ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІ. ТАРЫНЫҢ ҚАУЫЗЫ

Бөлісу:

22.09.2024 2427

Көңілім сүйіп оқитын ақынымның бірі де бірегейі – Эдуардас Межелайтис. Әсіресе оның 1980-жылдары «Литературная газета»-да басылған, бұл күнде интернеттен табылмайтын «Спасибо» дейтін өлеңі. 

«Спасибо» обронила ты,

       однажды невпопад,        

чем очень удивила

вишневый старый сад...

Факиром огнедышащим

плыл в небе месяц, ал,

и сотни искр, тысячи

на землю извергал.

Ты не сумела просто

смолчать на этот раз?

Мне ветер льдинкой острой

поранил глаз...

Казалось – небо льдины

обрушит на людей.

Намылил мне щетину

мороз, как брадобрей.

Бегу быстрее волка...

И следом – полуночное

твоё спасибо колкое,

как в письмах многточие...

Бес шумақта – тұтас новелла! Қимыл. Қозғалыс. Динамика. Тугис. Жапырақтары шулаған ескі шие бағында жолығысқан екі жас... Әрнеки қимылдан кейін қыз ернінен ырықсыз шығып кеткен орынсыз жалғыз ауыз сөз... Қалған көңіл – шыққан жан... Бақтан шыға безген жас жігіттің алау да далау жүгірісі...Осының барлығын ақын толайым-түгел түсіндіріп жатпастан жалқы сөз, сынық тіркестермен сүйкей салады.  Иосиф Бродский «Жақсы өлең – өзінше бір фотография сияқты» депті. Сезімді фотоаппараттың көзгелдегімен басып қалар сәтті айтса керек. Дұрыс қой. Сонда да, мен үшін мықты өлең – қозғалыстағы өлең. 

Ал бізде, қазақ поэзиясында бар ма мұндай текті өлең?! «Әп» дегеннен еске Мағжан түседі. 

Жібек түн –

Бәрі тын.

Ыстық қан.

Сайраған,

Жан ессіз,

Жайнаған.

От сүйіс.

Екі жас 

Орман

Екі мас :

Тынған.

Жүрек мас,

Көзде жас!

Гүлдер.

Сүттей Ай,

Күбір.

Терең сай:

Сыбыр.

Бұлбұл,

Тұман.

Гүл-гүл.

Таң, таң!..

Үш буынды ырғақ жүйесі. Толымсыз ұйқас. Сөз үндестігі. Сызықшалар, үтір, нүктелер. Бірақ, не десе де таза біздікі емес. Біраз фетше, біраз эдуардасша. Аударма. Еркіндеу, десе де сырттікі.

Қадыр Мырза-Әліні еске салатын жері бар, ол – өлең өлшемі, дәлірек айтсақ, тармақтарды сындырып жазуы. Бірақ Қадекең өлеңінің табиғаты басқашалау: екі адамның арасындағы құпияны нәзік эротика деңгейіне көтерген сезімшіл поэзия емес, таза санадан туатын ғақыли сентенция, не жазса да божыратпай, тастай қып жазу.

Енді не бар?

Ие, шындығына келгенде, динамика жағынан Фетпен де, Межелайтиспен де шендесетін назым сөз жоқ емес бізде, тіпті ол соцреализм кезеңінде де кездесіп қалады. Бір мысал. 

  – Ал тарттық! – деді. Ағыттық басын аттардың,

 Желігі қандай жеп-жеңіл кезде шапқанның! 

Ағамен бірге сырыңды сыртқа ақтарып,

Қызығы қандай дауыл боп бірге соққанның! 

Сүздірген желге жал менен құйрық-кекілді, 

Жылқы емес бұлар қанатты құстар секілді.

Жазыққа шықса жүйріктер бауыры жазылып, 

Ойпатқа түссе ор қоян болып секірді...

                                                 (Әбділда Тәжібаев) 

Басталуы ғажап – нағыз динамика. Бірақ одан ары қарқын бәсеңдеп, динамика тоқтайды да, «Далам-ай, менің шабысқа жайлы далам-ай!» деп, басқа өріске – уағызды одаға ала қашады. Біз діттеген нысан – пойесис емес, қалайда. Поэзияға дайын формуламен, Мұрат Әуезов жазғандай, 2x2= 4-пен кіру. 

Енді не бар? Бәлкім кейінгі буын ақындарынан бірдеңе табылып қалар. Солардың әлдеқалай көзімізге түскен біреуіне назар тіктейік. 

Мақпал түн күлімдейді,

Сиқыр ғой анық, көкем.

Жұлдыздар дірілдейді,

Дегендей тамып кетем.

 

Ай бұлтпен аймаласып,

Келеді үркер-үміт.

Бұлақтар сайға қашып,

Өзендер жүр шомылып.

 

Ақ қайың сыбырлайды,

Жалаңаш омыраулы.

Алыста шылдырлайды,

Құлынның қоңырауы.

 

Дүние тынып қалған,

Түн менің мықты ақыным.

Шеткі үйден жігіт барған,

Бойжеткен шықты ақырын.

 

Түндерде қашаннан да,

Махаббат сөз алады.

Айраннан жасалған ба,

Құс жолы бозарады...

Марқұм Бауыржан Үсеновтің «Түн» дейтін өлеңі ғой. Жоғарыдағы біз келтірген мысалдармен анық бір ізді баспаса да, таяу соқпақтармен жүріп, нобай тастайды, әсіресе мета-өлеңге тән ізденістермен. Бұлай дейтініміз, жас ақында қайтсе де бір өлеңнің өнбойында ұдайы сөзбен қимыл-қозғалысты беруден гөрі суреттеп кету көбірек – құдды автор мақпал түнде ауыл көрінісін, ондағы анық-танық, көмес-күңгірт қозғалысты сырттан бақылап қана тұрғандай әсер береді. Бақылаушы ғана. Субъект объектімен тұтаспаған, автор лирикалық кейіпкерге, оның альтер эгосына айнала қоймаған. Салдарынан өлең уақыттың – әдеби мезгілдің – жанды жылжуын, қозғалуын бере алмай тұрады. Өлеңнің теориясына (ғасылына) салып айтқанда, таза динамикалық өлеңде сюжеттегі қозғалыс мезгілдің қозғалысымен қарсы ұшырасуы тиіс. Басқаша айтқанда, өлеңнің қиылысуындағы (композициясындағы)  екібағыттылық принципі орындалмақ керек: мәтін өзінің аяққы бөлігіне «формақұраушы» ретінде жылжып отырады, ал мезгіл «серпінқұраушы» ретінде оған қарсы жүреді. Бұдан да түсініктірек айтсақ: динамиканы автордың өлеңдегі жан-дүниесінің, сезім әлемінің қозғалысы, лирикалық кейіпкердің өзін ұстауы, жорасы деп алсақ, нәтижесінде өлеңнің өнбойында «ырғақтық, өлшемдік динамика» – «сюжеттік динамика» – «жан-дүние динамикасы» дейтін үштаған өзара қосыла кеп, бір форма түзеді. Сөз (мағына) анық, дәл мағынасында қолданылмайды, ол өлеңнің өнбойындағы, ішіндегі әлдебір қимыл-қозғалысқа бағынады да, мұны оқушы іштей сезіп, әлгі қимыл-сезімге еріп отырады. Анна Ахматовадан бір мысал: Звенела музыка в саду, / Таким невыразимым горем. / Свежо и остро пахли морем, / На блюде устрицы во льду. Бұл үзікте бауда мұңды үнмен сызылтқан саз-әуен мұзға салған бақалшық уылдырығы образы арқылы толқыны шулаған кешкі теңізге талығып барып жетіп жатқанын, дәл осы жөнінде ашып айтылмаса да солай болғанын ағатсыз түйсініп отырасың. Өткен өмірбаяндық уақыт лирикалық кейіпкердің (автордың) оқушы алдына жайып тастаған сезім күйлерінің өрісінде дәл осы, қазіргі әдеби мезгілге айналады да, кейіпкердің өткені оның өзіне естелік арқылы ашылады. Ахматовада да, Межейлайтисте де осы тәсіл ақындық түйсікпен ағатсыз орындалған. Аннаның жағдайы белгілі, Межейлайтис ана тіліндегі түпнұсқасында мұны қалай келтіргені, кәйтіп ойнатқаны бізге мәлімсіз, сөйтсе де флективті шығысеуропалық өлең нұсқасын орыс поэзиясының силлабикалық-тоникалық строфикасына салған кезде Эдуардас шығармашылығында поэзияның жаңа пошымына өріс ашып бергені зайыр ақиқат. Ал Ахматоваға тіпті сөз жоқ: В ту ночь мы сошли друг от друга с ума. / Светила нам только зловещая тьма, / Своё бормотали арыки, / И Азией пахли гвоздики. / И мы проходили сквозь город чужой, / Сквозь дымную песнь и полуночный зной, - / Одни под созвездием Змея, / Взглянуть друг на друга не смея./ То мог быть Стамбул или даже Багдад, / Но, увы! не Варшава, не Ленинград, - / И горькое это несходство / Душило, как воздух сиротства. / И чудилось: рядом шагают века, / И в бубен незримая била рука, / И звуки, как тайные знаки,Пред нами кружились во мраке.Мы были с тобою в таинственной мгле,Как будто бы шли по ничейной земле,Но месяц алмазной фелукойВдруг выплыл над встречей-разлукой...

Нағыз мета-өлең. Автор көкейіне лықсып келіп жатқан ой-сезімді әдейі тежеп ұстап, керегін ғана алған. Басы артық нәрсе жоқ, әр сөз орын-орнында, өз қызметін атқарып (нұсқап, белгілеп) тұр. «Кәсіби философияны меңгергенде, сана дәлдік нүктеге ғана негізделеді. Мұндай дәлдікте көпірме сөз бен эмоцияға ешқандай орын жоқ. Сол кезде сіз ассонанс пен аллитерация секілді тәсілдерді алаяқтардың гипнотерапия ретінде пайдаланып, ақымақтарды жаппай жусатып отырғанын жан дүниеңмен түсінесің». 

Зердешіл-зияткер инноватор Ықылас Ожайұлының пәлсапалық бұл ой жосынын дәл осы жерге құлағынан сүйрегендей әкеп кіргізудің яки сүлделеп ойлайтын философияны бейнемен ойлайтын поэзияға әкеп қосақтаудың қаншалықты қажет екенін мен білмеймін, дейтұрсақта мұнымыздың бір объективті ақтаушысы бар дер едік. Ол – жоғарыда автор айтып отырған пәлсапалық ділмәрлық (спекуляция), ондағы алаяқтық гипнотерапия мысалы біздің ұлттық назым сөзімізге тән екендігі. «Түлкінің қулығының жетпіс пайызы тауықтың ақымақтығына тікелей қатысты» деген сентенция осы жерге дәл. Яғни, сымға тартқандай сылдыр сөздің көмегімен, оқырман сезімімен ойнау, сөз ойнату. Сөз инфляциясынан тұратын гипнотерапия арқылы «Нағыз поэзия – осы, нағыз ақын – мен» дегенге иландыру. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деу жақсы-ақ – қайтсе де көп қазақтың қазіргі жағдайын бейнелейтін өмір шындығы, ал осыны пайдаланып, «Ауылым, ауыл-ем» деп жыламсырайтын өлеңдер жазу, бұл енді алаяқтық гипнотерапия. Әлгі жылауық ақындардың бәрі демей-ақ қояйын, көпшілігі-ақ сол туған ауылына таңертең барып, кешіне қашып кететініне мен кепіл. Одан да тұрып жатқан қаласын жырласайшы, қала поэзиясын өркендетсейші. «Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған...» дегендей-ақ... 

Мұқағали ақын қалай дәл айтқан «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиісті» деп. Парасатқа еш қарсылығымыз жоқ, жалпы поэзияның бәрі парасат, ізгілік қой. Бірақ кие шалған, қасиет қонған өлең өнері әсте де орынды-орынсыз жүгінер абстракцияның орны емес. Арулардың жүрегін жаулағысы келу яки жаулағанын жырлау да емес. Күндізгі жарық қысқарып, адамның биоырғағына әсер ететін күзгі хандрамен жазып тастайтын да нәрсе емес ол. Нағыз шын өлең – сезіміңді селт еткізген сәттерді өлең етіп ақ қағазға түсіру, дәлірегі, сол сәтте кеудеңдегі жұдырықтай бұлқыныңнан лап етіп атылып шығып, минуттың жүздеген бөліктері – миллисекундтар ішінде ақ парақты қарайтуы. 

«Сені сүю – қауызында гүлдердің, дір-дір етіп, көбелекше ойлану» (Ақберен Елгезек). Міні, бізде әлгі миллисекундтар ішінде жазылып қалған шын поэзия. Динамикалы өлең. Ақын оны әдейі іздеп таппайды, бір сәткі сезім бұрқанысы, буырқанысы кезінде өлеңнің ішкі стихиясының өзі келтіреді біз іздеп отырған серпін мен қимыл-қозғалысты. «Ақын – альбатрос, көкте ол – көксіл, жерде – қорғансыз жай пенде» (Шарль Бодлер).

    Әр халықтың өкілі – ақын – шығармашылық проблемасын эстетикалық жағынан өзінше, әрқилы игереді. Көптеген ақындар үшін бұл – ұзаса шеберлік, өлең шығару өнері, қалса дағды-машық, техника, тұжырып айтқанда, жанынан өлең шығара (жаза) алу. Он сегізінші ғасырдың метасуреттемешіл поэзиясы, он тоғызыншы ғасырдың сентименталдық назымы – бір сөзбен айтқанда, бұлар ойдың өлеңмен үйлеспеуі еді. Басқаша келтірсек, жиі ұшырасатын ұйытқы бір композициялық принципке бағынған, «басқарылмайтын» өлең, ұйқас өлең еді. Ойды ұйқасқа құрудың бұл үрдісі Вяземскийдің «Негізінен айтқың келгенді емес, өлеңнің өлшемі мен ұйқасы керек еткенді айт» дейтін принципінде көрініс тапқан. Бірақ, сонымен бірге, бұл ілгергі жазба дәуір нұсқаларында поэтикалық рефлекcия көмегімен өлең сөздің саналуан өмірлік материалдарды еркін игеру, бостан қорыту ыңғайы анық білініп тұрады. Шығармашылықтағы осынау рефлекциялық «ой»-дың «еркіндікке» ұмтылғанда қайшылыққа келуі, кейінгі прагматтық жиырмасыншы ғасырдың реализм мен модернизмді тұғыр еткен ыдыратқы «екіпринциптік» поэзиясында бұзылулардан нышан тастаса, біз өмір сүріп отырған жиырма бірінші ғасырдың бас кезінде тіпті әредік физиологиялық очеркпен шендесіп қалатын тікбақайлау, қатқыл-қатаң өлең дәуірін бастан өткеруде. 

Дүниежүзілік инновациялар қазақ қоғамына қашанда бір ғасыр кешігіп жетеді, осы тұрғыда тұрып пайымдасақ, кейінгі қазақ өлеңі соңғы прагматтық және осы замандық утилитарлық өлеңінің арасында – поэзияның «қола дәуірінде», бұрынғы кеңқолтық қазақы шапанын, жазда тастамай келген телпегін қимай, жаңаны да толық қабылдай алмай, жолайрықта шөре-шөре болып тұрған жолаушының ара-дара кейпін елестетеді

Соның ішінде ұлттық поэзиямыз өлеңдегі ілгергі рефлексиялылықты, «ой» мен «еркіндік» кереғарлығына құрылған контрастылық сипатын жоғалта бастағаны, жалпы инноваторлық қабілетін еркін көрсете алмауы, оның орнына қарасөзден палау басатыны сияқты назым сөзден ымырат үйіп отыруы нендей өкініш.

* * *

Мәлім, әрқандай халықтың өлең сөзі санғасырлық дәстүрімен – сол халықтың ділінен, тілінен, болмысынан, ішкі долығынан туашақ көптеген бұрынғы нәстелерімен шарбыдай шырмасып жатады. Бұдан күрт қол үзу, бірден жаңа үлгі туғызу, өрнек салу қиын. Содан да экспериментшіл ақындардың өзі жаңалыққа дәстүрдің арқауын ширатып отырып келеді. Келмей тұра алмайды. Себебі, сөз – қатып қалған нәрсе емес, ол да жанды ағза сияқты үнемі жаңарып, жетіліп отырады. Содан да инноватор ақын автоматизмінде сөздің түбір және морфологиялық мағыналарын сезіну көмескі тасталатын кәдімгі, үйреншікті сөз сөйлеу әдібінен қашу арқылы ондағы «ішкі образ» «ғасырлар тозаңының» астында көміліп қалатын дәстүрлерден де бас тартады. Сезімге аққұла ерік береді, өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, шын өлең кеудені сезім әбден кернегенде жазылады. Ақындық ғайыптан дару боп енген талантта мұндай сезімнің кернеуінің аса жоғары болатыны сонша, тұтас тіркес, фраза жалғыз сөздің – бір тарының қауызына сыйып кетеді. Айталық, өрт шыққан кезде ырықсыз «Өрт!» деп жанұшыра айқайлаған кезімізде бұл сөзде (сөйлемде) кемі екі аталым сөз бар деп әсте ойламаймыз ғой. Бұл – сөзбен жасалатын ишара. Уақиғаға эмоциялық реакция білдіруімізден туатын ым. Ақындық қуаты күшті ақындардың әр сөзі осындай ишара яки одағай сөздерден тұратын ым болып келеді. Мысалы, күннің күркіреуін айтса, «күркіреудің» сипаттамасы, суреттелуін емес, сол күркіреген күннің өзін береді. Себебі, тіркестің логикалық аппараты эллипс, сызықша, қысқартынды синкопалар… арқылы әбден ықшамдалады. Уақиғаның (нысанның) алуан сипаты, бейнесі бір ғана өмірлік серпінмен буырқанған жалғыз ғана арна-ағыспен ағады. Мұндай өлеңде теңеу, метафора сияқты троп атымен болмайды – бұл фигуралар қосанжарлылықты, қосұғымды тілейді. Бірақ ол жағы ақынға беймағлұм. Табиғаттың құбылысы ма, адам жанының құбылысы ма, ақынға бәрі бес, ол үшін әлгі құбылыстар сезімнің кернеуі арқылы ғана ажыратылады. Мысалы, «жан лүпілі» табиғаттың ырғағымен қойындасып кетеді. Жанының қозғалысы, жылжуы, динамикалық серпіні өлеңнің соңына дейін жалаңаштанады. Қолтума, қосамжар нәрсе атаулы сыпырылады, лақтырылады, жалғыз, әдепкі төлтума нәсте, «құшырлық кернеуі» ғана қалады. Әлгі құмар-құштарлықтан қимыл-қозғалыс туады, ал ол өз кезегінде дифференциялана кеп, құбылыстар мен ұғымдардың басқаша баспалдағын түзейді. Афанасий Феттің бірде-бір етістік сөз араластырмай жазған мына бір дүниесі: Шепот, робкое дыханье, / Трели соловья, / Серебро и колыханье / Сонного ручья,/ Свет ночной, ночные тени, / Тени без конца, / Ряд волшебных изменений, / Милого лица, / В дымных тучках пурпур розы, / Отблеск янтаря, / И лобзания, и слезы, / И заря, заря!..

Үшбу өлеңді оқыған сайын бразилиялық боссанова саз жанры есіме түседі. Ондағы гитаралық сүйемелдеуге тән, өзіндік синкопаларға толы ырғақтық формулалар, әсіресе ырғақтың әуенде емес, аспаптық сүйемелдеуде білініп тұратыны және сент-нонаккордтар, альтерациялар… осының бәрі қосыла келіп ескі жыршылық өнерде молынан ұшырасатын формул-клишелерді, синкопаларды меңзейді. Меніңше, Мағжан Фет өлеңінің бізге жақын келетін осы табиғатын түйсікпен ағатсыз аңғарып, ишара-ым сөздерді Феттен де асыра қысқартып, мағынаға молықтырып берген. Бұл жердегі Мағжан лұғаты айқын: «Көп сөз – көмір, аз сөз алтын». 

   Қазақтың түгел сөзі екіжақты: бірде «көмір» – «алтын» бинары арқылы сөз инфляциясын тұзақтағысы келеді, сөйте тұра, келесіде төлтума шешендік, келгін балаға өнерлеріне ерік береді. Арабты ескергенмен, іргелес ханзу жұрты «қажетсіз сөйлеу; қажет кезде сөйлемеу; тыңдаушыны ұрып қойып сөйлеу» (Құнфыдзы) деп ескерткен, адамдар арасындағы қарым-қатынастағы үш қателікті артықша ескермейді. Сол сияқты, осы күнге шейін біздің ақындар азиан жұрттар ішіндегі табиғаты, болмысы бізге жақын жапон поэзиясына да көңіл аударған емес. Ал көптеген жанрларында ұйқасты аллитерация мен ассонансқа негізделген ішкі ұйқас алмастыратын жапон өлеңінің қытаймен шалапталмаған бағзы түрі қазақ өлеңімен бір ізді басуы таңдандырарлық. Ханзу әсерінен арылу дәуіріндегі ұлттық поэзиясы, ондағы ваки, тёка және танка секілді жанрлық түзілімдер буынға, буын-бунақ топтамасына негізделген. Солардан танка басты өлең пошымы болып қалып отыр. 

Өлең өлшемі жағынан 5-7-5-7-7 морлы (буынды) болып келетін танка да, үш-ақ жолдан тұратын хокку да минималистік өлең өнерінің хас үлгілері. Бұл –адам мен табиғаттың арасындағы өте нәзік байланыстың поэзиясы. Хоккуда жазатын ақын өзін қысқалықта табады. Мәтінді күріштің қауызына сиғызады. Суреттеу дегенді білмейтін хоккудың төсегі – монохромдылық, пәлсапашылдық, қысқалық, дәлдік. Әр тармағының салмағы қорғасындай, сөйте тұра шыңылтыр ойнақы болып келеді. Осы қалпымен авторды бұлтаққа түсірмей, ойын-пікірін, сезімін бір бағытта – барлықтың өтпелілігін, болмыстың имманенттілігін қара етіп ұстап жүреді де отырады. Шашырамайды. Жапон ақындары өлеңін сүгіретпен өрнектейді ғой, «сфумато» деп аталатын бұл өнерге тән жұмсақтық, мәнершілдік, түстердің өзара жымдасуы, буалдыр-бұлыңғыр контурлар әлемі хоккуға айрықша тақырыптық өң беріп тұрады.

   Қазақта сөз арасына айқын-анық, желі-сызық яки шек-шекара салмай, түбіт бұлттай өзара жұтылып сіңіп, жұтылып жатар осындай өлең өрнегі – «ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей» мета-өлең бар ма яки ұшырасқан ба? 

   Әлбетте, өрелі поэзия болғаннан кейін сөзді, өлең өрнегін тарының қауызына сыйғызғысы келетін талпыныс іздері бізде де кездеседі. 

   …Кеудеме қайғы толған соң, /Тұнық жырмен жуынам (Дулат Бабатайұлы).

   … Кетип хуат, йумилиб көз, / Бойиң сал-сал була нигә? (Абай) 

… Жанайын деген бір шырақ, / Жалтылдап кетті ішімде (Ғали Орманов). 

 …Сынып түссе бір бұтақ, /Қабырғама қараймын (Жұмекен Нәжімеденов)

   Және, әрине, Бернияз Күлеевтің «Альбомға»-сы. Осылай кете береді, мұндай мысалдар қазақ өлеңінде аткөпір. Бірақ осы және өңге де мысалдар бізде хоккудегідей яки арабтың бәйіті мен ғазалындай қысқа күйде бөлек-бөлек емес, ұзынды-қысқалы, бірақ қайткенде де ауқымдырақ өлеңдердің ішінде тұрады, біз бұл жерде солардан мысал ретінде үзіп алып беріп отырмыз. Жеке келетіндерден әзірше көңілімізге түскені – XX ғасыр басында жасаған жәдитшілік ақын Ғұмар Қараштың эпиграф ретінде келтірген «Хадис нобайы» дейтін жалғыз шумағы: Бар еді қазинасы бір Алланың, / Мекені аспан асты деген оның./ Кіліті оны ашып алатұғын, / Сөздері хақ сөйлеген шайырлардың. Біз шумақ етіп алып жүрген оны кітаптағы тәу басылған өлшемімен екі тарап тармаққа жайып жіберсек, бәйіт болып шығады. 

   Әлбетте, әуезе етіп келіп жатқан мета-өлеңімізден ауылы алысырақ, десе де Ғұмекеңнің ойды жалғыз шумаққа – тарының қауызына сыйғыза білу шеберлігі тәнті етпей қоймайды. «Ақын әр жол, әр сөз үшін күресуі керек» (Ахмет Өмірзақ) деп осындайда айтатын шығар. 

   Біздің заманымызда мұның бір телуін (аналогын) кездестіреміз. Тандырдан жаңа ғана алынған нан секілді әлі буы бұрқырап тұрған ол телу-кітап «Google»-де жоқ сұрақтар» деп аталады. Авторы Еламан Төлеутай, жанрлық жынысы беймәлімдеу, толық оқып шыққандардың жазуынша, минималистік монодиалогқа келіңкірейді. Бірер мысал келтірейік.

Адамдар неге қартайған кезде, / Ажалынан айнымай қалады. / Бірі нұрланып, / Бірі сұрланып?; Өмірді сүру – тегін, / Өмірді сүюді үйрету неге ақылы? ; Қолымызға қалам тисе, / Неге атымызды бас әріппен, / Жазуға құмармыз? /Өзімізге ғашықпыз ба, / Бәлкім… Өкпелі шығармыз? ; Ғарышта тозаң болады дейді, ғалымдар, /Кәдімгі, жүрегіміздегі тозаң сияқты ма? ; Неге барлық бояуды қосқанда ҚОҢЫР шығады? / Неге барлық сезімді қосқанда ӨМІР шығады? 

   Әрине, бұл – көбірек философиялық максималар, біз діттеп отырған мета-өлеңге ауыл-үй қатар қона алмай тұр, себебін бұрын айттық – мета, ым-ишара өлең нұсқасында ой анық айтылмайды, көмес жеткізіледі, ал мұнда ой-идея пафоспен көрінеу андағайлайды. Прозадағы «поэзиялық контекст» дейміз бе?! Яғни, өлеңде әйтеу бір ой айтылу керек, біздіңше. Мейнстримдік («номенклатуралық») емес авторға кешірімді жағдай. Ал енді мейнстримдегі ақындарымыз бұл жағынан немен әуре екен, бір сәт сол жаққа назар жығып көрейікші.

 …Күнәлі кірпікке ілінген кінәсіз жас… (Бауыржан Қарағызұлы). 

…Найзағай от семсерін сертке байлап…; … Жаз өтерін дүрліккен құстан ұқтым… (Гүлзада Ниетқалиева)

… Тәні суық болғанымен жесірдің, / Көкірегінде жанып тұрды бір алау… (Арман Жайық) 

… Ботаға таққан үкідей ерке сол шашын… Қамыстың басы, қалқаның шашы, күзгі жел… (Ұларбек Нұрғалымұлы)

 … Ұқпайыншы төбет желдің үргенін, / Ұйықтайыншы көздеріңнен сүйіп мен… (Ұмтыл Зарыққан)

… Екі көзің мөлиген терезеде. / Антариум қаңтарда қоймай гүлдеп… (Дәурен Берікқажыұлы)

   …Шың шапақтан басына теңге ілдірді, / Аққу ұшып, қимылын көл білдірді... / Келді-дағы ару таң дәптеріме, / Жазып кетті өзіңдей мөлдір жырды… (Бауыржан Үсенов).

Сөз жоқ, шын поэзия оятатын сезімдер. Ілгеріде келтірілген орыс ақындарындағыдай көп мағынамен көмес тасталған «алтын – аз сөз». Бірақ… тағы да брак – бұл келтірілген мысалдар жеке тұрған жоқ, оларды да құм ішінен алтын жуғандай екшеп, тұтас өлеңдерден жұлып ап беріп отырмыз. Мисалы, Ұларбектің мысал келтірілген «Көз» өлеңі 4 шумақ болса, Армандікі 9 шумаққа көсіліп жатыр. Алынған үзінділердің бірі өлең ішінде троп түрінде келеді, қайсыбірі (мысалы, Ұмтылда) өлеңді тиянақтап тұр. Яғни, авторлардың ешқайсысы да, соларды бөлек өлең етуді діттемеген. Оны айтасыз, ақыни қауашақтарында «әй, осы өзінше поэзия-ау» деген ой басы (идея) да болмағанға ұқсайды. Дәурен Берікқажыұлының мына бір дүниесі:

Ауылға барсаң көк түгіл, шөп те аңқылдап,

Бірер күн ғұмыр кешесің, айхой, сәл қымбат!

Шешілмей жүрген шеріңді терек, тал тыңдап,

Бақыр басыңды тастайды бәрі алтындап.

 

Ауылға барсаң ауыздығымен алысқан

Асаулар дағы көреді сені данышпан!

Бір жылға жетер әңгіме айтып кетеді

Шаңқай шал келіп атағы желмен жарысқан.

 

Ауылға барсаң дастарқан, шіркін, аста-төк,

Бөлмейді ешкім бөтен деп және басқа деп.

Науқан кезінде әсіре тойшыл Алеша

Шырт-шырт түкіріп, шылым шегеді «саспа!» деп.

 

Ауылға барсаң бәрі де әйтеу керемет:

Жарқ еткен көз бен жарқ еткен сөзден көрем от!

«Бауырым-айлап» тұратын сынды төбелер,

Көңіліңді ойлап ұшатын сынды көбелек...

Фейсбукте жарияланған төрт шумақ осы өлеңді өзімше жапонның хоккуіне салып, өлеңнің астына коммент етіп жаздым:

Шешілмей жүрген шеріңді,

терек, тал тыңдап.

Жарқ еткен көз бен жарқ

еткен сөз,

ұшқындап.

Тәммат тамам, болды емес пе?! Қалғанының бәрі су ғой. 

Оқиғасыз, қимыл-қозғалыссыз проза жазу қиын. Оқиғалы, қимыл-қозғалысты өлең жазу да сондай қиын шаруа. Ал ымды-ишаралы аз сөзбен, салмағымен таразы тайғанатып поэзиялық шығарма – метаөлең тудыру одан да қиын. Осы шығармашылық міндетті шешудің құр техникаға емес, әлдебір сазды иірімдерге, ишаралы бейне, ымды ойға бағындырылған әдемі тәсілдерін бүгінгі ақындарымыз, әсіресе соңғы буын авторлар таппай жүрген жоқ.

Жоғарыда көрдік, титтей жұғындымен сәл ғана сүйкей салу... тіл ұшымен айтыла салғандай сынық тіркеспен көңіл-күйді беру... қосымша баян ету яки суреттеусіз оқушының сезіміне тию... сияқты минималистік, өнімді, ұтқыр әдіс-амалдардың үдесінен олар әбден шыға алатынын. Яғни, бұл толқын өлеңді шекпен жауып, өкшелі етік кигізіп жатпастан, әсіре егіліп-төгілместен жаңаша сұпылауға әлден дайын. Пойесиске – болмысты, барлықты танудың принципті түрде жаңа көрінісіне алып баратын, соны символдық және аллегориялық шым бояулар жасауға, сол арқылы жұмбақ, сырлы әлемнің құпиясын ашуға әзір. Бірақ бұған өнердің болмысқа, өмірдің нақ шындығына жойдасыз еліктеуінен туған бағзы сөз мимесисі, дәлірек айтқанда, ғасырлардан бері келе жатқан термелеп, толғап, желілеп, шоғырлап жырлайтын дәстүр – «жыр жазу» еңселерін басып, жаңаға қарай адамдарын аштырмай отыр. Жаңа оқырман тәрбиелеуге деген сенімін беркіткей келеді. Ерболат Қамен Есенғали Раушанов жайлы естелігінде «Есенғали ақын оңаша жүздесуіміздің бірінде өзінің өлеңде эксперимент жасаудан қорықпайтынын айтқаны есімде. «Шумақтың кей жолдарын шолтаң еткізіп, қысқа қайыра салатыным содан шығар» дегенін келтіреді. Бәлкім, ғұмыр жетіп, Аркадий Штыпель сияқты өз поэзиясы жайлы өзі мақала жазғанында бұл жайды кеңірек айтуы да мүмкін еді-ау. Десе де, қазақ өлеңінің жаңа эстетикалық өріске шығуы кәсіби, бейтарап филолог-сыншылардың ой-пікіріне, солардың түрткі салуына мұқтаж, ал олардан да бұрын ақындардың өздері оянып, ойланып, ұлттық поэзияның треггерлеріне айналуы қажет. 

Сөз түзелсе, тыңдаушы түзеледі.

Бөлісу:

Көп оқылғандар