Елеусіз Мұқамәдиұлы - романист жазушы

Бөлісу:

07.09.2023 3775

Қазақстан тарихын қазақ тарихының ең үлкен, әрі басты тарауы деуге болады. Себебі, қазақ тарихы – байырғы қазақ жерінде өмір сүріп жатқан барша автохтонды қазақтардың тарихы. Сол сияқты қазақ әдебиетінің тарихы да дүниежүзіндегі қазақ өкілдері жасаған ортақ рухани қазына тарихы. Осыған орай Атажұрттан тыс өмір сүріп жатқан қазақтар тудырған әдебиет – біртұтас қазақ әдебиеті дариясына құйылып жатқан бұлақтары болып саналады.

Қазақ әдебиетінің қайнар көзі – ауыз әдебиеті. Алтайдан Еділге, Сібірден Жиделібайсынға дейінгі ұланғайыр өлкеде өмір сүрген халықтың тілдік, ділдік тұтастығын қамтамасыз етіп келген құдіретті рухани күш – қазақтың аса бай ауыз ауыз әдебиеті болатын. Өткен ғасырларда осы ауыз әдебиетіне қоса, жазба әдебиет те біртіндеп туып қалыптасты. Бұл үрдіс қазақ әлемінің барлық тұсында уақыт тұрғысында шамалас көрініс тапты.

Атажұрт шекарасынан жақын да болса алыс өмір сүріп жатқан алаш қауымының бір шоғыры – Моңғолия қазақтары. Соңғы үш ғасыр жүзінде осы ел аумағында мекендеп келе жатқан қазақтар ортасында ХХ ғасырда жазба әдебиеті қалыптасты. 

Қытай мен Моңғолиядағы қазақтар тудырған нақты жазба әдебиеттің бастауында тұрған әйгілі ақын, қазақ кітаби ақындар мектебінің ірі өкілі Ақыт Үлімжіұлының, сонымен қатар Советтік Қазақстандағы зорлық-зобалаңдардан бас сауғалап барған қазақтың оқыған зиялыларының рухани ықпалы, үлгі-өнегесі Алтайдың терістігі мен күн бетіндегі жұртқа зор болды. 

1940-жылы Моңғолияның батысында Баян-Өлгий аймағы құрылуы осы елде тұратын қазақтар үшін жазба әдебиетін дамытуға үлкен серпін берді. 1941-жылы қазақ тілінде «Өркендеу» газеті шыға бастаса, 1942-жылы қазақ ақындарының өлеңдер топтамасы жарық көрген. Аймақта баспахана құрылуының өзі де мұндағы жазба әдеби өмірдің жандана түсуіне игі әсер етіп, аз жылдың ішінде қаламгерлер шоғыры қалыптасты. Поэзия – қай елде, өңірде болмасын авангард болатындығы, баянөлгийлік қазақ әдебиетінде де анық көрініс тапты. 

Дегенмен өзге жанрлар да біртіндеп даму жолына түсті. 1955-жылы жазушы, драматург, аудармашы Құрманхан Мұқамәдиұлының «Жұт ала ма, жұрт ала ма?», «Алғашқы қадам» көркем әңгімелері – осы өңірдегі қазақ қаламгерлерінің прозаға алғаш түрен салуы болды. Бұдан соң Махфуз Құлыбекұлы, Шерияздан Нығышұлы қатарлы қаламгерлер әңгіме, хикаят жарларына қалам тартты. 

Қазақ әдебиеттану ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынұлы «ұлы әңгіме» деп атаған роман жанрында Моңғолия қазақтары арасынан алғаш қалам тартқан – жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлы болды. Тарихи кезеңнің оқиғасына құрылған «Қобда қойнауында» романы 1976-жылы жарық көрді. Сюжеті күрделі, көлемді жанрға батыл қадам басқан жазушының «Жоғалған қыз» роман-дилогиясы мен «Өрікті көл» хикаятын кезінде оқырман қауым жылы қабылдады.

Елеусіз Мұқамәдиұлының «Қобда қойнауында» романынан кейін Мағауия Сұлтанияұлының «Ұрпақ тағдыры», Шабдарбай Қатшанұлы «Жырақта қалған жылдар», «Өз қолымен», Ислам Қабышұлының «Ұрпағың үзілмесін», Жәмлиха Шалұлының «Үлкен үй», Қауия Арысбайұлының «Жиекте», Сейітхан Әбілқасымұлының «Қара боран», Сұлтан Тәукейұлының «Мұнар таулар», «Ақыр Жәнібек» романдары дүниеге келді. Жалпы алғанда өткен ғасырдың 60-90 жылдары Баян-Өлгийдегі қазақ әдебиеті мен өнері үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қаламгерлердің түрлі әдеби жанрлардағы сүбелі туындылары кітап болып жарық көріп жатты. Соның ішінде драматургия да едәуір қарқынды дамып, Қазақстан, әлем, моңғол драматургтерімен қатар, баян-өлгейлік қаламгерлердің туындылары аймақтық драма театрда, сұмындық халық театрларында сәтті сахналанып, көрермен қауымға ұсынылып жатты. Бұл осы елдегі қазақтардың тілдік, мәдени ой-өрісі деңгейінің дамуына, олардың бойындағы ұлттық рухтың ояулығына игі әсерін тигізгені анық болатын. 1991 жылы желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізуден тоғыз ай бұрын-ақ Атажұртты аңсаған Моңғолия қазағының алғашқы көші Жетісуға тұңғыш рет кереге керіп үлгеруі – ұлт бойындағы осы рухтың көрінісі еді. 

Осыдан бергі отыз екі жыл ішінде елден ел бөлінді, елге ел қосылды. Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің қазанын қайнатқан аға буын өкілдерінің көбі-ақ ауыл-әулеттерін бастап, ұрпағының қазақы қалпының қамы үшін Атажұртқа қоныс аударып келді. Сол аға буын қаламгерлердің көбі бүгіндері пәниден бақиға озып, қатары сиреп, желемікті жетпісті орталатқан, сеңгірлі сексеннің бел ортасына жеткен бірер ескікөз ақын-жазушылар ортамызда өмір сүріп жатыр. Моңғолиядағы қазақ әдебиетін туған топырақтан табан аудармаған алдыңғы буын әдебиет өкілдері мен жас буын қаламгерлер жаңа тыныспен дамытып, игі дәстүр жалғасын тауып жатыр.

Ұлы көштің дүбіріне үн қосып, Атажұртқа қоныс аударып келген қаламгерлердің бірі – жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлы болды. Сарыарқаның кіндігі Қарағанды облысында мәңгілік тыныс тапқан қаламгердің туғанына 2023-жылы 85 жыл толып отыр. 1938-жылы қазіргі Баян-Өлгий аймағының солтүстік шығысында жатқан Баяннуур өлкесінде дүниеге келген Елеусіз Мұхамәдиұлы – жоғарыда атап өткеніміздей, Моңғолия қазақтары әдебиетіндегі тұңғыш романист ретінде әдебиет тарихында таңбаланды. Жазушының ең көлемді де, сюжеті күрделі туындысы – «Жоғалған қыз» роман-дилогиясы. Роман туралы кезінде Моңғолиядағы әдеби, зиялы қауым өз пікірлерін білдіргенін, сол дәуірде Баян-Өлгийде жарық көрген «Жаңа өмір» газеті мен «Шұғыла» журналының сарғайған беттерінен көреміз. Әдебиет дамуы үшін сынның қажет екенін ескерсек, сол кезеңде Баян-Өлгийде санаулы болса да әдебиет сынмен шұғылданушылар да болыпты.

«Жоғалған қыз» романы қазақ әдебиеті теориясының заманауи дамуына өлшеусіз үлес қосқан әдебиеттанушы ғалым, академик Рымғали Нұрғалидың назарына ілінгенін көреміз. Қазақ романдарының жазылуы стиліне, сюжеті мен композициясы, образдар жүйесіне, авторлардың дәуірдің тынысын сезіну шынайылығына т.б. мән бере отырып, қысқаша тұжырымдай талдау жасаған академик-ғалым «Қазақтың жүз романы» еңбегінің кіріспесінде былай деп жазады: «Қазақ романдарының оқиғасы бейбіт күндерде, соғыс кезінде, бір үйде, бір шаңырақта, бір ауылда, бір көшеде, бір қалада, тау арасында, өзен бойында, теңізде, шөлде, бір руда, бір жүзде, Қазақстанның әр атырабында, Қытайда, Моңғолияда, Ресейде, Еуропа елдерінде, Шығыс елдерінде өтеді. Әрекет бір тәулікті, бір аптаны, бір айды, бір жылды, бірнеше жылды, бір ғұмырды, бірнеше ғасырды қамтуы мүмкін. Кейіпкерлер әр жастағы, әр буынның, қазақтан басқа да нәсілдердің өкілдері, түрлі мамандық иелері, түрлі әлеуметтік, таптық топтан шыққан.»

Сонау «Қалың мал», «Кім жазықты, «Қамар сұлулардан» басталып «Абай жолы» эпопеясына дейін қанат жайған қазақ романдарына арқау болған оқиға – негізінен осылай екені рас. Осы аядағы Елеусіз Мұқамәдиұлының «Жоғалған қыз» романының оқиғасы Моңғолия жерінде өтеді. Роман Ертай атты қарапайым қазақ жігітінің күрмеуі көп, күдірлі тағдыр жолына құрылған. Қапияда көз жазып қалған Бағила атты кішкентай сәбиін өмір бойы аңсап-іздеумен болған Елтайдың сан тараулы тағдыр жолы романда суреттелетін дәуірдің ірі оқиғалары мен саяси-құрылымдық өзгерістерімен, ел өміріне енген жетістіктермен шынайы өріліп отырады. Қазақ – қайда жүрсе де достыққа адал, бауырмал, еңбекқор халық. Романда Елтай мен оның айналасындағы моңғол ұлты өкілдері арасындағы адами қарым-қатынастарды бейнелеуде осы қасиет анық аңғарылады. Романда қазақ пен моңғол ұлтынан шыққан қарапайым еңбек адамдары арасындағы достық қарым-қатынас шынайы суреттелген. 

Жалпы «ұлы әңгіме» немесе роман жанрының анықтамасы не? Әдебиеттанушы ғалым Мекерия Атымов бұл турасында мынадай анықтама береді: «Роман – күрделі және дамыған сюжетті, көбінесе қара сөзбен, кейде өлеңмен жазылған кесек тұлғалы эпикалық әдеби шығарманың бір түрі. Роман басқа эпостық жанрларға қарағанда өмірді, оның әр алуан құбылыстарын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды кең қамтып, терең суреттейді. Романның құрамы, құрылысы күрделі, онда лирика мен драма жанрларының сипаттары да кірігіп отырады. Роман қаһармандардың жеке өмірін, олардың арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастар тарихын суреттеу арқылы дәуір мен қоғамның, салт пен сананың кең суретін жасайды». Осы талап, сипат тұрғысынан алғанда «Жоғалған қызды» сәтті жазылған толымды роман деуге толық негіз бар.

Бай туысы Малтабардың малшылық, жалшылығында жүрген қарапайым қазақ азаматы Елтай жеке өмір жолында кездескен қаншама қиындықтарға қарамастан алға қарай талпынып сауат ашып, тіл ұғып, білім игеріп, өмірден өз орнын таба біледі. Романдағы Елтайдың өмір жолы – өткен ғасырдың қырқыншы жылдарда Алтайдың алыс түкпірінде, мал соңында өтіп жатқан бір сарынды бұйығы тірлік қалпын батылдықпен бұзып, жұмысшы табының қатарына қосылған мыңдаған қазақ жастарының ортақ бейнесі. Коммунистік дәуір идеологиясы бойынша «тап», «буржуазиялық» немесе «үстем тап», «кедей тап» деген әдепкі қолданыстар болатын. Сол дәуірдегі кез келген туындыда бұл ұғымдар көрініс табуы да заңдылық еді. «Жоғалған қыз» романында да осы таптық көзқарас айқын суреттелсе, ол – өз дәуірінің сұраныс-талабы. Кейінгі кезеңдерде соцреализм талабы әрлауандыққа ауысып, жазушының шығармашылық еркіндігі ауқымы кеңейгенімен, күшті мен әлсіздің, бай мен кедейдің, қатыгез бен бейуаздың арасындағы мәңгілік қарама-қайшылық өзгеріссіз қала бергендігін көреміз. Осы тұрғыдан алғанда, «Жоғалған қыз» романында суреттелетін көп оқиғалар, кейіпкерлер тағдыры – дәуірдің талап-нұсқамасы коммунистік бояуларды айтпағанда өзінің шынайылығымен ерекшеленеді. Сонау Үгедей қаған заманынан бері сегіз ғасыр бойы аттың күшімен үздіксіз қызмет атқарып келген байланыс жүйесін машина алмастыруы, осы қызметті атқару жолындағы қатерге толы сапарлар, табиғаттың тосын мінезінен туындайтын қиыншылықтар, қарапайым тізгінші-жүргізушілердің жанкешті тірлігі – роман оқиғаларының арқауы десек, мұның өзі олардың жеке өміріндегі қуаныш пен жұбаныш арқылы егізделе өрбіп отырады. «Ең қызықтысы сол — төрт жасында жоғалған Бағиласын іздеген әке сағынышты сарыла шығарма оқиғасының шиеленісуіне түрткі боларлық кездейсоқтықтарға жетелейді. Әкесі мен баласының жиі кездесе беруі сөйте тұра ондаған жылдар бойы бірін-бірі білмеуі оқырмандарды баурап, қызықтыра түседі. Автор сюжетті картиналар жасауға зейін қойып ықшамдылықты мұрат тұтқан», - деп атап көрсетеді, академик Рымғали Нұрғали. Романдағы көркемдік шиеленістердің соңында сәтті шешім табуының өзі оқырманға арқадан үлкен жүк түскендей, қуаныш сезімін үстейді. Романдағы қарапайым адамдар, тілі, ділі, діни көзқарасы, өмір сүру салты басқа екі ұлт өкілдері арасындағы қарым қатынас Абай айтатын: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», - дейтін ұлы ұстанымның аясында өрбіп отыратынын көреміз. Осы тұрғыдан келгенде романның құндылық сипаты арта түседі.

Кез келген туындыда авторлық көзқарас болатыны заңдылық. «Жоғалған қызда» да Елеусіз Мұқамәдиұлының өз ұлтының тағдырына деген алаңдаушылық қалпы қылаң беріп отырады. Соның бірі – тілбұзарлық. Мұны біз жазушының осы келеңсіз жағдайға қатысты мына бір суреттеуінен көреміз: «Соңсоң үлкен келіні орындық болдырып, төңкерді де, өзі соған отырып, тізесіне қойылған былғары сөмкесінен жұқа, түбі қырқылған дəптер, жыртылған газет алып, көпке дейін үңіліп отырды да сөзін бастады. - Нам, засық бізге том далғыбыр беріп отыр. Ажылшын əңгі өсу керек, - деп бастаған сөзін бақырға құрғақ қуырған бидайдай бытырлатып, ырғалып, теңселіп, қасынкеріп, мұрынын шүйіріп тұрып зорға аяқтады». Автор «партия мен үкімет бізге үлкен міндет жүктеп отыр, жұмысшы табы өсуі керек» деген ұғымды тілбұзарлыққа салып отырған пәруайсыздықты шенеп отыр. Тағы бір тоқталатын тұс – роман тіліндегі сөз қолданыстар, архаизмдер. Бүгіндері ұмыт болған немесе сирек қолданылатын қасқарша, мескей, мүйет, т.б. сөздердің мағыналық қолданыстарын романнан аңдауға болады

«Жоғалған қыздағы» кейіпкерлердің толғанысын ішкі ой-иірімдерін автор сезім арпалыстары арқылы беруге талпынған. Жеке кейіпкерлер психологиясын да бас характерлер психологиясын да талдай жазу баянөлгейлік қаламгерлердің шығармаларында кездеседі. Бұл олардың көркемдік идеялық ізденісіндегі жетістіктері еді», - деп орынды пайымдай отырып, бұл шеберлік қасиеттің Қобда бет топырағында туып-өскен қаламгерлер шығармашылығына тән үрдіс-машық екенін орынды атап өтеді, академик Р.Нұрғали. Мұны жеке автордың да, аталған елде қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосып, шығармашылық ғұмырын сарп еткен өзге де прозаик қаламгерлердің қалам қарымына берген баға деп түсінуге болады.

Айта кетерлігі, саптыаяқтың сабынан қарауыл қараған қатаң цензура заманы кез келген шығармашылық иесіне кең көсіліп, шығандап шығуға мүмкіндік берген жоқ. Бірақ талантты жазушылар «жаңбыр-жаңбырдың астымен» негізгі түйінді түсінікті, тура айтпаса да жанама детальдар арқылы ойлы оқырманға жеткізе білген. Мұны біз Елеусіз Мұқамәдиұлының келесі бір көлемді туындысы «Өрікті көл» хикаятынан аңдаймыз. Алып империялардың арасындағы алапат геосаяси арбасу, ырғасулардың ақыры Алтайдың күн бетінде ұлы Мағжан айтқандай «алдындағы малымен, бірге жусап, бірге өріп» көшіп-қонып жүрген ат төбеліндей қазаққа Жаламаның зобалаңы болып тиюін осы елде ғұмыр сүрген әйгілі күйші Сейітжан Бейісұлының «Өрікті көл» күйі арқылы тиектей отырып сәтті алып шыққан жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлының бұл туындысына алдағы кезеңде жеке тоқталу қажет деп білеміз. 

Елеусіз Мұқамәдиұлы шығармашылық ғұмырының Баян-Өлгейдегі, Атажұрттағы кезеңдері туралы әдебиет зерттеушілер қарастырып, қалың оқырман қауымға таныстыруы парыз. Осы ретте бір айта кетерлігі, Моңғолия қазақтары жасаған әдебиеттің көрнекті өкілі, жазушы, драматург, аудармашы Құрманхан Мұқамәдиұлы мен романист жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлының тегіне қарап, әрі бір елден болған соң, бұл екі қаламгер бірге туған ағайындар ма деген сұрақ қойылып жататыны бар. Арғы түбі абақ дейтін бірлестікке барып тірелетіні болмаса, екі жазушының жақын туыстық жақындығы жоқ болар. Екі жазушыға ортақ тағдыр жолы дейтін болсақ, Құрманхан Мұқамәдиұлы 1942-43 оқу жылы Елеусіз Мұқамәдиұлы туып-өскен Баяннуурдағы бастауыш мектепте мұғалім, 1956-жылы осы өлкеде құрылған «Гүл» бірлестігінің (колхоз) басшысы болып қызмет істегендігін атап өткен жөн.

Елеусіз Мұқамәдиұлының туған қарындасы Егеухан Мұқамәдиқызын күллі қазақ әлемі аға буын айтыскер, жазба ақын ретінде таниды. Қалам қарымын, талант-дарынын туған халқының рухани қазынасын байытуға арнаған жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлының есімі туған халқымен бірге мәңгі жасай берері сөзсіз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар