Сонымен, әдеби мәтіндерді классикалық, позитивистік, социологиялық, марксистік талдаудан кейін, әдебиет әлемінде кең таралған талдаулардың бірі психоаналитикалық талдау (жалғасы).
Шынына келгенде, психология да, әдебиет те белгілі бір деңгейде адам жанымен тікелей байланысты болғаннан кейін, екі саланың да бір-біріне тигізер пайдасы оразан зор. Құпияға толы жанның қыр-сырын тануға деген құмарлық сонау ескі замандардан бері бар екенін ескеретін болсақ, психологияның да, әдебиеттің де жаратылыстану ғылымдарына елеулі үлес қосатын пәндер екенін мойындаймыз. Яғни, екі сала да техникалық элементтерден оқшауланып, адам жанын түсінуге, оның ой-өрісін, мінез-құлқын, эмоциясын бағыттайтын бейсаналық процестерге тереңірек үңіліп, оны көруге ұмтылатын зерттеу саласы десек болады. Бұл ұстанымдар мен перспективалардың жақындығы екі пәнді де ортақ әрекет етуге және көп жағдайда бір-бірінен пайда табуға әкеледі. Ең маңыздысы, осы және осыған ұқсас көптеген аспектілердің бейнесі мен көріністерін әдебиет пен психологияның ортақ және өзгеше тұстарын анықтағаннан кейін ғана таба аламыз. Ал енді осы екі саланың қосындысы ретіне пайда болған психоаналитикалық сын – әдебиет пен психологияның өзара әрекеттесуінен пайда болған және көркем мәтін мен автордың ішкі жан дүниесін ашып көрсетуді, қараңғы тұстарын жарықтандыратын және жарық тұстарына күмән келтіріп контрасты жүйелейтін әдіс. Сәйкесінше «әдебиет психологиясы» дегенде біз автордың қандай адам екенін, әдеби шығарманың қалай жасалғанын немесе әдеби шығармаларда кездесетін адамдардың психологиялық типтерін және олардың мінез-құлық ерекшеліктерін жақындай түсеміз. Осы арқылы жазушыны жазуға итермелейтін, тікелей айта алмайтын, айта алмағаннан кейін үнемі басуға тура келетін күйлерді басқа жолдар мен әдістер арқылы түсіндіруге мәжбүрлейтін процесстерді әдеби шығармада қандашылқты және қандай деңгеде көрініс тапқанын зерттей аламыз. Яғни, кез-келген шығарманы психоаналитикалық өлшемде поциенттің сөзі ретінде қарастыруға болады, содан кейін оның жасырын қалауларын, жыныстық тенденцияларын, бейсаналық әлемін зерттеп, ашу үшін автордың жұмысын тексеруге мүмкіндік туады. Бірақ мұндағы ескеретін бір дүниеміз, психоанализге негізделген әдіс автордың өмірбаяны үшін ғана қолданылмайды, сонымен қатар шығарманың ерекшеліктерін түсіндіруге көмектесе алады. Мысалы, минатюралық деңгейде түрлі ракурстан талданып жатқан әдеби мәтінге психоаналитикалық сын тұрғынан қарайтын болсақ, автордың мәтінде көрініс тапқан ішкі жан-дүниесін терең ұға түсеміз.
Қала ішінде қалың орман секілді,
Жастығымның әні қалған секілді,
Арманымның таңы қалған секілді,
Бақ бар еді қараусыз –
деп басталатын өлеңде, бақтың экономикалық немесе әлеуметтік сипатынан бөлек оның психологиялық өлшемі нақты және анық бейнеленген. Осы арқылы шығармадағы бақ автордың тілінде «жастықтың қалған әні», «арманның таңы» сынды сипаттаулармен көрініс табады. Өлеңнің жалғасында ақын «қалған ән» мен «арманның таңы» ішінде басқа бір Ерланның қалып кетіп, мүлде бөлек Ерланның шыққанын айтады:
Сол бір бақты менен өзге ұғар кім,
Түсімде де... ішінде ол тұманның:
Мен сол бақта бір Ерланды қалдырып,
Өзге Ерланды алып шыққан шығармын...
Психаналитикалық әдіс тұрғысынан, кейіпкер болмысының ауысының бейнеленуі, бақтың да кейіпкер болмысы секілді өзгеруі психологиялық шиеленістер арқылы жазылған. Осылайша, шығармдағы мәтіннің психологиясы мен автордың психологиясының қыр-сырын анықтауымызға психоаналитикалық әдіс таптырмас құрал деп айта аламыз. Десе де, әдеби мәтіндердегі кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін, ой-таным, көзқарасын ашу және тану үшін әмбебап және бәріне бірдей қолданылатын психология жоқ. Мұнда автор әр түрлі адамдардың психологиясын бейнелеуде өз мәтінінің материалына айналдырған кезде теориялық психологиямен емес, өзінің ішкі түйсігімен әрекет ететінін ұмытпағанымыз жөн. Яғни, бұл, шығарманың әлеуметтік шындыққа сәйкес келуін күте алмайтынымыз сияқты, психологиялық шындық та барлық жерде жарамды емес табиғи өлшем деген сөз. Әрине, кейбір жағдайларда психологиялық тәсіл шығармадағы күрделілік пен жүйелілік сияқты көркемдік құндылықтарды күшейтеді. Бірақ мұндай мақсатқа психологиялық теорияларға жүгінбей-ақ басқа жолдармен жетуге болады. Яғни, психология кейбір қаламгерлерге шындықты жақсырақ түсінуге, олардың бақылау қабілетін арттыруға және өз идеяларын бұрын білмейтін кейбір жаңадан ашылған үлгілерге аударуға көмектессе де, психологияның өзі өнер туындысын жасаудың дайындық кезеңінде ғана «қол ұшын созады». Қысқаша айтатын болсақ, көркем шығарманың өзінде психологиялық ақиқат шығарманың тұтастығын, жүйелілігін және күрделілігін қамтамасыз ететін дәрежеде ғана құндылыққа ие.Демек, әр мәтінге толықтай объективті және қолданылатын психологияны іздестіруден гөрі, сол мәтінге тән психологияны анықтау әрқашан әдебиеттану ғылымының табиғатына көбірек сәйкес келеді деп қорытындылай аламыз.
Бұдан бөлек, модернизмнен пайда болған, қоғамтану, өнер және әдебиеттану ғылымдарының едәуір бөлігін алып жатқан структуралистік әдіс те әдеби мәтіндерді талдауда үлкен маңыздылыққа ие. Лингвистік Фердинанд де Соссюрдің ХХ ғасырдың басындағы шәкірттерінің жазбаларын құрастырған «Жалпы тіл білімі лекциялары» еңбегінің шекпенінде жетіліп, құрылымдық лингвистиканың жалғасы ретінде қарастырылуы тиіс структурализм теориясы 1960 жылдардан бастап әдебиет ғылымында, сондай-ақ қоғамдық ғылымдардың көптеген салаларында қатты танымалдылыққа ие болды. Терри Иглтон структурализмді Соссюр жасаған тіл теориясын тілдің өзінен басқа объектілер мен әрекеттерге қолдануға талпыныс деп анықтайды. Өте қысқа және жалпылама айтатын болсақ, структурализм теориясының мәні мынада: барлық нәрсе тіл білімінің шекарасында, тіл білімі тұрғысынан қайта қарастырылып, талданады. Яғни, миф, айтыс, шығарма, өлеңнен бастап, мейрамхана мәзірі немесе майлы бояумен салынған суретті де тілдік белгілер жүйесі ретінде қарастыруға болады. Десе де, жоғарыдағы әдістерден структуралисттердің бірден бір ерекшелігі, психиоаналитикалық, социолистік, марксистік, позитивистік әдістер көбіне прозалық шығармаға икемделсе, структуралистік әдіс поэиялық шығармаларға зерттеді. Бірақ бұл дегеніміз структуралистік әдіс тек қана поэзияны талдап, қалғандарына мән бермеді деген сөз емес. Мұнымен қоса, психиоаналитикалық, социолистік, марксистік, позитивистік әдістер де тек прозалық шығармаларды зерттеп, поэзияға көңіл бөлмеді деген сөз емес. Мысалы, Цветан Тодоров Боккаччоның «Декамерон» шығармасындағы кейіпкерлерді зат есім, олардың қасиеттерін сын есім, іс-әрекетін етістік ретінде қарастырады. Осылайша, «Декамерондағы» әрбір оқиғаны осы бірліктерді әртүрлі тәсілдермен біріктіретін ұзақ сөйлемнің бір түрі ретінде оқуға болады. Яғни, структурализм теориясы автор әлеміне емес, көркем мәтін әлеміне назар аударады. Осы арқылы мәтінді авторға қарап талдаудың орнына, мәтінге белгілі бір құндылық өлшемін беру арқылы авторға жету тәсілі деп ұқсақ қате болмайды деп ойлаймыз. Мысалы, «Қараусыз бақ» мәтінін структуралистік әдіс тұрғысынан талдайтын болсақ, метрика, грамматика, синтаксис, семантика (жалпылай алғанда мәтіннің мәні) шеңберінде қолға аламыз. Бұл жүйе бойынша структуралистер көбіне лирикалық өлеңдерді талдауды басты негіз етіп алады. Ал егер прозалық шығармалар талданған жағдайда метрикалардың орнын – туындының фабуласы мен сюжеті ондағы уақыт пен кеңістік басады. Осылайша, структуралистік әдіс, мәтін құрылымын түзетін «таңбаларды» белгілі бір тәртіпке бағынатын хронотоптық, әрі тарихи код пен мағынаның танылуы ретінде көрсетеді. Структуралистік әдіс бойынша көркем мәтіннің мағынасынан оның құрылымына емес, керісінше, пішіннен мазмұнға қарай талдаймыз. Мәтіндегі пішіндік және мағыналық қызметтегі хронотоптың орны мен оның өзіндік өнер жүйесіндегі ағымдық құндылығы кезеңдік белгі ретінде қарастырылып, жүйенің жалғастығы нәтижесінде белгіленеді.
Структуралистік әдістен кейін, детерминацияның барлық формаларынан бас тартатын субъектінің шексіз мүмкіндіктері мен әртүрлілігі талдайтын постструктурализмнің де әдеби мәтіндерді зерттеуде алатын орны ерекше. Яғни, постструктуралистік теория, структурализмнен айырмашылығы, тәртіпке емес, тәртіпсіздікке, иерархиядан гөрі анархияға баса назар аударады. Себебі постмодерндік үдерістен туындайтын баяндаулар күрделі, оларда сюжеттер жоқ, жеке адамдар тұтас / қайшылықты мінез-құлық көрсетпейді. Осы үшін кішігірім нәрселерді бөліп көрсету арқылы үлкен мета-дискурстарды бұзу немесе оларға пародиялық, ирониялық тәсілдерді қолданады. Мысалы, біздің объект ретінде алып отырған мәтініміз, постструктуралистік әдіс шеңберінде белгілі бір құрылымдық жүйедегі «құрылымдық емес» нәрсенің барлығын ұғыну, тілдік құрылым мен адам танымын бағамдаудағы қарама-қайшылықтарды айқындау, оқудың жаңа тәжірбиелерін ұсыну тұрғысынан маңыздылыққа ие болады. Яғни, өлеңдегі «қараусыз бақ», «ғашықтар», «Ерлан» сынды постструктуралистік аргументтер дискурс-мәтін қатынасында структуралистер орнатқан логоцентризмді демонтаждаумен айналысып, мәселеге «орталық менде» позицияланған гегемония, тарихилық, ерекшелік / ерекшелік деконструкциялануы мүмкін деген идеямен қарайды. Дәлірек айтсақ, постструктуралистік теорияның ең маңызды ерекшеліктерінің бірі де өзін-өзі деконструкциялау. Сәйкесінше деконструкцияның арқасында «сынның», «философияның» және «әдебиеттің» барлық категориялары жойылып, олардың шекаралары бұзылады. Бұдан былай «мәтін» деп аталатын шығармалар өзгермейтін мағына мен айнымас ақиқаттан тыс, түбегейлі де шексіз мағыналық ойын арқылы ашылады.
Постструктуралистік әдістер ұқсас әдеби мәтіндерді талдау әдісі ретінде қабылдау эстетикасы жайлы да айту керекпіз. Қабылдау эстетикасы, ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап оқырманға бағытталған әдеби шығармаларды зерттейтін және бағалайтын әдебиет теориясы ретінде пайда болған әдіс. Яғни, автордың бейнеленген объектісі мен оқырманның өзіндік субъективтік бейнесі болып табылатын мәтінді синтездеу арқылы жаңа мәтін құру процесі. Қабылдау эстетикасының теориясына сәйкес, басымдық авторда немесе мәтінде емес, оқырманда. Өйткені әдеби шығарманың жазылу себебі – оқырман. Әдеби шығарма өз оқырманымен кездескенде ғана мән-мағына мен құндылыққа ие болады. Қабылдау эстетикасының негізі – «автор-мәтін-оқырман» қатынасы. Умберто Эко аталған үштағанды «автордың ниеті», «мәтіннің ниеті» және «оқырманның ниеті» деп бөледі. Мұндағы мәтін мен оқырман қатынасы айналатын ось ретінде қызмет етеді. Сондықтан мәтіннің құрылымдық кеңістіктері оқырманның мәтіннің мағынасы туралы ойлау процесін байланысты. Ал автор өз мәтінінде бейне бір мәтінді әлі жазып отырғандай өзгерістер енгізіп, тіпті кейбір сөйлемдердің астын сызып, кейбірін өшіріп, оқырманды мәтінге қосуды жөн көреді. Осы арқылы автор мәтінге оқырмады тартады. Мысалы, «Қараусыз бақ» мәтінінде автордың «Көсемдердің мүсіндері тот басқан...», «Ескі ағаш орындықтар, қайыңдар көктем сайын дегбірімді ап қашқан...», «Қараусыз бақ...», «Менің де әлі аяулы, адал кезімдей...» «Түсімде де...», «Биыл барсам...». «Ескі ағаш орындықтар сырланған...» жолдарының соңына қойылған көп нүктелер де мәтінге оқырманды шақыратын элементтер ретінде сипатталады. Осылайша, оқырман автордың мәтініне «келіп», мағынасы мен пайымдауларға ғана емес, сонымен қатар, көңіл-күйіне, жасына, мәдени ортасы мен біліміне де ықпал етеді. Нәтижесінде автордың мәтінінен оқырман өзіне тиесілі өз мәтінін құрайды. Осы тұрғыда «Қараусыз бақ» мәтініне қайта назар салатын болсақ, мәтіннен бірнеше мағына шығаруға болатынын, мәтінді түсіндіру үшін бір ғана дұрыс интерпретацияның болуы мүмкін еместігін, «әртүрлі оқырмандар шығарманы әртүрлі тәсілдермен жүзеге асыруға еркін» екенін ұғына түсеміз. Яғни, «Қараусыз бақ. Құстар даусы. Қара түн./ Қара түннен айдың нұры таматын./ Қарауылы – сонда келер ғашықтар,/ Тұтқыны да сол ғашықтар болатын» шумағынан, ғашықтар жайлы әлеуметтік, экономикалық, саяси тіпті мәдени ракуста түрлі мағына шығаруға болады. Мұндай «қабылдаулар» мәтіннің тұтастығын бұзбайды, оның алғы шартына сай оқырман қабылдайтындықтан «көркемдік қырына» да, «эстетикалық қырына» да нұқсан келтірмейді. Әрине, әдеби шығармада шындық ғашықтар мен бақтың қарапайым байланысынан ізделмейді. Басқаша айтқанда, мәтіндегі ойдан шығарылған элементтер шынайы емес ғаламда болғанымен, бұл ғаламды қалыптастыратын материалдық және рухани жағдайлар шынайы өмірден алынған. Көркем мәтіннің қоғаммен, өркениетпен байланысын тек осы жерден іздеу керек. Дегенмен, қоғам мен өркениеттің бұл құндылықтары әрқашан тұрақты бола бермейді. Табиғаттағы барлық нәрсе сияқты, олар уақыт өте келе өзгеріп, жаңа құндылықтарға айналады. Бұл мәтіннің объективтілігін мүмкін емес ететін тағы бір фактор. Сәйкесінше мәтіннің эстетикалық жетістігі оның оқырманға жасайтын эстетикалық тәжірибесінен туындайды. Ал бұл эстетикалық тәжірибе оқырман мәтіндегі белгісіз нәрселерді білгенде, олқылықтарды толтырғанда, яғни мәтіннің қалыптасуына қосқан үлесі арқылы жүзеге асады.
Сөз соңында, бірнеше сын теориялары арқылы әдеби мәтіндерді түрлі деңгейде талдауға, зерттеуге болатынын түсіндіруге тырыстық. Бұл үшін қазақ ақыны Ерлан Жүністің «Қараусыз бақ» өлеңін алдық. Әрине, өлеңді жазбадағы барлық әдеби талдау түрлерімен толыққанды талдай алдық деп айта алмаймыз. Біздің мақсатымыз да ол емес екенін айтқымыз келеді. Біздің мақсат – бір ғана мәтінді түрлі жолдармен зерттеуге болатынын және әр зерттеу әдісінен әртүрлі мағына шығару мүмкіндігі бар екенін түсіндіру. Осы арқылы мәтіндердің «жасырған құпиясын» күн бетіне шығарып, түрліше мағыландыруға болатынын ұқтыру. Әрине, бұл мағыналардың барлығы абсолютті дұрыс мағына деуден аулақпыз. Десе де, туындаған түрлі мағыналар мәтінді түрлі деңгейде оқуымызға мүмкіндік сыйлайды. Осы үшін де әдебиет ғылымы мен әдеби мәтіндер өздерінің түрлі деңгейде өмір сүруіне әдебиет сынына қарыздар екені айтпаса да түсінікті деп ойлаймыз. Себебі оқырман мен мәтіннің, мәтін мен автордың, автор мен қоғамның, қоғам мен идеологиялардың, идеологиялар мен саясаттың ара-қатынасын мейлінше айқын көрсетуге бағытталған түрлі деңгейде өмір сүруіне және әдеби мәтіндер мен әдебиет ғылымының қазақ қоғамында өз маңыздылығын жоғалтпауына әдеби сын едәуір дәрежеде ықпал етеді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.