Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Баллада

Баллада (lang-la| ballo, прованс. balada — билеймін; нем. allade, фр. ballade, итал. ballata — би әні) — өнер жанры; 1) әдебиетте: поэзияның шағын сюжетті лирикалық жанры; 2) музыкада: аталған шағын лирикалық өлеңге негізделіп жазылған би әні. Баллада жанр ретінде орта ғасырда Батыс Еуропа өнерінде қалыптасты. Алғашында, роман шоғырына жататын тілде сөйлейтін халықтардың би әнін, кейінірек Батыс Еуропа халықтарының сюжетті әндерін баллада деп атаған. Әдебиеттегі баллада 12 — 13 ғасырлардағы трубадурлар мен труверлердің дәстүрлі халық өлеңдері мен әндеріне негізделген шығармалардан бастау алады. Ал, 13 — 15 ғасырларда Францияда полифониялық рефренді әндер (Гильом де Машо), Англияда эпикалық тынысты, лирикалық нәзік үнді халықтық балладалар (Робин Гуд туралы) бұл жанрдың қалыптасуына негіз болды. “Робин Гуд және монах”, “Робин Гудтің Вилли мен Статлиді азат етуі”, т.б. балладалар осыны айғақтайды. Балладаның классикалық үлгісі Францияда қалыптасты. 28 жолдан тұратын француз классикалық Балладасы үш сегіз жолдық, бір төрт жолдық шумақтардан тұрады және сюжеті жеңіл не сюжетсіз лирикалық сазды өлең түрінде келеді. Франция балладаның ірі өкілдері: Э. Дешан, К. Маро, Ф. Вийон, П. Ронсар, К. Орманский, Х. Пизанский және т.б. Италия әдебиетіндегі баллада француз балладасынан құрылымы жағынан еркіндеу, стилі жағынан да өзгешерек болады, италиялық балладаның классикалық үлгілері Данте мен Петрарке шығармаларында көрініс тапты. Кейіннен, ағылшын және шотланд әдебиетінде баллада қарқынды дамыды. Және ол сюжетті лиро-эпикалық поэма түрінде жазылды. Англия балладасының ірі өкілдері: Р. Бернс, С. Коллидрж, У. Блейк, Р. Киплинг, Р. Соути, Р. Стивенсон. Германияда баллада алғашында хор әні түрінде қалыптасып, кейіннен антикалық миф пен аңыздарға негізделген лирикалық-эпикалық сюжетті өлең сипатындағы түрлері қалыптасты. Германияда балладаның өкілдері — И. Гете, Ф. Шиллер, Г. Гейне, Л. Уланд,А. Брентано және т.б. 18 — 19 ғасырларда орыс поэзиясында романтизм мен сентиментализм ағымдары айқын көріне бастаған кезеңде балладаның қалыптасуына В. Жуковский, А. Пушкин, М. Лермонтов, И. Козлов, А.К. Толстой, В. Брюсов, т.б. ақындар ерекше ықпал етті. Қазақ әдебиетіне баллада жанрын Ерубаев әкелсе, оның дамып, қалыптасуына Қ. Жармағамбетов ерекше үлес қосты.С. Ерубаевтың “Ақын жыры”, “Үш шахтер туралы баллада”, “Меруерт алқа”, т.б. балладалары болса, Жармағамбетовтың балладалары “Адам туралы аңыз” (1951), “Мұғалима туралы баллада” (1957), “Балладалар” (1962), т.б. жинақ болып жарық көрді. Сондай-ақ, қазақ ақындары Ә.Сәрсенбаев, Ж. Нәжімеденов, М. Мақатаев, Қ. Мырзалиев, К. Мырзабеков, М. Шахановтың балладалары қазақ әдебиетінде оның жанр ретінде қалыптасып, орныға бастағанын көрсетеді. Музыкадағы баллада жанры 18 ғасырда Германияда пайда болды. Оның гүлденуі австр.-неміс музыкасындағы романтизм ағымымен үндес келді (Шуберттің “Орман патшасы”, К. Лев, Р. Шуман, Х.Фольф, т.б.). Неміс мәдениеті ықпалымен баллада жанры Ресейге тарады (А.Н. Верстовский, А.Е. Варламова, М.И. Глинка, П.И. Чайковский, т.б.). Музыкадағы баллада қазірде кең тараған жанр ретінде танылады. Верстовскийдің “Қара шәлісі”, Глинканың “Түнгі байқауы”, А.Г. Рубенштейннің “Балладасы”, Бородиннің “Теңізі”, Мусогорскийдің “Ұмытылғаны”, т.б. осыны айғақтайды. Музыкада Ф.Шопен фортепьянолық балладалар жанрын дүниеге әкелді, бұл жанр кейіннен Э. Григ, А.К. Лядов, т.б. шығармаларында жалғасын тапты. Романтикалық баллада (ария) опералық шығармада да кездеседі (Чайковскийдің “Қарғаның мәткесі”, т.б.). Қазақ музыкасында да баллада жанры туып, өріс ала бастады. Ж.Жабаевтың өлеңіне арнап М.Төлебаев “Туған елім”, Е. Брусиловский мен Қ.Қожамияров фортепьяно үшін, Ғ.Жұбанова баритон дауыс пен симфония үшін балладалар, Қ.Мусин “Сәкен Сейфуллин туралы поэма-баллада” жазды. Қазақ әдебиетіне баллада жанрын С.Ерубаев ("Үш шахтер туралы баллада", "Меруерт алқа", т.б.) окелсе, Қ.Жармағамбетов оны дамытып қалыптастырды ("Бидай туралы баллада", "Мұғалима", "Күзетші", "Кекті бала", т.б.). Жармағамбетовтың балладалары "Адам туралы аңыз" (1951), "Мұғалима туралы баллада" (1957), "Балладалар" (1962), т.б. жинақ болып жарық көрді. Сондай-ақ, қазақ ақындары Ә.Тәжібаевтың, Ә.Сәрсенбаевтың, Ж.Нәжімеденовтің, М.Мақатаевтың, Қадыр Мырза Әлінің, М.Шахановтың жекелеген шығармалары баллада үлгісінде жазылған.

Көп оқылғандар