Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Алдан Смайыл: Мық елінің жалғызы...

07.04.2017 4933

Алдан Смайыл: Мық елінің жалғызы

 Алдан Смайыл: Мық елінің жалғызы - adebiportal.kz

(Аңыз-хикая)

Ертеде, есте қалмаған ескі заманда тарғыл тасты биіктеріне қыста қар, жазда жел жұқпаған, көгінде күндіз күн, түнде ай балқыған, ұлан даласы сірә да тарылмаған, көлінен құс, тауынан аң арылмаған таңғажайып өңірді Мық деген ел мекендепті. Бақса – малына, істесе – ісіне құт дарып, жоқшылықтың не екенін білмепті. Үйір-үйір жылқы, отар-отар қой өсіріп, таудан кен қазыпты. Тылсым тастың тілін біліп, алтын мен жезді қорғасындай балқытыпты. Аспандағы алыс жұлдыздан сыр сауыпты.

Сыйласқанға дархан, мұңдасқанға бауырмал болыпты, төресі мен бегі, ешкімге өші мен кегі жоқ екен. Жау мен дау деген ұғымды білмепті, талдан иіп садақ, болаттан шыңдап қылыш жасамапты. Даласы жомарт кең екен, төрт құбыласы тең екен.

Құстан әнші деп бұлбұлды, аңнан әсем деп маралды қастерлепті. Халықтың мұратын айтады деп ақынды, көптің қамын ойлайды деп қарияны құрмет тұтыпты. Биіктікке талпындырған тауды, дарқандыққа үйреткен даланы ардақтапты. Бұлақтың сұлу сылдыры қызының тілінде, заңғар-заңғар шыңдардың тәкаппарлығы ұлының жүрегінде екен.

Ай мен күннен басқасы,

Шешілмейтін жұмбақ деп,

Тыныштығы елімнің

Бәрінен де қымбат деп,

Төресі мен жайсаңы

Қолда барға ырза екен.

Арсызы жоқ, құлы жоқ

Ел жағалай мырза екен.

Адамды адам құрбан етеді дегенге сірә да сенбеген деседі. Дүниеде күнә мен күпірлік атаулы қарасын батырғанда, өлім үшті-күйлі жоғалады деп уағыз таратыпты. Мәңгілік деп күнге, тіршіліктің тұтқасы деп жерге табыныпты. Таңды шашу шашып қарсы алған, ақ отауды ай нұрына бөлеп көтерген.

Осы өнері асқан елге өнегесі жоқ жұрт көрші болған екен. Сол заманда оны Удайди деген залым хан билепті.

Бір күні Удайди қатыгездігі өзінен бір де кем емес, өресі тар, кең емес, өңкей екі иығын жұлып жеген қолбасыларын жинайды.

– Уа, өздігі жоқ – өзеуреген, айтары жоқ – айғайлаған көп тобыр, не естіп, не көрдіңдер? – дейді.

– Көреген сен тұрғанда, көз біздерге не керек,

Хан тағының алдында сөз біздерге не керек?! – деп шулайды олар.

Сонда Удайди сөйлейді:

– Мық дегенің өнері асқан ел болды,

Қақ жолымда сұлап жатқан бел болды.

Қусам – жеткізбейтін жел болды,

Бөгесем – ағыны қатты сел болды.

Жаулап алған жері жоқ,

Атағы асып барады.

Қосып алған елі жоқ

Мысы басып барады.

Құрты болды көзімнің

Таусылды енді төзімім,

Кеудесін бір баспақпын,

Жойқын соғыс ашпақпын.

– Иә, иә!

– Еңсесін бір басамыз!

– Қырғын соғыс ашамыз! – деп өзеуреді қоғадай жапырылған көп нөкер.

Содан күндердің бір күнінде қаптаған қалың қол бейбіт елге тұтқиылдан тап берді. Жер қайысқан, аш қасқырдай жалаңдаған әскер жолындағының бәрін ат тұяғының астында таптап, кәрі-жас, бала-шаға демей қойдай қырды. Нәресте шырылдап найзаның ұшында кетті, сұсты қылыштар жай оғындай жарқылдап, азынап атылған сұр жебе көзделген жеріне кірш-кірш қадалды. Ұлан дала ұлардай шулап, етекте орман, қырда тау күңіренді. Қызғалдағы сағағынан үзілмеген, құсының ұясы бұзылып көрмеген есіл өңір торғайдай тозды. Ашкөзденген алпауыт дұшпан бесікте бала, үйде әйел, түзде еркек қалдырмай жалаң қақты.

Көкте күн тұтылды: «Шыққыр көзім не көрдің, жарқырамай сөнсемші!» – деді.

Жаһанда қара жердің қабырғасы қайысты: «Қан сасып қаңсып жатқанша, қақ айырылып кетсемші!» – деді.

Қайқы қылыш шалт көтерілсе, дүние жанынан безді. Бұлт үркіп шөкімдей, дала түршігіп тоқымдай тарылды. Қиядан, әлде алыс-алыс таулардың қойнауынан, бәлкім бозарып кеткен көктен, әлде жетіқат жердің астынан күңіренген үн шықты. Сорлы дала сол үннің күрсінісіне тұншықты.

Қайыңы ойда жайқалған,

Терегі қырда шайқалған,

Ұлан да ұлан, ұран жер

Бақ қонғанда төр екен,

Бақ ұшқанда көр екен.

Балығы шоршып қашпаған,

Аққуы үркіп саспаған,

Шалқар да шалқар айдының

Қайғысызға көл екен,

Қайғылыға шөл екен.

Шыңынан күні қараған,

Құзынан аңы тараған,

Асқар да асқар тауларың

Ел шалқыса зор екен,

Ел тарықса қор екен.

Өмір де өмір, өмірің,

Ағып жатқан сел екен,

Ағып өтер жел екен.

Күңіренген зарлы үн жау тепсінсе де үзілмеді, қаһарлы хан арс-арс аласұрса да басылмады. Қабырғасы қайысқан зеңгір осылай тебіренген. Аһ ұрған әлем солай толғанған. Кешке қарай жау жолында тірі пенде қалмады, жансыз денелерден аяқ алып жүру мұң болды, кесілген сансыз бас ұлан өңірде тарыдай шашылды. Удайди ат басын тартып, Мық елінің күлі көкке ұшқан, бағы тайған жеріне айызы қана қарады.

– Ақын қайда? Ерлігімді жырласын!

Мадақтаған ән-күйі айлар бойы тынбасын! – деп әмір етті.

Дүниеде қарақан басының қамы үшін жендеттің шашбауын көтерген ақыннан өткен азғын бар ма?

Жер-жаһанда әзірейілді әнге қосқан жыраудан өткен ез табылған ба?! Тау оның даусын естімеуге тырысып сырт айналды, қара орман қалың тұманға оранып тас бүркенді. Ал арсыз ақын жағы талмай сарнады.

Қызыл тілім мұқалса,

Күнге қайрап аламын.

Күн үгіліп жұқарса,

Айға қайрап аламын.

Ай аспанда тұтылса,

Тауға қайрап аламын.

Қасарысқан, егескен

Жауға қайрап аламын.

Өзеуреген, өшіккен

Дауға қайрап аламын,

деп шалқыған болып еді,

Удайди түйіле қарағанда күрт өзгеріп сала берді.

Бұлт тасалап суынған,

Таңға малып аламын,

Таңда жендет жуынған

Қанға малып аламын, –

деп түршіктірді.

Жаһанды жалмап жаулаған,

Елді аңша аулаған.

Қылышының жүзінде

Түнде жұлдыз аунаған.

Асып туған хан ием.

Тау суындай күркіреп

Тасып туған хан ием,

деп аға жөнелді. От айналып аласұрып, қураған шидің ұшында аш бөріше ұлыған қырдың сұғанақ желіндей сарнады. Ара-тұра мақамдаған, мақалдаған болады.

Пенделерді ерттеп мінген,

Түсе көрме,

Тақсырлардың көзіне.

Үркеді ғой жауыздардан,

Тәңірлердің өзі де.

Оның үнінен жансыз мүрделер де жиренген. Сол көп өліктің арасында анасы бауырына баса құлап, қорғап қалған Мық елінің соңғы тұяғы бой тасалап жатқан-ды.

– Ақын әнге салса, жаудың беті қайтқаны, – деп ойлап орнынан көтерілді.

Қаптаған қалың дұшпан қайтадан азан-қазан болды, тұс-тұстан анталай ұмтылып, тап-тап берді.

– Шауып тастаймын! – деді біреуі.

– Ат құйрығына байлаймын! – деп жұлқынды екіншісі.

– Тірідей түту керек! – деп өршеленді өзгелері.

Бірінің айтқанын бірі тыңдамай, қан сасыған даланы бастарына көтерді.

Сонда Удайди орнынан тұрды.

– Бәрің де ақымақсың! – деп күркіреді.

– Оған өлімнен де зәрлі жаза бар.

Қынындағы қанжарын суырып алып, баланы бас салды. Шырылдатып, жерге алып ұрып, алқымынан бүре буындырды.

– Міне, менің үкімім! – деп тілін кесті де лақтырып тастады. Қалың қол теңіздей толқып, құтырына қиқулады.

– Өлтір! Өлтір! – деп шулады.

«Өлім, Өлім!» деген үрейлі үн аспанның астын кезіп кетті.

Қолында қанжары жалаңдаған Удайди ортаға жұлына шықты.

– Тоқтат! – деп арс етті.

Содан кейін омырауын қан айғыздаған балаға қарады.

– Ал енді кете бер, жолың ашық. Сен бұл өмірден еліңнің қойдай қырылып, көктей солғанын тірі пендеге айта алмай күңіреніп өтесің. Көзің көрген сұмдығың көкірегіңе шемен болып байланып, адам жаны төзгісіз азап шегесің. Айдалада аш қасқырша ұлып, түнерген түнде байғызға үн қоса сарнайсың. Тәңіріңнен ғұмыр бойы бір сәтке ғана тіл бітіруді аһ ұра өтініп, басыңды тауға да, тасқа да соғасың. Мен ақтық демің біткенше күндіз көзіңнің алдында тұрамын, түнде түсіңе енемін. Кегің алынбайды, қыжылың басылмайды. Ал одан өткен қорлық жоқ.

Міне, Удайди осындай қорқау еді. Бала сенделіп кете барды. Аңырады – үні шықпады, зар иледі – даусы естілмеді. Сол бетінде тауды бөктерлеп, Атасудың таудан шапшып ағатын қайнар көзіне жетіп жығылғанша тоқтаған жоқ. Осы жерде есінен танып ұзақ жатты.

* * *

Көп ұзамай түн түнерді. Қырылып қалған Мық елінің рухы көкті кезіп кетті. Айды айналды, тынши алмады. Құс жолына мұңын шақты. Жұбата алмады. Шетсіз-шексіз ғарышқа сіңіп жоғалғысы келді. Сол-ақ екен, көрдей қараңғы ғалам тарта жөнелді. Суылдап сіңіп бара жатып, Мық елінің үрейлендіре жұтынған қорқау әлемде өңі қашқан, сөнуге айналған жұлдызын көрді. Солай қарай жанұшыра ұмтылды. Тылсым дүние түнере тулағанда жұмбақ тұңғиықтан сұрапыл құйын үйірілді. Сәт санап күшейіп, қараңғы ғаламды шыр айналдырды. Мық елінің бейшара рухы енді әлгі әлсіз жұлдызға бірде жақындап, бірде алыстап қым-қиғаш дөңгеленді.

О, тоба! Шалажансар жұлдыз бұл қашықтаса, анасынан айырылған сәбидей шырылдайды. Дүлей құйын құтырына түсті. Тылсым дүниенің астан-кестеңі шықты. Сансыз жұлдыз қас-қағымда шашылып, сол сәтте қайта жиналды. Төменде, көз ұшында бозарған ай қан-сөлсіз. Шалғайдағы көгілдір жерден Мықтың соңғы тұяғы зар илеп жалбарынады.

– Жұлдызымды сөндіре көрме!

Сорлы елдің әлжуаз жұлдызы қосыла егілді.

– Отымды өшіре көрме! Күнәсіз жұрттың күлін көкке ұшырма!

Рухтың жанары жасаураған әлемі жаңғырығып жүре берді.

– Күн тәңірді жәрдем сұрап,

Жалынайын, құшайын.

Мық елінің жұлдызына

Отқа оранып ұшайын.

Күнге қарай қанша талпынса да, көкдолы құйынның аласапыранданған иірімінен босана алмады. Алаөкпеленген, әлденеге өшіккен, әлденеден өлердей шошынған тылсым мүлде ашкөзденіп алған. Сапырылысқан жұлдыздардан опырылып түскен, қаңбақша қаңғыған жартастарды сатыр-сұтыр соғып, тас шайнайды. Әшейінде аспан төрінде қаптап жүретін жын-перілер зым-зия. Алыстан, сұрапыл құйынның сыртынан елі аман рухтар ағып өтіп жатыр. Бәрі күнге бет алған.

Бей-берекет көктің бір қапталында Мық елінің жұлдызы жанып-сөнеді.

Көкдолы құйын айналасын сапырып-сапырып алып, сойқан салды. Иірімінде үйірілгеннің бәрін бей-берекет лақтыра бастады. Жұлдыздардан жырымдалған дөңбек тастар шартарапқа қаңғып кетті. Тозаңданған бозғылт толқындар бірін бірі қуып барып, құс жолына сіңіп жатыр. Құйын үйірген алапат дауыл адамзаттың әулие көкке атамзаманнан сарнап жамыраған қисапсыз күнәсіндей түршіге азынағанда он сегіз мың ғалам жанынан түңілді.

Тәңір-ау, шын ба, жалған ба? Елдері аман рухтар күн астынан қалқып көрінді. Қол бұлғап шақырады.

– Жетсеңші тез! Жалынға оранып шыға келші! Мық елінің сөнуге айналған жұлдызына от болып орал!

Сұрапыл құйынның құрсауынан құтылған рух аға жөнелді. Күн нұры ажарландырған рухтар да самғап келеді. Қандай ұшқыр еді өздері?! Міне, құшақ-құшақ алауға бөлеп жатыр.

– Күн тақсырға өтінішпен бардық біз,

Жұлдыз үшін жалын сұрап алдық біз.

Әлде солар, әлде басқа бір құдіретті күш рух ұшқындарын Мық елінің сөнуге айналған шырағына әп-сәтте қондыра салды. Жұлдыз жарқ етіп жанып, алаулап қоя берді.

Рухтар шаттыққа бөленді. Ерекше мейірімді әулие әуенмен ғарышты тербетті.

Жер-жаһанды нұрландырған құдірет,

Күн киеге мәңгі бақи құрмет.

Мық елінің жұлдызы енді сөнбесін,

Жұмыр жерге қауіп-қатер төнбесін.

Жақсылыққа басыңды иіп тағзым ет,

Жамандыққа қарғыс және лағынет.

Жанашыр ғой рухтарды сыйлай жүр,

Жерді аңсап зеңгір көкке сыймай жүр.

Күміс күннің бауырынан ғаламға мейірім шуақ тарады. Әлем жадырап, жасарып сала берді.

* * *

Бала көзін ашты. Аспанның асты қылаңытып тұр, жұлдыз сирек, Жетіқарақшыдан бастап Темірқазыққа дейін өңі қашқан. Түнгі көктің төрінде дөңгеленген ай жаудың оғы ысқырынып келіп өңменіне қадалатындай сұп-сұр. Бозамық сәуле тау арасына боздап төгіледі.

Бала тәлтіректеп орнынан көтерілді, тау өзені тасып ағып жатыр, көк езу көп толқын бірін-бірі баса көктеп, тастан тасқа ұрынып бүлік іздейді. Қырық бүктетіле көкке шапшып, аспандағы айға атылады. Жағада қалқиған кәрі терек бұтақтары үрейлене тарбиып, арса-арса тамырларын жақпар-жақпар тарғыл тастың қуыс-қуысына сүңгітіп жіберген, қатты ағыс қашан жұлып әкетеді деп қалтырайды.

Мық елінің сорлы болған соңғы тұяғы өмірден күдер үзді, ол Удайдидің мұның пешенесіне жазған қайғы-қасіретінен азып-тозғанша, өлуге бекінді. Жағадағы қия тасқа өрмелеп шығып, айдынында үйір-үйір жын ойнақ салған, көбік шашып аласұрған долы өзенге қарғыды.

Әуелде мұздай суға шым батып кетіп еді, тынысы демде тарылып тұншығып бара жатқан, сол кезде бір әулетті күш кеудесінен түйіп өтіп, серпе лақтырды. Алапат толқын қаңбақша домалатып әкеп жағаға топ еткізді.

Бала не болып, не қойғанын аңғарып үлгерген жоқ, Атасу күркіреп қоя беріп еді, әлгі дүлей толқындар, қырық бүктетіліп, жиырылып жазылды.

– Мені енді ажал да алмайды, – деп күйзелді бала.

Осы кезде етектен улап-шулаған, бейберекет жамыраған дауыстар естілді. Бала кеудесін көтеріп, сол тұсқа бұғына көз салды. Таудың бөктеріне келіп тірелетін ойпаңнан жыпырлаған сансыз жарық көрінді. Әр жерде лаулата жаққан оттың жалыны көкке шапшиды, айдың бозғылт сәулесіне болат дулығалар жылт-жылт шағылысқанда, жүрегі кеудесіне сыймай дүрс-дүрс соқты.

– Удайди ғой бұл, – деп ыңыранды.

Ол қалың қолымен көк шалғынға қаптай қонып, қанды жорықтан соң думандатып жатыр еді. Шегірткедей құжынаған көп қарақшы қарқ-қарқ күліп мәз-мәйрам. Бағанағы арсыз ақын Удайдиды жер-көкке сыйғызбай мадақтайды, әлденені қаңғыр-күңгір қағып, оттың жарығында ербеңдеп жүр. Баланың көкірегі сыздады, тұла бойы безгек қысқандай қалшылдап бара жатты. Сонда оның не айтып аңырағанын, әттең дүние-ай тірі мақұлық та ести алмаған.

– Түнде көкті билеген,

Күнге басын имеген,

Ай тәңірім, жалынам,

Бәрінен еңсең асқан-ды,

Есірген жаудың үстіне

Жіберші тастап аспанды –

деп жалбарынды ол.

Ай бәз-баяғы қалпы өңі бозарып тұра берді. Бала енді қараңғы түнде қарауытқан тауға жүгінді.

– Қара жерді таптаған,

Жалғанда тең таппаған,

Тауым-заңғар тәңірім,

Жетіміңді жұбатшы.

Қалың жаудың үстіне

Шың-құзыңды құлатшы.

Тау түнере түсіп, өркеш-өркеш биігі қараңдап тіл қатпады. Бала салы суға кетіп Атасудың жағасына келді.

Айбаттанған, тулаған,

Қаһарланған, шулаған,

Су киесі құдірет.

Қойдай қырған елімді

Көп дұшпанның үстіне

Қаптатсаңшы селіңді.

Атасу жағаға шапшыды, арнасына сыймай буырқанғанда, жиектегі көк терек жанын шүберекке түйді. Жолына еміне төнген жартасты ақжал толқын өршелене сабалап ашу шақырды.

Баланың көкірегі қарс айырылды.

– Мені ешқайсы да естімеді, – деп қолқасы үзіле қамықты.

Ал асау өзен бұрқ-сарқ қайнап, тау іші жаңғырығып бара жатты, баланың құлағына өктем де өжет үн келіп жетті.

Сорлы жетім, сен мені қатыгез деп санама,

Ер қырылып жатқанда барлығы да садаға!

Атасудың айбынды даусы жеті түнде зеңгір көкті шарлады, жұлдыз біткен жыпыр-жыпыр жасқанып, Үркер бір бүйірге ауа көшті. Ай тоқымдай бұлтты тасалап, таудың биік шыңдары ербең-ербең елеңдеді. Өзен тас-талқан тулап, етекке қарай арқырай ақты, айналаны ақ көбік басып, тылсым түн түнере түршікті. Ал жау жасағы сол бәз-баяғы қалпы думандата берді.

Мылқау бала көкірегі шоқ қарығандай күйзелді. Удайди Атасудан да құдіретті ме еді?!

Асау-асау толқындар, айбаттылар толайым,

Жауды жайпап өтсеңші, құрбандығың болайын, –

деп егілді.

Өзен долдана күркіреп жағаны жүндей түтті, енді бұрынғыдан да ширыға, қаһарлана күркіреді.

Әлде менің, әлде оның, білмей қойдым соры ма,

Қара жартас қырсығып, жатып алды жолыма.

Сол кезде түксиген тау дүр сілкінді, терең шатқал, жықпыл жыра қаңғыр-күңгір жаңғырығып, шың-құз күтір-күтір шытынады.

Тауға тіл бітті:

Тентек өзен кектенсе, мен де өнерді бастайын,

Қара жартас қырсыққан, қағайын да тастайын.

Бөктерде әлдене шатыр-шұтыр қақырап, гүрс-гүрс құлады, түн түтіге түнеріп, тынысы тарылды, жер теңселіп, аспан қуықтай қуырылды. Бірінің үстіне бірі құлап, аласұрған асау толқындар етекке қарай үдере лап қойды. Күндей күркіреп, жер-көкті азынатып, атандай алып тастарды допша домалатты.

Бала өзенді жағалап құстай ұшты, түн ішінде бөктерден жанұшырған көп дауыс сарнаған, зар еңіреген сайын барын салды. Ал Атасудың құдіретті гүрілі жаһанды жаңғырықтырып, бәрін билеп-төстеп алған.

– Уа, Удайди, сен дегеніңе жеткен жоқсың, мен мылқау емеспін! – деп айғайлады жүгіріп келе жатып.

Садағаң кетейін, Атасу оның даусын әуелете іліп әкетті.

Жансыз деме, дұшпаннан,

Су-ана да жериді,

Қайғысына елінің қара тас та ериді.

Таудай толқындар ойпаңға лақ етіп құйылғанда, жау есін жиып үлгере алмай, алапат тасқынның астында қалды. Удайди дәл төбесіне құлап келе жатқан үйдей тасты көріп үлгерген, таудан күркірей аққан асау өзен емес, өзі қырып салған қалың ел тәрізденіп қылғына шыңғырды. Сансыз көп мүрде жан-жағынан жармасып тірідей түтті ме, әлде өңкей тілдері кесілген мылқау балалар үстіне ұмар-жұмар құлап, сүйек-сүйегі күтір-күтір уатылды ма, білген жоқ. Зілдей тас жаншып өте шықты.

Бала айнала жүгіріп, құстай ұшты. Бүкіл әлем бауырына басып аялағандай жайқалды. Жұлдызды, сырлы дүниеге сіңіп кеткісі келді. Жер – ананың сүт иісі аңқыған төсін аймалап, уызына қанғысы келді. Бір өзі бүкіл Мық еліне айналуға асықты.

– Ей, Удайди! Сен дегеніңе жеткен жоқсың. Мен тілсіз емеспін! – деп жар салды.

– Тілсіз емес! – деп күркіреді көк аспан.

– Тілсіз емес! – деп жаңғырықты шың-құз.

Баланың көкірегінде асау өзен сарқырады. Аласұрып, алқынып жүз құбылды.

Аямайын, берейін де барымды,

Тілің сенің болсын мендей арынды.

Қойнауында қайың-терек сыңсыған, қиясына қыран ұя салған заңғар теңселіп басылды.

Болсын тілің наркескенге пара-пар,

Тау секілді бас имейтін тәкаппар.

Жауы жайрап қалған соң бұйығып, бұғып жатпаған, киігі қырда қаптаған сайын дала бауырын жазып шалқыды.

Тілің мендей ұшан-теңіз кең болсын,

Сайрағанда сандуғашқа тең болсын.

Еріккенде жазықты желіктіріп жарысқан, зеріккенде көкте сұңқармен табысқан қырдың тұлпар желі гу етіп үйірілді.

Буырқанса дауыл болып туласын,

Көл-дария астан-кестең шуласын.

– Ей, жауыз! Сенің дегенің болған жоқ! – деп асыр салды бала.

Даусын көкте күн, жерде тау-тас, өзен-көл, шалқар дала түгел естіп еді. Мық елінің қайта жанған жұлдызына да жеткен. Ол бұрынғыдан да жарқырай түсті. Ал тілеулес рух Мық жұрты жайлы желдей есуге асықты. Тәңір-ай, өз тіліңде армансыз көсілгенге не жетсін?!

Ереуілдеп ерлер жайлы төгілді, қатпар-қатпар жыр-дастан бірінен соң бірі сөгілді. Абыз құсап ел жамаған алдиярлар жайлы арқырады, қилы-қилы аңыздар таудан құлаған тасқындай сарқырады. Есен де аман болсын деп ел жайында ұрандады, көк елікпей, жел желікпей тұра алмады. Талай да талай шабылған, бір жоғалып бір табылған жер жайында шалқыды, етекте дала, қырда жота-бел балқыды. Арындап келіп ақиқатты айтты.

Иіліп бүгілгендер, үгілгендер,

Рухы жиіркеніп түңілгендер.

Мық елінің рухын түңілдірмеген жалғызы өзінің өліп тірілгеніне куә зеңгір көктің астында өсіп-өнетін күндеріне бет алды.

Алдан Смайылдың көп томдық шығармалар жинағынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар