Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Абзал Бөкен: Өзіңді емес, көйлегіңді мақтадым...

13.04.2019 8198

Абзал Бөкен: Өзіңді емес, көйлегіңді мақтадым

Абзал Бөкен: Өзіңді емес, көйлегіңді мақтадым - adebiportal.kz

ШЫТ КӨЙЛЕК

Ақын үшін өлең өзің, ән өзің,

Ақын үшін сұлулықтың пәні өзің.

Әсем екен үстіңдегі көйлегің,

Көйлегіңнен әсемдеусің және өзің.

Орны бейне от тигендей күлбіреп,

Оңғақ сезім тыймасаңыз – бүлдіред.

Үстіңдегі гүлдей көркем көйлекпен

Өзің де бір тұрдың гүлдей үлбіреп.

Жарқылдатып сезімдердің шақпағын,

Жан дүниемде астаң-кестең жатты ағын.

Амалсыздан әйеліме, Мен сенің

өзіңді емес, көйлегіңді мақтадым:

– Көйлегінің әсемін-ай, – дедім мен,

Басқалардың бәсеңін-ай, – дедім мен.

Шет жұрттікі болар, бәлкім, Біздікі

тікпеуші еді, бәсе, бұлай, – дедім мен.

Жағасы мен жеңдерін-ай, – дедім мен,

Белі менен белбеуін-ай, – дедім мен.

Жел желпіген етегін-ай, Етегін

әдіптеген шеңберін-ай, –дедім мен.

Оттай жанған бояуын-ай, – дедім мен,

Өртенуге таяуын-ай, – дедім мен.

Модасын-ай, мұны тіккен шебердің

Көңілінің ояуын-ай, – дедім мен.

Серіңіздің соры ма, бұл бағы ма,

Жоқ, әлдебір шатасатын шағы ма.

Қасиетін әлгі ғажап көйлектің,

Кескіндемек болып едім тағы да...

Жарым айтты: – Көп мақтама шеберді,

Матасын да мақтай берме көп енді.

Бұл дегенің шыт көйлек қой, Шыт көйлек,

Соған өліп-өшетіндей не болды?!

Қарсы келсем өрлемесін қалай дау,

Көнген болдым. (Ол да соны қалайды-ау).

О, сұлулық! Сені кейде жырлауға

Сәндеп тіккен шыт көйлек те жарайды-ау!

ТАРСЫЛДАМА, ЖҮРЕГІМ...

Тарсылдама, жүрегім, тарсылдама,
Шәулі бол, – деп қайтесің баршынға ана?!
Жарыс емес,
Жан-жағым жаяу тірлік,
Алыс емес,
Адымым аршын ғана.

Аласұрма, жүрегім, аласұрма,
Аласұрмай кемді күн қарас ұлға.
Ана жаққа асығыс ап кетердей
Ақырғы «орын» қалған жоқ Қарасуда.

Кешегідей күші жоқ шынығарға,
Сынық арба,
Мен де бір сынық арба.
«Сынық арба көп кешер», – дейтін халық
Бүтініне жетпесін ұғынар ма?!

Лыпылдама, жүрегім, лыпылдама,
Майып болды лыпылдан бүкіл дана.
Дана емеспін,
Данаға пана емеспін,
Жиілете бермеші тықылды ана?

Қайран жүрек!
Аулаққа асықтырма,
Асығуға мен емен машық тұлға.
Кетуіме мұрша бер мұңымды айтып,
Мұнарынан айыққан ашық қырда.

Аңғал көңіл ақынға қауіп тілеп,
Ағысыңнан, кім айтты, ауытқы, – деп.
Ырғағыңмен иректеп жыр жаза бер,
Қызыл сия толтырған, дәуіт-жүрек.

ӨМІР ДЕГЕН...

Өмір деген – іші айғай,
сырты шу,
Көп нәрсеге, жоқ нәрсеге қырқысу.
Қоңыр белде көк серкені тартысу,
Көңілдерді көйлек етіп жыртысу.

Өмір деген – қуану һәм қайғыру,
Күнді көздеу, аспандағы айды ілу.
Тәңір қосса таққа міну.
Қоспаса,
Мінгендерді мінісінен тайдыру.

Өмір деген – жұтқан сайын тоя алмау,
Ұтқан сайын ұтсам деуді қоя алмау.
Атақ десе алтын басың айналып,
Ақша десе араныңды жоя алмау.

Өмір деген – тыныштықтан безіну,
Безінусіз тірлік жоғын сезіну.
Бота болсаң дәу болам, – деп талпыну,
Жота болсаң тау болам, – деп көз ілу.

Өмір деген – өмір бойы асығу,
Ақылға емес, аңғалдыққа масығу.
Қабыланнан қатер күтпей,
Киіктің
лағы боп оған барып қасыну.

Өмір деген – килігісіп төтен дау,
Бөктерінен, өткелінен өте алмау.
Бақ-дәулетін кешіп жүріп,
Бірақ та,
сол өмірдің қадіріне жете алмау.

Өмір деген – бөктерілу, бөктеру,
Бөктерем деп суға түсу, отқа ену.
Күйіп, жану, сүйіп, налу...
Сонан соң
Бұл өмірде болмағандай жоқ болу.

ҚАЗАҚЫ АПТА

Дүйсенбіде желігіп жиен келді,
«Қырық серкеш» көтерер сүйенгенді.
Сейсенбіде нағашым нөкерімен
Текеметін төрімнің иемденді.

Сәрсенбіде «сәлем» деп бажам келді,
Басқа уақыт таба алмай, азанда енді.
Бейсенбіде жас балдыз былқ-сылқ етіп,
Жездесіне көтертті қазанды енді.

Бауыр шіркін бас салса жұма күні,
Қалт жіберер қалайша құда мұны?
«Мың жылдыққа» мөр басып мипалаумен,
Ұмытпаңыз, – деп қойды, – жүдә мұны.

Салып ұрып сенбіде бөлем жетті,
Бөлем жетіп, тіреді төбем көкті.
Бір тоқтының бұйырған басын ұстап,
Бөтелкенің түбінде өлеңдетті.

Өлеңдетсін.
Көңілдің, тек, сол күні
бүрін жарса болғаны ексең гүлі.
Қонақ кетіп, орнына көрші қалды,
Сарқыт жалап сарп етер жексенбіні.

Үйреніскен әлгіндей қимай халді
Көңіл шіркін көңілсіз шимайланды.
Құрдас та кеп қыжыртпақ болған екен,
Құдай атып, аптаға сыймай қалды.

Бірде баққа кенеліп, бірде азапқа,
Қиналғанмен сенеді қыр ғажапқа.
Өзі қонақ боп жүріп дүниеге
қонақ күтер...
Не дерсің бұл қазаққа?!

ИТ-ҚҰС

Мойымас күн райы – амалға көп,
Мінезі малсақ елдің маған да дөп.
Алыстан келсе ағайын,
Сұрар еді:
«Ит-құстан ауыл-аймақ аман ба?» – деп.

Мәлім ғой қырдың жайы.
Гүл етегі
төбеңіз тосын жайды түнетеді.
Дүр етсе қойдың шеті,
Қазекеңнің
жүрегі үйде отырған дір етеді.

Болғанмен аш бөрінің ісі батым,
Қазақ жоқ оған бірақ қысылатын.
Ит-құсы иен даланың аз болғандай,
Әу, – деген иті де ақын,
құсы да ақын.

Шет қалып әне бір боз, әне күрең,
Бәйгеге түскен мәстек бәле білем.
Бәрі де иті ит боп, құсы құс боп
Орнында жүре алмаудың әлегінен.

Жаңаша басқан болып жырға қадам
Сондайлар бермей жүрген тұлғаңа мән:
Шопанын шын өнердің шертіп тастап,
Қотанын қой секілді жұлмалаған.

Тоқтыққа тоқтық қосып ұйтқыса тым,
Ит түгіл иірімде кит құсатын.
Дүр етті ойдың шеті...
Тағы да кеп
тиді ме ит-құс қасқыр, ит-құс ақын?!

Ақындық ауылынан
Адам ба? – деп
біреулер сәлем берсе маған да кеп,
Сұрағым кеп тұрады:
«Ит-құстардан
қонысы қара өлеңнің аман ба?» – деп.

ЖАПЫРАҚТАР

Балапан жапырақтар, жапырақтар,
Жамыра, жаз жамалын бақылап қал.
Бұтақтан бұтаққа өрлеп,
Ұшар басқа
ұшынбай, ұшақ мінбей сатылап бар.

Балапан жапырақтар, жапырақтар,
Жасқанбай жан-жағыңды батыл ақтар.
Жаз келер,
Жалын төнер,
Жаның сөнер,
Білмеуің соны сенің – ақымақ хал.

Балапан жапырақтар, жапырақтар,
Жаз өтсе, жазым етер ақырап бар.
Ақырап сипаламай, қиқаласа,
Сен түгіл, сынып кетер қақырап тал.

Балапан жапырақтар, жапырақтар,
Жаз – жақұт, күзде өмірдің таты қаптар.
Балапан болғам мен де,
Толғам мен де,
Аңдасаң енді, міне, басым – ақ қар.

Балапан жапырақтар, жапырақтар,
Тұтам күн тәйтік тайдай тапырақтар.
Сен кетіп,
сені іздесем нені ақтарам,
Мен кетіп,
мені іздесең ақым... ақтар,
Балапан жапырақтар.
Биік

Ей, досым!
Досым, досым, досым, досым,
Қашанда замананың көшіндесің.
Байқаймын сенен дәйім бабамыздың
Баяғы батыр мінез көшірмесін.

Келгенде ізгілікке іркілмеген
Кеңдіктің келбетіңнен ғұрпын көрем.
Қазықсың – ат байлайтын ақиқат кеп,
Нәзіксің – ұлпа-көңіл үлпілдеген.

Білсеңіз, алпысың бұл – тал түсің бұл,
Жүзіңде тал түсің боп шалқысын нұр.
Сәні боп алты белдің сылаңдайды
Алты ақбоз,
Алты жүген,
Алты шылбыр.

Жұнттай боп жайнау үшін дала, қыстақ,
Жайың бар жан берісіп, жан алыспақ.
Сен де бір аруақты ер ел қорыған,
Қолына найза орнына қалам ұстап.

Қаламың қашаннан-ақ ел тірегі,
Маздатса «Тамызығын» өлтіреді.
Мағаудың жазбасынан,
Қажет болса,
Мағауин мәнді мысал келтіреді.

Намысқа шабатұғын қан қызбада
Қаймықпай сөзіңді айттың, балдыз бала.
Шерханның көрігінен балқып түскен
Сен де бір күміс құйма жалғыз дана.

Аялап жүректегі ұлы сезім,
Алашқа анық жетті тірі сөзің.
ҚАРА көп,
Көп қараның қылаңы – өзің,
КЕСЕК көп,
Көп кесектің ірісі – өзің.

Алпыс жас – Тәңір ием қолдағанда
тағы бір алпысты асар жолдағы арба.
Дүние не болар ед,
Өзің сынды
адамның Ақсораңы болмағанда?!

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар