Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
«Әдебиет порталын» әділет ұғымына айналдырсақ дейм...

«Әдебиет порталын» әділет ұғымына айналдырсақ дейміз...

30.12.2025

4576

«Әдебиет порталын» әділет ұғымына айналдырсақ дейміз... - adebiportal.kz

     «Жаңа жылға» жаңа тілек

Дәл бүгін қазақ қоғамының ақпараттық кеңістігіне шыққан  «Әдебиет порталына» он екі жылдың жүзі болыпты. Осы он екі жылдың бедерінде порталымыз өз оқырманы мен көрерменін қалыптастырып үлгерді десек те болады.  Сөз жоқ, әдебиет – ұлттың жады мен ұжданы. Ендігі аз күннен кейін табалдырығымызды атағалы тұрған 2026 (жаңа) жылқы жылынан бастап аталған ұлт жадысы мен ұжданына  ары қарай да қалтқысыз қызмет ету порталымыздың негізгі міндеті екендігін  қаперлеріңізге сала кеткіміз келеді.

Біз (яғни ұжым) ұлт санасын ұдайы шынықтырып отыратын салауатты дүниелерді жазып, ізгілік гүлінің сабағына су құйсақ деген  ізгі мақсат жолынан еш айнымақ емеспіз… 

 

***

Осыдан 130 жыл бұрын қағазға дерегі түскен әйгілі норвег суретшісі Эдвард Мунктің «Айқай» атты әйгілі туындысы бар.   

Осы ғажайып туындаға қатысты сурет білгірлері картинадағы ұлы үрейдің мынадай да астары бар екендігін алға тартады: 

«Бұл жердегі айқайлап тұрған адам емес, аспан.  Дәлірек айтсақ, табиғат. Адам, керісінше, сол айқайды еш естігісі келмей, құлағын қос қолымен жауып тұр», - дейді. 

Көріп отырғандарыңыздай суретте көк жүзі қызылкүрең түске боялған өңірде қос құлағын алақанымен басып айқайлап тұрған адам бейнесі бедерленген. 

«Айқайдан» сөз суырпақтауымыздың астары мынада жатыр. 

Ұлттың осы рухани жан-дүниесінде ұдайы бір есті айқай еш мызғымастан дабыл қағып тұрса дейміз. 

Ол, әрине, жетілген жан мен жоғары сананың парасатты «айқайы» болса дейміз. 

Ол ұлт руханиятының бетіне шыққан кез келген бөрткен мен сыздауықтың бетін аямай ауыртып көрсететін, «әй, осы тып-тыныш отырайық» деген кертартпа енжарлықтың шәт-шәлекейін шығарып, мазасын алатын шын жанашырлық пен тілектестіктен туған ізгі айқай болса дейміз... 

Дәл қазір қазақ руханиятында (оның ішінде әдебиетте) бір бітпейтін шүкір мен тәубә мадағы емес, нағыз нар тәуекел ісінің керек екенін, енді сол нар тәуекел ісіне нағыз дәті жетіп бара алатын парасатты пікір мен ұжданды сынның ауадай қажет екенін жан-тәнімізбен сезініп отырмыз. 

Ұлттың ертеңгі рухани келбеті өткір сын мен көшелі пікір негізінде ғана қалыптасатыны анық қой. 

Әйтпегенде еліміздегі жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп жатқан әр түрлі әдеби байқаулардың, үлкенді-кішілі марапат алған шығармалардың, сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыспен шығып жатқан қисапсыз кітаптардың бірде біреуі ашық талқыға түсіп талданбаса, кемшілігі мен жетістігі пар айтылмаса, бұл әлгі Мунк айқайына құлақ аспақ тұрмақ, керісінше үнін өшірудің нағыз өзі болар еді. 

Ол, ақыры айналып келгенде, адамзат ақылманы Вольтердің: «Қылмысты әшкерелемеген адам өзі де сол қылмыскердің бір сыбайласы болып саналады» деген сөзіне қосқан үлесіміз емес пе? 

Біз алдағы күндері «Әдебиет порталының» ұжымы ретінде осындай ұжданға жат дүниелерді  жіті бақылай отырып, ол туралы конструктивті  сын-пікір ұйымдастыруды ұдайы назарымызда  ұстасақ дейміз.  Бұл бір бітпес бәкене бойлы көкбет полемика емес, байыпты әңгіменің негізгі тамыздығы болады деген де үкілі үмітіміз жоқ емес...  

Сөйтіп, дамыған демократиялық елдердегідей, «Әдебиет порталын» әділет институтының бір деңгейіне дейін мәпелеп жеткізсек дейміз. 

Қысқасы,«Әдебиет порталын» әділет ұғымына айналдырсақ дейміз...

Шын таланттың жолына ұдайы жәрдемші болып, араға адам салатын арамза  тірліктің жолына байыпты пікірімізбен  хал-қадерімізше тосқауыл болсақ дейміз… 

Мінекей, босағамызды аттағалы тұрған жылқы жылынан осындай да арман-мұраттарымыз бар. 

Бұл жолда, мәртебелі оқырман қауым, сіздің де көмегіңізге шын зәруміз. Махаббатыңызды салып, маңдай теріңізді тамшылатып жазған ойлы дүниелеріңізді қашанда асыға күтеміз. 

Өйткені «Әдебиет порталы» менің де ішкі дауысым, айтатын арзуым деп есептесеңіз де болады. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan