Абай рухына тағзым – ұлттың рухына тағзым
Бүгін 10 тамыз Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ұлы ақынның ескерткіші алдында гүл шоқтарын қою рәсімі ерекше әсерлі өтті.

Абай күніне арналған іс-шаралар ұлы ақынның ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Бұл – Абай мұрасына тағзым етіп, оның ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегін ұлықтаудың әдемі бір көрінісі еді. Жиын барысында ұлттың рухани темірқазығына айналған ұлы ойшылдың әсем әуендері шырқалып, өлеңдері оқылды. Аталмыш шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрасы Мереке Құлкенов, Астана қаласы филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп және Абай атамыздың ұлы Ақылбайдан тараған тікелей ұрпағы Ләйлә Мухлисқызы, сондай-ақ, әдебиет саласының көрнекті өкілдері қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов: «Абайдың туған күні – бұл бар қазақ үшін ең үлкен мерекенің бірі деп білемін. Бейбіт заманда, ашық аспан астында ұлы ойшылдың туған күнін тойлау – үлкен бақыт. Мұндай шаралар жыл сайын жалғасын таба бермек. Ақынның шығармашылығын еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін танып-білуі тиіс. Себебі Абайдың қара сөздері, өлеңдері, оның терең мағыналы еңбектері – қазақ руханиятының жарығы. Абай десе елең етпейтін қазақ жоқ, Абай десе мақтанбайтын қазақ жоқ, Абай десе рухтанбайтын қазақ жоқ. Бүгінгі бұл әдеби той – бар қазақтың тойы»,- деп атап өтті.

Абайдың Ақылбай атты ұлынан тараған ұрпағы Баймағамбетова Ләйлә Мухлисқызы:
«Мен Абай атамыздың тұңғыш баласы Ақылбайдың ұлы Әлімқұлдан тараған ұрпақтарының бірімін. Нақтырақ айтсам, Әлімқұл атамыздың қызы Қауаш – менің анам. Өзімнің Абай Құнанбайұлының ұрпағы екенімді әрдайым мақтанышпен айтамын. Абай атамыздың Мағауиядан тараған ұрпақтарымен тығыз байланыста болдық. Қазір көбі дүние салды. Көзі тіріміз аз қалдық. Бүгінгі күн – әрбір қазақ үшін керемет күн. Бұл – Абай күні. Ұлтымыздың атын әлемге танытқан ұлы ақынның шығармашылығы ерекше дәріптелетін күн. Қазақтың маржан сөздерінен құралған атамыздың терең мағыналы шығармаларын бүгінгі ұрпақ жақсырақ таныса, білсе, ұмытпаса екен дейміз. Жас буынға Абай атамызды насихаттау үшін ұйымдастырылып жатқан мұндай шаралар біздерді тек қуантады. Ойымды атамыздың мына бір өлең шумақтарымен қорытындылағым келіп отыр.
Көп адам дүниеге бой алдырған
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған»,- деп ұлы ойшыл жайлы жылы пікірін білдірді.

Ұлы ақынның рухына тағзым – тұтас ұлттың рухани құндылықтарына тағзым екені анық. Оның әрбір сөзі, әрбір ойы бүгінгі ұрпақ үшін де маңызын жоғалтқан жоқ. Абай есімі – қазақтың рухани әлімімен бірге жасайтын мәңгілік ұғым. Сондықтан ақын мұрасын дәріптеу, оның тағылымын кейінгі буынға жеткізу – баршамызға ортақ парыз. Хәкімнің өнегелі өмірі мен мол мұрасын ұлықтауға арналған мұндай игі дәстүр жыл сайын жалғасын таба бермек.




