Таңбалы тасты сөйлеткен

Бөлісу:

24.11.2022 2459

Астана қаласындағы Тұңғыш Президент кітапханасында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, танымал суретші Жеңіс Кәкенұлының «Таңбалы» атты жеке сурет көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Аталған көрме кітапхананың «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Суретші Жеңіс Кәкенұлының байырғы дала мәдениетінің рухын ақ кенептің үстінде қайта жаңғыртқан «Таңбалы» көрмесі, кітапхана төрінде бір ай бойына (23.11.2023-23.12.2023) ашық тұрады. Астаналық өнерсүйер, көз мейірін қандырар қауымды «Таңбалыны» тамашалауға шақырамыз. 

Суретшінің «Таңбалы» сериясымен салынған сурет көрмесінің ашылу салтанатына ел ағалары мен ұлт зиялылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, суретшінің әріптестері мен өнерге ықыласты көрермендер қатысты. Әуелгі сөз кітапхана директоры Темірболат Бақытжан Берікбайұлына берілді. Одан кейінгі сөзді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай алды. Олар Жеңіс Кәкенұлының шығармашылық жолына кеңінен тоқталып, бұл жолғы көрменің басқа көрмеден айрықша екенін атап өтті. 

Осы уақытқа дейін Тұңғыш президент кітапханасында Жеңіс Кәкенұлының бірнеше сурет көрмесі өткен еді. Атап айтсақ «Сәйгүліктер» семантикасы, «Астана қаласының көріністері» сынды туныдылар сериясы қойылған болатын. Суретшінің туындылары бұған дейін АҚШ, Германия, Түркия сынды елдердің ірі көрме орталықтарына қойылған. Сондай-ақ әлемнің бірқатар беделді музейлерінде суретшінің картиналары сақтаулы тұрғаны мәлім.

Жеңіс Кәкенұлының «Таңбалы» көрмесі несімен ерекшеленеді деген сұраққа келетін болсақ, шын мәнінде атам заманғы таңбалы тастарды ақ қағаздың үстінде, алуан бояудың астында осылайша сөйлеткен, тірілткен, жаңғыртқан көрме елімізде бұрын-соңды болған емес. Суретші бұл жерде есте жоқ ескі замандағы өзінің бәдізші әріптестерімен бой таластырғандай, солардың рухынан үндестік тауып, ежелгі уақыт пен бүгінгі кеңістік ортасынан нәзік гармонияға құрылған тың өнер туындысын жасайды. Байырғы бәдізшінің қолымен тасқа түскен сурет, Жеңіс қаламы арқылы біздің бойымызға тарап жатқандай ықылым күй кештіреді. Адамзаттың даму жолындағы біздің хал-қадерінше өркениетті өреге жетті деп әдіптелетін санамыз, бұдан неше мың жыл бұрынғы жасампаздықтың алдында өзін дәрменсіз сезінеді. Кірлеген жанын тұма бастауға жуындырғандай, түпсанасында елесі ғана қалған Кейуанамен қайта қауышып, өзінің сәби күйін қайыра тапқандай ауыр да, ләззаты сезімді бастан кешіреді. Жеңіс Кәкенұлының қаламынан төгілген бояулар өз ритмін жоғалтпай, бір-бірін толықтырып, жетілдіріп отырады. Ашық пен күңгірт, ақ пен қара, жылы мен салқын түстердің жарасымды қабаты сол заманның атмосферасын айнытпай береді. Ескі мен жаңаның тоғысуынан адамзат мәдениетінің үзілмеген жүлгесін анық көреміз. Адам мен табиғаттың ұлы үндестігін сақтаған ата-бабаларымыздың рухы алдында тағзым етеміз. Суретшінің мұраты да, өнердің ұлылығы да осы болса керек-ті. Сондықтан да «Таңбалы» сериясындағы суреттер жеке-жеке талдауды қажет етеді. Ең бастысы сіз «Таңбалының» алдына барып үнсіз һәм ұзақ қарап шұғылалы ойдың шуағына шомылғаныңыз жөн. Өкінбейсіз, тазарып қайтасыз. Баяғы ұмыт болған әлди күйіңізді, ыстық бейнеңізді қайта табасыз. Ғажап емес пе!?  

Сөзіміздің соңын белгілі философ Хайдар Әметтің «Таңбалы» көрмесі туралы ойлы пікірімен аяқтағымыз келеді. Философтың бұл пікірі өзінің жеке әлеуметтік парақшасында жарияланған еді, қалпын бұзбай «Әдебиет порталының» оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.

Хайдар Әмет: «Өнер сыншылары мәлім сурет туындысын 4 саты бойынша баға беретіні туралы кезінде Өнер философиясы дәрісінен оқитын едік, өнер сыншысы болмасақ та, сол 4 саты бойынша әсерімізбен бөлісуді жөн көрдік: 

1. Бірінші саты: Өнер туындысындағы элементтерді тану, яғни мәлім өнер туындысы нелерден құралған, қарапайым айтқанда «не сызған» дегенге жауап іздейсіз. Ол туындының перспективасы, жарқындығы, негізгі реңдері, түзу және қисық сызықтар, туындыдағы зат-нәрселер, кеңістік, қозғалыс, адами бейнелер, тб. қамтиды. Мұнда өнер туындысын құрап тұрған әрбір бөлшектер, көз тоқтатып, назар аударатын түрлі объектілер жеке-жеке тәптіштеп тексерілуі керек.

Жеңіс Кәкенұлының суреттеріндегі элементтер Қазақ даласындағы ежелгі мұра - Таңбалы тастарда жиі кездесетін аң бейнелері, аңшылық, батырлық, шайқас, табиғи жартастар, құстар, жылқы, арқар, тауешкі, бөрі, барыс, елік, түйе, қошқар, бұқа, тас бетіндегі рулық таңбалар, ту көтерген батыр, тіпті ежелгі адам кескінінің құшағындағы қазіргі замандық адам... олар жылы және салқын реңдердің үйлесімі арқылы жазық перспективада салыныпты. Сөйтіп біз бірден ежелгі әлемде жүргендей болдық. Айналамыз түгел ежелгі бейнелер, ежелгі сұлба, ата-бабамыздың сана қабатындағы кескін, елестер ішінде...

2. Екінші саты: Өнер туындысындағы композиция, яғни элементтер қалай ұйымдастырылған деген сұраққа жауап іздейсіз. Ол туындыдағы біртұтастық, қисын, баланс, түйін, түйіншек, қозғалыс, ритм, пропорция, тб. композициялық құрылымы мен жүйесін аңғарудан тұрады. Әрбір элементті тәптішеп зерделеген адам, ары қарай сол элементтерді өзера байланыстырып, шығарманың бір бүтін жүлгесі мен арқауын назар аударуға өтеді.

Жеңіс ағамыздың кейбір суреттері мүк, қына басқан жартастар бетіндегі аң-адам-символ бейнелердің импрессионизмдік елесі болса, ал кейбірі үйлесім мен өзара толықтаудан тұратын және қиялға қанат бітіріп, ары қарай ойландыратын қабаттық, тіпті радиалды құрылымдардан тұрғандай әсер береді. Шығармалардың композициялық құрылымы шашау шықпастай шымыр, бір негізді, рең және сызықтар үйлесімі жанды, сезім қылын шертерліктей әсерлі болып келеді екен. Қараған сайын адам өз ішкі әлеміне сүңги түскендей, әлдебір күш өз жан әлемін ақтартқызып, іздендіріп, жетелей жөнелгендей сезімде болады. Шығармалар қатып қалған өлі кескіндер емес, қозғалыстағы жанды бейнелер секілді, өйткен автор түрлі шеберлік әдістерін қолданып, өзі салған кескіндерді тірілткені байқалып тұр. Шығармалардың өн бойында күшті ырғақ пен ритм жатқанын жаны нәзік адамдар тез аңғарады деп ойлаймыз.

3. Үшінші саты: Суретші осы композиция және элементтер арқылы тегі не айтпақшы болды екен дегенді болжау, бұл әрине туындының астарындағы жұмбаққа бойлау деген сөз. Әрбір элементтер, әрбір композициялық қисын, түйін, баланстар тегіннен-тегін солайдан-солай тұрмағаны анық, олар арқылы суретші бізге тегі не болып жатқанын ғана емес, оған дейін тегі не болғанын және сосын тегі не болуы мүмкін екенін ишаралап, ымдауы мүмкін. Бұл әрине субъективтіге ұқсап тұрады, бірақ мүлде қияли емес, қайткен күнде де суретші жасырған жұмбақ, астарлы мағына туралы шығармада жіп ұшы болуға тиіс.

Жеңіс ағамыздың суреттері ол кісі өзі айтқандай, бізді ұмытылған заманның ұмытылған адамдарының – яғни біздің ежелгі ата-бабаларымыздың жартастарға қашап салған суреттері арқылы артындағыларға – бізге не айтқысы келгенін, нені үлгеріп қалдыра алғанын санамызда қайта жаңғыртуды көздейді. Әр сурет астарлы мағыналарға бай, оларға таза сана көзімен үңіле отырып, біз олардың астарында суретші оқыған әлем – ежелгі адамдардың этикасы, тұрмысы, эстетикасы, мәдениеті, табиғатты сезінуі, қабылдап түйсінуі, өзара байланысы жатқандай әсер береді. Бұл үшінші сатыны нақтылай түсу үшін бұл суреттерге жеке-жеке тоқталып, әрқайсысына көбірек ойлы көзбен қарауға тиіспіз. Біздікі тек жалпылай айтып өту ғана болды.

4. Өнер туындысын танудың төртінші сатысы - бұл өнер туындысы сәтті шыққан еңбек пе, әлде жай ғана біреудің добалдап сала салған қол ұшы ермегі ме, бұл туындыны бірегей шығарма деп санауға бола ма, керемет пе, әлде әдеттегідей ме деген секілді соңғы сұрақтарға жауап беру деген сөз. Бұл - егер шығарма бәссаудаға қойылса, бағасы қанша болады дегенді де білдіреді.

Жиналғандардың қабырғадағы ежелгі ата-бабамыздың тасқа басқан таңбаларына қарай жетелейтін әртүрлі өнер туындыларына өте бір ойлы көзбен таңырқай тесіле қараған жанарларына қарап суретші Жеңіс Кәкенұлының “Таңбалы сериалы” сәтті шыққан туындылар екенін мөлшерлеуге әбден болады. 

Көрнекі суреттер Жеңіс Кәкенұлының фейсбук парақшасынан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар