Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жеңіс-80
Маржан Ершу. Алып...

15.04.2025 732

Маржан Ершу. Алып 12+

Маржан Ершу. Алып - adebiportal.kz

«Қар ерiгенмен, Қаратау ерiмейдi»

Бауыржан Момышұлы

 

ЖУАЛЫНЫҢ ЖАМПОЗЫ

1910 жыл тарихқа енгенiнде,

Қатал қыстың қаһары жеңгенiнде.

Жуалының топырағы бiр бүлк еттi

Дүниеге батыр ұл келгенiнде.

 

Сол күнi үйде үзiлмей шам жаныпты,

Дүниенi тұрғандай жап-жарық қып.

Бабасы Имаш ата тебiренiп

Мейiрлене немересiн қолға алыпты.

 

(Балада бұғып бұла күш жатыпты)

Батырлардың қылығына ұқсатыпты.

Жөргектегi сәбидiң исiн жұтып

Қолына жас бұтақты ұстатыпты:

 

“Құрық деп берсем, құл болма, жаным,

Шыбық деп берсем, шiл болма, жаным.

Бәрiнен де, Бауыржан, балам

Баяны жоқ ұл болма, жаным!”

 

Деп Имаш баба батасын берген,

Баланың тiлегi шықсын деп өрден.

Аталы сөзi сәбидi сол сәт

Көтерiп көкке кеткендей жерден.

 

Жанары оттай жарқылдап ерек,

Балапан қанат қаққанда демеп.

Былдырлай сөйлеп, тәй-тәй басқан

Балдай тәттi Бауыржан –бөбек.

 

Қыңырлау, 

тентек мiнездi-

Кейде ашық,

Басқа ұлдай жүрмейдi асып-сасып.

Момыш пен Рәзияның шаңырағында

Өседi Бауыржан ұл балпаң басып.

 

Кейде құстай самғайды көңiлi тасып,

Кейде аттай тулайды өртiн басып.

Әжесiнiң сүйiктi немересi

Ертек десе, тыңдайды аузын ашып.

 

Ертек десең, бар қазына – әжесiнде,

Ертегiдей тәттi қатқан көжесi де.

Ертелi-кеш әдемi әлем жайлы

Тыңдайды ол құмартып келесiге.

 

“Келесi ертек қарлығаш, маса жайлы,

Дейдi әжесi, сыр емес-ау аса жайлы:

Жақсылықтың бағасы әркез биiк

Жамандық ұзақ ғұмыр жасамайды.”

 

Бауыржанның мөлтiлдеп көз жанары,

Қарлығаштай болсам деп қарманады.

Әжесiнiң ертегi жан-жүрегiн

Әлдилейдi жас баланың арман әнiн.

 

Өсiрген қиялы мен өрiсiн де,

Аялаған Бауыржанын жең iшiнде.

Әжесi әсте жай адам емес шығар

“Көкжал кемпiр” атанған ел iшiнде.

 

Кеудесiнде сыр-сандық көмбе жатыр,

Таңдайынан төгiлген небiр нақыл.

Көкжал кемпiрдiң ақылды немересi

Жуалының жампозы – Баукең батыр!

МАРШАЛДЫҢ СЫЙЛЫҒЫ

1936. Ел есiнде аласапыран жыл едi бір,

Сұрқай күздiң сызы кетпес iреңiнен.

Ер Бауыржан әскерге қайта алынып

Сол жылы Қиыр Шығысқа жiберiлген.

 

Елемей ызғарын да, дауылын да,

Мойымай аптабында, жауынында.

Әскери дайындықтар тоқтамайды

Қиыр Шығыс қызу iстiң қалыбында.

 

Ат спортының ерекше мәнi зор-ды,

Қылыш сермеп, ат жүгiртiп күшi толды.

Құралайды көзге атқан Бауыржанның

Астында Ақбоздайын аты болды.

 

Тұлпарлар ұнатады шын батылды,

Ер қайраты сыналатын күн жақын-ды.

Капитан ат тiзгiнiн тартқанында

Ақбоз ат май шам құсап көкке атылды.

 

“Тәуекел” деп тас жұтып озған қандай,

Көкiрегiңе құдiрет саз қонғандай.

Кедергiден ат қарғып өткенiнде

Көрген адам жүрегi қозғалғандай.

 

Қайсарлық, қаталдықты көзi көрдi,

Төзiмдiлiк шығарар төрге ердi.

Үш полк командасы сынағына

Маршал жолдас Блюхердiң өзi келдi.

 

Бұл сынақтар алынбас асулардай,

Он үш кедергi. Құпиясын жасырғандай.

Кейде ат қорқып, кейде адам құлап жатты

Алып-ұшқан көңiлдер басылғандай.

 

Үшiншi полк.

Бауыржан алға ұмтылды,

Жүрегiмен Құдай деп

Төбесiнде Күн тұрды.

Ойнақтады Ақбоз ат

Жiбек жалы таралып

Көрерсiң деп тұрқымды.

 

Құзар шыңнан қарғып ап,

Жалпақ ордан орғып ап

Одан өттi жаудырап.

Он үшiншi кедергi...

Шыдар ма екен капитан

Шыдар ма екен арғымақ?!

 

Пай-пай!

Жануар жас парлатып,

Шыңғырды аспанға атып.

Баукең ат үстiнде

Тақымы тастай қатып.

 

Қара жер топырағын,

Тозаң ғып көкке ұшырған.

Он үшiншi кедергiнiң

Басып өттi нық тұсынан.

 

Шуласты жиналғандар,

Батырды құрмет тұтып.

Баукең тұр Ақбоз атпен

Маршалдың сөзiн күтiп.

 

“Орындалды бұл тапсырма,

Алғыс айтам бек жақсы ұлға!

Өрлiгiңмен көтере бiлген

Ауырлығын құм-тастың да!

 

Жаралғандай от, тасқыннан,

Дүлей мiнез сұр қасқырдан.”

Деп Маршал Бауыржанға

Алтын сағат-сый тапсырған.

ПАНФИЛОВТЫҢ ПАЛУАНДАРЫ

Тiршiлiктiң тәттi әуенi бұзылды,

“Соғыс” деген сұп-суық сөз ұзын-ды...

Ысқырған оқ, ұйыған қан қып-қызыл

Үрейiмен күйдiредi жүзiңдi.

 

Сұрапыл шақ. Елге шынжыр тор кiрдi,

Бұзамын деп май шайнаған ұртыңды.

Жас баланың жүрегiнде мұң тұрды

Батыр ерлер ел қорғауға ұмтылды.

 

Соғыс бұлты торлап алды аспанды,

Отан үшiн кектi күрес басталды.

Панфиловтың палуандары кiл өңкей

(Лақтырды қарсы келген тастарды...)

 

Жаудың бетiн тойтарғанда ұран сап,

Панфиловтың дивизиясы құрам, сап.

Соғыста тек батырлықтың бағы үстем

Мiнездi әсте көтермейдi жыланшақ.

 

Қиналыстан, ойдан шаршап басы мың,

Iшке бүгiп ызаланған ашуын.

Сын-сағатта iске асырды Панфилов

Соғысудың жаңа әдiс-тәсiлiн.

 

Палуандарын ұрысқа сай дайындап,

Сан тынысты ақыл-оймен пайымдап,

“Жау тұмсығын мықтап ұрып,құлатып

Қырандарым! Күш-қуатты мойындат!”

 

Деген сөзi Панфиловтың қанатты,

Солдаттарға жалын болып тарапты.

Дивизияның дауысы шығып дауылдай

Дүниенi азан-қазан ғып баратты.

 

Қаһарлы күн, ызғарлы түн аунады,

Намыс қозды жүректегi, қандағы.

“Панфиловтың қырандары қауiптi”

Деп жамырап жатты сонда жау жағы.

 

Алда тұрды қанды асу, сынды өткел,

Адам жаны iлiнгендей iлмекке.

Бауыржанның батальонына бiр күнi

Панфилов келдi жағдайларын бiлмекке.

 

Қай кезде де шындық аса қымбатты,

Тану үшiн өмiрдегi ырғақты.

“Жағдайымыз өте жақсы, генерал”

Деп кезекшi жiгерленiп тiл қатты.

 

Қалың қалай дегендейiн, қарағым,

Бауыржанға бұрды ендi жанарын.

“Жағдай нашар, жолдас генерал, тым қиын”

Дедi Баукең түйiп қалың қабағын.

 

-Шындықты айттың! Жағдай бiздiң оңай ма?!

Жауды жеңу, жеңiлмеу тек бар ойда.

“Жағдайымыз жақсы” дейдi кезекшi

Жақсы емес-ау алайда.

 

Апта бойы тұз көрмедiк, ет жемей,

Етiк тозып солдаттар жүр өкпелей.

Жоқтық, аштық күйзелтедi бәрi де

Деп күрсiндi от көмей.

 

Киындықпен соғысу да – бiр ерлiк!

Тар шақтарда тығырыққа тiрелдiк.

Отан қорғау отпен ойнау емес қой

Тәрбие ғой тал бойыңа сiңерлiк.”

 

“Жолдас генерал, кiнәлiмiн, айыпты”

Деп кезекшi сөзiн жуып-шайыпты.

Панфиловтың әрбiр сөзi байыпты:

-Ауыз емес, мимен ойлап соғысқан

Солдаттар тек ерiм деуге лайықты!

 

Бауыржаным, соғыс, азап-қиындық,

Мұндай шақта өтiрiк те – бiр ұрлық!

Шындықты айту, шынға сену, сендiру

Болар бiзге мұрындық.

 

Қиындықтар алдымызда көп әлi,

Шындықпенен кеудең тұрар жоғары.

Солдаттарға ата-баба дәстүрiн

Ұғындыру – бұл соғыстың талабы!

 

Мың тiлектер бiр тiлек боп үн қатты,

Мың жүректер бiр жүрек боп жырлапты.

Панфиловтың палуандары ерлiкпен

Сақтап қалды ең асылды, қымбатты!

 

Кейде мұңды ойларға да батамыз,

Кейде күлiп жадыраймыз аса бiз.

Бейбiт күнде жүректерде жыр болған

“Панфиловшы палуандардың” аты аңыз!...

ҚОРШАУДЫ ҚИРАТУ

Оқ борайды жерде де, аспаннан да,

Ысқырып, ұлып кәрiн төгiп жасқанғанға.

Көз қорқып, жүрек үркiп, жүйке тозып

Көбейдi үрейi ұшып қашқандар да.

 

Қарсы жақтың құрсаулы алып күшi,

Қуырып жiберердей жанып түсiп.

Мина, бомба, снарядтар зу-зу етiп

Келгендей күш-қуатын танытқысы.

 

Жауынгерлер жүзiнен күлкi қашып,

Үн-түнсiз күйге түстi. Сырты жасық.

Бiр сәтте мең-зең күй кешкендей

Қорқыныштың алапат сұсы басып.

 

Сөз сүйектен, таяғы еттен өтiп:

“Жауынгер болмаған ба сүйек бекiп?!

Намыссыздық – қорғансыз мүсәпiрлiк”

Деп Бауыржан қамықты ойға кетiп.

 

Қол астына жиылған көптi жиып,

Жүрегi жалын оттай тұрды күйiп.

Отан! –деп алға бастап батальонын

Шыбын жанын шүберекке жүрдi түйiп.

 

Қол бастап қаншама рет кiрдi ұрысқа,

Көрiндi ерлiгiмен алғы тұста.

Бес рет жау қоршауын бұзып өтiп

Арыстандай айбат шектi арпалыста.

 

Қоршауда қалды тағы батальоны,

Аштық, суық, ұрыс кезi-батар жерi.

“Не бар бiздiң қоржында” дегенiнде

Үш папирос, үш тiлiм нан әкелгенi.

 

Қолына алып папирос және нанды,

Қиын шақта жүдеткен барлық жанды.

Солдаттарға ұсынған шын пейiлмен

Ешбiрi де алмады, ұмтылмады.

 

Батальон жылжыды алға бiр бел асып,

Ыңырсиды жаралылар өңi қашып.

Асып-сасқан отыз алты офицерiн

Бауыржан жинап алды жиын ашып:

 

“Дейсiңдер ме, бұл соғыста өлем бе екен?

Тыңдаңыздар! Құлақтарың керең бе екен?!

Мiндетiн атқармаған шендiлердiң

Шендерiн шешiп алып төмендетем!”

 

Баукеңнiң сұсы қатты, үнi ызғарлы,

Үнiнен үрей ұшып, жер қозғалды.

Тұтығып, наразы боп офицерлер

Беттерi бiр бозарып, бiр қызарды.

 

Адымдап Красненко алға шықты:

– Бұл ерiктi сiзге кiм таңдатыпты?

Сiздiң бұлай iстеуге хақыңыз жоқ

Құзырыңыз жоғары бар ма тiптi?!

 

– Дұрыс айттың, Красненко, өте мұңды,

Айттым ба, айтқаныма жетемiн-дi.

Сен маған ашуыңды көрсетпегiн

Бiлмейсiңдер менiң кiм екенiмдi!

 

Үнсiздiк. Аңтарылды сонда бәрi:

“Бұл не? Есi ауысқан ба?” деп таңғалады.

– Есiм дұрыс, жолдастар, командирмiн

Бар билiктi өз күшiммен қолданамын!

 

Бас билiк. Бас Қолбасшы мұнда менмiн!

Айтарымды екi етпей тыңда дермiн.

Аштыққа да, жауға да бергiзбеймiн

Құрта алмайды сендердi қуғын-сүргiн.

 

Қатал мiнез көтердi еңселердi,

Ертеңге сенiм деген өлшем едi.

Командирдiң қуатты сөзiнен соң

Батальон бөрiдей теңселедi.

 

Бауыржанның ақыл-ой күшiменен,

Қоршауды сан қирату түсiн, ерен.

Дұшпанына ерлiгiн мойындатқан

Қаратаудай қайыспас мысыменен...

ЖАМБЫЛДЫҢ БАТАСЫ

Қара өлең күңiренiп, толқып ақты,

Жамбыл жыры биiкке қанат қақты.

Қазақтың Гомерiнiң дауысы өктем

Ұран сөзi жауға оқ боп тиiп жатты.

 

Жамбыл даусы найзағайдай күркiредi,

Рухымен қайраттанды жұрты, елi.

“Қорған!”, “Аттан!” дегендей қанжар-жырмен

Ер намысын қамшы боп түртiп едi.

 

Ойлар аунап, жел есiп, су шайқалды,

Қайыспайтын ер мiнезi байқалды.

Смольныйдың көшесiнде тiрi сөз

Жамбыл жыры ерлiк тiлiн айта алды.

 

Сұм соғыстың от жалыны шарпыған,

Тиiп жатты бар зұлматы жалпыға.

Қиын кезде күйремеген бұл халық

Өшкен емес жүректегi жарқын ән.

 

Жамбыл жырын үлкен, кiшi ұғынды,

Жүректер мың жасын жырмен жылынды.

Қоршаудағы қамкөңiлдi жұбатып

Ленинградтың қабырғаларына iлiндi.

 

Жамбыл аты аңыздай боп таралды,

Жадыратты көңiлдердi, жанарды.

Жанартаудай жыр-құдiрет күшiмен

Шарлап кеттi ғаламды.

 

Аңыз Ата! Атын естiп алыстан,

Жүзi басқа, жүрегi бiр табысқан.

Бауыржандай батыр iнi iздеп кеп

Жыр-Жамбылмен есендесiп танысқан.

 

Сәбит аға баяндайды мән жайды,

Көрмеймiсiң батыр тұлға, кең иық,

Жарқыраған маңдайды.

Баяғының Ғазiретi Ғалиiндей батыр бұл

“Момыштың ұлы Бауыржан!” деп

Саңқылдап сөзiн жалғайды.

 

Жымия қарап Жамбыл тұр

Ойлы көзiнде бiр ұшқын,

Бауыржан тұрды қасқайып

Өзiндей болып құрыштың.

“Мына қызыңды...

Түсi тым суық екен-ау” дегенде

Қарт сөзiне мәз болып

Қаумалаған жұрт күлiстi.

 

Жамбылдың ойлы жанары

Жарқ етiп қайта өшкендей,

Боларсың батыр, әсте сен,

Жауыңнан жүрсең сескенбей.

Өтеген менен Сұраншыдан

Күштiрек жерiң бар ма екен?

Бауыржан балам, сөйлегiн

Қылыштың өзiн кескендей!

 

–Өтеген өрттей батыр ғой,

Өзегiнен шоқ тамған!

Сұраншы судай батыр ғой

Сарқырап сайға аттанған!

От пенен Судан күштi жоқ

Өтiрiк айтып ақталман.

Мен едiм – оттың ұшқыны,

Мен едiм – судың тамшысы

Бабалар рухы мәңгiлiк

Жүрегiмде сақталған! –

Деп Баукең тiлмен от шайнай,

Сөйлеп кеттi тоқталмай.

Ағыны қатты сулардай

Арындап шапқан аттардай.

 

– Әй, Балуан Сәбит! Сәбит-ай!

Мынауың мықты батыр-ау

Түрiнде де, тiлiнде

Талай қазына жатыр-ау,–

Деген сонда Жыр-Жамбыл

Көңiлi тасып шарықтап,

Қыран құстай қалықтап.

Бауыржанның мiнезiн

Тiл қатқаннан танып қап.

 

Ұл бала ер болады-ау бата көрген,

Жасық боп жараспайды жапа көрген.

“Сұраншы, Өтегендей саңқылда” деп

Жамбыл қарт мейiрленiп бата берген.

 

Астында Ақбоз аты ойнақтаған,

Кез бар ма жауға найза бойлатпаған.

Баукеңдi оқ астынан алып шыққан

Жәкеңнiң батасы-ау деп ойлап қалам...

АЛМАС ҚЫЛЫШ

Соғыс сұмдық.

Өмiр мен өлiм үшiн арпалыс сәт,

Жеңу яки жеңiлу – ең ауыр шақ.

Күштi болсаң күйретпей күшiңдi бақ

Әлсiз болсаң қаларсың жерде қурап.

 

Ертеңге сенiм мықты өр көңiлде,

Тiршiлiк бар сәбидiң жөргегiнде.

Бұршақ емес, бомба жауған соғыс кезi

Ер Бауыржан ауыр ойдың өрмегiнде.

 

Батырдың көкiрегiнде өкпе-назы,

Көз жасына буланып ақ қағазы.

Жүрегiн мың бiр мұңға малындырып

Қазақтың зиялысына хат жазады:

 

“Айналайын! Асылдарым! Құрметтiлер!

Ақ сөзiмдi шын деп бiлер, сыр деп бiлер.

Етiгiмен су кешкен есiл ерлер

Ерлiктi бағалайтын сiз деп бiлер.

 

Соғыс жайлы оқимыз небiр дерек,

Ерлiк жайлы дастан-жыр күтiп ерек.

Майдандағы қазақтың жүрегiне

Нұр құятын рухани сәуле керек!

 

Абай жыры, Махамбет, дастан, аңыз,

Қолға түссе жылынып жастанамыз.

Жазушылар қаламға сергек болғын

Уыз дәммен ауыздансын жас баламыз.

 

Қан майданда от кешкен бауырым мың,

Рухын бiлер “Аруақ” деген тәуiр үннiң.

Жүректерге от жағар өлең керек

Қабырғалы қазақ деген қауымымның.

 

Уақыт жай оғындай зымырайды,

Кiтапсыз жан дүниең жылымайды.

Қазақ болып қара өлең ұғынбаса

Келешекте болады ұлы қайғы!..

 

Өресiзден хас туынды тумайды,

Құр айғаймен бос кеуделер шулайды!

Әйел-сайқал бiрдi ғана арбаса

Әдебиеттiң сайқалы –

Мың сананы улайды!

 

Жас адамға жүрек – би, ақыл – тоқтам,

Күш емес, рух сақтар оқтан, оттан.

Жүрегiнiң түгi бар батырларда

Бөрi мiнез көрiнер ұлып жатқан...”

 

Бауыржанның қылыштай сөзi қатты,

Зиялыны мұңды ғып, шын жылатты.

Батырдың батырлығы елестетер

Ауыздығымен су iшкен арғымақты.

 

Алып десе, алып қой тау,тас жығар,

Әдiл сөзi әрдайым тозбас тұмар.

Суворов, Багратион, Чапаевқа

Теңедi оны атақты қолбасшылар.

 

“Мен – Суворов емеспiн, Чапаев та,

Багратион да емеспiн. Ат айып па?!

Момышұлы Бауыржанмын!” деп тiл қатқан

Тауға бiткен шынардай қатайып қап.

 

Жүрегiнен iзгiлiк жырын төгер,

Ұрпағына имандылық нұрын себер.

Алмас қылыш секiлдi тот баспайтын

Қайран асыл Баукем-ай! Дүр еңселi ер!

 

Қыран болса, көгiнде қалықтай ма?

Батыр болса, батырлықты танытпай ма?

Жан-жағыма қараймын жаным жүдеп,

Шiркiн-ай, Бауыржандай алып қайда?!

Алып қайда?!

Маржан Ершу


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар