– Ассалаумағалейкүм, – деп дембелше қараторы жігіт қолын ұсынды.
– Уағалейкүмассалам!
– Танымай қалдың-ау. Былтыр танысып едік қой, «Жалынға» өлеңім басылған кезде. Мен Адалбек Ахмадимін. Қытайдан келгенмін.
– Иә, иә, татымы жіліктің майындай жап-жақсы өлеңдеріңді оқығанмын.
Ұшырасқан жеріміз базар маңы еді. Лек-лек сапырылыса көшкен адамдар арасында тұрып ол өлең оқи жөнелді.
Заман – балға шаға алмайтын заңдылық,
Ана – таудан туар бала – жаңғырық.
Ана – ғұмыр бала – ғұмыр қалдырып,
Ұлар тауға ұшып кетті мәңгілік.
Өзгермейтін заңдылық.
Алапаттан, аман қалған обадан,
Пана тілеп ұланғайыр Даладан,
Келе жатыр тастан-тасқа ұрылып,
Бір жаңғырық аузы-мұрны қанаған.
Сау жері жоқ жарадан.
– Осы өлең санама судай сіңіп, тастай батқан.
– Мұнда менің ғана емес, арғы беттегі қалың қазақтың мұңы, тағдыры жатыр. Өзім болсам екі мемлекеттің шекарасын бұзып, қашып келгенмін. Азаматтығымды ала алмай енді мұнда сандалып қалдым.
– Қазір не тірлік қылып жүрсің?
– Базардамын. Балқарағайдың дәнін сатамын. Ыстақандап. Бүгінім жанбағыс қана.
...Қошқар баққан Байеке ақын туралы оқып едік. Ақынға енді балқарағайдың дәнін сатқызған сұм заман-ай.
* * *
– Әңгіменің біссімілләсі болсын, әуелі бір өлең оқышы.
– «Қоңыраулы керуен». Поэмадан үзінді.
Айыра алмай досым менен қасымды,
Қайыра алмай төктім жауын жасымды.
Тауып алмай болмас атамекенді,
Шауып алмай тұрған кезде басымды.
Әдіра қап серкелік пен серілік,
Қашып барам жүк астында көміліп.
Тана қыздар талағы боп тағдырдың,
Телпектерге кеткеннен соң телініп.
...Өледі екен өзектегі өр үміт.
Қара түннің аман шыққан көрінен,
Серің үшін сергелдең де серуен.
Атамекен құшағыңды аша бер,
Келе жатыр қоңыраулы керуен.
Әкем Бекбақыт, шешем Ырысжанның тұла бойы тұңғышы болғандықтан, атам Мұхамадидің кенжесі атанып, сегіз жасқа дейін сол кісінің тәрбиесінде өстім. Атам «негізгі атажұртымыз Зайсан төңірегіндегі Маңырақ деген кішкене тау еді» деп айта беретіні есімде. Ал Ахмади Мұхамади атамның туған інісі. Үркінді жылдары 27 жасында мерт болыпты. Одан тұяқ жоқ. Сол себепті белгісіз кетпесін деп мені Ахмади көкемнің атына жаздырған.
1988 жылы орта мектепті бітіріп, Шыңжаң университетінің Әлем тілдері факультетіне оқуға түстім. Ата-анам сонда бір қуанып той жасайды. Шешем өте қарапайым кісі еді. Жайнап киінбейтін де. Сол күні сандықтағы жаңа киімдерін шығарып, қайта-қайта ауыстырып киіп, көңілді жүріпті. Бір сөзінде тойға қарамай оқуға аттанып кеткен мен туралы «Әттең, ұлымның маңдайынан бір сүйе алмадым-ау. Шалдың ерні тиген бала еді» деп айтып қалған көрінеді. Сөйткен шешем өмірінде көрген бір қуанышының соңын ала, ана дүниеге аттанып жүре беріпті. Тоғыз құрсақ көтерсе де, ауру-сырқауды білмеген шешем, отыз жеті деген мүшел жасында осылай опат болыпты. Шыңжаң мен біз тұратын Жеменейдің арасы 1200 шақырым. Қаралы хабарды кеш естідім.
Болмады бәрі...
Салмадым шымшым топырақ,
Көзімді кетсе қайғысы қарға шоқып ап.
Кешірші, ана, қойдым ғой саған жете алмай,
Алдымда тентек Жеменей өзен жатып ап.
Әкемнің ақындығы бар еді. Мүмкін әкеме тартқан болармын, бұрын да аздап өлең жазатынмын. Шешемнің осы қасіретінен соң көкірегімді анама деген сағыныш кернеп, оңашада толғанатынды шығардым. Сол сырымды сөзбен өрнектеп, өлеңге шындап бас қойдым.
Университетте бірге оқыған Ақи Әсейұлы деген ақын жігітті қытайдың жігіттері жабыла сабап, басынан тепкілеп өлімші еткен бір күні. Осы оқиға балалық шақтағы ұмытыла бастаған бір жайды есіме салып өтті.
10-12 жастағы топ бала ауыл сыртында доп ойнап жүр едік. Бір шұқанақтан бас сүйек тауып алып, доп орнына жабыла теуіп кеттік. Соны көрген Құнияз шал «Балаларым-ай, кім біледі, бұл бір батыр бабамыздың басы шығар? Неге тебесіңдер?» деп қу басты еппен көтеріп алып, қырат басына жерлеп, құран оқыды.
Ақи Әсейұлы оқиғасынан соң «Әттең-ай, топталып барып бір ақынның басын тептік пе екенбіз?» деген өкініштен байыздай алмадым. Тепкеніміз Махамбет ақынның басы болып елестей берді. Ақыры, «Бабамның бас сүйегі» деген өлең жаздым. Ол 1989 жылы біздегі «Таң-Шолпан», «Жұлдыз» сияқты Қытайда шығатын «Шұғыла» жорналында жарық көрді. Көзі ашық жұрт пікір білдіре бастады. Содан бастап Қытайдың Ән Чән Жүйі (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) мені тексере бастады. Аңдитын болды. Мұндай қуғынды әкем де басынан өткерген. Университеттен шығарған. Соттаған. Бұл арғы беттегі екі қазақтың бірі тартатын тақсірет. Өз ұлтының тағдыры туралы айта бастаған дарынды қазақтың етегінен тартып, өңменінен итеру ежелгі әдет. Қазақстан Тәуелсіздік алғанда, ой, біздің Жеменейдегі қазақтар қандай қуанды десеңші! «Енді атамекенге кетеміз. Жұртпен тең өмір сүреміз» деп той жасады ғой.
1992 жылы осы үмітпен атажұртқа жиналдым. Бірақ, Қытай жақ Қазақстанға шығатын төлқұжат бермеді. «Бабамның бас сүйегі» деп ұлтшыл өлең жазғаным, соған байланысты қуғынға түскенім сылтау болды. Оның үстіне, кезінде әкемнің сотталғаны, біздің Бақтыбай, Жәке билерден тарағанымыз қосылды. Әне бір жылдары би мен бай атаулының ұрпақтарын түрмеге қамап, шетінен соттаған-тұғын.
– Шекара бұзып, елге қашу деген ой осы кезде туды ма?
– Шынында да, қашудан өзге жол қалмады. Жанымда бір жігіт бар, екеуміз Зайсан тұсындағы шекарадан түнде өтеміз дегенде тұтылып, сотты бола жаздадық. Одан әкемнің беделімен аман қалдым.
– Әкең не деді сонда? Мұныңды қоштады ма, әлде...
– Әкем маған айтарын көбінесе өлеңмен жеткізетін. Бұл жолы да солай етті.
Ортасында өмірдің жасағанда,
Бұл өмірден қорынып тасаланба.
Қозғалыссыз тіршілік болған емес,
Қозғалыспен адамзат басады алға.
– Қолдағаны ғой сонда?
– Өзі де атамекен деп алаңдаулы, қолдамағанда не десін? Бірақ, бәле-жалаға ұшырап қала ма деп қорқады ғой.
Қытайдың Ән Чән Жүйінде қызмет етіп жүрген қазақтың жігіттерін білуші едім. Бір күні олар «Сенің аты-жөнің Ән Чән Жүйдің тізіміне түсті, енді Қазақстанға қалай да жет. Анау Қызырбек Оралұлы сияқты атып тастауы мүмкін» деген астыртын хабар жеткізді. Қытайда Қызырбек Оралұлы деген дарынды ақын өткен. Бізбен аталас Сейітхан Әбілқасымұлы атты жазушы кісі осы Қызырбек екеуі 1970 жылдары Монғолия шекарасы арқылы қашады ғой. Сонда Қызырбек ұсталып, атылады. Ал Сейтхан Әбілқасымұлы дін аман атажұртқа жетеді. Сондықтан енді сол Сейтханның жолымен қашуға бекіндім.
– Ошағым өшер дейтіндей емес, соңыңнан ерген үш інің бар, – деді әкем алған бетімнен қайтпасымды аңғарып.
– Еркек тоқты құрбандық деген, балам! Қайда жүрсек де көретініміз бір қаза. Не аман жетерсің, не бір шұқырда қаларсың. Егер сау жетсең, осы топырақта айта алмағанымды, жаза алмағанымды атажұрттағы қандастарға сен жеткізерсің. Бердім батамды, – деді.
Соңымда қалып бара жатқан әкем мен бауырларыма хош айтып, атажұртқа деген сағынышпен 1995 жылы тамыздың 11-інде жол тартып сапарға аттандым.
– Бірақ барар бағытың бұлдыр, анау Қызырбек ақын сияқты атылып кету қаупі бар. Аттанып бара жатып енді әкемді, бауырларымды көрем бе, көрмеймін бе деген ой болған жоқ па?
– Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер 25 жаста емеспін бе? Албырт шақ. Үміттен басқа не ойлайсың? «Жетемін Қазақстанға, азаматтығын аламын. Сонан соң оларды сөзсіз шақыртамын». Ойым сол.
Біз өсіп-өнген Жеменейден 500-600 шақырым жерде Шыңгіл деген аудан бар. Шыңгілдің Тайкешкен ауылы Моңғолиямен шектеседі. Осы Тайкешкенге Моңғолия қазақтары сауда жасай келеді. Арғы бетке зат тасиды. Ойым – жан-дүниемді түсінетін, мені арғы бетке өзімен бірге ала өтетін адам табу. Сөйтіп жүріп Мұхтар деген саудагер жігітпен таныстым. Мұхтар шекарадан өтуге көмектесе алмаса да, Моңғолия жаққа өткен соң, сүгіретімді жапсырып, жалған төлқұжат жасатып беруге уәде етті.
Шекара 15 күн ашық, 15 күн жабық тұрады. Ашық кезінде Тайкешкеннен, Шыңгілден адам іздеймін. Шекара жабылысымен Үрімжіге тайып тұрамын. Көзге түсіп қалуым мүмкін. Милиция деген қаптап жүр. 15 күн Үрімжіде тығылып жатып, Тайкешкенге қайта келемін.
– Ол кезде Қытайдың азаматысың, қолыңда төлқұжатың бар. Ел ішінде жүріп-тұруға ерікті емеспісің, әлде Ән Чән Жүйдің тізімінде тұрғандықтан үркіп, қашып жүрсің бе?
– Солай ғой. Ізімізде аңдушы болуы мүмкін. Бірде Шыңгілде, бірде Үрімжіде қашып-пұсып жүргенде арада төрт ай өтіп кетті. Желтоқсан туды. Шекараның тағы бір кезекті ашылуы кезінде Тайкешкенге келіп, қонақ үйлерді аралап жүр едім, бір бөлмеден домбыраның қоңыр дауысы, оған ілесе қазақша шырқалған ән құлағыма шалынды. Әнге елтіп, есік маңында біраз бөгелдім. Халық әндері. Жүрегім елжіреп, тамағыма өксік кептелді. Көзіме ыстық жас келді. Қазақтың әні жан-жүйемді қозғады.
– Кешіріңіздер ағалар, сіздердің дауыстарыңызды естіп, ән тыңдауға еріксіз бұрылдым, – дедім есік қағып, ішке енген соң. Моңғолдан келген 4-5 қазақ жігіті алқа-қотан жайғасыпты. Домбыра шертіп, ән шырқағаны көзіме сондай ыстық көрінді.
– Өзің де қазақ көрінесің, інішек, әу дейтінің бар шығар, – деп әнші жігіт біраздан соң домбырасын ұсынды. Мен «Бабамның бас сүйегі» атты өлеңімді оқыдым. Өлеңім кәдімгідей әсер еткен болу керек, қаумаласа тыңдасты. Өлең оқып, ән шырқап дегендей, бірер сағат жақсы отырыс болды.
Осыдан соң әнші жігітті оңашалап, бар сырымды аштым. Ниетімді білдірдім. Жәрдемдесуін өтіндім. Ол бірер күн ойланып, ақыры өзімен бірге әкетуге уәде берді. Төрт ай теңселістен үзілер болған үмітке қанат бітті. Желтоқсан айы. Күн қақап тұр. Түнгі сағат үште мені мәшиненің қорабына жатқызып, үстіме жүк тиеді. Тең-тең киімдер ғой. Бірақ соның өзі кеудеңді езіп жіберердей салмақты. Шамамен 7-8 сағатта шекараға жеттік. Қас қылғандай сол күні шекара жабық екен. Кері қайттық. Ертеңіне тағы да жүкке көмілдім. Бумалардың астындағы азаптан гөрі, тексерсе, ұстап алады екен деген үрей, қорқыныш басым. Әлсін-әлсін тексереді. Құдайдан көліктің тоқтамауын тілеймін. Қанша жүрдік? Жолдың енді қаншасы қалды? Неге тоқтадық? Қай мезгіл? Бәрі жұмбақ. Тас түнекте жатырмын. Іштей қойған сауалыма өзім де жауап бере алмаймын.
Ғасырдан да ұзақ күн деген сол болар, бір заманда өкпем езіліп, жүрегім талғанда мәшине тоқтап, жігіттер жүкті аршып, мылқау қапастан суырып алды. Түс мезгілі екен, көзім күнге қарықты. Мидай жазық сары далада тұрмыз.
– Моңғолдың жері, – деді әнші жігіт.
Көңіл сенбей, төңірекке үнсіз көз салдым.
– Немене, сенбей тұрмысың? Бара ғой, қол-аяғыңды жазып кел. Қорықпа, Қытайдың жері емес. Алла бұйырса, атажұртқа да жетерсің.
Аулаққа ұзап, сайға түстім. Сары даланы құшақтап, бауырымды жерге төседім. «Иә, Алла, Моңғол жерін көрсеттің, енді атажұртқа жеткізе гөр» деп жалбарындым. Ертеңіне Өлгей қаласына келдік. Мың болғыр Мұхтар аға уәдесінен таймапты. Секен Сапар деген атпен төлқұжат дайындап қойған екен. Оны алған соң тағы да бір айдай Өлгейде тығыла жүріп, Қазақстанға өтудің қамын жасадым. Тек қаңтардың 6-сында Алматыға қатынайтын ұшаққа бұт артқанда ғана үһ деп дем алғандай болдым. Бірақ оның да күпірлік екен. Ұшақ нақ қозғалар алдында моңғолдың екі милициясы ұшаққа жүгіре кіріп, төтелей тартып тура маған келді.
«Бітті бәрі, – деп ойладым, – енді мыналар мені не осында соттайды, не қайтадан қытай асырып тастайды. Одан әрі Қырғызбек ақын киген кепті мен де киемін». Денемді суық тер жуды. Көкірегімдегі ежелгі мұң ұли жөнелді.
Қос милиция құжаттағы сүгіретіме бір, міз бақпай отырған маған бір, жалтақ-жалтақ қарайды. Қуғынға түскенім, аңдауда жүргенім бұл бір емес. Етім үйренген. Сыр бермеуге тырыстым. Құжаттағы сүгіретімде мұрт бар. Сол мұртымды сапар алдында қырып тастағанмын. Тек оң қабағымда кішкене мең бар еді. құдай қарасқанда сүгіретте болар-болмас сол мең көрінеді. Сақ милициялар сонда ғана жібіді. Атқақтаған жүрегім сонда ғана орнына түсті. Ұшақ жерден көтерілгенде, сілікпем шыға мылжа-мылжа боп шаршағанымды сездім.
Ақша бұлттардан да биіктеп ұшып бара жатып, дөңгелек терезеге үңілемін. Ұлан-ғайыр сары дала. Қазақтың жері. Менің бабаларым жортқан жер. Жетінші атам – Бақтыбай би. Оның інісі Құттыбай батыр. 1756 жылы Абылай ханмен келіссөз үшін Бөгенбайды Еженханға жұмсағанда, жанындағы жеті адамның біреуі осы Құттыбай болған. «Қазақтың даласы, үш таудың арасы» деген бұрынғылардан қалған сөз бар емес пе? Үш тауымыз Алтай, Орал, Тәңіртау (Тянь-Шань). Сонда қазақтың ұлан-ғайыр жерінің бір шетін орыс, бір шалғайын қытай, Алтай жақ бетін моңғол басып жатыр. Демек, Жәкеласты да қазақтың ежелгі жұрты. Ол арада әрісі орыс патшаның, берісі Кеңестік саясаттың қысымына ұшырап, ауып барған қазақтар жетерлік. Олар атажұрт дегенде түн ұйқысы төртке бөлініп, ыстық жастарын бір-бір сығысады. Арман бір, мақсат жалғыз. Міне, сол арманымды үрей мен үмітке орап мен келемін.
Алматыға қас-қарая қондық. Осында Бақтыбай бидің ағасы Алтыбайдан тарайтын бір ұрпақ барын еститінбіз. Аты – Жәмила. Олар 1957 жылы Қытайдан бері өткенде Жәмила жеті жастағы тұлымшағы желпілдеген қыз екен. одан бері нелер заман өтті, мені қабылдай қоя ма екен? Әуелі таба алам ба десеңізші. Ол кісі үйінде екен. Жөнімді айтқан соң, жылап көрісті.
– Мұндағы қазақтың бәрі Жәмила апаңдай бола қоймаған шығар. Жалпы Қазақстан, Алматы қалай қарсы алды?
– Ертеңіне Алматының біраз көшелерін араладым. Ана жақта жүргенде Алматы деген атының өзінен қазақтың лебі есіп тұрушы еді. Ал мұнда мүлде олай емес. Көше толы жат тілдегі жазу. Қазақтардың өздері орысша сөйлеседі. Қазақтың астанасы емес, басқа бір мемлекеттің қаласы сияқты. Мұнда адасып келгендеймін. Өң мен түстей халдемін. Тек Президент Ақсарайының маңына келгенде ғана үмітім алдамағандай, көңіл сенгендей болды. Одан жоғары өрлеп, Медеуге шықтым. Әлемге әйгілі Медеу мұз айдыны жарқырап қарсы алдымда жатыр. Алатаудың қырқасына шыққанда ғана жүрегім дүрсілдеп ала жөнелді. «Келген екенмін ғой, атажұртыма жеткен екенмін ғой!»
Айналайын атамекен, армысың,
Байланайын босағаңа бармысың.
Тауға дәйім кетіп қалғым келетін,
Шақырғанда нән қарағай, қарлы шың.
Адал ұлың алдыңа кеп тұр жылап,
Көзім алды бара жатыр бұлдырап.
Әнеу жақта күн артынан күн құлап,
Беталыссыз барады ағып мың бұлақ.
Үйшігімнің іргесінен үріп жел,
Алыстадым армандармен түбін көр.
Қазағымның жанары боп жылайын,
Киелі тау кербез ұлға ғұмыр бер.
Бұл өлең кейінірек жазылды. Бірақ көкірегімнен осы сарын сарқырап аққан дариядай ақтарылғаны сонда.
– Ең ірі, ең ұлы мұратың орындалды. Атажұрт сөзінің мәні Қазақстан атауынан да тереңірек. Сол атажұртқа келдің. Көңіл сенді. Ендігі мақсат қандай?
– Ендігі мақсат – азаматтық алу. Ол үшін тезірек үйленуім қажет. Бір себептермен Алматы халықшаруашылығы институтында хатшылық қызметте жүрген Жанар есімді қызбен танысып, оған бар шынымды ақтардым. Оралхан Бөкейдің ұстазы Төлеген Рахымжанов деген ақынның қызы екен. Жан-дүниемді түсініп, үйленуге келісімін берді. Сол жылы маусым айында екеуміз қосылып, неке куәлігін алдық. Сол жылы қарашаның 8-інде қызды болдым. Атын Сағыныш қойдым. Неке туралы куәлікте де, Сағынышымның Туу туралы куәлігінде де Секен сапар деген жалған атым жазылды. Адалбек Ахмади туралы бір сөз жоқ. Болуы да мүмкін емес еді.
– Тірі адам тіршілігін қылады ғой. Осы уақытта не жұмыс істедің? Отбасыңды қалай асырадың?
– Қытайдың бір компаниясына аудармашы болып жұмысқа тұрдым ғой. Компания банкрот болғанша сонда жұмыс істедім. Сағынышты босанар алдында Жанар да жұмысынан қысқарды. Жатақханадан айырылдық. Содан бергі күніміз ана қуысты бір, мына қуысты бір паналаумен өтіп келеді.
– Алматы «қалай дегенмен де» Қазақстандағы үлкен қала. 1996 жылы ауылдан Алматыға алғаш көшіп келгенде менің де қалтамда төлқұжатым болмай, Әуезов аудандық Тергеу комитетінің тас қапасында бір күн қамалып шыққаным бар. Ал, сенің жағдайың одан тым ауыр ғой. Тексеру, тергеу, қамау болған жоқ па?
– Бір күні мен үйде жоқта милициядан адамдар келіп, барлық құжаттарымызды алып кетіпті. Ертеңіне қорқа-қорқа Әуезов аудандық Ішкі істер бөліміне бардым. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің 3-4 жігіті отыр екен. Бастан кешкеннің бәрін ашып айттым. Жалған құжатты алып қалып, өзгесін қайтып берді. Бір апта тексеріп, оны да қолыма ұстатты. Бірақ «қайда жүргеніңді бізге хабарлап тұр» деп ескертті. Олар маған жаманшылық ойлаған жоқ. Тіпті көмектескісі келді ғой.
Келесі 1998 жылы Моңғолдың Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бір қызметкері жетті соңымнан. Оған да болған жайдың бәрін ашып айттым. Жалған құжат алып беруге жәрдемдескен Мұхтар екенін жасырмадым. Жасырмаған себебім – Мұхаң бұл дүниеден өтіп кеткен болатын. Отбасы Есік қаласында тұрады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері моңғол жігіті екен. Екеуміз қытайша сөйлестік. Ол да түсінді мені.
– Біз деген дала адамдарымыз. Екі ел ежелден қоян-қолтық араласып, көшіп-қонып жүрген. Қонысы, өрісі, малы бірге болған. Қыз беріп, қыз алысқан. Біз саған еш кіна артпаймыз. Атажұртыңа адал жүрегіңмен жеткен шығарсың. Тек анау жалған төлқұжатты өзімізге қайтар, – деп, тіпті өз еркіммен келгеніме рақмет айтып, мен туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне нота түсіріп, жөніне кетті. Тиіскен жоқ.
– Тиісуі де мүмкін бе еді?
– Әбден мүмкін. Өздеріне апарып соттауға, тіпті Қытай Ән Чән Жүйіне тапсыруға қақылары бар еді. Моңғол жігіт бірақ олай етпеді. Дала ұрпағының кеңдігін жасады.
– Енді жалған болса да, Секен Сапар есімінен айырылып, ешкім болмай қалдың ғой?
– Қолымда енді қалған бар құжат: Моңғол Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерінің Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне түсірген қағаздың көшірмесі. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы Т.Қаттаубаевқа жолдаған хаты. Секен Сапар атындағы неке куәлік, қызым Сағыныштың Секенқызы деген Туу туралы куәлігі, Секен Сапардың атына жазылған жалған төлқұжаттың көшірмесі, Моңғолиядан шығарда берілген виза қағазы, Әділет басқармасының Секен Сапар атына берген куәлігі ғана. Одан басқа ештеңе қалмады. Қытайдың өз атыма берген төлқұжатын қорқып өртеп жібергенмін. «Мен сонда кіммін?» деп мұңға батқан, торыққан кездерім көп. Ізденіп әр жерге барамын. Әлі күнге ештеңе шығар емес. Бір ғана қуанышты жағдай, көңілге медеу тұтарым – былтыр жас ақын-жазушылардың кеңесі кезінде Жазушылар одағының мүшелігіне өттім. Адалбек Ахмади деген өз атыма жазылған мүшелік билетім Қазір қолымда. Адалбекке қатысты басқа ешқандай құжат жоқ. Міне, жетінші жылға қадам бастық. Сонан соң тым болмаса өлеңіммен көріне берейін деп әр жерге жариялап жүрмін. Ең алғаш «Жалын» журналына басылды. «Қазақ елі» газетіне шықтым. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы 1997 және 1998 жылдары мүшәйра өткізді. Екеуінде де 2-орын алдым. Енді Қазақстан Жазушылар одағы жоғары жаққа айтып азаматтық алуыма жәрдем береміз, баспана жағына көмектесеміз деген ниетте. Қайран көңіл ешқашан үміт үзбейді.
– Атажұртқа аман жеткеніңді әкең байғұс естігенде қалай қуанды екен?
– Жеменей жақтан Алматыға саудамен келген жігіттерге жолығып, 1997 жылы хат беріп жібердім. Келіні Жанардың, немересі Сағыныштың сүгіретін салдым. Артынша сол жігіттер арқылы әкем хат беріп жіберіпті.
«Енді осы топырақта қалсам да арманым жоқ, ұлым. Өйткені бір тұяғым жетті атажұртқа. Мұндағы ұрпағым қазақ болып қала ма, әлде бөтен ұлтқа балдай батып, жаттың баласы болып кете ме, оған сенім жоқ. Жалғыз үміт сенде ғана, құлыным. Екінші қуанышым – үйленіпсің. Немерем бар екен. Оған да шүкір».
Арада 4-5 жыл өткен соң арғы жақтағы ағайынға Сағынышымды арқалатып, Жанарды аттандырдым. Әкемдер екеуін қуана қарсы алып, қайтадан келін түсіреді, тойын жасайды.
– Әкеңді, бауырларыңды ойласаң, мазаң қашып, қуырылған бидайдың күйін кешетініңді түсінем ғой. Олардың халі қалай екен?
– Шешем көтерген тоғыз құрсақтың біреуі – інім Болатбек бір жасында шетінеген. Қазір менен басқа үш ұл, төрт қыз арғы бетте. Шешем қайтқанда кенже қарындасым үш жаста екен. Әкем жарынан айырылып, шиеттей баламен қалып қиналғанда:
Ойласам опасыз ғой өмір шекті,
Кемсеңдеп келгендерге шерін төкті.
Бөбегім үш жастағы жібермейді,
Анам деп көршідегі келіншекті, – деп өлең жазады.
Соны оқып әкемнің бас құрауы керегін айтып, ақылдасқанбыз. Әкем тілімді алды. Сол жақтағы қазақтың Күләйза атты қарапайым қызы жолықты. Тетелес қарындасым 9-10 класс оқитын кезінде шешемізді сағынып, анамның қабірі басына барып жылап жатады ғой. Содан ұшық жабысып, осы күнге дейін есін білмейтін науқасты болып қалыпты. Алайда жақсы көріп жүрген бір жігіт «өзім бағамын» деп үйленген. Қазір бір баласы бар екен. Бірақ сол баяғы сырқатынан айықпаған көрінеді. Бауырларымның бірқатары университет бітірген. Бірақ жұмысқа тұра алмайды. Жер шұқып, мал бағып, күндерін көріп жатыр.
– Бүтіндей бір мемлекет бола тұра, соларды көшіріп ала алмай жатырмыз-ау. Неткен өкініш!
– Тәуелсіздік алған он жылда Қытайдан он мың қазақ келмепті. Егер осы қарқын үдемесе, Қытайдағы қазақ осы ғасырда да көшіп келе алмайды. Кәзір 1 млн 300 мың қазақ бар деп жүр ғой. Олай емес, Қытай қазақтары 2 миллионға жуықтайды. 1 млн 500 мың қазақ қалай да бар. Тезірек көшіріп алмаса, олар құрып кетеді. Алтай аймағын қытай қаптап барады. Бұрын өңкей қазақтың ішінде бірлі-жарым қытай болса, кәзір бірнеше есеге көбейіп кеткен. Көбейген ұлт қалай да үстемдік жасайды. Қазақ салт-санасынан, тілінен бара-бара ұлт болудан қалады. Өйткені кәзірдің өзінде қытайға үйленген қазақтың қыз-жігіті баршылық. Қазақ қызы қытаймен тұрмыс құрса, қалай жойылатыны белгілі. Ал қазақ жігіті қытай қызын алса, одан туған балаларына қытайша ат қойылады. Шешесінің аты-есімі беріледі. Мысалы бірге оқыған Михуа атты қазақ қызы болды. Михуа қытай сөзі. Қазақшаласақ – Роза. Сонан соң қазақ жойылмағанда, кім жойылады? Қазақтың тууын да шектеп отыр. Бұрын қытай отбасына бір, қаладағы қазаққа екі, ауылдағы қазаққа үш баладан асырмау туралы пәрмен бар еді. Қазір екі баладан артпасын деп отыр. Үшінші бала туса, айып салады немесе мал-мүлкіңді, жеріңді тартып алады. Болмаса, нәрестенің мойнын бұрап, өлтіре салады. Зәуіде тірі қалса, оған құжат бермейді.
Қытай үкіметі қазақтарды атажұртына жібермейміз деп отырған жоқ. Тек Қазақстанда тікелей туысқаны болса ғана рұқсат дейді. Ал мұнда кімнің әкесі мен баласы бар? Сөйтіп жіпсіз байлап отыр ғой. Мен әкеме, бауырларыма әлдеқашан шақыру жібергенмін. Бірақ Қытай үкіметі оларға рұқсат бермей отыр. Мүмкін менің қашып кеткенім кесірін тигізіп жатқан да шығар.
– Ондағы қалың қазақтың кәрісін айтпағанда, балаларға дейін атажұртқа деген сағынышын кеудесіне бөлеп, өсіп келеді ғой. Бұл қандай құдірет? Ата-бабаның өсиеті ме? Әлде, қытайдың қазаққа жасап отырған қысымынан ба?
– Ең әуелгісі атамекен деп ішқұса болған ата-бабаның ес білгелі құлағымызға құйып келе жатқан өсиеті ғой. Сол өсиет сәл қалғи бастаса-ақ, күн сайын алдыңнан шығатын қытайдың қысымы түртіп оятады да тұрады. Сондықтан да ондағы қандастарымыз әрқашан сергек, әрқашан атажұртқа қарап мойын созған аруанадай боздауынан бір тыйыла алмайды.
Әңгімелескен: Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
«Ана тілі» газеті, 2002 жыл, №12-13
АДАЛБЕК ЕЛГЕ ҚАШЫП КЕЛГЕНДЕ
Көкжалдайын күндіз жортып, түн ұтып,
Көксүңгідей сынса бір-ақ сынатын.
Кеудесіне ежелгі мұң ұлытып,
Атажұртқа боздап келді бір ақын.
Қара тасты қанжардайын аймалап,
Қара Ертістің қақ айырып қамысын.
Қара орманым, қайран жұртым қайдалап,
Буыршындай буырқанған шабысың.
Көкірегің көк бөрінің ырылы,
Қалың бауыр жаутаң қақты жұртта қап.
Құлағыңда қарындастың шырылы,
Удай өлең жаздың уды ұрттап ап.
Қасіреті қорқаудайын қамаған,
Боздап мойнын созар әкең бір сен деп.
Қайтпас жақтан қайырылмас жан анаң,
Қырық құрау түн пердесін түрсең кеп.
Елін табу – еңіреген ерге дем,
Кермек жасқа кірпігіңді батырма.
Қайғың Жерден ауыр емес, Жер деген
Талайларды жұтқан салып тақымға.
Сығып таста тақсіретің тамшы ғып,
Қап-қара боп күлтеленсе күйігің.
Кісінейді күрең көңіл шаншылып,
Тапқандай ма, таппай жүрген үйірін?
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ
22.03.2002 жыл.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.