Төлеген Меллат. Алматы ғазалдары

Бөлісу:

25.06.2022 3895

***

Алматы. Тұман тағы тұмшалады,

Тағы да шұбатылған мұң сорабы.

Шимай дәптер секілді шаңыт шаһар,

Астында табанымның бір парағы.

Күзетіп көп терезе бір көшені,

Күбірлеп өзді-өзімен тілдеседі.

"Көктем тағы келеді"-деді маған,

Жұлынған сабағынан гүл кешегі.

Іздедім өзімді өзім тұман іші,

Тұман іші тағдырлар жүр алысып,

Сынған гүл саусағыма жасын сүртті,

Өледі ол адамдарға ұнау үшін.

... Сейілді секпіл тұман, сам жамырап,

Жылайды терезерер таңға бірақ.

Шашылған соңғы гүлдің күлтесіндей,

Жұтылып кеттім мен де жан-жағыма...

***

Фортепиано. Себастьян Бах.

Еркеле, наздан, иықтым.

Балқысын баяу сонаталарда,

Жұпарлы тәнің сүйіктім.

"Махаббат" болсын бұл кештің аты,

Қалмасын әсте би ұмыт.

Билейік вальс, менуэтті де,

Беліміз талдай иіліп.

Билейік тағы "Венскиий балда",

Алматы тұрсын сүйініп.

Алдыңнан шығам швейцарлардай,

Алқызыл костюм киініп.

Алаулап жүзің, ақ құлпы көйлек,

Көрінсін айдай жалқы боп.

Шараптың буы шым еткен шақта,

Деміңмен оттай шарпып өт.

Уақыт сол сәт үзіліп кетсе,

Сағаттың тілі қайшы боп,

Мәңгіге менің қалар еді ғой,

Арқама келіп ай түнеп.

"Махаббат" болсын бұл кештің аты,

Сүйіктім, биді жалғастыр.

Фортепиано. Себастьян Бах.

"Соната ІІ". Алматы.

***

Алматы. Сол қоналқы, сұры бөлме,

Көрпесін қымтаған шақ түн іңірге.

Қылқынып қабырғада қылқобыз тұр,

Қаусаған қара нардың жілігіндей.

Таусылған тағы кім бұл табанынан,

Күңіреніп келді бір үн шанағына.

Шанағы шым етті де тамып кетті,

Күп-күрең көзедегі шарабыма.

Күп-күрең қаным шығар кермек шарап,

(О, неге ұшпадым бір сермеп қанат)

Шанақта шертілмейтін меңіреу күй,

Көшені көмескі әуен кернеп барад...

"Алатау басың биік жайлағанға,

Жас құлын кісінейді байлағанда"-

Жаңғырып бұл шаһарға келеді ылғи,

Қаңғырып кеткен дауыс қай заманда.

Қылқобыз, көрсет кәне киең болса,

Жалғызсың, жалғыздықты сүйем қанша,

Қақ тіліп қара түнді қақсашы бір,

(Дүние күйіп кетсін күйер болса...)

Көшенің құбылғандай күйі бұла,

Жол тапсын тірелгендер тұйығына.

Шыққандай мен де түпсіз "Шыңыраудан",

Қалғиын басым сүйеп иығыңа...

Қиял

Алматы. Бұқар жырау бульварында,

Жұрт нөпір, арлы-берлі ырғалуда.

Отырмын оңашалау бір бұрышта,

Қорегім - бір сэндвич, бір "Gorilla".

Ашқан гүл көрінбейді әсем елге,

Саялап бармайды ешкім жас еменге.

Қаламы адамдардың – қос аяғы,

Тағдырын жазып жатқан тас еденге.

Қалғыған ғимараттар, колонналар,

Жалаулар, жарнамалар, бағаналар.

Науқастың көзіндегі үміттейін,

(Бір құлап тұрған сынды маған олар)

Реңі бұл көктемнің ызғар еді,

Гүлімен елітпейді гүлзар өңі.

Алматы Шираз емес, Иран емес,

Сағди де, Хафиз де боп жырлар едім.

Гүлзар не, күмбез жасап мұнаралы,

Эрам бақ етер ем-ау бұл араны.

Исфахан стилімен сарай соғып,

Тасына Бұқар жырын сыналар ем.

Сарайды қызыл тастан салдырар ем,

Афьонның ақ мәрмәрін алдырар ем.

Қақтырып қалайыдан қырық баған,

Аспанды тірегендей таң қылар ем.

Есігін ақ күмістен шаптырар ем,

Төріне түрікмен кілем жаптырар ем.

Бұқардың теңбіл тасқа жырын ойып,

Мүсінін сом алтыннан соқтырар ем...

О, сосын бастап кіріп кіл сұлуды,

Сапырсам сар қымыздай жыр шырынды.

Кіл сұлу арасынан бал тілінің,

Таңдайда дәмі қалса бір сұлудың...

... Селт еттім, қолда қалбыр сырт етті де,

"Майшелпек" ол да кетті жылп етті де,

Үріккендей орнымнан ұшып тұрдым,

Білмедім біреу келіп бір тепті ме?!

Ешкім жоқ ерегесер кек қуғандай,

Жылыстап өз жөніме кеттім қалмай.

Жаңғырып жатты артымда жасыл гүлзар,

"Керей қайда барасың" деп тұрғандай...

***

Алматы. Азан дауысы. Таң атқан ба?!

Ұйқымды ұрлатамын сағаттарға.

Түнімен тротуар жылап шықты,

Көңілсіз күңіренді кабактар да.

Қыстығып кабактардан шыққан өксік,

Асылып өліп жатты ағаштарға.

Көрсетпей күңгірт бөлме сұлбасын да,

Көршіде қыңсылайды қыз басылмай.

Көз жасы құрғады оның есесіне,

Шық тұнды шөлмегіне көз жасындай.

Түсінді ол тұңғыш рет бұл шаһарда,

Таусылмас түннің барын бір ғасырдай...

***

Алматы. Жаңа үйлер.

Қытай доминосы секілді.

Жоспарлап жатады ескі нанымдар,

Сол жаңа үйлерге көшуді...

Стрит-арттар мен граффитидтер

жыл сайын жаңаланса да,

Шаң басқан бір тірі портрет,

Ілініп тұрады қаншама?!

Ілініп тұрады партитуралар,

Мінберде, алаңда, көшеде.

Отыз жыл жазылған бір ғана "симфония",

Асқақтап аспапта нешеме...

Асқақтап аккордеон тілімен,

Банджо, барабан үнімен.

Жаңғырып жатады жер беті,

Домбыра подвалда күбірлеп...

Тағы сол көшемен шеткері,

Көлеңкем о,қайда беттеді.

Үзіледі әуендер көктегі,

Күй. Тәттімбет. "Бес төре".

Жер асты өткелі.

Алаң

Балалықтан кеткелі көкке қарап көрмеппін,

Құр домалай беріппін арасында жер, көктің.

Өмір дейтін қаусаған қарияны өбектеп,

Көңіл дейтін балаға көңілімді бөлмеппін.

О, балалық аспаны әлем едің жарық, кең,

Көкпеңбек қып бояушы ем сені ылғи әдіптеп.

Әкем берген көшіріп алматының суретін,

"Арманым..." деп жазушы ем астына алтын әріппен.

Көкке неге бояғам сұры аспанды сондағы,

Алпыс рет салғаным алматы еді олдағы.

Бала шағым біткенде болашағым басталып,

"Арманым" кеп басыма алаңым боп орнады.

Алаңымның сықпыты ауысады не түрлі,

Көрінбейтін бәледен көлегейлеп бетімді.

Ажалынан адамдар ерте өлетін сияқты,

Орманы бар ауылдар өртенетін секілді.

Табанына тиынның тапталардай ар ізгі,

Қылбұраулап халықты қысатындай қарызы.

Үйде қалса сәбилер жылайтығұн сыңайлы,

Құлдиласа ұшақтар құлайтығұн тәрізді.

Алаңымды басуға біреу керек сияқты,

Қорқынышты кеудемнен күреу керек сияқты.

Көтеруге көпірді жүз жыл керек секілді,

Биіктесе ғимарат тіреу керек сияқты.

Қолға үйретпек қағынып адам неге Құдайды?

Ақ жаулығын жалау ғып анам неге жылайды?

Бақшасынан қайтарда балам неге мұңайды?

Төңкеріліп дүние маған неге құлайды?!

***

Кинотеатр "Ииллюзион",

Алматы бұл. түн іші.

Неге отырмын бұл файеде,

Келдім және кім үшін?!

Сұлбам әне жібітті де,

Кассир қыздың қабағын.

Іздерінен бұрқыратып,

Қызғылт грузин шарабын,

Солғын дәліз, сұр жолақпен

Залға сіңіп барады.

Сіңді,к ірді "түн-түнекке",

Ортасы ма, басы ма?

Жайғаспақ боп жалт бұрылды,

Жалқы қыздың қасынан.

Жалт бұрылды жабырқау ма,

Жалғыз ба әлде кім білсін,

Озып барып орын тепті,

(Көлеңкеме бұл бір сын).

Экранның бүлк етті де,

Сұрғылт беті сазарған.

Әруақ біткен арпалысты,

Аттила ма, Цезарь ма?!

Керегелер отқа оранды,

Кебежелер тоналды.

Бесік сынды, жосып тынды,

Арғымақтар жоғалды...

Реквием. Моцарт. Қорқыт,

Әлде анау қыз жылаған,

Көлеңкем де күңіренді,

Жұбатпай ма бір адам?!

Жоқ, жаңылдым, кино біткен,

Зал да тыныш, көп-көрім.

Еденге де шашылмаған,

Карамельный pop-corn.

Мен ес жидым тастағандай,

Бір сапардан жол соғып,

Залда күрең көлеңке отыр,

Жалғыз өзі қол соғып...

***

Ескі шаһар, сол алматы, кеш кірген,

Ыңыранып іңір жатыр ескі үнмен.

Сол қоналқы, солғын дәліз, сұр бөлме,

Күңгірт шырақ, қоңыр диван ескірген.

Талай-талай табандарды тауысқан,

Тротуар тыншымайды шаңы ұшқан.

Тар көшеде теңселеді тағдырлар,

Тас еденге сіңіп жатыр дауыстар...

Елес қағып тереземді түнімен,

Телмірісіп талықсимын – тірілем.

Бұлдырайды іздерімдей мың шиыр,

Сұрғылт сурет қабырғаға ілінген.

Жиектегі тарғыл түстер– таныс үн,

Қызғылт рең –қыстыққаным жан ұшып.

Қоңыр-қоңыр көлеңкелер – өксігім,

Жасыл бояу – жаңғырыққан дауысым...

Дауысым ол ұғар дейсің кім сұрап,

Өмірім боп өзегімде тұншығар.

Сұрғылт сурет, сол алматы мұң шығар,

Өлсем бірге тыншығар...

Бөлісу:

Көп оқылғандар