Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы канадалық қаламгерге берілді

2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы канадалық ақын, жазушы және аудармашы Энн Карсонға берілді. Бұл туралы 8 қазанда Стокгольмде Швед академиясы хабарлады.

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы канадалық қаламгерге берілді - adebiportal.kz

Нобель комитеті марапатты «классикалық дәстүрмен ойынға құрылған диалог арқылы қазіргі әдебиеттің жаңа формаларын қалыптастырған батыл әрі жаңашыл шығармашылығы үшін» табыстаған.

Энн Карсон 1950 жылы Торонтода дүниеге келген. Мектеп кезінен ежелгі грек тіліне қызығып, кейін Торонто университетінде антикалық әдебиетті зерттеген. 1981 жылы докторлық дәрежесін қорғаған. Канада мен АҚШ-тың бірқатар университетінде, соның ішінде Принстон және Мичиган университеттерінде дәріс берген. 

Ақын шығармаларында ежелгі грек мифтері қазіргі поэзия, философиялық эссе және визуалды өнермен астасады. Ол Сапфо, Еврипид және Софокл шығармаларын аударған. Антикалық сюжеттер арқылы махаббат, жалғыздық, жоғалту және адам болмысы секілді қазіргі заман тақырыптарын қозғайды.

Карсонның есімін әлемге кең танытқан шығармалардың бірі – 1998 жылы жарық көрген “Autobiography of Red” өлеңмен жазылған романы. Туынды ежелгі грек мифіндегі Герион туралы аңызды заманауи тұрғыда қайта пайымдайды

Тағы бір танымал туындысы – «The Beauty of the Husband». «29 тангодағы көркем эссе» деген тақырыпшамен жарық көрген бұл поэзиялық кітапта махаббат пен неке, опасыздық пен өзін-өзі алдау арасындағы қайшылықтар суреттеледі. Шығарма 2001 жылы Т. С. Элиот атындағы поэзия сыйлығын иеленген. Энн Карсон бұл марапатқа ие болған алғашқы әйел болды.

Энн Карсон – көптеген халықаралық әдеби марапаттардың иегері. 2000 жылы ол ерекше шығармашылық жетістіктері үшін берілетін MacArthur Fellowship грантына ие болды.

Биыл әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына үміткерлер қатарында қытай жазушысы Цань Сюэ, канадалық ақын әрі жазушы Энн Карсон, австралиялық қаламгер Джеральд Марнейн және жапон жазушысы Харуки Мураками болды. Алайда Швед академиясы сыйлыққа ұсынылған қаламгерлердің ресми тізімін жарияламайды. Нақты кімдердің номинацияға ұсынылғаны, оларды кімнің және қанша рет ұсынғаны туралы деректер 50 жылдан кейін ғана ашылады.

2026 жылғы Нобель сыйлығының ақшалай мөлшері 12 миллион швед кронын құрайды. Бұл шамамен 1,1 миллион еуроға тең.

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы 1901 жылдан бері табысталып келеді. Биыл бұл марапат 119-рет берілді. 2025 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы венгр жазушысы Ласло Краснахоркаиға табысталған еді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan