Адамдар тағдырының иір-қиыр жолын рәсімдейтін аспандағы кеңсе періштелері құдды бір Талғат Асанұлының қызмет кестесін ұзақ жылдарға бұлжымастай етіп бекітіп қойған ба дерсің?. Ол өзгермейтін өмір ағысына мейлінше көндіккені соншалық көзі үйренген бұл көріністердің бәрі өзіне тап солай болуға тиіс сияқты көрінеді. Таңертең аялдамаға жеткеннен кейін бес минуттан кейін белдеуінде жасыл жолағы бар қырқыншы автобус келеді. Алдыңғы есіктен аттап басып ішке кірген бойы шопыр жігітпен бас изеп амандасады да, қарсы алдындағы орындыққа жайғасады. Көп жылдардан бері бұл құрметті орын оның басыбайлы меншігі тәрізді. Ара-тұра жолай мінген бейтаныс жолаушылар болмаса көзкөргендердің ешқайсысы бұл орынға батылы барып отырып көрген емес. Жұрттың бәрі оның егделеу жасына қарамай шалбарына шаң жұқтырмайтын мұнтаздай киім киісі мен сыпайы мінез-құлқы үшін сыйлайды. Салонында үнемі қазақша музыка ойнап тұратын автобус оның жұмысына таяған тұста тура бір тапсырыс беріп қойғандай күн сайын эстрадалық үлгіде жазылған халық әнінің кезегі келеді.
«Дүние қарап тұрсам шолақ екен, адамдар бір-біріне қонақ екен, Барында оралыңның ойна да күл, Қызығы бұл өмірдің сол-ақ екен».
Автобустан асықпай түседі де ыңылдап таяқ тастам жерде тұрған ғимаратқа бет түзейді.
Бүгін де кабинетке кірген бойда әдеттегідей бастығы қоңырау шалды.
- Алло, қайырлы таң, Бақыткүл Әзбергенқызы. Тыңдап тұрмын. Иә, иә, қазір хаттарды тіркеп әкімнің қабылдау бөлмесіне қалдырамын. Тоқсандық жоспардың орындалуы бойынша есебіңіз дайын. Түстен кейін іссапарға баруым керек дейсіз бе? Жақсы, кешкісін беташар тойға да кіріп шығамыз.
Бөлім меңгерушісі тындырымды әріптесінің дүйсенбіден бастап кезекті еңбек демалысына шығатыны есіне түсіп ар жақтан қосымша тапсырмаларды үсті-үстіне үйіп-төгіп беріп жатты.
-Уайымдамаңыз, бәрін тиянақтап кетемін. Екі аптадан кейін келеміз ғой. Бәйбішеміз екеуміз шипажайға барып, ыңқыл-сыңқылымызды жазып алсақ деп отырмыз. Тілегіңізге, рақмет!
***
Күн арқан бойы көтерілген сиыр сәскеде Әндештің ұйқысынан сән кетті. Манадан масадай ызыңдап маза бермей қойған ұялы телефонына қарап еді қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Бақыткүл Әзбергенқызы бірнеше мәрте қоңырау шалған екен. Тұла бойы құрсауланып тұрғанына қарамастан дегбірсіздене дереу вацап хабарламасын ашып қарады. «Қайдасың? Түске дейін жұмысқа тез жет! Көрші ауданның мерейтойына орай өтетін концертке қатысуың керек. Қала әкімінің тікелей қадағалауында!» деген мігірлі нұсқауды оқыды.
Әңкі-тәңкісі шыққан басын қос қолымен сығымдап орнынан көтерілгені сол еді құлақтары шуылдап, көздері қарауытып, құйқа тамырлары шымырлап қоя берді. Кешегі тойдан кейін үй иесі берген «шүкір шәйдің» соңы сойқан ішіске ұласқанын енді аңғарып тұрғандай. «Басқа-басқа, ал Бақыткүлдің айтқанын қалайда орындау керек» деді маңдайының қыртыстанған терісін саусақтарымен уқалап тұрып. Осыдан жарты жыл бұрын өзінің көңілі қалап, зауқы соқпаса да желкелеп қол қойдыртып алған екіжақты еңбек шартында ол күнделікті сегіз сағат міз бақпай төрт қабырғаға қамалып отырмаса да басшылық нұсқаған қаланың әрбір мәдени іс-шараларына қатысып, өнер көрсетуі міндеттелетіні тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Құр сүлдерін сүйретіп әзер киінді де мең-зең күйде дәліздің қабырғасына сүйеніп тұрып кроссовкасының бауын байлап сыртқа беттеді. Көшеде алғашқы кезіккен таксиді тоқтатқан бойы артқы орындығына отырды да ләм-мим демей қолымен әкімшілік жақты нұсқады. Онысы ожарлау келген шопыр жігітке онша ұнамай қалды. Сұр «Шкода» орнынан оқырана қозғалғаны сол еді телефоны тағы ызыңдай жөнелді. Түймесін түртіп қап еді ар жақтан дікеңдеген зілді дауыс сарнап қоя берді.
-Ей, әпербақан, осы сен телефоныңды неге көтермейсің? Бақыткүл Әзбергенқызы саған той іздеген кезде ғана керек пе?
Бастығының әпербақан дегені Әндешке шыбын шаққан құрлы әсер еткен жоқ.
-Кешіріңіз, кеше кітап оқып, кеш жатып едім, деді күмілжіп.
- Ой айналайын, бұл ертегіңді басқаға айтсаң да маған айтпай-ақ қойшы. Сен кітап оқыды деген сөз есек есеп шығарды деген сияқты біртүрлі естіледі екен. Одан да көп сөйлемей, мені тыңда. Қазір Талғат Асанұлы екеуің әкімшіліктің алдында тұрған «Тойота Хайске» мініп кешке дейін көрші ауданға жетіп алыңдар. Кешкі 18.00-де ауданның орталық алаңында мерейтойлық концерт өтеді. Сол жерде Тәкең әкімнің құттықтауын оқып береді, ал сен қаланың атынан екі-үш ән орындайтын боласың. Тез арада керек-жарақтарыңды алыңдар да зытыңдар.
***
Әкімшілік алдынан таксиден түскен соң ғимараттың бұрышында көлеңкелеп өздерін күтіп тұрған жүргізушімен самарқау амандасып, ақ түсті минивэннің жолаушылар мінетін жақтағы есігін ашып ішке кірді де, ілбіп соңғы қатардағы терезе тұстағы шеткі орынға жайғасты. Талғат Асанұлы құттықтау хатты қара папкісіне салып, асықпай машинаға жеткенше хайстың салонында арақтың ащы иісі мүңкіп үлгерген еді.
Кірген бойда жергілікті әртістің ит жұлмалап тастаған тулақтай түксиген түрін көріп, оның кеше ақаңды аямай сілтегенін сезді. Микроавтобустың ішін алып кеткен сасық иіске жиіркенгендіктен аузы-мұрнын алақанымен жауып тұрып араққұмар асабаны сөзбен осып өтті.
- Әй бала, мынауың не сенің? Биологиялық қарумен бәрімізді қырып тастауға келген лаңкес сияқты тапа-тал түсте жер-дүниені бықсытып.
Әндеш орындықтың бір шетіне қисайған күйі бас изеп енжар амандасты да, «енді мені мазаламаңдар» дегендей терезеге сүйеніп ұйқыға көшті. «Хайс» алаңқайды айналып үлкен көшеге бұрылды. Діттеген жерлеріне үш сағаттай жол жүру керек. Салонға кіреберістегі терезелерді ашып, біраз желдетіп, орнына енді отырған Талғат Асанұлы гастрольдік сапарын көлік қозғалмай жатып қорылмен сүйемелдеп бастаған «қалалық жұлдызға» жақтырмай қарады.
Талғат әйнектің ар жағында өтіп жатқан тіршілік көрінісіне көз тіккен бойы ойланып кетті. «Өткен күнде белгі жоқ» деген рас. Өмір шіркін, жол-жөнекей түйесін шөктіріп, түнемелге тоқтап, аз-кем тынығып, барар бағытын асықпай бағамдап алатын кеңқолтық керуенші емес екен. Керісінше шыжыған шаңқайшаң түсте түйесінің көзіне үймелеген шыбын-шіркейді де қақпай, базарға жеткенше алды-артыңа қаратпай дедектетете беретін сараң саудагерге көбірек ұқсайды. Қалалық мәдениет бөлімінде табан аудармай жұмыс істеп жүргеніне қырық жылға тақап қалыпты. Жылға жылғаны қуалаған еріген қар суындай зымыраған жылдары да заматта жылжып өзінің алпысқа кеп қалғанын байқамай қалды. Жас кезінде албырттықпен алқын-жұлқын қызығып қызмет істеді, орта жаста еті үйренген тірлігі сүйексіңді кәсіпке айналды, енді егделіктің ауылына ат басын бұрған кезде күнтізбеге күнде көз тігіп зейнетке шығатын жылы мен айын есептеуді әдетке айналдырды. Бойына алқалы топты аузына қарататын өнер дарымаса да, құжат жазуға келгенде құнттай әрі мәдени кештерді қыздың жиған жүгіндей жып-жинақы етіп ұйымдастыруға әбден машықтанған маман. Ең асылы асып-таспайтын мінезімен жұртқа әманда жұғымды. Уағында ағасы осындағы бір танысын қайта-қайта шәйға шақырып жүріп бөлімге басын әзер сұққызған еді. Сол күні бауыры арқасынан қағып тұрып, «жиырма жасыңда кеңселік қызметтің кең табалдырығын аттадың, інім. Енді құдай қаласа, отызыңда орда бұзып, қырқыңда қамал алатыныңа шүбәм жоқ. Не бопты, біздің әулеттен де бір бастық шығу керек шығар?» деген еді ілгергі үмітпен дәмеленіп. Жаратылысынан қақаң-сұқаңға әуестігі жоқ, мінезі біртоға Тәкең ағасы ойлағандай отызында ордан орғып, қырқында қырқаның басына биліктің ошағын тұтата қоймады. Оған өкінген де емес. Бастық болмадым деп басын ауыртып, жүрегін сыздатып, жүйкесін тоздырмады. Көшелерінің шаңы шығып жататын ауылдың ар жақ бер жағындағы өзі тұратын шағын қалада мынау деген мықты орындардың өзі санаулы екені бесенеден белгілі. Енді бағамдап отырса, бір қолдың саусақтарындай ғана санаулы орынтақтарға өзі де құлшыныспен ұмтыла қоймапты, сен қайткенде де баруға тиіссің деп оны қолынан жетектеген де ешкім болмапты. Сондықтан да еңбек кітапшасына бір ғана сөйлемнің жазылғанын тағдырдың маңдайға жазғаны деп сабырмен қабылдайды.
Лауазымның лағылдан өрілген асыл тәжін кимесе де Талғат Асанұлының тұла бойы тұнып тұрған тәрбие. Қаншама жыл бойы әнші-бишілермен бірге аудан-ауданды аралап, концерттер өткізіп, ылғи сауық-сайранның ортасында жүрсе де бірде-бір рет арақты аузына алып көрмепті, тіпті, темекі тартып, насыбай атпайтын салауаттылығына сын жоқ. Жұртшылық біраз жылдардан бері жылт еткен жаңалықты сайттардан шұқылап, Telegram-арналардан тергілеп оқуға дағдыланса ол атам заманнан қалыптасқан әдетімен күнде жұмысқа келген бойда бір бума газетттің әр данасын баппен парақтап, бірінші беттің бас тақырыбынан соңғы беттің ақырғы нүктесіне дейін жілік мүжігендей түгесе оқиды. Талғаммен тамақ ішкендей әр мақаланы миына сіңіреді, іштей қорытады, талдап-таразылайды. Тағы бір хоббиі – кітап оқу. Басқалар ауырған басын қою қара шәймен жазып алатын болса, бұл тырысқан шекесінің қыртыс-тыртысын кітап оқумен түзетеді. Оның үстіне, кез-келгеннің тісі бата бермейтін терең пәлсапалық дүниелерге әуес. Бұған дейін қазақтың арғы-бергі ойшылдары мен классиктерінің шығармаларын жіліктеп, енді Сократ, Платон, Диоген, Декарт, Спиноза сияқты оңай шағыла қоймайтын жаңғақтай жаһандық философтардың еңбектеріне ауыз сала бастаған-тын. Бірақ олардың өмір жайлы трактаттарын көз майын тауысып оқығаннан не пайда? Кейде ештеңемен шатағы жоқ шағын мекенде рух қалауын ұғынып, өзімен өрелі ой таластыратын жанның болмағанына құлазиды. Айналып келіп «моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» дейтін қалақтай қара шал Абайға жүгінеді, ақыл сұрайды. Ой жарыстыруға деңгейлес дегдармен айызы қанғанша ақтарылғысы келгенде өзін жарық күнде қолына шам ұстап алып адам іздеп жүретін Диоген сияқты елестетеді. Сөзіңді ұғатын созылып ұйықтап жатқан мынау сормаңдай ма? Ақырында Юлий Цезарьдың «Римде екінші болғаннан, провинцияда бірінші тұрған артық» деген сөзін еске алып, құмырсқаның илеуіндей миллиондаған тұрғыны бар мегаполистердің апандай аранына жұтылғанша, «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деп сабасына түседі. Өзгеріссіз өміріне әбден бойы үйреніп, қайталана беретін қарабайыр тірлігіне мойынсұнады.
Кезіндегі жастық қайраты уақыттың уысында уатылып кеткендіктен бұл күнде пікірлестің тапшылығына соншалықты таусылып, қылшығы қисайып, аса қынжыла қоймайтынды шығарды. Өркениеттерден қиыс жататын қиян түкпірдегі әр мекеннің өз Әндеші бар екенін ол жақсы біледі. Қабылеттінің бәрі бірдей зәулім шаһарларға үдере көше берсе не болмақ? Бұларға да ауылдың алты ауызын айтатын адам керек шығар? Әу дейтін әншіні ырымға таппай қалғаннан гөрі осындай әуесқойлардың да ортамызда жүргені дұрыс деп топшылады. "Жақсы да болса ағайын, жаман да болса ағайын, жамандап сені өзгеге жақсыны қайдан табайын" деген сөздің түпкі мәнін түйсінгендей болды. Тәйірі осы Әндештің өзі көз алдында өсіп, ержетті емес пе? Көркемөнерпаздар үйірмесінде ән салатынын арқа тұтып анда-санда қалалық байқауларда қара көрсететіні әлі есінде. Дудыраған қою қара шашын оң жағына қайырған қара баланың сол кездің өзінде таңдайы тақылдап асаба болатынын аңғартып тұратын. Қазылар алқасының мүшесі бола жүріп алғыр баланың талантынан гөрі талабына риза боп, ара-тұра орындарға ілігуіне сөз көмек жасап қоятын. Ақыры ұялмаған әнші болады деген сөзді шындыққа айналдырып, алған бетінен қайтпай қалалық музыкалық колледжді бітірді. Бекер обалы не керек, бәзбіреулер сияқты дипломын сандыққа салып, далабезер болып сандалып кетпей, біршама уақыт оқушыларға музыкадан сабақ берді. Өткен-кеткенді ойға алып отырып Әндешке қатысты бір қызық жайт есіне түсті де мырс етіп күліп жіберді. Өмірінде шығармашылықпен дендеп айналысып, репертуарын жаңартып көрмеген «асаба ағайдың» мектепте де тойда да тосылмай айта беретін тұрақты бес-алты әні бар екенін жұрттың бәрі білетін. Естуінше, бірде бастауыштағы балалардың оқу үлгерімін тексеріп келген қалалық білім бөлімінің әдіскерлері үшінші сынып оқушыларының ән сабағына кіріп келгенде бүлдіршіндердің хормен «Не жаздым мен жаным саған» деп әуелете ән шырқап тұрғанын көріп, шалқаларынан құлап түсе жаздапты-мыс. Сонда әсте қысылуды білмейтін Әндеш те қыңқ демей сабағын жалғастыра беріпті. Ендігі кезек балалардың тақпақ жарысына ұласыпты. Алдыңғы партада отыратын томпақ сары қыз орнына атып тұрып: «Алтын да тас тас та тас, жақсыны жақсы тастамас, тіршіліктің тілегі, қосыла берсін басқа бас» деп бір қайырып тастаса, екінші қатардағы тақырбас көк көз бала әдіскер әйелге қос қолын жайып тұрып: «Құда келді, жеңеше! Құда келді! Ұмсындыр да қымсындыр қыран ерді. Өкшең емес, ұшымен басып бар да, Сақтағаның қайда еді? Шығар енді» дегенде тексерушілердің бәрі беттерін шымшыған бойы сыртқа беттеген деседі.
Шағын қаладағы шаңырақтың көзіндей ғана ұядай қызметі Талғаттың талай тойларды ашып беріп, төрде отырып жілік ұстауына жарап тұрса да ол ойын-сауық атаулыны суқаны сүймейді. Кейде той-томалақты өмірдің мәні мен мәдениеттіліктің мәзіріне айналдырып жіберген жерлестеріне аянышпен қарайды. Тым болмаса ел қатарлы театрға барып, музей аралап, үлкен залдарда ән тыңдап көрмеген олар үшін тойдың бәсі спектакльден де, концерттен де әлдеқайда биік көрінетіне қынжылады. Заман өзгерді ме, адам алмасты ма, әйтеуір кейінгі жылдары құдайдың құрттаған күні тойханалардың маңынан тегін тандырдың кезегіне тұрғандай құжынаған қарақұрым халықты көресің. Кім білсін, жақсылық атаулының үлкен-кішісі мен ұзын-қысқасының бәрін тоймен таразылап өскен қазақ үшін бұл да бір аста төк тоқшылықтың, меймілдеген молшылықтың өлшеміне айналған шығар? Тойға топырлап келіп-кетіп жатқан жұрттың бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «үйіңізде той болсын, басымыз тойда қосылсын, тойда қайтсын» деп жапырыла тілек айтып жатады. Көптен қалмай қарызданып-қауғаланып жеткендер де жерге қарамай, «е, бір мәнісі болар, бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз», «той тәңірдің қазынасы», «қазақты тойдан айырмасын», деп өз-өздерін алдап-алдарқатып қоятыны тағы бар.
Талғаттың есіне тағы бір оқиға түсті. Таяуда жұмыстан қайтып келе жатқан жолда көптен көріспей кеткен ескі танысымен ұшырасып қалды. Арқа-жарқа амандық сұрасып болған соң замандасы өзінің жаңалығымен бөлісіп, баласы үйленіп жатқанын, сол үшін банктен үлкен несие алып, қаладағы ең қымбат мейрамханада той жасағалы жатқанын лепіре жеткізді.
-Үш-төрт сағаттық сауық-сайран үшін қалған өмірің қарыз қайтарумен өтетін бопты ғой, деген отбасылық қуаныштарымен құттықтап тұрып.
Байырғы жұрағаты оның бұл сөзін өзінің тойда жаятын көл-көсір дастарханын көре алмай тұр деп ойлап қалса керек. Тіксінгеннен шашы тікірейіп кетті.
-Байдың асын байғұс қызғанады» деген рас екен ғой. Көре алмасаң оныңды айт. Той жасасам ақшасын сенің әкімшілігің төлеп беріп жатқан жоқ. Несие алсам өзім өтеймін, менде шаруаң болмасын, деген онсыз да ажырағалы тұрған таныстықтың соңғы тамырын қолымен бырт-бырт үзіп.
***
Трассада ызғытып келе жатқан Хайс көлденең жатқан темір жол желісіне таяғанда кілт тоқтады. Алдыңғы орындықтың арқалығына маңдайын соғып, оқыстан оянып кеткен Әндеш «осы мені қайда апара жатсыңдар?» деген сұраулы кескінмен жан-жағына барлай қарады. Сосын көрікке жел айдағандай кеудесін кере созып, ақырған есектей аузын ашып ұзақ есінеп алды да қарсы алдында отырған Талғат Асанұлына қарап:
-Аға, кешке беташарға барады екенбіз ғой? Бақыткүл бастық вацапқа жазыпты, деді өзіне сүйікті әңгіменің шетін шығарып.
- Алдымен ауданның мерекелік іс-шарасына қатысып алайық. Сосын көре жатармыз, деп сұрақ-жауапты тез тәмамдады.
-Көңіл-күйіңіз жоқ қой? Уайымдамаңыз, бәрі чики-чики болады, аға.
Талғат саптағы сарбаздарын түгендеген түменбасыдай терезенің сыртында кезекпе-кезек зуылдап өтіп жатқан электр бағаналарын іштей санаған күйі үндемей отыра берді.
Қала деген аты болмаса аудан орталығындай ғана елеусіз елдімекеннің тұрғындарының тайлы-таяғына дейін Әндешті жақсы таниды. Осындағы әрбір әулеттің қызық-шыжығының қалың ортасында қалбалақтап жүретін қағылез әншіні жергілікті қалжыңбастар қожанасырлығы үшін сыртынан «әпербақан» деп атап кеткен. Біраз жылдардан бері қалалық мәдениеттің құлағын ұстап келе жатқан Бақыткүл Әзбергенқызы үшін де ол еркелеткенде Әндеш, ашуланғанда әпербақан. Кез-келген өнерге талабы бар өренді «ұзын арқау, кең тұсауға» жібермей, шідерлеп ұстаудың әдіс-тәсілін әбден меңгерген аппаратшыл басшы оны келісімшартпен жұмысқа қабылдап, өзінің пәрменінсіз ешбір тойға аттап баспайтындай етіп тұсаулап қойған болатын.
Әпенділік те сүтпен кіріп сүйекпен кететін мінез болса керек. Өткен жылы қызметіне жаңа кірісіп жатқан Әндешті бөлім меңгерушісі өзіне шақырып, тоқсандық жоспар бойынша түзету мекемесіне барып концерт өткізуді тапсырады.
Қайтсе қалай болар екен деп түрмеге алақ-жұлақ абыржып келсе де залда отырған жазасын өтеушілердің дені қаракөздер екенін көріп, көңілі орнына түсіп, үйреніп қалған той әндерін бірінен кейін бірін ызғытады.
Көңілді думанға тәртіп түзеушілер дуылдасып, қолпаштап, қол шапалақтап, оның шабытына қанат бітіреді. Соған арқаланған ол, қызды-қыздымен отырғандарды екі топқа бөліп, ойын ұйымдастырып, ауыл-ауыл болып жарыстыруға көшеді.
-Кәне ағайын, Жартөбеден кім бар? Қолдарыңды көтеріңдер.
-Сергеевкадан бар ма? Бір, екі.. Сегіз, тоғыз. Дұрыс!
-Шарбақтыдан кім бар? Бір, екі. Ойбай-ау неге азсыңдар? Қатарларыңды көбейтпейсіңдер ме? дегенде мына сөзге түрме күзетшілерінің түрі бұзылып, бастарын шайқады.
Онысымен қоймай, концерттің соңын да өзгеше әсерлі нотамен аяқтады. Осы әнімді өздеріңіздей аяулы да ардақты жандарға арнаймын деп тойда айтып жүрген «Ұл өсірдім сендерге қарап, қыз өсірдім тұлымын тарап» деп шырқай жөнелгенде еркіндікті аңсаған кейбірінің көңілі босап, көздеріне жас алыпты.
Задында асаба да ет пен сүйектен жаралған адам. Тойға көп барған сайын оның санынан жаңылып, санасында сапырылысқан ақпарат қарақұмық ботқаға айналады. Бірде кезекті тойға кешігіп жеткен асабамыз ел-жұртты күттіріп қойған кінәсінің жымын білдірмеу үшін кірген бойда қолына микрофонды ала сала, майдан қыл суырғандай майдалап: «Армысыздар ағайын, мұсылмандық – бұл міндет, құтты болсын бұл сүндет, көрімдігің мінеки, қой сұрасаң, қой берем, тай сұрасаң, тай берем» деп төгіп-төгіп жіберіп, ал, қанекей халайық, кеше ғана сұлуланған сәбиімізді насыбайының көрімдігін алу үшін ортаға шақырайық» деп төрге көз тіккенде жетпіс жасын тойлағалы тұрған құндыз бөрікті аққұба өңді ақсақалдың жүзі нарттай қызарып, жарылуға шақ қалған екен. Содан бері қылжақ құмар зәнталақтар әлгі қарияны «Сүндет шал» деп атап кетті.
Ел іші жиын-тойға бір иығын беріп тұрған соң соңғы кезде асабалықты кәсіп еткісі келетін басқа да үміткерлердің қарасы көріне бастаған-тұғын. Әндеш те қарап қалмай бәсекелестерінің бәсін арзандату үшін ендігі жерде тойларды тұскиіздің өрнегіндей бір-біріне ұқсамайтындай етіп түрлендіріп өткізуге ыңғайланды. Тапқырлығының алғашқы жемісі - ауылда жиырма жыл сиыршы болған шалды мерейтойында өгізге мінгізіп алып шығуы еді. Бұған жұрт жүдә риза болды. Ол оған одан сайын есіріп, елуге келген ел ағасына емізік беріп, дәу бесікке салып тербеткізді, малға ұлттық шапан жабатын жаңалық енгізді. Бақталастарының тізесін бүктіруде істемегені қалмады, ата мен келінге арақ ішкізіп, ене мен күйеу баланы сүйістіргені сауықшыл жұрттың делебесін қоздырды.
«Жындыны жынды десең, бөркі қазандай болатынын» керін ол бұдан кейін де көрсетіп бақты. Бір топ кемпірді тойдың төріне шақырып, «ендігі сөздің кезегі кәрі қойдың жасындай жасы қалған кәрі жетімдер мен кәрі жесірлерге беріледі» деп әзілдеді әлгі жерде. Артынша жүйесіз сөзі иесіне тез оралып, орынсыз қалжыңға ашуланған кемпірлердің бірінің басбұзар баласы елдің көзінше Әндештің жағасынан ұстап, «осыны айтып тұрған сенің бүгін әйелің жесір, балаларың жетім қалады» дейді ғой жұдырығын ала жүгіріп. Жалмауызға да жан керек екенін түсінген асаба той тарқамай тұрып үйіне зытып отырыпты.
***
Бір сағаттай мызғып, тыңайып алған Әндеш енді іші пысып, жан-жағына алақтап, ұрынарға қара таппай тыпыршып отыр. Талғат Асанұлынан қайран болмаған соң өзінен бір мүшелдей жас жүргізуші жігітті сөзге тартты.
-Бауырым, осы сенің түрің таныс, қайдан көріп едім?
Шопыр жігіт өзін елеп әңгімеге тартқанына елпең ете қалды.
-Аға, есіңізде болса өткен жылы маусымда менің үйлену тойымда сіз тамада болған едіңіз.
-Ол қай той еді?
- Анау той ше.. Елді күлдіру үшін біздің жанымызға күйеу жолдас пен қыз жолдастың орнына ит пен мысықты киіндіріп отырғызып қоятыныңыз.
Әндеш өзінің тағы бір тапқыр ісінің жерлестерінің тарихында қалғанына риза боп, бар дауысымен рахаттана күліп алды.
-Иә, иә, есімде. Келін екеуің ит пен мысықтай ырылдасып жүрмесін деген ырыммен жасағаным ғой.
Әуел баста дәл сондай жанашырлық ниеті болмаса да ыңғайына қарай тауып айттым-ау деген уәжіне өзі де сеніп, масаттанып қалды.
-Сол трюкім керемет өтті-ау деймін.
-Өтті, әрине өтті аға! Туысқандар соны еске алып әлі күнге дейін шек-сілелері қатып күледі. Құрдастарымыз болса сендердің достарың біз емес ит пен мысық деп қалжыңдайды. Есесіне, ешқайсысына ұқсамайтын ерекше той болды.
Талғат Асанұлы жосықсыз сөзге тіксініп басын шайқады. Ғұмырының ғибратты күнін келекеге айналдырған асабаның арсыз әрекетіне арланбай, арзан атаққа малданып отырған жас жігіттің қасиетсіздігіне қапа болды.
- Сол да мақтаныш болып па? Ұят тірлік емес пе?
Шопырдың өзінің шоқтығын өсіретін шоқтай маздаған сөзіне әріптес ағасының су бүріккені Әндешке ұнамай қалды.
- Ой, қойыңызшы аға. Заман сондай болса біз не істейміз? Қазір шоу мен шудың ортасында жүргендер ғана атақ пен ақшаның астында қалады.
Ділмәрсіген асабаға зығырданы қайнады.
- Ей, айналайын, қоқыр-соқыр, қыңыр-қисықтың бәрін жан-жақтан жинап, елді бұзып, енді соны заманға итере салғанды қойсаңдаршы. Қазақтың тойын ойыншыққа айналдырып болдыңдар емес пе?
- Аға, қазір «қазақ-қазақ» деп қатып қалуға болмайды. Жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Бүкіл адамзат баласы дәл қазақ сияқты үйленіп, үй болып, балалы-шағалы болады. Біз солардың үйлену тойларындағы ең қызықты салттарын ғана алып, елдің көңілін көтереміз. Мысалы, Үндістанда егер інісі ағасынан бұрын үйленіп қойса, ағасын кәдімгі өсіп тұрған ағашқа үйлендіру салты бар. Ал Шотландияда жаңа түскен келіннің үстіне жуынды құйып, елдің көзінше көшеде алып жүреді. Болашақта осы дәстүрлерді де тойларда пайдаланып елді күлкіге бір қарық қылсам деп ойлап жүрмін.
-Саған дауа жоқ екен. Жетпегені сол еді? Бала кезімізде ауылдағы тойларда ақ дастарханның төріне төбедей болып сексендегі ақсақал жайғасып, оң қапталына жетпістегі қариялар қаздай тізіліп, одан әрі алпыстағы аталар малдас құрып, етек жақта елудегі ел ағалары тізе бүгіп өскелең жастарға өнеге болар бәтуалы әңгімелер айтушы еді. Қазіргі тойларда сексендегісі селкілдеп, жетпістегісі желкілдеп, алпыстағысы арсалаңдап, елудегісі еліріп би билеп жүр. Біле білсең, осының бәрі ойына келгенін істеп, ақша үшін ата дәстүрді сатып жіберетін сен сияқты асабалардың кесірі.
Кесімді сөзге ешкім ләм-мим деп жақ ашпады.
Талғат Асанұлы қаладан шыққалы басталған ұшы-қиыры жоқ ұланғайыр далаға қарап тағы да ойланып қалды. Ұлттың дәстүрін тәрк етіп, жаһанданудың жамау-жамау рәсімдеріне әуестенген асабаның әпербақандығына жыны келді. Жастар өстіп өз құндылықтарынан жерініп, өгейсіне берсе келешекте мына қу медиен далаға кім ие болады?
***
Ымырт үйіріле аудан орталығының теріскей беткейіндегі шұқанағы көп шұрқ тесік көшесінің қою шаңын бұрқыратқан екі жеңіл машина қиылыстан бұрылып Дүйсектің көк дарбазасының алдына келіп кілт тоқтады. Малдарын жаңа ғана жайғап болып түн тыныштығының құшағына енді енгелі жатқан қисық көшенің кешкі аспаны әп-сәтте азан-қазан болды. Бірі тапал, бірі сырықтай ұзын қос жігіт кабинадан қой суырғандай талдырмаш қыздың қолын екі жақтап тартқылап жатыр. Қыз болса көліктің есігінің жақтауына аяғын тіреп алып сыртқа шықпауға барынша тырмысып бағуда.
-Жіберіңдер, айттым ғой сендерге өлсем де түспеймін. Мен сендерге байлап-матап әкелетін мал емеспін. Қанаттың өзі қайда?
Дүйсектің ауласына төңіректегі көрші-қолаңның қатын-қалашы мен бала-шағасын қоса есептегенде едәуір қарақұрым ел жиналып қалды. Жетпістен асқан қатқан қара кемпір бастап кейінгі түскен келін-кепшігі үйіріліп бір топ болып мәшинеге жақындады. Жесір дауының түйінін тарқатуға келген даңғайыр шешендердей әрқайсысы әл-қадерінше бір-бір мақалды түйдектетіп тастады.
-Айналайын, «атаның салған жолы бар, ананың пішкен тоны бар» деген. Келін боп босаға аттау - ата дәстүріміз ғой.
- Иә, солай, «бидайдың барар жері диірмен» деп бекер айтпаған.
- Ақылға кел, қарағым. «Жол мұраты жету, қыз мұраты кету» дейді қазақ.
Ауданның торқалы тойына арналған әкімнің құттықтауын әдемілеп оқып беріп, одан әрі ән шашуын жолдап көңілдері жайланған екеуі енді келін түсіріп жатқан үйге ат басын бұрғанда осындай келеңсіз көріністің үстінен түсеміз деп ойламаған еді. Қаладан шығарда бөлім меңгерушісімен келісілген уағда бойынша бұл жолы екеуінің рөлдері ауысып, әуелі Әндеш келіннің бетін ашып, соңыра Талғат Асанұлы бастығының алыстан қосылатын ағайын інісінің отау тігу қуанышына жолдаған ақ тілегін ауызша жеткізіп, түнге қарамай қалаға қайтулары тиіс-тұғын. Адамның айтқаны келмейді, Алланың дегені болады деген сөз шындық. Өмір болған соң мұндай оқыс жағдайлардың болып тұратынын Тәкең жақсы түсінеді. Бірақ алпысқа таяған шағында дәл осылай қыз ұрлау қылмысының қатысушысына айналып кетем деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмепті.
Жаңа ғана аудан орталығында өткен концертте өзі құралыптас әншілермен сахнаның сыртында тұрып біраз сілтеп, басының ми қыртыстарын түзеп алған Әндештің әпербақандығы қайта ұстап, Сырдың суы сирағынан келіп тұрған жоқ. Құдды этнографиялық тақырыптағы комедиялық қойылым тамашалғандай өзінше мәз-мейрам.
Айлы аспанды жаңғырықтыра айқайлап: «Айт келін-ау, айт келін, аттың басын тарт келін, ұнамаса жігітің, ауылыңа қайт келін» деп қоламтаның отын одан сайын үрлеп, қоздырып қояды заржақтанып.
Жалпақтаудан жалыға бастаған соң еңгезердей жігіттің бірі мәшинеге басын сұғып, қызды құшағына қысып көтеріп алғалы жатқанда абырой әпермейтін бұл алыс-жұлыстың ақырғы байламын қыздың өзі жасады.
-Болды, тоқтатыңдар. Әуелі Қанатты шақырыңдар. Мен оның өзімен жеке сөйлесемін. Содан кейін жауабымды айтамын.
Қыздың қырсығы басылып, ыңғайға келе бастағанына тәубе дескен жұрт жабылып Қанатты алдыртты. Сырттарынан жанамалай жеткен күйеу жігіт мәшиненің артқы орындығына отырды да есікті іштен тарс жауып алды.
Көшеде уілдескен көгершіннің жұбындай екі жастың қалада қыз бен жігіт боп бірге қыдырып, көңілдері жарасып жүргендеріне үш айдай уақыт болған. Қыз жақсы көретін жігітінің басқалар сияқты үйленейік деп алдын-ала ұсыныс жасап, ата-анасының алдынан өтіп, рұқсатын алады деп ойлаған. Қиялының тас-талқанын шығарып, баса көктеп алып қашып кеткеніне қаны қарайып, қыздың қитығып отырған сол еді. Әйтпесе жүрегі қалаған қоңыр қозыдай жуас жігіттің етегінен ұстап, отбасы құруға ол да іштей кет әрі емес еді. Шатырдағы құртты ұрлап әжесіне ұсталып қалған құртақандай баладай Қанат бес минутсыз келіншегінің алдында күмілжіп, дәл қазір жағдайда байдың балаларындай бір түнге жалдаған мейрамханаға лимузинмен алып келіп, аяғының астын гүлге толтырған қызыл кілемнің үстінде ұсыныс жасауға мүмкіндігі мүлдем жоқ екенін айтып ақталды. Амандық болса алдағы ғұмырларында қалағанын әперіп, таңдағанын кигізіп, үлде мен бүлдеге орап қоятынына еркектік уәдесін берді. Қыз да осы жауапты күтіп тұрғандай: «олай болса, менің екі шартымды орындасаң саған тұрмысқа шығуға келісімімді беремін. Біріншісі, әке-шешемнің алдынан өтіп риза қыласыңдар, екіншісі, қалада тұрып жұмысымды істей беруге келісесің», деді. Күйеу жігіт өзі де келісіп, келешек келіндерінің талабын үйдегі үлкендерге де жеткізді. Бәрі бас шұлғысып, мақұлдап, артынша жеңгелері қыздың басына орамал салып, ақ босағаны оң аяғымен аттатқызды.
Жігіттің әке-шешесі жас келіннің икемге келіп, шымылдықтың ішіне именбей өзі кіргеніне мәз болып жүр. Шаруаның беті бері қарай бастаған соң ағайындылар басқа ырым-жораларды дайындауға көшті.
Әулеттің ең үлкені Тірек ағаларына ілесіп біразы төргі бөлмеге өтті.
-Өлі-тіріні кімдер апарады?, деп сөз бастады Тірек келін түсіріп жатқан Дүйсек інісіне бұрылып.
-Сіздің үйіңізден Самат інім бас болып барса деп отырмын. Қасына нағашысы Ерболатты және ұлым Нұржанды қосамын.
-Қалың малға қанша бергелі отырсың?
-Бес жүз мың және бір ісек қой.
Қаражатты айтқанда Тіректің қабағы түсіп кетті.
-Азырқанбай ма екен? Ол ауылдың қызға келгенде саудасы қатты деуші еді, білгіштер.
- Шаманың келгені сол боп тұр. Қалғанын алдағы құдалықта киіт-пиіт, сый-сияпатпен толықтырып жіберерміз деп ойлап отырмыз.
- Көріңдер. Ендеше ұрыста тұрыс жоқ, балалар жолға шықсын.
Тірек хабаршылар аттанар алдында әрқайсысының жаңа құдалар жақта қандай рөлде ойнайтындарын бекітіп берді. Негізгі сөз ұстаушы қылып өз баласы Саматты белгіледі. Нағашысына келешек құдалар мәмілеге кеп дастархан жайып жатса бәлісінбей ақаңнан аянбай тартып отыратын «ішкіштің» міндеті жүктелді, ал ұлы Нұржан бетегеден биік, жусаннан аласа кейіпте әңгімені үндемей тыңдап отырады да, мән-жайды түгел осы жаққа вацап арқылы жазып жіберетін болады.
***
Хабаршылар қозыкөш жердегі көршілес ауылға кірген бойда жол-жөнекей кездескеннің бәрінен қайт-қайта сұрастырып жүріп әзер дегенде тапқан жасыл дарбазалы үйдің алдына келіп тоқтағанда еңселі ақшаңқан үйдің барлық бөлмелерінің жарығы жанып тұр еді. Дәу де болса бұл үйдегілер қыздың құрбылары арқылы болған жағдайдың бәрін естіп-біліп, алдын-ала дайындалып отырған сыңайлы. Үшеуі құдайы қонақпыз деп сау етіп үйге кіріп келгенде алдарынан бұғағы салбыраған бульдог иттердей беті былшиған месқарын жігіт қарсы алды. Өзін осы үйдің үлкен күйеу баласымын деп таныстырған ол төргі бөлмеге жер үстелге жайылған дастархан басында отырған үй есіне алып кірді.
-Ассалаумағалейкум, аға! Мал-жандарыңыз аман-есен бе?
Қыздың әкесі көп сөйлемейтін қыңырлау кісі сияқты көрінді. Қолын алып, жәй ғана «шүкірміз» дей салды.
Самат енді көп жақауратпай ойына жұптап келген сөздерді рет-ретімен жеткізуге кірісті.
-Аға, кештетіп үйлеріңізге келу себебімізді айтайын. Сіздерде қыз бар, бізде ұл бар деген. Жұбын іздеген сол қос аққудың басын қоссақ деген ниетпен алдарыңыздан өтуге келіп тұрмыз. Ініміз достарымен бірге қыздарыңызды үйімізге алып келіпті. Екі жас бірін-бірі жақсы көреді екен. Қыздарыңыздың келісімі бойынша ата-бабамыздың салты ғой деп басына орамал салдық. Енді ең бастысы, балалар бақытты болсын деп тілейміз, деді де қалтасынан бір жапырақ қағазды алып әкесінің қолына ұстатты. Тілдей қағазға «көке-апа уайымдамаңыздар, мен өз еркіммен келдім» деп қысқа ғана жазған екен.
Самат қана саңқылдап сөйлеп, өздерін таныстыру кезегіне көшті. Қасындағы Ерболат пен Нұржан аңысын бағып, сыпайы ғана сіресіп отыр. Нұржан Тірек атасына алғашқы хабарламасын жолдау үшін жиналғандарды ақырын ғана көзімен бір шолып өтіп еді еркек кіндіктіден қыздың әкесі мен келгелі байыз таппай кіріп-шығып күйбеңдеп жүрген елуден жаңа асқан жігіт ағасы және месқарын күйеу баладан басқа ешкім көрінбеді. Дастарханның қалған ұзына бойына кілең ұзын етектілер жайғасыпты. Самат қай елмен құда болғалы жатқандарын жете білсін деген ойменен жеті атасынан бергі жекжат-жұраттарын түгел тізбелеп шықты. Қыздың шешесіне ұқсайтын кәрілеу әйел «айдың күннің аманында іздер-сұрары жоқ адамдай қызымызды алып қашып кетті деген не сұмдық?» деп көзінің жасын сығып, ұрыс шығарғалы жатыр еді төрдегі отағасы оған тұйғындай түйіле қарады. Әйелі оталып барып кілт өшіп қалған мәшинедей тым-тырыс үнсіз қалды. Ендігі кезекте қайын атасының оң тізесіне тізесін түйістіре малдас құрып отырған месқарын сөзді жалғастырды. Бұл үйге күйеу болса да келгелі жөн-жосықсыз билеп-төстеп отырғанына қарағанда осы кештегі биліктің тізгіні месқарынға берілген сыңайлы. Қыз беріп отырған қақын пайдаланып кемшірім сұрауға келгендерді бір тұқыртып алғысы келді.
-Бұл қағазға кім сенеді? Мүмкін сіздер менің балдызыма күштеп жаздыртып алған шығарсыздар?
-Қойыңыз құда! Құдай қаласа, алдағы мыңжылдық құдалағымызды бір-бірімізді алдаудан бастамайтын шығармыз. Қыздарыңыз бұл хатты өз қалауымен, өз қолымен жазып берді.
Месқарын бұдан кейін көбік сөзді көбейткісі келмеді. Кәніккен сұрмергендей көкейінде тұрған сауалды көздемей-ақ туралай атып жіберді.
-Қанша әкелдіңдер?
- Ана сүті, әке күші деп бес жүз мың теңге және өлі-тірісін таратуларыңызға бір қой әкеп отырмыз. Аз да болса көптей көріңіздер.
Етек жақта отырған егделеу әйел ернін сылп еткізді.
Месқарынның да түрі бұзылып кетті. Қасында қонақтар отырғанын қаперіне де ілмей қыздың әкесінің құлағына сыбырлап ұзақ уақыт бойы бірдеңелерді күбірлеп жатты. Самат өздеріне қарсы айтылатын сөзді нығыздап жатқанын сезіп отыр. Келешек құда қалың малдың ақшасын азырқанғанын орағыта жеткізді. Бір жөткірініп алды да қызының қалада оқу бітіріп, диплом алғанын, қазір ешкімге мұқтаж еместігін, жұмыс істеп, өз нанын өзі тауып жүргенін термелей келді де, дәм-тұз жазса ондай қара баланың ауылдарынан да табылатынын айтып түйіндеді.
Қапелімде Самат сасып қалды.
-Құдеке, бәріміз де жас болдық қой. Бірін-бірі сүйген жастарды айырып обалдарына қалмайық. Құдандалы адамдардың арасында дорба да, жорға да жүре береді. Бұйымтайларыңыз болса айтыңыздар.
Месқарын әдеттегідей тікесінен тартты.
- Бір жарым миллион!
Самат сәл-пәл үнсіз отырып қалды да, ағайындарымен телефон арқылы ақылдасып алуға рұқсат сұрап, түрегеліп сыртқа шықты.
Көп ұзамай дастарханға қайтып оралды да ағасы өзінің есеп-шотына қазір ғана бес жүз мың теңге жібергенін, сөйтіп қалың малдың қаражатын бір миллионға толтырғандарын айтты.
Месқарынның миллионға қанағат жасап, бәтуаға келетін түрі байқалмайды.
-Онда былай болсын, мен қазір қуғыншыларды бастап ауылдарыңызға шығамын. Туысқандарыңызға ескертіп қойыңыз, біз келген бойда қалған бес жүз мыңды маған санап беретін болсын, деді қорада қыстай жемдеген тайыншасын сатып жатқандай.
Самат бұл сөзді месқарынның қалжыңы шығар деп қабылдады да, «жарайды құдеке, сізге миллиард берсе де көптік етпейді» деді күліп.
***
Далада қазан-ошақтың қасында ойнап жүрген балалар көшеге мәшиненің жарығы бұрылғанын көре сала шуылдасып үйге жүгірді.
-Қуғыншылар, қуғыншылар келе жатыр.
Дастархан басында беймарал шәй ішіп, құдалар жақтан жаңалық күтіп отырған ағайынды аға-іні, абысын-келіндер өре түрегеліп, сыртқа беттеді. Тірек әулеттің үлкені болғандықтан елпілдемей іште қалып қойды. Қуғыншыға өзі қатарлы қарияны жібермейтінін білетіндіктен жаңа құдалар үйге кіргеннен кейін де амандаса жатармыз деп пайымдады.
Сырттағылар тым-тырыс боп қалды. Әні-міні үйге кіреді деген қонақтардың сонша кідіріп жатқанына таңқалды. Сүтпісірімдей уақыттан кейін елбе-делбесі шығып ең кіші інісі келді.
-Көке, жүріңізші, өзіңіз сөйлеспесеңіз мына құдалардың машинадан түсетін түрі жоқ. Бес жүз мыңды қазір әкеп бермесеңдер қызды алып қайтамыз деп қиғылық салып жатыр.
Тірек ақсақал аяғына галошын іліп тысқа шыққанда шарбаққа тіреле тоқтаған қара машинаның есігін тартып ділгір боп «айналайындар, ат үстінде амандасу қазақтың салтында жоқ еді, үйге кіріңіздерші» деп жалынып жатқан інісі Дүйсекті көрді.
Месқарын терезені ашып басын жартылай шығарды да,
-Мен айтарымды айттым, ақшаны қазір әкеп бермесеңдер қызды аламын да ауылға тартамын, деп қайта жауып алды.
Кеудесіне нан піскен дүмбілездің салтқа сыймайтын мына дөрекі әрекетіне дөң мінезді Тірек ағасы да шыдамай кетті. Ашу қысқаннан қалшылдап, сүзісетін қошқардай жандарына жетіп барды да кенже інісіне бұйыра әмір етті.
-Бар, алып шық ана қызды үйден. Аман-есенінде ауылына қайтарайық. «Тең теңімен, тезек қабымен» деген. Азар болса жағдайымызға сай келетін басқа келін тауып алармыз, деді шартпа-шұрт кетіп.
“Қыз бергеннің назы бар” деп торсиған торсықтай сызданып отырған месқарын жағдайдың төбесіне жай түскендей бүйтіп тез өзгеріп кетеді деп ойламағандықтан заматта сасқалақтап қалды. Жолға шығарда «бұларды біраз жалындырсам қалған бес жүз мыңды лажсыздан қолыма санап береді, сосын қайын атама түнделетіп қуып келген есіл еңбегімді бұлдап, ақшаны өзіме алып қалармын» деген сасық қулығы іске аспай қалды. Енді болмашы ақшаға керілдесіп, есік көрген балдызын төркініне қайта әкеліп, қайын жұртының алдында қарабет болатыны айдан анық еді.
Іс насырға шапты. Тіректің тіліп айтқан айбатты сөзінен кейін інілерінің бәрі аузын буған өгіздей тырс етпей, көздерімен жер шұқып тұрып қалды. Жаңадан бері сырттай бақылап, ұяты сүйекке таңба болатын мына тағылымсыз спектакльге ұнжырғасы түскен Талғат Асанұлы өзіне «алты аласы, бес бересі жоқ» болса да, жастардың тағдырын жаны ашып, жақ ашпай үндемей кетіп қалуды өзіне ар санады. Тірек ақсақалды бір сәт сабырға шақырды да үй иесі Дүйсекті қолтықтап шетке алып шықты.
-Дүйсеке, қу дүние ешкімге құйрығын ұстатпаған. Сіздің дәл қазір шамаңыз жетпей, қысылып тұрғаныңызды көріп тұрмын. Бірақ балалардың бақытының жанында бес жүз мың теңге деген, не тәйірі! Ақшаның орны толар, ал ертеңгі күні екі жастың махаббатын ешқандай қаражатқа сатып ала алмайсыз. Олардың тағдырын ойыншыққа айналдырмаңыздар, деді.
Кетуге ыңғайланды да, «реті келгенде қайтарарсыз, жастар бақытты болсын» деп төсқалтасындағы зайыбы екеуіне санаторийге жолдама аламын деп өзінде сақтап жүрген бес жүз мың теңгені алып Дүйсектің қолына ұстатты.
***
Ауыл тойдың аяқ жағы ит-ыржың ұрыс-керіске ұласқан соң келіннің бетін әл-әзір аша қоймайтынына көзі жеткен Әндеш бұл мезетте күйеу жігіттің достарымен қырлы стаканды қағыстырып отыр еді. Арақтың буына масайрап, маңайындағыларға тойдың қызықтарын майын тамыза айтып отыр екен. Талғат Асанұлы әпербақан әріптесінің әңгімесін орта жолдан үздіріп, екеуі Хайсқа отырды да уақыттың түн ортасынан ауғанына қарамастан шағын шаһарларына тіке тартты.
Қалың ойдан қатты шаршаған екен, аудан орталығынан шыға бере көзі ілініп кетті.
Әндеш асаба болса қараңғы түнді жарығымен қақ жарып, трассада зырғып келе жатқан автобустың ішін жаңғырықтырып, айқайлап той әндерін толассыз шырқап келе жатты.
«Дүние қарап тұрсам шолақ екен, адамдар бір-біріне қонақ екен, Барында оралыңның ойна да күл, Қызығы бұл өмірдің сол-ақ екен».
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.