Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Амангелді Кеңшілікұлы: Жүрек сөзі (күнделік)

11.07.2017 4567

Амангелді Кеңшілікұлы: Жүрек сөзі (күнделік)

2011 жылдың 13 қыркүйегі

Қасымның тойына барып қайттым. Екі нәрседен көңілім қалды. Біріншісі – ақындар айтысы, екіншісі - жазба ақындардың мүшайрасы.

Ақындар айтысында Қасымның қайсар рухы, көркемдік бейнесі ашылмай қалды. Және оның үстіне тақырыптан ауытқып кетіп, айтыскер ақындардың көпшілігі жағымпаздықтың көрігін қыздырып, қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков пен оның көмекшісі Жүрсін Ерманды мадақтап кетті. Айтыстың соңында Мырзатай ағамыз сөйлеп: «Абылай қазақтың басын біріктіре алған емес» дегенде, жүрегім айнып, жерге түкіргім келді.

Жазба ақындардың мүшайрасында бас жүлдені – Ұлықбек Есдәулет жеңіп алды. Мен Ұлықбек Есдәулеттің ақындығын жоғары бағалаймын. Ол туралы «Құс қанатындағы жыр» атты эссе де жазғанмын. Дегенмен, осы жыр додасында бас бәйге жұртқа әбден танылып қалған емес, ауыздығымен алысқан бір жас талантты ақынның қанжығасына байланса, қандай жарасымды болар еді. Соңғы уақыттары өткізіліп жатқан мүшайраларда белгілі бір ақындардың қайта-қайта жүлде алуы үйреншікті құбылысқа айналды. Осындай келеңсіз құбылысты қалай тоқтатуға болады? Білмеймін.

2011 жылдың 14 қыркүйегі

Абайдан соң Алаштың рухын аспандатқан үш ұлы ақынның есімін қазақ әдебиетінің төріне алтын әріппен жазып қояр едім.

Алғашқысы - Мағжан. Арыстан Махамбеттің мінезін қайта тірілткен Мағжан қазақ поэзиясының көгінде асқақ рухтың алдаспанындай жарқылдаған - ақындық сезімнің найзағайы. Ұлтының тәуелсіздігін аңсаған оның жырлары - отаршылдық езгінің құрсауын бұзып шыққысы келіп қопарылған рух жанартауы. Сөз өнерінің биігінде қырандай қалықтап, еркін самғаған Мағжан поэзиясы, құлдық езгіден құтылуды армандаған қазақ топырағына – Алаштың көз жасы болып төгілді.

Өртенген жалау кімдікі?

Кім өртенген гүлдемей.

Кім таланған, кім кедей?

Өртенген жалау соныкі, -

Ендеше қазақ сенікі!

Азаттық жалау кімдікі?

Көре алмаса кім теңдік?

Тепкі көрсе, кім кемдік,

Азаттық жалау соныкі.

Ендеше қазақ сенікі!

Қанды жас жалау кімдікі?

Кімнің ұлы құл болса,

Тұлымдысы тұл болса,

Қанды жас жалау соныкі.-

Ендеше қазақ сенікі!

Мағжандарды қынадай қырған қанды репрессиядан соң қазақ рухы кеңестік империяның қанды шеңгеліне түсті. Дәл осындай ауыр заманда өлеңдерімен дауыл тұрғызып рух патшалығына - Қасым келді. Және қазақ екенін айғайлап, айдай әлемге жар салды.

Ей тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы,

Танимысың сен мені?

Мен қазақтың баласы!

Қасым поэзиясы - Мағжандардан соң қынабынан қайта суырылған рух алдаспаны еді. Мағжандар мен Қасымдардың заңды жалғасындай болған Мұқағали сол ұлы рухты әлем әдебиетінің биігіне көтеріп тастады. Алайда Қасым болмаса, Мұқағали поэзиясы сол орбитаға шыға алмайтын еді.

Абайдан соң қазақ рухының алғашқы найзағайы болып жарқырауды - Алла Мағжанның маңдайына жазды.

Қасым сол рухты сақтап қалып, оны ұлттық әдебиетіміздің ұлы биігіне көтерді.

Мұқағали сол асқақ рухты әлем әдебиетінің биігіне қондырды.

2011 жылдың 15 қыркүйегі

«Ревизор» комедиясының сахналанған қойылымның бірде-біреуіне Гогольдің көңілі толмапты. Себебі ұлы жазушының айтқысы келген негізгі ойын, сол дәуірдегі режиссерлардың ешқайсысы түсінбеген.

Гоголь «Ревизор» шығармасы арқылы қоғамның өтірік болмысын әшкереледі. Ақиқатында көрерменді қыран топан күлкіге батыратын Хлестаковтың өтірігі – қоғамның шындығы. Сайтанның тұзағына ілінген қоғам ойдан шығарылған өтірігіне кәміл сенеді. «Ревизорда» үлгі алуға тұратын, өтірік айтпайтын бірде-бір кейіпкер жоқ.

Өтірік - тіршілік үшін күресудің жалғыз жолына айналған. Патша –министрлеріне, министрлер –қарамағындағы шенеуніктерге, шенеуніктер - қарапайым халыққа өтірік айтып – бүкіл қоғам өтіріктің батпағына батып барады. Ең қорқыныштысы қоғамның өзі де сол ойлап тапқан өтірігіне кәміл сеніп, имандай ұйыған.

Хлестаков ойдан шығарған 100 пайыз өтірігіне қарамағындағыларды иландырып қана қоймай, өзі де оған қалтқысыз сенеді. Хлестаковтың айтып отырғандарының бәрі шын мәнісінде қоғамда болып жатқан, көпшіліктің еті үйреніп кеткен – қалыпты құбылыс. Өтірікпен санасы уланған халықты түзу жолға салу мүмкін болмай барады. Өйткені өтірік айту өмір сүрудің заңдылығына, керек десеңіз, тіпті, басты мұратына айналған.

Қолыңнан келсе патшаны өтірік мақтап, көзіне түсіп лауазымы жоғары қызметке қол жеткіз. Ол үшін, патшаның көңіліне майдай жағатын бұрын-соңды болмаған өтірікті ойлап тапсаң, тіпті, керемет! Қолыңнан келсе өтірік көлгірсіп, билікке жақсы көрініп, жағдайыңды түзеп ал. Биліктің тапсырмасын екі етпей орындап, әр уақыттың өз моральі болатыны туралы өтірікпен жүрегіңді жұбатып, ар-ұятыңды саудалаудан да ұялма. Қолыңнан келсе өзіңді өтірік мақтатқызып, халықтың абызы болып көрінгін. Қолыңнан келсе, өтіріктің құдіретті күшін пайдаланып, атақ-абырой алғын. Қолыңнан келсе, өтірік айтып, қонышыңнан бас. Қолыңнан келсе....

Шындық ше? Жоқ айта көрмеңіз. Шындықты айтсаң бәрінен қағыласың. Шындық – ұшпаққа жеткізбейді. Шындықты - патша да, билік те, қара тобыр да, тіпті, осы сөзді жазып отырған мына сен де жек көресің. Шындықты айтсаң бәрі сенен ат-тонын ала-қашады. Сайтан салтанат құрған қоғамда шындыққа орын жоқ. Сайтан салтанат құрған уақыттың патшасы - өтірік, өтірік, тағы да өтірік. Неғұрлым өтірікті көп айтқан сайын, соғұрлым беделің өсе түседі. Неғұрлым өтірікті көп айтқан сайын, жұрттың сүйкімдісіне айналасың. Атақ-даңқ, қызмет.. бәрі-бәрі тек өтіріктің арқасында келетін, қол жеткізуге болатын қоғамның игілігі. Тіпті, өлген соң да сен туралы қоғамдағы қалыптасқан өтіріктің арқасында атағың дүрілдеп жатады. Ендеше адамға пайдасыз, ащы шындықтан гөрі, дәмін татқан сайын, жаныңа майдай жаға түсетін тәтті өтірік, мың есе қымбат емес пе?...

2011 жылдың 19 қыркүйегі

Міне, менің Астанаға қоныс аударғаныма бір жылдан асты. Құдайға шүкір! Бұл жыл мен үшін жемісті жыл болды. Ең үлкен шығармашылық табысым Мұқағали туралы кітабымды жазып тастадым. Кітабымды оқып шыққан Айгүл Аханбайқызы мен Ерболат Қамен шын жүректерімен жақсы мақала жазып, жылы лебіздерін білдірді.

Жақсы дүние жазғанымды жүрегім сезеді. Ал бұл шығарманың дүниеге келуіне кездейсоқ оқиға себепші болды. Астанаға келген соң біраз уақыт бойы қолыма қалам ұстауға зауқым соқпады. Қарайып қалмас үшін бір күні мен Ромен Ролланның «Толстойдың өмірі» атты ұлы жазушының шығармашылық, һәм жеке өміріне де соншалықты терең бойлаған, ыстық ықыласпен жазған дүниесін қазақ тіліне аударуға кірістім. Асықпай алты ай бойы аудардым. «Әлем әдебиеті», «Өркениет», «Жұлдыз» журналдарында жарияланды.

Сүйікті ақыным Мұқағали туралы сүйекті шығармамды жазуға Ромен Ролланның эстетикалық мақалалары себепші болды. Жазушының Толстой туралы дүниесін қазақ тіліне аударып болған соң, Ромен Ролланның танымдық мақалаларын оқуға құлшыныс пайда болды. Студент кезімде француз классигінің Бетховеннің өмірі туралы жазған «Жан-Кристоф» деген төрт кітаптан тұратын көлемді романын оқып шыққанмын. Іссапармен Алматыға барғанымда Букинистке арнайы соғып, Ромен Ролланның бірнеше кітабын сатып алдым.

Астанаға келген соң кітаптан бас алмай жазушының көп дүниесін, әсіресе, эстетикалық мақалаларын бірнеше рет сүйсініп оқып шықтым. Солардың ішінде Шекспир туралы жазған төрт эссесі маған қатты ұнады, керемет әсер етті.

Ұлы жазушының эссесі атасының Шекспирдің кітабын қалай алып келгені, оны алғаш оқыған кездегі алған әсерін суреттеуінен басталады. Эссенің ұнағаны соншама, бір емес қайта-қайта бес –алты рет оқыдым.

Бір уақытта «неге Мұқағали туралы дәл осындай бір жылы дүние жазбасқа?» деген бір тамаша ой келді басыма. Алматыға алғаш келген кезімде Асқар деген досымның Мұқағалидың өлеңін оқып бергені т.с.с өмірімде болған талай оқиғалар есіме түсіп, әр нәрсені ойлап, ұлы ақынның рухы мені мазалай берді.

Тәуекел етіп, Мұқағали туралы дүниемді жазуды бастап кеттім. Менікі де төрт эссе болып шықты. Қазақстан Жазушылар одағының «Ан Арыс» баспасы кітап етіп басып шығарып, тойға тарту етті. Жазған дүниелерім республикалық «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» басылымдарында жарық көрді. Оқырмандар жылы қабылдады. Сүйсініп оқығандарын айтып, шалынған телефондарда есеп жоқ.

2011 жылдың 26 қыркүйегі

Біраз уақыттан бері мені Толстойдың рухы мазалап жүр. Ұлы жазушы туралы бір дүние жазғым келіп сан мәрте оқталсам да, жүрегім дауаламай қойды. Алматыға іссапармен барғанымда Букинстен Толстойдың 28 томдығын сатып алғанмын. Шығармаларының бәрін түк қалдырмай, «Севастополь әңгімелері,» «Казактар», «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», «Арылу», «Қажымұратты», тіпті, екі реттен оқып шықтым. Ұлы жазушыны оқып, ойларымды қопарғандай боламын.

Толстойдың барлық шығармасында жеке өмірінің таңбасы бар. Әрине, кемеңгердің қаламынан туған дүниелердің бәрін керемет деп айтуға аузым бармайды. Жиырма сегіз томда «Маркердің жазбалары», «Люцерн», «Альберт», «Үш өлім» сияқты Толстойдың қаламынан туған шығармалар деп айтуға аузың бармайтын әлжуаз туындылар да жоқ емес...

Жиырма төрт жасар Толстой алғашқы жазған «Балалық шақ» атты тырнақалды повесімен-ақ әдебиетке ұлы жазушы болып келді.

«Балалық шақты жазған кезімде, маған дейін ешкім де сәбилік дәуреннің ғаламаттығын дәл осылай сезініп, оның поэзиясын дәл осылай суреттей алмағандай болып көрінді», деп жазды Лев Толстой елу жыл өткеннен кейін. Шығармада балалық шақтың поэзиясы сәбидің жан дүниесінде өмір сүреді. Толстой бұл шығармасын Севастопольда, жау оғының астында жүріп жазды. Күннің алтын сәулесіндей жарқыраған сәбилік өмірдің картинасын салу үшін Толстойға қандай жүректің сабырлығы керек болды десеңізші.

«Балалық шақтағы» шешесі мен әкесінің бейнесі Толстойдың шығармашылық қиялының жемісі. Ұлы жазушының қарындасы С.Н.Толстая «Балалық шақтағы» шешесін «мүлде ойдан шығарылған бейне» деп есептейді, өйткені жазушының шешесі, Лев Николаевич екі жасқа толғанда дүние салған болатын. Белгілі тарихшы және әдебиеттің теоретигі Д.Н.Овсянико-Куликовский да шешесінің образының шындыққа сәйкес келмейтінін жазған-тұғын....

Жалпы мен алдағы уақытта үш үлкен эссе жазбақ ойдамын. Гогольге қайта оралмақшымын, екіншісі - Толстой жөнінде жазылатын көлемді дүние болатын шығар, үшіншісі – Шекспир.

Гоголь туралы жазбақ эссем ойымда сайрап тұр. Уақыт тауып жазып тастау керек. Эссемнің аты - «Сайтанның шындығы». Бұл эссемде Гогольдің «Ревизор» мен «Өлі жандар» туындыларын талдамақшымын.

Екіншісі – «Толстойдың жаны». Бұл шығармам көлемді дүние болғалы тұр. Толстойды қатты зерттеп жатырмын. Толстой арқылы жанның тазалығы туралы кесек-кесек ой айтқым келеді. Ұлы жазушының ойларының дәл қазіргі қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тереңірек сезіне түскендеймін.

Үшіншісі «Адамзаттық қасірет». Шекспирдің шығармаларын қайта-қайта оқып шығып, оның шығармашығын зерттеген әдебиеттанушылардың ешқайсысы да байқамаған бір үлкен жаңалықты ашқандай болдым. Шекспир өзінің бүкіл шығармасында өмірдегі барша қасіреттің адамның екіжүзділігінен басталатынын жазған.

О, ұлы Жаратушы! Жазбақ дүниелерімнің ойымдағыдай болып шығуына көмектесе гөр! Бір Аллаға сыйындым!

2011 жылдың 28 қыркүйегі

«Саясатқа араласпаймын, таза шығармашылықпен ғана айналысамын» дейтін жазушыларды елдің келешегі үшін жаны ауырмайтын, жеке басының тыныштығынан өзгені ойламайтын тоғышар немесе қорқақ адамдардың қатарына жатқызамын. Елдің байлығы тоналып, несібеміз жатқа бұйырып, рухымыз құлдырап, тіліміз шалажансар күйге түсіп, әлеуметтік ахуал да күрделеніп, жұмыссыздық белең алып, халық қайыршылыққа ұшырағанда тамағын тойдырып, тыныш ұйықтап, бұрқыратып әңгімесін жаза беретін ақында қандай ұлы сезім болуы мүмкін?

Дей тұрсақ та қоғамда халықтың емес, жеке басының қамын күйттеп саясатқа араласатын екіжүзді ақын-жазушылар көбейіп кетті. Бірте-бірте олардың іс-әрекеті қоғамды аздырып-тоздыратын күшке айналды. Басқасын айтпағанда олар, тіпті, ұлттық мүддені сатқаннан да ұялмайтын, арланбайтын болып алды. Атақ-даңқ пен мансапқа жету үшін жағымпаздықтың жазылмайтын дертіне шалдықты. Жағымпаздық оларды ақылынан адастырып, халқына, өткен тарихына топырақ шашатын сорлы күйге жеткізіп, мұның ақыры өз ұлтына қарсы «қарапайым фашизмге» ұласты.

«Бізде мемлекет болған емес. Шекарамыз болған емес», «Қазақ хандарының ешқайсысы да саммит өткізе алған жоқ», «Бұрынғы хандарымыз қазақтың басын біріктіре алмады» т.с.с ұлттық намысымызды аяққа таптап, рухымызды қорлайтын фашистік сөздерді Қазақстаннан басқа қандай елдің «зиялылары» айтыпты? Есіңізге түсіре аласыз ба? Неге біз соншалықты сорлымыз? Биліктің алдында құрдай жорғалап, ұлттық мүддемізді сатуға дайын тұратын құлдық санадан қалай құтыламыз? Қалай?

Орыс жазушысы Достоевскийдің күнделігінен «Әдебиетте құлдық болмауға тиіс» деген аталы сөзді оқып едім. Ал, біздің бүгінгі әдебиетіміз рухынан айырылып, күннен-күнге жаппай құлдыққа мойын ұсынып барады.

Әдебиет – ұлттың рухы. Ұлттық рух төмендеген жерде - ұлы әдебиет тумайды. Әдебиет рухын жоғалтса – ұлт өледі. Біздің рухымыз өліп қалған жоқ па осы? Үрейлі сауал.

2011 жылдың 10 қазаны

Ақын Тұманбай Молдағалиев дүниеден өтті. Қайран Тұмаға! Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойында бірге болып едік. Бір киіз үйден дәм таттық. Дастархан басында әңгімелесіп, Алла жазса сексенжылдықтың қарсаңында ақынның шығармашылығы туралы да бір үлкен дүние жазбак ойымда бар екенін айтқанмын. Тұмағаң балаша мәз болып, көздері күлімдеп, құдды, сол жазбақ болып жүрген мақаламды оқып қойғандай қуанған.

Тұмағаң қазақ поэзиясына көктемнің жылы лебін алып келген талантты ақын. Ол 1957 жылы жарық көрген «Студент дәптері» атты тырнақалды туындысымен-ақ поэзиямыздағы сыршыл лиризмді қайта тірілтіп, жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, сол уақыттағы ақын жүрегінен туған нәзік те, биязы жырларды қазақ жастары айрықша сезімге бөленіп, тебіреніп оқыды. Оның поэзиясында жарық пен жылу мол еді.

Жарығы мен жылуы мол жырлар мәңгі сөнбейді. Ғасырлардан ғасырға жалғасып, әдебиетке келген жаңа толқынның көкірегінде ізгіліктің шырағын жағып, миллиондаған жүректерді жаулап алады.

«Дауыстары кететұғын мың жылға,

Ақындарды теңемеңдер бұлбұлға.

Ақын жыры айғай салып тұрады,

Үнсіз өзі жатқанымен бір қырда.

- Бармын! – дейді...

Бармайды аузың жоқ деуге,

Ақын жыры жайсаң жігіт, от кеуде,

Қыс түскенде сәл-пәл оны ұмытасаң,

Құспен бірге оралады көктемде».

Қош, көктем жыршысы! Сіз жаққан сұлу жырдың сәулесі мәңгі сөнбейді. Қара суық күзде сізбен қоштасқанымызбен, өзіңіз дүние есігін ашқан көктемде есімізге алып, жырларыңызбен қайта қауышатын боламыз әлі!

***

Сағынатын кімім бар енді менің?

О бастан-ақ бақытым кем, білемін.

Әкем байғұс ерте өлді,

азамат боп

Баурай ала білдім бе ел жүрегін?!

Сағынатын кімім бар сол ауылда,

Кім құшағын жаяды қонарымда?

Әпкем жатқан тас қабір өмір бойы

Жас боп тұнып тұрады жанарымда.

Сағынатын кімім бар, досым бар ма,

Бақ деп ұғар басымыз қосылғанда?

Мен секілді олар да кеткен шығар

Тұрғаннан соң бақыты тосып алда.

Сағынатын кімім бар, інім бар ма,

Тұрғызатын орнымнан жығылғанда?

Бар болса олар ағасын іздер еді-ау,

Ашы жаңбыр көзіме тығылғанда.

Сағынатын кімім бар, қарындас па?

Маған тағдыр бермепті бәрін баста.

Жаман ойлап қала ма мен туралы,

Жалбалақтап қол берсем ауылдасқа.

Сағынатын кімім бар, жоқ демейін,

Өкпелесем тағдырға өкпелейін.

Ақ жаулықты кәрі әжем көрші үйдегі

Түске кіріп жүреді көпке дейін.

Сағынатын кімім бар, анам өлді,

Сағыныштар қалайша ада болды?

Бала күннің достарын сағынамын,

Өзім жүрген сағынам қара жолды.

Сағынатын кімім бар, тілегім бе?

Тілек-кетті кімдердің жүрегінде.

Тұлым шашы желбіреп жүрген қыздар

Аман ба екен, бар ма екен бұл өмірде?

Сағынатын кімім бар, думан, жиын,

Сол баяғы арманды қуған күйім.

Бір қиялға берілсем оңашада

Көз алдымда тұрады туған үйім.

Сағынамын өзіңді, жоқ күмәнім.

Өтіп кеткен күндерді көп қуамын.

Бір бақытым кездесіп қалардай боп,

Саған жолым түссе екен деп тұрамын.

2011 жылдың 13 қазаны

Қалай десек те, бәрібір алпысыншы жылдары әдебиетке келген Тұмағаңдар мен олардың замандастары - бақытты ұрпақ. Шығармашылықпен емін-еркін айналысу олардың негізгі жұмысы болды. Олар әдебиетпен тыныстап, әдебиетпен өмір сүрді. Ол уақыттары бір жинағың шықса, алатын ақшаң бір жыл емін-еркін өмір сүруге молынан жететін.

Әлі есімде. Әкем марқұм бір жылдары жұмыссыз қалды. Сонда әкемнің баспалардан шығатын кітаптарға рецензия жазғанына төлеген тиын-тебеніне, газет-журналдарға шыққан өлеңдері мен мақалаларының қаламақысына күн көрген кезіміз болды. Бір күні әкем жұмыс істемесе де айына бір мың рублге жуық ақша тауып тұрғанын айтып, салық төлеген кітапшасын көрсетіп, маған мақтанған-тұғын. Бір мың рублге жуық ақшаны ол кездері министрлер де алмайтын. Олардың айлық табысы әрі кетсе 400-500 рублден аспайтын.

Жасым қырықтың үшеуінен асты. Бес кітабым шықты. Ең алғашқы жарық көрген «Ақ жауын» атты сын мақалалар жинағыма қырық мың теңге қаламақы берді. Ол ақша бір пальто сатып алуға ғана жетті. Одан кейін шыққан «Қарлығаш-дәурен», «Сөз патшасы», «Қазақты сүю», «Мәңгілік сәулесі» кітаптарыма соқыр тиын қаламақы алған емеспін. «Қарлығаш-дәуренді» - «Сорос Қазақстан» қоры, «Сөз патшасын» - Абай Жүнісов деген бизнесмен інім шығарып берді. Таза жазушылықпен айналысқысы келген адам, мына бүгінгі қатал тіршілікте аштан өлуі де ықтимал. Ал ол өліп қалса, аузыңа су тамызбайтын мына заманда оның бала-шағасын кім асырайды?

Тәуелсіздікпен бірге орнаған сұмырай уақыт қазақтың талай ғажайып ақын-жазушыларының сағын сындырды. Жазушы Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» романында Біржанға назаланған ұлы Абайдың «Сен жұмсалдың. Сені жұмсады» деп қатты айтып тастайтыны бар.

Өнер адамы жұмсалмауға тиіс. Жүрегі кірлеген адамның жан әлемі де былғанады, рухы өледі. Ұлы жазушы Гогольдің бұл туралы «Портрет» атты керемет повесі бар. Міне, осы повесінде ұлы жазушы: «Қарапайым адамдарға кешірілетін пендешілік, талантқа кешірілмейді» деп жазады.

Ақын – Алланың жердегі сәулесі. Сондықтан оның жүрегі адамдарға шуақ шашып, алтын күннің шапағындай ерекше жарқырауға тиіс. Өкінішке қарай жаны күйзелген, рухы құлазыған қазақ қоғамында жүрегі ластанбаған ақын қалмай барады. Заман ауырлаған сайын, ақындардың бәрі құлқынының құлына айналып кетті. Мұндай жағдайда біз халықтың еңсесін қалай көтереміз, әдебиетіміздің көсегесін қалай көгертеміз, ұлтымызды рухани ашаршылықтан қалай құтқарып қаламыз? Кейде осындай ұстара сауалдар мазамды алып, түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмай шығамын. Кеше тексеріліп көрсем, жүрегімнің соғуы тым жиілеп кетіпті. 104 –ке жетіпті. Байғұс жүрегім-ай! Сенің не жазығың бар еді, соншама?

Қойшы, тәйірі! Сол сенің жұдырықтай жүрегің де сөз болып па? Қазір бүкіл қазақтың жүрегі қан жылап жатқан заман емес пе? Мүмкін қазақтың жүрегінің соғуы баяулаған сайын, менің жүрегім қаттырақ дүрсілдейтін шығар. Орыс ақыны Андрей Вознесенский бір өлеңінде «Ресей мен сенің бір тамшы қаныңмын. Сен ауырсаң, мен де ауырамын» деген екен.

Ұлтты құтқарып қалудың қандай жолы, амалы бар? Білмеймін. Биліктегілер халықты сүліктей сорып, тонаудан басқаны ойламайды. Зиялыларымыз кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып жүр. Анау жоғарыдағы кісіге өлгенше тақта отырғаннан басқа ештеңенің де керегі жоқ. Ұлтқа үлгі қылатын адам қалмады қоғамда. Бәрі құрдымға кетіп барады. Тіл де, діл де, рух та, ар-ұятымыз да, әдебиетіміз де..

Әдебиетімізде ар-ұятын саудалап, ақын болып ойнап жүрген әртістер көбейді. Бір қызығы олардың бәрі де әрі жақсы өмір сүргісі, әрі ұлы ақын болғысы келеді. Ақын болудың ұлы құрбандық екенін түсінбейді. Ең қорқыныштысы аяғының бүрі, аузының дуасы бар ақындардың өзі «ақындардың патшасы» болғысы келген мұратынан айнып, «патшаның ақынына» айналып жатыр. Қарағандыда тұратын Серік Ақсұңқарұлы деген ақынды жақсы көруші едім. Әкем марқұм да оны ерекше қадірлейтін. Өз басым Серік ағамның талантын, азаматтық позициясын жоғары бағалайтынмын. Шамасы ол да өмірден шаршаған болуы тиіс, ана жолы билікті мадақтап мақала жазды, іле-шала Елбасыға поэма арнап бір күнде «патшаның ақыны» болып шыға келді. Соншама төмендейтіндей оның басына не көрінді екен?

«Патшалардың ақыны» деген сөз ең алдымен ұлы композитор Бетховеннің дуалы аузынан шыққан. Бір күні Гете мен Бетховен екеуі Теплицеде қыдырып келе жатып ханшайым мен оның нөкерлерімен кездесіп қалады. Гете жапалақтай жалпылдап барып, басын жерге тигізе жаздап иіліп ханшайымға сәлем береді. Бетховен ханшайымның алдынан мұрнын көкке шүйіріп өте шығады. Ханшайым мен оның нөкерлері кетіп қалған соң Гете тым қатты жағымпазданып кеткеніне ыңғайсызданып Бетховеннің қасына келеді. Сонда Бетховен Гетеге:

- Мен сені ақындардың патшасы ма деп жүрсем, сен бар жоғы патшалардың ақыны екенің ғой – дейді. Не айтарын білмеген Гетенің аузына құм құйылыпты.

жалғасы бар...

Теги: Күнделік

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар