Арғы атам – ер түрік
Бөлісу:
1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында, Орынбор қаласында екінші жалпықазақ құрылтайы өткені белгілі. Сонда көтерілген мәселелердің негізгі тіні – Алаш автономиясын жариялау, «Алаш Орда» үкіметін құру және Алаш халықтық милициясын жасақтау еді. Бұл туралы кейін «Алаш Орда» үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан: «Сьездің бұл шешімі қазақтар мекендейтін територияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің (яғни қазақтар үшін жат таптық жіктелу) дамуына жол бермеу мүдделерінен туындады...», - деп жазды. Шын мәнінде ХХ ғасыр басындағы саяси қақтығыстар, «ақ қашып, қызыл қуған» арпалыстар қазақ даласының берекетін кетіріп, ұйтқысын ірітіп тұр еді. Осындай қысылтаяң сәтте, панасыз қазақ халқына қорған болу үшін, елдегі саяси жағдайды бақылауда ұстау үшін «Алаш Орда» үкіметінің шешімімен Алаш полкын құрады. 1918 жылдың 25 маусымы Алаш полкының ресми құрылған күні болып жарияланды. Сол тұстағы Алаш әскері қазақ жерінің төрт төңірегінде дерліктей жұмыс істеген. Қазақ полыктерінің саны шамамен 12-ге жеткен. Алаш армиясын ұйымдастыру, жасақтау жұмыстарына Х.Ғаббасов, О.Әлжанов, А.Тұрлыбаев, М.Тынышбаев, Б.Мәметов, Х.Тоқтамышев сынды қайраткерлер белсене ат салысқан.
Алаш әскері болғасын, оның басшысы, жетекшісі, әскерге қуат пен жігер беретін ұран әні, әскери маршы болатыны заңды құбылыс.
Арғы атам – ер түрік,
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз. –
деп басталатын, ел арасында «Алаш маршы» атанып кеткен бұл өлең сол Алаш әскерінің әнұраны болыпты. Ән сөзінің авторы Жүсіпбек Аймауытұлы. Әні Алаш әскерін құрушылардың бірі – Міржақып Дулатұлыныкі делінеді. Өлең алғаш рет «Абай» журналының 1918 жылғы №7 санында «Ғаскер өлеңі» деген атпен жарық көрген. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романында Алаш әскеріне, олардың жаттығу барысына қатысты бірмұнша деректер бар. Мұқанов деректі романында Алаш әскерлері туралы былай деп жазады: «Жиналыс биіктеу дөңнің қырқа жотасында ашылды. Жотаға Алашорда адамдары және оларға тілектестердің біразы, - барлығы екі жүзге тарта адам, - салт атқа мініп, әскерше он-оннан сапқа тұрып, командирше олардың алдында Дулатов оғаш отырып, «Арғы атам ер түрік» деп аталатын, Алашорданың гимнін әндете қосылып айтып барды...». Бұл деректерді Гүлнар Міржақыпқызының естеліктері де толықтыра түседі. Гүлнардың шешесі Ғайнижамалдан жеткен естеліктің айтуынша «Алаш маршын» алғаш орындағандардың бірі – Ғаббас Нұрымов. Өзі әнші, өзі сері, өзі білімді Ғаббас әскер басында жүріп саптағы жауынгерлерге әнді бастап беретін болған.
«Арғы атам – ер түрік» деп басталатын Алаш маршының бүгінгі күнге жетуіне байланысты әртүрлі деректер бар. Соның негізгі жүлгесі Мәдәлім Байқонақұлының айтуымен жеткен дерекке жүгінеді. Бұл туралы белгілі музыкатанушы Б.Тұрмағамбетованың еңбектерінен толық мәлімет алуға болады. Тұрмағамбетова Стамбол сапарында Мәдәлім ақсақалмен кезігіп, Алаш әскерінің әнұранына қатысты мол деректер алып, Аймауытұлының сөзіне жазылған Алаш маршы әнін қарияның айтуымен жазып алады. Алаш маршы туралы Тұрмағамбетова: «М.Байқонақұлы орындаған «Алаш маршына» қайта оралсақ, шығарманың ноталық үлгісін ұсынып, назар аударсақ, тақырыбына сәйкес, бірқалыпты, бастан аяғына дейін 2/4 өлшемінде жүріп, марш екпінінде батыл, салмақты орындалады: Әннің өне бойындағы дыбыс пен буын синхронды байланысып, марш жанрының табиғатын аша түседі. 6-буындық (3+3) жолдардан құрылған шумақ төрт түрлі музыкалық мелотармақтан тұрады, әуен әр шумақта өзгеріссіз қайталананып отырады», - деп баға береді.
Мәділім Байқонақұлы Қытайдың Манас өңірінде туған. Гималай асқан көшпен бірге түрік топырағына табаны тиген аз қазақтың бірі. Ал Алаш маршы атанған әнді ол айналасындағы үлкендерден үйренген. Бала кезінен бері айтатындықтан әуені де, сөзі де есінде берік сақталған. Алаш қайраткерлерінің Шығыс Түркістан қазақтары мен тығыз байланыста болғанын, Ахмет, Міржақып бастаған арыстардың Қытай қазақтарына сапарлай барғанын, Шәуешек қаласында үлкен жиналыс өткізгенін, Райымжан Мәрсеков сынды қайраткерлердің қытайда жұмыс істегенін, қуғын-сүргін жылдары қаншама зиялылардың пана іздеп Шығыс Түркістанға барғанын ескерсек, Алаш маршының Қытай қазақтары арасында кең таралуының сыры түсінікті екені әмбеге аян.
Өткен ғасырдың басында саяси-әлеуметтік, жаңа қоғамдық формацияларға байланысты, ұлттық музыкамызға гимн, марш, вальс сынды жаңа жанрлар қосылып, далалық саз өнерінің мазмұнын да, формасын да байыта түскені белгілі. Жоғардағы Мәдәлім Байқонақұлының жеткізген Алаш маршының да тұтас қазақ даласына кең тарауы соның жарқын үлгісі. Өнертанушы Тұрмағамбетова Алаш ұранды әндерге, сол кезеңде кеңінен тарай бастаған революциялық әндердің де өз ықпалы болғанын тарихи факті ретінде жоққа шығармайды. Дегенмен, жүре келе жетілген, өз арнасын тапқан Алаштың ұран сипатты әндері, байырғы халықтық рухтағы әндердің әуезінен бой түзеп, заманға сай түрленгені басы ашық әңгіме.
Алаш ұранды әндер мен өлеңдердің қайсысын алсақ та, олардың негізгі бітімі – Алаш арыстарының күрескерлік жолын, «Өлсек хақ шаһитпіз, өлтірсе біз қазы», - дейтін қайтпас қайратын, азаттыққа деген асқақ аңсарын бейнелейтін ұжданды туындылар. Ар мен ұятқа, қайралған намыс пен мұқалмас жігерге суарылған аруақты әндер. Алапаты асқан, рухы биік осынау әндер Тәуелсіз еліміздің армиясының да маршы болуға әбден лайықты. Және бұл Алаш арыстарынан жалғасқан тарихи үндестіктің үзілмегенінің куәсі болар еді.
Жоғарыда сөз еткеніміздей 1918 жылы маусым айында құрылған Алаш атты әскер қазақ даласының негізгі өңірлерінің бәрін де ұйымдастырылғаны белгілі. Семей, Өскемен, Зайсан, Торғай, Қостанай, Жетісу сынды отанымыздың төрт төңірегін түгел қамтыды. Осыған орай әр өңірдегі Алаш әскерлерінің ән маршы да әртүрлі болуы мүмкін. Оның себебі, Алаш ұранды әндердің санының біршама екендігі. Айталық, Жүсіпбек аймауытұлының «Алаш ғаскері» өлеңінен тыс, «Ұраным, қорғаным, сен Алаш! Жолыңа құрбандық мал мен бас!» - деп келетін «Ұран» өлең де Алаш әскерінің гимні болған.
Кез болған соң кер заман біздің баққа,
Жау жарағын асынып міндік атқа.
Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,
Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа. Заман-ай. –
деп басталатын Міржақып Дулатұлының «Заман-ай» әні де Алаш полкының маршы болған. Бұл әннің де әуені халық әнінің негізде құрылған. Дұрысы «Заман-ай» әнінің дәл өзі емес, соған жақын варианты деген абзал. Дулатұлының патша үкіметі тұсында жазылып, елді оятуға, рух беруге арналған «Кер заман» өлеңінің өз әуені болғанын этнограф Затаевичтың еңбектері де растайды. Қалай болмасын, «Арғы атам ер түрік» («Алаш маршы») пен «Заман-ай» әні Алаш әскерінің негізгі әнұраны болғаны заңды құбылыс. Оған басты себеп екі әннің де жалпы қазаққа кең тарағаны. Күні бүгінге дейін әуені де, сөзі де өзгермей бізге еркін жетіп отырғандығы дәлел. Өміршең ән ғана, тарихи сүзгіден өтіп, ұрпақпен үндесіп, жаңарып, жаңғырып отыратыны содан. Екі ән де Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары белгілі әнші Жоламан Құжмановтың орындауында исі қазақтың жүрегіне тіпті де тереңдей жол тартты. Осы орайда, екі әннің де бізге жетуіне, әнші, Алаш қайраткері Дубек Шалғынбаевтың жары Әмина Нұғыманованың тікелей әсері болғанын баса айтуымыз керек.
Қазақ әндерін алғаш рет жүйелі түрде жинақтап, нотаға түсірген А.В.Затаевич ұлтымыздың біртуар ұлдары Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Бейімбет, Ілияс, Сәкен, Темірбек сынды арыстардан қазақтың 97 әнін жазып алғанын «Қазақтың мың әні» еңбегінде ауыз толтырып айтады. Оларды халық музыкасының білгірі деп үлкен құрметпен ілтипат көрсетіп жазады. Осы деректердің өзі Алаштың музыкалық мұрасының қаншалықты бай екендігінен дерек беріп тұрғаны сөзсіз. Және алаш қайраткерлерінің ұлтқа керекті жерде, барлық салада жүйелі һәм кәсіби түрде жұмыс істегенінің көрінісі.
Шығыс Түркістан ұлт азаттық қозғалысы көш басшыларының бірі, Алтайдан Анадолыға дейін жеткен көштің тізгіншілерінің бірі Қалибек Хакімнің немересі, тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы Мариям Хакім «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және алаш мұрасы» атты ғылыми конференция материялына «Алаш әні» атты өлең мәтінін әуенсіз жариялайды. Ғалымның пікірінше бұл Шығыс Түркістан ұлт азаттық соғысы кезінде, қазақ әскерлерін жігіерлендіру мақсатында жазылған марш әні екен.
Қазағым, қақтықпа, қамалма,
Ел болар қамыңды амалда.
Атты таң, кетті күн,
Сал жанды,
Сал малды аянба! –
деп басталатын өлеңнің Мариям апамыздың қолында тек қолжазба нұсқасы ғана сақталған. Музыка танушы Тұрмағамбетованың пікірінше бұл өлеңнің буын саны мен құрлымдық ерекшелігіне қарай, бұрын айтылып жүрген, бізге жеткен Алаш ұранды әндерден өзгеше болуы мүмкін. Өкіншке орай, бұл марштың бізге әуені жетпей отыр.
Өнер зерттеушісі Тұрмағамбетованың Стамбол қаласындағы сапарында, жоғарыда айтқан Мәдәлім Байқонақұлының Шығыс Түркістан әскерлерінің тағы бір марш әнін сөз мен әуенін қоса жазып алғанын баян етеді. Мәдәлім Байқонақұлы орындап берген «Шығыс Түркістан маршы» Үш аймақ үкіметі құрылған кезде, Іледен шыққан қазақ әскері Алтайға соғысқа кетіп бара жатып айтқан көрінеді. Әннің алғашқы шумақтары былай басталады:
Аттан, аттан, қарап жатпа,
Бетіңді бұр жау жаққа.
Бәрің бірдей қайрат қылсаң,
Жетесіңдер мұратқа.
Стамбол сапарында Шығыс Түркістан әскері маршының тағы бір нұсқасын Тұрмағамбетоваға Рамазан Дөнмез деген ақсақл орындап береді. Әннің негізгі мәтіні мынадай.
...Ескі әдетті тастадық,
Біз қазақтың баласы,
Он саусақтың саласы, ай-рай, айририрай.
Автоматты қолға алып,
Арыстандай толғанып, ай-рай, айририрай.
Қазақ еді еліміз.
Екі-екіден жұбымыз, ай-рай, айририрай.
Біз қазақтың баласы,
Он саусақтың саласы, ай-рай, айририрай.
Сонымен, ХХ ғасырдың басындағы жалпы ұлттық ояну, ғылым мен өнерге, шаруашылық пен техникаға мән беріп, халқтық ағартуды өркендету тұсында, қазақтың әні мен күйі, ұлттық музыкасы да ширап, ширыға түсті. Орыс отаршылдарына қарсы тұру, большевизмді жаныштау, ұлттық демократиялы ел құру бағытында жүргізілген күрес әдебиет пен мәдениеттің барлық саласында жан аямай жүріп жатты. «Алаш» партиясының мүддесіне қызымет ету, «Алаш Орда» үкіметінің ұлт тәуелсіздігі жолындағы саясатына үн қосу мақсатында жазылған көптеген өлеңдер негізінен бір уақытта жазылды. С.Торайғыровтың «Алаш ұраны», Ғ.Қараштың «Алашқа», «Алаштың азаматтарына», С.Дөнентаевтың «Азаттық күні», Н.Наушабаевтың «Алашордаға», Ә.Мәметовтың «Алашқа сәлем» атты шығармалары осы сөзіміздің дәйегі.
1943 жылы Совет үкіметі, одақтас республикалардың өз әнұраны болуы керек деп қаулы шығарғаны белгілі. Сол кезде 27 жастағы Қайым Мұхамедхановтың өлеңі жеңімпаз атанады. Естеріңізде болса сол өлең «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын. Қайым Мұхамедхановтың жастайынан алаштық рухта тәрбиеленген ақын екенін ескерсек, оның әнұранға жазған өлеңінің арғы астарынан Жүсіпбек аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы жазған марш әнінің рухы, күрескерлігі көрініп тұратыны табиғи үрдіс.
Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз. –
деп басталатын 1992 жылғы Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұраны да осы алаштық рухта жазылған ән екені даусыз. «Елім-айдан» бастап бүгінгі «Менің Қазақстаным» әніне дейінгі жүріп өткен Алаш әнінің тағдыр-тәлейі, сөзі мен әуені, бітм-болмысы әр дәуірдегі қазақ халқының рухының көрінісі екені анық. Әр дәуірдегі қазақ әнінің сөзі мен сипатына қарап, сол кезеңнің тарихи, мәдени хәлін толық аңғаруға болады.
7 мамыр – Отан қорғаушы азаматтардың атаулы күніне орай, Алаштың елшіл, ұлтшыл, отан сүйгіш әндерінің бір қайрымы осылай өріледі. Осы орайда, Алаш маршы атанған әндерді жаңғртып, бүгінгі Тәуелсіз ел армиясының маршына айналдырсақ деген ізгі тілек бар.
Ел іргесі берік болсын!
Бөлісу: