Аштығы еңсерілмеген дала (немесе Нанкин қырғыны туралы бірер сөз)

Бөлісу:

28.02.2024 1869

1937 жылдың желтоқсан айында жапонның квантун армиясы мақсатты түрде Қытай Республикасының (қазіргі Тайвань аралындағы үкімет) астанасы Нанкин қаласына басып кіреді. Оған дейін де Қытайдың қиыр шығыс үш өлкесін басып алып, онда Манчжур үкіметін құрады. Екінші дүниежүзілік соғыстың пердесін әуелі немістерден бұрын жапондар Қытайдың территориясы мен Шығыс Оңтүстік Азия аралды мемлекеттерін басып алумен басталады.

Не керек бұл басып кіру қытайлар үшін көз көріп, құлақ естімеген аса жауыздықпен жүргізілген қырғын болып тарихта қалады. Қытайлықтардың рухын сындырып, үрейін алу үшін жапондар онда аяусыз қырғын жүргізді. Қытайлардың өз дерегі бойынша 300 мың  адам айналасы алты аптада, жапон әскерінің мылтығы мен қылышына туралып жер жастанған. Бұл қаланың тек адамы ғана қырылмай, бүкіл қаланың үштен екісі жермен-жексен етіліп, қираңдыға айналдырылады. Бұл жердегі зорланған әйел мен тірідей нысанаға айналған болмаса тірідей топтық түрде бауыздалған, қарны жарып тастап қызығын көріп өлтірілген адамдарда шек болмады. Бұл қырғынның ішінде болған нацистік неміс миссионерінің өзі жыртқыш адамға айналған жапондық сарбаздардың қаныпезерлігі мен қанқұйлылығынан төбе шашы тік тұрып, шошына отырып естелік жазады. Жапон армиясы Нанкинде шынымен адамзатқа қарсы әскери қылмысқа барады. Кісі ақылына сыймайтын зобалаң мен өлтіру әдіс-тәсілдерін қолданып қытайлықтарды қырып салады. 

Бұл Нанкин қырғыны туралы Қытай мектептерінде қандай деңгейде оқытылатын біздің елдің оқушылары білсе, Нанкин үшін жапонды жек көріп кетуі мүмкін. Себебі, үгіт-насихаты сұмдық өткір өткізіледі. Тіпті, дәл осы тақырыпты аза тұтып тұрып айтылды десек артық айтқан болмаймыз. Ал, Қытайдың қазіргі қызыл өкіметі, бұл қырғынның өздері жек көретін Чан Кайши үкіметінің тұсында болған, тіпті сол үкіметтің астанасы болған Нанкинде жүргізілсе де, Қытайдың қанды тарихы ретінде ашық, бүкпей әлемге геноцид ретінде мойындатып, қытай ұлтының ұлттық иммунитетін шабақтап отыратын құралға айналдырған.

1949 жылы Қытай қызыл үкіметі алғаш құрылғанда халық саны шамамен 540 миллиондай болыпты. Ал. 1937 жылдары мөлшері 400-500 миллион айналасында болған деп есептесек, 300 мың адамның ажал құшуы, 2 миллион 100 мың адамын аштықпен қырып алған 5-6 миллиондық қазақтың қасіретінен несімен артық? Несімен құнды? Олар оны қалай зау биікке  көтеріп, мұсылман-қазақтан артық аза тұтып, дұға бағыштататындай не қылған құрмет ол. 

Қытай бұл Нанкин қырғынын әр жылы кәдімгідей аза тұта отырып атап өтеді. Нанкин қаласында «Апат қабырғасы», «300 000 құрбандары» тақтасы, «Ежелгі қаладағы апат» мүсіні деген секілді 7,4 гектарлық аумақты қамтып жатқан мемориалдық құрылыс пен ескерткіштер ашып қойған. Ұлттың өткеніне баға беру бар да, сол баға арқылы ұлттың жарасын емдеу деген бар. Өлім санының аз-көптігі, ауыр-жеңілдігінде емес, мәселе, 400 миллион халықтың 300 мың адамды жоғалтуы мен, 6 миллион халықтың 2 миллионын жоғалту арасындағы кеміу мен азаю парқын салыстыруға келе ме? Қазіргі миллиард қытай мен екі он миллионға жете қабыл қазақтың жүрегіндегі бұл жоғалтуларға деген құрмет пен ізетті тағы да салыстыра алмайсыз. Көп халық екенбіз деп жоғалтқан 300 мыңды аз деп отырған олар жоқ. Аз халық едік деп, 2 миллионды жоғалтып, қырылып қалдық деп ұлттық деңгейде аза тұтып отырған тағы біз жоқ.

Осыдан бір апта алдын Tauelxsiz арт-жобасы ұйымдастыруымен Америкалық тарихшы Сара Камеронның«Аштық жайлаған дала» атты еңбегін тақырып еткен шағын кеш өтті. Кеште тарихшы Сұлтан-Хан Аққұлұлы мен психолог Нұргүл Молдабайқызы спикер ретінде қатысып қазақ қасіретін түсініп жете бермеген аштық туралы ащы түсінігімізді бетімізге басты. 

Бұл жерде тарихшы не туралы айтқанын көзқарақты оқырманға белгілі болса керек. Сан мен даталардың жиынтығын жаттап да болдық. Аштық болғанын білеміз, сол аштықтан қаншама ата-бабамыздың қырылып кеткенін біреу сезіп айтып, біреу сезінбей айтып жүргенін және білеміз. Тарихшы айтқанмен билік оған құлақ аспай отырса, оны әлі күн геноцид, геноцид емес деп айтуға дәрмені жетпей отырса, былайғы қазақ оны қалай алып шықпақ, аштықтың қасіретін қалай ашпақпыз? Аштық туралы айта алмаудың өзі АШТЫҚ емес пе? Бұл туралы арнайы маманның пікірін сұраған едік.

Нұргүл Молдабайқызы, психолог: «Аштық туралы айтпастан бұрын, аштық туралы айтуға менің құқығым жоқ, мен маман емеспін. Әңгімені бастамас бұрын «Аштық жайлаған дала» деген мына сөз жазулы тұр. Бұл сөз менің де, Сұлтан-Ханның да сөзі емес, бұл сөз Мэрилендте тұратын Американдық ғалым Сара Камеронның сөзі. Мен бұл кешке келгім келген жоқ, себебі не, себебі, біз қазір аштық жайлаған далада тұрып жатқан жоқпыз, біз қазір аштық сүйегіне өтіп кеткен халықтың ұрпағымыз және аштығы ескерілмеген халықтың ұрпағымыз. Аштық жайлаған дала туралы сөйлей алатын бұл жерде Сұлтан-Хан ғана, ал менің сөйлейтін тақырыбым аштығы еңсерілмеген даладағы жағдай. Міне осы тақырыпта бірдеме айтуға менің құқығым әлі де болса да жоқ, бұл тақырыпта бір демеуге менің міндетім және борышым бар. Аштық туралы айтуға мына жерде отырған ешкімнің құқығы жоқ, бұл еңсерілмеген аштық туралы айтуда біздің тек қана борышымыз бен міндетіміз ғана бар. Осы тақырыпқа байланысты Сара Камеронның еңбегін толығымен оқып шықтым. Осы еңбекте 1989 жылға дейінгі жағдайды ескерсек қазақты – мәңгүрт қазақ, асфальт қазақ, шала қазақ деп осы үш сөзбен анықтауға болады дейді Сара ханым. Неге мен аштық туралы айтуға біздің құқығымыз жоқ, аштық туралы айтуда неге біздің міндетіміз бар, неге біздің борышымыз бар. Себебі, осындай еңбектерде 30 жылғы қазақ емес, осында отырғандар мәңгүрт қазақ , асфальт қазақ, шала қазақтың ұрпағымыз. Бұндай еңбектердің айтуынша біз өзіміздің тегімізді емес, өзіміздің мәдениетімізді емес, біз өзімізді жоғалтқан халықпыз. Бұл тақырыпты қозғау үшін тек ғана ғалымдар емес, жалпы қазақ айналысуға міндетті! Бұл жерде ешкімнің құқығы жоқ, тек қана міндеті бар. Ал, енді осы аштық жайлаған дала емес, аштығы айтылмаған дала туралы психолог ретінде айтар болсам, менің арғы, ұлы атам аты Қоңырбай, ол кісінің қайда жерленгенін білмейміз, бірақ айдалып кеткен адам. Ал, оны ұлы, менің атам Ақмолда Ауғанстанға қашып 1934 жыл келіп, өмір бойы Кентаудың шахтасында жұмыс жасады. Жер бетіне шыққан жоқ. Өйткені оның алдында жалғыз ғана міндеті Қоңырбайдың ұрпағын қалдыру болды. Оның ұлы бар бірақ біз өмір бойы өз фамилиямызды алған жоқпыз. Біз өз фамилиямызбен өмір сүрген жоқпыз. Менің нағашы әжем жиырмаға жуық құрсақ көтерген содан қалған жалғыз біз. Мен мұнымен не айтқым келді? Бұл менің отбасыдағы жеке мәселе емес, бұл Сұлтан-Ханның отбасында бар, бұл Хадишаның отбасында бар, бұл Русланның отбасында бар осы жерде отырған әрқайсымыз да бар. Сондықтан осындай мәселеге байланысты ғалымдар айтады, мынау тақырыпқа қазақтар неге жақындай алмауда, бұның психологиялық түсінігі бар. Оны біз Cross cultural psychology деген үлкен ғылым бар, яғни мәдени психология деп аударсақ болады. Бұл салаға сәйкес біздің бойымыздағы біздің атамыз, біздің әкеміз көрген сол зорлық-зомбылықтар, сұмдықтар бізге қан арқылы берілмейді, бізге тәрбие арқылы беріледі. Мына жерде кім естімей өсті: «Нан қоқымын шашпа!», «Тамағыңды тауысып же!» Бәріміз тамағымыз ұнай ма, ұнамай ма таусып жеу – бұл психиатерияда РПП (Тамақтану бұзылыстары) деген ауру. Көрдіңіз бе, бұл аштықты тарихшылар айтатын санымыз осынша миллион болатын еді деу бізге тарихи деректер сияқты естілуі мүмкін. Бірақ, бұл қазіргі таңда актуалды мәселелер, біз қазақты тарихшылардың деңгейінде жоғалттық. Тарихшының жасайтыны сол. Ал, менің деңгейімде қазақ қазір бедеулік ауруына ұшыраған. Бізде өте көп отбасылар бала сүю мүмкіндігі болмау да. Бұл психологиялық тұрғыда бұл да салдарлардың бірі болып саналады. Сұлтан-Хан мырзаның сөзіне қарай біздің халықтың көбеймеуіне байланысты психологиялық себептер бір өз үлесін қосуда. Одан бөлек мынау аштық жайлаған дала болсын, жарайды, аштығы еңсерілмеген далада аштықтың қандай түрі бар осыған тоқталсақ. 1921 жылғы, 1931-33 жылдардағы, одан бөлек репрессияларды алайық, түрлі-түрлі оқиғаларды көрдік. Жалпы, бір сөзбен айтқанда қазақтың аштығын үш түрге қарастыруға болады. Кеңестік кезеңнен бері қарай келе жатқан ең бірінші біздің физикалық аштығымыз. Маған келіп жатқан көптеген клиенттер өзінің не жеп, не қойғанын білмейді. Тамақ ішуге байланысты белгілі бір салдарлар бар бізде. Маған бір қыз келді РПП өзінің ауруы бар. Әжесімен бірге өскен ғой. Кеңестік кезеңде декретте 8 аптадан кейін бәрі жұмыс істеу керек. Әжесі кішкентайынан тамақ бергеннен кейін, тұрғызады екен де қарнын саусағымен тарсылдатып тексереді екен. Егер қарны тыңқиып тұрса тамақ беруді тоқтатады, ал, егер қарны тыңқиып тұрмаса ары қарай тамақты тыға береді. Бұл әженің сол аштықтан көргені, жаман ойы жоқ, бірақ бала қазір ауру.

Екінші аштықтың түрі қарым-қатынасқа аштық. Тарихшылар, Сұлтан-Хан мырза 1940 жылға дейінгі зобалаң туралы айтты. Бұл зобалаңы бар, соғысы бар, басқасы бар біткеннен кейін, бізде не басталды. 1952-1965 жылдар арасындағы Хрущевтың оқу ісіне байланысты реформаларға сүйенсек, бізде интернаттар пайда болды. Бізде өте көптеп балабақшалар пайда болды. Өткен жазда мемлекеттік архивте жұмыс істеген кезде балабақшаны 3-ке бөлген түрін кездестірдім. 1. Аз мерзімдегі 8 сағат. 2. Орта мерзімдегі 15 сағат. 3. Ұзақ мерзімдегі 5 тәулік. Осындай балаларды қамау орталықтары пайда болды. Психологиялық деңгейде қарайтын болсақ, өзіміздің қазағымыздың мәдениетіне қарайтын болсақ, бала қай уақытқа дейін анасының етегіне оралып өскен, кемі үш жасқа дейін. Біз бір, бір жарым жаста-ақ бала мен ананың психологиялық кіндігін тұсауын кесу арқылы кесеміз. Одан бөлек интернатқа баланы бірінші сыныптан бастап тоғытамыз. Бала үйін сағынады. Яғни, қарым-қатынасқа аш ұрпақ. Маған жасы алпысқа келген үлкен азамат келді. Сол кісі айтады, өмірінде бес баласының маңдайынан иіскемеген. Ойына кіріп шықпайды баланы жақсы көру деген. 

Үшінші аштық – қазақ халқының өзіне аштығы дер едім. Мәселен, біраз жыл бұрын Кемеровода кинотеатрда балалар өртеніп кетті. Сол жерде мен психологтармен бірге жұмыс істестім, қарастым, кездестім. Сонда бір жарым жыл бойы қайтыс болған балалардың аналары мен әкелерімен бір неше мемлекеттің психологтары жұмыс істеді. Сонда байқағаным олардың жасап отырғаны ана ата-ананы жоқтатты, олар аза тұтты, олар бір жылға дейін қаралы күйді кешті. Сол кезде біздің мәдениетімізде бір дүниелер бар екенін мен сездім. Міне сол уақыттан бастап Монғолиядан келген журналистпен бірге салт-дәстүрлерге байланысты 500 жуық салт-дәстүрді жинақтап, солардың ішінен психологияға қатысты 100-ге жуын саралап алдым. Сіздер сенсеңіздер сеніңіздер, сенбесеңіздер сенбеңіздер, біздің әрбір салт-дәстүріміздің астарында өте үлкен психологиялық мән бар. Әрбір салт-дәстүрді алатын болсаң оның өте үлкен психотерапиялық әлеуеттері бар. Адамды жаза алтын әлеуеттері бар. Бірақ осы күнге дейін біздің бірде-бір салт-дәстүріміз психологиялық, медициналық, психотерапиялық әлеуетіне байланысты ғылыми зерттеулер болмаған. Мысалға, асық ойнауды алатын болсақ, ол тек қана психологиялық емес, медициналық ойын. Қазір Монтессори балабақшасы деген бар. Онда Ірі және майда (моторика) қозғалыс дағдыларын дамыту керек деген бір ғана идеясы бар. Асық ойнаған кезде балада ірі қозғалыс дағдылары дамиды. Біздің әрбір ойын, әрбір салт кемі бір неше диссертацияның өзегі болып саналады. Бірақ біз үшін салт-дәстүрді жақсы көретін адам аз. Бізде кинода да салт-дәстүр сұмдық, айтсақ та салт-дәстүр сұмдық, кітапта да салт-дәстүр сұмдық дейміз де біз салт-дәстүрді жек көреміз. Ал, оның ғылыми атауы бар оны Internal appropriation дейді, бізше ішкі басу дейді.

Бұл недеген сөз - халық өзін-өзі өлтіреді, өзін жек көрген жағдайда. Біздің бойымызда біздің мәдениетімізді, біздің табиғатымызды жек көрушілік бар. Міне, осы ауру кеңестік кезеңнен басталып тұр, өкінішке қарай! 

Яғни, қорыта айтар болсақ, тарихшылар айтатын цифрлар-сандар тек жай ғанацифрлар-сандар емес, бұлардың артында мен және сіз жатырсыз. Одан бөлек, мысал үшін, менің анам интернатта өскен бірінші сыныптан бастап, сіздің анаңыз да интернатта өскен. Басқа әрқайсымыз есімізге алатын болсақ – бізде махаббатқа деген аштық бар, қарым-қатынасқа деген аштық бар. Нанға деген тоймаушылық бар, тойға деген тоймаушылық бар, киімге деген тоймаушылық бар – бұның барлығы қазіргі кезде салдарлары. Міне бұл салдарлармен жұмыс істеудің алғашқы қадамы жасалып, жаңа зерттеулер қажет. Бұл тек уақыт пен датаның тізімі емес, оны емдеудің жолын табу. Өткен жазда мен «Кеңес балаларының бітпеген жұты» деген кітап жазып бастадым, 3 ай бойы мемлекеттік архивте түнедім. Қанша біз білмейтін сұмдықтармен таныстым. Бірақ, мен осы жерде кітапты жазуды тоқтаттым, себебі, ол жерде жазылған дүние және оның психологиялық салдарын менде көтере алмаймын, сізде көтере алмайсыз, Мирас та, Сұлтан-Хан мырза да көтере алмайды. Оның орнына не істеді, уды у қайтарады дейді, маған сенім керек болды. Яғни, бізді өлтірді, өлтірді, өлтірді, өлтірді деген бұл жәбірленушінің әрекеті, жәбірленушінің мінез-құлқы. Біз кеңес үкіметі бізді өлтірді, өлтірді, өлтірді дей берсек біз ол шындықты тайға таңба басқандай етеміз. Бекітеміз. Онда не істемек керек, содан кейін жарты жыл ішінде «Перзент концепциясы» деп басқаша жазып шықтым. Яғни, қазақта не болды, бізде не бар, біздің ойымыз да не бар. Жеті атаға байланысты. Еуропада қазір төрт атаға дейін үйленсе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұған еуропа 2000 жылдары ғана жетті. Жоғарыдағы, өлтірді, өлтірді, өлтірді деген бір бөлек, ал, нені өлтірді, нені өлтіре алмады, менің бойымда бұнда не бар, мен кіммін? Баланың еңсесін, бойын түзейтін бізге концепция  керек. Міне осы концепцияны «Балаға қарудың негіздері» деп жазып шықтым. Және осы жұмысты ары қарай жалғастыру менің ойымша біздің құқығымыз емес, менің және сіздердің міндеттеріңіз.

Сара Камерон «Аштық жайлаған дала» еңбегінің алғашқы беттерінде не дейді, білесіздер ме? Сара ханым айтады қазақтың аштығын зерттеген қазақ тарихшыларының еңбегіне түкіргендерің болсын! Неліктен, себебі олар бұл аштықтың атауын Голощёкин қырғыны деп танып отыр, олар шетінен антисемиттер деп отыр. Бұл жерде сол заманда болған оқиғаны Голощёкин   жасаған дүние, Кеңес үкіметі жасаған дүние деп айтатын қазақ тарихшыларының бәрін жоққа шығарады.

Аштық еңсерілмеген дала қазір бар. Біз оның қайдан басталғанын тарихи факті ретінде мойындағанда, бізге не жасалғандығын мойындағанда біз оған қатысты бір нәрсе жасай алмыз, яғни, дұрыс диагноз қойылған тұста, ол диагнозға қатысты бір нәрсе жасай аламыз. Сол сияқты қазіргі кезде тыныш отыр! Үніңді шығарма! ұят болады! Осы жерде отырған адамның 90% бұны қазақтың айдантикасының бір бөлігі ретінде таниды. Бірақ ол олай емес, ҚЫРДЫҢ БАЛАСЫН тарс еткізіп маңдайынан атқан кезде, қырдың баласының ұрпағы үніңді шығарма, тыныш отыр дейді баласына. Өйткені ҚЫРДЫҢ БАЛАСЫН атып жіберді. Ал шындығында тамаққа аш өскен бала, болмаса жоқшылықта өскен бала, қарым-қатынастың жоқшылығында өскен бала – осының барлығын жалғастырады. Бірақ, қазіргі таңда бұның барлығы қазақ айдантикасының бөлігі ретінде қарастырылуда. Сондықтан менің ойымша психологиялық сұрақ ретінде бұл уақиғаның болғандығы және бұл уақиғаның тарихи деңгейде халықтың қырылды, ғана емес, бұл уақиғаның қандай салдарлары бар, және оған дейін мен кім болдым тақырыптарды зерттеу, ақты ақ, қараны қара деп айту арқылы – ең бірінші МЕН өзіме деген жеккөрініштен арылам, яғни, бұл кәдімгі өзіне деген жеккөрініш – суицид. Басыбайлықтан арылам. 

Екінші, оны қалай еңсеруге байланысты, рас біз аштығы еңсерілмеген далада отырсақ та біз кеңестік кезеңдегі қорқынышпен ары қарай өмірі сүріп келе жатырмыз. Біз кімбіз деген сұраққа жауап таба алсақ, яғни, түрлі-түрлі категориялық аппарат ретінде ғылымда болмаса феномен ретінде, түрлі-түрлі диссертациялар жазу арқылы біз өзіміздің кім  екенімізді таныған кезде бізді өлтіретін ешкім қалмайды. Иммунитеті бар адамды ковид жалмаған жоқ. Аштыққа дейін мен кім болдым деп өзін-өзі тану арқылы бұл салдарды еңсеруіміз мүмкін! Рахмет!

Аштықтың таңбасы

Белгілі елді мекендерге кіріп келе жатқанда сол елді мекенді айғақтайтын алып қақпа дейміз бе, маңдайша дейміз бе, сонда бейнеленген бидай, күріш, жүгерілердің, аялдама және басқа да әлеуметтік маңызы бар жерлерде бедерленіп, кескінделіп қалған кеңестік қаншама атрибуттарың барлығы сол заман адамдарының бейсаналы салған аштыққа деген, нанға деген табынған символикалық ескерткіші. «Нанды жатса баспаңдар дейміз», «жеті шелпек», нанды шетелден келген қонақтың алдынан алып шығу үрдісінің бәрі аштық көрген, нанға зар болып өскен халықтың тірлігі. Дүниенің біраз елін көрген автор ретінде әлгі елді мекен атауларының қасында жармасып тұратын масақтың тас мүсін ескерткішін еш түсінбей һәм көзге сыймай  жүретін еді. Кеңестік елдерден басқа ешбір елде жоқ бұл дәстүр, кеңес елінің қаншалықтың аштығы сүйегіне өтіп кеткен ел мен жұрт болғанның айғағы екені жоғарыдағы автормен кездескенде санамызға сап ете қалды. Таңба, символика адамды алдамайды. Ол таңбаларды адамдар не үшін сонша әспеттеп табынатын (құдайлық) деңгейге дейін көтеріп кеткенін өздері білмесе керек. Ленин, Сталин деген күн құдайлар құласа да, әлі күн қоршаулардың сырты мен ескі аялдама, елді мекен кіре берістеріндегі қарын құдайлары әлі күн асқақ тұр. Бұл аштықтан айықпаған, ескі күннен қалған жарақаты әлі жазылмаған нанға табынған жұрттың хәл қарекеті екен. Бидай ексең, баптасаң ниетіңе қарай өсетін, өнім беретін, басында дәні бар көп шөптің бірі. Атақты «Арпа бидай ас екен», «Құранды басып нанды алу» сынды жүз жылдың арғы-бергі жағындағы, заманадан хабардар беретін таңбалы сөз, мақал-мәтелдер қарны тоя бастаған бірақ аштығы ұмытылмаған шақта топырлап дүниеге келген түйін сөздер екен. Қытайдың саналы түрде 27 гектар жерге салған 300 мың Нанкин қырғынына орнатқан ескерткішіне таң қалып жүрсек, кеңестік билік бұл аштықты айтқызбай, мавзолей салмай жасырып жапты деп қателесіппіз, себебі, жоғарыдағы масақ-бидай ескерткішін 22 миллион 400 мың шаршы километрлік күллі КСРО аумағында қашап салу арқылы аштықтың символикалық ескерткішін қадап тұрып орнатып, бейсаналы түрде құрмет көрсеткен екен.

Бөлісу:

Көп оқылғандар