ФЭНТЕЗИСТ ЖАЗУШЫ Р.САУЫТБАЙДЫҢ «ШОКО ӘЛЕМ» КІТАБЫ ТЕАТРДА САХНАЛАНАТЫН БОЛДЫ

Бөлісу:

16.08.2022 3064

Қазақстанда биыл «Балалар әдебиеті жылы» жарияланғанан кейін барша қиялгер жазушылар бірлесіп ватсап әлеуметтік желісінде «Қазақ фэнтезиі мен фантастикасы» атты топ ашқан-ды. 

Топқа республика бойынша қырыққа жуық фэнтезист-фантаст қаламгер тіркелген. Олардың арасында үлкенді-кішілі жазушылар бар. Атап айтқанда, Толымбек Әбдірайым, Қойшыбек Мүбарак, Ділдар Мамырбаева, Ерболат Баятұлы, Талап Таймасұлы, Кеңес Оразбеков, Алтыншаш Жақиянова, Баян Болатханова, Ербол Бейілхан, Рүстем Сауытбай, Зәуре Төрехан, Ильмаз Нургалиев, Жанна Есқуат, Әдина Жүсіпова, Әлішер Рахат, Қуат Ежембек, Нұрбек Нұржанұлы, Алпамыс Сырманов, Жібек Зейнелова, Мәліке Серғалы, Алтыншаш Курманаева, Бағдат Өмірзақ, Ерасыл Әлімжан, Разия Акпар мен т.б қарымды қаламгерлер. Сонымен қатар, топта белгілі қоғам қайраткерлері, аудармашылар, журналисттер мен иллюстратор-мамандар барын айта кетуіміз шарт. Мұғайынында (Анығында), түрік аудармашысы Ашур Өздемир, әдебиеттанушы-ғалым Анар Кабдуллина, журналист-радиожүргізуші Толқын Сұлтан, журналист-тележүргізуші Алпамыс Файзола, журналист-диктор Қуат Ахметжанов, иллюстратор Айсұлу Алмасбаева ханым жобаға барынша қолдау көрсету үстінде. Бүгінде бұл әлеуметтік топ қазақ фэнтезист-фантаст жазушыларға арнап түрлі жобалар ойластыруда. Аталмыш жобалардың көбі қолға алынып та үлгерді. Мәселен, танымал фэнтезист-жазушы Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем» кітабы мен Алпамыс Сырмановтың «Сарман алты таңба кітабы» атты туындысы һәм Нұрбек Нұржанұлының «Кітап патшалығы» әңгімесі театрда сахналанатын болды. Оларды театр қойылымына икемдеп, пьеса қылып сахнада қоятын – белгілі драматург-жазушы Қуат Ежембек. Театр сахнасына қоюға ұсыныс жасаған – мен, жас фэнтезист-жазушы, Алтыншаш Курманаева. Бұйырса, Қуат Ежембек мырза күллі балалар мен жасөспірімдерді тамсандырған Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем» көпсериялы кітабының бірінші бөлімін театрда сахналаудан бастамақ. Одан соң кезектеп басқа кітаптарға да көшпек. Бұдан бөлек, қазақстанда тұңғыш рет қазақ фэнтезист-фантаст жазушылардың шығармашылығына байланысты сайт ашылатынын һәм антология құрастырылып жатқанын айта кеткеніміз жөн. Қиялгер жазушылардың творчествосын біріктірген – «Қазақ фэнтезиінің антологиясы» жуық арада баспадан шықпақ. Антологияның құрастырушылары – жас фэнтезист-жазушы Алтыншаш Курманаева (Жанарбековна) мен фэнтезист-жазушы Рүстем Сауытбай. Рецезенті – филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы-ғалым, әдеби-агент Анар Кабдуллина. Жинаққа қатысты барлық мағлұматты сіздер «Қазақ фэнтезиі мен фантастикасы» атты әлеуметтік желілердегі парақшалардан біле аласыздар. Бұл шаһдат (үздік) топтарды әлеуметтік парақшаларда насихаттап отырған – Бағдат Өмірзақ пен Ерасыл Әлімжан есімді жас қаламгерлер. Қорытындылай келе, бар айтарымыз, жобаға тек сәт-сапар тілейміз! 

Бөлісу:

Көп оқылғандар