Ғалымбектің қолтаңбасы
Бөлісу:
Кейде біз асып-тасып, ойланбай айтып, асылық сөйлеп жатамыз. Мұндай эмоцияға толы пікірлер әдебиетшілер арасында да жиі кездесіп қалады. Әдебиетке өкпе тұстан ұрандатып, ат ойнатып келген азаматтарды көрсек, «Мына, бала әдебиеттің төріне төбеден түскендей келді», «Босағада бұқпантайламай, бірден шаңырақтан түскендей болды» деп әспеттеп жатамыз. Тіпті әдебиеттің есігін теуіп кірді деген әумесірлеу пікірлерді де көзіміз көріп, құлағымыз шалып қалатыны бар. Мұндай сөздің иесі көбіне білместікпен айтар дейміз. Әйтсе, шығармашылықтың азапты жолына түрен тартқан оғылан үшін кездейсоқтық, оқиаттан болған оқыс оқиға дейтін кеп болмаса керек-ті. Әр нәрсенің қадырын азабын тартқан біледі. Соншама қуатты шығармашылықтың артында, автордың жаназабы, көз қуаты, күйініш-сүйініші, тағдыр-тәлейі, ұйқысыз-күлкісіз түндері тұрары анық. Әңгіменің ауанын алыстан қозғап отырған себебіміз де сол. Сырт көзге Ғалымбек Елубайдың шығармашылық жолы да соншалық даңғыл, жаттық көрінер. Дегенмен, соншама салмақ салған жаназабының жанартаудай жарылатын күні де болады. Ұзақ жылдар бойы іште тұншыққан аңсар, кеудеде булыққан күш, бір сәт булығып барып, бейне тосыннан тоспасын ағытқан өзендей ақтарыла түсетін сәлихалы сәттер болады. Бұл қаламгер үшін ынтық зарға ораған, шуағы мол мәуелі шақ, кепиетті сәт болмақ. Жазушы Ғалымбек Елубайда қазір құлақ күйі келген домбырадай бебеулеп, суғаруын тапқан семсердей қылпылдап тұр. Алыс қалған балалық шағында, дала мәдениетінен бойына жұққан, кейінгі өмір жолында маңдайына жазған, бауырына басып ұзақ шайқаған құпия әлемнің кілтін тауып, ақындық қуатпен, жазушылық жүрекпен жазған «Жүз жетінші көктемін» алдияр оқырманға ұсынып отырған жайы бар.
Ғалымбектің қысқа да, нұсқа өткір кездіктей қылпып түсер әңгімелері ешкімді бейжай қалдырған емес. Әдепкі кездесулерде де оның әңгімелері оқыс басталып, оқыс аяқталатыны бар. Тыңдаушысын бір сәт аңыртып, ойландырып тастайды. Алғаш танысып, кездескенімізде, мынандай бір қызық әңгіме айтқаны есімде. «Бала кезімізде, ауылдағы көненің көздері айтып отырушы еді, мынау Құдай-тағала он сегіз мың ғаламның бәрін жұп қылып жаратқан. Жалғыздық Алладан деген. Ер мен әйел, еркек пен ұрғашы құдай жаратқан жанды дүниенің бәріне тән. Алтайдың асқары, Ертістің басы саналатын мынау біздің елдің өзендері еркек суға жатады екен. Былайғы жұрт осылардың суында бар ғой деймін деп жатады, сонысы рас. Арыдан тартпағанда, кешегі Ер Оспан, Бүркітбай, Сұлубайлардың етігімен су кешіп, жаумен жағаласып шейіт болатыны, күні бүгінге дейінгі жігіттердің басы ноқтаға симай, күші тасып жүретіні содан», - деп. Сол Ғалакең ауылының қариялары айтқандай, қолымызға тиген кітап, міне, анау-мынау минаралка емес, қайдағы жоқ кранның суы емес, еркек қойдың сорпасындай су ішкен жігіттің кітабы деп біліп отырған жайымыз бар.
Сөз басында аңдатқанымыздай Ғалымбек Елубай оқырманы аса мол жазушы. Оның жанын нұрға бөлеп жазған дүниелері оқырманының жанды жеріне дөп тиіп жатады. Елубайұлының әңгімелерін бір қайыра оқыған кісі арбалады да қалады. Автордың шығармашылығы сонысымен құнды.
Жақында ғана автордың алғашқы шығармашылық кеші, тұңғыш кітабының әдеби таныстырылымы, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың Мұқағали Мақатаев атындағы залында өткен болатын. Әдеби танымдық кешке қалың оқырман қауыммен қатар, Астананың зиялы өкілдері, автордың әріптестері жиналған еді. Ғалымбек Елубайдың шығармашылығы туралы сан-салалы пікірлер айтылып, оқырманға ой саларлық кеш болған. Осыған орай біз назарларыңызға бірнеше қаламгерлердің “Жүз жетінші көктем” әңгімелер жинағы хақында жазған пікірлерін ұсынып отырмыз.
Қасымхан Бегманов, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары:
Таланты таңғалдырады…
Мен үшін ақындарға пікір жазу жеңілірек. Бұрын бетпе-бет кездеспесем де, әлеуметтік желідегі бөгенайы бөлек, әсерлі әңгімелері арқылы таныс болған талантты жас Ғалымбек Елубай бауырыма шығармашылық қуат тілей отырып, алғашқы кітабына ой-пікірімді білдіргім келді.
Ғалымбекті әлеуметтік желіден жиі оқып отырамын. Кейде жандүниеңе қатты әсер ететін, ерекше бір дүниелерді алдыңа, оқуға «лақ» еткізіп «тастай» салады. Оқып отырып, ерекше сезімге берілесің. Сол сәтте жүрегің аударылып түскендей...
Жазушы Ғалымбек шағын әңгімелері арқылы өзінің жандүниесіндегі, ішіндегі шерді шығарып, мұңмен мұңдасады, сезімімен сырласады.
Ғалымбек Елубай: «Менің әңгімелерім ешкімнің уақытын ұрламайды» - дейді. Иә, Ғалымбек әңгімелерін қысқа, әрі нақты жазады. Оның әр әңгімесінде ерекше бір мұң бар. Әсіресе, бойында қазақы қаны тулаған жанды селт еткізбей қоймасы анық.
Бүгінгі таңда оқырманды аяқасты таңғалдыру да оңай емес. Жұрт бұрынғыдай әдеби кітаптарды іздеп жүріп, сарылып оқымайды. Ғалымбектің әңгімелері оқырмандарды таңғалдыруға емес, керісінше оқырманды алға жетелей кетіп, жазғаны арқылы сол сәттегі оның көңіл-күйін тамыршыдай тап басып отырады. Оқып отырып жалғыздығымен алысып, жабырқаған адам жанына жылу табады, қоғамнан оқшауланған пенде өзіне сырлас, дос табады.
Ғалымбектің шығармаларының бүгінгі қоғамда алатын орны ерекше. Нақтылықты ұстанған, қып-қысқа әңгімелерімен-ақ үлкен оқиғаға жетелеп, оқырманға ой салады.
Мына уақыт жетіспейтін, қым-қуыт заманда оқырманының уақытын үнемдеп, ескірген, ұмыт бола бастаған ұлттық сана мен «қазақы» мінезді жаңғырту – Ғалымбек Елубайдың алға қойған басты мақсаты болмақ.
«Ай жамылған аруақтар» әңгімесі шағын ғана тұнып тұрған этнографиялық дүние екен. Шығармадағы әр сөз, әр сөйлемнің көтеріп тұрған жүгі санаңа кәдімгідей салмақ салады. Ойландырады. Қиялың алыстап кеткен балалық шаққа қарай еріксіз ұша жөнеледі. Айлы түнде қозы-лақ іздеген бала кезіңдегі сәттеріңнің кейбір үзіктері көз алдыңа елестейді.
Иә, қазақ тек қозы-лағын ғана жоғалтқан жоқ... Қазақ көп дүниесінен айырылды ғой. Еріксіз күрсінесің. Бір түннің оқиғасы ғана суреттелген шағын шығарманы еріксіз қайта парақтайсың. Оқиғаның соңғы жағы өне бойыңды шымырлатады. Ордалы жыланды оқырманға нанымды, шебер пайдалана білген. Көп сөз жоқ. Көріністі дәл, анық суретке түсіріп алған фотографтай болған жас авторға риза боласың.
Бұл – жас жазушының санасында бұрқ-сарқ қайнап пісіп, әбден сарапталған бір түннің ғасырға бергісіз қазақы оқиғасы. Қазақ қана көре алатын қилы түнгі көріністер, қазақ қана сезіне алатын алапат нәзік сезімдер ширығып, қағазға шашылып түскен. Қайталанбайтын мұңға оранған қазақы оқиға.
«Су жұтқан іздер» әңгімесін оқып отырып, қазақы теңеу мен шұрайлы тілдің, көркем жазудың үлгісіне тәнті болдым. Оқиғаның аяқталуы керемет!
Күтпеген жерден ширығып барып, оқыс бітеді.
Бүгінгі қолданыста ұмытылып бара жатқан көне сөз иірімдеріне «жан» бітіріп, көңіліңді ерекше тебірентеді.
Әдебиетке қазақтың тағы бір қабырғалы, ешкімге ұқсамайтын ірі жазушысы келіпті. Жас жазушының бүгінде қиюы әбден қашып, берекесі мен қадірі кете бастаған қазақтың ежелгі сұлу тілін терең меңгергеніне қуанасың һәм таң қаласың. Жазу стилі де бөлек. Қарабайыр жазбайды, жаңа леп, жаңа үн жатыр.
Аз сөзге көп мағына сыйғызып жіберу – қас таланттың белгісі. Қаптаған шалағай жазармандар оңды-солды, шашып-төгіп берекесін кетірген қазақтың таңғажайып көне тілімен қайта қауышқандай күй кештім.
Ендігісі – еңбекке, бір жерді ары-бері шиырламай, осы бағытта үздіксіз ізденуіне, алға қарай қалай жылжуыңа байланысты. Сәттілік тілеймін!
Раушан Құрманғалиева, Жетісу облысы Талдықорған қаласы «Құлжабай Қасымов атындағы № 28 ІТ мектеп-лицейі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер, педагогика ғылымдарының магистрі:
Асқары биік Алтайдың көгілдір ақықтай шытынап кеткен жазбалары
Ғалымбектің сезім мен рухқа иек артқан шағын көлемді әңгімелерін оқып отырып, қайғылы, бірақ қайырлы болған даңқты тағдыр жазылған ба дерсің. Жақсы шығарма классикалық ережелерге бағынбайды, онда керісінше, сезім сөйлейді. Шағын көлемді әңгіме жанрымен танылған үздік талант Ғалымбек Елубайдың қазақ әдебиеті қорына қосқан рухани мұрасы бай да, сан салалы. Ол – көркемдігі жоғары, шағын көлемді прозалық кесек туындылар жазған қаламгер. Ғалымбек нені жазса да, қазақы қалыбын бұзбайды, әрі ойы, сезімі, қуаныш-қайғысы, күйзелісі, көңілінің кірбіңі көрініп тұрады. Оқырманның жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ бояуды, жасанды кейіпкерді таба алмайсың. Асқары биік Алтай тумасының көгілдір ақықтай шытынап кеткен жазбаларына үңіліп көрейік;
«Шытынап кеткен көгілдір ақық» әңгімесінде бас кейіпкері: "Байлық дегенің – көрдің түбінде көзі жылтыраған көгілдір ақық!" деген астары терең ой қозғайды. Ғалымбек кейіпкерлер бейнесін табиғаттағы алуан түрлі өзгерістерімен астастыра суреттеуге мән береді. Ішегін суретіп жүріп қораға жетім лағын бір тойдырмақ ниетпен іздеп келген жанкештілік және тас жаншыған қара көк шынтағының көбесі сөгіліп, тырнағы түскен қолымен сырмақ астындағы шымды қопарып, шытқа түйген жақұт тастарды көміп жатып күрсіну арасындағы байланыс, салыстырулар керемет. Аяқ артар жалғыз атын жетектетіп жіберіп, жауыр арқасын сипатқан қимастық астарында қандай көңіл жатыр? Әңгімеде көбінесе материалдық құндылық айқын суреттеледі. Ұқсас жайларды сәйкес түстермен беру арқылы оқырман назарын неліктен осы жайларға аударып отыр? Мысалы, жасыл және қызыл түспен беретін егіздеулерге назар аударып көрейік; жеті жыл киген "жасыл" кеудеше мен ашық ашаң жүз бен ағайынға қылдай қиянат қылуға себеп болған "жасыл" ақық арасында түстер сәйкестігі, тағы қызғаныштың "қызыл" иті бас көтеріп, сол ұрлық тастың наласын көтергендей семіз "қызыл" тайыншаның іші жарылып өлуі секілді тұстарды айтқанда, автордың кинодағы бейнелеу тәсілінен хабары бардай көрінеді. Өйткені ол кейіпкерді қарапайым көрнекі ишаралар көмегімен сомдайды. Біз айналамыздағы заттарды меншіктеп, қажетімізге жаратамыз. Сонымен бірге, тұрмыстағы матриалдық заттардың да біз үшін маңызы зор. Біздің бағалайтын заттарға деген көзқарасымыз өзіміз бағалайтын әлемнен сыр шертеді. Рухани тұрғыдан алғанда әлем туралы көзқарасымызды, адамгершілік қасиетіміз бен мінез-құлқымызды да осы заттарға қарап байыптауға болады. Автордың жазбалары да "көгілдір ақықтай шытынап кеткен" – жазбалар.
«Бір төмпешіктің әңгімесі» – туған баласын інісіне беріп, байғұс сәби ұқыпсыздықтың құрбаны болады. Байғұс ана өмір бойы өзін-өзі кінәлап, бір төбешікке айналған тәлейсіз сәбиіне құран бағыштап етегі жасқа тола іштей жейді. "Құлқуалланы үш қайтарып" ұзақ жылғы сырды әдемі ақтара салуымен қатар, оқырманын қоса тебірентіп қоса егіледі.
«Айәділдің қарызы» әңгімесінде кейіпкер Жұбаныштың омырау қалтасынан шыққан парақтағы жазу "Ұлы таудың арыстаны мен сені, әкетем деп біреу күлді іргеден," деуінің астарындағы ой – елеусіздеу айтылған 2 тармақ шимағы болса да, адамдардың қарым-қатынасынан, мінез-құлқынан, сол кезеңнің әлеуметтік жағдайынан хабар береді. Ал, балтасын қамшы есебінде ұстайтын Айәділ жалғыз күреңін "жал-құйрығын сүзіп тарайтын, толғанып қарайтын" ұқыптылығы мен ашуланса алдындаға маңырап тұрған серкесіні басын шауып тастайтын қаталдығын естіген танымайтын адамға қылығы үрей шақырғанымен, жүрегі жұмсақ жандай көрінеді. Іздегенің менде деуге қорыққаны да сол ес білгелі күлгенін, не жылағанын көрмеген суық жүзінің әсері болар. Қаталдық та керек шығар. Қаталдық - ол тәртіп. Тәртіп - әлемдік ұғымдағы ғаламат кең мағынаны қамтитын сөз, тәрбиеден айнуға ешқандай жол қалмайды. Бұл сөздердің астары нені білдіреді? "Басын қалай бұрса, солай жүгіретін ұлдары мен Айәділ ашуланса бұта қорғалаған торғайдай бұғып қалатын әйелі" – бүгінгі қоғамда жетіспейтін осы бір тәртіпке, тәрбиеге бағыну болар. Мына бір сөйлем "Есік алдындағы өзегі өртенген кәрі үйеңкі төбесінде ғана шашы қалған қаланың жалаңбас кейуанасындай кіржиеді." Кәрі үйеңкінің сипаты ғана емес, қазіргі қоғамның, жеке адамның жандүниесіндегі өзекті өртеген шерін қозғайды. Біздің санамыздың сезіну ауқымы өзге адаммен немесе өзгеше ойлайтын жанмен кездескенде шектелетін секілді. Әлгі адамның беймәлім қырлары немесе тұйықтығы сезіну ауқымымызды шектеп, өзімшілдік қалауымызға тосқауыл қояды. Уақыт өте келе, бір кездегі сондай құндылығы білінбеген кей әрекеттер өзгелердің алдында жауапкершілігімізді ұқтырып, ауқымын анықтауға септігі тиеді.
«Сары тайыншаның жыры» әңгімесіне келейік; сезімнен тұратын көлеңкелі шындық басқа да, өмірлік идеядағы нағыз шындық басқа. "Тіл - елшіні қылышы" дейді. Жалпы, тілге қатысты қанатты сөздер, ұғым -түсініктер де баршылық. Бұрынғылар, "Айтылған өз атылған оқ, кері қайтара алмайсың" деуі де бекер емес. Қарғыстың күші, аңдамай айтылған не аузыңнан шыққан әрбір сөзің жағаңа жалын боп жармасатыны да сондықтан. Бәрінің өтеуі бар, сондықтан тілге абай болу керек дейді. Туған баласын танымай "інілерім" деп, анасын "жетім кемпір" деп қамқор боп, өз әйелін "көңілдесім" деп ұрланып барып жүретін күйге түсірген қандай күш?.. Бет біткеннің әдемісі болғанымен, аузына келгенді ірікпейтін бейбастау әйелдің тілінің уы ма, әлде айдың күннің аманында озандап "Жаным елжіреп, жасым мөлдіреп тұрмын күтіп бұл күнде….” деп өткенді аңсап , барын бағалай алмай жүрген Ерденнің өзінің күнәсінің өтеуі ме? Ішімдік ішіп көлеңкеде маужырап отырған адам "Ұрпақ азды-ау, әкеңді" дегені аздай, тоқал сары тайыншаға "Иә, әруақ! деп әруақ ашқыра қарғып мінгені дұрыс болмады. Негізі, әруақ, құдайды жөнсіз ауызға ала беруге болмайды. Өзі тілінен тапты ма дейм. Келесі; әңгіменің қазақы көркемдік құралдарына, кейіпкердің болмысын ашатын шынайы суреттеулеріне назар аударсақ, арақ ішсе терлеп-тепшіген Ерденді "қалжасы жаққан әйелдей" теңеуі, ал ішпесе сау кезінде адам менсінбей "құдайдан мықты, құдай болайын десе реті келмей" бейнелі сөзі , тоқал сары тайыншадан ұшып түскенде "саба толы іркіттей салп ете қалуы" өте әсерлі көркемдеуіш құралдар. Сосын қазақы ырымдар "батып бара жатқан күнге қарата құрым киіз тұтатып адамды аластау", "жеті қалампыр тастап мұздай суық су бүрку" әсері мол наным-сенімнің тылсым қуатын еске түсіреді. Әңгіме әдептілікке тәрбиелеудің формасы ретінде және талдауды қажет ететін бірнеше өлшемді қамтыған мәдени нысан ретінде зерделеуге сұранысқа ие туынды.
«Бөде» әңгімесі. Өмірдің өзі төзгіштік қасиеті басым, жүйелі түрде қайта туатын заттарға деген сенім жайлы болжамға негізделеді. Адамның сүйенері де - алдын ала үміт еткен дүние сипаты. Сол үміт мен сенімі орындалып он қыздан кейін үш ұлы бар бір қауым ел болғаны - кәрі тізесі ағаш боп артынан еріп жүріп тұрмыстың ауырына да, шаңырақтың дауылына да татулықтың ұйытқысы, себепші боп отырар кәрі енелердің арқасы. Төрт жасында үйшік ойнап отырған жерінен "ағасының" алдына мінгесіп өз еркімен табалдырық аттаған жас қалыңдық шөпшектерінің ойынына айналып тобықтай кемпір боп тоқсаннан асып өлімнің алдына түсті. Бір қарағанда, бас-аяғы 3-4 сөйлемге сиып кетер шағын сюжетті көрініс. Бірақ астары терең, айтары мүлде бөлек. Адам өз-өзіне қайшы келмейтін, өзгермейтін, шынайы дүниені, ешкімге қасірет әкелмейтін "шындықты" іздейді; ал қарама-қайшылық, алдау, құбылу - қасіреттің салдары. Жас босанған ана шаранасы кеппеген сәбиін иен құзға неге ұсынды? Адам шындық ұғымын қалай анықтайды? Неге ол қасірет шегудің өзгерістен, қайшылықтан басталғанын тілге тиек етеді? Бәріміз сондаймыз. Бәріміздің тығырыққа тірелген кездеріміз болады. Сондай сәттерде бәрімізде шылауышының өңірінен қалампыр аңқыған таныс иісі қол соза қалса ғой дейсің.
«Бір реткі өлім жазасы» әңгімесін оқырманға әсер ететіні сонша - ішкі дауысың "мүмкін, осы сылтаумен бір саты ілгерілеуіңе септігі тиіп қалар шаруа" дегізеді. Сол бір дауыс қандай мықтыларды жолдан тайдырып, өктемдігін өткізбеді. Кейде өмірімізді осындай дауыстар, бағыттар мен кодтар билеп кететіні болады. Сондайда, біз өзімізді біртума сезінген кездің өзінде өзімізді дұрыс ұстау үлгілеріне еліктейтінімізді ескерту үшін тоқталамыз. Кодтарға иек артып ішкі дауыстың үмітімізді ақтамағандарға, (мейлі қылмыскер болса да) "жақсы" деген ұғымның қолдан жасалған үлгісіне сыймайтындарға таңба басып, адам өмірі мен ақша арасындағы теңдік белгісін жоюдың жолын іздейміз. Мүмкін шынымен, "аяздан гөрі бөтен еркектің суық қолынан сескенгені шығар". Жаны таза пәк қыз бір жауыздың айуандығынан суық, тіріөлікке айналды ма? Анасына қызынан басқа бірдеңе жақын боп тұрды ма кім білсін...
«Екі мысық бір күшіктің жазықсыз өлімінде» шығарма кейіпкерінің "... алыс құрылықтың бейтаныс көсеміне тәу ете жаздадық" дегендей, біраз уақыт ашқұрсақ жүрген адам өзгеріп шыға келетіні сөз болады. Тауданның "костюм-шалбарын киіп мойнына қызыл моншақ іліп" өзі сеніп кіріп алған рөлі Денниздің буы ма, салқын сыраның буы ма қатізегдік күлкілі ойынға айналып шыға келеді. Балалықпен мысықты талға іліп кетіп ойнайтын сотқарлықты көріп өскендіктен, көбімізге күлкі шақырады, сонша тұрпайы еместей де көрінеді. Жалпы, адамзат өмірін биология мен экологияның кең ауқымды тұжырымдамасымен байланыстырады. Адам өмірі мен айнала қоршаған биологиялық тіршіліктің аражігі қай жерде өтеді? Біз өмірді мұндай шекарасыз және адамдарды тіршілік ортасымен я болмаса жануарларды адаммен байланыстырып, өмірді үздіксіз қайталау циклі арқылы материяны басқалармен салыстырғанда , артық та емес, айырма деңгейіндей көретін өзара тәуелді тұтас орта ретінде қабылдаймыз. Постгуманистік көзқарас тұрғысынан қарағанда, мысалы; "адамшылыққа жат", "табиғатқа жат" деп қарайтын дүниелеріміз - өзге тіршілік иелері үшін қалыпты құбылыс. Сол сияқты ғой. Ғалымбектің әңгімелерін, көбінесе, шындық пен күнә немесе одан арылу сияқты идеяларға айналдыруды көздейді. Әсіре боямасыз тап-таза қазақы тіркестері, мысалы "құлын кезінде қолы кеткен жылқыдай белі бүгіңкі" сөз оралымдары өзін дүние ағысына бойлатып, онымен бірге рақаттануды үйретеді. Бұл - дүниеге жаңа қақпаның ашылуы сияқты. Структуралистердің кез келген жерден тәртіпті көрінуге тырысу, немесе бұған дейін қалыптасқан жүйеге балама көшірме болу дегеннен аулақ.
«Жаумай түскен жасындар» шығармасы тәрбиелі тағылымға толы туынды. Ақыретке әйел адамның шашымен кеудесін жабады. Бұрын үлкендер айтатын ырым, тыйымдардың бәрі - тағылым тола философия екенін, жайдақ суреттің өзін келістіре жазады.
«Кек» әңгімесі – бұғының киесі. Қарт әкенің қабағын қабартып бетіне келмеген ерке де ақылды қыздың ажалы мен тосын жаңғырық есеңгіретіп тастаған тау тағысы кербұғының ажалының арасындағы байланыс өте күшті. "Қанды басың бері тарт!" деген сөз кербұғымен қатар жас ғашыққа қатар айтылған. Бұғы мен аңшының арасындағы еркін түсінісу көрінісі – қалың қар теңізінде, тұмса табиғатпен етене жақын жерде болады. Үйдегі шиеленіс қыстың сақылдаған сары аязымен салыстырылады және серт ету – бұл ызғарлы қапастан құтылатынының нышаны іспеттес. Әңгіменің құрылымы ерсілеу теңеулердің бояуын қоюлату арқылы осы бір селкеу сезімнің астарындағы түйткілдер шешілетін көрініске икемдеп әкеледі. Балалар үшін жабық тақырыпқа әкелетін эпизод – дала заңы. Бізге ұнасын, ұнамасын дала заңы таласқа түссе; ұлттық мүдде бірінші орынға шығатыны секілді, қатал әке үкімі де алға шықты. Дұшпанының алдына бас имеу үшін боз сақалын уақыт желі желпи тағы бір мүшел өз-өзін іштей мүжіп мойнымен көтерді. Әрбір көркем шығарма ондағы кейіпкерлер, идея мен іс-әрекеттер арқылы оқырман қауымның соған сәйкес дүниетанымы мен сезім әлемінің қалыптасуына тегеурінді ықпал етеді. Кейбірі өзіне табындыра тартып немесе үрей туғызып, енді кейбірі моральдық ұстанымдарымен бойұсындырады. Айналып келгенде, Ғ.Елубайдың туындылары қай-қайсысы болса да, өмірден алынған шынайы оқиғалар, қақтығыстарға әсерлендіріп, иландыруды көздейді. Сенесің. Сүйсінесің. Көз жасы, күлкі немесе үрей мен абыржу секілді толып жатқан сезімдер тасқыны өз иіріміне бірге ала кетеді.
«Ай жамылған әруақтар» жайлы; әдетте біз әңгіме оқығанда кейіпкерлері мен әрекеттерге көбірек назар аударып, оқиға желісі қаншалықты сәтті құрылғанына мән бере қоймаймыз. Хикаятта автор өмірде болған жайларды айна-қатесіз суреттейтіндей көрінуі мүмкін. Бірақ, өмірдің белгілі бір көрінісін таңдап алады. Мысалы, әңгімеден "Табан астында езілген тау сарымсағы....тырым-тырақай қашқан тау кесірткелері" жайлы оқып отырып, көктем мезгілі екенін бірден білесің. Ғалымбек үнемі тек маңызды әрі өзі сипаттамақшы әлемнің бейнесін құрастыруға көмектесетін оқиғаларды ғана іріктеп әңгімеге еңгізеді. Бас жағында шатқалда "меңсіз қара ешкінің ақ сөңке боп кеуіп қалған сүйекті кеміріп тұрғанын" және төмендегі сүт тұмаға сусап ағылған жыландар легін әдейі бейнелейді. Өйткені, олар бапының қыз ұзатуы емес, сол сол тұманың, сол мекеннің қожасы. Осынау болмашы, соншалық мән беруге тұрмайтындай көрінетін сәт кейін туындының құрылымында кейіпкердің ішкі ниетін айғақтаушы деталь қызметін атқарады. Қазақта кие, қасиет деген ұғым өте құдіретті күшке ие. Сайды кезіп сандалған әруақ болса да, біреудің жалғызына жанашырлық көрсететін, жаза басудан сақтандырғысы келетінін білдіретін деталь. Автор әпкенің әлемін шебер бейнелегені сонша – шынайыдай көрінді, бірден аңғара алмайсың. Түр, киімі, жүріс-тұрысы секілді ұсақ детальдарға назар аударар болсақ, "Аузына жалбыз сабағын тістеп алыпты. Үстінде кебіндей аппақ, кең мол боз мата" деуінен-ақ ойлануға болар еді. Жалпы біз, адамдар, қаншалықты ретсіз дүниені жүйеге салып, тұмса табиғат аясына өркениет өскіндерін отырғызған адамзат мәдениетінің қайшылықты даму өрісін арқау еткенімізбен, жыбырлаған құрт-құмырсқа немесе жорғалаған балық бауыр жылан алдында да соншалықты әлсізбіз.
«Алып әтештің әсем құйрығы немесе жаяу ұстаз» "Ордадан қуылған ақсүйектей" Қасым ұстаздың көнбістігі мен "білімсіз кедейдің ұрпағы басқарған білім басшысы" мықты шеңдестірулер. Қарама-қарсы мінездер қарапайым салыстыру арқылы тамаша ашылған. Алдында шәкірті барда ақ қар көк мұзға қарамай жаяу қатынап сабақ берген ұстаз заман өзгеріп мектеп жабылған тұста "аяқ асты еріген мың жылдық мұздықтай" тіршілігін тоқтатты. Бар бақытты бала оқытудан тапқан ұстаз басқаша болуы мүмкін емес те еді. Ал қой торы атқа тауықтың саңғырығын қосып беріп қастық қылған баланы жазғырмадым. Өкініш талай мәрте өзегін өртеген шығар... Әңгімеде айтылған жарқын елестер, қимастық сезім, бүгін де еліне оралған бауырлардың да көңілі – бәрі жаныңды тербейді. Әйтсе де, қарт ұстаздың шәкірттеріне: “сен дұрыс жасап жатсың балам! Ең кемі балаң қазақ мектебіне барады ғой. Жолың болсын!” деген әппақ тілегінің қабыл болғаны жаралы жанның көңіліне жұбаныш, дәтке қуат береді. Осы үміт – дүниенің бір шетінде жүріп жат жерден топырақ бұйырған азалы жанның азасына ақ дәрі болып, ақтық демі біткенде ақтық жолына салды. Осы үміт талайдың өзегінде бірге кеткені өкінішті-ақ... Ата жұртым деп арғы беттен жанын баға алмай келген жоқ, осы үміт жетелеп – балам қазақ мектебінен білім алсын, тамырым суалмасын деп келді. Біріңнің бірнеше атаң жат жердіің қойнын мекен етсе, бірің туған жерге келіп о жақта қалған бауырды бір-біріне көрсетпей сағындырып сарылтқан тағдыр неткен тас едің?! Қайран қара қазағым-ай, жүзің қашан қуаныш-шаттық, бақытқа шын кенеліп, кем өмірің кемелденіп, кетік тағдырың жетіліп, жүрегіңнің «тесігі» енді қашан бітелер екен деші...
«Асыранды» әңгімесі күрделі сезімнің барлығы еңсерілген дүниелерден ғана туатын тылсымға қатысты. Қарғыстың күшіне басымдық береміз бе, әлде психологиялық паралелдеуге ме.., оқып отырып жүрегің ауырады. Кейіпкер о баста шиеттей бала-шағасы бар әкенің бақсыз бір баласы еді. Әке мен бала арасындағы қатынас – жазушының жан жарасы болғанын байқауға болады. Өмір-ай, адам арасындағы өгейін жатырқамағаны топырақ қана болғаны ма.!? Қыстың суығы баланың оқу ақысына төлеу үшін бір тоқтыға жалданып мал соңында жүреді, жалғыз өзі күтімсіз үйдің көнетоз шәугімнің шайын сораптап отырып келер күзгі егістен түсер өнімді мөлшерлеп үміт етеді. Ешкімнен ақы дәметпей "кім жәрдемге шақырса, бесті асаудай желіп барып, тағдырына кеткен өшін еңбегінен алатын" еңбекқор азаматтың қадірсіздігі – асыранды болғандығынан ғой. Пендешілік-ай, асыранды атандырған қадірсіздігінен – қыз әкесінің жүкті аудара сала құран кітабын ақтарып қарғыстай жөнелгені. Сөз киесін білмегені ме, өзінде сондай бала жоқ па..? Сол білместік бір күні алдынан шығып жүрмесіне кім кепіл. Бұл – бозбаланың үй болғысы келген аздаған ақымақтығы ғана еді ғой. Жөн сілтеп отырған әке жоқтығы аздай, шын жанашыр жолдас та табылмады ма... Осындайда, талайларды тағдырын сынап ойнаған тағдыр тауқыметіндей туындылар оқығанда, өз арыңмен бетпе-бет қалған ақжарма сезімдердің ғана таразы-табағы тең тартады. Қапысыз ақтарыласың жіберген кемшіліктерің мен қателіктеріңе опынасың, басы артық біреуге жақсылық жасаған сәтің болса қуанасың. Егіліп жылайсың, өзініп өзіңді өзі қайрайсың, сосын қайтадан тіршіліктің диірменімен кете барасың. Ішкі шындық пен сыртқы өмір бір-бірінен бөлектеліп, пенде қанша тырысса да өзара байланыстыра алмай ит тірлік кешетіні-ай!..
«Қаңбақ» әңгімесінде автордың "Менің заманымның мұндай жоралғыға пысқырғаны бар ма?" деуі, жауабын таба алмаған сұрақ болған шығар. Жалпы, бұл қаламгердің туындысы үнемі мені әрі-сәрі күйге түсіреді. Алдында бір әңгімесінде кейіпкерінің аузына салған "Жетімнің табаны сірі болады" деген бір сөйлемі үшін біраз күн еңсемді көтере алмай жылап жүргенім бар. Суық хабарды естіп телефонды тыңдап меңірейіп отырып қалған әйелі мен ештеңеден хабары жоқ балаларының асыр салған күйін көруге шыдамай кері бұрылуы, аулада тұлымы желбіреп қуыршақтай сүйкімді егіздерді көруі арасында тылсым байланыс бардай көрінді. Тіршілік өмірдің кепілдігіне жүрудің орнына ажалдың тылсым хабаршысына айналып, мысалы (егіз бұзау туылса, бірін елге беруі, егіз бала дүниеге келсе екеуін екі түрлі киіндіріп екі түрлі жолға салуының астарында үлкен сақтық амандығын тілеу бар) "егіз" ұғымы бастапқы өз мағынасын өзгертеді. Егіздің айнадағы бейнелерге, көлеңкелерге, қорғаушы күшке, рух пен ажалдан қорқу жайлы ілімге қатысты көп ойландым. Әуелгіде егіз "Менді" ажалдан сақтайтын кепіл, яғни зерттеуші ғалымдар айтқанындай "ажалдың әлеуетін жоққа шығарушы", сонымен қатар "өлмес" жан тәннің бірінші "егізі" болған. Түстің тілінде ажалдан құтқару үшін тұлғаның екіге жарылуы ойлап табудың өз аналогі бар. Ауырсынуды сезінгенің мен су ішерлігі барды" есту де - бір бақыт дейді, қарыз-парызыңды өтеуге мүмкіндік беріп өмір сүргеніңе, жарық күнге не жетеді. Бір тәубеге түсіреді. Аз дейміз, көп дейміз... Қу пендешілік "Қойманың кілтін тастап кетпегенім-ай" дегізді. Қоғамның келбеті осы ғой. Ұят та болса, кейбір әйел қауымының "... қиығын тастаса қиып түсетін жанардың жасына лайықсыз ұшқыны" мен жоқ жердең қатаң талап қойғансыған "түкіргенің үшін айыппұл салатын" күлкілі әрі аянышты ел заңы секілді ұсақ детальдар керемет үйлесімді.
«Төбесі ашық қалған үйлер» туындысын оқығанда, жазушы Бақытгүлдің бір туындысындағы "Е жұмыртқа, жарылсаң блинщик боп кетерсің" дегені еске түседі. "Осы орманда мен болмасам, Әлдеқашан отын боп кетер ең" дейді. "Ақ қайыңды қыз құшақтап жылайды" Өктем Алтайдың әні секілді "... жағаға кеп құлайды, Бұлт құшақтап жылайды" деп сарымсақты ұртына толтыра шайнап отырып өлең жаза салған ақын елестеп еріксіз күлесің, ұяласың. Солай, Ғалымбек күлдіріп отырып, жылата салады. Бес сырғауыл үшін кісіге күнің түскені ештеңе емес, арақтың адамның абыройы түгіл, "ит ішпес" дегізетін ит екеш итті де аздырғаны - оқырманын мұндай жиіркенішті жанымен сезінуге мәжбүрлейді. Бір қарағанд,а қалыпты және дағдылы іс көрінеді. Бейнелеу тәсілі де таңғаларлық тосын емес. Бірақ, бұл ғалымдардың сөзімен айтқанда, туындыға жан бітіретін ерекше тәсіл. Ол оқырманды да мазасыз халге түсіріп, өмір жайлы әдеттегі қарапайым түсініктен басқа жаққа алып кетеді. Жазушы мұны тіл бояуын құлпыртып, түрлендіру арқылы жасаған. Демек, иттің тірлігі мен мастың тірлігін, балуан күресі кейіпкерлерін де әдеттегі қарабайыр мәнінде қабылдауымызға жол бермейді. Орманшы Тауданның о баста бастығын қонаққа шақыртуы, "орман перісімен" кездесуі жоспарында болды. Бастығы да жалпы жаман адам да, ақымақ та емес сияқты. Оның "Аспандағы құсты тордағы жем қолды қылады" дейтін сөзіне қарап, "ақындық шалығына" қарап сезімсіз деп те айта алмаймыз. Біз, жалпы, күнә қалай туатыны жайындағы ойды түйсініп қана қоймаймыз, беймаза мен буырқанған куатымен баурап алатын кейбір сезімнің шындығын танып, түсіністікпен қабылдаймыз. Автордың ұтып тұрғаны сол - хикаяны біресе баланың, біресе иттің көзімен баяндауында.
«Өкпесі кеткендер» - өмірдің өзі... Өзгенің қолымен шоқ көсеп, өзі тасада қалуды шебер меңгерген қоғамда өмір сүреміз. Біздің қоғамның бейнесі. Көз көреген, ой ұшқыр. Мықты.
«Құл базар» әңгімесінде бас-аяғы жұп-жұмыр ықшам, келісті туындының ширақ оқиғалары жанды, тірі құбылыстар мен шынайы картиналарды көз алдыңа дәл келтіреді. Жер қазып жүрсе де, намысы бар, жүрегі бар пенделер – анау айтқандай "көктегі" өзін құдай санаған міскіндерден сан мәрте артық боп шықты ма. Ақша үшін "ертең тағы келеміз" демеді. Жұмыс берушінің қылығы жүрегін айнытқан болар. Осындайлардан бәріміз мезі боп кеттік. Мәнді де емес, мәнсіз де емес өмірден, әйтееу, сүйегіңді сүйреп жүргенің. Әлеуметтік ортадағы кедергі-кеселді, адам басындағы кесапат-келеңсіздікті , керенау-кердеңдікті найзадай түйрейтіндей осынау ащы болса да ашық, адал жазасыз. Суреткер – өз заманының ұлы, өз кезеңінің үні деп осыдан айтады. Комедиялық, трагедиялық элементтер болғанымен, негізінен, Ғалымбектің шағын көлемді әңгімелері таза драма шарттарына орайлас келеді. Тақырып таңдау, кейіпкер сомдау, тартысты өрістету сипаттары тұрғысынан да бір туындысы екіншісін толықтырып жатқандай әсер қалдырады. Қай туындысында да кейіпкерлер санының ықшам болуы, түрлі мінездердің айқындылығы, оқиғалардың шашау шықпай, шымыр қозғалуы, тіл, бояудың қанықтығы бұған дәлел болмақ. "Жирен аты" қандай..! Сосын, тағы бір әңгімеде Ғалимат деген кейіпкері – сөз жоқ..! Автор сол шығармада Оралхан Бөкейдің қырдан домалап түскен тас екі отаны бар (қыр мен суда) тас туралы идеясын алыпты. Бір ғана деталь сондай ауыр салмақ арқалап тұр. Таңғалдым. Кезінде сол Оралханның шығармасын оқыдым, бірақ мән бермеген екем. Ғалымбекте символ дәрежесіне көтерілген бірнеше тұрақты образ бар. Бірі жылатады, бірі күлдіре отырып көркем ой айта білген мәңгілік тақырыптар.
«Оқу соққанның» махаббаты. Ізғұтты деген кейіпкер алдыңғы бір әңгімедегі Ғалиматпен байланысы бар сияқты. Ғалимат та әдебиетті жанынан артық көретін, өте қабілетті бала болатын. Таза талант бойындағы ерекше қасиетті көтере алмайтыны болады. Ауыр тиеді. Әсіресе, ішкі биологиялық сағаты сыртқы механикалық сағатынан жылдам болса, ортақ баланстың тепе-теңдігін сақтап игере алмауы мүмкін.
Бөлісу: