Қуат Құрмансейіт. Кенжекеңнің күпісі
Бөлісу:
Бүгінгі қазақ қаламгерлері арасында «Шерағаңның шекпенінен» шыққанын немесе «Темағаңның тепкісінен» өткенін мақтан ететін үрдіс бар екені мәлім. Жарасымды-ақ. Тамаша. Ал өз басым, қарапайым журналист-баспагер ғана болсам да, күні бүгінге дейін тындырып тастағаным жоқ болса да, «Кенжекеңнің күпісінен» шыққаныма немесе «Кенжекеңнің кухнясында» тезден өткеніме қуанам һәм мақтан етем. «Етем» деймін-ау, анығы – «етеміз». Өйткені тап осындай түсініктегі жігіттер аз емес. Алымы мен қарымын қалың елге кең көлемде мойындата бастағандар да баршылық бұл санатта.
Әрине, «Кенжекеңнің күпісі» деген – тың ұғым, біреу қабылдар, біреу қабылдамас, ол – әркімнің өз еркі. Менің айтып отырғаным – өз патша көңіліміздің пәрмені.
Ойыма осыдан кемі 20 жыл бұрынғы бір оқиға орала береді.
1990 жылдардың басында Жезқазғанда тұңғыш облыстық мүшәйра өтіп (ол кезде Жезқазған – дербес облыс), сол мүшәйрада Кенжебай Ахметов деген ақын бас жүлде иеленгенін Ұлытаудың Торғаймен шектес бір қиырындағы ауылымда жатып, баспасөздегі шағын ғана хабардан оқып білгем. Облыс көлеміндегі ақындарды сырттай болса да жақсы танып қалған кезім ғой. Аң-таңмын: «Құдай-ау, бұл Ахметові кім?.. Қуаныш Ахметов емес пе екен?.. Редакциядағылар қателесіп, бәлкім...»
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Мұқағали мен Фаризаның үш кездесуі
Ауылдағы ең «көзі ашық» «Дәридай» (Мұқаш) ақыннан сұраймын... Ол да таң-тамаша... «Апам да аң-таң, мен де аң-таңның» кебі тура...
Арада бірер күн өткенде облыстық газетте сол мүшәйрада жүлде алған ақындардың өлеңдері жарияланды, шағын ғана өмірдеректері қоса беріліпті. Әлгі Ахметов ЖезУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына жуырда келген оқытушы екен. Бір қызығы – өлеңі біреу-ақ... Өзі бар-жоғы бес-ақ шумақ... Аты – «Алақан». Салған жерден «тосындау», «біртүрлілеу» көрінген сол өлең, өзім де қайранмын, санада тез жатталып қалды және әлі күнге жадымда...
Көп ұзамай ЖезУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің студенті болдым. Бірақ мектепті енді ғана тәмамдаған «сары ауыз балапан» емес, өзімше аудандық газетте бірнеше жыл тілші болып үлгерген, өмір көрген, арғы-бергі әдеби дүниелерден біршама хабардар, өзіндік көзқарасы, ұстанымы, көрген-түйгені бар адаммын. Өз көңілім ғой бұл. Сөйтіп жүргенде ой-санама «төңкеріс» жасаған бір жағдай болды.
Негізі, студенттік алғашқы күндерден-ақ абырой-атағы дүркіреп тұрған қос ақын ұстазымызға – Ғазекең (Ғазиз Ештанаев) мен Кенжекеңе үйірсектеу едік. Бірақ, кураторымыз болғандықтан, Ғазиз ағамыздан жиі «таяқ жей» бастадық. Әсіресе, Ерсін екеуіміз... Өзімізден ғой, әрине, бәрі... «Жаман болыңдар» демейді ағамыз, «Жақсы болыңдар» дейді... Кездескен жерде «сілкіп-сілкіп, шаңымызды қағып» қоя береді. Бірақ аяқ астынан «жақсы» боп шыға келу оңай емес екен... Сол себептен енді, ішіміз қанша жақсы көріп тұрса да, Ғазиз ағамыздың төбесі көрінсе айналып өтуге тырысатын болдық. Есесіне жоғары курстарға дәріс оқитын Кенжекеңе үйірсектігіміз молая түсті. Өйткені ол біздің «шаңымызды қақпайды...» (бәлкім, қақса, өз группасының «шаңын қағар», кім білген оны).
Бір күні үйінде болудың сәті түсті. Сол күні ғой әлгі менің санамда «төңкеріс» болатыны. Несін жасырайын, әдебиет әлеміне, жалпы руханият дүниесіне, қоғамда қалыптасқан сан түрлі оң-теріс құбылыстарға, жекелеген тарихи тұлғаларға қатысты өзімнің білем деп жүрген, білдім деп жүргенімнің талайы түкке тұрмай қалды...
Жылтыр сөз, жадағай әңгіме емес ұстаздікі, нені айтса да түбірінен қозғап, қазып айтады. Себеп-салдарын жіліктеп, мәселенің мәнісін миыңа құйып береді. Ағыл-тегіл білім, дәлел-дәйегі мықты. Бірақ қарапайым. Аузымды ашып, көзімді жұмдым десем артық емес... «Шығысым батыс», «терістігім түстік» боп кетті... Содан бастап Кенжекеңнің сол кездегі онсыз да құрқылтайдың ұясындай ғана бір бөлмелі пәтеріндегі «кухняның» тұрақты «мейманының» бірі болдым. Кейде мен секілділер бірнешеу болып кетеміз. Оған кейістік білдірер ол жоқ. Қыста – «кухня», жазда – балкон ұямыз. Ара-тұра төр де бұйырып қалады...
Ұстаз сөзіне ылғи ұйып, бас изей бердім десем жалған болар, өз түйін-тұжырымымды қорғап, сан мәрте шыр-пыр болғаным да рас. Ой-санама мызғымастай етіп шегелеп тастаған түсініктерімнің талайы төңкеріліп түсіп жатса қайтем енді?.. Бірақ тап сол «Жоқ, олай емес, олай болуы мүмкін емес» дегенімнің уақыт өте келе «нақ солай» екенін, өзімнің бірталай жәйтқа байланысты ағат пікірде болғанымды мойындай бастадым, анығы – мойындатты ұстаз. Мойындатып қана қойған жоқ, өзім қаншалықты қабылдай алсам, ой-түсінігімді соншалықты байыта, нәрлендіре түсті. Жарықтық Абай атамыз «Дүниеге көзімді ашқан – Михаэлис» деуші еді ғой. Менің көзімді... жо-жоқ, біздің көзімізді ашқан – Кенжекең. Иә, талайлардың көзін ашты, санасына «төңкеріс» жасады ол.
Шығармашылық саласында қандай да бір толымды істер тындыру үшін міндетті түрде Астана мен Алматыда болу керек деген секілді немесе шалғай өңірлердегі таланттарды, олардың еңбектерін кең көлемде танып-білмейтіндей көретін бір түсінік бар ғой. Тап осы түсініктің қате екеніне Астанаға алғаш келгенімде-ақ анық көз жеткіздім. Мәселен, біздің ұстазды, оның еңбектерін көп адам біледі екен. Және анау-мынау емес, өңшең қасқалар. Тағы бір қызығы, солар Кенжекеңнің әр жанрда қалам тербейтінін біледі, біле тұра, әрқайсысы оны өз саласына икемдей сөйлейді, өзі тер төгіп жүрген жанрдың санаулы мықтыларының бірі деп мойындайды. Мәселен, ақындар Кенжекеңді ең әуелі тамаша ақын деп таныса, филолог ғалымдар – үлкен әдебиеттанушы ғалым деп түсінеді, драматургтер – драма жанрының шебері, прозашылар – майталман прозашы деп таниды. Керемет емес пе, ә?!
Көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, аңқылдаған ақжүрек ағам Серік Тұрғынбеков айтады бірде: «...О, Кенжебайдың қыр-сырына қанықпын мен, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат қой ол. Өзі ақын, өзі прозашы, өзі драматург, өзі аудармашы, өзі ғалым, өзі ұстаз... Жезқазған жерінде Менделеев кестесіне тән қанша кен байлығы болса, Кенжебайдың да жүрегінде қазақ халқына қажетті сонша қазына жатыр ғой, шіркін! Бірақ мен үшін ең әуелі ол – ақын, ақын болғанда да нағыз ақын. Сан мүшәйрада аты озды, қайсыбір жылы республикалық «Бір өлең – бір әлем» мүшәйрасында жүлдегер болды. «Қоңыр күй» деген шағын жыр жинағын оқыдым өткенде. Өлеңдері – мынау!» Бас бармағын қайқитты Серік ағам.
Белгілі қаламгер, прозашы әрі драматург, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы Думан Рамазаннан естігенім: «Кенжекеңді әр қырынан танушы ем, әсіресе драматург ретінде өте қадірлейтінмін. Басқасы басқа, Абайдың 150 жылдығында республикалық театрлар фестивалінде бас жүлде алған «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадымы» керемет қой! Анау кезекті бір республикалық драматургтер конкурсында Гран-при иеленген «Қанда бар ғой, қанда!..», тағы бір жоғары деңгейлі байқауда жүлдегер болған «Шырақ» пен «Құданың өзі, құдайдың «көзі» келгенде» секілді драмалары да шын шебердің қолынан шыққан туындылар. Жуырда «Алағай да бұлағай бір дүние» атты ертеректе шыққан прозалық кітабы қолыма түсті. Драмасынан прозасы бір мысқал кем емес екен. Тамаша!..»
Ал тағы бір қабырғалы қаламгер, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, анау-мынауға аса елең ете қоймайтын Тұрсын Жұртбай бір жолы былай деді: «Әй, бала, Кенжебай әлі Жезқазғанда ма осы? Көрсең, сәлем айт, өткенде Қытайда бірнеше ай болып, сол елдің жоғары оқу орындарында дәріс оқығанымда оқытушылардың да, студенттердің де қолынан «Әдебиеттану әліппесі» деген оқулығын көрдім. Сұраныс жоғары екен сол кітабына... Өзінің не ойлап жүргені бар? Қиян шетте жатып алғаны жетер енді. Мықты әдебиеттанушы екені рас, өзін сол бір қиырда жатып-ақ танытқаны тағы рас. Ондай азамат, бәлкім, Жезқазғанға да керек шығар, бірақ үлкен талантқа кеңістік, үлкен орта керек қой. Қуатты мұзжарғыш кемеге шалқар айдын қажет. Бәрін білгенде соны неге білмейді ол?..»
Өз ұстазым жайлы осы тектес шынайы лебіз-пікірлерді аз естігем жоқ. Әр жолы іштей марқайдым. Керек десеңіз, «Кенжебайдың шәкіртімін» деген бір-ақ ауыз сөздің әсер-күшін де аңғарып үлгердім. Қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызымен алғаш жүздескенде жөнімді сұрап, кімнен дәріс алғанымды білген сәтте: «Солай ма еді, болды ендеше, басқа анықтаманың қажеті жоқ мен үшін. Ахметовтің алдын көрсең, бірдеңе білетінің анық», – дегені бар. Мен, әрине, марқайдым, «бірдеңе білетіндердің» қатарында екеніме де қуандым. Қуана тұрып, ұстазыма іштей мың-мың алғыс жаудырдым.
Иә, көрнекті қаламгерлер мен әдебиетші ғалымдар тарапынан Ахметовтің «адресіне» айтылған сүйінішті сөздердің талайына куәмін. Бірақ оның бәрін тізбелей беру шарт емес. Әрі осы бірер пікірдің өзі-ақ көп нәрсені аңғартары анық.
Меніңше, Кенжекең туралы, оның бүгінге дейінгі сан салалы шығармашылығы жайлы сөз қозғағанда аттап кете алмайтын үлкен бір арна бар. Ол – аударма саласы.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында мәдени-тарихи жәдігерлерді қайта жаңғырту, қыруар төл рухани қазынамызды ұлт игілігіне жарату жұмыстарының қызып тұрған кезі. Өзім қызмет істейтін «Фолиант» баспасынан осы бағдарлама бойынша өте күрделі, көне замандардан сыр шертетін бірталай кітап орыс тілінен қазақшаға аударылып, мемлекеттік тапсырыспен жарық көруге тиісті. Жоғарыдан талап қатаң, уақыт тығыз. Осының қолынан келеді-ау деп сенген бірнеше тәржімеші көкелер «батпаққа батырып» тынды. Ал қазақша атауы «Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы» болуға тиісті екі кітапқа мүлде аудармашы табылмай жатыр. Ешкімнің жүрегі дауаламайды. «Жан мұрынның ұшына жетті» дегеннің кебін киіп отырғанымызда ойыма құдай берген Кенжекең түсе кеткені. Дереу хабарластым:
– Осылай да осылай... Ешкім тәуекел ете алмай отыр... Сізден ғана үміттіміз... Қаламақы төленеді...
Елпілдетіп-желпілдетіп-ақ жатырмын қолдан келгенше. Кенжекең сол баяғы саспайтын қалпы:
– Е-е... солай де... Қиналысыңды сезіп тұрмын... Қай уақытқа үлгерту керек?..
– Жарты жылдан сәл ғана артық уақытымыз бар...
– М-м... Тығыздау екен... Көрейік... Жібер... Бір жөні болар...
Жібердік. Тұп-тура алты айда Кенжекең екі кітаптың да дайын тәржімесін қолымызға тигізді. Бәрі орнында, артық-кем ештеңесі жоқ. «Уф!» дедік. Дедік те, өмірі істемегенімізді істеп, өндіріске бір-ақ айдадық. Ай, айналайын ағатайым-ай!
Бұдан соң Астанадағы тағы бір айтулы баспа – «Аударма» баспасынан едел-жедел бірнеше кітап шығарды. Солардың алғашқысы – «Ежелгі Шығыс әдебиеті» атты жинақ. Біздің дәуірімізге дейінгі кезеңдерде дүниеге келген, ежелгі замандардағы Мысыр, Шумер, Вавилон, Хетт, Қытай, Үнді, Иран, Еврей әдебиеттерінің шығармалары жинақталған, сан алуан стиль, сан алуан мәнердегі көркем, діни-философиялық және тарихи сипаттағы, орыс тілінен тәржімеленген бұл дүниелердің ана тілімізде қалай мүлтіксіз сөйлегені, сапасы мен көркемдігі туралы қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы, талай-талай тамаша тарихи-танымдық еңбектердің авторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қойшығара Салғараұлы «Егемен Қазақстан» газеті бетінде өзінің жоғары пікірін айтып, лайықты бағасын берген. Ол кісіден асырып не айтқандаймыз? Бар алып-қосарым – кең тынысты эпикалық шығармалардан бастап, екі-ақ тармақтан тұратын өлеңдерге дейінгі туындылар топтастырылған және жазылғанына қаншама ғасырлар өткен, поэзиясы мен прозасы аралас мұндай күрделі еңбекті бүгінгі оқырманға әу бастағы болмыс-бояуын бұзбай жеткізу, сөз жоқ, сом таланттың ғана қолынан келмек. Сонымен бірге, өз түсінігімше, бұл еңбек – «Әлемдік әдебиеттің құнарлы топырағы – Еуропа, яғни Батыс» деген, санаға солайша сіңірілмек болған жалған идеяға, осы идеямен ауызданғандарға пәрменді соққы.
Көп ұзамай осы баспадан келесі аударма кітабы жарыққа шықты. Джованни Боккаччоның «Декамерон» новеллалар жинағы. Жалпыадамзаттық рухани мәдениеттің өркендеуіне тың серпін берген еуропалық Жаңғыру дәуірі (ХІV-ХVІ ғғ.) ізашарларының бірі, италиялық Боккаччоның даңқын асырған туынды ғой бұл! Дінге қатысты қасаң түсініктер мен адам өмірінің мән-мағынасын бекершілікке балаған аскеттік ұстанымдарға қарсы гуманистік идеялар мен ой еркіндігіне негізделген және өз дәуіріндегі қоғамның тыныс-тіршілігінен жан-жақты мағлұмат беретін, негізінен көңілді юморға құрылған осынау тамаша шығарма да ана тілімізге өз ажар-келбетімен аударылды. Бұл – аталмыш баспа жанынан құрылған, тәржіме еңбектерді сараптайтын арнайы алқа мүшелерінің ортақ пікірі.
«Аударма» баспасынан жуырда ғана жарық көрген кезекті кітабы – «Құдіретті комедия». Иә, жоғарыда айтылған еуропалық Жаңғыру дәуірі көшбасшыларының бірегейі, әйгілі Данте Алиьгери он төрт жыл ғұмырын арнаған, әлемдік әдебиеттің інжу-маржандарының бірі саналатын кәдімгі «Құдіретті комедия». Өзіне дейін ешқандай қазақ аудармашысы тәуекел ете алмаған немесе «тісі батпаған» бұл тұңғиық та тылсым сырлы таңғажайып туындыны қазақ тілінде сөйлетуге кезінде Мұқағали Мақатаев тәуекел еткені мәлім. Өкінішке қарай, толағай таланттың ғұмыры қысқа болды, қолға алған ісі толық аяқталмай қалды.
Мұқағали демекші, белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев өзінің Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Ж. Нұрғожаевқа берген сұхбатында бір кездері Мұқағалимен бірге қызметтес болғанын айта келіп, былай дейді: «Бір күні Мұқаң «Кеше моншаға бардым. Әбден жуынып, тазаландым. Үш рет кәлимамды қайырдым. Үстелге жайланып отырдым. «Иә, бисмилла» деп кірісіп кеттім. Құдай көрсетпесін, божественная десе божественная екен. Тек тәңірдің ғана қолынан келетін шаруа ғой! Шетінен жайлап-жайлап аудара беремін. Қашан тауыстырар екен, көрейін. Бітірген күні өзіңе көрсетемін. Дантені айтам... Соған кірістім» деді. Мұқағали Дантені – «Құдіретті комедияны» аудара бастаған екен...»
Иә, қара өлеңнің қайталанбас хас шебері, біртуар Мұқағалиды осылай толғандырған «Құдіретті комедия» бұл! Міне, осы шығарманы бастан-аяқ аудару, Мұқаңша айтқанда, «тек тәңірдің ғана қолынан келетін» шаруаны тындыру Кенжекеңнің еншісіне бұйырды... Тоқтай тұр... сонда... «тек тәңірдің ғана қолынан келетін» істі икемдеп-ақ жіберген біздің ұстаз?.. Астапыралла!.. Қой, мұным күпірлік болар... Бірақ бір нәрсе ақиқат. Бұл – еңбек, бұл – ерлік!
Хош, бүгінде әркім-әркім ұлылардан тәржіме жасап жүр. Әрине, әрқайсысы өз деңгейінде. Ал Данте қалай сөйлепті қазақ тілінде? Аудармашы түпнұсқа тереңіне қаншалықты бойлапты? Бұл сауалға егжей-тегжейлі жауапты білікті әдебиетші мамандар бере жатар, ал алғашқы әсер мынау – тамаша ақын, өлең-сөздің қадір-қасиетін терең түсінетін талғампаз талант Ғалым Жайлыбайдың бір ауыз сөзі: «Он екі күн оқыдым. Бас көтере алмадым. Ризамын Кенжекеңе!»
Кенжекеңнің жоғарыда аталған аударма еңбектерін жастанып, тамсанып, түсінігіме ауырлау соққан тұстарда өзіне қоңыраулатып жатқан сәтті жексенбілердің бірінде, осы жуырда ғана, Жанғали ағам (Жүзбаев) телефон шалды. Аман-сәлем жоқ, бар айтқаны: «Әй, осы Кенжебай бар ғой, сірә, сол адам емес, жын ба, пері ме, сондай бірдеңе шығар... Әйтпесе, есте жоқ ескі заманды, перілер мен жындарды, о дүниені қалай өзі ортасында болып келгендей суреттейді? Сол сау емес, сірә...» Осыны айтты да телефонды өшіре салды. Түсіне қойдым, ол да әлгі аудармалардың «ішіне кіріп кеткен». Ал жаңағы сауалдары, әрине, жауапсыз қалды. Оны менен емес, Кенжекеңнің өзінен сұрау керек шығар. Жөні сол...
Осы жүрекжарды жазбада ұстазға қатысты әр қырынан сөз қозғалды. Басқа да қырлары бар ел білмейтін... Әлия жеңгей айтпақшы, суретші де, құрылысшы да, ұста да, слесарь да, сантехник те, жақсы жар да, абзал әке де сол... Толып жатыр... Өмірдің сан белесінен бірге асып келе жатқан, етене сырмінез жанның бұл пікіріне мен өз тарапымнан, шәкірт ретінде, тағы бір қасиетін айрықша атап қосар едім. Ол – оның балағының биті бар кез келген талапты жасқа қамқор болуға даяр тұратыны, жөн-жоба сілтеп, ағалық ақыл-кеңесін аямайтыны.
Бәрі жөн... Бірақ осы тұста көкейде бір сауалдың құлағы қылтияды: «Ау, сонда бұл сабазда мін жоқ па мүлде?» Рас-ау, мінсіз адам болуы мүмкін емес қой... Меніңше, міні бар бұл кісінің... Ол – өзіміз тілге тиек еткен жоғарыдағы қыруар еңбектері бар бола тұра, ештеңе тындырмаған адамша жайбарақат жүре беретіні. Өлермендер болымсыз нәрселерін дардай етіп, жоғының өзін бардай қылып жанталасып жүрсе, ол өзінде бар дүниелерін көрсетуге самарқау. «Уақыт шіркін бәрі-бәрін өз орнына қояды ғой...» – деп жайланы-ы-ып отырғаны. Сосын бір білетінім, әншейінде жер қозғалса да оңайлықпен қозғала қоймайтын салмақты бола тұра, көкіректің соқырлығын көргенде күйіп кететіні бар, тап сол сәтте шарт сынады. Қай саланың да жалаң ұраншылары мен әсіре айқайшыларының немесе желбуаз пенделердің желөкпе қылықтарына сыр беріп қалатыны да жоқ емес. Бәлкім, бұлар мін емес, керісінше шығар, кім білсін...
Кейде ойлайтынмын: «Осы біздің ұстаз әр жанрға қалам сілтеймін деп өзінің мүмкіндігін, қарым-қабілетін бекер шашып жүрген жоқ па? Егер өз жанына етене жақын бір жанрға тоқтап, күш-қуатын бір арнаға ғана бағыттаса әлдеқалай болар еді?..» Өзіне сездірдім бірде осы ойымды. Күлді де қойды. Бар айтқаны: «Айналдырып келгенде бәрі бір әдебиет қой...»
Сөз басында «Кенжекеңнің күпісінен» шыққанымызға марқаятынымызды айттым. Бірақ бір «но» бар. Ол – «Кенжебайдың шәкіртімін» деудің өзіндік салмағы, жауапкершілігі. Ұстаз-ағаның қоғамдағы орны мен абырой-беделі өсе түскен сайын осы бір ауыз сөздің де жауапкершілігі зорая түскенін анық сезініп жүрмін өз басым.
...Байқап отырсам, осы жазбамда өзім қадір тұтатын әр қилы азаматтардың Ахметов туралы айтқан пікір-бағаларына көбірек жүгініппін. Алайда оның да өз себебі бар секілді. Бұл өз тарапымнан айтар уәждің аздығынан емес, тек сол сөздер өз көңілімдегі оймен толық үндесіп жатқандықтан екен.
Ал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Қойшыағаң (Қойшығара Салғараұлы) айтпақшы: «Ең сүйініштісі – Кенжебайдың Астанадан, Алматыдан алыста жүріп те ел мәдениетінің өркендеуіне әр адам өз үлесін қоса алатынынын дәлелдеп келе жатқандығы».
Бөлісу: