Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әбіш Кекілбайұлы: Өркені өсер өнер, өрісі шалқар ө...

29.04.2016 4006

Әбіш Кекілбайұлы: Өркені өсер өнер, өрісі шалқар өлең

Әбіш Кекілбайұлы: Өркені өсер өнер, өрісі шалқар өлең - adebiportal.kz



«Ақынды шындап түсінгің келсе, туған жерін барып көр», — деген қағиданың орындылығына қай бір жылғы сапарымда көзім анық жетті.


Шілде ішін тартса да, күз қайратына міне қоймаған кез еді. Алтай өңірі ала шабыртып тұрды. Әсіресе, Мәрмәр таудан әрі асып, Марқакөлге бет түзер тұста ақ қайыңды алаңқайлар көп екен. Мектеп бітіру кешіндегі ақ көйлекті бүлдіршін қыздардай қыпша бел қайыңдар қаралай билеп тұрғандай. Көз алдың ала шұбарланып, басың айналып бара жатқандай сезінесің. Бірте-бірте қарағай жиілейді. Әлдеқайдан бұтақтар сықырлап, бұлақтар сылдырлайды. Ақ желеңді сауыншылар қалайы күбілерін тақ толтырып алып, мәймеңдей басады. Қалихан Ысқақовтың тісі кетік жылдарында тілін жылтыңдатып, майын тамызып айтатын майда қоңыр әңгімелері еске түседі. Ұрынқай кентінің ыс басқан бөренеден қаланған қара барқын баспаналарындағы қаракөлеңке кешкі дастарқан басындағы қаба сақал қожайындардың ауызымызға тосқан ашытқылары мен басытқылары да сол көп естіген хикаяларымыздағыдай.


«Қалиханның әлемі» Мәрмәр таудың қасқа құлауындағы алдыңнан андыздап қоя беретін қызыл шағылдарды көргенде көзіңнен бір-бір ұшады екен де, атымен басқа дүние басталады екен. Шаңылтақсып қоя берген кеңістікте қоңылтақсып қоя берген қажыңқы көңіл Жеменей бойына жақындай бере қайтадан сергиді. Көкжиектің нілі көбейіп, төңірегіңнің өңі кіріп келе жатқандай. Зайсанды бірінші рет емес, бірнеше рет көргендеймін. Тәпене үйлер. Жіңішке көшелер. Талдырмаш талдар. Қара сирақ балалар. Тарамыс шалдар. Бала дегеннен шығады, шал дегеннен шығады... Ертесіне сәске шамасында қаланың күнгей батыс тұсындағы қоңырқай тауларға бет алдық. Жота-жотаның арасына кірген соң жіңішке жол бұралаңға басты. Сондай бұлтарыстардың бірінде керенау ілбіген керқұла тұғыр жеккен арбалы жолықты. Жұпар аңқытып пішен үйіп алыпты. Тау арасының жаңа орылған балаусасынан әлі шық иісі шығып тұрғандай. Құйқа иек сары тіс шал күн жақ қапталынан киліге өтіп бара жатқан біздерге кілгіре қарайды. Пішен үстінде торы ала көйлек киген талдырмаш бала жігіт балағын тізеден асырған жалаңаш сирақтарын салбырата созып жіберіпті. Жеңін шынтағынан асыра түріп тастаған білектерін тап көк желкесіне айқастырып, жастанып апты.

Сол арада тап осы бір шиқылдақ арба мен оның үстіндегі екеуді де бір жерде көргендей шырамыттым. Тіпті күнде көріп жүрген көз таныс жандарым секілді. «Қайда көруім мүмкін?..»


Күйген бауырдай құж-құж жоталарға өрмелеген сайын алдымыздан бір майса леп күшейе түскендей. Кенет көкпеңбек көл жарқ ете қалды. Күнге тотыққан бүлдіршін қыздың мойынына тағылған меруерт алқадай. Кемеріне дейін шып-шып толып, шырпына бұлқынып жатыр. Көз жасындай мөлдірей тұнып тұр. Түбінде жатқан малта тастарын бір-бірлеп санап шығуға болатындай. Мұншама мөлдірлік пен мұншама тұнықтыққа тамсанып тұрып қаппын. Бұл көлді де бір жерде көрген сияқтымын. Аты да қызық. Үйдене... Кейін іркілген су қоймасы. Бірақ, дүние жаратылып, су аққалы бар табиғи көл сияқты. Мынау өңір бір кезде бұндай көлді білген жоқ десе, адам сенбестей.


Манағы бұралаң жолдармен Зайсанға қарай қайта бет түзедік. Қалаға жақындағанда жазыққа түскен манағы арбаны қуып жеттік. Шөп үстінде шалжиып жатқан жігіт басын көтеріпті. Шынтақтап жатыр. Тісі ақсиып біз жаққа қарап күлімсірегендей болды. Талдырмаш жігіт. Аққұба болса керек. Күн жегендіктен бе — маңдай тұсы қызарытып, алаулап көрінді. Апырай, ә... Күнге тотыққан Ұлықбек Есдәулетке ұқсайды. Талдырмаштығы да, ақсия күлгені де... Тіпті, оның тап осындай өлеңі де бар екен.


«Намаздыгерде қолатта 

ырдуан арба ырғалып, 

қопаңдап қойып қорапта 

ылдимен үйге құлдадық.


Екеуміз: атам және мен, 

елеусіз ғана келеміз.

Ен дала төсі — қара өлең, 

елтиді желге денеміз.


Қыр үстін өртеп отымен, 

қырмызы жүзбен күн батты. 

Қызыға қарап отыр ем, 

қайырылып атам тіл қатты:


«Батысқа, балам, қызықпа, 

батқан күн — біздің күніміз, 

көкжиек деген сызыққа 

сіңгенше ғана тіріміз.


Уақыт зулап улы оқтай, 

уатып өтер төзімді.

Сондықтан, балам, күн батпай, 

айтып қал айтар сөзіңді.»


Сонда аңғардым, Зайсанға келгелі бәрінің көзіме оттай басылып жүргені де сол Ұлықбектің өлеңдерінен екен... Сүйтсем, мынау өлке жаңағы Үйдененің мөп-мөлдір суындай мөлтеңдей ақтарылған дарынды ақынның шынайы жырларына ілесіп, әр бір сөз танитын қазақтың көкірегіне әлдеқашан көшіп қоныпты. Сондықтан да, мұндағының бәрі күнде көріп жүргендей көзіңе оттай басылады екен.


Талант дегеніміз де адамды өзі жүрген ортадан ажыратпай, жатырқатпай, қайта табыстыра, туыстыра түсетін сиқыр қасиет болса керек. Ол кезде Ұлықбек — тұма бұлақтай тұнып аққан тұмса ақын еді. Одан бері қанша кітап шығарды. Әр кітабы шыққан сайын айдындана түсті. Әуелі тау арасындағы Үйденедей жып-жинақы, моп-момақан көрінді. Кейін бір алқапты бір өзі толтырған Зайсандай шалқи да, толқи да бастады. Ал мынау кітабы — Ертістің құяр сағасындағы мұхит айдынындай айбарланып, ақжалданып көрінеді. Оның толқындары қанша өршіп, өркештене түскенімен тұмса бұлақ тұсындағы бірден таңдайыңа татып, аңсарыңды басатын шынайылығынан, тұнықтығы мен мөлдірлігінен айырылмапты. Әр өлеңі — зәмзәм суы құйылған құтыдай, өртенген жаныңның бір дертіне дәру боп дарып жатқандай.


Киіз кітап. Аты да қызық. Ешқашан сырын түгел ақтарып бітпейтін дүниенің дәл өзі сияқты тылсым ұғым. Тау мен жазықтың, қала мен ауылдың, байырғы қыр тұрмысы мен осы заманғы үрдістің, бодандық пен бостандықтың бел ортасында туып, ер жетіп, жігіттіктен жігіт ағасы жасына қарай жақындап келе жатқан естияр ақынның ет жүрегін мына дүние мен мына тірліктің қай қылығы алаңдатпайды дейсіз, қай сырына қанығып, қамырықпайды дейсіз...


Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітабы» ескі ауылдың төсек қабы сияқты. Іздеген нәрсеңнің бәрін табуға болады. Бәрінен де жиырма ғасыр бойы талай қапысы кетіп, жиырма бірінші ғасырдың өзіне қапияда тап болып отырған қазақ тұрмысы мен қазақ жан дүниесінің талай табын таба аласыз, талай қатпарына үңіліп, ой жүгірте аласыз.


Мына далада, бір қарасаң, соншама таңдай қата боп таңғалатын да ештеңе жоқ сияқты. Осы күнге дейін көп өңірі осыдан мың жылдар бұрын қандай қалыпта тұрса, әлі күнге дейін дәл сондай қалыпта тұрғандай. Бәлкім, сол даланы жайлап-қыстап жатқан түздіктер де бәлкім дәл сол мың жыл бұрынғы бабаларынан көп ұзап кете қоймаған шығар. Дәл солар секілді омырауларын өкпек желге ауық-ауық аймалатып алмаса, қаралай пысынап, қапаланып кеткендей болады. Тұмсықтарына жусан иісі бармаса, тұншығып бара жатқандай сезінеді. Дастарқанның басында бөгде біреу отырмаса, қалған дүниеден бір жола қол үзіп, айдалада адасып қалғандай алабұртып бітеді. Әлі күнге сол бәз-баяғы қалыптарынан ауытқи қоймағанына еш таңғалмайды, қайта оқта- текте тосын бір өзгеріс төбе көрсетсе, соған таңдайларын қағып, бастарын шайқайды. Сүйтіп отырып, бағзыдағы бабаларынша қиқу сағынып, дүбір естілер ме екен деп қаралай елеңдеп отырады.


Ал, басқа бір қырынан қарасаң, мына далаға таңғалмауың тіпті мүмкін емес сияқты. Дүниенің бәрі өзгеріп кеткенде ол неге өзгермеген? Басқалардың бәрі басқа кейіпке көшкенде, жапан түзді жайлағандар қалайша, бәз-баяғы жайбарақат қалып қойған? Космодромның тап іргесінде құм арасындағы жер төледен өріп жатқан жалба тымақ түйешінің езуіндегі мыж-мыж сигареттен басқа не өзгере қойған? Көрші ауылдан трактормен қыз алып қашып келе жатқан далаңбай бозбаланың бойында баяғыдағы Қозы Көрпештен не қалып, не қойған? Кеше ғана өзі қой жайып жүрген кең жазықта қанат жайған жаңа зауыттың түтіні будақтаған мұржасына алыстан айран-асыр болып тұрған бүгінгі далалықтың баяғыда бөтен қалаға басып кіріп, зәулім үйлері мен ығы-жығы көшелеріне қарап бас шайқаған адуын бабаларынан айырмасы қанша? Белден түскен бес қаруы ма?!


Бір қарасаң, бәз-бәз баяғы қалпында тұрғандығымен көзіңе оттай басылып, көңіліңді елжіретеді.

Бір қарасаң, бәз-баяғы қалпында тұрғандығымен көңіліңді құлазытып, көзіңе жас мөлдіретеді.


Күлеріңді де, жыларыңды да білмейтін көріністер. Күлеріңді де, жыларыңды да білмейтін қылықтар мен құлықтар. Күлеріңді де, жыларыңды да білмейтін кептер мен гәптер... Күлеріңді де, жыларыңды да білмей, күйзеле кешіп келе жатқан күйікті тіршілік. Күлеріңді де, жыларыңды да білмей, күйіне де, күйзеле де оқитын киіз кітап...


Киіз сияқты біржолата тозып бітпей, ілініп-салынып жүретін де қоятын елбе-селбе тіршілік...

Киіз сияқты біржолата жанып кетпей, ұзақ бықсып, ұзақ түтіндейтін де тұратын күйінішті ахуал...

«Киіз кітабында» ақын сондай күйзеле пайымдайтын құбылыстар хақында күйіне сыр толғайды. Жазған сайын жабырқай түседі. Айтқан сайын апши түседі. Сөйлеген сайын сөгіле түседі.


«Өмір, саған келдім-кеттім, 

сонда нені тындырдым? 

зерін теріп зеңгір көктің, 

ботананы тұндырдым.


Өмір, саған бардым-қайттым, 

таңғы шықты мекендеп, 

құдайыма қайғыңды айттым, 

құлақ түрер ме екен деп.


Шыққыр көзді аштым-жұмдым, 

шолдым биік, төменді,

тілін жұтқан тас тұнжырмын, 

сөйлетпеңдер мені енді!»...


Бірақ, сөйлемей отыра алмайды. Өйткені, көріп жүргені, естіп жүргені, біліп жүргені күндіз күйзелтпей, түнде «дөңбекшітпей» қоймайтын жәйіттер... Оның айтқанының бәріне бас иземеуің мүмкін, бірақ, күйзелгеніне күйзеліп, дөңбекшігеніне дөңбекшімеуің мүмкін емес. Ажары тайған жер, базары тараған ел, бағы қайтқан ер, жұлдызы жанбаған тіл, бабы табылмаған қауым... Ал, күйзелмей, күңіренбей көр? Бірақ, неге бұлай? Сенделген сезім мен сандалған сана оқта-текте оның жауабын тапқандай болады. Бірақ, күдігіңе күдік, уайымыңа уайым жамамаса, көңіл тұманын сейілте алмайтын жауап. Маңайдың бәрін сағым торлап тұрғандай. Көз шоласындағы сағым көңіл қоймасындағы сағыныштан өрбіп жатқандай. Сонда нені аңсап, нені сағынамыз? Сағым зорайтса, кешегі көзіміз көре қалған күйелеш күрке көк күмбез боп елестеп, кешегі шалшық шалқар болып шалқуы да мүмкін ғой... Сағым зорайтса, әлі күнге көзің көрмеген бейтаныс құбылыс беті әрмен құбыжыққа айналып, қаралай қорқытып бітуі де ғажап емес.


Мезгіл бесінге аунаған бейуақта сағым арылғанмен маңайдағының бәрі зорайып көрінеді. Көлеңкелер ұзарып, қаралай көз алданады. Кешкі ымырт қайтадан бәрін буалдырландырып, бірте-бірте көмескілендіріп, тіпті бір жолата ғайып қылады. Адам өз көзіне өзі алданып, өз көңіліне өзі арбалып қалмау үшін сара жауапты хақтан күтеді. Хақ білетін ақиқаттан ара-тұра хабардар жүру үшін ақынға құлақ тосады. Ақын Ұлықбек Есдәулетов ақиқаттың обалын көтермеу үшін өзі тапқан ақиқатпен қоса, өзін сандалтқан күдік-күмәнді де ортаға салады. Сүйтіп, бүгінгі бәріміз бастан кешіріп жүрген ішкі рухани сенделісті қазқалпында көз алдымызға қайта тосады. Расында да, өлең деген, өнер деген айдын көл сияқты. Түгел таусып кете алмайсың. Шетінен ауыз тиіп, шөліңді қандырасың, шындықтың дәмін татып көресің. Айдынына жүзіңді тосып, бет-бейнеңді көресің. Ерсің болса түзейсің. Бірақ, ондай шарапатқа тек кәусар тұнық көл ғана ие. Ұлықбек жырлары сол мөлдірлігі мен тұнықтығынан, кәусар дәмінен айнымаған. Нені көзі көріп тұрса, соны суреттейді. Неге көңілі алаң боп тұрса, соған тебіренеді. Қандай дәл суреттесе, сондай шынайы толғанады. Сондықтанда бұл кітабында уайым басым, мұң басым. Қара басының емес, халқының уайымы. Баяғыдай ай астындағы өрістен тоқты-торымның аузына тиіп, жұмырына жұғым болғанның шетінен ырзық айырып қалған жұрттың әлі күнге жылқы теуіп жер бетіне шығара алмайтын, түйе тіліне орап, күйсей алмайтын, терең көміліп, кемел қордаланған өз ырзығын әлі өзі алып жей алмай, есесін жіберіп отырса, қалай мұңайып, қалай уайымға батпассың? Қолыңдағы қазынаңа ие бола алмай отырсаң, баяғыны аңсаған базынаңды кім тыңдамақ? Әуелі қайда жүреріңді біл... Ол үшін неден күдер үзеріңді біл... Ит көйлегімен жауға шапқан батырды кім көрген? Емізігін сорып отырып, кесік айтқан кемеңгерді кім көрген?! Қуыршағын құндақтап отырып бала емізген бәйбішені кім көрген? Кейде бұйырмастай көрінгенді бұйырту үшін қимастай көрінгенді қиып кетуге тура келетін шығар. Өйткені, болашақ деген бәр- бәр уақытта болып-қойғандардың заңды жалғасы емес қой. Келешек деген кеп-кешегі көп аңсаған арманың боп кезіге бермесі хақ. Бұл дүниедегі көп нәрсе тым тосын сыңайлы. Бақ та тосын, сор да тосын тәрізді. Тосыннан тосылып қалмау үшін, әрдайым өзіңе өзің бекем болуың керек секілді. Әйтпесе,


«Уақытты кім жаратты екен өтпес қып?.. 

Сағыныштың сары өзенін көп кештік, 

күтуменен өтті біздің бар өмір, 

шыдамның да шегіменен беттестік, 

тұлпарлардың тұяқтарын талдырып, 

ғашықтарды бір-біріне жетпес қып...

Біз — уақытты, уақыт бізді аямай, 

бір-біріміз етімізден ет кестік:


уақытты кім жаратты екен мұндай ғып?.. 

ешкімге де енші болмас бұл байлық, 

уақыт деген кімге — бақыт, кімге — сор,

кімге — ғарыш, кімге — намыс, 

кімге — айлық, уақыт мені төске салып илесе,

мен уақытты тартып жүрмін сырнай ғып, 

одан өтер екі жүзді көрмедім, 

 қалыбынан кете берер күнде айнып...» —

— деп шағынғанымызбен, уақыттың ештеңесі мұқала қояр түрі көрінбейді. Сондықтан да:


«Кешірем бәрін, иттікке етім үйренген, 

найзағайлар мен найза біткенге түйрелгем, 

бас білмес аттың құйрығына да сүйрелгем, 

бәрі бір менің қабырғам аман күйреуден... 

Кешірем тіпті айырылған жанды есінен, айныған Күнді,

айырылған Жерді осінен,

аяйтын болса ақымақ болған пендесін 

тәпсірі күшті Тәңірдің өзін кешірем. 

Кешірем бүгін мазмұнның өзін шешінген, 

кешірем өртті, топан суды да есірген.

Сені де кешем, жолынан тайған періште, 

бәрін де кешем,

өзімді ғана кешірмен!!»,

— деп ширыққан жөн сияқты.


Өйткені, серпілмей, сергімей тұрып, жаңа көңіл күйіне көше алмайсыз. Көңіл өзгермей тұрып, пейіл өзгермейді. Пейіл өзгермей тұрып, пікір өзгермейді. Пікір өзгермей тұрып, әрекет өзгермейді. Әрекет өзгермей тұрып, ештеңе өзгермейді. Кекшілдік — кешегінің тұтқынында қалу. Кешірім — жаңаға бой ұсыну. Бірақ, өзіңді өзің кешірмеуің қалай? Түсінбейтін ештеңе жоқ. Кешегі кесепаттан ең алдымен өзгелердің арылып біткенін күтсең, өзің сол кесір қалпыңда дүниеден өткенің. Ал, кешегі кесепат үшін ең алдымен өзіңді жазғырып, одан ең болмаса, өзің арылуға тырыссаң, кесір атаулының кететіндігіне жұрттың көзі жететіндей көрінеді де тұрады.


Дәл бүгін ешқайсымыздың кешегінің тұтқынында қалуға қақымыз жоқ. Еліміз үшін, жеріміз үшін шындап күйзелетініміз рас болса, алдымен өзімізді өзіміз қолға алып, ақыл мен сезімді өкпе мен бопсаға қор қылмай, үміт пен тәуекелге билетпегіміз абзал. Ет жүректің ең елгезек лүпілімен үндес естілетін:


«Қазақиям — азат ұям, 

қоңыр жұртым, ұлы елім, 

қаңқылдаған қаз атынан 

сөз саптаған сүлейім;

— қанға — қан! — деп,

— жанға — жан! — деп, 

атам қазақ үйреткен, 

өтті ғасыр сандаған көп, 

ақ сойылын сүйреткен;

шыңбысың сен — Хан-тәңірім, 

әлде Бетпақ — шөлмісің? 

қаңсыса да қан тамырың,

қыңқ етпейтін көнбісім;

тасыдың да жуасыдың, 

түпсіз арнаң толсашы, 

дүниенің күнәсінің 

жуылатын моншасы;

аялаған азаттығым

бұл-бұл ұшса басымнан, 

кімге керек қазақтығым

 мақтан еткен жасымнан?

Төбеңдегі Айды мына 

тұмарыңдай көремін, 

қапалы да, қайғылы да 

қызыр елім, өр елім;

топырақтың табын сездім,


жүгірдім де жығылдым, 

Отан деген назым сөздің 

мәнін сенен ұғындым;

Аспандай кең атамекен, 

иі қанбас көн дала,

сені сүю қате ме екен? 

Сүйіп өтем сонда да!»

— деген жолдар имандай ұйытар мінәжат сөзіндей, кәлима қып қайырар дұғалық сөзіндей.


Тағдыры тарихтың талма тұсына тіреліп тұрған ұлттың ұяты бар ділмары онсыз да өртеніп тұрған кезеңде өз жұртын өзі шаптан түртіп шамырықтырып, қаралай отқа итермей, базына емес, басу айтып сөйлесе лазым-ды.


Ұлықбек таланты — сондай ұлағатты талант. Ондай талант жан ашуын емес, жан сырын ғана ортаға салады. Бүгінгідей күндері ортамызда ондай пәтуалы ауыздардың жүргенінің өзі қандай ғанибет.


Мынау кітап тартып отырған талай тауқыметіміздің басын шалса да, кеудеңе үміт гүлін егіп, жігеріңе жігер қосатын, тәуекелге мінгізіп, тәубәңе келтіретін парасатты жырларға толы.


Ұлықбек сөздері жер жаралып, су аққалы бардай соншама етене естіледі. Мына дүние тұрғанша тұратындай өміршең де өршіл ұғылады.


Өркені өсер өнер, өрісі шалқар өлең осындай болса керек-ті.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар