1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

Бөлісу:

01.05.2022 6060

Қазақстан халықтарының бірлігі күні – Қазақстанда жыл сайын тойланатын мереке. Мереке 1996 жылдан бастап тойланады. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні деп жарияланды. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Сондықтан да Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін тойлайды. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерекше.

«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халықтың әпсанасы. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген де қазақтың дана сөзі бар. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.

Жалпы, 1 мамыр қандай мереке? Кешегі Кеңес Одағындағы шараны Тәуелсіз елде жаңаша жаңғыртудың мәнісі қайсы? Осы сауалға жауап бермес үшін әлемдік ахуалға тоқтаған орынды тәрізді. Бүгінгі таңда әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түсетін жағдаяттар аз емес. Жаһандық аумалы‑төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын да байқауға болады. Әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Сондықтан да, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ.

Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы – бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім. Сөз соңында барша Қазақстан халқын бірліктің ерекше мерекесімен құттықтай отырып, осыдан бір ғасыр бұрын жазылған Сәбит Дөнентаевтың мына бір өлеңін ұсынамыз.

Әуелі етіп білік басыңды қос,
Соннан соң әр мұраттан қалмассың бос.
Жеке дақ үнің шықпас, ісің бітпес,
Жан қорқып, жалғыз қурай көрініп қос.
Деген бар бұрыннан-ақ «көп қорқытар ...»
Болады тұрсаң тұтас дұшпан да дос.
Алатауың ала болып тұрған күнде,
Асыңның ауызыңдағы кетуін тос.
Таласты алалықпен тастамасаң,
Бір күні туған жерге айтарсың «қош».
Бірлікпен илеу салған құмырысқа да
Қазағым, ісің оңбас бірікпей қос.

Бөлісу:

Көп оқылғандар