Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Абай поэзиясының тілі – қазақ әдеби тілінің дамуы...

28.10.2016 27443

Абай поэзиясының тілі – қазақ әдеби тілінің дамуындағы жаңа белес

Абай поэзиясының тілі – қазақ әдеби тілінің  дамуындағы жаңа белес - adebiportal.kz

Өзіне дейінгі, өзімен тұстас қазақтың өлең сөзінің көп жайты Абайдың талабы мен талғамының деңгейіне келмей қалғанымен, жеке ақын-жыраулардың тілін місе тұта алмаған жайы болғанымен, өзі көп тетігін қайта бұрап, көп кетігін жаңадан қалағанымен, Абай қазақ поэзиясының жасалу және даму заңдылықтары мен шарттарына мойынсұнбай кетпеді. Өйткені бұл – көркемсөз дамуынын объективті зандарының бірі: «Ақын өзінен бұрынғы қаламдастарын жоққа шығаруы, олардың мұрасын көзге ілмеуі мүмкін, бірақ жалпы тілдің және поэзия тілінің заңдылықтарын ешқашан аттап өте алмайды»[1].

Абай - Abay.jpg

    
 

 

Абай буын саны жағынан өлеңнің өзіне дейін болмаған жаңа түрін жазғанмен, сайып келгенде, олардың барлығы да силлабикалық (буын санына қарай) құрылыс заңдылығына бағынады, өйткені қазақ өлеңінің жасалу табиғаты – силлабикалық. Абай өлеңінің тармақ саны мен ұйқасуына небір алуан жаңа түрлерін ұсынғанымен, сайып келгенде, олар енді ұйқасқа құру шартына бағынады, өйткені соңғы дәуірлердегі қазақ өлеңінің негізгі белгісі аллитерация емес, ұйқастыру[2]. Зерттеушілер жалғыз қазақ емес, Кіші Азия, Кавказ, Орта Азия, Еділ бойын мекен ететін түркі халықтарының поэзиясындағы ырғақтық құрылыстың соңғы дәуірлердегі басты құралы ұйқас екендігін де көрсетеді[3]. Абай да осы зандылықты аттап кетпейді.


 

 

Қазақ өлеңі бұрын білмеген теңеудің, эпитеттің, метафораның жаңа түрлерін Абай поэзиясында ғана кездестіргенімізбен, олардың қолданылу принциптері мен жасалу техникасы Абайға дейінгі қазақ өлеңіне де тән болатын. Бұл шарттан да ақынның аттап өтуі мүмкін емес. Бірақ осылардың барлығын жетілдіру, түрлендіру, кеңейту, оларға жаңа сапалық белгілер қосу – ұлы ақынның тіл дамуында айрықша қызмет еткен каламгердің еңбегі.


 

 

Бұл жерде Абай өзіне дейінгі дамыған, халықтың эстетикалық-рухани сұранысын сан ғасыр бойы өтеп келген қазақ поэзиясы тілінің жалпы заңдылықтарын сақтай отырып, қазақ өлең сөзіне орасан көп өзгеріс-жаңалықтар енгізді деп кесіп айтуға болады.


 

Абайдың қазақ поэзиясы тіліне қосқан үлесі, істеген еңбегі, енгізген жаңалықтары ретінде мына тақырыптарды көрсетіп, оларды жеке-жеке талдаған жөн:


 

1) поэзия тіліне қаламгер қолтаңбасын салу дәстүрі, яғни шығармашылық (творчестволық) контекст дегеннің Абайда айқын көрінуі;

2) өлең тілінің сөздік құрамына енген өзгерістер;

3) айқындық пен дәлдік;

4) фразеология саласындағы жаңалықтар мен өзгерістер;

5) жеке сөздерді тандап, талғап жұмсау, оларды поэтизмге айналдыру;

6) өлеңнің синтаксистік-композициялық құрылысына енген өзгерістер.


 

 

Бірінші. Абайда өз қолтаңбасының (шығармашылық кон-текстің) айқын көрінуі. Абай, Пушкин сияқты, әдебиеттің, яғни өлеңнің іші «поэтикалық ойға»–«идеяға» толы болуы­на күш салды. Ойға, мазмұнға құрылған өлең сол ойды дәл, әсерлі етіп беретін амал-тәсілдерді іздеттірді. Сондықтан да Абайда өлең мазмұнын, ақынның айтпақ идеясын білдіретін элементтердің айқындала, көріне түсуі басым, яғни Абайдан «шығармашылық контексті» көре аламыз. Шығармашылық контекс дегеніміз – жазушының көркемдік-бейнелеуші түр-тұрпатын тікелей көрсететін тілдік фактілер жүйесі[4] болса, бұл тұрғыдан келгенде, Абайдың тілі өзіне дейінгі, өзімен тұстас қазақ көркемсөзі тілінен ерекшеленіп тұрады.


 

 

Абайдың өз қолтаңбасын сипаттайтын мынадай тілдік фактілерді көрсетуге болады:

 

1) Абай қаламына бір ұғымды (объектіні) әр алуан тұрғыдан айқындау, ол үшін дәстүрлі эпитеттерді де, жаңаларын да пайдалану тән. Мысалы, ет жүрек, жау жүрек, ит жүрек, ыстық жүрек, ауру жүрек дегендерінде кәнігі тұрақты эпитеттерді жұмсаса, асау жүрек, асыл жүрек, сұм жүрек, мұз жүрек, жылы жүрек, үрпейген жүрек, қырық жамау жүрек дегендерінде жаңа белгілерді, тосын эпитеттерді келтіреді. Абай тіліндегі тың эпитеттер – бір жағынан, ауы­спалы мағынада келтірілген образды сөздер. Мысалы, сүтпен енген надандық, аума-төкпе заман, қырмызы қызыл жібек бозбала, нұрлы сөз, нұрлы ақыл дегендердегі анықтауыштар – өздері қатысты нәрселердің (надандық, сөз, ақыл) бойлары­на тән сындары емес, ауыспалы мәнде бейнеленген сөздер. Ал, екінші жағынан, Абай қолданған эпитеттердің көпшілігі заттың, нәрсенің, құбылыстың тікелей сыр-сипатын көрсететін нақты сындар болып келеді: ыңғайлы ықшам киім, күркіреп жатқан өзен, шұрқырап жатқан жылқы, түсі суық сұр бұлт, дымқыл тұман, жарық ай, желсіз түн.


 

 

Бір объектіні әр қырынан анықтау арқылы Абай сөздің метафоралық қызметін ұлғайтады, олардың тіркесу мүмкіншілігін кеңейтеді.


 

 

2) Абайдың өзіне тән қолтаңбасын танытатын белгілердің және бірі – экспрессивтік бояуы күшті, модальдық реңкі бар сөздерді образ үшін шебер пайдалануы. Мысалы, өз заманда­стары – болыс пен пысықтар бар ма, «әсемсіп, сәнсіген» кер­без, керімдер бар ма, «бойы былғаң, сөзі жылмаң» ауылдаста­ры бар ма, «салақ, олақ» «Масақбайдың қатындары» бар ма – осылардың баршасының образын дәл, әсерлі етіп беру үшін жағымсыз қимылды білдіретін етістіктерді қолданады және бір ерекшелігі – оларды көбінесе өткен шақ көсемше тұлғасында пайдаланады. Мысалы, бір ғана «Болыс болдым, мінекей» де­ген өлеңінде Абай болыс, шабарман, пысықтардың портретін жасау үшін далпылдап, жалпылдап, барқылдап, бартылдап, шаңқылдап, аңқылдап, тарпылдап, қарқылдап, шартылдап, тарпылдап, лепілдеп, дікілдеп, өкімдеп, күпілдеп, шыбындап, жымыңдап деген жағымсыз бейнелі етістіктерді келтіреді. Бұлардан басқа да осы өлеңде ақын бейтарап мағыналы беру сөзін емес, тығындау етістігін алса, ол – әлдеқайда бейнелі: соңғы сөзде жалпы «беру» семантикасымен бірге, толып жатқан қосымша реңктер бар. Бұл – бар малын елге құр бере салу емес, берген үстіне беру, алушының еркіне қоймай беру, әрине, қалтқысыз беру емес, «еруліге қарулы барын» есте тұтып беру т.т. Сондай-ақ «сияз бар десе» болыстың жүрегі құр лүпілдемейді (лүпілдеу сөзі қалыпты күйді білдірер еді), суыл­дайды.


 

 

«Байлар жүр жиған малын қорғалатып» деген 18 жолдық шағын бір ғана өлеңінде қолданған қорғалатып, Құдай атып, бұтып-шатып, есіріп, ісіп-кеуіп, қабарып, ырылдатып, Құдай қалжыратып сияқты бір топ етістіктің барлығының дерлік мағынасында эмоциялық бояу бар. Тегі, етістіктердің өткен шақ көсемше тұлғасы қазақ әдеби тілінде белгілі бір поэтикалық міндетті өтейтін құрал ретінде қалыптасқан деуге болады[5].


 

 

Образды сөздерді Абай тек етістік тобынан емес, өзге сөз таптарынан да алып пайдаланады. Ол қыртың, тыртың, бай-ғұс қылпың, қу борбай, сымпыс шолақ деген сындық мағы-надағы сөздерді да жатсынбайды, тіпті орайы келіп кеткенде, образды одан сайын күшейте түсу үшін, кезінде Құдайберген Жұбанов көрсеткендей, анау-мынау тұрпайы сөздерден де (қаншық, ойнас, күйлеу, мақтанның к..і көрінді, болыстың к...шөмейді деген сияқты) қашпайды. Бүкіл поэзиясы жалғыз көңіл күйі лирикасы емес, өзге де жанрларды қамтитын Абайдай ақынның тілінде тұрпайы элементтердің болуы – қаламгердің талғамсыздығынан кеткен ақау деп емес, шығарманың экспрессиясы үшін қолданылған амалдар жүйесінің талабы деп тану қажет.


 

Қазақ поэзиясы бұл тәрізді стильдік мәні бар элементтерді бұрыннан да образ үшін пайдалануды білген. Бірақ бұл бұрын әр тұста бір ұшырасатын факт болса, Абай оны жүйелі түрде жиі пайдаланып, әрі өз қадамына тән, әрі қазақ поэзиясы үшін ұтымды тәсілдердің біріне айналдырған.


 

 

2) Кейбір грамматикалық тұлға-тәсілдерді жандандырып,жиі қолдануы да, біздің байқауымызша, Абайдың өз қолтаң-басын танытатын белгілердің бірі бола алады. Мысалы, оның өлеңдерінде кісімсу, батырсу, еркесу тәрізді -сы жұрнағы арқылы жасалған сөздер көзге түседі. Бұл тәсілмен Абай жеке сөздерді ғана емес, жер тәңірісу, қалжыңбассу, еңбегі жоқ еркесу сияқты жаңа тіркестерді де жасайды. Мұның себебін ақын шығармаларының мазмұнынан, дәлірек айтсақ, оның ар-ұждан жөніндегі көзқарасынан іздеу керек. Бұл жұрнақ адам өзін біреуге не бір нәрсеге теңеп, балап айтумен немесе бірдеңені істеген я істемеген етіп көрсетумен байланы­сты көлгірсу мәнін береді, сондықтан Абай «сөзуар, білгіш, закөншік, көргіштер», «малдан басқа мұңы жоқтар», «тобықты молыққан пысықтар» сияқты замандастарының көлгірсіген, әсемсіп, сәнсіген, өтірік қайраттысып, қамқорсыған бейнесін беру үшін осы жұрнақты қалайды, оны активтендіріп, өз қолтаңбасының біріне айналдырады.


 

 

Әрине, Абайға дейінгі немесе онымен тұстас ақындардың ешқайсысының өзіндік беті (қолтаңбасы) мүлде болған жоқ деген тұжырым айтуға болмайды, бірақ ешбірі де дәл Абай­дай өз қаламын, өзінің сөз қолданыс мәнерін көрсете алған жоқ. Мұрасы едәуір мол сақталған Бұхар жырауды алсақ, «мы­нау – Бұхардың қолы» деп тап басып, дәл телитін белгі көп емес. Бұхардың өзі сүйіп, стильдік жүк артып, Абайша жүйелі түрде қолданған элементтері өте аз. Бұхардың сөз саптауы – өзіне дейінгі есімі сақталған-сақталмаған жыраулар мектебінің жақсы үлгісі.


 

 

Қазақ поэзиясында сөз мәнері, стилі өзгелерден бөлекше танылатын «өзіндік қаламының ізі» едәуір айқын сезілетін Махамбетте де Абайдай үлес жоқ. Махамбеттің өзіндігі («контексі») тілінен гөрі, өлеңдерінің мазмұнынан, идеясы­нан байқалатын тәрізді. Абайдың дәл алдында өткендерден ақындық қуаты да, ізденісі де өзгелерден биік тұрған Дулат біршама ерекшеленеді, онда әудем жерден «дулаттықты» көрсететін тілдік белгілер аз емес, бірақ ол да Абайға шендесе алмайды. Демек, Абайдың поэзия тілі үшін сіңірген еңбегінің бірі – қаламгерлік даралықты, яғни өз қолтаңбасын айқын көрсетуі деп түюге болады.


 

 

Екінші. Абай шығармашылығы арқылы қазақ көркемсөзінің лексикалық құрамына өзгеріс енді. Ол өзгерісті туғызған – екі нәрсе: бірі – ақын жырлаған тақырыптар мен шығармаларының жанрлық құрылысы, екіншісі – жаңа образдар іздеу. Поэзия тілінің лексикалық құрамы оның мазмұны (тақырыбы) мен айтпақ идеясына тікелей байланысты болатындығы мәлім. Дегенмен соның өзінде де өлеңге катыстырылатын сөздерді поэтизмге айналдыру – ол жеке ақынның ісі. Ал лексикалық поэтизм дегеніміз – белгілі бір кезендегі поэзия тілінде пай­да болған немесе іріктеліп шыққан сөздер мен тіркестер (обороттар)[6], яғни өлеңнің көркемдік талабын өтеу үшін қалыптасқан элементтер.


 

 

Абай, ең алдымен, қазақ поэзиясының тіліне бұрын көп ұшыраспайтын лексикалық топтарды қатыстырды. Оның басты тақырыбының бірі – адам, адамның моральдық бет-бейнесі, сыртқы портреті, іс-әрекеті. Бұл тақырыптарды Абай бұрынғы ақын-жыраулардың жалпы түрде өсиет-ақыл айтуы сияқты сипатта емес, нақты заттың немесе әр қимыл-әрекеттің өзін бөлшектеп суреттеу түрінде, әр мінез-қылықтың өзін дәл атау түрінде жырлайды. Сондықтан адамның психологиялық күйін білдіретін сөздерді өлең тіліне молынан енгізеді. Мы­салы, сүйіскен жастардың бір-бірімен кездескен кездегі ішкі көңіл күйлерін дәл беру үшін бұрыннан жиі қолданылатын жүрегі лүпілдеу, буыны босау, жүрегі елжіреу, тән шымырлау, жүрек балқу, ләззат алу, сағыну тәрізді тіркестермен қатар, су­ыну, ысыну, елең қағу, бос шошу, қызару, сұрлану деген сияқты жай-күй атауларын пайдаланады.


 

 

Жалпы Абай өлеңдері тілінде адамды әр алуан жақтан бейнелейтін етістіктердің өте көп екенін атап айтуға болады. Ақын тіпті көктем тәрізді табиғат құбылысына суреттеген­де де, оны адам бейнесінде бергендіктен (персонификация әдісін қолданғандықтан), күннің көзі елжірейді, гүл мен ағаш майысып қарайды, су бұлаңдап ағады, жер иіп емізеді, күн қырындайды, жер күлімдейді т.т.


 

 

Әсіресе жағымсыз замандастарының образын жасау­да бұрын поэзия тіліне көп қатыстырылмайтын бұртақтау, тыртыңдау, арсаңдау, ит көрген ешкі көздену, ыржыңдау, кірбіңдеу, тізесін созғылау сияқты қимыл атауларын еркін енгізеді. Бұлар стильдік қызмет атқарып, поэтикалық құралға айналады.


 

 

Тек психологиялық ішкі көңіл күйі емес, адамның осы сәттегі сыртқы бейнесінің суретін оқырманның көз алдына дәл келтіру үшін тамаққа иегі кіру, сүйеніп тұру, иықтары тиісу, көздері төмендеу, саусағы суыну деген сияқты сөз-дерді молынан жүйелі түрде келтіру – қазақ өлеңі үшін тың құбылыс болды.


 

 

Абайда жалпы суреттеме (оқушының көз алдына белгілі бір суретті елестету) тәсілі күшті берілген. Мұның өзі де – қазақ поэзиясында тың нәрсе. Осы әдіс өлең тіліне күнделікті тұрмыс-салтқа байналысты лексика тобын әкелді. Мысалы, «Күз» деген өлеңінде келтірілген жыртық киім, шуда жіп, кемік сүйек, сорпа-су, жамау, ыс деген сөздер бұрынғыдай ауыспалы мағынада емес, тура өз мағыналарында сурет үшін пайдаланылған. Сондай-ақ «Қараша, желтоқсан мен» деп басталатын өлеңіндегі отын, и тон, шекпен, от, қи, қап, үйген жүк деген тұрмысқа қатысты сөздер қыстыгүнгі қазақ ауылының нақты суретін беру үшін алынған. Ақын өзінің айтпақ идеясын осындай нақты сурет арқылы беріп отыр. Бұл әдіс – қазақ әдебиеті тілінде соны құбылыс болса, оның тілдегі көрінісі де жаңа. Өйткені бұрынғы поэзия тілінде тұрмыстық лексика өзінің тура мағынасында сирек қолданылатын.


 

 

Суреттеме тәсілдің бір түріне көзге елестетіп берілген об­раздар жатады. Мысалы, аңға салған құс пен одан қашқан түлкінің суретін көзге елестетіп беру үшін ақынға қайқаң қағу, сылаң ету, аузын ашып қоқақтау, құйрық-қанат суыл­дау сияқты сөздер қажет болған. Сол сияқты наданның намаз оқыған кездегі суретін көзге елестету үшін құржың-құржың ету, тоңқаңдау деген тіпті тұрпайы сөздерді алған. Әрине, Абай қазақ поэзиясына тұрмыс-салт лексикасын молынан енгізгенде, олардың барлығы тек нақты сурет үшін ғана қолданылған деуге болмайды. Оларды әр алуан поэтикалық құрал ретінде жұмсауды Абай әрі қарай дамытады. Мысалы, қырмызы қызыл жібек, оңғақ бұл сөздерінің тура мағынасы – тұрмысқа қажетті бұйым-матаның атын білдіру, ал ақын оларды теңеу үшін пайдаланған: Қырмызы қызыл жібек бозбалалар, Оңғақ бұлдай былғайды бір дым тисе.


 

 

Қоғамның саяси-экономикалық құрылысына, оқу-білімге, философия мен дінге қатысты сөздер мен тіркестерді, кейде тіпті терминдерді поэзия тіліне молынан енгізу Абайдан баста­лады. Бұған, әрине, ақынның әйтеуір сөздікті толықтыру ниеті емес, оның шығармашылығының мазмұны мен тақырыбы себепкер болды. Сөздіктің бұл топтары арқылы Абай өз заманындағы қазақ қоғамын жан-жақты суреттеумен қатар, оларды да поэтикалық құралға айналдырады. Абай тіліндегі бай, кедей, болыс, пысық, аларман, қазы сөздері образдық эле­менттер ретінде де келеді.


 

Сөйтіп, қазақ поэзиясы тілінің лексикалық құрамын кеңейту, яғни бұрын актив қатыстырылмайтын сөздер тобын өлең тіліне енгізу және оларды тура да, ауыспалы да мағыналарында пай­далану – Абайдың әдеби тілге, оның ішінде өлең тіліне қосқан үлесі, саналы түрде істеген қызметі деп айтуға болады.


 

 

Үшінші. Абай поэзиясының тіліне айқындық пен дәлдік тән. Дәлдік үшін өмір шындығына сай образдарды алу – ба­сты шарт. Сондықтан Абай қолданған образдардың басым бір тобы – қазақ халқының көп ғасырлық күн көріс тіршілігінің негізі – малға байланысты болып келетіндігін көреміз. Еңбексіз күнкөрісті жөн көретін замандастарының жағымсыз портретін беруде: «Үш күн қолың босаса, Бола қалдың бас асау» немесе: «Ұрлық пенен қулыққа Байлағанда кестің бау» деп келтірген образдары – жылқыға қатысты. Болыстың: «Күштілерім сөзайтса, Бас изеймін шыбындап» деуі, «алқыны күшті асау-лардың ноқтаға басы керілуі» осылардың баршасы мал өсіру тіршілігінен алынған. Абай өлеңдерінде күлкіні мәліш саудаға, алыс-берісті асық ұтысқа, бозбаланы оңғақ бұлға, жапырағынан айрылған ағаш-қурайды қайыршы кемпір-шалға баласа, мұндағы мәліш сауда, асық ұтыс, оңғақ бұл, қайыршы кемпір-шал – барлығы да өз тұсындағы қазақ тіршілігіне өте таныс нәрселер.


 

 

Суреткер талаптың аты, асау жүрек, жүйрік уақыт, үміттің аты, қу тілмен қулық сауу тәрізді соны тіркестер жа­сауда да қазақ оқырманына таныс образдарды алады. Сонымен қатар Абай образдар жасауда айналадағы болмыс-тіршіліктің малдан басқа да жақтарын қатыстырады. Өз үйінде өзендей Күркірейді айтса дау десе, өзеннің күркіреуі – қазақ оқырманы үшін жат емес, өмір шындығы. Сөйтіп, шындықтан алынған образдарды келтіру – Абай үшін поэзия тілін айқын, түсінікті, оқырман көкейіне қонымды ететін тәсілдің бірі.


 

 

Абай өлең сөзінің «іші – алтын, сырты – күміс» болуын қалағанда, сырттай әсер беретін әсіреқызыл сөздерден аулақ болуын тілегенде, ол поэзияның терең (көп) мәнді, аз сөзді болу принципін ұстаған. Сондықтан да болар, Абайда дәстүрлі эпитеттерден гөрі, сонылары көбірек кездеседі. Қанша әдемі болса да, кәнігі образдар (тұрақты эпитетті тіркестер) кез-келген идеяға, әсіресе жаңа ойларға сай келе бермей, құр жылтырақ фраза болып шығуы мүмкін. Мұны ақынның өзі де бірнеше рет ескертіп өтеді. Бірде: (сөзім) әсіреқызыл емес деп жиренбеңіз десе, енді бірде: өлең деген – әр сөздің (орайлы) жарасымы дейді.


 

 

Төртінші. Қазақ поэзиясы тілінің даму барысында Абай енгізген өзгеріс-жаңалықтардың ең бастысы фразеология са­ласында болды. Ең алдымен, ол фразеологияны поэтикалық экспрессияның құралы ретінде жұмсауды күшейтті. Белгілі бір образды беруде бейнелі тұрақты тіркестер – аса бір оң-тайлы құрал екені мәлім. Ақын жас адамның (Әбдірахман-ның) өнер-білімге ұмтылғанын құр «талаптанды, ұмтылды» деп қойса, ол сөздердің поэтикалық бояуы «талаптың мініп тұлпарын» дегенмен шендесе алмас еді. Алғашқы сөздерде хабарлау (констатация) бар, образ жоқ, соңғы тіркесте бояуы қою поэтикалық образ бар. Сол сияқты қуатты, қажырлы, күшті деген сөздер мен осы мағынада берілген қуаты оттай бұрқырау деген тіркестің экспрессиясы бірдей емес. Поэтикалық жүк арқалауда сөз тіркестерінің арасын­да айырмашылық бар. Кез келген тіркес көркем образ жасау міндетін көтере бермейді. Мысалы өмір сүру, өмір кешу де­гендер де – фразеологизмдер, бірақ осылар өмір тонын кию, өмірдің өріне шығу деген абайлық тіркестердің экспрессивтік әсерін бере алмайды.


 

 

Қазақ әдеби тілі образды тіркестерге бұрыннан да бай бо­латын. Абайға дейінгі қазақ поэзиясы тілінің өте көркем, күшті дамыған бір белгісін айтар болсақ, осыны көрсетер едік. Ғасырлар бойы белгілі бір образды ұғымда қалыптасып, поэтизмге айналған фразеологиялық тіркестер қазақ ақын-жырауларының бірден-бір мықты құралы болып келді. Бұл амалды Абай да берік ұстайды. Аузымен орақ ору, құлынтайдай айқасу, алты бақан ала ауыз болу, малына шылбыр беру, басқа шауып төске өрлеу, қарағайды талға жалғау тәрізді өте образды тұрақты тіркестерді Абай да еркін пайдаланады. Мұндай дәстүрлі тіркестерді өзге сөздермен және қосақтап, олардың экспрессивтік бояуын тіпті қоюлатып жібереді. Іспен емес, құрғақ сөзбен көрінетін мылжың, берекесіз адамның образын беруде аузымен орақ орған деген тіркестің өзі өте әсерлі, күшті, осыны Абай аузымен орақ орған өңкей қыртың деп үстемелеп, экспрессивтік өңін одан әрі аша түседі. Сондай-ақ қарағайды талға жалғау дегеннің мағынасы амалдап сөзімен келгенде, одан сайын әсерлене түседі. Әрине, Абай күллі фразеологизмді өзгертіп, сөз қосып, сөз алып, «күшейте» бермейді. Халық тілі қазынасындағы қалыптасқан тұрақты тіркестердің басым көпшілігін тұлғаларын өзгертпей-ақ өз мағынасында қолданады.


 

 

Абай фразеология саласында түбірлі өзгеріс жасады де­уге болады. Ол өзгеріс, біздіңше, үш түрлі сипаттағы іс-әрекеттен тұрады: бірі – перифрастикалық тіркестерді мол қолдану, екіншісі – жаңа тіркестер жасау, үшіншісі – бұрынғы тіркестерді өзгертіп қолдану.


 

Перифраз (немесе перифраза) дегеніміз – бір нәрсені не­месе құбылысты соның өзінің бір белгісін көрсетіп атау бол­са, бұл – қай тілде де бар әдіс. Перифраздар – қазақ поэзиясы тілінде Абайға дейін де қолданылып келген болатын, бірақ ең басты тәсіл емес еді. Ал Абайда бұл – жүйеге айналған, өнімді құралдың бірі. Абай бұрыннан қалыптасқан перифраздарды да пайдаланады. Мысалы, әлем, дүние дегенді он сегіз мың ғалам, шартарап деп атауы, қызды қызыл гүл, қалам қас, піскен алма деп ауыстырып атауы – бұрыннан келе жатқан үлгілер.


 

 

Қазақтың байырғы әдеби тілінде өмір мен өлімді перифраз­дап атау жиірек кездесетін. Өмірді Абай да сұм жалған, сұм дүние, қайран дәурен, кемді күн, бұлдыр заман деп суреттеп атаса, бүл перифраздардың көбін өзіне дейінгі әдеби тілден алды. Дегенмен Абай перифраздарының басым көпшілігін өзі жасаған. «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» деп, сұлуға құмартқан арманның өзін тура атамай, оны қарсақ жортпас қара адыр деп ауыстырып атайды. Ең алғаш рет Абай тілінде көрінген таланттың аты, үміттің аты, қараңғылық пердесі, қайғы оты дегендер де – перифраздау тәсілімен туғандар. Қазақ поэзиясы тілінде перифрастық құбылыстың өте әсерлі үлгісіне Абайдың өз заманын соқтықпалы соқпақсыз жер деп атауын немесе ұлғайып қартаң тартқан шағын сұрғылт тартқан бейуақ деп бейнелеуін жатқызуға болады. Мұнда тек образдар тың емес, сонымен қатар оларды жасап тұрған сөздердің тіркесу қабілеті де соны: уақыт сияқты дерексіз ұтымды сұрғылт тартқан деген түспен қабыстыру – қазақ тілі үшін бұрын көп кездеспейтін тың амал.


 

 

Абайда затты не құбылысты перифраз амалымен бейнеле­уде орыс поэзиясының ықпалы да бар сияқты. Мысалы, өзі сүйіп, жақсы танып оқыған Пушкиндерде өмірді жолға балау (путь, стезя, тропа, долина, юдоль, пустыня, степь: «Про­сти, печальный мир, Где темная стезя, Над бездной для меня лежала[7])» болса, Абайдың өмірді соқтықпалы соқпақсыз жер деп бейнелеуі тегін емес. Белгілі бір сезімді сұйық затқа (сусын, у, шарап т.б.), отқа, жалынға ауыстырып атау да XVIII-ХIX ғасырлардағы орыс поэзиясы тілінде кең тараған болатын. Абайдың махаббат сезімін бейнет сусыны деп атауы немесе іштегі жалынға балауы, өкініш сезімін өткен күннің улары деуі орыс тіліндегі образдармен үндесіп жатыр. Ал жүректің көзі (саналылық), қараңғылық пердесі (надандық), үміттің оты (үміттену), көңілдің сызығы (уайым), тағдырдың сызығы (жазмыш), өмірдің шыжығы (қайғы, трагедия) сияқтылар – Абайдың өзі енгізген перифраздары.


 

 

Белгілі бір жай-күйді, іс-әрекетті ауыстырып, өзге сөздер-мен беретін тіркестердің бір тобы – етістікті перифраздар. «Қартаю» дегенді Абай ажары қайту, ажары тозу, өмірдің өрін тауысу, қайратсыз тарту деп те атайды. Алдыңғы зат есімді топқа қарағанда, етістікті перифраздар қазақтың Абайға дейінгі поэзиясында едәуір дамыған болатын. Мысалы, Шор­танбай ақын «өлді» деген қимыл ұғымын Құдайдан бұйрық жетті, дүниеден көшті, бұйрық дәмі бітті, Құдайдың құрған тезіне жолықты деп құбылтып береді. Көркемсөзді жалықтырмайтындай құбылмалы, сезімге әсер ететіндей эмо­циялы етіп көрсететін – осы типтес фразеологиялық құры-лымдар. Бұлардың бірсыпырасы – «консервіленген» штам­птар, яғни идиомдар болып келеді. Поэзия тілі, тіпті ауызекі сөйлеу тілі де бұларға жиі жүгінеді: Абай басқа шауып, төске өрлеу, малына шылбыр беру, қырқын мінсе – қыр артылмау, із жоғалту, титығы құру сияқты идиомдарды халық тілінен, бұрынғы қазақ поэзиясы тілінен алып жақсы пайдаланады.


 

 

Фразеология саласында Абай істеген өзгеріс-жаңалықтар-дың екінші түріне жаңа тіркестер жасауы жатады. Фразеоло­гизмдер – жылдар, ғасырлар жемісі. Бұл, бір жағынан. Екінші жағынан, ол – жеке қаламгерлер табысы, еңбегі, ізденісі. Фразеологиялық тіркестер – семантикалық шоғырлар, яғни жеке сөздер беретін мағыналардың бір-бірімен түйісуінен туған жаңа тұтастық (семантикалық единица).


 

 

Сөз әр алуан тіркесте келгенде ғана нақты бірлік (единица) ретінде танылатын болса, жазушының сөзқолданыс шеберлігін, әдісін, табысын, әдеби тілге қосқан үлесін өзі жасаған жаңа тіркестерден іздеуіміз керек. Жазушы жаңа сөздерді қаншама көп ұсынса да, оның саны жаңа тіркестерден артық болмайды. Абай қазақ әдеби тіліне едәуір жаңа сөздер қосты, бірқыдыру сөздердің мағынасын саралап, жаңғыртып, оларды жаңа сөздер (неологизмдер) ретінде ұсынды, дегенмен бұлар Абай жасаған жаңа тіркестермен сан жағынан да, сипаты жағынан да теңесе алмайды.


 

 

Абай үлгі алған ұлы Пушкин: «тіл – сөздерді бір-бірімен жанастыруға келгенде сарқылмас бұлақ» десе, осы қағиданы Абай да жақсы сезінеді. Сондықтан қызметі мен құрылымы жағынан әр алуан мынадай жаңа фразеологизмдерді ұсынады.


 

 

а) Мағыналары жағынан бір-біріне жанаспайтын сөздерді тіркестіреді. Үміттің оты, көңілдің жайлауы, ұяттың күзетшісі тәрізді изафет тіркестердің компоненттері – жеке-жеке алғанда, мағына жағынан бір-біріне «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын», мүлде алшақ ұғымдардың атаулары. Олардың алшақтығы – бірінің дерексіз ұғым, екіншісінің нақты зат ата­уы екендігінде. Сондықтан бұлар бір-бірімен тіркесе қалған күнде, олардың туғызатын мағынасы (ассоциациясы) мүлде жаңа болмақ: үміттің оты, талаптың тұлпары дегенде, үміт те, талап та алға қарай ұмтылатын нақты зат ретінде елестейді де образ пайда болады.


 

 

Ажым – бетке түсетін нәрсе, ол – көзге көрінетін сызықтың атауы. Абай осы сөзді көңіл деген дерексіз ұғым атауымен қабыстырып, көңілге ажым салу деген жаңа тіркес жасаса, бұл да – соны образ әрі оның экспрессиясы көңілі қалу, көңілі жабырқау деген кәнігі тіркестерге қарағанда, әлдеқайда күшті. Абай үрпиген жүрек, қырық жамау жүрек деген соны фразеологизмдер ұсынғанда, тағы да мағыналары бір-біріне жуыспайтын сөздерді тіркестіреді. Сірә, Абай өлең тілінің образдылығын арттыру үшін кейіптеу (персонификация) ама­лын кең қолданған деуге болады. Сондықтан да тентек жиын, саңырау қайғы, жабырқаңқы сөз деген Абай жасаған жаңа тіркестердегі эпитеттер – адамға тән сын-сипат атаулары. Бой­ды ұрлау, қызығын ұрлау, қулық жалғау, қулық сауу, жүрегін ұстап сату, иман жүзін тоздыру дегендер де – осы қатарда.


 

 

Абай белгілі бір етістіктерді қазық етіп алып, оған әр алуан зат есімдерді тіркестіреді де соны мағына беріп, поэтикалық ойды құбылтатын жаңа фразеологизмдер жасайды. Мысалы, сату етістігінің қатысуымен бұрыннан бар сақалын сату, арын сату деген тіркестердің үстіне қулық сату, еңбек сату, күлкі сату, құлағын сату, жүзін сату, өз басын сату, жүрегін сату, сөз сату деген жаңаларын қосады. Сол сияқты сауу (қулық сауу, адам сауу, еңбек сауу), күйлеу (мақтан күйлеу, әуелілік күйлеу, күлкі күйлеу), бағу (күлкі бағу, ғылым бағу, ел бағу), табу (ақыл табу, ғылым табу) сөздері – жақша ішіндегі тіркестердің кіндік-қазығы ретінде таңдап алынған етістіктер.


 

 

Көңілге ажым салу, қайғының иыққа шығуы, көңілге қалың беру, қорлыққа жығылу, ақылға сәуле қону, айлаға шырақ жағу тәрізді образдар да мағыналары алшақ сөздердің тіркесуінен пайда болған. Кейбір зерттеушілер бұларды орыс поэзиясының әсері деп тануға бейім. Біздіңше, бұл сыңайлас фразеологизмдердің жасалу үлгісі – Абайға дейін де бар құбылыс. Мысалы, Абайдың: Адасқан күшік секілді Ұлып жұртқа қайтқан ой дегеніндегі ойдың жұртқа қайтуы мен Дулаттағы: Мөңіреп жұртқа ой қайтты Бұзауы өлген сиыр­дай дегеніндегі ойдың жұртқа қайтуы – бір қалыппен жасалған образдар. Абаймен тұстас Шәңгерей Бөкейұлының: Тотықты нәпсіге еріп ақ ниетім дегені, Ақан серінің: Көңілдің заһарына салдың ұя дегендері, Дулаттың: ақылды көңілдің құтысына құю дегендері қазақ поэзиясының тілі үшін бұл амалдың жат еместігін, тек қана орыс әдебиетінен келген еместігін көрсетеді. Бір ғана айырмашылық – Абай осы модельді активтендіріп, белгілі бір жүйелі амалға айналдырады.


 

 

б) Абайдың қазақ көркем тіліне қосқан және бір жаңалығы – бұрынғы тұрақты тіркестерді жаңғыртып, өзгертіп қолдануында. Ол өзгертудің өзі бірнеше түрлі. Абай дәстүрлі тіркесті алып, оның бір-екі сөзін синонимдерімен алмастырады да мағынасын сақтайды. Мысалы, уайым жеу тіркесін қайғы жеу деп, өсекке таңуды өсекке салу деп, ауызға сөз түспеді деудің орнына тілге сөз түспеді деп береді. Сол сияқты ант бұзуды ант шайқау, ақылы кіруді ақылға ену, жүзін жылытуды шы­райын жылыту, ар-ұяттан безуді ардан кету, арын төгуді қасиетін төгу деп өзгертіп құру Абайда жүйелі тәсілге айна­лады.


 

 

Бұрынғы тіркестердің мағынасын қуалап, соның ізімен жаңасын жасау да – Абайдың активтендірген тәсілдерінің бірі. Бұрынғы аттың майы, көліктің майы дегендердің үлгісімен көздің майын ағызу, сөздің майын аямау деген тіркестер құрады. Көліктің (аттың) майы дегенде «аттың күші» деген ұғым берілетін болса, көздің майы, сөздің майы дегендерге де Абай осы мәнді телиді: көздің майын ағызу – көздің күші жа­сында болса, соны төгіп, «қалқаға сөз айту».


 

 

Бесінші. Өлеңге қатыстырылатын жеке сөздерді талдауда Абай ұсынған және бір амал – сөздік пен шығарма стилінің сәйкестендірілуі. Егер өлең суреттеме сипатында болса, оған таңдап алынатын сөздер көбінесе көз алдыңа белгілі бір карти­наны (суретті) елестететіндер болады. Мысалы, «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңі суреттеу мәнеріндегі тұңғыш тамаша үлгі болып табылады. Аң аулау картинасын көзге елестетіп беру үшін ақын жанды-жансыз заттардың атаулары мен іс-әрекет, қимыл аттарын тура мағыналарыңда жұмсайды: қыран, оның аспанға қайқаң қағып шығуы, түлкінің ау­зын ашып қоқақтап тұрғаны, қанат-құйрықтың төмен қарай құйылғанда суылдап ысқырғаны т.т. Тағы бір мысал. Абайдың «Қатыны мен Масақбай» деп аталып жүрген өлеңі стилі жағынан өзгелерінен мүлде басқаша екені мәлім. Бұл – «от басы, ошақ бұтына» арналған «тұрмыси» өлең, соған орай мұнда тұрмыстық лексика әдейі келтіріледі және барлығы да тура өз мағыналарында жұмсалады.


 

 

Ирония, сарказм мәнерінде жазылған өлеңдерінде мыс-қылдау, келекелеу бояуы күшті етістіктердің шоғырланып келтірілуі, құржаң-құржаң ету, тоңқаңдау сияқты «карти­налы» сөздердің де қолданылуы – тағы да Абайдың шығарма стилі мен тілінің үйлесімін сақтағанын танытады.


 

 

Сөз таңдауға келгенде, көңіл аударатын саланың бірі – ұйқасқа алынатын сөздер. Абай «ең салмақты», бейнелі (об­раз жасайтын) сөздерді таңдап алып, тармақ соңына шығарып, ұйқасқа қатыстырады. Өйткені ұйқастырылатын сөздерге ой екпіні түседі де оқырманның (тыңдаушының) көңілі сол сөзге аударылады[8].


 

 

Сонымен бірге ұйқасқа қатысқан сөздер өлең бөліктерінің мағынасын аша түседі, көп сәттерде образ жасауға қатысады. Міне, осы жайтты ұлы ақын жақсы сезген. Мысалы, замандастарының жағымсыз бейнесін суреттеу үшін ақын еліктеуіш, бейнелеуіш сөздерді ұйқасқа алады, өйткені бұлар – адам баласының мінез-құлықтарын жағымсыз жақтан көрсетуге бейім сөздер. Абай «Қазағым, қалың елім, қайран жұртым» өлеңінде бастан-аяқ қыртың, бұртың, жыртың, қиқым сияқты сөздерді тармақ соңына шығарады, осын­дай бояуы жоқ өзге сөздерді (жұртым, ұртың, мұртың, құлқын) алдыңғылармен ұйқастырады. Бейнелеуіш сөздердің келесі тобын көсемше тұлғасындағы түрлері құрайды. Абай көрсетілген мақсатта бұларды да ұйқас кәдесіне асырады. Өз тұсындағы болыс, пысықтардың жағымсыз портретін бер­генде ұйқасқа далпылдап, жалпылдап, барқылдап... деген сияқты түбірі еліктеуіш болып келетін образды сөздерді ала­ды. Ал философиялық мазмұңды өлеңдерінде дерексіз ұғымды білдіруге қатысатын -мақ жұрнақты атаулар ұйқас құрайтын элемент қатарына шығады:


 

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

һәмише өмір өтпек – ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.


 

 

Қазақ поэзиясында етістік ұйқас басым болып келгені мәлім. Олар Абайда да бар, бірақ Абай өлеңдеріндегі етістік ұйқастардың басым көпшілігі бұрынғы толғаулардағыдай не­месе эпостық жырлардағыдай тиянақты баяндауыштар емес, не пысықтауыш, не бағыныңқы сөйлемнің баяндауыштары бо­лып келеді. Бұлардың ішінде жалпы қазақ позиясына бұрыннан тән -ып жұрнақты көсемше тұлғасы жиі кездеседі:


 

Демалыс ісініп,

Саусағы суынып,

Белгісіз қысылып,

Пішіні құбылып...

Асау Терек долданып, буырқанып,

Тауды бұзып, жол салған тасты жарып...


 

 

Сонымен қатар да шылаулы шартты рай тұлғасының («Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай менен күн шағылса да...»), барыс септіктегі -у жұрнақты тұйық етістіктің («Пайда ойлама, ар ойла Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта Ерінбей оқып көруге...»), жатыс, барыс септіктердегі өткен шақ есімше тұлғаларының (қансонарда ~ андығанға ~ бұл жалғанда...) ұйқас құрайтын сәттері Абайда жиі кездеседі. Де­мек, Абай тек сөз тандауда емес, ұйқасқа шығарылатын сөздің морфологиялық тұлғасын тандауда да қазақ поэзиясы тіліне жаңа үлгі көрсеткен.


 

 

Алтыншы. Абай қазақ өлеңінің құрылысына да бұрын-соңды болып көрмеген жаңалықтар енгізіп, бұл ретте де қазақ поэзиясын жоғары сатыдағы жазба әдебиет қатарына қосты. Бұл жөнінде тұңғыш рет Қ.Жұмалиев айтып дәлелдеген бол­са, одан кейін 3.Ахметов қазақ өлеңі құрылысын ғылыми негізде талдаған еңбегінде кеңінен сөз етеді[9]. Ал бұлардан да бұрын үстіміздегі ғасырдың бас кезінде Абайдың қазақ поэзиясын жетілдіру, жоғары көтеру жолындағы еңбегі мен орны жайында жалпы түрде ең алғашқы сөзді Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтар айтқан болатын[10].


 

 

Абай, ең алдымен, өлеңнің ұйқас түрлерін көбейтіп, құбылтты. Оның ішінде абаб суретті шалыс ұйқас пен 6, 7, 8, 14 тармақты жаңа шумақтардың ұйқас фигурасы – қазақ по­эзиясында бұрын болмаған мүлде тың дүниелер. Соңдай-ақ Абай өлеңнің жаңа өлшемдерін енгізді, әсіресе аралас буынды тармақтардың өлшемі қазақ поэзиясында соны түр болды.


 

Мысалы:

Әм жабықтым – 4 буын

Әм жалықтым – 4 буын

Сүйеу болар қай жігіт – 7 буын

Көңілден кеткен соң тыным? – 8 буын


 

Немесе:

Алыстан сермеп – 5 буын

Жүректен тербеп – 5 буын

Шымырлап бойға жайылған – 8 буын

Қиуадан шауып – 5 буын

Қисынын тауып – 5 буын

Тағыны жетіп қайырған – 8 буын

Толғау тоқсан қызыл тіл – 8 буын

Сөйлеймін десең өзің біл – 8 буын

деген шумақтардағы тармақ өлшемдері қатарында көрсетілгендей әртүрлі.


 

 

Өлеңді шумақтау саласында да Абай көп жаңалық қосты. Абай өлеңдері арқылы қазақ поэзиясында бірнеше түрлі шумақтар пайда болды. Бұрынғы 11 буынды 4 тармақты шумақпен қатар, 8 тармақты («Сегізаяқ»), 6 тармақты («Ғашықтық іздеп тантыма», «Кешегі Оспан»), 14 тармақты («Сен мені не етесің?», «Ата-анаға көз қуаныш», «Қатыны мен Масақбай») шумақтық (строфикалық) құрылымдарды ұсынды.


 

 

Жаңаша әрі түрлендіріп құрылған ұйқас, шумақ түрлері өлеңнің композициялық-синтаксистік құрылысын да өзгертті: абаб болып келетін шалыс ұйқастың әрбір аб фигурасы көбінесе бір тұтастық (единица) болып құрылады, ал қатар келетін ұйқастарға, мысалы, «Сегізаяқтың» аа, бб, вв ұйқасты жолдарына көбінесе жарыспа (параллель) конструкциялар ор­наласады: білгенге маржан ~ білмеске арзан, ауырмай тәнім ~ ауырды жаным...


 

 

Қазақ поэзиясында тұңғыш рет Дулатта байқалған тәсіл – өленді композициялық бөліктерге ажыратып құру да Абайда жүйелі түрде кездеседі. Мұндайда әрбір композициялық бөлік өзгелерінен ұйқас суретінің бірдейлігі, модальдық реңктің тұтастығы, бір субъектіге қазықталу т.т. сияқты белгілі бір элементтермен ажыратылады. Мысалы, «Болыс болдым, мінекей» деп басталатын өлеңі 7 бөліктен тұрады, олардың әрқайсысы – бір шоғыр (тирада), бір тақырыпты қамтиды және бір ұйқаспен топтастырылады: 1-бөлік 14 тармақтан тұрады, ұйқасы: шығындап ~ тығындап ~ мығымдап... болып келеді, тақырыбы: бар малын тығындап болыс болған Күлембайдың күштілерге бас изеп, әлсіздің сөзін шала тындайтын портретін беру, 2-бөлік – 18 тармақ, ұйқас суреті: лүпілдеп ~ дүпілдеп ~ күпілдеп...; тақырыбы: сол болыстың келесі жолғы болатын съезді естіген кездегі күй-қалпы мен іс-әрекеті... осылайша әрі қарай ажыратыла береді.


 

 

Қазақ поэзиясында проза синтаксисіне жақын құрылымды да тұңғыш рет Абай ұсынды. Мысалы, «Қатыны мен Масақбай» өлеңін тармақтарға бөлмей, тұтас жазсақ: Сырмақ қып асты­на байының тоқымын, отының басына төрінің қоқымын бүксітіп,бықсытып,қоқсытып келтірді деген екі-ақ сөйлем (ал өлеңде – 7 жол) болып оқылар еді. Демек, бұл – тармақараларында өлең тасымалы қолданылған прозаға жақын құрылым. «Сен мені не етесің?» өлеңі де – осындай. Бұл да – жетілген жазба поэзияның белгісі.


 

 

Стильдік мақсатта инверсияны (сөздердің орнын алма­стыруы) қолдануда да Абай үлгі көрсетіп, жол салды. Өлең тасымалының алғашқы нышандары да Абай өлеңдерінен ба­сталады.


 

 

Қорыта келгенде, Абай қазақ өлеңінің құрылысына барлық жағынан өзгеріс-жаңалықтар қосты деуге болады, осы арқылы ол қазақ өлеңін жоғары дәрежелі жазба поэзия деңгейіне көтерді[11].


 


 

 

 

 

 

 Рәбиға Сыздықованың “Қазақ әдеби тілінің тарихы” атты кітабынан


[1]Григорьев В.П. Словарь языка русской советской поэзии. - М., 1965. с.41.

[2]Жирмунский В.М. Ритмико-синтаксический параллелизм, как основа древнетюркского народного эпического стиха //Вопросы языкознания. - 1964. - № 4. с.23.

[3]Щербак А.М. Соотношение аллитерации и рифмы в тюркском стихосложении //Народы Азии и Африки. - 1961. №2. с.151.

 

[4]Махмудов Х.Х. Некоторые вопросы теоретической стилистики //Филологический сборник. - Вып. 4. Алма-Ата, 1966. с.226.

[5]Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. - Алматы. 1973. 48-б.

 

[6]Виноградов В.В. Поэтика и ее отношение к лингвистике и теории литературы //Вопросы языкознания. 1962. -№ 5. с.5.

 

[7]Григорьев А.Д. Поэтическая фразеология Пушкина. - М, 1969. с.171.

 

[8]Тимофеев Л. Стих и проза. М., 1938. - С. 157; Ахметов 3. Казахское стихосложение. - Алма-Ата, 1964. с.111-123.

[9]Жұмалиев Қ. XVIII -XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті. - Алматы, 1967. 341-352 беттер.; Ахметов 3. Казахское стихосложение. Алма-Ата, 1964. с.304-366.

[10]Букейханов А. Абай (Ибрагим) Кунанбаев //Записки Семипалатинского отдела Императорского географического общества за 1907 г. - Вып. ІІІ; Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны // Қазақ. - 1913. № 3. 9-41-беттер.

 

[11]Өлең тіліндегі инверсия мең тасымал және олардың Абай поэзиясындағы көрінісі жайында мына еңбекте толық айтылды. Сыздықова Р. Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы. Алматы, 1970.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар