Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әбіл-Серік Әбілқасымұлы. Неге «МӘҢГЕЛИЯ» хикаяты д...

19.08.2015 2847

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы. Неге «МӘҢГЕЛИЯ» хикаяты датталуы керек?!

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы. Неге «МӘҢГЕЛИЯ» хикаяты датталуы керек?! - adebiportal.kz


a6cf58c2d3f94524cedc1c3a07df8448.jpg

Қазақ интеллектуалды әлемінде қазір ғылыми және өнери «ақылды авторлық қасақаналық» орын алып алып жатыр. Әдеби-провокация туындылардың саны біреуге артты. Әрі әдеби-провокация туындыны өзіне сенген қаламгер ғана жаза алады. Біз Әділбекті солардың санатына жатқызамыз. Әрі туынды авторы қазақ қоғамындағы ғылым-білім саласында орын алып жатқан оң және теріс өзгерістерді бас кейіпкері Жасынның бала көзімен бере білген. Осы жағы әдебиеттанушы ретінде бізді өзіне тәнті етті.


Қазақ прозасындағы «ақылды авторлық қасақаналық» – сиректеу кездесетін тосын әдеби феномен. Кеңестік дәуірде бұл қадамға – ұлт әдебиетінде тұңғыш рет – утопиялық фэнтези жанрындағы «Миллионер» хикаятымен Ғабиден Мистафин, орыс тілді қазақ әдебиетінде ғылыми-оппозициялық «АзиЯ» туындысымен Олжас Сүлейменов, ал, қазіргі қазақ әдебиетінде «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) романымен Мұхтар Шахановтар барған еді. Енді, міне, пенделік батылы барып, шығармашылық дәті жетіп, қаламгерлік жүрек жұтқандықпен «МӘҢГЕЛИЯ» хикаятымен Әділбек Ыбырайымұлы барып отыр. Қазіргі ұлттық прозаның даму процесіндегі елеулі орын алып отырған осы әдеби-провокация туындысында белгілі қаламгер Әділбек Ыбырайымұлы жастар тәрбиесінде ұлт пен билік тарапынан жіберіліп отырған қателіктердің алдын алу үшін белгілі бір мәдени-рухани дидактикалық мақсатты көздеген қаламгерлік ұстаханасының көрігінде қызған шығармашылық стратегиясы «МӘҢГЕЛИЯ» хикаятына негіз болып, алаш оқырманына сиясы кеппей жатып ұсынуы – жазушының талантына табынушы әдеби қауымды бей-жай қалдырмады.


Авторды бүткіл мәтіні емес, оқырманың бірден көзіне түсетін туындысының атауы танытады. Сонымен біз жас ұрпақ тәрбиесінде ұлттық әлпетті жасыл желекті «Мәңгі ел» боламыз ба, еурокелбетті жын сипатты «Мәңгі(рген) ел» («Есірік ел») боламыз ба? осы риторикалық сауалды ұлтына төтесінен қойған Әділбек Ыбырайымұлы бізбен тышқан мен мысық ойнап отыр. Біз әдеби мысық болып оның шығармасын түкке тұрғызбай ту-талақайын да шығара аламыз, оның астарлы ойы бізді ұрпақ мәселесіне жеңіл қарағанымыз үшін мәдени тышқан ретінде пендешілік тірлігімізді де ту-талақай етіп жоққа шығарады.


Бодандық дәуірдегі ТМД түркі прозасындағы Шыңғыс Айтматовтың реализм әдісімен бала өмірінен алынып, ересектерге арнап жазылған «Ақ кемесінің», гиперреализм әдісімен өмірге келген бостан елдің ұланы жайлы жазылған заңды әдеби мұрагері «МӘҢГЕЛИЯ» хикаяты деп айтуымызға берік теориялық негіз бар.


«Мәңгілік ел» – Исі Алаштың ұлттық идеясы осыны зиялы қауым түрлі қырынан ұлтқа түсіндіріп, қаламгерлеріміз – авторлық концепциялары арқылы ел-жұртқа түрлі қисында асқақтата дәріптеп жүр. Осы идея – аталған туындының аңсарлық тағантасы. Осы идеяның баланың көзімен берлуіне тоқталайық:


«Ағылшын тілі курсына кетіп бара жатып, смартфонына «Helios» – «Күн нұры» деген сөзді жазды. Бұған «Man» – «Адам» дегенді қосса, «Man-Helios» болып шығады. Яғни, қазақша пайымға салса – «Мәңгілік күн нұрындағы адам», «Бақилық жарықтағы адам» дегенді білдіреді. Ал, кең көлемдегі ауқымды мағынасы – «Мәңгі Ел» («Manhel») болады.

Қазақстанның атауы Елбасы айтқандай «Қазақ Елі» болып, мәңгілік елге айналса, оны «Қазақия» дегеннен гөрі «Мәңгелия» деген өркениеттік үрдіске жақын тәрізді. Сонда, «Manhelіya» – «Мәңгі күн нұры құйылған ел» деген ұғымды береді.

Бала қиялына елітіп, өз ойына өзі қуанып кетті. Достарына жаңа сөздің ағылшынша жазылу нұсқасын жіберіп, байқап көруге бекінді. Егер қолдау тапса, өзара кәдеге жаратпақ.

«Friends, attention! «Kazakhstan – Eternal Country – «Manhelіya». How do you look at this?!» («Достар, назар аударыңдар! «Қазақстан – Мәңгі Ел – «Manhelіya». Бұған қалай қарайсыңдар?!») [2]

Әп-сәтте виртуалдық әлемде «Manhelіya» деген сөз пайда болды. Ол күллі сыныптастарының қалтафонына келіп түсті. Заматында «Well done, Zhasyn!», «Congrats for new version!», «Sounds great!» («Жарайсың, Жасын!», «Жаңа нұсқа құтты болсын!», «Әдемі естіледі!») [3] деген жауаптар ағылды. Сөйтіп, жас өркендердің «Мәңгі Ел» мұратының төңірегіне топтаса түсуіне бір қадам жасалды.»


Бұл хикаят – аңғал оқырманды сан соқтыратын, ақылман оқырманды өзіне тәнті ететін авторлық концепцияны ұстанып, шығармашылық стилі жастардың сайқымазақ қазақ тілінің жаргондық қолданысын пародиялауға құрылыпты. Біз шығарма мәтінінен оған мысал келтіріп жатуды жөн деп таппадық.


Хикая Мәтіні сан қырлы, сан тұртпаты құбылмалы сайқал қыздай түрлі ойға қалдырады. Өйткені, неге әдеби пародия түрінде жазылған Пушкиннің «Евгений Онегині» мақталып, неге әдеби провокация түрінде жазылған Әділбектің «МӘҢГЕЛИЯ» хикаяты датталуы керек?!


Мысалы Роза  Мұқанова ханым: «Автор әдеби жанрдың табиғатын, заңдылығын біле бермейді, мүмкін тәжірибесі аз болар. Ең бастысы сюжет құра білмеген. Оқиғаның құрылымы (композициясы ) әлсіз. Әңгіме желісі бір сыдырғы, жаны жоқ. Жаны жоқ дүние, жанға әсер ете алмайды. Яғни оқырман тамақ жеген сияқты, бірақ не жегенін білмейді, қарны тойған жоқ, бірақ шермиіп отыр. Кейіпкерінің образы көмескі. Кейіпкер қызықты емес, оқырманын тартпайды. Кейіпкерді де сомдау үшін суреткерлік керек. Автор Жасынның жан-дүниесіне ене алмаған, Жасынның кескін-келбетін суреткер ретінде өзі көріп отырған жоқ. Сол себепті оқырман Жасынның әрекетіне де, сөзіне де қаһарман деп қарай алмайды.


Автор көбірек ізденсе, қазақтың мәйекті тілін игеруге талпынса, қазақ ақын-жазушыларын көбірек оқыса, ұлттық тілдің құпиясын, философиясын, эмоциясын, әуенін өз жүрегіне енгізсе болашақта әдебиет айдынында талай кездесіп, қауышатынымызға күмәнданбаймын.», - деген идеялық емес, стильдік жақтан біржақты пікір айтады.


Автор әдеби-провокация туынды жазып отыр. Сондықтан оны оқыған жан, бір түрлі қуыстанып, жүйкесі мен санасына салмақ түседі. Ойы шартарапқа кетеді. Жасырынды назардан тыс қалдырып, алдамшы түлкі мәтіннің соңына аңшыдай індете түсіп көзге ұрып тұрған мәтін-ойдың ізінен бір елі айырылмайды.


Сонымен әдеби-провокация туындының қазақ прозасындағы келесі шығармашылық өнімінің бағасын біз ұлт прозасының маңмаңгері Розадан кейін пайымдап, біз қозғап отырған тақырыпқа еш қатысы болмаса, мәдени тәлімге қатысты өз идея манифесін жария еткен әдебиеттанудың қара нары Ерболдан кейін ой айтуды хош көрдік.


Ербол Тілешов.jpg

Белгілі әдебиеттанушы, өз басым қатты қадірлейтін, әрі монографияларымыз тақырыптас әріптесім Ербол Тілешов жас әдебиетшілерге үлгі болатын ««Әдебиет танытқыш» және жанрлар теориясы» идеялық манифесін «Әдебиет порталына» жариялады:


«Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиетіндегі, ұлт руханиятындағы, қала берді азаматтық тарихымыздағы орны жөнінде сан айтылып та, сан жазылып та жүргені баршамызға мәлім. Мұндай еңбектерде қайраткердің ағартушылығы, «Қазақ» газетін шығарудағы басты рөлі, Алаш көсемдерінің бірі екендігі жөнінде орайлы сөздер, лайықты пікірлер ортаға салынып та жүр. Ұлы қайраткердің халқы үшін атқарған ісін, өз дәуірі үшін жасаған ілгерінді қадамдарын ұрпақ санасына сіңіру, мұсылмандық жолымен келгенде аруақтың рухы ырза болуы үшін – сауап іс...


Біздің ойымызша, ендігі жерде «Әдебиет теориясы» немесе жанрларға байланысты оқулық не зерттеу жазам деген қазақ «Әдебиет танытқышты» айналып өтпеуі тиіс, себебі мұнда осы еңбекте бірі айтылған, жүзі айтылмаған қаншама пайдалы, бүгінгі ұлттың әдебиеттану үшін өзекті қабат-қабат теориялық қисындар жатыр. Тек соны көре білейік, жай көріп тамсанып қоймай қажетімізге жарата білейік, ағайын!»


Жас әдебиеттанушыны ұлттық термин негізінде гуманитарлық ғылыми ойға қара өгіз қылып жегу үшін, ол тұтынатын, ойына тамызық ететін Ақаңнан кейін «үні өшкен» пуризмдік аңыстағы терминдерді енгізіп, академиялық аңыстағы «керексіз терминдерді» ғылыми қолданыстан шығару үшін текедей сүзуіміз керек. Өйткені, жас прозашылар үшін нені оқып, нені үйренудің жөн-жосығы бар.


Ербол мен Әділбекті ұлт болашағы жайлы бір мүдде, бір тілек, бір үміт тағдырларын тоғыстырғандығы аңғарылады.


Қаламгер де, ғалым да ұлттық тәрбиені алаши дүниетанымдағы жалпылық пен жалқылық оппозициялық өлшенімі арқылы бірі – ғылыми, бірі – әдеби жақтан түрлі аңыстағы дидактикалық проблеманы орынды да, жөнімен көтеріп отыр.


Сонымен қаламгер туындысына қайтып оралып, қазақ әкелері тарапынан ұрпаққа тәлім берудегі бар мәселені жарының мойына іліп, ақша тапсам болды деп бала тәрбиесіне немкетті қармауының, ал, әкесі сенген ананың бар тәлім-тәрбиені ұстаздың иығына арта салуының әлеуметтік проблемасынан басталған хикаяттан үзінді берейік.


«Баланың көңілін алаңдатқан жайт сүйікті ісімен айналысқан кезден-ақ ыдырап, бара-бара мүлдем ұмытылды. Ендігі бар құлқы ғылыми жұмысында. Физикалық вакуумнан энергия алу тәжірибесі ақыл-ойын баурай берді.»


Шығарма бір түрлі басталып отыр, сықиған ғылыми термин арқылы нарриацияланған баласының тағдырына алаңдаған жасырын әке үміті сөз болады. Сала құлаш әдемі сөздерге толы суреттеулерге көзі үйренген ұлт оқырманы басқа ұрған танадай дағдырып қалады.


Біз ескеретін бір мәселе қазіргі әлемдік прозада бірыңғай әдеби стильмен төгілте жазу деген жоқ. Оның себебі – әдеби туынды бойында ұлттық психология, милети философия және әлеуметтік қоғам келбеті көрініс беретін эстетикалық талап орығып отыр. Осы эстетикалық талап, кеңестік дәуірдің эстетикалық тағылымдарын келмеске кетірді. Ғылыми стильдің «Борхесизм» элменттері қазақ прозасында көрініс бере бастады. Біз осының дәлелін – «МӘҢГЕЛИЯ» хикаятынан таба аламыз.


Ұлттық тәрбиенің – қазақтық жосықта көрінісі беруі арқау болған туындыда екі мәдени кеңістік бар: автор оны «өз және өзге» авторлық концептісі арқылы танытады.


«Таяуда Швейцарияның астанасы Бернде өтетін халықаралық олимпиадаға қатыспақшы. «Осыдан жеңіспен оралсаң, саған дүниенің төрт құбыласына да жол ашылады» деген ұстазының сөзі санасының бір түкпірінде дыңылдап тұрып алған. Алға жетелеген жақсы ойлардың әсері көкейінен ауық-ауық қылаң бергендей.»


Автордың да, оның бала персонажының да алға қойған мақсаты қазақтың әлемді «ғылыми жаулауы» утопиялық арманының жүзеге асуы. Қазіргі қазақ прозасының құндылығы – ондағы «алаш ақыл-ой империализмінің» көрініс беруімен бағаланады. Осы құндылық – қазақтың әлемді «ғылыми жаулауы» шығарманың лейтмотиві. Бұл –жай лейтмотив емес, ғылыми стильденген сөз саптам. Қазақ прозасында келісті де, сұлу сөзбен басталмайтын борхестенген тосын сөз саптам ене бастады. Біз бұдан ғылыми атымызды үркітпей әдеби түсіністікпен қарауымыз керек.


Ал, жас әдебиеттанушылар әдеби-ғылыми әлемге аяқ басқан сәтте-ақ, кеңестік дәуірдің «қаңсығына» жолығады. Бұдан бізді – Ақаң салған терминжасам құтқарады. Гуманитарлық ғылымдағы терминдердің – әдебиеттануда қолданылуын санасына құлдық таңбасы басылмаған жас әдебиеттанушылар ғана жолға қоя алады. Ол үшін ағалық жол сілтеу қажет. Ербол Тілешовтің ғылыми ізін, Әділбек Ыбырайымұлының дидактикалық тәлімін ала нарратордың өздік ойын алға тартатын Осы жазбалардың көздегені де сол.


ӘДЕБИ СТИЛЬ – өзін әдебиет пен философияның әм психологияның синтезі ретінде қарастыруға зәру. Сондықтан, қаламгерді сыйлаған, алған нысанын құрметтеген әдебиеттанушы тілшілердің лексикалық сөз табынсыз, синтаксисінсіз ұлттық философиялық әм әлеуметтік психологиялық жосықтағы ой кестелеуге ден қоюы қажет.


Өйткені, әр қаламгер – қоғамдық ойдың шежірешісі. Осы Шежіреші белгілі бір дәуірдегі, белгілі бір мәдени-рухани уақыт шегіндегі ұлттың қоғамдық кеңістігін наррациялауда ойға жүгіне ме, әлде сөзге жүгіне ме, әлде осы екеуін тайпалатып бірге жорғалата ма осы жағын бірінші кезекте аша алса, аталған Қаламгердің әдеби процесте алатын орны айқындалады. Мәселен, тілшілердің жетегінде кеткен кейбір әдебиеттанушылар мен әдебиет сыншылары «мәтін ішіндегі мәтіннің» не екенінің байбына бармай, «БАҚ тән көсем сөздік стиль қазіргі қазақ прозасында қаулап кетті, аяқ алып жүре алмайсың» деген сыңайлы пікір айтып, сөзін жұртқа майлап өткізгілері келеді. Айналайын-ау, өзі қоғам шежірешісі, өзі ой егесі болған қаламгер өз пайымдауы мен түйіндеуін авторлық концептіге айналдырмағанда не істейді. Одан тек егжей-тегей баяндау мен тәмпіштей суреттеуге құрылған натуралистік, экзотикалық-локалды аңыстағы сөз сұлулығын іздеудің кеңестік эстетикамен бірге келмеске кеткенін ұғынуымыз керек қой.


Бірінші кезек те, қаламгер – қоғамның ақ адал шындығын айтатын философ қайраткері әм ұлтымен бірге қуанып, бірге қайғы кешетін жаны нәзік рухы болаттай берік милет тірілігіндегі кез келген елеулі оқиғаға қатысты белгілі бір психологиялық хал кешетін алған бетінен ешкім қайтара алмайтын шығармашылық жолындағы идеолог пенде, содан кейін барып, ұлт сөзін баққан алаш прозасында өз ойын айтуға батылы баратын жан.


Осы батыл айту бірде автор тарапынан, енді бірде персонаж тарапынан әдеби жанр табиғатын сақтап: ғылыми-фантастикалық стильдің, не болмаса, әдеби жанр табиғатын сақтамай таза ғылыми-сипаттамалық стиль ауанымен көрініс береді.


Автор баланың арманын жүзеге асуы немесе аспауын оқырманына таныту үшін әдеби тәжірибе жасап, гиперреалистік аңыста стильдер сан алуандығына қасақана орын беріп отыр. Әрі борхесизмдік жазу мәнерінің қазақ прозаиктеріне де тән екендігін паш етеді. Енді екі түрлі жарыса қолданылған стильдік алуандыққа тоқталайық:


«Суда тартылыс күші болғанымен, әуе кеңістігіндегіден әлдеқайда баяу. Мұны байқап көру оп-оңай. Бір түйір тасты алып, 60 см жоғарыдан жібере салсаң, оның жылдамдығына көз ілеспейді. Ал, биіктігі сондай шыны ыдысқа су толтырып, әлгі тасты соған тастасаң, түбіне әлдеқайда баяу батады. Тіпті, жүру бағытын сәл-пәл өзгерткенін де байқайсың. Яғни, ондағы тартылыс күші әуедегіден әлсіз.

Енді, дәл бұл жағдай вакуумда қалай болмақ? Жасынның білуге құлшына кіріскені – осы...», ­- деген стильдік түйдектен әдеби жанр табиғатын сақтамаған таза ғылыми-сипаттамалық стильдің авторлық қолданысы жүзеге асады.


Әділбек әдеби тілді бір кісідей біледі. Оған керегі баланың болмыс-бітімін ашу. Сол сөйлеген сөзбен тіл кестелеп, ол ойлаған дүниемен ой кестелейді. Әрі ересектерге арналған туындыдағы ең қиын дүние бала бейнесін сомдау. Автор бұл қиындықты – стильдік ала-құлалық арқылы жеңіп отыр. Бұл бір қараған жанға кемшілік болып көрінгенімен, авторлық «қасақана» алмағайыптық стилистикалық амал-тәсілі өзін ақтап отыр.


Оның ізін ала жазушы қаламы өзінің 180 градустық бұрылысын ғылыми-фантастикалық стильдің пайдасына бұйыртады: «Жасынның негізгі көксегені – экологияны бұзбай, орыны толатын амалдармен энергия қуатын өндіру. Күннің нұры, желдің өті, судың ағысы – энергия өндіру көздері. Солардың қатарына вакуумдағы кеңістік жатқызылғалы да біраз уақыт болды. Бұл – жаңа бағыт әрі ғылымның зор мүмкіндікке ие саласы.»


Бодандық дәуір гуманитарлық ғылымында тұңғыш қазақ романы дегенді ауызға алғызбай қойған Абайдың «Ғақлиялары» философиялық роман-трактатынан кейін ұлттық прозада тұлғаттық ой емес, келісті сұлу сөз басты орында тұрды. Енді уақыт өзгерді, заман басқа: қазақ прозасы өзінің сөз баққан тірлігінен арылып, ой бағуға басы бүтін көшті.


Қолына қалам алып болашақ шығармасын жазарда қаламгер ойына алған туындысын жазып біту үшін екі түрлі шығармашылық стратегия ұстанады: қоғам тірілігне байланысты түйген философиялық ой толғамын және психологиялық ұлт келбетін персонаждық және әдеби типтік аңыста бірде ой жетегімен, бірде сөз жетегімен оқырман санасына жеткізу.


Тілшілер тек осы сөз жетектің жалына өзінің тар кәсіби аясында жармасады. Олардікі дұрыс, өйткені, лингвистикалық зерттеу жасап отыр. Бірақ оны әдебиеттанудың ауылына көшіріп әкеліп, жеке үй тігіп берудің не керегі бар. Өздеріне қатысты дүниесін зерттей берсін. Бірақ онысын жазушының белгілі бір туындысында көрініс беретін дербес шығармашылық ерекшелігіне қосақтаудың дәуірі кеңестік эстетика дәуренімен бірге келмеске кеткен. Әдебиеттанушы енді тілішілерге бірге туған ағасы болса да жалтақтамай, философия мен психологтардың бөгде де, беймәлім шәріне мәдени турист ретінде аяқ басуы керек. Бұл бұрын бодандық дәуір мұрша бермеген бөгде ғылыми әлем. Адастырады да, шатастырады да, бірақ ғылыми ақиқатты табуға өз септігін тигізеді.


Қазақ прозасы орыс отаршыл эстетикасының рухани-мәдени экспансиясымен тек сөздік-әдеби тұрғыдан қасақана зерттетілді. Ұлттық проза классиктеріне философиялық аңыста ой білдірілмей, көпірме көп сөзді бір жақта тілдік-әдеби пікір ғана білдіріліп отырды. Жазушы стилі дегеніміз – бар болғаны әсем сөздердің галереясы емес, әдебиет айнасынан бізге «мені танып ал» деп қарап тұратын: не асқақтықпен үдемелете, не әжуамен шөмшите сомдалған қазақ қоғамының мәдени-рухани келбеті. Осы үдемелете сомдауда синоним, антоним, омоним т.б. тілдік ұғымдар көрініс табады. Шөмшите сомдауда жағымысыз мәндегі лексикалық сөздер қолданылады. Бұл стильдің тілдік ерекшелігі емес, қайта жазушының бұрын ешкім айтпағанды айта білген оппозициялық жеке бастық сөз қолданысы. Ондай туынды жазушының өмірлік кредосын танытатын – әдеби протес болып табылады.


Өмірді жағымды жағынан суреттесе, жазушы – үдемелете асқақатата сомдауға; ал, көңілі ұнатпаған, жанына жақпаған қырынан психологиялық күйреуіктік ауанда суреттесе – шөмшите гротескілей сомдауда ден қояды. Сол арқылы өзінің авторлық кесім-байлауын жасайды.


Ұлттық әдебиет айнасына – өз туындысының келбетін енгізе білген қаламгер классик. Ұлттық айнаға туындысының келбетін қанша үңілдірсеңде көрініс бермейтін қаламгерді дәріптеудің соңына кейде беріле түсіп кетеміз де, әдебиеттану мен әдеби сынның берекесін қашырып аламыз. Ұлттық айнаға бір қарап өзін танытқысы келген туындыдан атымызды ала қашатын әдетімізде бар.


Бізге мұраға орыс әлемінің жөйіт-неміс филологиясындағы ғылыми ой пікірлер мен әдеби кесіктері қалды. Оны ендігі жерде бұрын талғамай қорытып келген алаш ғылыми асқазаны енді қорытпайды. Неге біз Бахтинге үйірміз?! Оның бір сыры – түркі текті фамилияға ие Бахтин түркі әдеби дәстүрін француздық аңыстағы орыс жосығымен түсіндірді.


Әрі «дәстүр мен жаңашылдық» мәдени-эстетикалық ұғымын «мәтін ішіндегі мәтін» әдебиеттану терминімен алмастырды.


Жазушы өзіне дейінгі әдеби үрдіс, әдеби ағым, әдіс әдіс т.с.с. ұлт әдебиетінде не болып не қойғанын қаперде ұстайды. Әдеби үрдіс, әдеби ағым, әдеби әдіс т.с.с. ұлт әдебиетінде не болып не қоятына өз болжауын да жасайды. Пікірін ашық білдіріп отырады. Бірақ оның жазған туындысы бойында авторлық үнмен бірге көпүнділік орын алады. Осы көп үнділіктің орын алуы әдеби үрдіс, әдеби ағым, әдеби әдістің «мәтін ішіндегі мәтіндік» болып табылады. Қазақ және әлем әдебиетінің жауһарлары бір мәтін бойына тоғысып, қаламгердің шығармашылық стратегиясы арқылы мәдени-психологиялық қарым-қатынасқа түскен кезде, шет елдік әдеби үрдіс не жаттанып, не қазақиланып тұрады.


Мәдени-психологиялық қарым-қатынасқа түскен кезде, шет елдік әдеби үрдістің не жаттанып, не қазақиланып тұруы қаламгердің әдеби стильдік ерекшелігі деп танимыз. Осы қазақилану Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романынан көрініс тапса, жаттану «Құдайды іздеу» мотивінің жаттануы Сағадат Ордашеваның «Авторын іздеген кейіпкер» романдық эскиз әңгімесінен танылады. Екі қаламгер де әдеби Прецедентке – ұлттық емес, әлемдік әдебиетте бұдан бұрын орын алған және осыған ұқсас әдеби үлгі немесе негізге ден қойып отыр. Бірақ алғашқысына – протоқазақи фольклорлық мәтін түп қазық болса, соңғысына – батыстық ілкімәтін ой тамызық болып отыр.


Ал, Әділбекте «Абай жолының» ілкі мәдени жол сілтеуі мен данышпан Абайдың «Ғақлияларының» ұлағаттық ой сілемі дидактикалық аңыста жібектей есіп тұрады.


Қазіргі қазақ прозасындағы «мәтін ішіндегі мәтін» бұрынғыдай ұжымдық коммунистік диктатпен емес, ұлттық дүниетаным аясында жеке бастық шығармашылықпен игерілетін әдеби фонемен. Осындай әдеби феномендер қатарына ұлттық әдеби-протест, әдеби-провокация туындылар жатады.


Қазақ прозасы постсоцреализм дәуірін артқа тастап, гиперреализм дәуіріне аяқ басып отыр. Осы дәуірге қазақ прозасын аяқ бастырғандардың туындыларының бітім-болмысы бөлек. Біз сондай бітім-болмысы бөлек туынды жайында өз пікірімізді айттық.


«Баланың жүрегі оқыстан шым етті. Төңкеріліп кеткен ішкі әлемін білдіртпеуге тырысып, жаңа таныстарына күле қарады. Миында сапырылысқан ойдың бірі келіп, бірі кетіп жатты. Енді бір сәтте «атам тірі болып, осыны көргенде ғой...» деп, арман-қиялға берілді. Келесі кезекте Қазақстанның ұланы болғанына насаттанды... Осы бір сәт көңіл төрінен тағы бір жасын ой ұшқын атқан. «Білім. Білік. Бірлік. Міне, ғажап! Мәңгілік елдің формуласы – осы үш «Б» әрпінен құралғандай! Мәңгілік формуласы!» деп күбірлеп тұрғанын өзі де аңғармаған еді.» деген авторлық түйіндеу Еліміздің алға қойған оқу-ағарту жолындағы биік мақсатын танытады. Ұлттық идеяны дәріптеу – әр қаламгердің шығармашылық мұраты деген ойды есімізге салып, қазақ әдебиетінің қоржынына қосылған жаңа хикаяттың соңғы бетін жапқызады. «Ақ кеме» кейіпкері жете алмаған түркілік арманға «МӘҢГЕЛИЯ» кейіпкері жетіп отыр деген ой санамызға оралады. 


434_66a2cf6ac9caa1a8eacb51a005611cae.jpg

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы     



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар