Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Ғалымбектің қолтаңбасы...

25.10.2023 1500

Ғалымбектің қолтаңбасы 14+

Ғалымбектің қолтаңбасы - adebiportal.kz

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ:

Раушан Құрманғалиева, Жетісу облысы Талдықорған қаласы «Құлжабай Қасымов атындағы № 28 ІТ мектеп-лицейі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер, педагогика ғылымдарының магистрі:

«Алты карта»  әңгімесі жайлы ойланғанда,  "Ат баспаймын деген жерін екі басады" дейтін тәмсіл еске түседі. Төкендердің осындай бір мінезі керек те шығар. Кейде күнбағыс секілді адамдардан осындай "қисықтар" жақсы ма деп қаласың. Тіпті, белсенді кейіпкерлер өз алдына, тасадағы кейіпкер Зағыпардың іс-әрекеті де авторлық көзқарас тұрғысынан кеңінен ашылған. Ол өз кейіпкеріне деген ілтипатын жасырмай "біздің қисықтар" немесе кемпірдің шалының зар күйге түскен міскін қалпын пайдаға шешкісі кеп "иә, сәт" деген үмітті жылт еткізеді. Өр көңіл, жуан кеуде, аусар Төкен мен Мүбәрәктердің серілік өмірінде – өзім ғана бетім ашық жеңімпаз болсам деп үйренген қылықтарында ауыл адамының аңқаулығы, сырын ішіне бүкпей жайып салар ашықтығында да сыр бардай көрінді. Ертеректе, біздің кішкене күнімізде шешем марқұм да кетік кесе түбін төңкеріп, ескі киімнің мақтасынан жұлып білте есіп, майшам жасап қоятын. Айнала отырып кітап оқып, сабағымызды қарайтынбыз. Мына бала оқымай қалды, кедергі болдық демейтін. Сол күнді сағынамын деп кім ойлаған..! Әңгімеде түрлі әлеуметтік топ көз алдыға келеді. Шаруа күйттеп, дастарқан басында үймелеп карта ойнағандың әрекетіне шынтақ сияр бір бұрышта сабақ орындап отырған баланың қылығы қарама-қарсы контрастыда алынған. Жалпы табиғат суреттері, адам портреттері, мінез қалыптарын ашуда Ғалымбек реалистік биікке көтеріледі. Трагедиялық, сатиралық кейіптеулерде көркемдік қуат бар. Жазушының суреткерлік кұші жұпыны ауыл тұрмысы, карта қызығы, қос құдағидың ауызбірлігі, "көтер алмайтын шоқпарды белге байлайтын" мақтансүйгіштікті бейнелеуден жақсы көрінеді.

«Жазықсыз қылмыскерлермен бейкүна қаһармандар» - керемет дүние. Сайқал саясаттың құрбандары, қолдан жасалған батырлары, осы маңайдағы көтерілген дақпырт, бәрі, бәрі бізге де таныс оқиғалар. Әр ел болсақ та бір жүйеде өмір сүрдік, сүріп келеміз.

«Бөкен жалақ» аңызы. Бұрынырақта бай-бағландар мен мал-жанның қадір-қасиетін білетіндер арқырап тұрған ең бір мінезді айғырдың қасасынан тамшылап тұрған  шауқатын іліп алып бозбала шақтағы жас жігіттерге жалатып жібереді екен. Жоғарыдағыдай, "күйіті келген бөкеннің аялдаған жерінде аталық зәузаты тамшылайды" - дәл сондай күйдегі деп суреттеледі. Бұл батырлықты, ез емей ер мінезді болуды қалағанынан, ұрпағымыз дұрыс болсын деген ойдан жазылған болар.

«Жүректің оң жақ айқұлағы» әңгімесінде ізгілік пен ізгі адамдар көркем суреттеледі. Ғалымбек ізгілікті сипаттау үшін қандай айырықша сөздер қолданды? Берқұтты ар-ұяттың адамы болған соң солай аталды ма, әлде осы есім арқылы адамзатқа ой салар деген мақсатпен атады ма, кім білсін. Қалай болғанда да, шағын сюжетпен-ақ тақырыпты оп-оңай аша салған. Кір қондырмай аялап өскен, аяқасты етпейтін құт-берекеден қадір-қасиет кетіп бара жатқанын ойлағанда ... Бір қателігі үшін өмірінің талай бөлігін арнаған емшілікті тастап кетті. Мүмкін, сол сәтте тамағына мұздаған картоп тұрып қалған жануардың тыныстай алмай жатқанын, жүрегінің оң жақ айқұлағы жабылып тұрғанын әлсіз соғуынан сезген болар. Хазар ақылды екен, шынымен сонша жасқа кеп "жердің үстімен кеп, жердің астымен қайту" өте ауыр. Табиғат бізге әлдеқайда қайырымды және жанашыр қасиет дарытып, өзгенің қайғысын бөлісуге бейімдеді. Маған "Таулы Алтайдың сары аязы сары масадай ызыңдап тұрған қыстың бір күні" ұнады. Осы көркем табиғат пен кейіпкердің табиғи сұлулығы ұнады. Хазардың әйелі де, өзі де, емші де - біріндегі дене сымбатының, біріндегі жан сұлулығының мәртебесі қандай? Автор көзсіз құптайтын қағида осы емес пе.!? Ал бүгін қандаймыз? Адамдарға ізгілік дәнін себеді деген Алланың елшісі санайтын кей иман мен ұстаз да, адам жанының арашасы саналатын дәрігер де, темірдей тәртіпке бағынуы тиіс әскерилер де , жоғарыдағылар да бәрі  –қателіктен сабақ алмақ түгіл, қолымен істегенін біле тұра мойындамайды да. Біз осы кейіпкерлердей тазалыққа, ар-ұят пен намысқа зәруміз. Осы мойындамау, жетілмеген ілім-ғылым құбыжықтарды көбейтеді. Ал табиғат кәміл, әрі үйлесімді сұлулық бастауы ғой.

«Арамтамақ шие ағаштары» әңгімесі - сырлы сөз, сонымен бірге  терең пәлсапа. "Ақбас кісі бұл екеуінің миына кіріп шықпайтын жылнамалардың шаңын бұрқыратты. Әли түшкіріп қалды". Осы сөздің өзін енжар, селқос оқу, қызықпай оқу мүмкін бе? Бұл –  Ғалымбектің әңгімелеріндегі мың көркемсөзінің бірі. Жанды қимыл, мағыналы символ қайда жатыр? Шеберлік сыры неде? Әлидің "шаңнан" түшкіріп қалуымен - адамның жан толқыны, ішкі қарсылығы секілді сан иірім тіл қатқан. Жалпы, автор құрғақ, сылдыр сөйлем құрамайды, ол тілсіз сезім тілімен сөйлейді. Әр туындыда жан тебірентер көркемдік күшпен жинақталған өмірдің синтездік шындығы - оқырман үшін әр кейіпкер ақыл мен сананың, арман мен ойдың таусылмас кені секілді. Құдайдан қорықпаймыз! Аузым бар екен деп, "Қашан ел боламыз?" дей салу да күпіршілік қой. Ақбас кісі демек, "Аз жұртпыз. Алланың нұры түскен елміз." деп ұрандата сөйлейтін, сөзі мен ісі қайшы - "депутат, еңбек сіңірген" кісі болды ғой. Елге еңбегі сіңгені сонша – тәрбиелеген баласы шашын қызыл сарыға, кірпігін қою кремге бояған боркемік, ез. Не деген тар адам..? Түйіндеп тұрған жас ағашты кесіп күнәсін арқалағысы келмеген сол питакта тұратын жас жігіт құрлы ойлауға қабілеті жетпейді, ақылы кем. Менің бақшамда су ішіп, топырағынан нәр ала тұра, жемісін көшедегі балалар жеді деп. Әй, қызыл ит-ай..! Шын мәнінде, "Өңкей түз тағысы" санаған қазағын "Әр қазақ менің жалғызым" деп оп-оңай айта салады, аузы-басы қисаймай тағы... Питакта тұр екенсің, демек, "мені танымасаңдар керек", яғни мені білуге лайық емессіңдер деген сөзі ғой...

«Пәниден күліп озғандар»Қажығұмардың төзіміндей қажырлықты, адамның қадірін білетін, қай сынағына да мойымай өмірден күліп өткен Тәукендей қарттың сыйластығын үлгі тұттым. Бұл –  Ғалымбектің  ниеттің түзулігі мен адалдықты ту еткен туындысы. 

«Қиырдағы апан» әңгімесіне келейік, "... апанға төгіліп тұрған айдың нұры бөрі жүрегіне сіңіп тұрады. Аңшыға сүт сәуле дарымайды". Біле-білгенге салмағы ауыр сөз! Бір сөйлемнің өзі-ақ біздің, Адамдардың қандай екеніміздің куәлігін көрсетеді. Адамның жанында,  аң да болса қасқырдың жүрегі мейірімді. Біреуге қылдай қиянаты жоқ суретші жігіт те, сасық шақайдың иісі мен үрейі сіңген ағалар да, қарттығын қадір тұтып үйде отырмай қарлыққан даусы мен қолы дірілдесе де сауда жасап тұратын қарттар да –  шынайы қоғам бейнесі мен заман жүгін арқалаған кейіпкерлер. Дана қазақ «тұяғы майырылмайтын тұлпар, қанаты қайырылмайтын сұңқар жоқ» дейтін. Тоқтардың мастықпен барылдап ән айтуының астарында сондай бейнетті тірліктің наласы болды ме екен. Өйткені, ессіз жігіт емес. Інінің бір ауыз "әкенің қалған шашын бізге қалдыр" деген сөзіне сап тыйылып, атып тұрып құшақтай алуы –  көрсеткен үлгім осы болды-ау деген өкінішін білдіретіндей. Әңгіменің үлкен түйіні - оқырманын елең еткізген үзік қана. 

«Құралай тышқанның боғы» әңгімесі он жасар баланы өз қолымен ажалға айдатқаны пайдакүнемдік. Ұзақ жыл тау кезген Көкше орманшы бола тұра тау - жомарт, бірақ мүлт кетсең кешірмейтін қатал тажал екенін білмеді ме. Үйіне қонған іздеушілердің сөзіне елітетін жас та емес. Ажал айдады ма? Сонда "Тастың майы" бір ғана жарғанттың саңғырығы емес, жүз түрлі шөптің жапырағының құнары, тау жыбырлақтарының да (ордалы жыланның уының да) қасиеті сіңген тұнба болды ғой. 

«Ең соңғы сыйлық» әңгімесінде теңеулер, суреттеулер ерекше. Мысалы, көз алдыңа "қайта қайыған бұғыдай ерінін алға шүршите созып" тұрған бала елестейді. Екі қатар электр сымдарына аяқ киім, жіпке байланған бөтелке салбырап тұратынын талай көрдім. Бірақ оны не мақсатпен ілініп тұрары ойыма келмепті. Қызық. Біз де қой бағып шыққанда талай шегіртке сойып, шөптен тамақ жасап ойнайтынбыз. Бірақ өткеннің жоралғысын азық қып бәдік айтуды білмедік. Қайран Қадыл, балалық! Жасындай жарқ еткен ғұмыр-ай..!

«Не істесе де өзі білген адам»  Рас, адам өлген соң ұмытылады, бізді де көзден кеткен соң ұмыт боламыз. Туған жері ме, басқа да, бұрынғылар "сәби туғанда бір жерден топырақ бұрқ ете қалады, сонда көмілер" дейтін. Осы, кейбір атақты танымал адамдардың "ескерусіз жаман жерге көміліпті, сүйегін бәлен жылдан кейін қазып алып туған жеріне арулап көмдік, басына құлпытас қойдық" деп жатады. Бұл дұрыс емес. Мұсылман халқы өлген адам артынан артық сөз айтпай, аруақты қадірлейтінін білетіндер, ел алдында бедел жинау сияқты басқа есебі болады деп ойлаймын. Сосын, маңдайға жазылғаны, тәлейі дейтін бар. Жаратқан иесі " арқалатқан міндетті" демекші, кім боларыңды әу баста белгілеп беретіні де бар. 

«Біз жылқыларды жүрегімізге жерледік» шығармасы.  Шахановтың "Қыранның тағдыры" шығармасында сауатсыз кемпір "байғұс құс мен кезікпесем, жағдайың тым мүшкіл екен. Тырнағың өсіп, тұмсығың майрылып кетіпті ғой" деп "жаны ашып" қолына түскен қыранның тұмсығын жонып, тырнағын алып тастайтын. Иесі, патша құсының халіне шыдамай, өлтіруге бұйрық беріпті. Жирен мінезді, текті жануар арбаға жегілетін ат боп байлауға түсті. "Арғымақты ді, көкті бу көтереді" деген... Шынымен, сол бәйгеде шауып өлсе, екеуіне де жеңіл болар еді. Әңгімедегі мысқыл мен шеңдестіруде көп мән береді. Мысалы, негізгі эпизодтардың бірінде бір-біріне қарама-қайшы мәндер тұтасып кетеді. Енді бұрынғы киелі нәрсеңіз кенеттен құнсызданып сала береді. "... көңілі жетер ағайындық - қажетің үшін мініске, жұмысқа деп атын сұрап алуыңмен өлшенетін еді". Кеңпейілдікті көресің, ат сұрап мінетін ағайының не ауылдасыңның татулығы, өзімсіңген сенімі қазақы қасиеттерге сүйсініп, өз ауылың есіңе түседі. Ал, жиреннің өзіне ғана тән кербездігін, өз иесінен бөлек өзгені мойындамайтын адалдығын түсінбеген өзгенің ойынша - қырсық; "күніңді түсірмесін, қырсыққа" дегізеді. Әп-сәтте ізгі деп тапқан жандардың сөзінен күнәнің иісі мүңкиді. Әңгімедегі әрекет пен кейіпкерлер оссындай шендестіру мен мысқылдар арқылы суреттеледі. Жиреннің мінез , өмір өткелдеріне мойымайтын өктемдігі мен Әкейдің ішкі сыры мен мұңы қабысып, оқырманына тазалықты, биіктікті аңсатады. Шығарманың фабуласы, идеялық мазмұны - бәрі тамаша. 

«Ақ жыландар» бұл әңгіме сүйекке өтті. Кемпірдің баласы болғасын ба? Не деген тазалық, табиғатпен табысып өмір сүру деген нағыз өмір екен ғой. Оқу жазуды, сызуды білмейтін құймақұлақ сол кие дарыған қаракемпірлердің тырнағына татымайтынымды шын мойындадым.

«Бүйі қаптаған жазда» - ауылдағы жалғыз дәрігер Дәлей ағаның емі сеп болды ма, әлде татар дәмі ме, қайта аман қалған... Өте улы жәндік, әйтпесе  дана халық "бір бүйінің тигені  –  жеті жыланның шыққанымен бірдей" деп бекер айтпаса керек. Темір үзеңгіге жағылған у етік сыртынан өтіп серейтіп тастайды.  Теңеулер, көркемдік құралдары қандай керемет! "... майды бейне бір шілдеде шаңырқап кеп суатқа түскен бұғылардай сүйсіне жұтқан" , "үркердей ауыл үрпердей болды" деп кет береді.

«Шала бауыздалған ақ ешкі» әңгімесін оқығанда   батып бара жатқан күннің қызыл шарбы бұлттарын қызыл қанға теңеп, жанарында жасыл сәуле ойнаған ақ ешкінің көзінен денем тітіркенді дегенде-ақ, "әй, бұйырмайсың-ау" деп сескеніп қалдым. Бұл көрініс - сол балаң кездің өзінде дүниетанымының кеңдігін, рухани және материалдық мәдениеттірді жете білуіне байланысты болар. Осы көрініс, ассоциация арқылы көркем сұлулық тудырды, өзінің де оқырманның да ой-шеңбер өрісін кеңейтті. Тамаша туынды! Жалпы көркем шығармада адамның өмірі, олардың өзара қарым-қатынасы, наным-сенімі, ой-сезімі, мінез-құлқы жинақтала суреттеледі ғой. Баланың тілегі дейтін әкелер образы, Қуанған әжедей бекзада болмыс, сабыр мен төзімдің символындай болған молда - көбіміздің сағынышымызды қозғайтын образдар.Қаламгердің өз көзқарасы, әңгімедегі оқиғалар, кейіпкерлер арқылы берген негізгі ой да –  осы сағынышты сөз ететіндей. Тазалыққа, тағдырдың қай сынағына да сағы сынбаған өр мінез, әке мейірі мен ананың қамқор қолына деген сағыныш сағым құрады. "Кірсіз аппақ кимешек шылауышы мен әжімсіз ақ мрамордай жүзінен күн сәулесі төгіліп тұратын. Жылдар жүзіне өрнек сала алмаған" Қуанған әже мен "Жыртқыш түз тағысындай тас орындықтың талайын тоздырған көкжал", "Тарымның күн қақтаған түрмесіне жиырма жылын берсе де қыры сынбаған қыршаңқы молла" да керемет кейіпкерлер!

Ғалымбек Елубайдың шығармалары көбіне көрініп тұрған дүние емес, неғұрлым табиғи қалыпта жұмыс істейтін бөлшектердің әдемі тұтастығын қалыптастыруға ден қояды. Өң бойына қазақы болмысы сіңіп келіскен «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы»  құдды бір - «көгілдір ақықтай шытынап кеткен" – жазбалар дерсің... 

Жадыра Шамұратова, жазушы:

Шығармашылық адамына Құдайдан берілген артықшылық – даланың қурайы мен қаңбағынан, майса самалы мен азынақ желінен, тұтас тұмса табиғатынан дарыған, кеңістік пен уақыттың көлбей жалғасқан аралығында жаралған сезімталдығы. Сезімтал адам күн астында талмаусырап шаршап жататын о бір жылғы кәрі даланың тасынан сыр ұғып, жаңбырынан әуен үзіп, топырағынан қуат алып, шағын ауылда болып жатқан үлкенді-кішілі оқиғаның бәрін жүрегінен өткізіп, басқалар әлдеқалай сыр ұқпақ түгілі іші пысып жарылып өле жаздайтын қоңыр тіршіліктің әр сәтінен ләззат алар еді. Әрбір нәрсенің әдемілігін, тереңін сезіне алғанда ғана таң алдындағы шықтай мөлдіреген дүние туады. 

Ғалымбектің ерекше сезімталдығынан бөлек тағы бір бақыты – біздің қиялымызда шағын арал секілді көрінетін ауылда туып, малмен бірге сөз баққан елдің ортасында ес жиып, әжесінің етегіне жармасып жүріп нешетүрлі әңгіме естігеннен құлағы қалқая түсіп, сол бірімен-бірі айтқыштығымен жарысатын әңгімешілердің бет-аузын бағып, астарына бала қиялымен бойлап, сүйекпен бітер сөз дарынын жастай танып, Алтайдың арғы-бергі тарихынан, ауыз әдебиетінен сіміріп өскендігі шығар. Уызына жарып, қазақы сөздің мәйегінен татқан болашақ суреткердің әңгімелеу сарынының бөлек болатыны да содан шығар. Ауылда тусақ та, Ғалымбектің дүниелерін оқыған кезде өзіміз туған ауылды онша білмейтініме, адамдарын жыға танымай кеткеніме, ел әңгімесіне құлақ қоймағаныма, тіпті кеңдік, кеңістік дегенді жатырқайтыныма көзім жете түседі.

Ана бір жылдары отандық арнада «Қыналы қар» деген түрік сериалы жүріп, туристер сол жақтағы «Қыналы қар» деп аталатын жерге қарай шұбырыпты дегенді естігеніміз бар (кино өнерінің құдіреті). Құдауанда, Ғалымбектің әңгімелеріндегі ауылға біздің де  барғымыз, көргіміз келер еді. Серіліктаудың етегіндегі ауыл біз үшін бөлек арал секілді, ол жақтың табиғаты ғана емес, адамдары да мүлдем басқа, дүниедегі ең өзгеше адамдар сол аралда шоғырланғандай  көрінеді. Ғалымбектің ауылының шалдары шетінен қара сөзден қаймақ қалқыған, болмайтын жерде шалқалап қалатын қыңырлығынан кесапаты емес, қайсыбірде кісілігі анық көрінетін образдар, кемпірлері болса әспеттеп сөйлемей-ақ, қарғап отырып та біз естімеген небір архаизм сөзді (біз үшін жаңа) түгендеп шығар еді. Сол шал-кемпірлердің тап солай сөйлегеніне күмән жоқ, ал бала Ғалымбектің ескінің  сөзін сол күйі төкпей-шашпай қалайша құлағына құйып ала қойғанына таңғаласың, егер бұл кейіпкерлер тап бүгінгі бізше сөйлесе дәл осылай әсер етпес еді. Бұның бәрі сол кезеңнің рухын беріп, Ғалымбек шығармаларын өзгелердікінен ерекшелейді. Бала кезімізде тіршілігі мен тұрмысы, аңызы мен нанымы біздікінен бөлек болғандықтан ба, әлдебір тылсым сиқырымен баурай түсетін «Сібір халықтарының ертегілерін» есіміз кете оқушы едік, әсіресе, боранның түнімен-күнімен ішін тартып ұли соққанына құлақ түріп, қалың жауған қар шатырды басып қалатын қыстың ұзақ кештерінде тайганың аң-құсының бастан кешкені бала қиялымызды аударып-төңкеріп, дүние сырын айтып шықылықтасатын суықторғайларын елестетіп жатып ұйқыға кететінбіз. Жазушы Ғалымбек Елубайдың әңгімелерін оқығалы да сондай күйдеміз, көптен іздеген бір тәтті дәмді тауып, соның ләззатынан арылғың келмейтін бір күй бар. Ол күй  – «Әлқисса... арғы бетте, әңгәлаған даусымен Серіліктау деген таудың етегіндегі шағын ауылдың түндігін қозғаған Ғалымбек деген ұлдың баяндары» деп басталар еді.... Сол кезде құлағыңа ызыңдаған желмен бірге қурайдың әлде сыбызғының үні, өзің естімесең де, санаңның бір тереңінде коды сақталған, бағзы бір замандардан қалған көнеден де көне сарын жақындар еді. Ол қандай сарын?

Автордың өзі таныған дүниенің ішкі қабатын сыртқы терісімен ерекше сезініп, бар сезінгенін іште көп қайнатып барып артық-кемсіз  беруде ішкі еркіндікке жеткенін байқайсың. Оқырман сол еркіндіктің ішіне ене отырып, басқа кезеңнің рухын түйсініп, адамдар тағдырын бақылап, оқырман ретінде эстетикалық әдемілікті көре алады. Ескінің әңгімесіне қанып өсу бір бөлек, дифференция тағы бар (яғни таныған дүниесінің қадір-қасиетіне барынша үңілу), одан кейін интеграциялау (санадағы, қиялдағы үзіктерді жалғау, толықтыру) және оны синтездеу (байланыстыра отырып қорыту) деген болады, бұл тұрғыда автор өзі естіген, көргеннен бері мазасын алып, көңілінде қонақтап қалған үзіктерді жалғай отырып, уақыттың түйіндерін қаламмен тарқата түсейін дегенді ғана ойламайды, оны мазалайтын нәрселер  – сол өткен дәуірдің шындығы не еді, адамзат неге өзі ойлап тапқан салт-жоралар, ережелердің алдында жеңіліп, өз қаталдығына аяусыз шырмалуға әуес, адам баласы неге өз жанына өзі тыныштық бермеуге бейілді, «ит мініп, ирек қамшылап» жүріп-ақ аңдамай өркениеттен бір шыққан сияқты көрінетін сол адамзаттың бұдан арғы даму қалыбы қалай дегенге де жол-жөнекей жауап іздеп отырады. Оның бәрін әңгімені оқи отырып жол арасынан немесе алыстан талып естілер сарын ішінен ұғып отырасыз. 

«Ең соңғы сыйлықтағы» Гүлшат ұзатылған күні атқорада асылып қалған Қадыл, «Шұғынық шөптің аты еместегі» шешесінің қылығы үшін бала жүрегіне түйіншек байлана жүріп, таудың тасынан ақ күмбез соғып әкесіне құрметін білдірген Серік, сүйе алғаны үшін ғана жаза кешіп,  маңдайына сор жазылған Айтаңсық, шалық тиіп зират кезіп кеткен Ақбала... кісікиіктер де, оқу соққандар да осында. Ырғағы мен ұйқасы болмағаны үшін ғана бұларды поэзия емес десең де,  әрқайсысы лирика, әрбіреуінен дыбыс пен мағынаның симбиозы мен жарқыраған ойлар қатар көрініп, автордың сыртқы болмысты үш қабат терісіз яғни жалаңаш күйде қабылдайтын дүниетанымы байқалады. «Не істесе де өзі білетін адамдағы» – «өмірді ерініп жүріп сүріп, іші пысып өлген адам деп жазып қой» деп өсиет қалдырған біртүрлі адам ше? Ол айтқан: «Егер адам өлгенде аты-жөнің жазылатын құлпытас туған жеріңдегі өзің кіш еткен жалпақ тастың бірі болмаса, онда сен нағыз бақытсызсың» деген сөзді философтар да айтып кеткен деп таласпай-ақ қойыңыз. Ал «Ай жамылған әруақтардағы» Шұғынықтың жалғыз ұлының оянбау қалуы, «Сүйек күлі», «Көл бетіндегі зираттағы» оқиға, «Мықтың үйі» даланың өз мистикасы емес пе? 

 «Су жұтқан іздер» әңгімесі «Бұл әңгімелер сол бір жатаған балшық тамдар секілді ескіріп кетті» деп басталады емес пе, ал ендеше автор неге ескі әңгімені қозғап отыр? 

 «Екі баласы бар әйел алайын деп жатқанын естіген ағасы сонда шелектегі судан аяғын ақырын суырып алып Ізтілеуге ежірейе қарап:

- Із қалды ма? - деп сұрапты. 

- Жоқ!

- Онда есіңде болсын! Бұл да сондай шаруа. Кегіңді жазықсыз жаттан алыпсың ғой. Айда! Өз қатыныңның үйіне бар»!

Автор осылай бір ауыз сөзбен түйе салады. Су қозғалыстағы стихия, жолындағысының бәрін жуып-шайып кетеді, кейде өткен істердің су аяғы құрдымға кетіп не уақыттың шаңында қалып, ізі қалмайтыны да рас. Айта кетелік, бұл жерде метафора деген тек тілдік құрал емес, көркем ойлау кезінде қаншама әрекет беріліп, қаншама мінез ашылды, ал оның ар жағында жазылған құпиясы оның ассоциативтік бейнелік архитектоникасы. Мәселе –  «жиырма жыл бұрын бұғалыққа басы сыймай бұлқынып кетіп, жиырма жыл кейін бодан болған жұртына» Такламакан шөліндегі түрмеден оралған Ізтілеудің бұл ісін педофилия деп үкім шығаруға да, өзі жоқта даладан ұл тапқан әйелінен өш алу үшін қорғансыз  жас қызды құрбандыққа шалды деген айыптауға да тіреліп тұрған жоқ. Оның бәрі өткен оқиға. Мәселе – шеңбер болып шыр-көбелек айналып жатқан дүбір дүниеге ынтазар адамның мейманасы барда, өзімшілдігі барда мына жердің бетінде кек алу да, әлімжеттік те жасала беретінінде және оның бәрінің шешіміне әділеттің нүктесі қойыла бермейтіндігінде.

Әңгімелерінің тіліне келсек – сегіз қыры сегіз түрлі қалыппен түзіле отырып бір ортақ үйлесімін таба алған маржантасты моншақ секілді өзгеше өріліп, Ғалымбектің жазушылық қуатын әйгілеп тұр. Стиль деп жүрміз ғой, оның бір әңгімесімен тұтас алтын пішін құйғандай  ерекшелігін қырағы көзбен танып, оны талдауға жаңа көзқараспен келу керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар