Өктемдік алдындағы үнсіздік пен дәрменсіздік

Бөлісу:

29.09.2023 1700

Серік Нұғыманның «Иесіз адам» әңгімесі негізінде

Жазушы, аудармашы Серік Нұғыманның «Асыл қиқым» кітабындағы бірқатар әңгімелерін оқығанда «Иесіз адам» әңгімесі оқырман ретінде постотаршылдық ыңғайдағы әртүрлі ойға жетелейді. Жазушының әдебиет зерттеушілерімен және әдеби орта өкілдерімен биылғы кездесу шарасында  шығармашылығы әр қырынан талқыланған болатын. Сонда аталған әңгіме туралы ойда қалған кейбір пікірлерімізді осы жазбада қамтуға тырыстық. 

«Иесіз адам» әңгімесінде посткеңестік аймақта ауылдан қалаға қоныс аударған тұрғындар арасындағы өзара үйлеспейтін көзқарастар мен тартысты, кикілжің араласқан оқиғалар бедерленген. Нақтырақ фабуласын айтар болсақ, қаладағы тұрғындарға арналған жатақханаға жас жігіт қоныс аудару үшін пәтеріне алдын ала жөндеу жұмыстарын жүргізе бастайды. Қағатын, тесетін аспаптардың дауысын естігенде «жүйкесі ауыратын» жатақхананың байырғы тұрғыны, нарратордың сөзімен айтқанда апай мұндай жұмыстарға ұдайы қарсылық білдіреді әрі балалардың шуылына да «жүйкесі шыдамайды». Тек қазақтілділер іске кіріскенде ғана мазасы кете бастайтын апайдың басындағы бұл жағдайдың бірнеше себебі әңгіме соңында айқындала түседі. 

Әңгіменің «Иесіз адам» деп аталуының себебі – өз айналасындағы істер шамына тигенде құқық қорғаушыларға ұдайы шағымданып келіп, уақыт өте келе шағымдарының қаралу жағы азая түскендіктен апай өзін керексіз, иесіз адам деп есептеуіне байланысты. Апайдың әртүрлі деңгейдегі, кейде маңызсыз шағымдарынан тәртіп сақшылары мезі болады. Бұл жағдайдан кейін апай ешкімге сөзі өтпейтін, арызы тыңдалмайтын, қаралмайтын иесіз адам сияқты күйді бастан кешеді. Осыдан кейін жүйкесі де жұқара түседі. Апайдың уақыттар бойы кімдерді өзінің иесі тұтып келгені төменде нақтырақ айтылады. 

Автордың әңгімеге қатысатын кейіпкерлерді таңдауы да қисынды. Яғни, әңгіме кейіпкерлері: Кеңестік басқаруды басынан өткізген қартаң әйел (апай делінген кейіпкерді қартаң десек ағат атағандық болмас деп ойлаймызмен 1990 жылдарға дейінгі әртүрлі саясатты көрмеген, тәуелсіздік кезеңінің тұрғыны – жас жігіт. Автор дүниетанымдық көзқарастары мен әрекеттері алшақ екі кейіпкерді кескіндеу арқылы посткеңестік кеңістіктегі отаршылдық синдромдарын көрсетуге тырысады. Сонымен қатар, әңгімеге аты-жөні белгісіз, оқиғаларға ұдайы куә болып жүрген баяндаушы қатысады әрі кейіпкерлердің сол сәттегі және бұрынғы әрекеттері, қоршаған ортадағы басқа құбылыстар соның атынан баяндалады. 

Оқиғаға тікелей куә болған баяндаушы «біраз күн күтіп қалған «қойылым» тосын басталып жүре берді» деп бастайды. Нарратор меңзеген «қойылым» аталған әңгіме құрылымында ғана емес, посткеңестік кеңістіктің кейбір аймақтарының күнделікті шынайы өмірлік тәжірибесінде жиі кездеседі. Оқиғаларды сырттан бақылаған нарратордың «Оның (жас жігіттің) осы сәттегі қиын халін өте жақсы түсініп, мен де қол қусырып қыбырсыз жатырмын. Кеше ғана өз басымнан өткен жай ғой, көмекке келе қалар ешбір шара, көлденең жанашыр жоқ еді» (1, 270 б.) деген жолдары бұл ойымызды нақтылай түседі. «Қойылым», әсіресе, аймақтардағы ішкі миграция үдерісінде біз бетпе бет келетін жағдайлардың бірі. Автор қолданысындағы «қойылым» сөзінің мағыналық аясы кең. Бұл әңгімедегі «қойылым» мағынасы қалалық аймақтың көппәтерлі үйлеріне қоныс аударған тұрғындардың пәтерлерін жөндеу жұмыстарына кейбір көршілер арасындағы қарсы наразылықты білдіреді. 

Әңгіменің баяндалуында кейіпкерлер шешімінен мынадай жағдайға куә боламыз, яғни жас жігіт бұрынғы саясатты көрген қартаң тұрғынның «тыйымдарына» бағынбай, жоспарлаған жұмысын арықарай жалғастыра береді, ал нарратор заң алдындағы құқығын қорғауға келгенде әлсіздік танытатындай көрінеді. Бұған оның жоғарыда келтірілген «... мен де қол қусырып қыбырсыз жатырмын» деген сөздері дәлел болады. Өктемдік алдындағы дәрменсіздік, тыныш жүруді ғана көздейтін баяндаушы – үлкен буын мен жаңа буын арасындағы аралық ұрпақ.

Жас жігіт – жаңа буын өкілі. Ол қоршаған ортамен «қаһарына мінбей», «бажылдаспай-ақ», «сары атандай сақылдамай-ақ» сыпайылап түсіндіріп, жеке азамат ретіндегі өз құқығы аясында әрекет етеді. Мұнда отарсыздануға бейім келетін буын – жас ұрпақ деген ойға сілтеме жасалған. Ал ортаңғы буын – нарратор «алда да талай «тасадағы тыңдарман болатынын» алдын ала біледі. Яғни, алдағы уақытта да өзіне немесе өзгелерге негізсіз тағылған апайдың айыптарын үнсіз қабылдауға алдын ала бекінген. «Жабайысыңдар» деген қартаң апайдың сөзіне жатақханадағы тұрғындар да қарсы жақ ашпайды. Өктемдік алдындағы мұндай үнсіздік әрбір «дауыс» шыққан жерде: әдеттегі пәтерлердегі жөндеу жұмыстары кезінде де, ауладағы балалардың ойыны барысында да қайталана береді. Өйткені, апайдың бұрынғы қызметі тұрғындарды осындай үнсіздікке көндірген.  

Апай образындағы кейіпкердің есік қағысындағы әрекеттері мен жас жігітпен арадағы диалогтары: «шұғыл шешіммен соққыны жиілете түсу»: «не істеп жатырсыз деймін мен сізге?»; «бажылға жақын», «қаһарына мінген», «сары атандай сақылдау», «қарша бораған қарғап-сілеу», күндізгі жөндеу жұмыстарын «қолма қол және табан астында» тоқтатуға ұмтылу, т.б. империядан мұраға қалған екіленген және өрекпіген мінез-құлық көрінісін айқындай түседі. 

Өрекпіген кейіпкер тіпті қалалық аймақтағы жөндеу жұмыстарына күндізгі уақыттың белгілі бір сағаттарында рұқсат етілетінін де қаперге алмайды. Көшіп келіп үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жас жігіттің бұл – «күндізгі уақыт қой» дегеніне қарамастан әйел «тоқтатыңыз тарсылды!» деген пәрмен береді. Бұл бүгінгі шынайы өмірлік тәжірибеміздің кейбір көріністерін де қамтиды. Әңгіме кейіпкері апайдың әрекетінен қалаға орын тепкен немесе ерте кездерде қоныс аударған кейбір тұрғындар бұрынғы отаршылдық мінез-құлықты бойларына сіңіріп алған. 

Кеңес өкіметі мен батыстық отаршылдық саясатынан кейде ұқсас тұстар көрінеді. Неміс тарихшысы Роберт Киндлер мұның көрінісін 1925 жылдардағы Ресейден қазақ даласына қоныс аударған шаруалар мен жергілікті шаруалар арасындағы қарым-қатынастан байқайды. Қазақ даласына өздерін «еуропалық мәдениет әкелдік» деп есептейтін орыс-украин шаруалары жергілікті қазақ шаруаларына – «жабайы көшпенділерге» астамсып қарағаны тарихтан белгілі. Р. Киндлердің «Сталиндік көшпенділер» кітабының 94-бетіндегі төменгі жақтағы түсіндірмесінде: «Бұл тұрғыда олардың еуропалық отаршыл басқа державалардан ешқандай айырмашылықтары болған жоқ. Еуропалықтар да жаулап алған елдерінде өздерін тап осылай ұстаған, түпкілікті халықтан әлдеқайда жоғары тұрмыз деп ойлаған»; «өздерін (орыс-казактар) большевиктік ұлттық саясаттың құрбандарымыз деп есептейді; бізді қазақтармен теңестіріп, ар-намысымызды қорлады деп санайды» (2, 94 б.). 

Ресейлік шаруалардың байырғы тұрғындардан – шаруа қазақтардан өздерін артық санайтын, менсінбейтін мінездері уақыт өте келе жергілікті қазақтарға сіңгенін байқауға болады. Мұның салдары аталған әңгіменің қалалық қартаң тұрғынының мінез-құлқынан да көрініс табады. 

«Жүйкемді тоздырып біттіңдер, өңкей жабайылар. Тәртіп, әдеп дегенді білмейсіңдер сендер! Айналаны сыйлау, құрметтеу деген жоқ сендерде! Баяғыдағыдай, әр сайда жалғыз үй отырғандай, білгендеріңді істейсіңдер. Сәбет үкіметі жетпіс жыл тәрбиеледі, сонда да адам болғыларың келмейді... Сол надан, жабайы күйлеріңде қалдыңдар»; «Құртып біттіңдер жүйкемді! Бұдан ары төзе алмаймын бұған... өмір сүре алмаймын сендермен бірге... кілем мал...» (270-271 б.). Кеңес өкіметі тек өзінің саясатына бағындыру үшін бірінші кезекте көшпенді қазақтарды отырықшыландыруға, ұжымдастыруға радикалды саяси әдістерімен «тәрбиелегені» тарихи дискурстан жақсы таныс. «Тәрбиелеу» шараларының салдары ірі-ірі зұлматтарға соқтырып, қаншама қазақ сол үшін өмірін берді. Әңгіме үзіндісінен Империя, одан кейінгі Кеңес кезеңіндегі жергілікті қазақтарға қатысты «жабайы», «надан» қолданыстары тәуелсіздік алған кезеңде де тұрғындар қолданысынан кетпегенін байқаймыз. Бұл құбылыс әлі кейбір тұрғындардың отарсызданбаған санасын көрсетеді. 

Қартаң тұрғын қазақтардың ішкі миграциясына да наразы. 1990 жылдардан бүгінге дейін жалғасып жатқан миграция нәтижесінде үлкен қалалардағы қолданыс тілі қазақшаланып келе жатқаны күнделікті тәжірибеден айқын. Миграциялық үдерістің сананың отарсыздануы жолында  осындай артық жақтары баршылық. Шын мәнінде, ауыл аймақтарынан қалаларға уақытша немесе түбегейлі қоныс аудару үдерістері бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерге байланысты болды. Сонымен қатар, мәдени ортаға, ағартушылыққа жақын болғысы келген жандар да қалаға орнығуға тырысады. Қалаға орныққан халықтың көп бөлігі сонда жоғары оқу орындарында білім алғаннан кейін жұмыс бабымен біржола қалып кетеді. 

«Өй, өңкей жабайылар! Құдайларың берді сендердің! Түрлеріңе қарамай, қалаға ағылып келіп алатын болдыңдар! Қала сендердің не теңдерің-ей! Сол тау-тастарыңда тентіреп жүре бермей. Қала деген сендер жасайтын жер емес, қала деген тәртіп! Қала деген – тәртіп! Қала деген – әдеп, иба! Ал сендер келіп не істедіңдер мұнда... тазалық кетті Алматыдан! Тәртіп кетті: күндіз ұрлық, түнде тонау... мусорға айналды. Ал мұнда... көзді бақырайтып қойып жасап жатқандарың мынау: күнде қабырға құлатып, стена тесу! Жөндеу деп қояды өздерінше... жөндеу сендердің не теңдерің-ей... одан да түрлеріңе қарасаңдаршы! Баяғы заман болғанда ғой, көздеріңе көк шыбын үймелетіп, тентіретіп жіберер едім... қаладан қуып шығып, екінші қайта оралмастай қылатын едім! Бұлай тайраңдатып қоймас едім!.. Амал қанша!..». Бұл үзіндіден мазмұны жағынан социалистік, түрі жағынан ұлттық саясат жүргізген Кеңес өкіметінің интернационализмі бойына сіңген және өзінің кім екенін, ұлттық бірегейлігін ұмытқан ұлт өкілін танимыз. Қартаң апай өзіне таяныш болған Кеңес өкіметін жоқтайтыны да байқалады. Мұндай өткенді аңсау сарыны қартаң апайдың пәтерінің бір қабырғасына Сталин суретін іліп қойған әрекетінен де көрінеді. 

Кейбір журналистер және оқырмандар тарапынан «қазақ әдебиетінде қазіргі өмір қашан жазылады?» дейтін бірсарынды сауалдар жиі қойылып келді. Кейде әлі де мұндай сұрақтар қойылып қалып жатады. Бүгінгі өмірдің бір көрінісін жазушы Серік Нұғыманның «Иесіз адам» әңгімесінен байқаймыз. 

Жоғарыда оқиғаларға куә болған үшінші адам – нарратор (ол да қалаға қоныс аударушы«қаладан қуып шыққысы» келетін қалалық тұрғынның алдында оған қарсы келуге дәрменсіз күйде қалғанын айтып өттік. Қартаң әйелдің жоғарыдағы сөздерінен кейін баяндаушы қаладан қуылған топтың ішінен өзін де ойша елестетіп те үлгереді. Ойша елестетудің өзі деөктемдік алдындағы әлсіздікті білдіретіндей көрінеді. Қаладан қуылған топтың ішінен өзін «өзім болған соң ғана жазбай таныдым» дейді баяндаушы. Мұнда «өзім» позициясы «өзге» немесе «бөгде» позициясына қайшы келеді. «Өзім» позициясы қазақтың баламасы ретінде қолданылған. «Жүрегім әбден шайлығып қалғаннан шығар, түкке тұрғысыз нәрселерге бола шармаяқтасқанша осы күнімізге шүкіршілік етіп, тыныш жүрген әлдеқайда жөн болар деп ойладым артынша» дейді. Иә, үнсіздік көп жағымсыз жағдайдан құтқарғанымен, кейде соншалықты шиеленісті оқиғаларға да себеп болуы мүмкін. Автор «жүрегі шайлығып қалу» фразеологизмін қолданған. Кімнен, неден жүрегі шайлығып қалғаны оқырмандарға да түсінікті деп ойлаймыз. Өктемдікке қарсы келуге дәрменсіздік танытқанымен, нарратордың өзіне жұбаныш ететін ішкі ойлары да бар: «қазір оны ешкім ешқайда жосылтып қуа алмайды... ! Қандай жақсы». Біз мұнда автордың табыс септік тұлғалы «бізді» деген қолданысын «оны» қолданысына ауыстырдық. Баяндаушы өз мемлекеті ресми тәуелсіздік алғанын өзіне таяныш көреді. Баяндаушы мен апайдың ойларынан екі құбылысты байқауға болады: апай өзінің таянышы – Кеңес өкіметі құлап, өзі қызмет еткен кейбір мекемелерге өзін қажетсіз, «иесіз адам» сезіне бастаса, баяндаушы бүгінгі мемлекетті өзіне сүйеніш тұтады. Посткеңестік кезеңдегі көршілес екі тұрғынның бейнесі осындай. 

Әңгіменің құрылымдық бірліктерінен империялық, кеңестік сана мен мінез-құлық көріністері уақыт өткен сайын әлсізденіп бара жатқанын да байқауға болады. Мысалы, посткеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында құқық қорғау органдары қалаға қоныс аударған тұрғындарға өктемдік көрсетуші жергілікті тұрғындардың арыз-шағымына көбірек назар аударған болса, жыл сайын бұл «үрдіс» қала бастаған немесе құқық қорғау өкілдері жұмыстарына немқұрайды қарағандықтан шағымданушы тарап та арыздары баяу қаралатынын немесе мүлде қаралмайтынын түсінген. Әңгімеде баяндалған кезекті «қойылым» барысында қалалық тұрғын жас жігіттің «тәртіпсіздігі» үшін тәртіп сақшысын шақырмайды, алайда бұған дейін шақырып жүргені баяндалған. 

Жатақханадағы қартаң апайдың жүйкесі кейбір шуыл мен қатты дауыстарға төзімді

Жатақхананың байырғы тұрғыны, қартаң апайдың жүйкесі өз ана тілінде сөйлейтін көршілердің тарсылы мен балалар ойынының шуылына «ауырады да», басқа тілдің иелерінің әрекетіне келгенде төзімді болып шығады. Мысалы, нарратордың әңгімесіне қарағанда жатақхананың астыңғы қабатындағы апай ауладағы қазақтілді балалар шуылдап ойнаса, пәтер терезесінен айқай-шу көтеріп, оларды ойын алаңынан айқайымен бездіреді, ал бөгде тілді балалардың қаттырақ шыққан дауысына жүйкесі «сыр бермейді». Екінші тағы бір мысал, көрші пәтерден қазақтілді әннің дауысы шықса, лезде барып тоқтатуға «пәрмен» береді де, бөгде тілдегі әуенді естісе, өткенін еске алып, көңіл күйі жадырап кетеді. Бұдан тіл иелерін алалаушылық қана емес, өз халқының өкілдерін жек көру пиғылы анық аңғарылады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласына қоныс аударған шаруалар да жергілікті көшпенділерге осындай пиғыл танытқан болатын. 

Адам құпиясын / шындығын жазушылар әдетте кейіпкерлері түс көріп жатқан мезетте немесе қараңғы кеңістікке тап болған сәтінде ашуға тырысады, яғни шынын оқыстан айтқызатын әдіс қолданады. Бұл әңгімеде де апай ішімдік ішіп, пәтерінен адасып жүрген қараңғы коридор бұрышында баяндаушыны басқа «таныстарымен» шатастырып алып, бар шындығын жайып салады. 

«Енді қайт дейсіңдер маған? – деп ақталды апай. – Мұндағылар – таң ата көздерін тырнап ашып кетіп, содан қас қарая оралып, тұмсығынан тіреліп құлайтындар... өңкей жарлы-жақыбай. Бас біріктіріп, әрекет жасау емес, бала-шағасын баға алмай шақшадай бастары шарадай болып жүр. Соның өзінде қаға берістегі қылықтарын қалт жібермей, естіген-білгенімді қосып, мәлімдеп жүрмін... ал сендер...» (1, 289 б.). 

Бұдан байқағанымыз, апай жатақхана тұрғындарының өмірінен, кімнің немен айналысатыны туралы тиісті жерлерге құпия мәлімет беретін қызмет атқарғанға ұқсайды. Бұл «қызметінің» қажетсінбей, еленбей қалуы апайды сырқатқа ұшыратқан. Төмендегі сөздеріне қарағанда бұрынғы «қызметі» өміріне қауып төндіре бастағаны көрінеді. 

«Сендер өтірік айтасыңдар... – деді апай менің сөзімнің соңын баса. – Сөзде тұрмайсыңдар... сонымен қоймай, тағы телефон соғып күнде қорқытасыңдар. Енді келіп үйімнің құлпын ауыстырып кетіпсіңдер... міне, кіре алмай тұрмын. Мен енді қайда барам? Аш жүргеніме үш күн болды, қалтамда көк тиын жоқ... уәде еткен ақшаны бермейсіңдер... сендерге кім сенеді?..» (1, 289 б.). Бұл үзінді апайдың екінші бейнесін көрсетеді. Жаңа қоныс аударушыларға жасайтын өктемдігінен қорқау жанға айналған. Өз өмірінің мәнін, мақсатын да, ұлттық бірегейлігін де, тіпті өзін де жоғалта бастағаны байқалады. Апай да кезінде қазіргі жаңадан қоныс аударып жатқан көршілері секілді ауылдан қалаға көшіп келген және құрылыс мекемесінде жұмыс істеген. Алайда оған ұсынылған жатақхана басшылығы лауазымы мен басқа да құпия қызмет, ең басты кезекте санасындағы қазақтарға қатысты қолданған «жабайы» ұғымы өз халқының өкілдерінен арасын алшақтатқан. «Жабайылық» ұғымы, жоғарыда айтқанымыздай, посткеңестік тұрғын санасына империялық саясаттан мұраған қалған. 

Қорыта келгенде, аталған әңгімедегі қартаң апай образындағы кейіпкердің табиғаты мен әрекеттері туралы әртүрлі интерпретация ұсынуға болады. Ең бастысы, бірнеше жүз жыл бойы отаршылдықта болған ой-сананың отырсыздануы үшін ресми тәуелсіздіктің аз жылы жеткіліксіз екені түсінікті. Бір адамның – апайдың бойынан әртүрлі эксперимент араласқан саясат ізін байқалады. 

Әдебиеттер: 

1. Нұғыман С. Асыл қиқым: әңгімелер. – Алматы: «Бибі-ана» қайырымдылық қоры, 2022. – 400 б. 

2. Киндлер Р: Сталиндік көшпенділер. Қазақстан билігі және ашаршылық. Ауд. Ө. Ахмет. – Астана: Фолиант, 2023. – 432 б.

Бөлісу:

Көп оқылғандар