1994 жылы Ұлы Абай дананың туғанына 150 жылдығына бағышталған Ақжан Машани хазіреттің «Әл-Фараби және Абай» монографиясы баспадан шықты.
Бұл қазақтың маңдайына біткен мың жылда дүниеге бір келер алып даналардың рухани тұтастығының бұзылмас тұғырнамасы еді.
Бұл қазақтың дүниетанымдық ұлттық болмысының көкжиегін мың жылға кеңейткен зерттеу болды.
Бұл Қыпшақ тумасын жалғастырар дәстүрді анықтайтын бүгінгі ұрпақ ұстанымының нышаны еді.
Бұл Абайды танудағы қазақ ғалымдарының бұрын-соңды бармаған тақырыптың бастамасы – ренессанстық бағыттың қағылған қадасы болды.
Ең бастысы А.Машани – бүгінгі ұрпақтың жиі ауызына ілігетіндей даналық ойдың мәтеліне айнала бастаған мынандай соны ұғымдарды берді. Олар: «Әл-Фараби музыкант, біз оны философ дейміз, Абай философ біз оны ақын деп бағалауға дайын тұрамыз деген тұжырым әлі күнге дейін фарабитанушылар мен абайтанушылардың аузына түспеген даналық сөзі. Және «Әл-Фараби және Абайды» зерделеп шыққан оқушы оның авторы – Ақжан хазіреттің: «... Бұл кісіден бұрын да, кейін де даналар болды. Бірақ олардың ішінде... дәл Фарабидей геометрия, арифметика, астрономия, музыка сияқты төрт ғылым саласында бірдей ұлы үлес қосқан... аса ірі жаңалық ашқан ғалымдарды табу қиын... Платон, Аристотель, Птоломей сынды ғұламалар музыканы жөнді меңгере алмағандығын өздері жазып кеткен....» А.Машанидің осынау тұжырымдық түйіні Қазақ ғалымдары түгіл әлемдік фарабитанушы оқымыстылар пайымдауларынан асып кеткендігін аңғару қиын емес.
Ендігі сөз: зерттеу қашан басталды, мұны жазуға қай күні отырды деген сауал. Бұған менің нақты жауабым: 1987 жылдың 31 қазанында Ақжан хазреттің болашақ «Әл-Фараби және Абай» зерттеуінің алғашқы фрагменттері жазылған жұқа көгілдір түсті дәптерді мынаны оқып көрші деп берген күнделігімде мәлімет бар. Сол көк дәптер беттеріне түскен әл-Фарабиге қатысты Абай даналығы жәйлі ой сол күннің қарсаңында ғана жазылғанына бәсім бар.
Демек осы күнді мен А.Машанидың ХХ ғасырда бірге жасасқан барлық қандастарын айтпағанда, замандастары, әріптестері – ғалымдардың бара алмаған тың тақырыптың есігін ашқан күні деп түйдім.
Иә, бұл күн «Әл-Фараби және Абай» монографиясын жазуды бастау күні, түптеп келгенде сол зерттеуге қажет мәліметтерді жинай жүріп, болашақ кітабында айтылар ойға әбден қанығып, толғанысы ернеуінен асқанда шығарманы жазу үшін авторын столына «шегелейтін» шабыттың туған күні дер едім. Бұл әз ағаның телефон шалып, кафедрасына шақырып, қолыма сол көгілдір түсті жұқа дәптерді ұстатқан күні болатын.
Әдетте әз ағаның көңілін паш етер жәйттің тоқайласар толғаныс түйінін тапқан сәттегі қуанышы мен тебіренісінен дірілдей шығатын қоңыр үнімен тамсана отырып «карамат... карамат ... ғажап... ғажап...» деп сөз бастайтын әдеті бар-ды.
Өзіме рухани ұстаз санайтын Ақаңның шығармашылығының бір ерекшелігі – ол болашақ еңбекті жазар алдында негізгі идеяны әңгімелеп беретіндігі. Ал, мен Ақаңнан естігендердің мәнін асықпай зерделеу үшін: аға осының ұзын ырғағын қағазға түсіріңізші алдымен деп кейде «ақыл» беретінмін. Осы жолы бұл тілегімді әз аға айтпай-ақ орындапты. Бәлкім осы айтқаны түбі қағазға түсіп, Фарабиді танудың жаңа басқышына айналар дүние екендігінен болар, мына көгілдір дәптердегі сол идея енді менің «меншігіме» айналды.
Әдетте ғалымдарға, әсіресе жазушы-ақындарға, тіптен барлық шығармашы қауымның санасында туындайтын тың идеяны ешкім әкеп алақанға салмайды. Бұл олардың болмыстық іс-әрекеті, дүниетанымының ауқымында ғана туындай алатын дүние. Ал, сол «тың идея» өз кезегінде толғаныс, ізденіс барысында пісіп жетілері хақ. Бірақ оның ұрығы аспаннан түскендей кенеттен туындай қалатын түйсік емес. Осы ретте “Әл-Фараби және Абай” тақырыбы қашан мұқабамен көмкеріліп, кітап болып шыққанша, А.Машани ғұламаның жүрегінде үнемі толғаныспен толысып жетілуде болғандығы шүбәсіз. Қазақтың осынау екі данасының арасындағы рухани байланысын ашатын зерттеудің әл-Фарабиді Абай білді ме? деген бастау сұрақтан туындағаны анық. Енді осы еңбекті жазуға түрткі болған жетекші ойдың дәлме дәл дәлелін алдымен әз ағадан естігенімді баяндай кетейін
Менің осы ойымды оқып шыққандай әз аға сол жолы: «Ұлы данышпан адамдар әр халықтан мың жылда бір ғана рет дүниеге келеді деген қағида біздің осы екі данаға дәл келетін сияқты. Әл-Фарабидің ұлы ғалым екені, көп қырлы ғұлама-хакім екені, өнерпаз ақын – музыкант екені қашаннан мәлім – деп бастаған-ды сөзін – егер де бізден осы ХХ ғасырда, әл-Фарабиге ең жақын, рухани сабақтас адам бар ма деп сұраса біз алдымен ол Абай дер едік...» дей отырып, әз-аға кейін өз монографиясында келтірген дәлелін тезис түрінде айтып өтті.
«Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, оларды үндестіру, біздің халқымыздың мың жылдық рухани, мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз. Демек бұл зор мақсатты халықтық іс деп білу керек. Осы мәселені қолға алғанда бұл бағытта әлі жөнді ешнәрсені тындырмағанымызды мойындаған жөн. Ал, осы екі алып тұлғаны жеке-жеке тануда едәуір істер істелгені рас. Бірақ бұлардың арасын жалғастырып тұрған ғажайып нәзік, тамаша берік рухани жіпті біз әлі таба алмай жүрміз: бірақ оның барын анық сезсек те, оны «көруден» әлі шалғай жатырмыз, – дей отырып Ақжан аға:
Мұхтар Әуезовпен бір кездескенімде осы жөнінде сұраған едім. Ол кісінің сондағы маған айтқаны мынаған келеді: “Абайдың даналық дариясының бастауында үш көзі бар – олар: бірінші қазақ халқының көнеден келе жатқан мәдениеті-өнері, екіншісі орыс мәдениеті, сол арқылы Батыс мәдениеті, үшіншісі араб мәдениеті. Сенің айтып отырғаның осы кейінгі үшінші көзі ғой. Оны мен өз еңбегімде көрсете алдым демеймін. Бұл мәселе кейінгілердің ісі болады-дағы”.
Ол кезде мен әл-Фарабиді жаңа ғана қолға алған кезім еді. Сонан бері бірсыпыра уақыт өтті, көп істер істелді.
Енді сол үшінші көздің бетін ашып, сонан сусындайтын мезгіл жетті деп білемін. Қаныштың қызы Шамшиябану өзінің мақаласында “Абайды танып болдық па?” – деп сауал тастайды. (Соц. Қазақстан, 9-VIII-1987).
Оған менің жауабым: жоқ. Абай танудың басталмаған зор саласы жатыр, ол сала екі дана әл-Фараби мен Абайдың арасын жалғастыру. Оның өзі Абайдың Шығыс мәдениетінен алған, көрген мәселесіне соғатыны мәлім.
– Абайда “мутакалим мантикун” деген сөздер бар. Бұл өзі ғажап терең философиялық-логикалық – диалектикалық қағида. Бұл жөнінде бүкіл араб елдерінде, халифалар заманынан бастап осы күнге дейін айтыс-тартыс талас үзілген жоқ. Мантиқ-логика ілімін ең толық зерттеп дамытқан адам Әл-Фараби. Десек те, бұл ілімінің теріске әкетіп, шатыстыратын жағы бар. (Абай сонан қаш деп отыр). Бұған қоса оның нағыз ғылыми ойды дәлелдейтін тамаша өлшеуші, әдістері де бар. Мұның кейінгісі әл-Фараби сияқты ұлы ғалымдардан алған тағылымының нәтижесінен Абай даналығы түлеуден өтті демекпін.
Абайда талай терең қағидалар жатыр. Мысалы Абайдың “ғақлия – нақлия”, “ғаламның сәнді сәйкес жарастығы”, “ғылым құдіреті”, “жүрек таразысы – инсаф”, “өмірдің өзі шындық” деген тәрізді қағидаларының әрқайсысы бір-бір томдық еңбек жазуға болатын тақырыптар. Және осылардың барлығы әл-Фараби еңбегінде бар, онда терең талқыланған.
Әл-Фараби мен Абай арасын жалғастыратын тағы бірер мысал келтірейін, – деп ойын жалғады әз аға:
Әл-Фарабидің 1100-жылдық мерекесі қарсаңында Абайдың біраз еңбектері араб тілінде аударылып тараған болатын. Сонымен таныс болған араб ақындары әл-Фараби мен Абай екеуін біздің рухани достарымыз деп жариялады да.
Мұхтар Әуезов марқұмның бір сөзінде Абай Семей қаласында медреседе оқып жүрген кезінде татардың ағартушысы-ғалым Шаһабудин Маржани еңбегімен танысып, оны өте жоғары бағалағандығын айтқаны бар-ды.
Ш.Маржани Қазанда «Ғалия» мешіт-медресе салдырған, көптеген шәкірттер дайындаған. Сол кісінің тікелей шәкірттері Семейде, Қарқаралыда бала оқытты. Демек, сол арқылы Абайдың Маржаниды білуі әбден түсінікті нәрсе. Ш.Маржанидің еңбегіне көз жіберіп қаралық. 1915 жылы Қазанда Ш.Маржанидың үлкен бір томдық еңбегі татар тілінде жарияланды (“Маариф” баспасы) дей отырып әз аға өзінің төл тақырыбын пысықтай түсті.
Сол кітапта Ш.Маржани әл-Фараби еңбектеріне бірнеше жерде тоқталады, және оны өте жоғары бағалайды. Әсіресе әл-Фарабидің ғылым, философия, музыка саласындағы қағидаларын Ш.Маржани үлгі етеді. Ал, Қазанның Ш.Маржани басқарған медресесінде әл-Фарабидің кейбір ғылыми еңбектерінен дәрістер оқылған екен, оқу құралдарына кірген екен. Оны біз сол медреседе оқыған қарттардың өз аузынан естідік. Мысалы 1970 жылы Уфа шаһарында Камал Башари атты қарт маған әл-Фараби кітаптарын табуға көп көмек бергенін саған айтқан болатынмын. Сонда ол кісі айтады: “Біз әл-Фараби туралы дәрістер оқыған едік. «Оны біз араб ғалымы деп білетін едік. Сіз оны Қазақтан шыққан деп дәлелдесеңіз, ол зор еңбек”, – деген Башари.
Әл-Фараби мен Абай деген мәселені көтеретін болсақ, басқа да толып жатқан байланыстар табуға болар еді. Бұл өзі зор өзекті, аса қажет нәрсе, тамаша тағлым жолы осында жатыр деп білеміз. Бұл күндегі біздің ең басты дұшпанымыз надандық. Кейінгі кезге дейін көп жағдайларда біз ғылымның тек атын естіп, затын білмейтін дүмшелердің қоршауында болдық. Енді ол заман өтті. Қазір шындық іздейтін заман жетті. Мұның өзі зор ғанибет. Осы жолда, барлық өмірін шындық іздеуге бағыштаған әл-Фараби мен Абай біздерге шамшырақты ұстаз болмақшы. Қос дана Фараби –Абай жолы сол болмақ.
Абай жолын келешекте кеңейтіп адамдық, шындық жолы – Фараби-Абай жолы деп тануымыз керек...».
Ақжан хазіреттің екі ұлы дана бабаларының басын қосар зерттеуінің бастауы 1960 жылдары әл-Фараби баба мұрасын іздестіру сапарында туған дүние екендігіне ешқандай күмәнім жоқ. Ғалым столының үстінде «Әл-Фараби және Абай» кітабының бірінші бетінде айтылған зерделі ой мен Ақаңның Уфа-Қазан сапарында «Ғалия» медресесінде Фараби сабақтары оқылды деген Қамал Башри хабарының арасында жиырма жылдай уақыт жатыр. Бірақ сол жолы Құнанбай салдырған Семей мен Қарқаралыдағы мешіттерге «Ғалияны» тамамдаған имамдар келетіндігін білетін Ақаң әл-Фарабиді Абай білді деген ұстанымынан әсте ажыраған емес-тін. Қайта сол идея үнемі ұрықтана бергендігін мен сол жолғы әңгіме барысында аңдағанмын.
Расында да, егер сол сапарда Ақаң әл-Фарабиді Абай білді деген ой ұшын ұстап қайтпады ғой, онда бұл болжамның туындамасы хақ.
Сол сапарда Ақжан ағаның түйіп қайтқан ендігі бір басты мәселесі әл-Фарабиді тану үшін татар халқының ұлы ғалымы Шаһафудин Бағаудинұлы Маржани мұраларын зерделеу қажеттігі болатын. Шынында да Ақаңа: «...адами шындық жолы – әл-Фараби – Абай жолы» деп танытуда татар елінің осынау ұлы ғалымының мұралары жетекші рөл атқарды деп айтуға әбден болады.
Әсіресе Ш.Маржани түсіндірмесіндегі атақты ғалым әл-Ғазали мен әл-Фараби арасындағы қайшылықтың шешімді ұстанымы Ақаң үшін ұлы бабасын тануда зор рөл атқарып еді.
Әл-Ғазали әл-Фарабиден екі ғасырдай кейін дүниеге келген ғұлама. Бағдаттың ұлы ғалымы – хакімі. Ол кісі ғылымға қарсы болмаған, бірақ ғылым-білімнің исламдық жолын іздеу керек, ал оны басқа елден, әсіресе пұтқа табынған гректерден ғылым іздеу, немесе сонымен сабақтастыру исламдық ғылымды яғни жалпы ғылымды дамытуда ислам ұстанымын бұзады деген. Осындай көзқарастың салдарынан араб елінде көп уақыт әл-Фараби ілімін дамытудың кешеуілдегені де шындық.
Бірақ әл-Ғазалиге ілесе шыққан ибн Рушд, ибн-Туфейль тәрізді ғалымдар әл-Фараби мен Абу Али ибн Синаны ақтаған еңбектер жазды. Соның бір ибн Рушд әл-Ғазалидің «Философтарға қарсы» кітабына жауап ретінде «Қарсылыққа қарсы» деген еңбегі. Ш.Маржани осы тәріздес, мысалды– адами әділетті табудағы, ғадылатқа жеткізетін, шындық іздеуде бір-бірін толықтыратын ғұламалар ұстанымы деп түйіндейді. Ш.Маржанидің осы ұстанымы Ақжан ағаға ұлы бабасының Платон мен Аристотель арасындағы қайшылықты жарастырар – яғни түпкі сабақтастығының дәлелі деген тағлымының ғибадаттық жолы екендігін аңғартпай қалмады емес.
Ақжан аға, Ш.Маржани ғұламаның 100 жылдығына орай шығарылған бір томдық еңбегін зерделей отырып, оның әл-Фарабиден келтірген: «ғақли», «нақли» түсініктерін Абайдан кездестіргенде «Абай әл-Фарабиді білді, оған көпір болған Ш.Маржани... ғажап... ғажап» дей отырып өз пікірін түйіндеген-ді.
Ақжан аға әл-Фарабиді Абай білді ме деген мәселеге ойысқанда осы екі ұлы дананың көпірі болған Ш.Маржанидің өз заманында шындық іздеген адам екендігін үнемі есте ұстады. Демек, Абай мен Шәкәрімнің Маржани мен Толстойды құрметтеуі, оларды ұстаз тұтуының сол шындық іздеумен сабақтас жатқандығында. Осы ретте Ақжан хазірет әл-Фарабидің - ғылым іздену адамның адамдық борышы деген сөздерін қайталай отырып Ш.Маржанидің: «Өзінің дінін, тілін білгендер ғана орысша оқыса, ол жақсы. Оны білмей орысша оқыса, онан қайыр күту қиын» деген пікірдің Абайдың 25 - қара сөзінен аңғарған болатын. Осы ретте Ақжан:
«Сонымен Қазақстан жерінде Абай заманында исламның екі түрлі ағымы болды. Оның бірі әл-Фарабиден – Ұлықбектен – Маржаниден бағыт алған, ғақли-ислам, екіншісі – әл-Ғазалиден басталар нақли-ислам.
– Әл-Фараби туған жеріне оралғанда Абаймен кездесер орны осы деп ол ойын қорытындылап, кейінгі 4-5 жыл ішінде бірсыпыра арабтардың ғылыми, діни қайраткерлерімен кездесе, сұхбаттаса жүріп түйген А.Машанидің өз тоқтамы мынау еді:
“Өмірдің өзі шындық” деген Абайдың тамаша қағидасына бір көз жіберіп қарайықшы. Оның терең мағынасын қысқа түрде топшылайтын болсақ – ол бүкіл табиғат дүниесі, ол біздің өмірге келген ұямыз-мекеніміз.
Дүние ғаламы шебер жарастықтағы ғажайып ғимарат, көрікті құрылыс. Ол Космос ғимараты. Космос грекше бүкіл әлем бір тұтас құрылыс деген мағынада ғой. Ол космос хаос емес, қоқыс емес, ол - ғажайып шебер құрылыс.
Әлем құрылысын тану үшін, оны іздеп табу үшін саналы ой, ғақли парасат керек, әр затқа есім беріп есебін айыру керек: ғақли парасат сол. Сонда ғана сенің атың адамдық есім, оны танымасаң, сен надансын, жаһли басқа жануарлар қатарындасың, яғни солардың адам суретіндегі түрісің-мешінсің-маймылсың. Сондықтан да айтылған:
“Ғақли көзбен қарасаң,
Дүние ғажап, сен – есім,
Жаһли көзбен қарасаң,
Дүние қоқыс, сен – мешін”.
(Әл-Фараби).
Абай да дүниені әл-Фарабише түсінген, дүние ғажап құрылыс, онда әркімнің, заттың лайықты жарастық орны бар. Сен соны іздеп тап, өз орныңды анықтап тап дейді:
“Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Кетігін тап та бар қалан”.
(Абай).
Демек бұл мәселе әл-Фараби тілінде “Табиғат ұлы кітап баспасы” (“Табиғат матбуғат”), Абай тілінде бұл “Өмірдің өзі шындық”. Ғылымның шындығын табу өмірдің өзінен іздеу жолында А.Машани толғанысының мән мағынасына келейік.
Осы шындықты біз, жаңаша ойлауға еркіндік алған қазіргі заманда ғана, бүгін ғана ортаға салып отырмыз дегенді сол жолы әз аға. Осымен байланысты талай ірі мәселелерді Ақжан хазіреттің аңдамай қалуы мүмкін емес-тін. Себебі: әл-Фараби мен Абай хақында жаңадан ойласудың, шындық іздеу дәуірінде аса зор ғылыми, тәрбиелік маңыз алатындығын А.Машани тұрғысынан сараптап көрелік. Екі дананы рухани ортақтастыратын мысалды Абайдың:
«Өмір жолы тар соқпақ, иілген жақ
Иілтіп екі басын ұстаған Хақ
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ» – деуі, оның әл-Фараби бабасы ашқан табиғаттың ғылыми заңдылығын тереңнен ұғып, өмірдің өлшемдес түсінігінен туындайтын болмыс құбылысын тап басып, дәл айтқан толғанысы деп түйіндеген А.Машани тұжырымына кім таласар?! Өйткені әл-Фарабидің ғылыми ізденісі де, ғылыми ислами мирасы да осы имектерді зерттеуден туындайды ғой. Шұғыла түсінігі, ойыс айна (параболид) түсінігі – бәрі осыған соғады. Ойыс айна ортасындағы шұғыла шоғыры – мухарак (фокус) ноқат іспетінде қарастырылады. Бұл ғылымға әл-Фараби әкелген түсінік. Бірақ бүгінгі әл-Фарабидің ұрпағымыз дейтін кейбір ғалымдар оны Кеплерге апаратындығы санамыздағы салғырттық сарқыншақтарын аңдатса керек. Тарихты білу-ұлттық құндылықтарды жаңғырту. Міне, ғалым А.Машанидің даралайтын даналық көзі осында жатқандығын тағы да қайталай кеткен көптік болмас дейміз.
Сол жолы-ақ мен ағаның дәптер беттеріндегі айтқаны болашақ “Әл-Фараби және Абай” кітабының қазақ ғылымында абайтану тарихында ренессанстық маңыз алатын зерттеудің аңдатпасы екендігіне күмәнім қалмады. 1987 жылдың қыркүйек – қазан айлары мен үшін “Әл-Фараби және Абай” монографиясында айтылар ой-толғаныстың әбден пісіп, қағазға түсе бастаған күні деп санауым осыдан. Сөйтіп, болашақ іргелі еңбектің мазмұнын бірінші естіген де мен болдым. Архивімде Ақаңның қолы бар сарғыш реңді қағазға машинкамен басылған осы мақаланың бір данасын тұмардай сақтау себебім де осыдан...
Осы әңгімеден кейін көңіл толқынында біраз жүрдім. Әр сағат сайын бойымда ерекше мақтаныш еселеп артқандай сезінемін. Таныстарыма Абай әл-Фараби бабасын біліпті деп айтқым келіп тұрады. Әр-берден соң, мұны өзім ғана білумен тыну, қауымға жасаған опасыздығымдай көріне бастады.
Жоқ, айтуым керек оны: әл-Фараби мен Абай арасындағы байланыстың зерттелгендігін және оның бірер жылда қазақ қауымының қолына тиетіндігіне сүйінші сұрағым келді. Әл-Фараби мен Абай арасын жалғастырар жәйтті ағадан естігенімді түйіндеп, оны сұхбат түрінде жазуды дұрыс көрдім (Жақшаның ішінде болса да бір жылдай толғанып жүріп, сол сүйіншімді «Әл-Фараби және Абай» деп тақырып қойып апталық «Өркенде» №24, 17.06.1989 жылы жарияладым). “Әл-Фараби және Абай” деген мақаламды әз ағаның алдына апарып қойып жатып: мұндай тың да соны идеяны біреу өзіне меншіктеп кетпесін деген қауіптің амалы екенін де жасырмадым. Жазғанымды оқып шыққан аға:
«Шырағым, ниетің дұрыс қой – деп барып, сәл ойланып қалды: –Шағын мақалада осы екі дананың арасындағы рухани байланыстың дәлеліне ғұлама Әуелбекке сілтеме жасағаның жөн болатын еді...» – деп, Ақжан аға кітап сөресінен Ә. Қоңыратбаевтың “Қазақ эпосы және түркология” (“Ғылым”, 1987) зерттеуін алып, кітаптың 326-бетін ашып “Фараби және Абай” деген тараудан “Абай трактатындағы ... терминдердің мағынасына жетпей жатып Абай жөнінде зерттеу жазуға болар ма? Кейбіреулер абайтану ғылымы шешілмеген, М.Әуезов еңбегі жетімсіз болды деседі... Абайды білу үшін журналист болу жетімсіз. Поэзия, философия, саясат, тарих бұл төртеуі Абайда егіз” – делінген үзіндіні дауыстап оқып берді.
Кітапты бір түнге сұрап алып, ақтарып шыққанымда Ақжан ағаның қазақтың екі данасының рухани байланысына арналған еңбегін дәл сол 1987 жылдың, 31 қыркүйегінде бастау себебіне енді күмәнім қалмады және оны “Әл-Фараби мен Абай” деп атауға “мәжбүр” еткен себепті де түсіндім. Бірден айтайын Әуелбек ғұлама осы екі дананың арасындағы байланысқа арнайы зерттеуге кірістім деп отырған жоқ, тек зерттеу қажеттігін дәлелдеп отыр, яғни сол жұмысқа мен отырдым деген еміреуін де танытпайды. Ал, болмысында біреудің ала жібін аттап көрмеген Ақжан хазірет өзі айналысатын еңбегіне өзі сұранып тұрған Қоңыратбаев қолданған мақала тақырыбын алуды - біреудің идеясына суық қолды жүгірткендей сезініп “Әл-Фараби мен Абай” деп атауға «мәжбүр» болыпты! Әйтпесе, Ақжан мен Әуелбек сынды ғұламалардың басына қауымның көкейкесті мәселелерінің қатар келуі әбден ықтимал. Тіптен, жаратылыс ғылымында, мәселен Менделеев ашқан химиялық элементтердің периодтық жүйесінің заңдылықтары сол кезеңде Батыс Еуропа ғалымдарында да соған ұқсас ғылыми идеяны туындатып, кейін өз алдына қолданысқа енгендігі жеті жұртқа мәлім.
Реті келгенде айта кету парыз: Ғұлама Ә.Қоңыратбаевтың ғылыми ұстанымы Ақжан А.Машанидікінен басқалау, яғни ол әдебиет тарихына байланысты бола тұра, оларды ортақтастырар осынау идеяның - ұлттық құндылықтарды дамытудың көкейкесті бағыты екендігінде. Демек Ә.Қоңыратбаевтың қазақтың екі данасынан ортақтастырар ой айтуы табиғи құбылыс. Ал, Ақжан хазіреттің “Абайдан тәлім алмасақ, Фарабиге бармас едік” деп имандай ағынан жарылуы әз ағаның бүтін болмыстық мақсатына айналған Фараби мұрасын зерделей жүріп Ә.Қоңыратбаевтан көп бұрын екі дана арасында рухани байланыс болуы керек деген батыл ой ұшығын сонау 60-жылдардың басында-ақ, Уфа, Қазан барған сапарында ұстап, баба мұрасын зерттей жүріп оның жауабын тірнектеп жинай бастағандығы осының дәлелі деп білеміз.
Осы тұста мына жәйтті айта кету ләзім: Осы екі ғұламаның әл-Фарабиді Абай білетіндігі екі тұрғыда қарастырылуы. Мәселен, Ә.Қоңыратбев әл-Фараби трактаттарын материалистік тұрғыда талдап, Абай танымымен сабақтастыруда олардың діни көзқарастарын көбіне айналып өтетіндігі. Ал, Ақжан аға екі дананың рухани сабақтастығын «Құдайдың өзі де рас, сөзі де рас» делінетін Абай поэзиясының философиялық астарынан іздейтіндігі. Әл-Фараби бабасын ұрпағына қауыштыру жолында Абай данамен олардың рухани тұтастығын танытар болашақ «Әл-Фараби және Абай» зерттеуін жазуға Ақжан ағаны «мәжбүрлеген» бір сала осы болса керек. Енді Абай әл-Фарабиді білді, яғни баба мұрасымен таныс болды деген сенімді шегелегендей екінші себепті де айта кетуді қажет деп білемін.
Ақжан аға маған уақыт табынан сарғыш тартып, жиегі түбіттене тозған дәптер парағының қиындысындағы жазуды «Ахаттың хаты еді» деп екі рет көрсеткені бар-ды.
«Хатта»:
«Ақжан Әл-Фарабиді еңбек етіп – ол діншіл еді деп таласқандардан, оның ғалымдығы күшті деп, ақтап шығып, түріктің, оның ішінде қазақтың әл-Фарабиін тірілттің. Сол әл-Фарабиді оқыған, тағлым алған Абай мен Шәкәрім туралы үн қатпай өттің. Бұл қалай Ахат».
Хатты маған 1976 жылы, 8 июнь күні Алматыда болған Мәдени мұраларды қорғау съезінде жазған еді, – деп жалғастырды одан әрі аға әңгімесін: Сол мәжілісте мен әл-Фарабидің кім екенін, оны қалай ашқанымды, оның 1100 жылдық мерекесін қалай өткізгенімізді баяндап сөйлегем...
Екінші жағынан Ахат Жидебайдағы Абай музейінің директоры.
Менің Абайдың 100 жылдығына жазылған баяндама қолжазбасы сол музейде, сол кісінің қолында. Әкелері Абай мен Шәкәрімнің әл-Фарабиді оқығанын, әсіресе одан мол тағылым алғанын Абайдың ғылыми мирастарын бірдей зерттеген адам осылардың арасындағы байланысын неге атамай кетпек?
Міне, Ахат ақсақалдың маған қойып отырған талабы осындай.
Мен сол мәжіліс арасындағы үзілісте келіп, ол кісіге түсіндірдім. Тек кейін ол кісі қойып отырған мәселеге өз алдына оралу керек екендігіне тоқталдық. Ол кезде Шәкәрім ақталмаған...»
Сол жолы көптен ойында жүрген мәселеге келуін әз аға былайша түйіндей ді: «... Абайдың алдағы 150 жылдығына дайындалу ісі қолға алынуда. Осы тойдың қарсаңында екі ұлы ұстаздың арасын жалғастыру маған борыш сияқты. Бұл мәселеге мен көптен-ақ ойланған болатынмын. Оның үстіне өткен қыста Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық еңбектері жарық көруі осыған түрткі болды...»
Ендігі мәселе кітаптың қалай шығарылғандығы жәйлі.
Кітап жазылып бітті. “Әл-Фараби және Абай” кітабының құрылымын ақылдаса келе екі бөлімге жіктедік. Бірінші бөліміне 1970 жылы “Жазушы” баспасынан шыққан “Әл-Фараби” тарихи романын редакциялап, қайта қарап, толықтыру, ал екінші бөлімін – әл-Фараби мен Абай арасындағы рухани байланысқа бағыштау. Осылайша көлемі 30,0 баспа табақтай дүние машинкаға басылып даярланды. Енді мұны бастыру керек. Бұл Абайдың 150 жылдық мерейтойына даярлықтың басталған кезеңі еді.
Қолыма Ақжан хазіреттің “Сенім хатын” ұстап, сол кездегі баспалардың бірін қалдырмай жағалап шықтым. Республикалық Баспа Комитетінде де болдым. Барлық жерден еститінім бір ауыз сөз: Абайдың 150 жылдығы шараларының жоспары бекітіліп қойылғандығы.
Заман ағымы өз дегенін қылады екен: баспа басшылары да, баспа Комитетінің жауапты қызметіндегілердің қатарында шығармашы санатында “мен қалаймын” дейтін қаламгерлер бола тұрып, Абай тойына арналған дүниелердің ішіндегі ұлы баба мен Абай есімі сабақтастырылған бірде бір шығарма болмаса да, Ақаң ұсынған еңбекке бірде-бірі селт етпейді-ау шіркіндерің! Не істеу керек?...
Сол кезде қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріліп, термин жасау науқанының ерекше патриоттық рухта өткеріліп жатқан мемлекеттік идеология сыңайдағы шара болатын. Бірде осы мәселемен де айналысатын Қазақ ССР Министрлер Советі төрағасының орынбасары Сұлтанов Қуаныш өткізетін терминологияға арналған жиналысқа шақыру алдым... Есте қалған мына бір оқиға: өткен ғасырдың сексенінші жылдың соңына қарай Орталық комитеттің бөлім меңгерушісі Қ.Сұлтановтың Орталық аппараттан ығыстырылып, Қарағанды обкомның хатшысы етіп жіберілгендігі және сол кезде Ақжан Машанидің өз елі Қарқаралы барған сапарында оның ертіп жүргендігі, тіптен ол екеуінің Әлихан Бөкейханов оқыған, кейін Ахмет Байтұрсынов ұстаздық еткен Қарқаралы қаласына таяу жердегі “Ақтерек” мектебіне барғандығы, сол жолы қалпына келтіріліп жатқан Құнанбай мешітінде бұрын «Күн сағаты» қойылған жерде тұрып түскен суреті есіме түсті. Дереу Ақаңа телефон шалып, бастыққа жазылған хат мәтініне келісім алып, ертесіне қолын қойдырып жиналыс өтетін ескі Үкімет үйіне бет алдым. Бірінші үзілісте Қ.Сұлтановқа Ақаңның хатын тапсырдым. Бұл 1991жылдың 6 ақпаны болатын.
Ол кез партияның тақтан таймаған кезі ғой, бастық айтса болды, істің орындалатын заманы, әрі кетсе бір жұманың ішінде қолжазба қолдан қолға өтетін болады – кітаптың шығатындығына күмәніміз қалмады, ендігі мәселе қолжазбаны қай баспаға ұсыну. Ағамен ақылдаса келіп, кітапты “Қазақстанға” ұсынуды ұйғардық. Бірақ кітаптың толық көлемде шығуына тағдыр қоспаған тәрізді. Қолжазбаны баспаға тапсырған соң араға бір жылға тарта уақыт салып бөлім меңгерушісі, М.Қазыбек алдымен маған, сосын ағаға телефон шалып: қағаз мәселесінің қиындық тудырып жатқандығын қамыға хабарлай келіп кітаптың екінші бөлімі «Әл-Фараби және Абайды қалдыруды ұсынды.
Табиғатында қанағатшыл, барға шүкіршілік ететін Ақжан Машани бұған да келісті. Бірақ кітаптың екінші бөлімін жеке еңбек іспетінде қайта қарау керек болды да зерттеудегі “Бабалар батасы” жаңа тарауы осылай туған болатын.
Сөйтіп кітап 23 500 таралыммен 1994 жылы Абай тойының қарсаңында оқушылар қолына тиді.
Кітаптың «Әл-Фараби және Абай» тақырыбын ашатын мынандай үш бөлімде баяндалды: 1-бөлім «Әл-Фараби ізімен», 2-бөлім – «Ұлы ұстаз Абай», 3-бөлім «Бабалардан бата».
Зерттеудің бірінші бөлімі атауына сай А.Машанидің ұлы бабасын табудың күнделігі тақылеттес ғалымның осы жолда шеккен мехнаты мен тар жол тайғақ кешуден, тапқан әрбір баба мұрасының ойға сенім, бойға қайрат құйған мерейін өсіреітіндігі, ұлы дананың ризалығындай ұлтына деген махаббатының лебізін сездіріп тұратындай. Ал екінші – Абайға бағышталған бөлім фани дүниедегі қазақтың пешенесіне біткен дүниежүзі мойындаған әл-мұғалім әл-сани әл-Фарабимен таразы басына даналығын салар қазақтың ұлы перзенті Абайдың жаңадан адами болмысын тапқан Ақжан Машанидің бүтін санаттық тұрғыда тың да тамаша, өз кезегінде абайтанудың ренессанстық деңгейін анық аңғартар ғұламаның тұжырымдары десек болғандай еді.
Ал үшінші «Бабалардан бата» – Ақжан Машанидің ескі және жаңа дүниежүзілік ғылымның шыққан биігінде ғана пайымдалатын ойларының – бүтін фарабитанудағы қолданысын және қазақ дүниетанымымен әл-Фарабидің бүгінгі ғылымдардың бастауына айналған тұжырымдарындағы сабақтастықты танытар танымдықтың негізгі фрагменттері көрініс тапқандығы деп білем. Бұл А.Машани болмысын – оның ғұламалық ой толғамын, ескі дүние мен жаңа дүние ғылымының ара жігін, олардың танымына деген білімдарлығын байқататын машанитануда яғни, екі дана арасындағы байланысты байқауда оқушының биік діңіне көтерер ғалым ұстанымы деп білеміз.
Дей тұрсақ та, Абайтанудың ренессансы деп бағалаған акад. Р.Бердібайдың сөз арасында берген қысқа да нұсқа бағасынан басқа мүйізі қарағайдай абайтанушы ғалымдардың бірде бір күні бүгінге дейін үнсіз қалуы көп нәрсені аңғартары анық. Ақаңды Абай тойына шақырмақ түгіл, өз ара бәйге бөліп жатқанда да А.Машани зерттеуінің еленбеуі «бұл қалай?» дегізетін елдік санамыздағы қатерлі дерттік зардабын ескертсе керек.
Шәмшиден Әбдіраманның "Әл-Фараби мұрасы және әл-Машани" еңбегінен алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.