Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
23 роман бар да, бір «Нобель» жоқ......

18.03.2022 3066

23 роман бар да, бір «Нобель» жоқ... 18+

23 роман бар да, бір «Нобель» жоқ... - adebiportal.kz

Бүгін ұзақ шығармашылық ғұмырында аса өнімді еңбек еткен атақты жазушы Джон Апдайктың туған күні. Ол 1932 жылы 18 наурызда Америкада, орта мектептің мұғалімі Уэсли Рассел Апдайктың шаңырағында дүниеге келген. Анасы Линда Грэйс – әлде әуестік, әлде ермек – аздап әңгіме жазған екен.

Артында 12 том әңгімелер жинағы қалған Апдайкты қысқа әңгіме жазудың шебері деп білеміз. Бұл тұрғыда оны Роберт Фростпен қатар қоюға болады дейді әдеби сыншылар. Ал сонда бақандай 23 романы бар оны кім деп атағанымыз жөн? Әлбетте қуатты, қарымды қаламгер. Үнемі ізденісте, үнемі шығармашылық бабында жүретін ол баспаға жылда бір роман ұсынып отырған. Пулитцер сыйлығын да «Байыған Қоян», «Қоян сабасына түсті» романдары үшін алған. Бұны азсынсаңыз, «New Yorker», «The New York Review» қатарлы әдеби журналдарға бұрқырап шығып жататын сыни мақалалары әдебиеттану ғылымына да әжептәуір үлесін қосқаны айтпаса да түсінікті.

Апдайк 1954 жылы Гарвард университетін тәмамдайы. Ол онда ағылшын әдебиетін әбден оқып-зерттеген болатын. Және сол жылдары Оксфордтағы Оскин көркем сурет мектебінің бір жылдық курсын да оқып алған-ды.

Апдайк атақ-даңққа ерте жеткен жазушы. Оның жазылуы бойынша үшінші, жариялануы бойынша – алғашқы романы – «Пұтханадағы жәрмеңке» 1959 жылы оқырман қолына тиеді. Сол-ақ екен Жаңа Англиядағы аса танымал қаламгердің біріне айналып шыға келеді.

Апдайк ағылшын тілінде жазатын қаламгерлер арасында тілдік қоры өте бай, теңдессіз стилисттер қатарында тұрды. Оның шығармаларындағы негізгі кейіпкерлер – АҚШ-тың теріскей шығысында орта таптан шыққан протестанттар. Әңгіме, романдарында солардың өмірі, отбасындағы ойқы-шойқы тіршілік, діни толғаныстары, ері мен әйелінің арасындағы сатқындық сынды әрекеттер қыз-қыз қайнап жатады. Әлемдік әдебиетте Флоберден бері қарай көш түзеген реализм дәстүрлерін жалғастырушы Апдайк айналада болып жатқан құбылыстарды титімдей детальдарына дейін анық көрсетіп, қанық жазады. Ол қиқы-жиқы, олпы-солпы тіршілікке қайтіп те болсын сұлулық формасын беруді мақсат тұтқандай.

Еркектің жыныстық қатынас, өлім, дін, әйел, бала туралы шын ойын білгісі келген әйел Апдайктың атақты «Қоян» трилогиясын оқыса құба-құп. Роман жұрт «Қоян» атап кеткен қатардағы америкалық азамат Гарри Ангстромның қиындыққа толы өмірі мен адыра қалған арманы туралы баяндайды. Шығармада қынжыла отырып қызықтайтын тұстар өте көп.

Апдайк және Нобель сыйлығы жайлы сыншылар арасында: «Ол да америкалық болғаны үшін әрі бұрқыратып үсті-үстіне жазғаны себепті сыйлықтан қағылды», - дейтін пікір бар. Ал шын мәнінде Швед академиясындағылардың шамына тиген нәрсе – жазушы шығармашылығындағы шектен тыс жыныстық қатынас болса керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар