Әбу Насыр әл-Фарабидің ақындық туралы айтқандары

Бөлісу:

16.02.2017 12502

Рахматы күшті Раббымның атынан, бұл зерттеудегі біздің мақсатымыз – тұнық ой маржанын сүзіп, онымен танысқандарға философтың поэзия туралы айтқандарын түсінуге қол ұшын беру еді. Алайда біз аталмыш өнерге байланысты белгілі жайларды шиырлап, тәптіштеп жатпаймыз. Өйткені философтың өзі де софистика өнері, әсіресе поэзия өнері хақындағы тұжырымдарын аяқтаған жоқ. Бұның бір ғана себебі бар,  оның өзі софистика өнері туралы толғамдарының соңында айтқандай, өзінен бұрынғылардан негізге алып, қағидаға айналдырып, жүйемен әсіре бағалайтын еш нәрсе таппаған. Сондықтан да сонша таудай талантымен дарқан дарынды бола тұрып философтың өзі де ширатып, пісірмеген нәрсені тәмәмдау талабы ақталар ма? Біз тек қана осы өнерді зерттегенде септігі тиер-ау деген қағида, сана салиқалылығын танытатын сөздерді атап өтудің дәл қазір мүмкіндігі туды деп есептейміз.


8e537ef762b4eaf5e93a0f164f3c5a3b.jpg



Жалпы айтқанда, сөздің мағыналы яки мағынасыз болмағы шарт. Алғашқысының ішінде кейі қарапайым, басқалары күрделі келмекші. Күрделі сөздің жай айтылуы да, тұспалмен жеткізілуі де мүмкін; әуелгісінің кейбірі көкейден шығады да,  кейбірі олай емес. Ой көрігінен сомдалып шыққан сөздің шынайысы да, жалғаны да болады. Жалған айтылғанның ішіндегі кейбірі сөз барысында тыңдаушының зердесінде бейнеленіп, сонымен тікелей тұспалданса, басқалары бейнеленетін затқа байланысты ойда еліктеу туғызады, соңғысы жай поэтикалық қуаттың әсері. Еліктеудің кейбірі жетілген, кейбірі түбегейлі жетілген. Екеуінің жігін ажыратып  зерттеу ақындар мен поэзия білімпаздарының міндеті, көптеген тіл мен диалектіде бұл хақында әр түрлі шығармалар жазылған.


Бұдан әрі ешкім «софистика» мен «еліктеу» екеуін төркіндес санамауы тиіс. Керісінше, олар кейбір арақатыста ерекшеленеді. Ең алдымен олардың мүддесі әр түрлі: софист тыңдаушы санасында болмыстан тыс, оған қайшы қайдағы бір елес туғызады; сондықтан, ол бар нәрсе жоқ, жоқ нәрсе бар деп ойлайды; ал оған қарама-қарсы еліктеуші тыңдаушысына  үйлесімге орай ой түюге жетелейді. Оған сезім шарапатын тигізеді.


Мамыражай күйдегі адам кейде қиялға  шомып, серуендеп жүргендей, жағадағы жапырлаған тынығушыларға қарағандай немесе жерде тұрып көктемгі бұлттардың жөңкіген көшін, қарабарқын аспандағы ай мен жұлдыздарды көргендей бір түрлі күй кешеді. Сезімді сиқырлайтын болмыс сондай. Егер адам айнаға, яки соған ұқсас жалтыр затқа қараса, онда жағдай оны сол затқа ұқсас нәрсені көріп тұрғандай топшылауға мәжбүр етеді.


Тұжырымды да басқаша, келесідегідей бөлген ғанибет. Ол да құптарлықтай, яғни, оған керісінші болуы мүмкін. Егер пайымдау діттеген жерден шығып жатса, үйлесімді не оған кері болады. Егер ол үйлесімді болса, онда болмыстағыдай қисынды болса ол не қорытынды, не еліктеу. Еліктеу дағдыдағыдай поэзия өнерінде қолданылады. Поэтикалық пайымдау дегеніміз – еліктеудің өзі.


Үйлестікті де басқа пайымдау тәрізді, өз бетінше  бөлуге болады. Пайымдау не толық шынайы, не толық жалған, не шынайылау, бірақ ішінара жалған, не керісінше шынайы мен жалған барабар келеді. Егер көбісі шынайы болса, пайымдау басым да, шынайылық пен жалғандық тепе-тең болса даулы болады, көбісі жалған болса,  көпірме, толық жалған поэтикалық софистика болып шығады. Бұл талдау поэтикалық пайымдау не басым, не дәлелдемелі, не көпірме желбуаз, не софистикалық болмайтынын көрсетеді. Сөйтсе де, ол силлогизмнің немесе пост-силлогизмнің түрі деп есептелінеді 

(«Пост-силлогизм» дегенде мен түйінділік, бейнелілік, түйсік, үйлестік, т.б. секілді әсер күші бар нәрсені айтамын. – Әбу Нәсір әл-Фарабидің өз түсініктемесі).


Біздің жазбамыздың осы жеріне жеткенде  ақындық түйіндеудің әр қилы түрін белгілеу ләзім. Ақындық түйіндеуді өлшеміне, яки мазмұнына қарай топтау мүмкін. Өлшеміне қарай топтау әуенділікке немесе екпінге, тұжырымдау қай тілде екеніне байланысты, сонымен қатар музыканың деңгейіне де қатысты. Мазмұнына қарай ғылыми тұжырымдау тап басып болжау, поэзияны талдаушының, поэтикалық мәнді зерттеушінің, әр түрлі халық поэзиясы мен  оның  әрбір мектебін білетіндердің характеріне кіреді. Ондай араб пен парсы  поэзиясын бүге-шігесіне дейін білетін білімдарлар біздің кезімізде де өмір сүріп отыр. Кітап та жазып жүр. Олар поэзияны сатира, поэтика, айтыс, комедия, газел, жұмбақ және басқаларға бөледі. Сөйтіп, өз кітаптарында әр түрлі топты келтіреді, оған көз жеткізу онша қиын  емес, демек, біз мүлдем кең көсіліп, негізгі нысанадан ауа жайылмаймыз.


Басқа мысал келтіреміз. Біз білетін қазіргі және ежелгі халықтардың көптеген ақыны фабула мен өлшем арасын шектемейді, сонымен қатар ақындық тақырыпқа ерекше өлшем қоймайды. Бұдан тек ежелгі гректер ғана тыс тұр. Олар әрбір ақындық тақырыпқа ерекше өлшем қолданған. Оларда пэонның өлшемі сатира өлшемінен, ал ол комедия өлшемінен тіптен өзгеше. Соған қарамастан басқа халықтар мен тайпалар пэон үшін де сатираға, т.б. қолданатын өлшем түрін қолданады, сөйтіп, өлшемнің көпшілігі жалпы болып есептеледі және олар әрбір топты ежелгі гректер сияқты мұқият топқа бөлмейді.


Енді біз грек поэзиясы түрлеріне тоқталамыз.


Философтың поэзия өнеріне байланысты тұжырымдарында келтірген топтауына сәйкес өз ретімен келтіре кеткен жөн. Грек поэзиясы мен сипаттағандай, төмендегі топқа бөлінеді:


1. Трагедия

2. Дифирамб

3. Комедия

4. Ямб

5. Драма

6. Эпос

7. Диаграмма

8. Сатира

9. Поэма

10. Эпос

11. Риторика

12. Амфигеноссос (космогония)

13. Акустика


Трагедия дегеніміз – арнайы өлшемі бар, бәріне тыңдаушыға һәм айтушыға да ләззат беретін поэзия түрі. Онда еліктеуге тұрарлық, үлгі алар орайлы оқиға бар; онда билеушілер мен шаһар манаптары мараптатталады. Орындаушылар әдетте оны патшазадалар алдында келістіріп айтып береді. Егер патша өлсе,  олар трагедияның орнына кейбір әуен қосып, марқұмды жоқтайды.


Дифирамб – трагедиядан екі есе артық өлшемі бар поэзия түрі. Онда да жалпы бекзаттар жайлы, марапаттарлық мінез, адамзатқа тән ізгі жайлар айтылады. Дифирамбыда да көбіне қайсыбір патшаларды мақтауға талпынады, бірақ, негізінен жалпы ізгі істер тілге тиек етіледі.


Комедия болса ерекше өзіндік өлшемі бар поэзия түрі. Оған кейіпсіз, келеңсіз жайлар арқау болып, жеке адам мінез-құлқының көлеңкелі көріністері шенеледі. Кейде адам мен хайуанға  тән құлықтың, сонымен қатар сыртқы ұсқынсыз тұрпаттың нышандары келемежделеді.


Ямб – ерекше өлшемі бар жыр түрі. Онда жалпыға мәлім жағымды, жағымсыз жайлар айтылады, ең бастысы, ол көпшілікке кеңінен аян болуы тиіс: мәселен, мақалдар. Жырдың бұл түрі тайталас бәсеке мен соғыста, ашу мен беймазалық үстінде қолданылады.


Драма алдыңғы түр сияқты, оған жеке есімдерге қатысты мақалдар мен қанатты сөздер кіреді.


Эпос – мейлінше көркем немесе әдеттен тыс эмоциялық күшімен ләззат беретін поэзия түрі.


Диаграмма – заң шығарушылар қолданатын поэзия түрі. Онда адамдар жанын күтіп тұрған бақи бқытсыздық бейнеленеді (егер олар бейәдеп һәм шектен шыққан болса).


Эпика мен риторика – ежелгі басқару мен заң формаларын жырлайтын поэзия түрі. Бұнда патшалардың парасаты мен ерлігі, жорықтар мен бастан кешкен қызықты жайттары айтылады.


Сатира дегеніміз – музыканттар ойлап тапқан поэзия түрі. Осы өлшемді олар әндеріне пайдаланып, сол арқылы жабайы хайуандарға әдеттегісіне ұқсамайтын сан алуан қимыл жасатады.


Поэма да – сұлулық пен тұрпайылықты, жүйелілік пен бейберекеттілікті жырлайтын поэзия түрі. Осы орайда  әр поэзияның түрі өзі жырлайтын затқа – сұлулық пен әдемілікке, келістілік пен ұсқынсыздыққа сәйкес келеді.


Амфигеноссос – жаратылыс ғылымдарын баяндайтын оқымыстылар ойлап тапқан  поэзия түрі. Поэзияның барлық түрінен өлең өнеріне дәл келетін сәттісі осы.


Акустика – шәкіртті музыка өнеріне үйрететін поэзия түрі: оның пайдалылығы осымен шектеледі, өзгеше онша қажеті жоқ.


Поэзия білгірлерінен алып Фемистияға бағыштаған философ Аристотельдің тұжырымдарынан оқығанымызды, сонымен қатар бұрынғы жазушылар мен олардың еңбегін түсіндіретіндерден түйгенімізді топшылағанымызда грек поэзиясының кейбір түрлері осындай. Және бұл түрлердің тізіміне қатысты тұжырымдарымызға қосымша пайымдауларымыз айтылады. Енді біз оны жөн  санағандықтан да сол күйінде мазмұндар береміз.


Ақындарды үш топқа бөлген абзал. Біріншісінің табиғи дарыны, өлеңді жазып, келісті оқуға қабілеті бар: олар поэзияның көптеген түрінде, не қайсыбір жеке түрінде бейнелілікке, тамаша теңеулер құруға керемет бейім. Бұл ақындар қандай болғанда да өлең өнерінің сын-сипатымен онша таныс емес, тек алғырлығы мен бейімділігі арқасында жырлары ұшқыр, жүрекке жылы тиіп жатады. Бұл ақындардың туындылары мүлде кемеліне келмегендіктен һәм өнерден берік қоныс теппегендіктен, шын мәніндегі екі ой қорытындысынан үшінші қорытынды туындататындар қатарына жатпайды; тек олардың жалпы поэзиямен айналысатынына қарап, екі ой қорытындысынан үшінші қорытынды туындататындарға қосқанның жөн-жосығы келеді.


Екінші топтағы ақындар — өлең өнерімен толық таныс: қай тәсілді таңдамасын, олар қағиданы да, бейнелеу құралының да қайсысына болсын жетік келеді. Бұндайларды екі қорытындыдан үшінші қорытынды жасайтын ақындар сапына толық  жатқызуға болады.


Үшіншілердің қатарына ақындар мен алғашқы екі топтағының  шығармаларына еліктейтіндер жатады. Олар бейнелеу мен теңеуде  әлгілердің ізденістерін дамытып отырса да, поэзияның қағидаларына онша қанық емес. Осындай ақындарда қателіктер мен мүлт кетулер жиі болып тұрады.


Үш топқа жататын ақындар шығармалары табиғи дарынмен немесе арнайы жаттығу жағдайында туындауы ләзім. Жоқтау жазуға икемделіп, төселген адамды кейде жағдай сатира немесе басқа поэзия түрлерін де жазуға мәжбүр етеді. Сондай-ақ өнерді зерттеп, белгілі поэзия түрін меңгеріп, басқаларға немқұрайды қарамайтын жанды, ерекше себептерге байланысты — өзі білмейтін түрде жазуға сыртқы не ішкі жағдай итермелейді. Дегенмен, ғажап поэзия еркіндікте тумақ.


Одан әрі ақындар өлең жазуда кемелденгендігімен не балаңдығымен айрықшаланады: бұл құбылыс шайыр ойының әсерімен, не оқиға өрбітумен, не өлең  тақырыбына байланысты пайда болады. Ал алғашқылармен салыстырғанда ақын идеясы өте-мөте пайдалы, кейде залалды болуы мүмкін, өйткені қажетті психологиялық шарт кейде басым, кейде тіпті жоқ болмақ: дегенмен, аталмыш тұжырымда бұған қатысты уақ-түйекке іркілгеніміз дұрыс: қалай болғанда да, бұл этика мен физиологиялық жай-күй, оның жеке салдары туралы кітаптарда айқын келтірілген. Зады, өлең тақырыбына аялдағанда, кейде ұқсас заттарды өзара теңегенде, ұзақ сонарға түсіп кетеміз, ал басқа жайда өзінен-өзі көрініп тұр ғой. Бұндай сәтте ақын кемелділігі мен  балаңдығының темірқазығы – заттардың ұқсастығының түр-түсіне қатысы бар.


Кейде қайдағы бір әрі-сәрі дәлдүріштердің нағыз шебердің туындысына бергісіз керемет өлең шығаруы таң қаларлық емес. Бірақ оның себебі тек сәйкестік пен кездейсоқтықтан деп білген дұрыс, ондайларды екі  қорытындыдан үшінші қорытынды жасайтындардың сапына жатқызуға  әсте болмайды.


Теңеу де өз көркемдік дәрежесімен ерекшеленеді. Бұл заттың – тақырыптың өзінен туындайды, теңеу дәл келе ме, жоқ, жуықтай ма немесе бір-бірімен тым алшақ екі затты қосымша кейіптеу арқылы суреткерге тән тәсілмен ұқсастыру – әрбір ақынның шеберлігіне байланысты. Мәселен, ақын А мен В, В мен С-ны айқын көрініп тұрғандай салыстырады, өйткені, А мен В арасында ұқсастық белгілері мен сәйкестігі, В мен С-ға да барабар. Сонымен ол А мен С бір-бірімен соншама алыс бола тұрса да, тыңдаушы мен айтушыға оның ұқсастық идеясын жеткізіп беретіндей етіп баяндайды. Дәл мұндай әсерді тек өнер кемелдігі ғана шақыра алатыны кәміл. Бұған ұқсас мысалды қазіргі ақындар тәжірибесінен мол ұшырастырамыз; олар жыр жолының соңына ұйқас үшін сөз қоярда тіркес алдына соның мәнін ашатын сөз таңдайды. Онысы шынында да шұғылалы сезімге бөлейді.


Енді осы өнер біліктері мен суретші арасында кейбір сәйкестік бар екенін еске сала кетеміз. Өлең өнері сөзбен, ал сурет (жанды жазу) өнері бояумен құлпырады, олар осымен ғана бөлек; ал іс жүзінде екеуі де ұқсас; екекуі де адам сезімі мен ойына еліктеудің көмегімен әсер етеді. Сонымен өлең өнері ілімінің жетістігін зерттеу үшін осындай жалпы қағидалардың пайдасы бар. Осыларды жеріне жеткізе талдауға да болар еді; тек ондай қаракет аталмыш өнерде басқа өнердің есесінен бір жақсы мамандануға ұрындырады; сол себепті  ол бұл тұжырымның үлесіне жатпайды. Осымен, Әбу Нәсір Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тарханның өлең өнерінің қағидалары туралы жазған трактаты тәмам болады.



(«Өлең өнерінің қағидалары» трактатынан. Аударған Аян Нысаналин)



Асылбек Жаңбырбай










Әзірлеген Асылбек Жаңбырбай

 

жалғасы

Бөлісу:

Көп оқылғандар