Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Абай Қалшабек: Л. Толстойға ұқсайтын тұлға табу қи...

26.05.2016 4885

Абай Қалшабек: Л. Толстойға ұқсайтын тұлға табу қиын

Абай Қалшабек: Л. Толстойға ұқсайтын тұлға табу қиын - adebiportal.kz

Абай-ҚАлшабек.jpgСұрақ: Толстой шығармалары өзге тілдерге көзінің тірісінде аударылды ма? 


Жауап: Шығармалары көзі тірі кезде аударыла бастады. Ол өз шығармаларының аудармаларымен танысып, кейбірін қолдап, кейбіріне өткір сындар айтып отырған.

 

Сұрақ: Ал қазақ тіліне алғаш қай кезден аударыла бастады? 


Жауап: Толстойдың шығармалары қазақ тіліне XIX ғасырдың соңғы кезінен бастап аударыла бастаған болу керек. Шынымды айтсам, аудармаларды әдейілеп оқып көрген емеспін. Өйткені түпнұсқамен танысқан адамға аударма онша тартымды бола бермейтіні түсінікті ғой. Дегенмен, Шәкәрім аударған қысқа-нұсқа ғибратты мысалдар мен әңгімелердің дәмі жүрек тілін үйіреді. Ыбырай Алтынсариннің оқулыққа қосқан шағын аудармалары да аударма өнерінің хас туындылары деп есептеймін.

 

Сұрақ: Соңғы жылдары өзіңіз де Толстойды аударып жүрген көрінесіз. Таңдауыңыз қай шығармаға түсті? 


 

Жауап: Менің ең алғаш аударғаным - «Исповедь». Кітап оқуға кірісер алдында кітаптың мазмұнына көз жүгіртіп, тақырыптарын қарап шығатын әдетім бар. Бір күні кітапханаға кіріп, Толстойдың кітабын алдым. Шығармаларының ішінде «Исповедь» деген тақырып ерекше назарымды аударды. Оқып отырып таңқалдым. Адам ақылының күшіне, адамның шындыққа деген ынтызарлығына қайран қалдым. Әлі күнге дейін әдеби кітаптардың ішінде маған осыншалықты әсер еткен басқа кітапты кездестірген жоқпын. Екінші аударған шығармам- «Много ли земли нужно человеку». 1886 жылы жазылған «Много ли земли нужно человеку» әңгімесі де осы маңызды тақырыпты көтереді.Басты кейіпкер Пахомның өмірі жарық күнде Хақ нұрынан ғапыл қалып, сағым қуған адамдардың өмірін еске салып, оқырманды терең ойға жетелейді. Әңгіме желісі кең жердегі таршылықтан, тар жердегі кеңшіліктің артық екенін ұғындырады. Қазір Толстойдың «Отец Сергийін» аударуға кірістім. «Отец Сергий» әңгімесіндегі басты кейіпкер Сергийдің ішкі әлеміндегі арпалысын, оның шындықты іздеу жолындағы жүрек тербетерлік ізденістерін оқығанда көзі қарақты адамның бейжай қала алмасы хақ. Бұл шығармалар қазақ тіліне бұрын да аударылған шығармалар. Бірақ мен үшін ол маңызды емес. Ең бастысы өзіме қызық. Мен аударманы ақша үшін немесе атақ үшін жасамаймын. Аударма жасаудан ләззат алам. Әрі ол қолымнан келтініне ішкі сенімім бар. Әрі ол ісім басқалардың игіліне жарап жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Толстойдың қай шығармасында болмасын, адамның ішкі жан дүниесіндегі толғаныстар, адамның өз-өзімен болған күресі сыртқы оқиға желісінен гөрі басым мәнге ие екенін аңдаймыз.Бірақ бұл басымдық сюжет желісінің тартымдылығына ешқандай көлеңке түсіретін басымдық емес. Қайта Толстой әңгімелерінің оқиға желісі адамды өзіне ғана тән қарапайым қайырлы өрнегімен баурайды. Шынында да, адамның нағыз өмірі оның ішкі әлемінде, оның жүрегінде жүріп жатады. Адамның бүкіл өмірі сол жүректегі өмірге тікелей байланысты. Жүрегі былғанған адамнан таза өмір үлгісін іздеу бос әурешілік болмақ. Осы иірімдер Толстой шығармашылығының өзегі десе де болар. 

 


Сұрақ: Жазушының әйелі оның өмірінің соңғы жылдарына қарай жазған туындыларына көңілі толмай, “ол одан да маңызды нәрселер жазуға болатын кезде қайдағы бір діни нәрселер жазып жүр” деген екен. Кейінірек жазылған “Исповедінің” әлем әдебиетіне қосқан үлесі қандай болды?


 

Жауап: Толстой мен әйелінің арасындағы қайшылыққа толы қарым-қатынас туралы жазушының күнделігінде айшықты іздер қалды. Жеке өз басым Толстойды әйелінің түсінбегеніне таңқалмаймын. Толстойды оның әйелі түгіл бүкіл Ресей халқы толыққанды түсінген жоқ. Бірақ Толстой - өз отбасында түсіністік пен бақыттың орнауын шын жүрекпен қалаған адам. Дегенмен ол бақыт Толстойдың маңдайына жазылмаған құсайды.


 

Мен үшін Толстой шығармашылығының ең тартымдылары - оның өмірінің соңғы кезеңінде жазған шығармалары. Неге?Өйткені өмірінің соңғы кезеңдерінде Толстой өзгені қойып, өзімен шындап айналыса бастады, ол өмірінің соңғы кезеңдерінде өмірдің мәні туралы терең толғанысқа түсіп, адам өмірінің ақиқи мәнін іздеп, соны табуға талпынды. Толстойдың күнделіктері мен хаттарына, ол туралы зерттеу еңбектеріне назар аударсақ, 1870 жылдан кейінгі кезеңдерде оның ішкі әлемінде үлкен өзгерістер болғанын аңғарамыз. Оның 1880 жылдан кейінгі шығармаларында өмір мен өлім, сенім мен ақиқат, адам өмірінің мәні сияқты тақырыптар терең қозғалады.


 

Енді «Исповедьке» тоқталсақ. « «Исповедь» -Толстойдың терең әрі қуатты шығармаларының бірі». Бірегейі. Бұл шығарма 1879 жылы жазылған. Лев Толстойдың «Смерть Ивана Ильича», «Много ли земли нужно человеку», «Отец Сергий», «Воскресенье» сияқты жауһар туындылары басқа шығармаларынан мазмұн-мән жағынан да, тақырып тереңдігі жағынан да аса биік көрінеді. Толстой – өзін өте қатыгез, қатал сынға алған жазушы.Шын мәнінде өзін ақиқи сын тезіне сала білген жанның ғана шынның дәмін , ләззатын татпағы хақ-дүр.


 

«Исповедь» - Толстойдың басқа өмірге бетбұрысы. Иман мен ақиқат іздеген жанның ащы зары. «Исповедь»- «талайғы кәрі дүниеден» мағына іздеп шарқ ұрған жанның жанайқайы. «Исповедь» - Толстойдың рухының автобиографиясы, «Исповедь» - ақиқатты аңсап іздеген адам рухының ауыр сілкінісі. Вильям Фрей былай дейді: «Россиядан кеткен соң сіздің «Исповедіңізді» жүрегім тоқтап, басым айналып отырып оқыдым. Сіздің сөздеріңізден ақыры біздің қоғамда пайда болуға тиісті рухани азыққа деген алапат сұраныстың рельефті көрінісін көрдім». Сол кездегі Америка мен Европаның әдеби-қоғамдық өмірін жақсы білетін Степняк Кравчинский 1889 жылғы «Свет Россидағы» мақаласында: «Толстойдың есімін қазір айналшықтаған айрықша даңқ оның «Исповеді» мен «В чем моя вера» шығармалары жарық көрген соң басталды» («Литературное наследство» 75-том 546-бет) дейді. 


 

Шығарманы оқу барысында «Ақымақ едім, әлемді түзетпек болдым, ақылым кіре бастады, енді өзімді түзетуге кірістім» деген іргелі ой аңғарылады.Қорыта айтқанда, «Исповедь» әдебиетке шырылдаған шындықты боямасыз қалпында ұсынудың биік бір үлгісі болды. 

 

 

tolstoi.jpg 
 


 

Сұрақ: Жазушының нағыз кемеліне келіп, атағы аспандап тұрған кезде рухани дағдарысқа ұшырауына, жалғыздықты сезінуіне не себеп болды деп ойлайсыз? 

 


 

Жауап: Бұл сұрағыңыз - өте күрделі сұрақ. Мен шамам келгенше жауап беріп көрейін. Толстой 50 жастар шамасында өзіне: «Мен не үшін өмір сүру керекпін? Менің өмірімде өлген соң да жойылмайтын мағына бар ма? Адам баласы мына өмірге не үшін келеді?» деген сұрақтарды қойды. Дәл осы кезеңде ол өзіне: «Ал жарайды сенің Самара губеррниясында 60 мың десятина жерің, 300 жылқың бар, ал содан соң? Ал жарайды сен Гогольдан, Пушкиннен, Шекспирден, Мольерден, әлемдегі барлық жазушылардан артық боласың, ал сонда не болды?» («Исповедь») деген сұрақтарды қояды. Және бұл сұрақтарға ешқандай жауап бере алмайды. Толстойша айтқанда «оның өмірі тоқтап қалды». Осы кезеңде ол тіпті өз-өзіне қол жұмсауға да қатты жақындады. Толстой бір қарағанда жауап беру оп-оңай болып көрінетін «Мен не үшін өмір сүру керекпін?» «Мені мына өмірге әкелген кім?» «Ол бар ма? Болса, ол мені не үшін мына өмірге әкелді?» деген сұрақтардың талауына түседі. Өзінің айтуы бойынша ол бұл сұрақтарға жауап бермейінше, өмір сүрудің мағыналы болуы мүмкін еместігін айдан анық білді. Қазіргі кезде де өз өмірінің мағынасы туралы ойланбайтын мыңдаған адамдарды көруге болады. Айталық пойызда Шымкенттен Астанаға бара жатқан бір адамды жолықтырдыңыз делік. Сіз одан: «Астанаға не үшін бара жатырсыз?» деп сұрап, ол сізге: «Білмейтін» деп жауап берсе, әлгі адам туралы сіз не ойлар едіңіз? Ақымақ деп ойлайтыныңыз анық қой. Мың шақырым жолға не үшін шыққанын білмейтін адам ақымақ болса, өмір атты мәңгілік сапарға шыққанымен, не үшін өмір сүретіні туралы ойланбайтын адам кім болады сонда?! Толстойдың рухани дағдарысының мәні осында...

 

 

Сұрақ:Қазақ әдебиетінде Толстойға ұқсас тұлғалар бар ма? Болса олар кімдер? 


Жауап: Тек қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде Л. Толстойға ұқсайтын тұлға табу қиын. Дегенмен Толстоймен дерттес тұлғалар бар дер едім. Толстойдың дерті- ақиқат. Ал қазақ әдебиетінде «шындықтың соңына шырақ ап түсуді» мұрат тұтқан тұлғалар баршылық. Бауыржан Момышұлын, Мұқағалиды, Оралхан Бөкейді осы қатарға жатқызар едім. 


Сұрақ: Хаттары туралы не айтар едіңіз?

 


 

Жауап: Толстой хаттарына шорқақ шолу жасап өтейін, өйткені Толстойдың бүкіл хаттары туралы айту - қиын шаруа. Хаттарының өзі 31 том кітапты құрайды. Тек бір В.Г.Чертковпен жазысқан хаттарының өзі 5 том кітап.  Толстой кімдерге хат жазды, кімдермен хат жазысты. Хат жазысқан , жазған адамдарының ішінде 7 жасар баладан (1909 ж7 23 наурыз, шығ. Жин. 19-20 –том 661- бет ) бастап, Ресейдің патшасы да бар. Мысалы1902 жылы екінші Николайға жазған хаты. (шығ жинағы.Москва. «Худ. Лит.» баспасы. 502-бет. 1910 ж 9 қаңтар). Бас кесіліп кетсе де, шынды айтуды ұстанған Толстой патшаны сынап, оны өмірі туралы терең ойланып, адамдыққа бет бұруға шақырады. Әлемнің барлық түкпіріндегі шетелдіктер, туыстары (400 хат), қарапайым еңбек адамдары, шаруалар, қиын жағдайға түскен жандар... т.с.с. Бұлардың бәрі Толстойға хат жазып, жауап алған адамдар.

 

 

Сұрақ: Хаттарын оқи отырып, нендей түйін жасадыңыз?

 

Жауап: Хаттарынан заңғар тұлғаның өмір жолын, үзік-үзік сырларын, көзқарасын, тіпті, сенімін де аңғаруға болады. 1910 жылы, қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын баласына жазған хаты: «Те усвоенные тобою взгляды дарвинизма, эволюции и борьбы за существование не обьяснят тебе смысла твоей жизни и не дадут руководства в поступках, а жизнь без обьяснения ее значения и смысла и без вытекающего из него неизменного руководства есть жалкое существования. Подумай об этом. Любя тебя, вероятно накануне смерти, говорю это.. » Хаттан оның Дарвинге, оның «іліміне» деген көзқарасы, әкенің баласының өміріне алаңдаушылығы мен ыстық махаббаты аңғарылады. Мәскеулік жеті жасар Захар Шевцевқа жазған хатына (1909 ж7 23 наурыз, шығ. Жин. 19-20 –том 661- бет ) назар аударып көрейік: «Советую тебе, милый мальчик, всю жизнь с нынешнего дня и до смерти учиться изо всех сил тому, чтобы быт как можно добрее со всеми: с няней, с папой, мамой, братьями, дворником, со всеми, с кем только сходишься. Это не совсем легко, этому надо учиться, так же, как учиться читать, писать, играть на скрипке или на фортепьяно. Только тем всем наукам выучишься – и конец, а этой науке конца нет. И, главное, ни от какой науки нет такой радости, сколько от этой; что дальше учишься , самому веселее и веселее, и все вокруг тебя все больше и больше любят. Пожалуйста, сделай так. Всякую минуту помни, что тебе надо быть добрым.» Міне солай.

 

Сұрақ: Жоғарыда өзіңіз айтып өткен өзгеріс Толстойдың күнделіктерінде көріне ме? Толстойдың күнделіктері туралы не айтар едіңіз?

 

 

Жауап: Толстойдың шығармашылығында күнделіктерінің орны ерекше. Тіпті кей жағдайда күнделігі көркем шығармаларынан да құндырақ көрінеді, өйткені Толстой өзінің ішкі толғаныстарын, тапқан жаңа ойларын, мұңын, зарын күнделігіне әкеп запыран ғып төгіп отырған. Адамның ішкі әлемінде болған өзгерістер оның бүкіл сыртқы ортасына тәсір етеді. Адамның сыртқы келбеті оның ішкі әлемінің құзырында.. Әлемге әйгілі «Война и мир» романына кейін келе суық көзбен қараған автор күнделікке аса зор мән береді. Күнделіктің басты тақырыбы - Толстой. Оның жүрек іші. Бұл туралы 1985 жылы Мәскеу қаласының «Художественная литература» баспасынан шыққан 12- томда (427-бет) дәл айтылған: «В центре дневника- сам автор, его мысли и чувства, суровый самоанализ...»

1880 жылғы Толстойдың дүниетанымында болған өзгеріс оның бүкіл шығармашылығына, соның ішінде күнделігіне де түбегейлі өзгеріс бедерін салады. 


 

Толстой күнделікке жан сырын бүкпесіз ашады. Адам жанының ең терең қатпарына жасырынған, өзіне де айтуға ауыр, тіпті ұят сырларын күнделік бетіне аяусыз ақтарып төгіп отырған. Шындық жолы – ауыр жол. Толстой шындықты іздеу, табу жолында отбасымен, қоғаммен, тіпті өзімен де қақтығысқа түсіп отырады. Ол үшін шындыққа жету, ақиқатты танып, оны өміріне айналдыру-ең ізгі мұрат. Осы ізденістің үдесінен шығу үшін ол ешкіммен, тіпті өзімен де компрамиске барған жоқ. Жүрек ішінде болған осы алапат айқас Толстойдың күнделік беттерінен көрініс береді. Толстой үшін күнделік-шығарма яки көркемдік ізденіс емес, ол - оның өмір бедері, ішкі жанайқайы, жан дауасы.

 


Сұхбаттасқан Марфуға Шапиян.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар