Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жеңіс-80
«Сендер аман тұрғанда, өлмеймін! – деп мен айттым....

14.04.2025 966

«Сендер аман тұрғанда, өлмеймін! – деп мен айттым...»

«Сендер аман тұрғанда, өлмеймін! – деп мен айттым...» - adebiportal.kz

Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңін бәрі біледі. Бұл өлең – тек соғыс жайлы кішігірім шежіре емес, бұл  – ақын әр жолына үміт пен үмітсіздікті, сағыныш пен сағымды, өмір мен өлімді қатар сыйғызған, адамзат трагедиясын терең бере алған өлең. Ия, арада сексен бес жыл өткенде соғыстың қайғысын біз ұмытып бара жатқан шығармыз, ал бізге дейін қаншама адам үмітпен өмір сүріп, ана баласын, әйел азаматын, бала әкесін күтті. 

Жаутаңдап қарап дала тұр,

Көз жасын сүртіп жаңа бір.

Хабарсыз ұлын сұрауға

Жолыңды тосып ана жүр.

Уақыт өтіп бара жатса да, ананың, жардың, баланың күтуі тоқтамайды. Әр сәт – күтумен өлшенеді. Бұл жерде уақыт пен үміт диалектикасы бар.  Соғыс  - ұлы идеялар үшін емес, жеке адамдардың қайғысымен өлшенетін зауал.

 

Ақынның қызы әкесі жайлы

Қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Сырбай Мәуленовтің қызы Сақыпжамал Сырбайқызымен телефон арқылы сөйлескен едік. Алматыда тұратын Сақыпжамал Сырбайқызы профессор. 43 жыл бойы Нархоз университетінде жұмыс істеген. Сонымен бірге Алматыдағы UIB халықаралық университетінде, Алматыдағы статистика академиясында білім берген, одан бөлек статагенттіктермен бүкіләлемдік бағдарлама жүйесінде жұмыс істеп, оның ішінде бүкіләлемдік банктермен Қазақстандағы кедейлік мәселелері бойынша ғылыми ізденісте болған. Сақыпжамал Сырбайқызының көптеген шәкірттері, магистранттары, аспиранттары еліміздегі жоғары оқу орындарында қызмет етіп, ел дамуына өз үлестерін қосып жүр. Біз ғалымнан әкесі жайлы бір ауыз айтуын сұраған едік.

«Біздің ата-бабаларымыз Торғайдан Сыр бойына дейін жүріп өткен. Әкем 1922 жылы 17 қыркүйекте Сырдың жағасында дүниеге келген, сондықтан Сырбай атанған. 18 жасында әскерге шақырылып, Ростовта дайындықтан өткен. Волхов майданында политрук ретінде шайқасқа қатысқан. 1943 жылы 22 қаңтарда Ленинград түбіндегі Волхов майданындағы шайқастарда жараланған. 

Госпитальдан шыққан соң елге оралған. Әкем «Өзім өткен алдымда жол тұр бәрі, Аз жазғам жоқ өлеңде ол туралы. Менің жолым – Торғай мен Сырдария, Дон мен Волхов, Неваның толқындары» деп соғыс жылдарында жүріп өткен жолдарын, өміріне із қалдырған жерлерді айтып отыр. Әкем жазған мына өлең жолдары: 

Мың қолдар сау болсын деп,

Мен бір қолымды бердім.

Мың жолдар жалғансын деп,

Мен бір жолымды бердім.

Мың гүлдер солмасын деп,

Гүлдей жастық күнімді бердім.

Мың ақын толғасын деп,

Мен бір жырымды бердім, - 

деген жолдар, немесе:

Өлмейсің! – деп ел айтты

Өлмейсің деп! – деп жер айтты.

Сендер аман тұрғанда

Өлмеймін! – деп мен айттым, –

 деген жолдар өзіме ыстық, әлі күнге дейін менің жанымды тебірентеді. 

 

Жалпы ол кісі белсенді адам болды, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда елді қалпына келтіру жұмыстарына да елмен бірге кірісіп, аянбай тер төкті. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдызда» бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған еңбек жолын көпшілік біледі. Шығармашылық еңбегі бағаланып, Абай атындағы сыйлықты, Фадеев атындағы сыйлықтардың иегері болды. Бүгінде еліміздің бес облысындағы бес қала: Алматы, Астана, Қызылорда, Қостанай, Арқалық қалаларында әкемнің атында көше бар. 

Сонымен бірге Астанадағы № 38 мектеп, Қостанайдағы №24 мектеп, Қостанай облысындағы Мелисай орта мектебі Сырбай Мәуленов атында. Біздің отбасымыз осы мектептермен тығыз байланыста жұмыс істейді. №38 мектепте әкемнің заттары тұрған музей бар. Оның мемориалдық тақтасын, музейді жабдықтауға қол ұшын бердік.

 Ағам Қасым Мәуленов – IT университетінің жетекші профессоры, жыл сайын Астанадағы мектеппен тығыз байланыста болып, оқушылармен жүйелі түрде бірлесе жұмыс істейді.

Осы жерде айта кетейін, менің өзім де Ұлы Жеңістің  80 жылдығына орай халқымыздың даңқты батырлары жайлы мақала дайындап жатырмын. Әкеміздің қолжазба мұраларын қарап отырып, ол кісінің елімізде болған бүкіл оқиғаларға сергек қарағанын көремін. Оның Р.Қошқарбаев, М.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Ә. Шәріпов, басқа да батырларға арнаған, сонымен бірге Наурызбай батыр, Кенесары батыр, Шақшақ Жәнібек, Абылайхан, тағы басқа үлкен тарихи тұлғаларға арнаған өлеңдері бар. Мен сізге «Халықтың жұлдыздарына» деп аталған топтаманы жіберемін. 

Соңғы кездері ұлттың басынан өткен аштық нәубет жылдары мен ұлттану мәселелеріне қатысты айтылып, көтеріле бастады ғой. Әкемнің бұған қатысты да өлеңі бар. Өмірінің соңғы жылдарында ол кісі өз ішіне, сонымен бірге халықтың тарихына зер салып үңілді, әсіресе,  адам, оның қоғамдағы ролі, рухани кеңістігі жайына біздің де назарымызды аударумен болды. Бұндай мәселелер оның мына өлеңдерінде көтерілді. Мысалы, «Оңаша қалып ойменен», «Табиғатпен жаным бірге», «Мен өзімнен алыс кетіп барамын»... Меніңше біздің поэзияда бұл тақырыптар сол буын арқылы көтерілген болу керек. 

Тағы бір айта кететін жайт, Алматыдағы Академиялық кітапханаға барып қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің 18 томын қарағанымда, кейбір сөздердің мағынасын түсіндірген кезде біздің әкеміздің өлеңдері көбірек пайдаланылғанын көрдім. Бұл арқылы қазақ тілінің байлығын, ақынның да сөздік қоры сондай болғанын көреміз. Есімде, көптеген белгілі азаматтар әкеме хабарласып, кейбір сөздердің мағынасын сұрап жататын. Академик А. Ысқақов  жиі хабарласып фразеологизмдер жайында сұрайтын. Біздің бүгінгі қоғамда елжанды азаматтар тәрбиелеу маңызды болып тұрған уақытта әкеміз сияқты қаламгерлердің мұраларының қадірін білуіміз керек».

 

***

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар.

 

Кешікпей жарым келер деп,

Төрінен сайлап орынды,

Батысқа қарай елеңдеп,

Ару жүр тосып жолыңды.

 

Көтерді бәрін ауырдың,

Азамат болып арды ақтар.

Көрдің бе жарын арудың,

Соғыстан қайтқан солдаттар.

 

«Кетерде солдат жарының

Ішінде қалған ана жыл,

Көкемді айтпай танырмын

Деп бір сәби бала жүр.

 

Қайрылмай қалай кетесің,

Хабарсыз қалай ол тоқтар.

Көрдің бе оның көкесін,

Соғыстан қайтқан солдаттар.

 Бұл әрі поэтикалық, әрі философиялық сұрақ. Автор анаған не мынаған емес, өмірдің, уақыттың өзіне сұрақ қойып отыр: Көрдің бе? Естимісің? - дейді..

***

        Сырбай Мәуленов өлеңдері

Рақымжан Қошқарбаев

Рейхстаг төбесіне ту қадаған,

Суретің көз алдымда тұрады әман.

Шыңылдап құлағымнан бір кетпейді

Дауысың ұран салып уралаған.

 

Соғыстың кешіп отты шақырымын,

Сеніммен бастың алға батыл, мығым.

Көрдің сен жауыздықтың сарайынан

Ұйтқыған құйын мен күл қапырығын.

 

Алдыңда Рейхстаг сұрқы қашқан,

Үстіңді қорғасынның бұлты басқан.

Үш жүз алпыз метрге жер бауырлап

Жылжыдың жеті сағат, бір тынбастан.

 

Оқ атып, от лақтырып, найзаласып,

Айқасты өлім, өмір майдан ашып.

Қан соқта қызыл қырғын ортасында

Жауыңнан түсті ерлік пен айлаң асып.

 

Көрсең де жолдың қанша шартарабын,

Қауіпті болды сонда әр қадамың.

Өттің сен үш жүз алпыс метр жерді,

Адамзат аманатын арқаладың.

 

Қалғанда жауға зауал – жаза жақын,

Шықтың сен соны орындап, азаматым.

Қадаған Рейхстагқа тумен бірге

Көтердің ең биікке қазақ атын.

 

Аңыз боп ардағы ұрпақ – келесіге,

Тұрдың сен Рейхстаг төбесінде.

Жүрегің сөқты шалқып тумен бірге,

Сақтайды сол қалпыңды ел есінде.

 

Бауыржан зираты басында 

Қойылды тауға тал түсте,

Өзі де таудай нар тұлғаң.

Арыңа кіршік шаң түспей,

Айрылмай кеттің даңқыңнан.

         

Күн құйып көздің жасындай,

Қалың бұлт жүзді қайғыдай.

 Жарқырап жайдың тасындай,

 Антыңнан өттің айнымай.

 

   Көтерді елің сені тік,

   Жігіті деп жігіттің.

   Қаһармен мұзды ерітіп,

   Қара тастарды жібіттің.

       

   Ардақтай берер сүйікті ел,

   Ардақтау сені парыз боп.

    Батырлық тұлғаң биіктер,

   Бұрыннан бетер аңыз боп.

***

Өкіндің бе өткенге,

Кеттің тастап жер үстін.

Іэдеп жерден, көктен де,

Таба алмайды сені ешкім.

 

Шақырғанмен қаншама,

Енді оянар емессің.

Күніне мың барса да,

Көре алмайды сені ешкім.

 

Жалғыз өзің жалғандай,

Жатырсың бір шоқыны  ап.

Күн батарда жанғандай

Ту боп қызыл топырақ.

 

Болатұғын тегінде,

Батырлық пен дарқандық.

Тұрғандайсың өлімге,

Алатауды қалқан ғып.

                                          * * *

Маңдайымен мұзды жарған кемедей,

Екпінімен ауаны ескен дауылдай,

Зуыл қағып көкке атылған жебедей,

Қан қайнатып аттан салған дабылдай,-

 

Жатыр мұнда Момышұлы Бауыржан,

Қан майданда жауға тиген жалындай.

Жатыр мұнда Момышұлы Бауыржан,

Атақ-даңқы асқақ Алатауындай.

                                                                              

Жартас

Қасым Қайсеновке  

Атты бізді улы оқтармен,

Басты бізді танктермен,

Қөмді бізді бомбалармен,

Түтіндедік жанып көрден.

 

Жер бетіндей өрттен қалған,

Оқ айырған жарты аспандай.

Жау қанжары өтпей қалған

Тұрдық алып жартастардай.

 

Ылғи жүріп от ішінде,

Болып алдық сөнбейтіндей.

Өле-өле жол үстінде,

Болып алдық өлмейтіндей.

 

 Әди Шәріповке

Сенің адал пейілінді,

Адамға деген мейірінді

Соғыс та өзгерте алмаған.

Туған жердің орманын

Жүрегіңмен қорғадың,

Кездерде өрт лаулаған,

Қап-қара бұлыт сүліктей,

Өкпеңді сорды дамылсыз,

Кеудеңе қонды үміттей

Күп-күрең бұлттар жауынсыз.

 

Талай тұрып жығылып

Талай тасқа ұрылып,

Шаршадың да қаусадың

Шықтың, бірақ, шынығып.

Белорусьтің қайыңы,

Болды сенің қайығың,

Қорек еттің кей кезде

Қарағайдың шайырын.

Кештің қанды жорықты

Бел шешіп бір жата алмай.

 

Туған жарың торықты

Жыл он екі ай хат алмай.

Оқты тосып кеудеңмен

Еліңе аңсап келдің сен,

Өлімді көп көргеннен

Өлмей қалдың, мен білсем.

* * *

Майданда біз құласақ та,

Демеп жүрдік құлағанды.

Біз өзіміз жыласақ та,

Жебеп жүрдік жылағанды.

 

Ашықсақ та білдірмедік,

Шөлдесек те білдірмедік.

Түйір нанды бірге бөлдік,

Тамшы суды бірге бөлдік

 

Қайрат жолда серік болып,

Қайғыға біз берілмедік.

Достығымыз берік болып,

Біз майданда жеңілмедік.

 

Соғыс жайын сұра сен

      Бүгін тарих – жыр әсем

         Қара шаштар қар шалған.

         Соғыс жайын сұра сен,

         Мың өлімді қарсы алған

         Солдаттар мен маршалдан.

 

         Соғыс жайын сұра сен

         Махаббаттан ерте өлген,

         Жанған бір кез аспаннан,

         Ормандардан өртенген,

         Жараланған тастардан!

       

         Соғыс жайын сұра сен

        Азынаған желдерден,

        Қан боп жүзген көлдерден,

        Көп адамды құшақтап

        Жатқан сонау дөңдерден!

 

        Соғыс жайын сұра сен

        Бітпей қалған жырлардан,

        Жағылмаған шамдардан,

        Шашылмаған нұрлардан,

        Атпай қалған таңдардан!

 

        Соғыс жайын сұра сен

        Отамалы оттардан

        Жайпап өткен жер үстін,

        Соңғы атылған оқтардан

        Шашуы боп жеңістің!

       

Жеңіс күні

  От шашты Отан аспаны, 

Төгілді көздіц жастары. 

Окоптан шықты солдаттар, 

Атылды көкке соңғы оқтар.

 

Буыны босап дірілдеп, 

Сүйді жұрт бірін-бірі кеп. 

Сәбиін күнге көтеріп, 

Аналар тұрды күлімдеп.

 

Теңіз боп адам толқыды, 

Жалау боп жүзді армандар. 

Салют боп жанды сол түні, 

Соғыстан қайтпай қалғандар.

 

Сызға ұйықтап, мұзды жастанған,

Бойын бір жазды шіркін ер. 

Ақшуақ болып аспаннан, 

Құйылды жерге күлкілер.

 

  Сырбай Мәуленов

Фотосуреттер Сақыпжамал Сырбайқызының жеке архивінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар