(әзіл әңгіме)
Көше сыпырып тыныш қана табыс айырып, бес баласы мен әйелін мемлекет бекіткен ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге асырап отырған Тынышты «аудан әкімі шақыртып жатыр» дегенді ести сала аудан орталығы саналатын ауылдың әкімі Бөлтек көмекшісін «бар аула сыпырушыны алып кел» деп жұмсап жіберді.
Айтпақшы, Тыныш бұл ауданға бес ай бұрын көшіп келген.
Өзі де қой ауызынан шөп алмас, негізді-негізсіз ұрсып жатқан бастығы тұрмақ, айдаладағы біреуге сөз қайтармақ түгіл, ол айқайдың неден шыққанына ой жүгірптек түгілі, қаперге де алмайтын сабаздың бірі. Жазғыштардың тіліне салсақ, бірі ғана емес, бірегейі.
Келген бетте (бес ай бұрын) әкімдікке құжат өткізген. Кадр бөлімінің меңгерушісі көмекшісіне, ол болса бір маманға, маман хатшы қызға жұмсап жіберді.
Тыныш айналып қайта кадр бөлімінің меңгерушісіне кірді. Ол қайта маманға..
Солай домалатқанға көнген көкеміз үш күн жүрді.
Сізге не керек? Ақыры хатшы осылай, көптен күткен сұрақ қойды.
Жұмыс.
Бізде жұмыс жоқ. Қолына қағаз ұстата салды.
Тыныш үнсіз ғана қарап еді, жұмыспен қамту орталығының жарнамасы екен.
Сол жаққа да жетті.
«Қандай жұмыс керек?» деген сұрақты да қоймаған ерігіп отырған бас маман: «Аула сыпырушы боласыз», – деді де, қолға бір парақ қағаз ұстата салды.
Бағанағы ауыл әкімдігіне қайта келді.
Қолдағы қағазды кімге ұстатарын білмеген Тыныш «ақыранға» (күзетті осылай деп кеткен) келді.
«Кімге барсам екен?» – деді де, жарылардай әзер отырған, министрдей шалқайған ақыран сілтеген бөлмеге кірді.
Кірген бетте қолдағы құжатты жұлып алған бұжыр бет:
– Мен осы әкімдіктің шаруашылық басшысы Шаруа боламын. Әкел құжаттарды. Өзім өткізе саламын. Барып сыпырғышты ал, жұмысқа кіріс, – деп сыпырғышты ұстата салды.
Болды сол күннен бастап Тыныш тыныш қана аула сыпырып жүре берді.
Тынышымыз аты солай болғанымен өзі тыныш болмай шықты.
Аудан әкімі сол бес ай бұрын арнайы жолдамамен қаладан ауылға келген Тыныш деген атақты әншіні «Мәдениет үйінің басшысы қызметіне тұрсын» деген жарлықпен ауыл әкіміне жіберген екен. Басында айттым ғой, Тыныш ағамыз қойдың аузындағы шөпке таласпайды деп. Бұл жолы да сөйткен еді.
Қызықтың көкесі ертеңіне болды.
Мәдениет үйінің басшысы Тыныш ауылға әкімнің уақытша міндетін атқарушы болып шыға келді.
Жаңа көрдім бұрынғы ауыл әкімі, кадр бөлімінің меңгерушісі, оның көмекшісі, бас маман, хатшы қыз, шаруашылық басшысы бұжыр бет Шаруа қолдарына сыпырғыш алып жаңа әкімді есік алдында күтіп тұр екен...
