Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ықылас Ожайұлы. Хиндсайт қателігі

28.08.2017 2458

Ықылас Ожайұлы. Хиндсайт қателігі

(Психологиялық этюд)

I

Тарихтың сұрағы сұмдық. Не іштің емес, не істедің дейді. Біздің ғұмырымыз осының біріншісіне ғана жауап болатын тәрізді («Ас үйлер мен әжетхана арасында шұбыру...» (Тыныштықбек).

Ал екінші (не істедің сауалы) хақында ештеңе дей алмаспыз енді. Немістің ұлы жазушысы Эрих Мария Ремарк өзінің «Батыс майданында өзгеріс жоқ» атты шығармасында майдан психологиясын, сондай-ақ соғыс тонаған адам ғұмыры жайында жанымен жазады. Айта кетелік, 1914 пен 1918 жылдар аралығын қамтыған Бірінші дүниежүзілік соғыста 8 миллионнан астам адам ажал құшып, оның 21 милионнан астамы мүгедек болып қалған болатын. Осы бір жүрек шабақтар аянышты хал ағылшын әдебиеттанушысы Гертруда Стайнға «жоғалған ұрпақ» деген сөзді алғаш рет айтқызған еді. Әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэй «Сенімен мәңгілік болатын мейрам» романы арқылы осы ұғымды әдеби айналымға түсіріп, ел санасына орнықтырды. Егер де бұл ұғым тек соғысқа ғана қарасты десек, қатты қателескен болар едік.

Ашалап айтайық. Бұл жердегі басты мәселе майданда емес, зая болған уақыт пен күйіп кеткен ғұмырлар хақында, дәлірек айтар болсақ, адамзаттың анықталмаған миссиясы мен құрбанға айналған құнсыз өмірі жайында болып отыр ғой.

Рас, мұндай жандардың өмірге келгені де, ауа жұтып, топырақ қозғағаны да рас. Ең бастысы, бұл жандардың ғұмырында ғибратқа жарар ешқандай мазмұн болмайды. Өмір дегеніміз «ас ішіп, аяқ босату» емес қой енді. Әгәрәки, біздің де ғұмырды осы бір мән мен мазмұнның таразысына тартса, тілшесі тірлікке күйген нәтижені ғана көрсеткен болар еді. Батыстың бір саясаткерінің: «Қарғысқа ұшыраған буын болғың келсе, халқы ұзақ жылдар отарда болған елдің алғаш дербестік алған шағында өмір сүр» деген әйгілі сөзі бар. Бұл мысалдан біз құлдыққа белшесінен батқан елдің, бірнеше буынның ғұмырын құрбан қылмайынша түзелмейтінін түсіну онша қиын емес секілді. Енді осы ұғымды қадери-халімізше сәл-пәл таратып көрелік. Балалық шағы азаттықтың алғашқы алаң-елеңіне тап келген менің замандастарым да тұтас тіршілік отына шарпылған буын болды. Дәл қазір алды қырық, арты отызға ілінген осы буынның (денінің) әлі күнге дейін өзінің жеке баспанасы жоқ.

Ойланып көріңізші, адамның жарық дүниеге келгендегі жалғыз-ақ мәртебелі ғұмырының төрт бұрышты тамға зарығып, оны өмірбақи армандап, ақша жинаумен өтетінін, бір әйел мен үш баланы асыраудың өмірлік нөкеріне айналдырған ғұмырды зая демегенде не деуге болады енді.

Дәл осы үшін өтіп жатқан өмір мен түгесілген денсаулықтың майдан шебінен нендей айырмашылығы бар. Ремарктың айтқаны дұрыс. Біз бұдан фашизм мен шексіз автократияның апалы-сіңлі адамдардай туысқан идеялар екендігін аңғаруымызға болады. Шексіз билік ендеген жерде өмір майданға ұласып, жоғарыда біз атап өткен мәселелер Рейхстагқа ту тіккенмен бірдей үлкен машақатқа айналмақ. Бір сөзбен айтқанда біз тіршіліктің жалаң аяқ жауынгеріне қалай айналғанымызды өзіміз де аңдамай қалады екенбіз.

II

Қазір өздерін бейне бір ұлттың әкесіндей сезініп қазаққа балпылдап ақыл айтатын «көсемдер» пайда болды. Алаяқтықты ақылдылықпен шатастырған сол шіркіндердің қисынына салсақ, біздің бұл ойымыз барып тұрған кержалқаудың сөзі болуы бек мүмкін. «Жоқ, жоқ, бұл адамдар жалқау емес. Бұлар үйлерінен таң атпастан кетеді. Себебі олар басқа адамдардың балаларын тәрбиелейді. Тағы бір тобы таң атпастан тұрып көшелерді тазалайды. Жоқ, жоқ, бұл адамдар әсте жалқау емес» деген қоғам қайраткері Д. Джексонның сөзін қайда қоямыз? Не нәрсе болсын әділет пен ар-ұяттың контексінде тәпсірленуі керек қой. Жанбағар жағдайдағы «сырты бүтін, іші түтін» осы бір жандар бүгінгі биліктің жасампаздық пен жаңғыру туралы «ұлы» идеяларына шын жүрегімен сенеді дегенді XXI ғасырдың қай ертегісінің ішіне енгізсек екен. Әлде қиял-ғажайып ертегілер тізіміне ме? Әлеуметтанушылар «Жанбағарлық атмосферада адам ақылының өрелі ойлауға еш қауқары болмағандықтан, өнердегі бәсеке де басқа бағытқа ауысып кетеді» дейді. Асылық айтты демессіз, бүгінде бізде бір-ақ қана жарыстың жанры қалды. Ол мал-мақтанға масаттанған дүние жарысы.

Өлмейтін өнер мен ғажайып жаңалық жарату... әй, қайдам, көбіміздің когнитивтік картамызда мұндай ұғымның исі де жоқ. Сондықтан да шығар, көнені көксеу мен ақыл айтудың әлі күнге аумағында отырмыз.

Ақыры айтқан екенбіз, тақырыптың тұздығы үшін мына бір мәселені де қосамжарлай кетейік. Соңғы бір жылдың бедерінде бар бітіргеніміз, батыс философиясы мен мәдениеттануын қайыра қарау болды. Осыдан түйсінгеніміз, бізде ойдың да, танымның да деңгейі тұралап, тек құр ақыл соғудың ғана алға шыққандығына көзіміз жетті. «Үрей иектеген елде білетіндер сөйлемейді, ал сөйлейтіндер білмейді» деген әдемі бір тәмсіл бар. Еліңді сүю деген (тігісін жалтылдатып) әдемі сөйлеу мен публикаға ойнау емес, керісінше шекеңнен сорғалаған әр тамшы тердің зәмзам суымен пар екендігін түсінуің екен ғой...

Ой – болашақ материалданбақ істің ата-анасы десек, дамыған елдердің ең басты артықшылығы ақыл-ой мен өндіріс арасында интеграцияның болуы (Бізде бұл екеуі керісінше бірін-бірі мүлде танымайды десек те болады). Сөзіміз дәйекті болу үшін бірер мысал келтіре кетейік. Жапон «Тойота» компаниясының негізін салушы Киичиро Тойода: «Біз Масааки Имайдың «кайдзен» пәлсапасын жіті зерделеп, оны заттандырғанның арқасында ғана осындай табысқа қол жеткіздік» деп ағынан жарылыпты. Құдайшылығын айтайық, біздің бүгінгі билікте Абай мен Әлихан идеясын заттандырудың негізгі тетігін тапқан бір де бір шенеунік табыла қояр ма екен? Ендеше, экономиканы қарыштап алға бастыртатын идеялар руханият қабаттарында қатталып жатады екен ғой. Ой дегеннен шығады, бір қызығы біз «қызыл кітапқа енген аң мен құстың сирек түрі деген болады, оларды қорғауымыз керек» деген пікірге шын сенгенімізбен, «адамның да бірегейі болады, оларды да әманда қорғауымыз керек» деген пікірге еш иланғымыз келмейді. Сонда қалай, аңды қорғауға болады дағы, ал адамды?.. Осымыз ақылға сыя ма енді?! Мұны не үшін айтып сөз шығындап отыр дейсіз ғой? Бізде кез келген әлемдік интеллектуалдармен әлеуеті тең небір талантты ұлдарымыз өмірден беймезгіл озып кете барды. Олар өз елінде жүрсе де қазақтың қара өлеңінде келетін: «Тұлпар болып тусам да, тулақ құрлы бағам жоқтың» кебін киді. Шіркін деймін, біз бүгін бар да, ертең жоқ шенеуніктерді емес, осындай жандарды қырағы күзет қойып тұрып қорғауымыз керек еді ғой. Сондай дарындардың бірі кеше ғана фәниден озған Таласбек Әсемқұлов пен Әмірхан Балқыбек еді (Біз өзіміз білмейтін өмірден озған өзге де таланттар болса, рухына бас ие отырып кешірім сұраймыз). Қазақ қандай ұлдарынан айырылғанын әзірге пайымдай алмайтын тәрізді. Тұмса таным мен шүңет ойлардың бәрі де сол жандардың өздерімен бірге кетті. Өзек өртейтін өкініш қой... Ойыңа небір нәрселер оралады. Амалың не? Осы үшін де мақала тақырыбын «хиндсайт қателігі» деп атауға мәжбүр болып отырмыз.

P.S Хиндсайт ағылшынның «hindsiqht bias» деген сөзінен шыққан. Оқиға әбден өтіп кеткеннен кейін, осылай болатынын біліп едім деген мағынаны білдіретін ұғым.

(жалғасы бар...)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар