Жиырмасыншы жылдар журналистикасы Том 1
«Жиырмасыншы жылдар журналистикасы» көптомдығының бірінші кітабы «Еңбекшіл қазақ» (1923-1924 жж.) басылымында жарық көрген өткір де өзекті публицистикалық жарияланымдарды қамтиды. ҚазАКСР-ның ресми органы болғанына қарамастан басылым беттерінде үкіметтің түрлі бұйрық-жарлық, қаулы-қарарларымен бірге ел өмірінің, жұрт тынысының ішкі иірімдерін аңдататын қоғамдық-саяси, мəдени-шаруашылық тақырыптардағы көсемсөздер жарық көрді. Бұл көсемсөздердің арасында пікірталасқа құрылған, ұлттық мүддені ұлықтаған жарияланымдар да аз емес. Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Сералин, Жүсіпбек Аймауытов, Елдес Омарұлы, Смағұл Сəдуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Сəкен Сейфулин, Тұрар Рысқұлұлы т.б. авторлардың толғақты ой-тұжырымдары басылымды өзгеше қырынан танытады.
Кітап соңында мақалаларға түсіндірме, авторлар көрсеткіші жəне сол кезде қолданыста болған атаулар мен олардың бүгінгі баламалары ұсынылып отыр.
Еңбек зерттеушілерге, журналистер мен тіл-əдебиет мамандарына, студенттерге, магистранттарға жəне көпшілік қауымға арналған.