Әбіл-Серік Әліакбар: Ақындар – бар болғаны өз ұлты ғана танитын жұмыр басты данышпан
Бөлісу:
(Сұхбаттың жалғасы)
– Бір сұхбатында жазушы Нұржан Қуантайұлы: «Қазақ әдебиеті шығармашылықтың жаңа бір белесіне шығудың аманатын арқалап тұр» деген болатын. Осы белеске шығудың барысында қазақ поэзиясы мен прозасының әсері қандай?
– Бұл сауалға біз үшін Уоррен мен Уэлек: «Егер біз аса жоғары дамыған әдебиетпен істес болатын болсақ, ондай жағдайда бұндай әдебиет өзінің гүлдену дәуірін бастан кешіп, бізге көрініп тұрғанындай, ақындар қауымы өздеріне дейін жасалынып қойған модельдермен ғана шектеліп, тіл өз тарапынан ақын үшін поэзияны туындатады»,– деп жауап береді. Ал қазақ прозасының бабалары жоғалтқан асыл қазынасын басқалардың бақшасынан жинап алу дәуірі енді басталды. Поэзия гүлдегенімен, шешек атпайды, гүлі мәңгіге солмайтын «Әдебиеттің Иранбағы» болып қала береді. Бірақ Мәжүнге айналған қазақ прозасы өзінің Ләйлісін ғасырлар қойнауынан таба білді. Тек оған исламдық сипаттағы түркінің көзімен қарап ұғынатын оқырманды «Поэзияның Иранбағынан» тартып алып тәрбиелеу ғана қалып отыр. Бұл функцияны А.Алтай, Н.Қуантайұлы, Ә.Ыбырайымұлы т.б. қазақ ұлттық әдебиетіндегі «жоғалған буынның» белді прозаиктерінің, тіпті, кейбірі көзі тірісінде әлемдік және ұлттық классикалық туындыларын өмірге әкеліп үлгерген ұлы шоғыры «Бодан буынды» жалғастырып, «Бостан буынмен» тұйықталады. Қазіргі қазақ романын тізбектесек, «Бодан буын» мен «Жоғалған буын» романистерінің қаламынан шыққан «Жармақ», «Қылкөпір», «Аяз би», «Ән салуға әлі ерте», «Жаңғырық», «Мешкей», «Алаң», «Қаһарлы Алтай», «Туажат», «Тар кезең», «ХХ ғасыр», «Гүлдер мен кітаптар», «Талтүс», «Мұнара», «Ай қараңғысы», «Ұяластар», «Зауқайыр» мен «Қараөзектердің» әфсенияттық шеруі: Мағауиннен бастау алып, жасы 40-тан асқан Нұржан Қуантайұлына дейінгі әдебиет өкілдерінің жеке бастық шығармашылық мехнаттары туындыгерлікпен айшықталып ұлтына жол тартуынан тұрады. «Бостан буыннан» бұл интеллектуалды шеруде Лира Қоныстың – «Құлпынай қосылған балмұздақ», Арман Әлменбеттің «Мимырты» бар. Бұл тізімді одан ары соза беруге де болады. Осыған ғылыми пікір айтуда әдебиеттану, әділ бағасын беруде әдеби сын рухани-мәдени милети көшке ілесе алмай жатыр. Бір сөзбен айтқанда, қазақ романында танымалдықтан гөрі белгісіздік басым.
Әдеби процеске біреу ерте, біреу кеш келеді. Бірақ кеш келушілердің өзгелердің иеленген әдеби төрін тартып алуы да бар, құр босағадан сығалап тұруы да бар. Қазіргі әдеби процесте ақындар көбіне босағадан сығылаушы болса, прозаиктер төрге озушылар. Заманалық ақындар жайлы көп жазылады, көстите жазылады, заманалық жазушылар жайлы аз жазылады, шөмшите жазылады. Бұның барлығы – әдебиеттанушы ғалымдар үшін әдеби талдауға уақыт көп кетпейтін поэзияның жанрлық ерекшелігіне байланысты. Әрі, қазіргі қазақ прозасына 5 беттік мақала жазу үшін зерттеушілер тарапынан 1 ай кететін дәрежеге жетіп отырмыз. Бұл жаһанданған әдеби процестің шаңында қалып, милети өшкендігіміздің белгісі емес, қайта әлемге өз «алаш ақыл-ой имперализмін» таңатын ел сөзін ұстаған романи өскендігіміздің өркениеттік символы. Проза әдебиет аламанында поэзияны шаң қаптырып, ақындық Иранбағына «Проза пайғамбарлығының» көлеңкесі де түсе бастады. Бір сөзбен айтқанда, қазақ әдеби процесінде жазушылар соңғы сөзді айтатын идеолог көшбасшыға айналып та үлгерді. Біз бұны поэзияның басынан бағын тайдырып, базарын тарқату мақсатында емес, қазақ романының әлемдік деңгейге көтерілгенін ғылыми патриот ретінде мақтана сөз ету үшін ауызға алып отырмыз. Өйткені, ақындар – бар болғаны өз ұлты ғана танитын жұмыр басты данышпан болса, прозаиктеріміз – енді ғана рухани-мәдени ұйқысынан оянып, әлемді «рухани-мәдени» жаулап алуға мықтап бел шешкен үш басты (оқиғалы-сюжеттік: өлең сөзік, ойын сөздік, қара сөздік) әйдік алаши айдаһар. Міне, әдебиеттанушы алдында әдеби процестегі жұмыр басты данышпанды ма, әлде, үш жанрдың бағын асырған жауынгерді жазу керектігінің дилеммасы тұр. Бұған біреу келісер, біреу келіспес, әркімнің өз ойы өзіне – Бұхар мен Самарқан. Және де роман жанрының қыр-сырын қасақана білгісі келмейтіндер мен өзі де білмей, ауыз өзімдікі деген аңыста әйтеуір сөйлеп қалуды мақсұт етушілердің құр байбаламы мен асанқайғылатуының далбаса әрекеті барысында әдеби процестегі неороманшылардың алып отырған әдеби орынын елеусіз қалдырып, «ақ болды да, көк болдыны да» айтып жүргендер де бар. Біз бұны не қазақ неороманшыларына әлемдік деңгейдегі өсіп-өркендеуді қимағандық, не болмаса, бәрін Батыстың бойына шақ шекпенмен байланыстыратын, олпы-солпы күйінде қазақтың рухани-мәдени болмыс-бітіміне кигізетін: кеңестік эстетикалық, әм еуротектілік көзқарастағылар тарапынан орын алатын марксшіл-мәсіхшіл эстетикалық-дүниетанымның тар ауқымының рухани-мәдени кісенін үзе алмаушылық деп білеміз.
– Бүгінгі таңда әлемдік гиперреализмнің дамуына үлес қосқан қазақ прозагерлерінің еңбектерін таныта алмауымыздың себебі неде?
– Қазақ романы өлген жоқ, ол гиперреализм болып қайта түледі. Оның тап осындай екендігін жазушылық интуициямен Асқар Алтай былайша сөз етеді: «Асқар АЛТАЙ: Романның «жаназасы» (Абай кз. 21.04.2014 жыл) – Әдебиет туралы әңгіме бола қалса, алдымен романның «жаназасы» туралы сөз қозғалады. Бұл өзі әлімсақтан қозғалып келе жатқан, әбден жұртты мезі еткен тақырып. Бірақ роман – сонау Гомер заманынан динозаврдай өлі қанқасын түрліше құбылтып, заман бедерінде түлкідей құбылып, әлі өлмей келе жатқан жанр. Бір кездегі эпостық әлем күні бүгінге дейін феникс құстай түлей тіріліп, тотықұстай таранып, жүйрік аттай жарап, әдебиет майданында бәйгенің алдын бермей-ақ келеді.
– Неліктен?
– Өйткені адамзат барда – роман бар. Эпосқа жүк боларлық адам тағдыры андағайлайды. Бар құпия осында, сондықтан да адамзат мифы қилы да қиян қоғам мен әдеби әлем ретінде қатар өмір сүре берері хақ. Роман, ұлы Ахаңның (Байтұрсынов) айтуынша, бар-жоғы – әңгіме. Иә, «ұлы әңгіме». Ал адам жүрген жерде әңгіме пәлсапаланып, өсек өре жөнеледі... Романда толқын-толқын болып туып отырады. Әр тағдыр – бір роман. Кез келген пенденің қысқа өмірі – ұзақ эпос, ұзын әңгіме. Олай болса, эпос жыры ғұмыр бойы жырлана бермек. Д. Исабековтен – Нұржан Қуантайұлына дейін, Т. Әсемқұловтан – Дидар Амантайға дейін, Ж. Қорғасбектен – Қуат Қиықбайға дейін ұзаған көш салқар құс жолындай жалғаса бермек... Тек жаңа есімдермен толығып, қазақтың асыл сөз сорабы молығып отырары кәміл. Интернет тұрмақ, итжеккен әлем қайта айналып келсе де, адамзат рухы голограмма әлеміне өтіп кетсе де, ол туралы эпос жаңғыра жазылады. Жанр да жалғасады. Әр заман мен қоғам өз қаламгерлерін, өз эпосын тудырады. Ол және өз оқырманы санасына тайға басқан таңбадай бедерленеді. Бұған кәміл сеніңіз. Міне, «романның мәңгілігінің құдіреті неде?» деген сауалдың басын Асқар Алтай ағамыз ашық қалдырмай, шығармашылық тұлға ретінде тұқырта түйіндей тұжырымдап береді. Біз ғылыми пенде ретінде осы сауалдың жауабын табу үшін бір ғана жанрдың, бір ғана романның жалына жабысқан зерттеулер өз әдебиеттанушыларын күтіп жатыр. Әрі бүтінді бөлшектеп, сала-құлаш мысал келтіретін Батыстық әм Кеңестік ғылыми әдістен бас тарту зерттеушінің басты ұстанымы болуы да шарт.
– Біз кейде танымал жазушыларымыздың шығармашылығын не реализмнің, не романтизмнің арбасына жеге алмай қаламыз да, «Реализм-романтизм» көркемдік әдісінің синтезінен тұрады деген ақталуы жеңіл түйіндеу жасай саламыз. Шындығына келгенде, екеуінің айырмашылығы көп. Осы туралы тоқтала кетсеңіз.
– Біздің готикалық көркемдік әдісті Еуропа табиғаты жат болған соң кеш игерді, әрі бұқаралық-көпшілік қолды әдеби жанрлардың жетегіне ертіп жіберді. Өйткені, еуропалықтың қанында дүниені қара аспанды төндіріп қабылдаудың ділі жоқ. Ал бізде бар. Біздің діліміз бірінші түркі нәсілді Қазіреті Қызырға Құдай Кітабы түскен ұлттан болғанымыздан «мәңгілік үрейден» тұрады. Біз Жаратқанның алдында үнемі кінәлі болып қалмау үшін күн кешеміз. Осы күй кешуіміз фольклорымызда да, бағзы поэтикалық туындыларымызда айшықталған. Реализм өмірді – қаз-қалпында, романтизм – асқақтата, готизм осы екеуінен мүлдем бөлек – өмірді асанқайғыланта береді. Осы асанқайғылата беруді өз алдына жеке көркемдік әдіс ретінде орыс әдебиеттануы мойындамай отыр. Қазақта барды, орыста жоқ екен деп әдеби-ғылыми қолданысқа қалай енгізбейміз? Өйткені, еуропалықтарша ГОТИЗМ әдеби ағым деп танылады. Ал түркі әдебиеті үшін: ол – көркемдік әдіс. Осы көркемдік әдістің типологиясы: дидактикалық (Жүсіп Баласұғын т.б.), фэнтезилік, сюрреалистік, абсурдтық, мистикалық, детективтік, модерндік, сагалық («Оғыз қаған», «Қазақтың Жеті Қағаны»), постмодерндік болып бөлінеді де, әр санат өз алдына жеке жанр құрайды. Бұл әдеби жанрларды дінмен біте қайнасқан, діннен біршама аулақтаған түркі романдық дәстүріндегі сопылық әдеби бағыт өз кәдесіне жаратты. Отандық әдебиеттануда осыны Батыстық мәнермен ұғынушылар әдебиетіміздегі сопылық ағымды айналып өтуден бір тынар емес. Керек десеңіз, Батыс әдебиеттануы ғылыми-мәдени кеңістікке енгізуге жанталасып жүрген «Постпостмодернизм» деген әдеби бағыт та, ағым да жоқ. Ол түркі готизмін ұғынбаған еуропалықтардың шығарып жүрген ғылыми далбасасы. Қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық ағым өкілдерінің арасында готизм кең қанат жайды. Орыс әлемінің экспанциясымен Батыс әдебиеті мен әдебиеттануы таңған «Реализм-Романтизмнен» бірте-бірте бас тарту қазақ неороманистері арасында «жанрлық жадыны» оятып, готизм көркемдік әдісін кеңінен қолдануға бастап алып келді. Ғалымдарымызды дал етуші басты мәселе – көркемдік әдіс пен көркемдік бағыттың ара-жігінің ашылмауы болып отыр. Ешкім де, ешқайсымыз да бағзытүркілік Оғызсойлық, антикалық Бабылдық (Гілгемештік) және Аполлондық (Алп Ұлуғтық Ғұмарлық) алаш романдық дәстүрінің болғанын ескере бермейміз. Алаш романының осы үш бастау көзі әл-әзір милет әдебиеттанушысы үшін ғылыми жабулы қазан. Готикалық жанрлар романистеріміз тарапынан сәтімен игеріліп жатыр. Кеңестік дәуірде соцреализмнің шығармашылықтың қос өкпесінен қысқанына қарамай, Готизмнің бар екенін байқатқан модерндік әдеби бағыттың алғашқы қарлығашы – Саттар Ерубаев болса, мистикалық қазақ готизмін Адам Мекебаев («Жезтырнақ») өмірге әкеле білді. Бердібек Соқпақбаев пен Таупық Рымжановтар – Фэнтезиді («Ергежейлілер елі» және «Зәйтүнқарлығаштың ерлігі» т.б.) өмірге әкелді. Әр жанрдың өз көшбасшылары мен негізін салушы аталарының есімдері белгілі бола бастады. Орыс әдебиеттануы: модернизмді – реализмнің бір бұтағы деп, оған сюрреалистік пен мистикалық реализм дегенді қосақтай салады. Бұған еуропалық эстетикалық талғам бойынша көнуге болады, Тәңір Текті Түркілік эстетиканың өз өлшемі бар. Керек десеңіз, оның алаши дүниетанымы кейде тіпті діни қарындас араб-парсымен де үйлеспейді.
Готикалық стильде салынған Кельн шіркеуі
– Сіз айтып отырған Түркілерді «номад» қылып көрсету тенденциясы өз жемісін беруде. Қазақ әдебиеттануында түркі әлемінің қытай мен араб-парсы әдеби дәстүрімен қарым-қатынасы мен байланысы кеңестік дәуірде ат үсті сөз етіліп, егемендік дәуірінде орынды қарастырылып келеді. Ал грек пен үнді әдеби дәстүріне бағзы түркілік әсер-ықпал онша қарастырылмады. Неге?
– Қарастырыла қалғанның өзінде бізді (түркілерді) шәкіртке айналдыра салушылық орын алды. Оның себебін Еуропа ғалымдарының түркі ғалымдары үшін жалпыүнді-еуропалық қате түсінік аясында әдеби дәстүрді поэтикалық тілге қатысты қолға алуынан болды деп ұғынамыз. Иә, түркілерді әлем мәдениетіне соғыстан басқа еш үлес қоспаған «номад» қылып көрсету басым. Оны айтасыздар-ау, тіпті, түркі ғалымдары тарапынан кең көлемді, әм жан-жақты қолдау тауып та отыр. Оның кейбіреулері осы мақаланы оқып, оқыра тиген сиырдай ғылыми ала шапқын болуы да мүмкін. Біз өзгеге ұстаз емес, шәкірт болып саналып келдік. Бірақ біздің әрі соғыса білген, әрі өзгеге өз ілім-білімін таңа білген жұрт екенімізді бәрі жасырып жабады. Латынның «аудармашы – сатқын» деген қанатты сөзі бар. «Неге сатқын?» деген сауал туындайды. Өйткені қытайға саусағымызды бүгіп, араб-парсыны ойда ұстай отырып, сөз етпегенде, жөйіттерден бастап, грек пен үнділерге дейін «Тәржіма арқылы» түркілік асыл мұраларды ұрлап мәңгілікке сіңіріп кетті. Оның ішінде, ғылыми орта білетін әм біле бермейтін әдеби жаһұттарымыз да бар. Кейбір ғалымдарымыз еуропа білгірлеріне бас шұлғығанымен, осы аударма жасау кезінде алаш романдық дәстүрінің бастау көзінде тұрған көне түркі қаһармандық эпостарындағы «өшпейтін даңқ», «қаһармандар даңқы» мотиві мен сюжеті өзге тілге аударылып, солардың бізге жеткен жәдігерлерінде ұшырасатын өзге діл мен өңге дүниетанымдағы персонаждарға айналды. Бірақ грек тілінің табиғатына жанаспайтын «дактиль» (бармақ) өлшемі сақталып қалды. Академик Зәки Ахметов қызыл көз цензурадан қашып, алаши рубайлық «қара өлең» өлшемін ғылыми айналымға енгізуге мәжбүр болды. Енді бізге философиялық «қара өлеңді», жалпы өлең өрімдік «бармақпен» алмастыруға не кедергі. Бұл мәселенің шет жағасын 1980 жылдардың басында қазақ нарратологиясының атасы академик Сейіт Қасқабасов «бармаққа» қатысты көтерген-тін. Одан кейін ешкім де бұл салаға аттап басқан жоқ. Алаш романдық дәстүріндегі поэзиялық романдар «бармақпен» жазылып, кейін плагиаттықпен грек пен үндінің өлең өлшеміне ауыстырылды. Мұрат Әжі түрлі ғылым саласынан мағлұм берер «қызыл», «қара» кітаптардың болғандығын сөз етеді. Сол кітаптардан оқып-үйренген өзгелер бізге ұстаз атанды. Бұл – ешбір түркі оқығаны қашып құтыла алмайтын «ғылыми аксиома».
– Ұлт романының өзгеден үйренген тұсы да бар, өзгеге үйретер қыры да бар. Бізге керегі үйренгені емес, өзгеге үйретері емес пе?
– Қазақ қаламгері өзгеге шәкірт болып, өзгенің шығармашылық асханасындағылардың қолына су құюшы «мәңгілік» қолбала бейнесінде қала береді. Әдебиет теориясы мен тарихы өзара берік байланыстылықта. Теория әдебиет тарихы ашқан фактілерге арқа сүйеп, оларды жинақтап қана қоймайды, өз кезегінде, жекелеген және жақын дәуірлердің құбылыстарын зерттейді. Мұндай романдар – Еуропаға жол ашар терезе. Романды өзге тілге аударудан бұрын ол туралы өз қандастары жазған әлемдік деңгейдегі мақалалар өзге тілде жарық көруі керек. Еуротекті әдебиеттану Шығыстың әдебиеттанушылық мектептерінің тарихы және әдіснамасымен толыққанды таныса қойған жоқ. Соның құрамдас бір бөлігі қазақ әдебиеттанушыларының да өзге жұртқа танылмауы қазақ романының да бағын байлайды. Ұлттық әдебиеттану мектептері алысқа бармай, ұлттық әдебиеттанудағы биографиялық мектептің негізін салушы Тұрсын Жұртбайды ғылымдағы інілері де, алдыңғы толқын ағалары да ауызға алмайды. Тағы бір ғылыми парадокс Сейіт Қасқабасовтың Әдебиеттанудағы мифологиялық-нарротологиялық мектебі, тек ағамыздың тәлімін алған шәкірттері біз фольклортанушы деген тар ойлылықтан арылса, бұдан зор ғылыми жаңалықтар ашар еді. Тіпті алысқа кетер болсақ, абайтану дегеніміз – бар болғаны М. Әуезов негізін салған қазақ әдебиеттанудағы тарихи-әдеби мектеп. Абайтану – осы мектептің Фараби мен Қожа Ахметі көзге елентпейтін бір саласы ғана. Одан ілім жасаудың не керегі бар? Абайдың ілімі ғылыми есігі аңғал-саңғал әдебиеттің сасық қорасына сыймайды. Әлкей Марғұланның әдебиеттанудағы мәдени-тарихи мектебі т.с.с.
Бізде әдебиеттанушылық мектептер бар. Бірақ оларға табу салынып тасталғандай көрініп тұрады. Әлде көзі тірілерді айтпағанда, өлілерден бұны қызғанамыз ба!? Бізде кейде эстеттер әдебиеттанушы атанып, Айды аспанға шығарып жүреді. Біз өмірде ғана емес, ғылымда да бір түрлі өзге жұрт мүлдем түсінбейтін ұлтпыз. Бұл – сорымыз емес, бағымыз. Өйткені, бақа өзінің шыбын екенін білсе жынданып кетеді ғой. Қосмекенді бақа болып жүре берейік. Бірақ қазір ұлттық әдебиеттануда ірі ғалымдарымыздың шәкірттері дамытып, әдебиет туралы ғылымға зор үлес қосқан герменевтиканың әдеби мектебінің үстемдігі дәурен құрып тұр. Қазақта әдеби мектептер жоқ емес, бар. Бірақ әлем елдерінен ерек белгілі бір ғұламаның атына қосақталған «тану» деген атаумен аталады. Бұрын бұған КСРО мүмкіндік бермеді, енді не кедергі, әйтеуір, біліп болмайтын бір жұмбақ дүние. XXІ ғасырда қазақ неореализмі көркемдік әдіс ретінде модерндік әдебиет санатын игеріп, постмодерндік сезімталдық пен автоматты хат есебінен өзінің танымдық аясын кеңейтіп, өткен дәуірлер үшін оғаштау хикаяттау амал-тәсілдерін //повествовательные приемы// («айсберг», «сана ағымын») қолданып, жаңа жанрлық формаларды (музыкалық роман, роман-сценарий, бестселлер, триллер, блокбастер, гонзо, комикс, китч…) өмірге әкелді. Көркемдік әдіс қаламгерлердің белгілі бір тобының шығармашылықтарындағы: оларды ортақ проблеманы көтеру, эстетикалық аңсар, өмірлік процесс жағынан жақындастыратын тарихи байланыстылықтағы, тұрақты қайталама тұтастығын білдіру болып табылады. Қорыта айтқанда, біздің «жоғалған буынның» шартты әм есте қаларлық көркемдік әдісінің формуласын ұсынамыз: өмір шындығы + алаштық философия + қазақи эстетика. Осы синтез қазақ романындағы бой көрсеткен готизмнің ұлттық рухани-мәдени кеңістікте барлық уақытта тіршілік етуін қамтамасыз етеді.
Әйгілі қаламгерлер: А. Дюма, Д. Лондон, Т. Драйзер, Д. Апдайк
– Байқасаңыз, еуропалық әдеби үдерісте мәтіндегі мән жоғалып барады. Сондықтан кейде мәтіннен астар таппай әбігер болатынымыз бар. Бұл «сырқат» бізге де келген сыңайлы. Келісесіз бе?
– Кеңестік дәуірлердегі көбедей көп романдардан нөлдік эстетикалық ақпаратқа ие, бір ғана Мәтіннен тұратын қатардағы туындыда қойнаулы ой болмағандықтан, негізгі айтары оның беткі жағында қалқып жүретіндіктен не жазылса, соны оқып шығатын ек. Бұл – Астар мәтіні жоқ шығармаға оқырман мен әдебиеттанушы назарын аудармауы керек дегенді білдірмейді. Табиғи таланты бар қаламгер қызықты сюжетті Астар мәтіннің әлдебір вариантына айналдыра алады. Осылайша А. Дюма (әкей), Д. Лондон, Т. Драйзер, Д. Апдайктың («Кентавр» романынан өзгесінде) туындыларында паралелл пайым жүлгесі жоқ. Бірақ та оқырман осыларды және басқа да Астар мәтінмен «еш жұмыс» жасамайтын сөз зергерлерінің шығармашылығын жоғары бағалайды. Әдеби тамаша туынды тікелей айтпауымен ойтүрткі болатын Астар Мәтінге иелік етеді. Астар мәтінді «мұз тау (айсберг) амал-тәсілі» деп атайды. Бұндай туындылардың негізгі мазмұны оқырманын қойнаулы Мәтінге енгізеді. Мәтін мен Астар мәтіннің анықтамасын Э. Хемингуэйдің өзінің Нобель сыйлығына ұсынылған «Шал мен теңіз» хикаяты туралы: «Мен нағыз шалды, нағыз баланы әм нағыз акуланы беруге тырыстым. Және де менің бұл талпынысым сәтімен шығып, шынайылығымен танылатын болса, онда, әрине, әрқилы талдап шығуға болады» деген пікірінен көруге болады. В. Джемс өзінің «сана ағымы» теориясын бейнелілікпен, айшықтылықтағы ойға қонымдылық жосығында түйіндейді: адам санасы өзен ағысы немесе «бірде қонып, бірде ұшатын» құс секілді. «Сана ағымының» басты нышаны болып қозғалыс танылады: «Ой көзді ашып жұмғанша, оқтай атылып, түйіндеуді біз ұғынып болғанша жасап үлгереді. Егер біз оны қармап үлгеретін болсақ, ол өзінің сол сәтте түрін өзгертеді». Оның үстіне жеке бастық ізденістер қайда бағыт ұстанғандығы белгісіз өздік қозғалыс үстіндегі ағыстар түрінде танылады. Осы ағыспен өз оқырмандарын Жоғалған буын прозагерлері жолықтырып отыр. ХІХ ғасырда жазушылар (Стендаль, Бальзак, ағайынды Гонкурлар, Э. Золя) В. Джемс іліміне еш қатыссыз персонаждардың ішкі монологының әдісі мен техникасын танытатын «сана ағымы» тәсілін қолданды. Өз кезегінде, XXІ ғасыр романистері алдыңғы толқынның дәстүрін жетілдіріп, осы тәсілді күрделі де, үздіксіз психологиялық Мәтінге айналдырды. Осы ізденісті қаламгерлеріміздің сәтімен қолданып жүргендігінің нақты мысалы – «Ұяластар».
– Ал шығармадағы идеяның маңыздылығы қандай?
– Әр оқырман өз кезегінде қаламгер тек өзіне ғана жеке жолдау жасағанындай «өздік» ақпаратын ала алады. Романистің тәжірибесі негізінде туындаған Идея оған өмір туралы кеңес беріп, «нені» жазу мен «не үшін» жазу төңірегіндегі сауалдарға ойлануына мәжбүр етеді. Шығармашылық процестің үстінде туындайтын авторлық туындыгерлік ұстаным: ең басында «нені» жазу, одан кейін келе «қалай» жазу, ақыр соңында, «не үшін» жазу орын алатын кезектестіктен тұрады деген адасушылықтан аулақ болған ләзім. Бұл процесс өте күрделі, бірі – идеяның, келесісі – шындық болмыс суретінің жетегінде кетеді. Тақырып дегеніміз – бұл қаламгерлердің өмірден ойып алатын материалы, ал, ой ұшқыны – кейіннен қорытылған шағында саф алтынға айналатын кен. Әрі осы қорытудың маңызды шарты жазушының қиялында көптеген дүниелерді қорытуға қабілетті идеологиялық температура деп саналады да, сол кезде нақты сот хроникасы, көше мен отбасылық конфликтілердің көрініс беруінің өзі жаһұтқа айналады. Оны жаһұтқа айналдыра алмаушылық кей романистке шығармашылық тағдырдың теріс айналып, даңқ құсының басына қонбай ұшып кетуі шығар!? Жазушы қай кезде тақырып жайында жай ғана ойға шомып қана қоймай, онымен толғатқан кезінде оның аяғының астында кигіздей жайылған «сахна» пайда бола кетеді. Суреткер идеяны өмірлік материалдардан қорытып шығарады. Бұл жай ғана мотив әм ол турасындағы ой толғаныс емес. «Өнер жүйкесі» деген ұғым-түсінік бар, ол өзінің тіршілігін тақырыпқа деген махаббат туындаған кезде танытады. Көркем туындының идеясы, оның тақырыбы дегеніміз – бұл тек бір ғана ойдың емес, барша жазушы жан-дүниесінің ресурстарының қолданылуы. Бұл орайда туындыгер әрі ойшыл, әрі осы санатқа елтіген адам. Осыған байланысты «Анна Каренинаның» авторы: «Қаламда бір жұлым етің қалғанша жазу керек» дегенді сөз етеді. Біз бұған өз жанымыздан «суреткер қанының тамшысы қалғанша» дегенді қосамыз. Міне, тап осы кезде туындыда жетелеп ертіп кету эффектісі туындайды. Туынды идеясы дайын күйінде қалыптаспайды. Оны жоқ деп танылатын жерден іздестіру керек, өйткені, ол көркемдік тінінің қойнауында бұғып жатуы мүмкін. Қаламгер және оқырман тәжірибелерінің өзара кірігуінен әдеби мәтін әлеуетінде байыздаған эффекті өмірге келеді. Бұл процесс тек қана қаламгер және оқырман тәжірибелерінің өзара кірігуі емес, сонымен қатар, жазушы өзінің шығармашылық амалятында жүзеге асыруға талпынған логикасымен, идеялық мәнісімен арада орын алатын оқырманның ішкі пікірталасы. Бұрынғы кеңестік қазақ романдары көбіне идея – қателікке құрылып, идея – сауал, идея – жауап ділімізге жаттықпен көрініс берсе. Ендігі қазақ романындағы идея – сауал, идея – жауап ділімізбен үндесе көрініс беруде. Дегенмен, сауалы бар, нақты жауабы жоқ романдар да отандық әдебиетте өмірге келіп жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан: Біржан АХМЕР
Суреттер postmania.ru сайтынан алынды
Бөлісу: