Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Амангелді Кеңшілікұлы. Жүрек сөзі – 4...

24.07.2017 5425

Амангелді Кеңшілікұлы. Жүрек сөзі – 4

Амангелді Кеңшілікұлы.  Жүрек сөзі – 4 - adebiportal.kz

(Күнделік. Жалғасы)

5 қаңтар 2012 жыл

Тағы бір жыл басталды. Баяғыда жүрегіміз лүпілдеп, жаңа жылдан ылғи да бір жақсылық күтетінбіз. Ал, қазір келген жыл қандай ауыртпашылық немесе қайғы әкеледі екен деген алаңдаумен күнімізді өткізетін болдық.

Жыл келген сайын - қымбатшылық. Жыл келген сайын - күнкөріс қиындап, қайыршылық күшейіп барады. Жыл келген сайын – рухымыз әлсіреп, әділетсіздік салтанат құрып жатыр. Жыл келген сайын - байлар құтырып, кедейлердің соры қайнаған үстіне, қайнай түскен заман бұл.

Мына сұмырай уақытта жақсы өмір сүру үшін, қу, сұмпайы, алаяқ, сатқын, екіжүзді, ештеңеге жаны ашымайтын тасбауыр болып жаратылуың керек. Мұндай құлдық сана бәрімізді, мемлекетімізбен қоса орға әкеліп құлатпай ма бір күні.

Жаңаөзен оқиғасынан соң тіршілікте араласып жүрген ақын-жазушыларымның көбісінен көңілім қалды. Дегенмен біраз нәрсеге көзім ашылғандай. Ұзақ жылдар бойы жанымды мазалап жүрген «неге бізде Батыс елдері немесе Ресей мемлекетіндегідей үлкен әдебиет жоқ?» деген ұстара сауалдың жауабын тапқандаймын. Әдебиетіміздің көсегесін көгертпей жатқан бір-ақ кесел бар. Ол – құлдық сана. Құлдық сана-сезімнен арыла алмаған ақынның жанында халықтың жүрегін нұрландыратын ұлы идеяның өмір сүруі де беймүмкін.

Мемлекетіміздің, тіліміздің, дініміздің, мәдениетіміздің, әдебиетіміздің, президентіміздің.., бәріміздің де түбімізге күндердің-күнінде құлдық сана жетуі мүмкін. Жастарды қызыл қанға бояған Жаңаөзен оқиғасы – құлдық сананың кесапатынан туған трагедияның тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы көрінісі. Осылай жалғаса берсе екінші рет ол трагедияның қашан және қандай формада қайталануы мүмкін екенін көзіңе елестетпек түгіл, ойлауға шошисың...

Теледидардан сөйлеген зиялыларымыз бірінің сөзін, екіншісі қайталап «тыныштық керек, тыныштық керек» дегеннен басқаны айтуға шамалары жетпеді.

Келісемін. Тыныштық бәрімізге де керек. Кім Отанының оқ пен отқа оранғанын қалайды? Бірақ елімізде мызғымайтын тыныштық орнауы үшін ең алдымен әр нәрсені өзінің атымен айтуды және жалған сөйлемеуді үйренуіміз қажет емес пе. Жеті ай бойы ереуілдеген мұнайшылардың зарына билік басындағы атқамінерлер құлақ аспады. Ақыры – мынау. Енді билік осы қанды қырғыннан сабақ алып, қорытынды жасай ала ма? Келесі жолы бұдан да өткен сорақы қантөгістің қайталанбауы осыған байланысты екенін ұмытпаған абзал Міне, сондықтан мемлекетіміз жемқорлықтың батпағына батып кетпей тұрғанда, билікте бір тазарту жүргізу қажет...

Біздің билік үнемі жалған сөйлеп, сөздің майызын тамызып бәрін өтірік мақтайтын жағымпаздарды ғана көтермелейді. Жанына жақындатып, қызмет береді. Ақиқатында мемлекеттің нағыз жауы да, соры да – солар. Қазақта «ауруын жасырған - өледі» деген мақалдың бар екенін бәріміз білеміз. Жағымпаздар – сол ауруды қоздырушы вирустар. Ауруды емдейтін дәрінің орнына, тәтті у ұсынатын – алаяқтар.

«Егер соқыр, соқырды жетектесе екеуі де жардан құлайды» дегенді Інжілден оқығанмын. Біздің билік, неге өз маңайына көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды емес, ылғи бір мемлекетке де, халыққа да жаны ашымайтын «зағиптарды» жинап алған осы? Билік ұлтқа жаны ашитын, оны қауіп-қатерден сақтап қала алатын көкірегі ояу мемлекетшіл азаматтарды емес, ылғи бір сатқындар, алаяқтар, жағымпаздар мен сұмдарды қасына жинап алып елімізді ұшпаққа жеткіземіз деп ойлай ма сонда? Қателеседі. Ел басына күн туса Елбасыны да, елді де сатып кететін солар болады ең алдымен.

9 қаңтар 2012 жыл

Кеше кешке Дархан Қыдырәлімен мейрамханада кездесіп, әдебиет туралы кеңінен әңгімелестік. Ю. Селезневтің «Достоевский» деген кітабын оған оқуға бердім. Менің бұл талантты жігітпен танысқаныма біраз уақыт болды. Іш тартып, туған бауырымдай жақсы көріп кеттім. Мұстафа Шоқай туралы жазған кітабын аса үлкен сүйіспеншілікпен, қызыға да, қызғана оқып шықтым. Арпа ішінде бір бидайдай аз болса да, билікте де осындай ақылында сәулесі бар азаматтардың жүргеніне іштей қуандым. Шүкіршілік еттім.

Дархан бауырыма қатты риза болғаным Мұстафа Шоқайды егжей-тегжейлі, бар ынта-жігерін салып зерттепті. Кітаптың керемет жазылғаны соншама, кешке таман оқи бастап, бір түн бойы ұйықтамай соңына қалай жеткенімді байқамай қалыппын. Дарханның Алаштың ұлы перзенті Мұстафа туралы жазған еңбегі көркем романға бергісіз туынды. Кітапты оқып шыққан соң жүрегім елжіреп, бүкіл саналы ғұмырын Алашқа арнаған азаматтың тағдырын түсініп, көңіліме мұң ұялады.

Гетенің Фаустында Жер Рухының «Сен өзің танымақшы Рухқа теңсің» деп айтатыны бар. Жалпы Дарханның өзінің бойында да Мұстафаның рухынан жұққан тектілік бар. Білімді. Бірақ сонысына қарамастан өте кішіпейіл. Кездесіп әңгімелескен сайын білдімділігіне тәнті болып қайтамын. Күні-түні биліктің мазасыз жұмысын атқара жүріп, соншама білімді қай уақытта жинаған. Таңғаламын. Мұстафа Шоқай туралы еңбегін Дархан отызға толмай-ақ жазыпты. Егер отызға толмай жатып осындай дүние жазса, келешекте бұл жігіт әлі талай дүниені қопарады. Алла болашағынан зор үміт күткізетін осындай жігіттерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін!

17 қаңтар 2012 жыл

«Халық сөзі» газетіне сұхбатым шығыпты, телефонмен берген. Журналист қыз айтқым келген ойымды дұрыс жеткізе алмапты. Енді баспасөзге сұхбатты жазбаша түрде ғана беруді ұйғардым. Ауызша айтқанда ойыңды жинақтай алмай қалады екенсің. Хабарласқан журналист қыз мені «әдебиетте дағдарыс бар ма?» деген сауалға байланысты әңгімеге тартқан еді. Жеткізе алмаған ойларымды ақыл таразысына салып, қайта бір салмақтап көрмекшімін.

Соңғы жылдары мен мынандай бір келеңсіз құбылысты байқадым. Жасы жетпістен асқан кейбір ақсақал жазушыларымыз сөз өнерінің алтын дәуірі аяқталғанын айтып, әдебиеттің жаназасын шығаруға тым асығатын сияқты.

Ақиқатқа жүгінсек қазақ топырағында ХVІІІ бен ХІХ ғасырдағы Еуропа мен Ресейдегідей немесе ХХ ғасырдағы Жапония мен Латын Америкасындағыдай адамзатты толғандыратын ой ойтқан әдебиет әлі туған жоқ. Міне сондықтан қазақ әдебиетінің рухани потенциалы әлі таусылған жоқ, өзін таныта алатын мүмкіндігі әлі зор.

Еуропаның уайымдауына болады. Адамзат баласының барлығының аузын ашқызып, көзін жұмғызған Сервантес, Шекспир, Байрон, Гете, Бальзак, Гюго, Моппасан, Флобер, Золя..., Камю, Кафка, Сартр, Манн, Ремарк пен Хэмингуейлерден соң расында да әлемді таң қалдыратын шедевр туғызу қиын-ақ.

Жапондардың салы суға кетсе жарасады. Акутагава, Мисима, Абэ, Кавабата, Оэлардың шығармаларынан соң жаңалық ашу шындығында да қиын. Әлем олардың шығармаларын құмартып оқыды.

Ресейдің де көңілсіз ойға батуына әбден болады, Пушкин, Лермонтов, Тютчев, Достоевский, Толстой, Тургенев, Чехов пен Бунии сияқты ұлы ақын-жазушыларды өмірге әкелген. Соған қарамастан Ресей әлі күнге дейін ұлттық әдебиетінің келешегіне зор үмітпен қарайды. Күдерін үзбейді. (Әрине Иосиф Бродский сияқты «жиырмасыншы ғасырда орыс әдебиеті шын мағынасындағы үлкен проза туғыза алмады» дейтіндер орыстарда да табылады).

Соншама сары уайымға салынатындай бізге не болды? Құдды қазақ әдебиеті бәрін тындырып тастап, бүкіл әлемді таң қалдырып қойғанымыздай өркепіп сөйлеуімізге не жорық? Күллі адамзат баласының бәрін толғандыра алатын ұлы ой айта білген Абайымыздан басқа кіміміз бар біздің? Оның өзін әлемге мойындата алғанымыз шамалы, өкінішке қарай.

Өнердің биік талаптарына жауап бере алатын үлкен әдебиет адамгершілік ұлы мұраттар төңірегіндегі айтыс-тартыстардың көрігі қызған шақта өмірге келеді. Ал біз ең болмағанда ұлт ретінде қалыптаса алмай жатырмыз. Тіліміз – шала, діліміз – шала, дініміз - шала, рухымыз - сынғалы тұр.

Рас, жиырмасыншы ғасырдың басындағы Алаштың ұлы перзенттері Мағжан, Жүсіпбек, Бейімбет пен Мұхтарлардың ұлы әдебиет жасай алатындай күшті рухани потенциалы болды. Бірақ Кеңестік империя оларға сол мүмкіндігін жүзеге асыруына шамаларын келтірмеді. Егер Мағжан тағы да жиырма жыл өмір сүре тұрғанда, орыстың Пушкині сияқты әдебиетіміздің бүкіл классикалық бағытын жасап кетер ме еді? Жүсіпбек пен Бейімбет қазақ прозасын Тургенев пен Чехов көтеріп тастаған биікке жеткізер ме еді? Ұлы Мұхтарымыздың рухы азат болып, еркіндік берілгенде бәлкім «Абай жолы» романын мүлде басқаша жазып, Толстой көтерілген асқарға дейін самғар ма еді? Құдай Әуезовтің бойына Толстойға тән суреткерлік қабілет дарытқанымен, сол ұлы мүмкіндігін жүзеге асыра алатын жағдай туғызбады. Сондықтан Әуезовтің таланты жетіп тұрған жеріне - мүмкіндігі жетпеді, Бальзак пен Толстой, тіпті Абай қопарған рухани тереңдіктерді қаза алмады. Ресеймен салыстырғанда әдебиетіміздің өкініші көп, тындырған ісі шамалы. Біздің әдебиетіміз өркениетті елдердің өнеріндей реннессанстық дәуірдің алтын кезеңін басынан кешпеді.

Жиырмасыншы ғасырдағы әдебиетіміз қанға тұншыққан қайғы-қасірет пен азапқа батқан жағдайда туды. Әдебиетіміздің алтын дәуірінің қабырғасын тұрғызатын ғажайып тұлғаларының көбісі өлтірілді. Итжеккенге айдалды. Рухымыз кісенделіп, жанымыз тұншығып қоғамдағы шындықты, ұлтымыздың сорын қайнатқан қиянатты ұзақ жылдар бойы айта алмадық. Ақиқатты айта алмаған әдебиет – ұлылықтың биігіне көтеріле алмайды.

Мойындауымыз керек. Алпысыншы жылдардағы жылымықтан соң әдебиетіміздің бағы жанып кесек таланттар келді сөз патшалығына. Бірақ рухы азат болмағандықтан олар да ақиқатты астарлап жеткізіп, көп шындықты айта алмады. Қаншама қазақтың зиялылары қынадай қырылды. Қаншамасы айдалып кетті. Милиондаған бауырларымыз Отанын тастап шет елге қашты. Қолдан жасалған ашаршылық миллиондаған қазақтардың түбіне жетті. Біздің әдебиетіміз осы ақиқат туралы ашық жаза алмады. Тәуекел етіп, ұлты үшін басын құрбандыққа тігіп, шындықты айтқан қандай жазушымыз бар? Қазақ қаламгерлерінің басым көпшілігі Кеңестік империяның семіз малайы болған тіршілігін қанағат тұтты.

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенімен, рухымыз әлі азат емес. Талантты деген ақындарымыздың өзі халықтың үмітін ақтамады. Біреуісі – позициясын өзгертіп биліктің аяғына жығылды, екіншісі – ұлтын сатып, биліктің қолшоқпарына айналды, үшіншісі – биліктің малайы болып өмір сүргеніне мәз-мәйрам, төртіншісі..

Үлгі алатын талантты ақындарымыздың сиқы осындай болса, «әдеби маразмға» салынған кейбір замандастарыма, Алла алдарыңнан жарылқасын дегеннен басқа айтар сөзім қалмағандай.

Ақыл-ойымызды құлдық сана шырмап алған. Итжеккенге айдап әкететіндей әділетсіздікке қарсы шығудан өлердей қорқамыз. Жетпіс жыл бойғы құлдық психологияның тамырымызға жайылған уы бойымыздан еш кетпей қойды. Арамдықпен күн көреміз. Рухымыз - ластанған, жан сарайымыз – былғанған, жүрегіміз – тозған. Ұсақпыз. Мұндай бейшара болмысызбен қалай ұлы әдебиет туғызбақшымыз. Барлығын құр өтірік мақтай береміз.

Бальзак әйгілі романдарының бірінде мынандай ой айтады: «Данышпандық – қорқынышты ауру. Жазушы өзінің жүрегінде туа салысымен барлық сезімін жалмап тастайтын құбыжықты өсіріп отыр. Кім кімді жеңеді: ауру – адамды ма, әлде адам –ауруды ма?».

Бальзак өкінішке қарай данышпандық ауруының себебін түсіндірмей, ойын аяқтамай тастайды. Айтпаса да данышпан адамдардың елден ерекше болып жаратылатынын бәріміз жақсы білеміз. Олардың бәрі шетінен қоғамға –ыңғайсыз, қалыпқа симайтын бүлікшіл болып жаратылады. Абай – сондай, Мағжан – сондай, Мұқағали – сондай. Олар барынша ұлтқа адал қызмет етіп, қоғамдағы әділетсіздіктермен күресіп, жанып кетті. Сондықтан да олар ұлылықтың биік шыңына көтерілді. Ал, біз болсақ «бұрысты –дұрыс», «дұрысты –бұрыс» деп айтса да, әділетсіздік үстемдік құрып, көз алдымызда халыққа қиянат жасалып жатса да үндемейміз. Жұрт қырылып қалса да, бес алты қойым аман болсынмен күн көріп жатқан ақын- жазушыларымыздан не үміт, не қайыр? Жаңаөзен оқиғасы кезінде халықты сатып кеткен қаламгерлеріміздің бойында қандай ұлы рух болуы мүмкін. Соған қарамастан ақсақал жазушыларымыздың бәрін тындырып, үлкен әдебиетті жасап тастағандай сөйлегендерін көргенде жүрегің айниды. Оқымақ түгіл, олардың кітаптарын қолыңа ұстауға жиіркенесің.

30 қаңтар 2012 жыл

Біраз уақыт күнделік жазуға қолым тимеді. Жалқаулықтан емес, жұмысбастылықтан, жазып жүрген ойларымды жалғастыруға мұршам келмей кеткендіктен. Еріккеннен емес, мазамды алып тыныштық бермейтін, жұртқа айтқым келмейтін ішкі сырымды кімге ақтарарымды білмегендіктен жазып жүрмін, күнделікті.

Барлық күш-жігерімді салып, шамам жеткенше мейлінше адал еңбек етіп жатқан сияқтымын, әдебиетке. Өкінішке қарай соған жұмсаған алтын уақытым мен күш-қайратымның әзірге қайтарымы болмай тұр. Рухсыздану, мәңгүрттену, азғындалу дәуірі басталды қоғамымызда. Ақыл-ойыңды, адал еңбегіңді керек қылып тұрған үкіметті көріп тұрған жоқпын. Және таяу жылдарда қоғамның әдебиетке деген ықылас-пейілінің дұрыстала қоятынына сенімім аз.

Ендеше неге арам тер болып жүрмін, осылардың бәрін қандай мақсатпен жазып жүрмін алтын уақытымды босқа шығындап? Жазғандарымның кімге керегі бар? Кімге? Халыққа ма? Жоқ, өйтіп өзімді алдамай-ақ қояйын. Күнін көре алмай жатқан халық әдебиетіңді не қылсын? Жұрттың жеке басының қайғысы сенің ой қасіретіңнен мың есе асып түседі. Мың есе.

Қанша жамандасақ та Совет одағы кезінде білімді, талантты адамдар бағаланатын, жерде қалмайтын. Бүгінгі қоғамға алаяқтар, жағымпаздар, сатқындар, халық қырылып қалса да түк болмағандай жұмған аузын ашпайтын қаніпезерлер керек. Сөзіме сенбесеңіз ең болмағанда Қазақстандағы билік басындағы атқамінерлердің, лауазымы жоғары қызметке қол жеткізгендердің, баспасөздің құлағын ұстап отырғандардың кім екеніне назар аударыңызшы. Шетінен табанының бүрі, аузының дуасы жоқ атқамінерлер, шенеуніктер, ортанқол журналистер мен дарынсыз жазушылар. Туысының, досының, руласының немесе курстасы мен кластасының арқасында орынтаққа қонжия қалған кілең адам танымайтын, қалтасын қампайтқаннан басқа ештеңені ойламайтын мемлекетке де, ұлтқа да жаны ашымайтын – сатқындар билеп отыр қоғамды. Біресе – билікті сатып оппозицияға кетіп, сосын біраз уақыттан соң оппозицияны сатып билікке қайтып оралып, түк болмағандай мұртының астынан күліп жүре беретін мұндай сатқындар мемлекетімізді ұшпаққа жеткізе қоймас, Барлық жерде де, барлық уақытта да оларға жақсы қызмет табыла кетеді. Заман – солардікі. Уақыт – соларға қызмет етеді. Түйені түгімен жұтып жіберсе де оларға түк болмайды. Сынаған сайын қайта күшейіп, бір қызметтен, бір қызметке секіріп, жоғарылай береді.

Әдебиетіміз де күннен-күнге азғындалып барады. «Әдебиет – ардық ісі» болудан қалғаны қай заман. Көптеген ақын-жазушыларымыз қоғамда әділеттілік орнату үшін күресетін әдебиетіміздің ұлы қағидаларының бәрін күресінге лақтырып тастап, ар-ұятын сатып күнін көруді негізгі кәсібі қылып, рухани мәңгүрттіктің мекеніне біржола көшіп алды. Қалай өмір сүреміз енді?

2012 жылдың 1 ақпаны

Тәуекел етіп, орыс философы Николай Бердяевтің Достоевский жөнінде жазған ғажап еңбегін қазақ тіліне аударуға кірісіп кеттім. Бердяев – менің ең жақсы көретін философым. Батыс философтары Гегель мен Канттікіне ұқсамайтын оның өзінің философиялық ойлау жүйесі бар. «Достоевскийдің дүниетанымы» деген еңбегінде ол ұлы суреткерді философ ретінде ашады. Суреткерлік шеберлігінің ерекшелігінен гөрі, ойының тереңдігіне бойлайды. Достоевский өз шығармашылығы арқылы ой жарылыстарының әлемді қалай қиратып, қырғынға әкелетінін көрсеткен кемеңгер. Ұлы суреткердің шығармашылығында көріпкелдік қасиет бар. Біз ХХ ғасырдың басындағы орыс төңкерісінің Достоевский айтқан күйдегідей жүзеге асқанын жақсы білеміз.

Берядев ұлы суреткер шығармашылығындағы осы құпияны оның ешкімге ұқсамайтын ой диалектикасына үңілу арқылы ашады. Философтың кемеңгердің ой диалектикасын терең зерделеуінің үлкен себебі бар. Өйткені Достоевскийдің бай және ерекше ойына терең үңілмей жатып оны түсіну мүмкін емес.

Достоевский тың әлемдерді ашады. Онда барлығы қызу қозғалыста өмір сүреді. Әлемдер мен қозғалыстар арқылы адамдардың тағдыры танылады. Алайда психологияға ғана қызығып, суреткерліктің қалыпты жағына ғана назар аударатындар ол әлемге кіру мүмкіндігін жоғалтады және еш уақытта да Достоевский шығармашылығындағы ашылатын жұмбақтарды түсіне алмайды.

Әрине, Достоевскийдің суреткерлік шеберлігі Толстойдікіндей кемел емес. Бердяев өз еңбегінде Достоевский мен Л.Толстойдың адам таң қаларлық қарама-қайшылығы бар екенін керемет талдайды.

Достоевский алдағы келе жатқан рух төңкерісінің жаршысы болды, бар жан-тәнімен рухтың жалынына оранып, назарын найзағайдай күркіреген келешекке тікті. Сонымен қатар ол өзін жершілдердің қатарына жатқызып, тарихи дәстүрмен байланысын қадірледі, тарихи құндылықтарды қорғады, тарихи шіркеу мен тарихи мемлекетті мойындады. Толстой еш уақытта да рухтың төңкерісшілі болмады, ол – келешекке емес өткен шаққа байланып қалған, қалыптасқан тұрмыстың тұрақты суреткері, онда көріпкелдік қасиет жоқ. Соған қарамастан ол барлық тарихи дәстүр мен тарихи құндылықтарға қарсы бүлік бастайды, бұрын-соңды болмаған өшпенділікпен тарихи шіркеу мен тарихи мемлекетті жоққа шығарады, мәдениеттердің өзара ықпалдастығын қаламайды. Достоевский орыс көзқамандығының (нигилизм) ішкі табиғатын әшкерелейді. Толстой киелі және құндылықты дүниелердің бәрін қиратушы көзқаманның нақ өзі болып шықты. Достоевский барлық уақытта да ең алдымен топырақтың қабатында жасалатын алдағы болатын төңкеріс туралы жақсы біледі. Жолдарының қайда апаратынын, қандай жеміс беретінін жақсы түсінеді. Толстой топырақтың рухани қабатында жасалып жатқан төңкеріс туралы ештеңе сезбейді, қайта керісінше көрсоқыр адамдай сол төңкеріспен әуестеніп кетеді. Достоевский рухани тереңдікте өмір сүріп, барлығын да сол жақтан біледі. Толстой жан мен тәннің тұңғиығына бойлап алған, сол себептен де төңкеріс қасіретін терең сезінбейді, оның әкелетін зардабын парықтамайды. Толстойдың суреткерлігі Достоевскийдікімен салыстырғанда анағұрлым кемелденген, оның романдары - әлемнің ең мықты шығармалары. Ол қалыптасқан дәуірдің ұлы суреткері. Достоевский енді қалыптасып келе жатқан заманға назарын тігеді. Қалыптасып келе жатқан заман суреткерінің шығармашылығы, қалыптасқан дәуір суреткерінің шығармаршылығымен салыстырғанда кемел болмайды. Бірақ Достоевскийдің ойшылдығы Толстойдан анағұрлым терең, ол одан гөрі дүниедегі қарама-қайшылықтардың құпиясын жақсы біледі. Толстой басын бұра алмайды, тек түзу сызықтың бойымен ғана алдыға қарайды. Достоевский өмірді адамның рухымен өлшейді. Толстой болса өмірді табиғаттың жанымен таразылайды. Сондықтан да Достоевский адам рухының тереңінде жасалып жатқан төңкерісті көре біледі. Толстой болса қалыптасқан адам табиғатының құрылымы мен жабайы-хайуандық үрдістерін байқайды. Достоевский адам жанын зерттеген білімімен болжамдарының негізін жасайды. Толстой тікбақайлықпен көзі көріп отырған адамның жабайы-хайуандық тұрмысына қарсы бүлік шығарады. Толстойдың моралистік тікбақайлығы Достоевскийге мүлде жат. Толстой теңдессіз кемелдігімен қалыптасқан өмір қалыбының ізгілікті бейнесін кестелейді. Қалыптасып келе жатқан дәуірдің суреткері Достоевскийге оның суреткерлік ізгілігіне жету мүмкін болмай тұр. Табиғатқа жақын Толстой Жаратушыдан алыс пұтқа табынушыдай, өмір бойы Құдайды іздеді. Оның барлық ойы теологиямен айналысты, бірақ ол нашар теолог болды. Достоевскийді Құдай тақырыбы емес, адам мен оның тағдыры, адам рухының жұмбақтығы мазалады. Оның ойы теологияға емес, антропологияға қатты берілген. Пұтқа табынушы, табиғаттың адамындай ол Құдай тақырыбына қызықпайды, нағыз христиан молдасындай адам жанының жұмбағын шешеді. Шындығында Құдай туралы сұрақ – адамдық сауал. Адам туралы сұрақ та – құдайлық сауал, және мүмкін Жаратушының құпиясы пенде баласының өзі жоқ жердегі Аллаға қайырылуы арқылы емес, екі аяқты тіршілік иесінің жұмбағы арқылы ашыла түсетін шығар. Достоевский теолог болмаса да тірі Құдайға ол Толстойдан гөрі анағұрлым жақын. Құдайды ол адамдардың тағдыры арқылы таниды.

ХХ ғасырда Батыс әдебиеті Достоевский мен Толстой шығармашылығына қатты назар аудару арқылы биік белестерге көтерілді. Менің ұғымымда бұл екі ұлы суреткер орыстың ғана емес - әлем әдебиетінің ең биік шыңына көтерілген кемеңгерлер. Олармен тек Шекспир мен Бальзактың ғана таланты таласа алатын шығар. Тіпті, Гетенің ұлылығы бұл екеуімен қатар тұра алмайды. Гетеде бәрі шебер жасалғанымен, Достоевский мен Толстойдағыдай қалыпты бұзып шыққысы келетін рухтың қопарылысы жоқ.

Достоевский мен Толстойдың шығармашылығы рухтың нағыз жанартауы. Қазақ әдебиетінде осы екі ұлы суреткердің шығармашылығына қатты көңіл бөлінсе, бірте-бірте өліп бара жатқан рухани өмірімізде бір қозғалыстар пайда болуы ықтимал.

Айталық Толстой «Арылу» романында рухани жезөкшеліктің, яғни жағымпаздық, екіжүзділік, алаяқтық, сатқындық дертінің мемлекетті орға құлататынын асқан шеберлікпен жазды. Достоевский ең ауыр қылмыс жасап, күнәға батқан қылмыскердің жүрегінен де адамдық сәулені көреді. Шіркін-ай! Достоевский мен Толстойы бар орыс әдебиеті қандай бақытты еді. Қазақ әдебиетінде осындай рухы биік ұлы жазушылар қашан туады екен? Қашан?

2012 жылдың 13 ақпаны

Қатты суық тиіп қатарынан бірнеше күн ауырып қалдым. Дала суық, үй салқын. Тіршілік көңілсізденіп кетті. Қайта-қайта дәрі-дәрмек ішіп, әйтеуір, суықтан жазылған сияқтымын. Биыл Астанада ауа-райы ерекше суытты, 50 градусқа дейін барды. Бір-екі күннен бері ғана аяз сынып, суықтың беті қайтқандай.

Достоевский туралы жазған Бердяевтің еңбегін аударып жатырмын. Көкейімде жүрген біраз мақалаларым бар. Енді сол дүниелерімді жазуға тезірек кіріспек ойдамын. Әйтпесе, уақыт зымырып өте шығады, жазылатын дүниең қала береді.

Сейсенбі күні жас ақын Ерлан Жүніс редакцияға келіп кетті. Алғашқы кітабы жарық көріпті. «Киелі түндердің дұғасы». Біреуін сыйға тартты. Жас ақындардың ішінде Ерлан өте білімді жігіт. Көп ізденетін, көп оқитын шайыр. Кітабын оқып шықтым. Ұнады. Ізденіс бар. Бағыты жаман емес. Түбі Ерланнан үлкен ақын шығады.

2012 жылдың 11 наурызы

Күн біресе жылып, біресе суып Астанада бірін-бірі жеңе алмай қыс пен көктем әлі арпалысып тұр. Биыл Арқада қыс қатты болды.

Бүгін суықтың беті қайтып, күн жыли бастады. Жазуды жоспарлаған біраз дүниелеріме әлі кіріскен де жоқпын. Жұмысбастылық. Байрон туралы эссемді бастап қойғанмен, жалғастырмадым. Уақыт таба алмай жүрмін. Наурызда да газетіміздің мерекелік санын шығаруға байланысты жұмыстар қаптап кетті...

«Алтын қыран» баспасынан алты кітап жарық көріпті. Құлтөлеу Мұқаш «Боз жауын», Серік Сағынтай «Қарға» - проза, Танакөз Толқынқызы «Айтқым келеді», Асылзат Арыстанбек «Бесінші маусым», Ерлан Жүніс «Киелі түндердің дұғасы», Мирас Асан «Соңғы раушан» - поэзия. Астанадағы ұлттық кітапханада осы кітаптардың шығуына орай талқылау өтіп, Мирас Асанның жыр жинағына байланысты пікір білдіруге тура келді.

Мирас Асаннның біраз өлеңдері менің көңілімнен шықты. Шынайылық бар. Жасандылық жоқ. Төгіліп жазады. Әсіресе, махаббат лирикасын. Кейбір жас ақындар сияқты өлеңді өтірік күрделендіруге құмар емес. Егер бойындағы өнерге берілген тазалығын сақтап қалса және тыным таппай ізденсе, бұл баладан келешекте үлкен ақын шығуы мүмкін. Өлеңдері ұнағандықтан, газетімізге сұхбат алып, шығармашылығын насихаттадым.

Не болса да біз барлық жақсылықты артымыздан келе жатқан жастардан күтуіміз керек. Қаласақ та, қаламасақ та әдебиетіміздің болашағы - соңымыздан өкшемізді басып келе жатқан Ерлан Жүніс, Мирас Асан сияқты жастар. Әрине, оларды өтірік мақтаудың қажеті жоқ. Бірақ, қолымыздан келгенше қамқорлығымызды аямағанымыз жөн. Әсіресе, материалдық тұрғыдан. Жастармен жиі-жиі кездесіп, білгенімізді үйретіп, ақыл-кеңес беріп, сырласып тұрғанның зияны жоқ. Шетімізден бәріміз ақылдымыз. Құдды әдебиетке аспаннан аяғымыз салбырап түскендей сөйлейміз. Ал мен болсам, әдебиетке ұлы дүмпу әкелетін талантты жастардың енді келетініне сенемін. Ол үшін ең құрығанда жастардың шығармашылығына немқұрайлы қарайтын көзқарасымыздан айырылуымыз қажет..

Николай Бердяевтің «Достоевскийдің дүниетанымы» деп аталатын үлкен еңбегін аудырып жатырмын. Философ болғандықтан ба Бердяевті аудару оңай тимей тұр. Түсінбестік туғызбас үшін, кейбір күрделі мәтіндерді философиялық сөздіктерге қайта-қайта үңіліп, бірнеше рет аударуға мәжбүр болдым. Бұл ғажайып еңбекті аударуға біраз күш-жігерімнің де, уақытымның да кететін түрі бар.

Бердяевтың еңбегінде ой қайталаулары жиі ұшырасады. Дегенмен Бердяевтің бұл іргелі зерттеуі – Достоевский туралы жазғандардың ішіндегі ең ғажап, жан-жақты қамтылған, жазушының рухы мен жанын мейлінше терең түсінген - сәулелі шығарма. Мен осы кезге дейін ой мұңын емген Достоевский туралы Стефан Цвейгтің, Соммерсет Моэмның, Хорхе Луис Борхестің, Альбер Камюдің, Дмитрий Мережковскийің, Василий Розановтың, Владимир Набоковтың жазғандарын оқығанмын. Бердяевтің жазғаны ерекше әсер етті. Бірнеше жыл бұрын ғана ЖЗЛ сериясымен шыққан Юрий Селезневтің «Достоевский» шығармасы да - өте жақсы жазылған кітап. Бердяевтің жазған еңбегінің ерекшелігі ол Достоевскийді философ ретінде талдайды. Шығармаларының рухына үңіледі.

Бердяевтің жазғаны тарихи-әдеби зерттеу емес, ол жазушының өмірбаяны мен тұлғалық мінезін сипаттауға да ұмтылмайды. Оның жазған еңбегін әдеби сынның саласына да жатқыза алмаймыз. Ол Достоевскийдің рухын танып, әлемді сезіну тереңдігіне бойлап, түйсікпен оның дүнетанымын тірілтеді.

Орыс әдебиетіндегі роман жанрының үш ұлы корифейін айрықша атап өткеніміз ләзім. Олар – Тургенев, Толстой және Достоевский. Достовскийдің алдыңғы екеуінен айырмашылығы неде?

Тургеневтің романдарында адамнан гөрі табиғаттың музыкасы басым. Ол Лев Толстой мен Достоевский сияқты психолог емес. Бірақ Тургенев табиғат жаратқан әлемді қалай терең түсінеді десеңізші. Суреткердің шығармаларын оқығаныңда адамдардың бар-жоғы табиғаттың бір кішкентай бөлігі екеніне тағы бір көзің жетіп, мойындайсың. Тургенев шығармашылығының шеберханасына үңілсең сұлулыққа қанып, сусыныңды қандырғандай боласың. Орман, дала, аспан, тамылжыған табиғаттың бәрі сіздің жаныңызды жайқалтып жібереді.

Толстой – адам түсіне алмайтын, Табиғат-Ана жаратқан дүлей құдірет. Оның шығармалары табиғат пен адамның ғажайып үйлесімін тапқан - ерекше симфония. Толстой азып-тозып бара жатқан зиялылардың қоғамына жиіркенішпен қарайды, әлсіз адамдардың жасаған күнасын кешіре алмайды. Ол дүниеге парасат тауының биігінен көз тастайды.

Достоевский мүлде бөлек, әлем әдебиетіндегі ешбір жазушыға ұқсамайтын - дара суреткер. Тұтас бір әлем. Оның суреткерлігінде көріпкелдік қасиет бар. Ол адамдарды Тургенев сияқты шығармашылық шеберханасының терезесінен немесе Толстой секілді парасат тауының биігінен бақыламайды. Ол күнәға батқан мына біздерге қолын созып, бізбен бірге өмір сүреді. Ең опасыз адамның жүрегінен де сәуле табады. Ол Тургенев пен Толстой сияқты сәулені жарықтан емес, түнектен іздейді. Сол үшін де біз Достоевскийді ерекше жақсы көреміз. Өйткені Достоевский бізден, жалғыз қалғанда да айтуға қорқатын шындығымызды жасырмайды. Ол біздің ең қасиетті құпияларамызды біледі.

Достоевский адамды құмарға батқан, бұрқ-сарқ қайнаған, ерекше шабыттанған, қиналған жағдайдағы кезінде ашады. Достоевскийде тұралап қалған ештеңе жоқ. Ол рухтың шабытында, отты стихияда, құмардың құшағында. Барлығы да Достоевскийде оттың құйынында жасалып, шыркөбелек айналады. Достоевскийді оқығанда біздің бәрімізді де сол құйын үйіріп әкетеді. Достоевский топырақтан жаратылған рух қозғалысының суреткері. Мұндай дауылды қозғалыста барлығы да қалыпты орнынан жылжиды, сондықтан да оның суреткерлігі Толстойдікіндей қалыптасып қалған өткен шаққа емес, күркіреп келе жатқан келешекке арналған – көріпкелдік суреткерлік. Ол адамның табиғатын қалыптасқан тұрмыс пен тұрақты ортасында, тіршілік етудегі дұрыс және қалыпты күйінде емес, от басқан, ақыл-есін жоғалтқан, қылмыс жасаған кезінде зерттейді. Саулықта емес ессіздікте, заңдылықта емес қылмыста, күнделікті тұрмыс пен жанның қалыпты күйінде емес аңдаусыз түнгі стихияда адам табиғатының тереңдігі ашылып, оның шегі мен шекарасы зерттеліп жатады.

2012 жылдың 26 наурызы

Ерболат (Төлегенов) ағам дүние салды. Наурыз мейрамының қарсаңында жалғаннан өтті, жарықтық. Арқалыққа билет табылмай, жерлеуіне бара алмадым. Топырақ салып, қоштасып қалуым керек еді. Амал нешік? Астанада да ауа-райы бұзылып, қар борап тұр. Жаз болса бір ретін тауып, таксимен жетсем де барар едім, мынау тұрған Арқалыққа. «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газетіне хабарласып, қазанама бергіздім. Қырқына немесе жылына таман ағамды сағынып, бір естелік жазармын. Қолдан келетін басқа қандай қайран бар?

Марқұм өмірінің соңында қатты қиналды. Бизнесінің жолы болмай, тағдырдың шырғалаңына түсті, өлімнің құрдымына батып бара жатқан азаматқа қол ұшын созып, көмектесетін бір жан табылмай құсалықтан өлді, Ерекең. Ол - нағыз ердің ері еді. Бизнесі дәуірлеп тұрған сонау тоқсаныншы жылдары оның шапағатын көрмеген өнер адамы кемде-кем. Талай ақын-жазушылардың шығармашылық кештерін өткізіп, кітаптарын шығарып берді. Ерекең демеушілік жасаған әртістер мен әншілер, ғылым докторлары мен профессорлар қаншама. Көмек көрсеткен қарапайым азаматтарда тіпті есеп те жоқ шығар. Жиырма жыл бұрын Сайын көшесінің бойында орналасқан екі қабатты «Жәнібек-Тархан» фирмасының алдынан күні-түні адам босамайтын. Ерболат ағам мұқтаждық мәжбүрлеп, алдына келген азаматтардың көңілін қайтармай, көмектесіп, қолынан келетін жақсылығын аямайтын. Бәрінен бұрын Шақшақ-Жәнібек батырдың тойын өткізуге демеушілік жасап, самолет жалдап жұртты Торғайға апарған азаматтығын айтсаңшы. Туған-туысқандарына көмектесіп, талайына баспана сатып әперіп, оқуын төлеп берді. Атпал азаматтың көмегінің арқасында олар адам қатарына қосылды.

Тоқсаныншы жылдардың аяғында Ерекеңнің бизнесі жүрмей қалып, әуре-сарсаңға түсті. Барлық байлығынан бір-ақ күнде айырылды. Күні кеше ғана оның офисінің алдынан шықпай, түнеуге әзір болып жүргендердің көбісі енді одан ат-тонын ала қашты. Мүмкін Ерболат талай адамға көмектескенде, күндердің күнінде жасаған жақсылығымның қайтарымы болады деп ойлаған шығар. Бірақ олай болмады.

Атымтай-жомарттығымен қазаққа танылған азамат сонау Арқалықтағы бір інісінің үйінде бірнеше ай бойы ес-түсін білмей жатқан ауыр халде қайтыс болды. Тағдырдың маңдайға жазғаны сол болса, қайтесің. Әйтпесе жұрттың бәріне көмектесіп, ақшасын оңды-солды шашып, бір кездері атағы дүрілдеген Ерболатты дәл осындай сормаңдай болып өмірден өтеді деп кім ойлаған?

Ең соңғы рет Ерекеңді Ақшығанақ ауылында «Жәнібек-Шақшақ» мешіті ашылған кезде көрдім. Сөйлесуге шамасы келмей, тілі күрмеліп тұрса да, қолтығынан демеп тұрған ауыл адамдарына мен үйленгенде бас құда болып барғанын мақтанышпен айтып, көңілі көтеріліп күлді. Ештеңеге де мойымайтын ағамның рухының мықтылығына сүйсініп, жүрегім елжіреп, көзіме жас келді. Сол жолы қайран ағамды соңғы рет көргенімді білмеппін. Қош бол аға! Ішімнен жылап, соңыңыздан айтқан бір ауыз жылы сөзім, қабіріңізге салған бір уыс топырағым болсын.

(Жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар