Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
А.Байтанұлы. Монғолиядағы қазақ әдебиеті және поэм...

15.03.2019 9586

А.Байтанұлы. Монғолиядағы қазақ әдебиеті және поэма бастауы

А.Байтанұлы. Монғолиядағы қазақ әдебиеті және поэма бастауы - adebiportal.kz

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында мынадай жолдар бар: «Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды». Иә, түгел түркінің, қазақтың тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Өзін бағыздан мекендеп келе жатқан ұлтымыздың төрт сайлы тымағы іспетті Алтайдың төрт тарабында, төрт мемлекеттің аумағына бөлінген қазақтар мекендеп отыр. Біз мақаламызда Алтайдың күншығыс бетіндегі Монғолия қазақтарының аталған елде қалыптасу тарихына барлау жасап, ондағы азғана қазақ шоғыры жасаған әдебиеттегі поэма жанрында алғаш туынды жазған кім деген сұрақ төңірегінде шолу жасамақпыз.

Түгел түркінің түп бесігі Алтайдың күншығыс бетіне қоныс тепкен Моңғолиядағы қазақтар біртұтас қазақ әлемінің ажырамас бөлшегі. Қазақтың көптеген рухани-материалдық құндылықтарын бар бояуымен жаңа ғасырға жеткізген Монғолия қазақтары туралы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 2003 жылғы 23 қазанда өткен Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайында былай деген болатын: «...Бүгінгі таңда Баян-Өлгий аймағы – қазақ халқының ана тілі ең таза сақталған, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті өзінің ежелгі бояуын жоғалтпаған өңірлердің бірі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Баян-Өлгий аймағынан ата жұртқа 60 мыңнан астам ағайындарымыздың қоныс аударуы жас мемлекетіміздің мәдени-рухани тыныс-тіршілігіне, ана тіліміздің, ұлттық салт-дәстүріміздің жаңа деңгейге көтерілуіне өз ықпалын тигізгені анық»[1, ].

Қазіргі кезеңде де бұл өңірде қазақ әдебиеті өзіндік тыныс-ырғақпен даму үстінде. Ол елдегі қазақ қаламгерлерінің аға, жаңа буындары әдебиетіміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жатыр. Аталған елде туып қалыптасқан қазақ әдеби ауқымда поэма жанрының өсіп-өркендеуін қарастырмас бұрын, Моңғолия қазақтарының осы өлкеге қоныстану тарихы туралы аз-кем тоқталуды жөн көрдік.

Тоғызкөл жайлауының күзгі көрінісі

Қазақ халқының бағзыдан келе жатқан құрамдас бөлігі болғанымен, түрлі тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты біршама тұйықталып, өзіне тән дербес тағдырмен тарих көшіне ілесуге мәжбүр болған Моңғолиядағы қазақтардың аталған мекенге қайта қоныстанғанына бір жарым ғасырдан асты. Тіпті кейбір зерттетушілер екі ғасырға жуықтатып жүр.

Қайта қоныстану дейтін себебіміз – бұл өңір түркі халықтарының ежелгі мекені. Қазақтар мекендеп отырған қазіргі Баян-Өлгий мен Қобда аймақтарының аумағы Найман мемлекетінің, ал Монғолия астанасы Ұланбатыр Керей хандығының кіндік жұрты болғанына тарих куә. Алтай тауы ежелден түркі халықтарының, оның ішінде қазақтардың байырғы мекені болатын. Бұған Алтай жайында айтылатын жыр аңыздар, күй аңыздар куә. Сондай-ақ осы өлкедегі аспан астындағы ашық мұражай іспетті көне тас таңбалар, жазулар, сынтас балбалдар куә.

ХІІІ ғасыр басына дейін қазіргі Моңғолия жерін мекендеген керей, найман, қоңырат, жалайыр т.б. қазіргі қазақ халқын құрамдаушы ондаған рулар Еуразияны дүр сілкіндірген жиһангез Шыңғыс хан мен оның мирасқорларының тынымсыз жорықтары кезінде Ұлы Даланың шығысынан батысына қарай қоныс аударғаны белгілі. «Керейттер 1203 жылы Шыңғыс ханнан жеңілгеннен кейін Меркіттермен бірлесіп батысқа қарай ойысты»[2, 81], - деп жазады тарихшы ғалым Мұхамеджан Тынышбаев. Бұл – қазіргі Монғолия қазақтарының сегіз ғасыр бұрынғы көш сорабы болатын.

Алтай мен Қаңғайды (Отүкен) ежелден мекен еткен протоқазақ руларының көші туралы еміс-еміс деректер халық ауыз әдебиеті туындыларында, нақтылай айтқанда аңыздар мен батырлық эпостарда, сондай-ақ араб, парсы, еуропа жылнамашылары мен саяхатшыларының жазбаларында кездеседі. Ал ұлт зиялысы Мұхамеджан Тынышбаев Н.Аристовтың келтірген деректеріне сүйеніп, керейлер 1301 жылға дейін Өгедей және оның ұлы Хайду ханның қарамағында Қара Ертістің жоғарғы жағында болғандығын айтады. Ақсақ темір заманында (1370-1400 жылдары) Қара Ертістен Еренқабырға (Алатау жотасы) тауларын мекендеді деп көрсетеді...

Сарлықтың (қодас) сүті майлы, көбірі (түбіт жүні) қымбат

Қазақтың Алтайдан келесі ығыса босып, алысқа жосуы жоңғарлар тарих сахнасына шықанда басталады. Ең қасіретті шыңына жеткен тұс – 1723 жылғы «ақтабан шұбырындыдан» соң бұл өңірдің байырғы тұрғындары керейлер мен наймандар Алтай, Тарбағатайдан Сырға ауады, одан Орға (қазіргі Орынбор өлкесі) қарай беттейді. Бұлардың бәрі де ғылыми айналымдағы, айнытпас дәлелі бар деректер және тарихи жырлардың арқауына айналған, ел жадында орныққан оқиғалар. Моңғолия мен Қытай қазақтары жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ақыт Үлімжіұлы «Ер Жәнібек» дастанында осы кезең турасында былай деп жырлайды:

...Әуелі Орға көшті елін бастап,

Өскен жері Қаратау, Сырды тастап.

«Ақжол» деген ат алды беті қайтпай,

Қаптаған қалың жауды қойдай жасқап....

Онан соң Торғай, Тобыл, Есіл келдің,

Абылай оң тізеден орын берді.

Қалмақтың тоз-тоз болып зәресі ұшты,

Көргенде Жәнібектей есіл ерді...

...Қазаққа Қап тауындай қорған болдың,

Жауыңа жасыл түсер зордан болдың.

Шайқаста тізеңді имей, дауда бермей,

Еліңді Алтай бастап Ордан келдің [3, 154].

Араға екі ғасыр салып Алтай мен Тарбағатайына қайта оралып мекендеген қазақтардың Қабанбай, Ер Жәнібек, Барақ, Қожаберген т.б. батырлар бастаған оралу көші туралы ауызша, жазбаша деректер көп. Мысалы, Цинь императорының Абылай ханға 1757 жылы жазған хатынан біз шүршіттердің қазақтармен саяси саудаласып отырғанын көреміз: «Ваши души также не пребывают в покое. Если бы действительно взяли в плен и передали нам Амурсану, тогда, естествено, можно было бы подарить вам Тарбагатай» [4, 93].

Көкмойнақ - Атажұртқа ең жақын жатқан ауыл

ХҮІІІ ғасырдағы қазақ пен жоңғар арасындағы қақтығыстарға қатысты көптеген тарихи дастандарда Абылай ханның Цинь империясымен дипломатиялық келісімдер жасау арқылы қазақ руларын бірте-бірте Ертістің басына, Тарбағатай мен Іле алқабына дейін қоныстандыруға бағытталған еңбегі үлкен құрметпен жырланады. Және бұл тарихи құжаттармен нақты сәйкесіп отырады. Демек, кейбіреулер айтып жүргеніндей, Қытай мен Монғолия жеріндегі қандастар – әсте елден-жерден қашқан сатқындардың емес, керісінше, қазақтың өріс-қонысын кеңейткен қазақтардың ұрпағы.

ХҮІІ ғасырда ежелгі мекен Алтайдың күнгей бетін толық иемденген қазақтардың бір шоғыры ХІХ ғасырдың ортасында Қобда бет пен Шүйге асып келіп мекендей бастады. Бұлар – қазіргі Моңғолия мен Ресейдің Алтай Республикасында тұратын қазақтардың ата-бабалары болатын. Ол заманда Қазақстан, Монғолия мемлекеттері болған жоқ. Патшалық Ресей мен Цинь империялары өздеріне бағынышты қазақтар мен монғолдардың пікірімен санасқан да жоқ. Абылай заманындағы біртұтас қазақты әуелі Ресей мен Цинь бөлшектеді.

Біртұтас қазақ ұлтының әлденеше бөлшектеліп, бірнеше мемлекеттің құрамында қалу себебін тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы мына дерек арқылы түсіндіреді: «1864 жылы шілденің 7 жұлдызында Ресей мен Қытай арасында «Батыс солтүстік шекараны тексеріп отыру шартының белгілері» деп аталтын «шартқа» қол қойылды. «Шартта» «Осыдан былай осы бір белгіленген шекара маңындағы шаруалар қонастанған жер екі елдің қайсысына бөлінген болса сол елдің қарамағында болады» деп түйеден түскендей кесіп тастады. Мұнда екі түрлі жайды ескермеске болмайды.

1) Шарт жобасын жасауға ешкі қазақтан пікір сұраған жоқ, керісінше шарт қазақ халқынан ұрланып жасалды. 2) Қазақ жері саудаға түсті. Орыс империясы Алтайдың арғы бетіндегі қазақтың шұрайлы жерін Қытайға саудалау арқылы көп жылдар бойы Қытаймен жер дауына түсіп келген Уссурий, Чита, Шығыс Сібір төңірегіндегі дау-дамай уақытша тынышталды. Ұлтты ұлтынан, жерді жерінен, ағайынды ағайыннан зорлық-зомбылықпен бөліп тастаған, ұлтты саудаға салған бұл зұлымдық оқиға тарих алдында ешқашан ақталуға тиіс емес»[5, 28]. Міне, осылайша алғашында «ресейлік қазақ», «қытайлық қазақ» пайда болған болса, 1911 жылы шүршіттік Цинь империясы құлап, Монғолия тәуелсіздікке беталған тұстан бастап «монғолдық қазақ» пайда болды. Тіпті, шындығында, Сәкен Сейфуллин бастаған ұлт зиялыларының совет тұсындағы табанды талабынан кейін орындалғаны болмаса, қазақ деген атаудың өзі жоқ, «киргиз» аталып жүрген жоқ па еді! 1912 жылы 400-ден астам үй Монғолияның боғдаханы Жавзандамбаға өздерін сол елдің азаматы ретінде қабылдауын өтініп хат жолдады. Осы кезеңнен бастап Монғолияның ресми тұрғындары атанған қазақтарға 1940 жылы Қобда аймағынан бөліп жеке әкімшілік бірлігі – Баян-Өлгий аймағын құрып берді. Қазіргі күні 105 мыңдай халықтың 93 пайызын қазақтар иеленетін Баян-Өлгий аймағынан өзге аймақтар мен қалаларда елу мыңнан астам (кейбір болжамдар бойынша жүз мыңдай) қазақ Монғолияда өмір сүріп жатыр. 1991 жылы Ұлы көшке жол салған Монғолия қазағының 120 мыңдай Атажұртқа келіп орналасты. Жергілікті қазақтармен бірден араласып, мың жылдық туыстықты бастап кеткен сол алғашқы лектің өсімі де бұл күндері екі жүз елу мыңғы жеткен болар деген есеп бар.

Жоғарыда біршама тарихи шегініс жасап отырғандағы мақсатымыз – Моңғолиядағы немесе Баян-Өлгийдегі әдебиетті жасаушы қазақ ұлтының бастан кешкен тарихи жолына аңдатпа жасау еді. Отаршыл, астамшыл империялардың белден басу саясатының құрбаны болып, бөлшектеліп қалған біртұтас қазақ әлемінің, қазақ тарихының, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бөлшегі ретінде өмір сүріп жатқан Монғолиядағы қазақ ирреденттері әдебиетін және ондағы поэма жанры туралы көлемді зерттеу жүргізу – қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы тұрғысында маңызды екені сөзсіз.

Кез-келген халықтың әдебиеті өмір сүруінің басты негізі – әдеби «өнімді» жасаушы қаламгердің және сол өнімді «тұтынушының» болуы десек, Моңғолия қазақтары жағайында бұл тандем қалыптасқан және бар деп сеніммен айта аламыз. Қазақтардың жеке әкімшілік аумағы болуы және Атажұрт Қазақстанмен әрқашан тығыз байланыс арқылы бұл мүмкіндік сақталды және сақталып отыр.

«Моңғолиядағы қазақ әдебиеті» деген ұғымның өзі «Баян-Өлгийдегі қазақ әдебиеті» деген ұғымымен мәндес. Себебі, ана тілінде білім алған және сол тілде жазылған газет-журналдарды, әдеби, ғылыми еңбектерді оқитын, рухани қажетсінетін оқырманы болмаған жерде ұлттық әдебиет өмір сүрмесі анық. Баян-Өлгийден тыс, мысалы, Ұланбатырда, Эрдэнэт пен Дарханда тұрып қазақша шығармашылықпен айналысушы қауымның өзі – түгелдей дерлік Баян-Өлгийде туып-өскендер десек қателеспейміз.

Қазақтың қызыл қойы - малшы ауылдардың тіршілік көзі

Баян-Өлгиймен көршілес Қобда аймағының Қобда сұмынындағы қазақ-монғол аралас мектебі мен қалалардағы факультативтік деңгейдегі оқытуларды есептемегенде, Монғолияның өзге өңірлеріндегі қазақтардың ана тілінде білім алу мүмкіндігі жоқ. Тек ауызекі сөйлеспелі тілмен шектеледі. Жас ұрпағына «Балапан» арнасы көмекке келуде.

Баян-Өлгийде қазақ мектептерінің жүйесі жолға қойылған. «1990-91 оқу жылы Баян-Өлгийдегі 30 қазақ мектебінде 21431 бала білім алған»[6, 84]. Қазіргі сан бұдан көп болмаса, аз емес. Бір атап өтерлігі – Кеңес Одағы тұсында Баян-Өлгийдегі қазақ мектептері түгелдей Қазақ КСР-інің сол кездегі астанасы Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебінің оқу бағдарламасы негізінде оқу үдерісін жүргізіп, оқулықтар мен көмекші оқу құралдарын Алматыдан алдырып отырды. Қоғам қайраткері Ж.Шәңгішбайұлы былай деп атап көрсетеді: «...сонау 1930-жылдардан бастап Моңғолия Үкімет орны Баян-Өлгий қазақтарының Советтік Қазақстанмен әржақты байланыстырып, қазақ мектептерін ашып, оған Қазақстаннан мұғалімдер келтіріп жұмыстатып, мектептерді қазақ тіліндегі баспа, оқу құралдарымен қанымдау, қазақ жастарын Қазақстанға жіберіп оқыту, қазақ радиосы, қазақ музыкалық драма театрын орнатып, Қазақстаннан маманды адамдарды келдіртіп, қанымдауға тұрақты көңіл бөліп келді»[7, 143]. Ұлттық мектеп – ұлттық әдебиеттің базасы. Бұл аксиомаға Баян-Өлгийдегі қазақ мектептерінің ахуалы нағыз дәлел бола алады. Жүздеген мың, тіпті миллион қазағы болса да, қазақша бір мектебі жоқ мемлекеттер жағдайында әдеби жанрдың дамуы түгілі, ауызекі қазақ тілінің бар-жоғы туралы сөз қозғаудың өзі қиын.

«Қазiр Баян-Өлгий аймағы бойынша 42 мектеп, 28 балабақша жұмыс iстейдi. Осы мектептiң бiреуi ғана моңғол тiлiнде дәрiс бередi, қалғандары қазақ мектептерi»[8]. Бұл деректер мұндағы қазақ тілі мен әдебиетінің болашағы әлі де жарқын болады деген сенімді көкірекке ұялатады.

Монғолиядағы қазақ жазба әдебиетінің негізін салып дамытушылардың алғашқы екі легі бұл күндері өмірден өтсе, үшінші, төртінші толқын өкілдерінің көбі Атажұртқа оралып шығармашылық ғұмырын жалғастыруда.

Моңғолиядағы қазақтардың ауыз әдебиеті, жазба әдебиетінің тарихы, әдеби жанрлардың қалыптасуы мен дамуы тұрғысындағы зерттеу жұмыстары нәтижесінде жазылған ғылыми еңбектер – монографиялар мен зерттеу мақалалар ауқымы да аз емес. Әсіресе, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бергі кезеңде осы бағытта біршама игілікті қадамдар жасалғандығын осы тұстан бастап Атажұртпен рухани байланыстың жақсы жолға қойылғандығынан деп бағалауға болады.

ХХ ғасырдың 50-жылдары Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласындағы жоғары оқу орындарында филолог мамандар көптеп дайындала бастады. Сонымен қатар, 50-жылдардың соңында Баян-Өлгий қазақтарының табанды түрде талап етуі арқасында, Моңғолия Үкіметінің арнайы тапсырысымен қаржы бөлініп, Қазақстанда тарих, филология, математика т.б. мамандықтар бойынша оқу үшін Алматыға студенттер жіберіле бастады. Бұл жөнінде филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлы былай дейді: «Мен 1958 жылы орта мектепті бітірдім. Сол тұста, шамасы 1956 жылдан бастап Моңғолия қазақ кадрларды Қазақстанда дайындау керек деген шешім қабылдап, оқуға балалар жіберілетін болды. Осы дүрмекпен келіп қалдық. Мен шетелде туып, Алматыда оқыған алғашқы қазақтардың бірімін»[9, 171].

Бұқаралық телерадио басшысы Оспан Нәбиұлы: "Алтын қорда талай жауһарлар жатыр"

Алматыдағы ҚазМҰУ, ҚазПИ қатарлы жоғары оқу орындарын бітірген филологтар мен музыкалық білім ордаларын тәмамдаған түлектер Моңғолиядағы қазақ әдебиеті мен музыка өнерін, журналистиканы жаңа белеске көтерді. Олар Монғолия қазақтары сақтап келе жатқан бай фольклорлық, музыкалық мұраларды жинақтап, бастыруға, ғылыми айналымға енгізуге өлшеусіз үлес қосты. Арғынбай Жұмажанұлы, Байыт Жанатұлы, Шабдарбай Қатжанұлы, Имашхан Байбатырұлы, Қабидаш Қалиасқарұлы, Қаһар Ойнақбайұлы, Кәкей Жаңжұңұлы, Мұрат Бұшатайұлы т.б. әр жылдары Қазақстаннан бітіріп барған түлектердің түгелге жуығы ұстаздық, басшылық қызметтермен қатар шығармашылықпен айналысып, туған аймағы тарихындағы белді қаламгерлер, әдебиеттанушылар ретінде есімдері мәңгілікке қалды.

Моңғолиядағы қазақ әдебиетін тұңғыш рет кешенді зерттеу нысаны ретінде ала отырып біршама ғылыми еңбектер жазған – филология ғылымдарының докторы Қабидаш Қалиасқарұлы. «Моңғолиядағы қазақ əдебиеті», «Халық ақындары», «Замана жыршылары» және т.б. монографиялық еңбектер мен академиялық жинақтары жарық көрді. Ақын, әдебиеттанушы Қуанған Жұмаханұлының «Ақтан Бабиұлының өмірі мен шығармашылығы», Есенгүл Кәпқызының «Моңғол қазақ әдебиетіндегі проза жанрының қалыптасуы мен дамуы», Еркегүл Арыққараның «Монғол қазақтарының поэзиясы және Кәкей Жаңжұңұлының шығармашылығы», Жанбота Секейқызының «Имашхан Байбатырұлының әдеби мұрасы» т.б. кейінгі отыз жыл мерзімінде қорғалған диссертациялық жұмыстарда Монғолиядағы қазақ әдебиеті мен ондағы жеке қаламгерлердің шығармашылығы туралы біршама ақпараттар қамтылды.

Шетелдегі қазақ әдебиетін зерттеуге үлкен үлес қосып жүрген әдебиеттанушы ғалым Зұфар Сейітжановтың еңбектерінде Монғолия қазақтары әдебиетінің қалыптасып, дамуы туралы құнды пікірлер бар. Қазіргі кезеңде Баян-Өлгий қазақтары әдебиетіндегі жанрлардың дамуы, ондағы қол жеткізілген көркемдік биіктіктер жайында зерттеуге деген қызығушылық арта түскенін көреміз.

Бай фольклор мен шығыстық қисса-дастандар, халық ақындарының шығармалары негізінде жаңаша қалыптасқан Баян-Өлгийдегі қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының тууы мен қалыптасуын жалпы қазақ әдебиетінегі үрдіспен біртұтас алып қарастыру дұрыс болмақ.

Баян-Өлгий қазақтарындағы заманауи поэмалардың бастауында халықтық дәстүрдің тереңінен қайнап шыққан эпикалық дастандар жатыр. Аса бай фольклорға ие қазақ әдебиетіндегі көлемді эпостық жырлар поэма жанрының қалыптасуына игі әсерін тигізді. Дегенмен, нағыз поэмаға қойылатын көркемдік, құрылымдық талаптарға фольклорлық дастандардың сай келе бермейтіндігін де ескерте отырып, көптеген әдебиеттанушы ғалымдар қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының түпкі бастауын ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастауды ұсынады және бұл ұсыныс өз кезегінде Моңғолиядағы қазақ әдебиетіне де тікелей қатысты. Қытай, Моңғолиядағы жазба әдебиеттің қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосқан ақын әрі діни ғұлама Ақыт Үлімжіұлы мен ақынның шәкірті Дөңтай Қожамбетұлы қатарлы халық ауыз әдебиеті мен шығыс әдебиетінің классикалық дәстүрлерін ұстанған эпик ақындар осы үрдістің көш басында тұр.

Құрманхан Мұхамәдиұлы атындағы музыкалды драма театры - руханият ордасы

Және де Абай шығармашылығының да зор әсері болды деп айта аламыз. Себебі, Абай өлеңдерімен Қытай, Моңғолия қазақтары ХХ ғасырдың басында-ақ таныс болды. Бұған Ақыт қажының Абайға арнаған өлеңінен аңғарамыз:

Ақындар бізден бұрын өтті талай,

Әсіресе, Құнанбай баласы Абай.

Солардай өткір сөзді таппасам да,

Ойымды жеткізейін құрай-жамай[10, 5].

Ақыт қажы Үлімжіұлы Қобда бетте мекендеп жүрген кезде қажылық сапарына қазіргі Баян-Өлгей жерімен Өскемен-Семей арқылы аттанғанын «Қажыбаян» дастаны айғақтайды. Алтайда жатып сонау Қазанда кітап шығартқан ақынның Абайдың ақындық әлемімен рухани байланысы болғаны сөзсіз.

Абай елі тәркілеудің шеңгеліне ілініп, Шәкәрім қажы жазықсыз қапия қазаға ұшырап, аман қалғандары шекара асқан дүрбелең тұсында Абай аулының Зият Шәкәрімұлы қатарлы көптеген азаматтары Алтайдың арғы бетіне жетіп, аз жыл ішінде ондағы қазақтарға зор рухани үлгі таратып үлгергені белгілі.

Зияттың өзі Мәми бейсі аулында бала оқытты. Моңғолия қазақтары әдебиетіндегі тұңғыш көлемді поэма жазған ақын Ақтан Бабиұлы дәл осы кезеңде Алтайдың күн бетіндегі жас талапкердің бірі болатын. Орда бұзар жасқа енді іліген Ақтан жастың Абай елінен келген зиялы топпен рухани байланыста болғаны күмәнсіз. Әрі, Ақтан Бабиұлының Абай елімен ілік-жілік туыстық қатынасы да бар еді. «Ақтанның анасы – Жақия қызы Кәріпжан деген кісі. Ал, Кәріпжанның ұлы шешесі Опатай – Абайдың ұлы әкесі Өскенбайдың қызы»[10, 12]. Ақтан Бабиұлының шығармашылық ғұмырының Алтай беттегі кезеңі турасында 90-жылға дейін туыстық, тәлім алушылық тақырыптары айтылмағандығының сырын түсінуге де болады.

Монғолия қазақ әдебиетіндегі тұңғыш поэма жазған – Ақтан Бабиұлы. Сондай-ақ, Бердіқожа Жолтаев атты шығармашыл азаматтың да осы тұста «Бөкенжарғақ» атты поэма жазғаны туралы деректер бар. Бердіқожа Жолтаев – тағды бұралаң-бұлтарысқа толы күрделі тұлға. Семей өңірінің тумасы Бердіқожа Жолтаев 1931 жылы Коминтерннің арнайы тапсырмасымен Монғолияға келеді. Қазіргі Баян-Өлгейдің Тұлба деген жерінде мектеп орнатып, онда қолжазба оқулық жасап қолданған. Бердіқожа Жолтаев түрлі себеппен Баян-Өлгей жерінде мәңгілік қалып қояды. «Бөкенжарғақ» поэмасы – Алтайдың төрт тарабына белгілі «Бөкенжарғақ» күйінің аңызына құрылған.

Түйіндей айтқанда, Монғолия қазақтары әдебиетінде заманауи поэма жанры қалыптасуы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан басталды деп білеміз. Ақтан Бабиұлы, Бердіқожа Жолтаевтар бастаған бұл үрдіс Баян-Өлгей аймағы орнағаннан кейін тың серпінге ие болды. Поэма жанрының тақырыптық, сюжеттік кемелдену кезеңі басталып қарқын алды. Бұл үрдісті кеңінен талдап, Ақтан Бабиұлы бастаған жаңашыл ақындардың шығармашылығын турасында ғалымдар мен зерттеушілердің пікір-тұжырымдары арқылы кеңінен тарқату келесі мақалалалардың еншісінде болмақ.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайында сөйлеген сөзі. ҚР Президентінің ресми сайты. 13.06.2002

2 Тынышбаев М. Великое бедствия и великие победы казахов (Актабан-шубырынды). – Алма-Ата: Жалын, 1992.

3 Ер Жәнібек. Мақалалар мен қисса, дастандар, шешендік сөздер, аңыз-әңгімелер, өлеңдер, деректік құжаттар. – Алматы: «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры», 2008. – 320 бет.

4 Моисеев В. Цинская империя и казахские ханства. Вторая половина XVIII- первая треть XIX вв. – Алма-Ата: Гылым, 1989.

5 Қинаятұлы З. Жылаған жылдар шежіресі. – Алматы: Мерей, 1995. – 315 бет.

6 Навий Л. Монғолиядағы қазақ мектептерінің даму тарихы (Оқу құралы). – Көкшетау: КМУ редакциялық-баспа бөлімі, 2008. – 133 бет.

7 Шәңгішбайұлы Ж. ХХ ғасырдағы Моңғолия қазақтары. Сорхон Цагаан, 2008.

8 Кәпқызы Е. Баян-Өлгий аймағы.baiolke.com сайты. 2 тамыз, 2011.

9 Қайратұлы Б. Күміс жамбы. – Астана: Астана полиграфия, 2009. – 189 бет

Үлімжіұлы А. Қажыбаян. – Өлгий: Баян-Өлгий аймақтық баспаханасы, 1991. – 112 бет.

10 Төлеуов С. Балбал тасты құшақтап Мұхтар неге жылады? //«Алтын Орда» 11 наурыз 2011 жыл.

Асылбек Байтанұлы (фотосуреттер автордыкі)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар