан тұрып.
Сырға толы Қаратау қатпарлары,
Ұзын сонар шежіре жатқан бәрі.
Құт, береке дарыған дархан далам,
Ел байлығы емеспе баққан малы.
Жұтаң жер деп бейтаныс таңғалады,
Қораш көріп осынау маң даланы.
Бойға қуат, ойыңа шуақ берген,
Теріскейдің ерекше таң самалы.
Мұның жаңсақ ағайын, теріс дер ем,
Азаматы ақ берер беріспеген.
Құздарында қалықтап қыран құсы,
Құба жонда төрт түлік өрістеген.
Дүбірлеткен тірлігің тыншымапты,
Бөктеріңде гүл ғұмыр бүршік атты.
Жазиралы жасампаз ұлы далам,
Сай, салаңнан бастаулар ыршып ақты.
Күй күмбірлеп ән, жырға тұнған далам,
Жан жылуын, жазира қырдан табам.
Салиқалы ойларын ортаға сап,
Төскейіңде мәжіліс құрған бабам.
Құшағы ашық, білмейтін тарылғанды,
Биік ұстап, абырой, арын, мәңгі.
Ұясынан ұшырдың баптай біліп,
Талай, талай марқасқа дарындарды.
О туған жер, теріскей еңсең биік,
Қыратыңнан гүл терген еркем сүйіп.
Өтелген бір парызға саналар ма,
Жыр маржанын өзіңе берсем жыйып.
ХАН КЕНЕНІҢ МОНОЛОГЫ
Дүлдүл ойлар мазалап санадағы,
Тар қапасқа қашанғы қамалады.
Өзім мұнда жер басып жүргенменен,
Асқақ арман жұлдыздай барады ағып.
Алмас қылыш қынапта көнергенбе,
Айға білеп азуды келем менде.
Ұл боп туып атадан намыс қайда,
Қорғамасам осынау кең өлкемді.
Елім үшін ойымды айта білдім,
Арғымаққа қалың қол қайта мінді.
Сүйем, жерің туған ел ыстық маған,
Қорғай алам кең дала байтағымды.
Абылайдай атамды алмастырып,
Алға апарам тірлігін жалғастырып.
Бүлік салған бүйедей келімсекті,
Қоя алмаспын жағама жармастырып.
Ынтымағы паш етер адамдықты,
Сонысымен әр кезде қоғам мықты.
Елім десем елестеп қара көздер,
Жолатпаймын халқыма бодандықты.
Талай таңды көз ілмей атырамын,
Атырамын дел-сал боп отырамын.
Мынау жатқан қалың ел бауырларым,
Тезегіндей жылқының шашырады.
Бірлік кетті тас түйін ұйыспады,
Тар болғандай өзіне құйысқаны.
Қайран менің кең қолтық ағайыным,
Бірін-бірі жау көріп жуыспады.
Сына болып қағылды ел ішіне,
Күріш емес күрмек сап келісіне.
Ұлықтардан шен тағып кей бауырлар,
Сия алмай жүр ісініп терісіне.
Айран болған ынтымақ іркіт болды,
Запыран боп ішімде кілкіп толды.
Кей ағайын етекке жабысқанда,
Ту сыртымнан жалбағай бүркіт қонды.
Ой бөлініп он саққа серпілмеді,
Тар кезеңде алқындым тер сіңбеді.
Мына дұшпан ірітіп ел арасын,
Қысқа жіпті күрмеуге келтірмеді.
Ой, сұмдар-ай сыналап кіріп алып,
Осал тұсты тапқандай күліп алып.
Атой салып апшысын қуырар ем,
Көк найзаны қолыма іліп алып.
Буырқанған бұла күш асып-тасып,
О, тәңірі рухты жасытпады.
Жұдырықтай мына жұрт жұмылғанда.
Тұрар еді-ау хас дұшпан иіп басын.
Жарып шығар айлам бар топты қалың,
Сұр жебедей жасақты қаптатамын.
Боз жусанын даламның қалай ғана,
Табанына жат жұрттың таптатамын.
Таптатпаймын белімді будым бекем,
Қоян жүрек мен емес қуғын жеген.
Ел шетіне ентелеп келген жауды,
Құба жоннан асыра қудымбекен.
Дүлей күштер шулығын өрлеп ағып,
Елін сүйер ұлан бар көргем анық.
Кейбір жұртым ойымды түсінбеді-ау,
Тебінгіні жүргенде терге малып.
Мына халқым түбінде түсінеді,
Жаттан іздеп жақсылық ісімеді.
Шамырқанған ыза, кек көкіректе,
Асау аттай бұлқынып кісінеді.
Қайрақ болып жанамын намысымды,
Азуын ақситқанның жағы сынды.
Түн ұйқымды төрт бөлдім елім үшін,
Қадір тұтсаң болмай ма арысыңды.
Бір бақытты күткендей сайын далам,
Жел соғарын жылымық пайымдағам.
Шікірейіп шен таққан шекпендіге,
Ұлылығын елімнің мойындатам.
Досы мақтап, дұшпаны күйінетін,
Сақасындай құлжаның иіретін.
Мынау елдің бағына бір ұл туар,
Ұлтын сүйіп ұршықтай үйіретін.
Абыройың асқақтап жарқылдар ма,
Ел еңсесін көтерер жарқын жолда.
Азаттықтың ақ таңы атар әлі,
Шар болаттай шыңдалған халқым барда.
Күн артынан күн шықты шуақтанып,
Сол шуақтан далама қуат дарып.
Терезесі теңелді талай елмен,
Ынтымағы жарасты тұрақталып.
Көргің келсе мына бір ғажапты анық,
Ұрпақтары сом тұлға жасапты алып.
Ат үстінен көз салып мейірлене,
Кене бабам қарайды масаттанып.
27.08.2012 жыл.
Бөлісу: