Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Ғашықтар күні қалай атап өтіледі?...

15.04.2025 671

Ғашықтар күні қалай атап өтіледі? 12+

Ғашықтар күні қалай атап өтіледі? - adebiportal.kz

Ғашықтар күні әлемнің көптеген елінде бар мереке. Атауы бірдей болғанымен, әрқайсынының шығу себебі, мерекеленуі әрқилы…

15 сәуір – Ғашықтар күні. Күллі әлемге емес, тек Қазақстанға ғана тән бұл күн кейінгі оншақты жыл жүзінде ел аумағында кеңінен атап өтіліп келеді. Әлемдік үрдіске сай Қазақстанда арнайы бір күнді осылай белгілеудің де өзіндік себебі болса керек. Өйткені әрбір атаулы күн мен мерекенің туып қалыптасуының өзіндік себебі бар. 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай алғаш 1999 жылы идеясын ұсынып, 2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы Ұлттық ғашықтар күнін ресми іс-шарасына қосқан екен. 2012 жылы Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті студенттері «Ақсүйек» ойынымен өрнектеп атап өткен. Осы жылы Көкшетаулық ерікті жастар да Тәуелсіздік алаңында Қозы мен Баян күнін атап өткен еді. 

Бұл бастама, ұмтылыстардың бәрі де бекерден бекер емес еді. Бұл іс-әрекеттердің барлығы жаһандану үрдісі қарқын алған тұстағы ұлттық бірегейлікті сақтауға деген ұмтылыс, ниеттен туғаны анық. Батыс мәдениетінің таным-түсінігінен туындаған Әулие Валентин күні ғасырлар тоғысында елімізде аса танымалдыққа ие болған тұс. Бозбалалар мен бойжеткендер түгілі мектеп оқушыларының өзі сыныпта арнайы қорапша іліп, соған тілек жазған «валентинкаларын» салып, оны салтанатпен ашып, ызы-шу болып жататын. «Жастар емес пе, мұнда қандай ерсілік бар?» деуге болғанымен, ұлттық менталитетке жат қылықтар да белең ала бастаған еді. Әрине бұған қоғамның қарсылығы туындады. Нәтижесінде Ұлттық ғашықтар күні туып қалыптасты. Ондаған ғасырдан бері екі жас арасындағы асыл сезімнің символы ретінде ұмытылмай келе жатқан Қозы мен Баянның махаббаты осылайша жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтың қалқанына айналды. Бір кездері жаппай атап өтілетін Әулие Валентин күнінің қызуы басылып, арнасы ортаюына ұлттық болмыс пен бояудың алға шығуының әсері аз болмағаны анық. Жыл өткен сайын мазмұны байып, ұлттық бояуы қаныға түскен бұл күнді келешекте де халықтық сипатта атап өтіле берері сөзсіз.

Ғашықтар күні – әлем елдерінде

Ғашықтар күні әлемнің әр елінде әртүрі атаумен татап өтіледі екен. Солардың бірі де бірегейі – Әулие Валентин күні. Қазақстанда жаңа ғасырдың басында аса танымал болып, қазіргі күні қызуы бәсеңдеген бұл күннің шығу тарихы туралы бірнеше нұсқа бар. Бастауын Ежелгі Римнен алатын Әулие Валентин дүние жүзіндегі осы бағыттағы ең танымал күн ретінде қала бермек.

Махаббат пен романтикаға құрылған бұл күнді атап өтуде әрбір елдің ер заты мен әйел заты арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластықтың өзіндік таным-түсінігі, әдептік болмысы айқындалады. 

Жапониядағы Махаббат күні – 14 ақпан мен 14 наурызда болып қалыптасқан. Мұндағы ерекшелік – 14 ақпан күні қыздар ер балаларға сыйлық ұсынса, 14 наурызда ер балалар қыздарға сыйлық тартады. 

Еуропаның ежелгі дәстүрлерге бай мемлекеті Испанияда Әулие Георгий немесе Сан-Жорди күні – махаббат, раушан гүлі және кітап күні ретінде атап өтіледі. Әсіресе осы елдің айырықша аймағы Каталония мен оның басқаласы Барселонада ерекше тойланады. Сонау ІҮ ғасырдан жеткен аңыз былай толғайды. Осы тұста каталондық Монблан қаласының халқына бір қаһарлы айдаһар қатер төндіріп, әбден мазаларын алыпты. Ажал төндірген айдаһардың ашуын басу үшін жергілікті халық күн сайын жеребе бойынша оған мал мен адамдарды құрбандық әкеліп береді екен. Бір күні жеребеге корольдің ханшайымы түседі. Король сүйікті қызын айдаһардан құтқарған адамға оны қосатынын айтады. Әулие Георгий қызды құтқару үшін құбыжықпен айқасқа түсіп, ақыры оны найзалап өлтіреді. Айқас болған жерге төгілген қанның орнынан алқызыл раушан гүлдері өсіп шығыпты. Осы гүлдердің ең әдемісін Әулие Георгий ханшайымға сыйлапты. Осыдан бастап 23 сәуір – ғашықтар мен раушан гүлі күні ретінде қалыптасады. Сонымен бірге Испанияда бұл күні раушан гүлімен қатар кітап сыйлау да әбден дәстүрге енген. Оның да өзіндік себебі бар. Испанияның әйгілі жазушысы Мигель де Сервантес 1616 жылы осы күні өмірден өткен екен. Осы күні Испания көшелері алқызыл, сарғылт раушан гүлдерімен көмкеріліп, кітап жәрмеңкелері қызады. 1995 жылы осы мерекеге негіздей отырып ЮНЕСКО Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күнін жариялады.  

Қытайда Ғашықтар күні жыл сайын 20 мамырда атап өтіледі. Себебі 5/20 деген үш цифрдың қытайша дыбысталуы (уо әй ни) қазақша «мен сүйем сені» дегенге келеді екен. Сондықтан да қытай жастары осы күні өздерінің сүйген қызына осы үш санды жолдайды. Ал 21 мамыр күні қытай әйелдері жігітіне, күйеуіне 521 санын жазып жауап берсе, ол «мен сені жақсы көремін» дегені екен. «Единица болмаса, не болады өңкей нөл», - деп Абай атамыз айтпақшы, бұл ишараны жалпы шығыс философиясымен де сабақтастырып, өрнектеуге болатын шығар. Ырымшыл да дәстүршіл қытайдың әйелзаты бұл жауапты 13 сағат 14 минутта беруге тырысады екен. Себебі бұл сөздің айтылуы (и (яу) сән и (яау) сы) «өмір бақи» деген мағына беретіндіктен, осылай ишаралап отырғаны болар.

Израиль халқының да өз Ғашықтар күні бар. Ту бе-Ав (15 ав) деп аталатын бұл күн жазда, 23-24 шілдеде атап өтіледі.  Дәстүрлі еврей мерекелерінің қатарына енбесе де, ғасырлар бойы еврей жастары бұл күнді махаббат пен бақыт сыйлайтын күн ретінде атап өтіп келеді. Бұл күннің шығу себебі де ұлттық дәстүрмен астасып жатыр. Ежелгі еврейлер ру-ата болып өмір сүрген. Рубасылар үйлену мәселесін ортақ келісіп шешкен және отбасын құруға тек рудың ішінен ғана рұқсат еткен. Тек ту бе-Ав күні ғана израиль рубасылары руаралық некеге қойылған барлық шектеулерді алып тастауға рұқсат еткен. Әрі осы күні жүзім жинау науқаны басталған. Қыздар ақ көйлек киіп жүзім алқабына беттеп алқа-қотан биге басса, бозбалалар солардың ішінен өзіне лайықты жар таңдауға асыққан. 

Еврей жастарының бұл салты біздің қазақтың «Ақсүйек» ойынына немесе «Бастаңғысына» ұқсайтынын аңғарасыз. 

Бұл елдерден өзге, Словенияда 12 наурызда, Грузияда 15 сәуірде, Чехияда 1 мамырда, Грекияда 3 шілдеде Ғашықтар күнін атап өтеді. Әрқайсының өзіндік қалыптасу себебі мен тарихы бар. 

Қазақы танымдағы ғашықтық

Ғашықтық, сүйіспеншілік – адамзат баласының аяулы да ардақты сезімі, мәңгілік жыры. Махаббатты жырлаудай-ақ жырлаған екі халық болса, бірі – қазақ-ақ болар. Қазақтың ұшы-қиырсыз қара өлеңді халықтық әуендеріндегі сүйген жарға деген шетсіз-шексіз сағынышын қаншама буын ұрпақ алғау етті. Бұрынды-соңғы қазақ ақындарының мұңға малына, зар шеге, лапылдап өртене жазған лирикалық өлеңдері қаншама жастарды таныстырып, табыстыруға дәнекер болғаны анық.

Сүйіспеншілік сезімі тұрғысындағы қазақ жігітінің дегдар ұстанымының тоқетер түйіні Абай өлеңдерінде-ақ жатқан болар. 

Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,

Мен не болсам болайын, сен аман бол!

Хакім Абай қаламынан өрілген, ұлттық танымның ар-намыс кодексінің бір тармағы іспеті осынау жолдардан асырып артық не айтуға болады?!

Мәңгілік махаббат мәңгі жасай берсін! 15 сәуір – Ғашықтар күнінің жыл өткен сайын мазмұны мәнденіп, ұлттық бояуы қоюланып, түрленіп құлпыра бергей!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар