Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Моңғолияда әлем ақындары бас қосты

28.08.2017 3430

Моңғолияда әлем ақындары бас қосты

Тамыздың 16-22 жұлдызы аралығында Моңғолияның астанасы Ұланбатырда Дүниежүзілік 37-поэзия құрылтайы болып өтті. Бұл поэзия құрылтайын Моңғолия жазушылар одағы мен Әлемдік өнер және мәдениет академиясы бірлесіп өткізіп, шараға алыс-жақын 40 елдің 200 ге жуық ақындары бас қосып, өлең оқыды.

«Табиғаттың ақыл-ойы және адамдардың жан-табиғаты» деген тақырып аясында өткен мерекелік іс-шараға шетелдік таңдаулы ақындармен қатар, біздің елден моңғол тілінде де қалам тербеп, аудармалар жасап жүрген ақын ағамыз Жүкел Хамай және Ұлықбек Есдәулетов, Ғалым Қалибек, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса қатарлы ақындар, соынмен қатар Моңғолияда тұрып жатқан қазақ ақыны Байыт Қабанұлы шақырылыпты.

Бұл поэзия конгресі туралы Әлемдік мәдениет және өнер академиясының Моңғолия бөлімшесінің жетекшісі Гомбожав Мэнд-Ооёо: Әлемдегі барша ақындар! Адамзат бүгінгі таңда үлкен сынақтың алдында тұр. Біздің Жер-анамыз тұмса қалпынан күн озған сайын айырылып, өзен-сулар ластанып, жер қыртысы тозып, жер сілкінісі, теңіз дауылы, құрғақшылық, табиғаттың қатері тоқтаусыз етек алып барады. Жерасты байлықтарын аса жылдамдықпен пайдаланып сарқудан, жер бетіндегі өсімдік, жануарлар аймағы да жойылуда. Адамзатқа табиғаттан бұйырған тәңірлік қасиеттері барған сайын құрып, адамдар ақпарат толтырушы сауыт сияқты бағдарламаланып, Жер-анамен тамырластығын ұмытып барады. Осындай алмағайып тұста біз не істеуіміз керек?

Ақындар – өлшеусіз уақыттың ой-санасын жеткізуші, адамзаттың тіл мәдениетінің елшісі, табиғатпен біте қайнасқан түйсіктерді сездіруші себепті қазіргі әлемге сіздердің өлеңдеріңіз арқылы жететін алдаспан сөздеріңіз аса қажет. Табиғат ана мен адамзаттың дәстүрлі ырғағы үзілуге тиіс емес.

Біз бүгінгі таңда поэзия арқылы табиғаттың ақыл-ойын тыңдап, сөздің әсем ырғағымен адамдардың табиғи көңіл пернесін дөп баса жырлауымыз керек. Табиғат анамыз бен адамзаттың арасын жалғаушы – көңіл пернелері үзілсе болмайды.

Бүгін біз поэзия арқылы табиғаттың көңіл-күй, жан-тынысын тоқтаусыз тыңдап, асыл сөз маржанымен адамдардың табиғи санасында бұғып жатқан сазды ырғақтарды көркемдік арқылы жырлауға тиіспіз.

Осы ұғымда, біз әлемдегі ақындарды Моңғолияның астанасы Ұланбатырда бас қосып, өлең-жырларын оқып, оған қоса Моңғолияның шөлейт даласына саяхаттап; жақын сырласып, көңілдегі ойларын ортаға салып, сырарғалық жасау, тәжірибелер алмасып, дауыстарды біріктіру мақсатында: 2017. 08.16-22 аралығында «Табиғаттың ақыл-ойы және адамдардың жан-табиғаты» деген поэзия күндеріне қатысуға шақырамыз. Ақындар ғана емес, ұлт-ұлыстардың ақыл-ойының көпірі болған өлең-сөздің аудармашылары, әдебиет зерттеушілерінің де қатысуларын қалаймыз. Бұл ретте сіздерді астанадан 500 шақырым қашықтықтағы шөл өлкелерді аралатып, ХІХ ғасырдағы моңғол ақыны, ағартушы, будда ілімінің оқымыстысы Данзанравжааның рухы сіңген жеріне барып, шөлдің ерекше табиғатымен, көшпенділердің қызықты болмысымен танысып, түнгі аспан астында ақындық шабыттарыңызды шақыруға мүмкіндік жасап отырмыз», - деп барша әлем ақындарына үндеу тастаған болатын болатын.

Бұл құрылтайдың ашылу салтанатында Әлемдік өнер және мәдениет академиясының президенті Маурис Янг, Моңғолия Оқу-ағарту, мәдениет-ғылым министрі Г.Чулуунбаатар, Моңғолия Жазушылар одағының басқарма кеңесі басшысы Ц.Буянзаяа, белгілі журналист, ақын Г.Мэнд-Ооёолар сөз сөйледі. Қазақстан делегациясын бастап барған қазақтың көрнекті ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет те сөз алып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Ұлықбек Есдәулет ағамыздың жиында сөйлеген сөзін ақын, аудармашы Жүкел Хамай моңғол тіліне, басқа тәржімандар ағылшын, қытай, испан, орыс тілдеріне тікелей аударып отырды. Сөз соңында Ұлықбек Есдәулет құрылтайдың ұйымдасырушысы, Әлемдік Өнер және мәдениет академиясының Моңғолиядағы бөлімшесінің басшысы Гомбожав Мэнд-Ооёоға Абай атамыздың басмүсінін тарту етіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын табыстады.

Сондай-ақ, осы шара аясында Ұланбатыр қаласының әкімі С.Батболдының демеушілігімен "Данзанравжаа" халықаралық поэзия фестивалі талантты ақын Х.Явуухуланның атындағы аллеяда болып өтті. Бұл шараға қатысқан қазақ ақындары олжалы қайтты. Жан-жақтан келген ақындардың арасынан ақын Жүкел Хамай «Поэзия пегасы» сыйлығының иегері атанды.

Моңғолияда өткен поэзия құрылтайы туралы ақындарымызға бірнеше сауал тастаған едік.

Ұлықбек Есдәулет, ақын: Әлем ақындары қазақ елінде де бас қосса...

-Аға, Моңғолияда өткен дүниежүзілік поэзия құрылтайына қазақ елінің атынан қатыстыңыздар ғой. Қандай әсермен қайттыңыздар?

- Менің ертеректе жазылған «Ақын деген бір ұлт бар» дейтін өлеңім бар. Есенғали Раушановқа арналған. Сол сөзім – сөз. Өйткені, Ақын деген жұрт – нәсіліне, ұлтына, тіліне, түріне, тегіне, дініне, мекеніне қарамай мінез-құлқы, жан-жүрегі, болмыс-бітімі, іс-әрекеті жағынан бір-біріне аса ұқсас келетінін ең алғаш рет сонау 1978 жылы Полтава қаласында өткен Жас ақындардың бүкілодақтық фестиваліне барғанда байқағам. Тіпті таң қалдым. Бәрі бас қосқанда бір үйдің балалары секілді. Пошымдары әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды, өлеңдері де әрқилы, бөлек-бөлек, бірақ араларында бәрібір бір жақындық, ұқсастық бары сезіліп, көрініп тұрады. Поэзия форумдарында кейбіреулері шабыттанып, есіп, екіленіп, құтырынып өлең оқығанда, бәрі бір шаңырақта туғандай. Тіпті мақтаншақтықтарына дейін ұқсастығын қайтерсің? Бәрі ұқсас, тек жырлары ұқсамайды, әр басқа.

Бұл туыстықты ақын Мұқағали Мақатаев ағамыз «Чили - шуағым менің» атты Пабло Нерудаға арнаған поэмасында:
«Барлық ақын - баласы бір ананың.
Ақын келсе өмірге, қуанамын,
Ақын өтсе өмірден - жылағаным.
Барлық ақын - баласы бір ананың», - деп дөп басып, дәл айтып кеткен.

Ал дүниежүзінің бұрын көрмеген, жүздеспеген, бірақ сөйлесе кетсең – сөзің үйлесетін, ежелден келе жатқан ескі танысыңдай, тіпті көптен көрмеген туысыңдай әсер беретін әртүрлі ақындарымен кездесу, танысу, білісу, бір шыны шайды бөліп ішіп, бір-біріңнің өлеңіңді оқып, кітап сыйласып, мекен-жөн, телефон алмасып, жатсынбай, жатырқамай жарасып тарқасу үлкен ғанибет. Жаңа таныстардан жаңа әсер аласың. Өзің көрмеген, бармаған құрылықтардың өзің сияқты ақындарымен жүздесуден, араласудан сарайың ашылып, сезімің сергіп, көңілің марқайып, дүниетанымың мен көзқарасың кеңи түседі. Біздің әсерміз де сондай болды.

-Әлемдік өнер және мәдениет академиясының президенті өз қолымен сізге сол ұйымның алтын медалін әрі әлемнің үздік ақындары қауымдастығына қабылдағаны жөнінде сертификатты тапсырыпты. Қазақстанда осы академияның бөлімшесін ашу құқығы берілетіні жайлы жағымды жаңалық бар екен. Бұл ұйымның нақты миссиясы қандай?

Біз қатысқан поэзия конгресінің девизі – «Табиғат руханияты немесе адам санасындағы табиғат» деп аталды. Осы тақырыптың өзі көп дүние айтып тұр. Конгресс пен фестивальды өткізуші Моңғолия Поэзия академиясы болғанымен негізгі жоба иесі сол Әлемдік өнер және мәдениет академиясы. 1969 жылы БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның аясында Американың Калифорния штатында құрылып, Парижге орналасқан. Әлемнің көптеген елдерінде өнер мен мәдениет салалары бойынша дербес бөлімшелері ашылған, бізден басқа көптеген елдерде бар. Мысалы, 2014 жылы мені Қырғызстанның Халықаралық Поэзия академиясы мүшелікке қабылдаған.

Әлемдік академияның негізгі мақсаты мен қызметі - мәдениет пен өнерді насихаттау, жалпыадамзаттық құндылықтар мен рухани қазыналарды қорғап-сақтау мен өркендетіп-дамытуға ықпал ету, олардың күнделікті өмірге кірігуіне көмектесу, өскелең ұрпақты халықтардың тарихи-мәдени мұрасына қасиеттеп-құрметтеуге баулу. Ал біз құрғымыз келіп отырған Халықаралық поэзия академиясының негізгі мақсатына бұдан басқа еліміздегі рухани жаңғыру мәселелеріне белсене араласу, ұлттық әдебиетті дамытуға, қазақтың классикалық және заманауи шығармаларының дүниежүзіне танылуына үлес қосу, т.б. кіреді. Біз өз шеңберімізде тұйықталып қала бермей, халықаралық әдеби процестердің бел ортасында жүруді көздеп отырмыз. Ақын-жазушы шығармашылығы жеке бастың жұмысы, бірақ оның насихаты, өзге тілдерге аударылып, жарыққа шығуы жеке қаламгердің қолынан келе бермеуі мүмкін, сондықтан бұл істі осындай ұйымдар қолға алып, атқаруы керек. Мұндай әр елдің белгілі деген 50-100-200-300 ақын-жазушы, әдебиетшісі қатысатын әлемдік, халықаралық, құрлықтық фестиваль, конгрестерді өткізу тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, бүкіл республикамыз үшін үлкен насихат, зор абырой болар еді. Әрбір кезекті поэзия форумын өткізу үшін мемлекеттер арасында кәдімгідей талас жүретінін көріп қайттық. Бұл жолғы бәсекеде төрт жылдан бері ұсыныс беріп жүрген Қытай жағының жолы болып, 38-конгресті өткізу мәртебесі бұйырды. Біздің еншімізге 2019 жылы өткізілетін 39-конгресс тиюі мүмкін екенін айтысты.

-Әлем ақындарының антологиясы ағылшын тілінде жарық көрді әрі сіздердің кітаптарыңыз моңғол тіліне аударылыпты. Қазақ әдебиетінен басқа елден келген қаламгерлер қаншалықты xабардар екен? Ал аудармаға ақын-жазушылар тарапынан қандай пікір айтылып жатыр?

- Шынын айтсақ, қазіргі заманғы шетелдік ақындар Олжастан басқа қазақ ақынын біліп жатқан жоқ. Ал Моңғолия оқырмандары Абай мен Мұқағалидың, Олжастың, Мұхтар Шахановтың, Серік Ақсұңқарұлының, Қасымхан Бегмановтың және менің шығармашылығыммен Жүкел Хамайдың аудармасы арқылы танысты. Ашылуында сөз сөйлеп, жыр кешінде өлең оқығанымнан кейін осыдан үш жыл бұрын Ұланбатырдан шыққан «Киіз кітабымды» іздеушілер, өзімнен келіп сұрап алушылар көбейді. Көлемі шағын кітапшадан отыз шақтысын апарып едім, моңғол ақындары мен оқырмандары қонақ үйге іздеп келісіп, пышақ үстінен үлестіргендей алып кетісті, әлденеше сұхбат алды.

Аудармаларға қандай баға берілгенін ақындарымыздың алып қайтқан жүлделерінен де байқауға болатын шығар. Маған Әлемдік академияның алтын медалі бұйырғанда Қасымхан Бегманов Гуманитария докторы атанды, Қазыбек Иса бар, басқаларымыз Әлемдік академияның академик мүшесі атандық оған қоса Жүкел Хамай Тайвань елінің «Алтын тырна» жүлдесіне, Ғалым Қалибек Моңғолия Жазушылар одағының «Алтын қалам» жүлдесіне ие болды.

Байыт Қабанұлы, ақын: Бұл шараны өткізу арқылы Монғолия өз әдебиетін насихаттап жатыр

-Байыт аға, тамыздың бел ортасында басталып 6 күнге созылған поэзия конгресі қалай өтті?


- Иә, әлемнің 30-40 тан астам елден келіп ат басын Моңғолияға тіреген үш жүздей ақын, оған Моңғолияның екі жүзге тарта өз ақындары қосылып Моңғолия елінің Үкімет үйі ғимаратында ұлы жиынның ашылу салтанатын жасап мәслихатын бастаған. Содан ресми жұмысы алты күнге жалғасып жұмысын аяқтады. Бірақ ол жиынның арты қазірге дейін жалғасып жатыр. Ұйымдастыру жағынан кеткен аздаған қателік кемшіліктерін айтпасақ, бұл ұлы жиын негізі айтар жоқ жақсы өтті. Моңғол елінің Елбасынан бастап, қарапайым оқырман халқына дейін бұған мән беріп, аса үлкен ілтипат көрсетті. Барша әлем ақындарымен жалғастырып, моңғол әдебиетін насихаттады. Ол насихаттаудың ішінде моңғол әдиебиетін әлем елдерінің тіліне аудару, оны таныту, ақын-жазушыларын насихаттау... деген секілді көптеген іс-шараларды атқарды. Бұл құрылтайды моңғолдар осыдан сегіз жыл бұрын өз елінде өткізген, мынау екінші рет өткізуі. Конгрестің соңғы күні келесі жиынды қайда өткіземіз деген мәселені сөйлесіп өз елінде өткізуге пікір білдірген Қытай, Қазақстан, ..... деген елдерден дауысқа салып, келер жылғы кезекті конгресс Қытайда өтетін болып шешілді.

- Біздің елдің атынан барған қаламгерлер делегациясының ішінде Ұлықбек Есдәулет пен Қасымхан Бегмановтың кітаптары моңғол тіліне аударылған екен. Монғол ақындарының бұл туралы, жалпы қазақ поэзиясы туралы пікірі қандай?


- Солай Ұлықбек Есдәулет пен Қасымхан Бегманов ағалардың өлеңдері монғол тіліне аударылып, кітап болып басылған. Ол кітаптарға деген моңғол оқырмандардарының пікірі жаман емес. Бұл туындылар туралы келешекте әдебиет танушылардың пікірі де жарыққа шығатын болу керек.

-Моңғолиядағы қазақ диоспараларының атынан өзіңіз қатыстыңыз ғой. Өзге елден келген қаламгерлер сізге қандай әсер қалдырды?



- Иә бұл жиынға мен де қатыстым әрине. Мұндағы айта кетерлік бір ерекшелік - көп елден келген ақындар бір-бірінің тілдерін түсінбегеніне қарамай бір-бірін еш тілмашсыз түсінісіп жатқанда болды. Бейне көп жыл бойы кездеспей кетіп қайта табысқан аға-бауырлар тәрізді ерекше ықыласпен жолықты. Сол пейіл көңілмен әлем ақындары бір-бірінің өлеңін естіп, өз өз тілдеріне аударып та жатты. Бұл енді өзгеше сезім ғой. Ал Қазақстаннан келген ақындармен осы уақытта бірге болып әңгімелесіп, кеңесіп өз шама-шарқымша құрмет көрсетіп, кеше таңертең Бішкектің ұшағына отырғызып, қош айтыстым.

Әзірлеген Айжан Табарак


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар